БАЯН ЖАНҒАЛОВҚА
Ассалаумағалейкүм, Баян аға,
Мақсатым беру емес саған баға.
Тоқсан сегіз белеспен құттықтаймын!
Көрініп әр қадамың маған дана.
Тілек те, сарқылмайтын сыр басқа да,
Таңданған тие берсін тіл тасқа да.
Қайықтың қос ескегі сияқтанып,
Екі жыл алып келсін жүз жасқа да!
Жолдасам ыстық сәлем Астанадан,
Өзіңсің асыл абыз, асқар адам.
Сыйлысың еліме де, Елбасына,
Ардақты, тойлы төрден тастамаған.
Ағасың әрі өргек, әрі жақын,
Жұлдызды биік болды шыққан сатың.
Сал-сері бабаларым үлгі болып,
Солардың сенсің сырын ұққан ақын.
Тараса Қанай биден арғы затың,
Тұрады қызықтырып Баян атың.
Тигендей Мағжан аға шапағаты,
Еске алам «Батыр Баян» ғаламатын.
Бағалап Бәйкен, Еркін кенелді көп,
Осылай қанат жайды беделді топ.
Екеуі Айыртау боп елестесе,
Алдымда сен жүре бер Зеренді боп.