14.06.2022
  147


Автор: Кәкімбек Салықов

ҚАПШАҒАЙДЫҢ АРУЫ

Ақ жүзі аясындай аппақ Айдың,
Аруы ғажап екен Қапшағайдың.
Тұлғасын ақ ботадай бұлғақтаған
Есімнен қайда жүрсем тастамаймын.
Паң, кербез маралындай Марқакөлдің,
Лебі самалындай алқа белдің.
Нәзік жан мін бітпеген мінезіне,
Болардай сүйген жары дарқан ердің.
Жарқ етіп қарсы келсе именбейді,
Күлкісі, адам түгіл, гүлді емдейді.
Көрген жан әудем сәтте есі кетіп,
Тік қарап, тілдесуге үлгермейді.
Сол ма деп жұлдыз көрсем жалт қараймын,
Қалайша тез әндете бастамаймын?
Өзінің Қыз Жібегі албыраған,
Арманы жоқ екен ғой Қапшағайдың.





Пікір жазу