14.06.2022
  114


Автор: Кәкімбек Салықов

ҰЛЫЛАРДЫҢ ТАҒДЫРЫ

Өту қиын бұл фәниден жасқанбай,
Еш кінәсіз тиер басқа тас қандай?!
Қожа Ахмет Иасауи де аттанды
Топастардан жер астына қашқандай.
Мақтан етер алты Алашым ту қылып,
Сан арыстар кешті сұмдық, мың бүлік.
Мағжан аға, Сәкен, Ілияс, Бейімбет
Оққа ұшты ыза-кекке булығып.
О, заман-ай! Ала қолды пәлең де
Перде жапты көзбояғыш мәнерге.
Тоқтата алмай жарылысын жүректің,
Кең жалғанға сыймай кетті Сәбең де.
Талмаураса ақ қағазға түйіліп,
Жан баураған жыр гауһары үйіліп:
Тірі жанға еш жамандық тілемес
Мұқағали өтті өмірден күйініп.
Сергек денем осындайдан суыған,
Тебіренем өлең өртеп, буып ән.
Тым тарылтқан ұлылардың тағдырын
Сұм жалғанның сырын қалай ұғынам?





Пікір жазу