ТОҚСАНДАҒЫ ЕСЕН БОЛ, АҒАЛАРЫМ!
Үлкенмен де, кішімен де біргемін,
Бәрі де әйдік: бірі сал, бірі керім.
Бәйкен және Баянның жолын берсін,
Жаңа келген жетпіске інілерім.
Есімдерін атасақ елең етіп,
Еркеленіп кім жүрмес ере кетіп?
Жүзге есен жетер деп ел тілеген,
Осылар ғой, Көкшетау, кереметің!
Ұзақ жастың болмайды кемшілігі,
Ол – Алланың мейірбан кеңшілігі.
Сүйген құлы жалғанда кең жүрсін деп,
Тіршілікке ұзартқан елшілігі.
Сонда саған жолдайды киелі жүк,
Киелі жүк көтерсең сүйеді жұрт.
Өзі ғана қорғайды өрт пен дерттен,
Ақ ниеттің әкеліп тілегі құт.
Жаратқанға жақпайды астамшылық,
Алпауыттар арандар бастан шіріп.
Сақтанғанды сақтайды,
Бұйыртпайды
Байлығыңды арамдық жатқан бұғып.
Ұзақ жасты келгені бағалағым,
Ол да өмір қолдаған дара дарын.
Адалдық пен тазалық сақтап жүр ғой,
Тоқсандағы есен бол, ағаларым!