14.06.2022
184
ҚОНАҚ ЕКЕН ҚЫЗ БАЛА
Жат жұрттықтан өз арманын іздеген,
Қолыңдағы құс екен ғой қыз деген.
Алыс жолды аңсап қанат қағады,
Өз анасы бақыт тапқан ізбенен.
Ұшып жетер биік жартас, құзға да,
Бұйрық етер алда дәм мен тұз ғана.
Ақ кептердей ел мен елді жалғайтын,
Қолыңдағы қонақ екен қыз бала.
Артта қалып ерке күнгі мекені,
Екі ғашық қол ұстасып кетеді.
Ауылдастар өскен бірге достасып,
Бауырластар қимай қалар қоштасып.
Құс жолымен жеткен жаңа тұрағы,
Екі жастың сол аңсаған жұмағы.
Жаңа төрде жанып тұрар жарқырап
Ата-ананың жел тигізбес шырағы.