14.06.2022
  178


Автор: Кәкімбек Салықов

«АҚҚУ» КҮЙІ

Ақкөлге құстар келді жарқыл қағып,
Құлын-тай билеп кетті қарқынданып.
Күйлерін Нұрғисаның құйқылжытты,
Аққу-қаз су бетінде саңқыл қағып.
Жүрегім күй-толқынға көмілгендей,
Қайтейін көрініске көңіл бөлмей.
Жарқ етті ақ қанаттар арасынан
Күлімдеп күйші сазгер көрінгендей.
Ұйқыда көрген түске табыныш па,
Өңімде құс-сезімге бағыныш па?
Айдында сыңар аққу саңқыл қақса,
Малшынып мен де кеттім сағынышқа.
Тамаша ақ қанаттар қағытқаны,
Үн қандай сұлу сыңғыр шабытты әні.
Лүпілі асыл күймен бірлескендей,
Жүрегім жас күнімдей шарықтады.
Тебірентті сыңар аққу сызылғаны,
Ғажайып сұлу екен қызу қаны.
Кеткенде өзге аққулар қамыс жаққа,
Алыста ару құстың үзілді үні.
Ақ самал, шырын саумал есті жел де,
Үн қалды талмаураған кешкі көлде.
«Отырар сазы» ма деп қайран қалдым
Ақкөлде «Аққу» күйін естігенде.





Пікір жазу