ҮКІЛІ БАБАМ ҮШІН АЛҒЫСЫМ
(Қапаш Құлышеваға)
Қапаш-ау, самғай берсін өршіл үнің,
Ол – сенің асқақ дарын көпшілдігің.
Ұмытпа жебеп жүрген жас күніңнен
Үкілі Ыбырай ауылы көршілігін.
Әндерін ұлы сазгер шырқағаның –
Сен қаққан берігі осы тың қаданың.
Қазаққа келісіп тұр
Даналардың
Жалғаса дәл өзіңдей ұрпақ әнін.
Сен айтсаң ән төресі «Қалдырғанды»,
Ақиық елестеттің алғыр жанды.
Салғанда Үкілі Ыбырайдың «Көкшесіне»,
Біз көрдік жұртты естен тандырғанды.
«Гәкку» деп ес білгелі басып қадам,
Күнім жоқ «Қарақат көзді» тасытпаған.
Ризамын, бақытты бол, батам осы,
Жасынан Үкілі бабам асып барам.
Келіпті лаулап тұрған жалын жасың,
Сайрағыш сандуғаштай бабындасың.
Әніңе барша қазақ жерік болды,
Көкшеге көрік берген қарындасым.
Сайрасаң тоғайда ақ тотыдайын,
Жаныңның бар қазаққа оты дайын.
Үкілі бабам үшін алғысымды ал,
Бір парыз ақтадым деп отырайын.