ҚАЗАҚ ҰШТЫ ҒАРЫШҚА
(Тоқтар Әубәкіровке)
Талай заман бұлқынтқан таза күшті
Айғақ етті, басылды азап ішкі.
Көтерілді маң дала мәртебесі,
Қазақ ұшты ғарышқа, қазақ ұшты!
Тоқтар ұшса қуанған ауыл қандай!
Тына қалды Сарыарқа дауылданбай.
Жан толқытты Төлеген Тоқтаровтай,
Батыр Мәлік, дауылпаз Бауыржандай.
Ұшырса деп қазағым өз түлегін,
Қаным қайнап, қызығып көп тіледім.
Мен Тоқтарды Қобыланды, Алпамыстың
Ең тамаша жалғасы деп білемін.
Дала кенде болған жоқ батыл жаннан,
Байқоңырда ақталды хақым қалған.
Күлкісі де аумайды, мінезі де
Рейхстагқа ту тіккен Рахымжаннан.
Өрге тепсем бұлт тескен тасыма да,
Сүйіншім, шаттығым басыла ма?!
Өз қолымен көремін ұшырғандай
Ер Сағадат, партизан Қасым аға.
Өмір деген – жалықпас жарыс алаң,
Даналардың дарыды қаны саған.
Сен ұшқанда ұйқыдан оянғандай,
Аунап түсті-ау пейіште Қаныш ағам.
Қарқын алып аспанда дара құстан,
Сен ұшуға сай тудың жаралыстан.
Бар жүрегі лүпілдеп, сәт тіледі,
Тоқтар, саған туған ел – Қазақстан!
Аңыз болдың жетерлік мың ғасырға,
Ерлігіңе құлшынды құрдасың да.
Бір ақсақал: «О, Алла, тәубе», – деді,
Тақым қысып отырған қыр басында.
Шашу қайда сол сәтте шашылмаған?!
Қыз қалпында құлпырған ашылды алаң.
Тәттімбеттің тербеліп «Саржайлауы»,
Қайта құшты туған ел, жасыл далаң.