14.06.2022
  213


Автор: Кәкімбек Салықов

АҒАТАЙЫМ

(Салықұлы Айтахметке)
Күлімдеп күн артынан күн шығады,
Ақ сәуле төгіледі нұр-шуағы.
Жер, аспан, орман, көлдер көріктеніп,
Қуанған тіршіліктен үн шығады.
Жайқалса бәйтерек боп бала қайың,
Ол – сенің өз ұрпағың, ағатайым.
Фашисті жеңіп едің, дерт жеңді ғой,
Өмірден ерте аттандың жазатайым.
Өсірдің үйелме мен сүйелмеден,
Көп шаттық қарт күніңде үйем деп ем.
Сен үшін жан қисам да аз деп білем,
Сараңсып дәнеңем жоқ үнемдеген.
Сені айтсам түзер өлең сөзім өңін,
Сақтаушы, жебеушім де өзің едің.
Бауырыңа аштық жылы басқан бала,
Алдыңда мың борышты сезінемін.
Асылсың ұя болған балапанға,
Баулыдың салып құтты алақанға.
Шоқанды үлгі етуге шаршамадың,
Ақ тілек арнағанда жаңа таңға.
Адамға ғажап еді-ау жақындығың,
Сол мінез бойға қонды батыл бүгін.
«Айтсаң айт сөзді қадір білер жанға», –
Деп үйреттің Абайша ақыл жүгін.
Жан-жаққа жақсылықтың септің гүлін,
Заң еттің қайда жүрсең көптің үнін.
«Мейірбандық дүниеге нұрын төгер», –
Деген маған жұғыпты көпшілдігің.
Бастасам үлгі көріп өмір көшін,
Білемін ұядан жан бөлінбесін.
Ел-жұртқа адалдығың аңыз болса,
Ұрпағың ұмытпастай төрімдесің.





Пікір жазу