14.06.2022
  159


Автор: Кәкімбек Салықов

АҚ ҚАЙЫҢДАР АРАСЫНДА АУЫЛЫМ

Жасыл жайлау, Сарыарқа төсін кернеп,
Аппақ орман әшекей көсілді өрнек.
Ақ маралдар тізбегі секілденіп,
Ақ қайыңдар барады Есілді өрлеп.
Жан толқытқан ақ қиял, сылқым елес,
Таусылар ма шертсе де мың күн кеңес?!
Ақ қайыңдар ішінде туған адам
Жүрегі аппақ болмауы мүмкін емес.
Осы араға келіппіз адам болып,
Мекен құрды аймақты бабам қорып.
Жасыл қамзол, ақ көйлек
Мама қайың
Елестейді көзіме анам болып.
Талай тарлан осы өңір туған жері,
Қыздар сұлу жаралды-ау, ұлдар сері.
Тұнып жатыр тұңғиық ақ көлдерде
Мағжан аға көкірегін буған шері.
Аппақ нұрға кеткендей әлем толып,
Ақ қайыңдар келбетін келем шолып.
Шоғырмағы әдемі әжімделген
Кәрі қайың көз салды әжем болып.
Көріністер еткенде қысым-қыспақ,
Бала қайың тұр жасыл жүзім ұстап.
Мені көріп ажары арайланған
Кетті біздің көршінің қызына ұқсап.
Мойыл көзі мөп-мөлдір зіл артатын,
Зіл артатын, ішінен құмартатын.
Туған ауыл дегені осы екен ғой,
Тереңіңнен тәтті өлең шығартатын.





Пікір жазу