14.06.2022
  151


Автор: Кәкімбек Салықов

ӘКІМ БОЛУ ОҢАЙ ЕМЕС БҰЛ КҮНДЕ

Ел басқару оңай емес бұл күнде,
Көбейді ғой бөріні алдар түлкің де.
Құн қымбаттап, сұм қабаттап барады,
Бұдан үлкен індет табу мүмкін бе?!
Нарық солай әрекетін білдірген,
Арықтап тұр бір күніміз бір күннен.
Ел қарық боп алғыс айтар заманға
Әкім керек намыс кернеп тың жүрген.
Әлі де бар дос боп жүріп қастану,
Кеуде қағып, арсалаңдап мастану.
Бұрынғыдан болып кетті мың есе,
Қиынырақ бүгін елді басқару.
Болмаса да кешегідей қойы көп,
Ауылдардың міндет, құрмет тойы көп.
Шерлі қазақ дербес таңы атқанда,
Демес біреу өсек етіп оны көп.
Өлі разы болса, тірі көпті ойла,
Тарынбайық аманаты көп тойға.
Ауылдарға кітап неге келмейді,
Газет көрмеу жұттай батып кетті ойға.
Арымасын, кәрі-құртаң тозбасын,
Ардагерден еш ардақты озбасын.
Әкім деген – елдің ата-анасы,
Көксей бермес күні-түні өз басын.
Осылардың бәрін, әкім, салмақта,
Тойтарыс бер ел тонағыш қармаққа.
Сонда көптің көтерілер еңсесі,
Сыйлығың да күшейеді аруаққа.
Жөнін таппақ тығырықтың ақылды ер,
Сонда сыйлар әрқашан да атыңды ел.
Ауыл есен, бауырларым тоқ болса:
«Міне, біздің осал емес әкім!» – дер.





Пікір жазу