ФАРИЗА, СЕН ҚЫЗЫҚСЫҢ...
Фариза, сен қызықсың... боянбайсың,
Жасырып жас мөлшерін қоя алмайсың.
Ақын қыз, атың Айға жетсе-дағы,
Үлде мен бүлдеге сен оранбайсың.
Жайықта тентек өскен құлындайсың,
Жүзіңнен есіп тұрар шырын-маусым.
Шындықтан бас сауғалап әлдекімдей
Әжімді жасыруға ұрынбайсың.
Жақынсың... ойың ортақ өзгелерден,
Кербезсің құба талдай көз кенелген.
«Аға», – деп алысырақ ұстасаң да,
Ішімнен үнсіз толқып өзгерем мен.
Домбыраң күмбірлеген тұр ма дайын?
Ащы әуен төгілтейін бірталайын.
Мазасыз мұңы қалың жүрегіңе
Қалың дерт басылардай гүл тағайын.
Жұбаныш сені жақын білерім де,
Қалармыз тарихтың бір ілгегінде.
Өзіңмен Мұқағали сырласуды
Сақтапты сағым толы жүрегінде.
Жарқ еткен ұшқын ғажап көзіңдегі,
Толқып тұр тоғандалған сезім селі.
Фариза, боянбасаң боянбашы,
Түсінем бәз қалпыңда өзім сені.