14.06.2022
  811


Автор: Кәкімбек Салықов

ҚҰТТЫ БОЛСЫН ЖЕТПІС ЖАС!

(Әрмия Әбілқайыровқа)
Айыртауда інім бар Әрмия атты,
Ерен еңбек тер төгіп дәмін татты.
Құтты ауданды басқарып он алты жыл,
Құлагердей шаң жұтпай ағындатты.
Тіл табысты баламен, данамен де,
Салт құрысты ескімен, жаңамен де.
Әділ болды шындықтың шырын бұзбас,
Сол мінезбен жарасты тамам елге.
Ер Тарғындай інімнің ұзын бойы,
Еш пендеге болмады бұзық ойы.
Сол ақтангер Айыртау арысының
Болайын деп жатыр ғой қызық тойы.
Көкірегі – құс қонар құтты айдын,
Нағыз өзі билікке үздік сайдың.
Қалаулысы елімнің ер азамат,
Жетпіс жаспен арнайы құттықтаймын!
Болғаныңа қуанам ту ұстарым,
Таптың елдің қол жеткен тұрмыс бабын.
Сені бүгін, Әрмия, құттықтайды
Көкше, Есілді жайлаған туыстарым!
Естен кетпес баяғы құлын-тай күн,
Ағаларға жол ашар келді сай күн:
Қос кемеңгер Бәкен мен Еркін үшін
Қатты қысып қолыңды құттықтаймын!
Бабаларым жайлаған көшіп-қонып,
Туған елдің қараймын төсін шолып.
Асыл аймақ ардақты перзентісің,
Құттықтаймын Ер Көкше, Есіл болып!
Қадамыңда ешқандай олқылық жоқ,
Атамекен бой жазсаң жойқыны боп,
Айыртаудың қос шыңы қол соққандай,
Құттықтаймын Саумалкөл толқыны боп!
Сағынышым басылмас жүректегі,
Бір болды ғой балауса тілектері.
Құттықтайды Сырымбет саласында
Біздің мектеп құс қанат түлектері!
Басқан ізің жас ұрпақ қызығар көп,
Ұлағатты үлгісі бұзылған жоқ.
Абылай ханның ақ үйі жарқылымен
Құттықтаймын асыл төр Қызылжар боп!
Бүгін мен де күй тартып, ән саламын,
Ақан, Шоқан атынан жар саламын.
Болашаққа Мағжанша сенім артып,
Үкілі Ыбырайша қарсы аламын!
Алпыс өтсе өмірдің өткеліндей,
Жетпіс деген – қарттықтың көктеміндей.
Фатима келін сау болып саясында,
Баян ағам жасына жет ерінбей!





Пікір жазу