ЕСІЛІМ
Беу, туған жер!
Торғын тоғай Есілім,
Өр толқының – бала күнгі бесігім.
Ел ордасын құшақтаған құтты өзен,
Бар қазаққа ортақ асыл есімің.
Ақ қайыңдар алқалаған Есілім,
Жағалауда тал қалаған Есілім.
Аққу-қазы «гәккулеткен» құтты өлке,
Сал-серілер «қалқалаған» Есілім.
Күміс күлкің сылқыл қақса қызбайсың,
Атамекен, ескі арнаңды бұзбайсың.
Сарыарқаны төркініңдей сайрандап,
Салтанаты сарқылмайтын қыздайсың.
Сегіз сері сайран құрған Есілім,
Мағжан аға майдан құрған Есілім.
Ақан сері, Үкілі Ыбырай ән шырқап,
Ата-бабам жайлау қылған Есілім.
Есілді айтсам, жаңылғандай есімнен,
Бала болам бір сүңгуге шешінген.
Көк толқын мен құба талдың сыңғыры
Естен кетпес ән төгілтіп көсілген.
Қазаққа аян ұлылығың, Есілім,
Жан анамдай жылылығың, Есілім.
Астананың бүкіл әлем тамсанған
Сен таныттың сұлулығын, Есілім.