14.06.2022
  126


Автор: Кәкімбек Салықов

ЕСІЛ МЕН КӨКШЕ – ЕГІЗ ЕЛ

Ерке Есіл, кербез Көкше – әлімсақтан
Егіз ел қоныс тапқан бір құшақтан.
Қыз беріп, қыз алысқан ағайын ел,
Абылай, Кенесары дәм-тұз татқан.
Жайласақ Есіл өзен алты алқасын,
Шырқадық Сегіз сері «Гауһартасын».
Құлагер өліміне бірге жылап,
Екі көз бірге сүрттік аққан жасын.
Бодандық белгі орнатып бел-белеске,
Ел бөлген қай қылығы келмес еске.
Қайтадан көгілдір ту аясында
Қосылды ерке Есіл, кербез Көкше.
Арамыз неге, достым, ыдырайды,
Бәріміз қуат еттік бір Күн-Айды.
Бөлмейміз Сәбит, Ғабит, Мағжандарды,
Бөлмейміз Ақан, Біржан, Ыбырайды.
Ақ қайың, қыз-қарағай оқалымыз,
Жұлдыздай ортақ дана Шоқанымыз.
Татумыз барлық ұлттың баласымен,
Дербес ел Қазақстан – Отанымыз.
Көш бастап жаңа тілек алға бұрса,
Жөптедік болашаққа жанған нұрша.
Бірлесіп, білек қосып бірге өсейік,
Бір қазақ жер бетінде қалғанынша.





Пікір жазу