14.06.2022
  180


Автор: Кәкімбек Салықов

ҚОС БАТЫРДЫҢ ТОЙЫНА

Әпеке!
Мың мақтауға тұрасың да,
Ұқсайсың Жекебатыр – құба шыңға.
Ел үшін ардагерсің, қарт офицер,
Мен үшін қадірлі аға, құдасың да.
Бүгінің, болашағың бек сенімді,
Кең жолға құлпыртып тұр егде күнді.
Тойға – той,
Алтын тойың қабаттасқан,
Мерейтой – құттықтаймын сексеніңді.
Майданда аждаһамен алысқандай,
Сарқылмас бойға біткен намыс қандай?!
Тас түйін сау қайыңдай сақталыпсың,
Жас күнің қайта келіп табысқандай.
Дәмелі, батыр аға іңкәрісің,
Шын ғашық, жан жалғасқан гүл-дәрісің.
Мен үшін құдағисың, жеңешемсің,
Ел үшін қыран қанат сұңқарысың.
Батыр қыз, Отан-ана асылысың,
Жиырмасыншы ғасырдың жас үнісің.
Жайнаған Әлия, Мәншүк жалғасындай,
Қазақтың жауға тиген жасынысың.
Жараспас жыр төгілтпей тұру бүгін,
Бұрылды Ай, сіздің үйге бұрылды Күн.
Жеңеше, жетпіс бесің құтты болсын,
Қыздай жас сақталыпты сұлулығың.
Сіздермен ұлғайыпты біздің де арман,
Бұйыртты тағдыр бақыт Қызылжардан.
Қасеннің Маратына қыз берсеңдер,
Сол үйдің мен де үлкен қызын алғам.
Әпеке!
Сұлу Көкше түлегіміз,
Сексен көл серуенін тіледі күз.
Қанша жыл қалды дейсің бірге жүрер,
Жалғассын артта қалар легіміз.





Пікір жазу