14.06.2022
  147


Автор: Кәкімбек Салықов

БУРАБАЙДЫҢ ЕҢ ҮЛКЕН ЖАНАШЫРЫ

(Қайыргелді Құрмановқа)
Құлагердің көз салғандай шаңына
Ақан сері құлақ түрсем зарына,
Ары таза, қаны қызу,
Тебірендім
Жер бетінде нар қазақтың барына.
Алау қосқан азаттықтың таңына,
Өңкей саңлақ жалау тіккен маңына.
Абылайдың аруағы дарыған
Шын сүйсіндім адал қазақ барына.
Мейлі, таны, мейлі, оны таныма,
Ұлтын сүю айналыпты заңына.
Ұлт дәстүрін ұран еткен
Шаттандым
Ұлағатты ер жігіттің барына.
Келген кезде жетпіс деген шағыма,
Жыр төгілсе тау суындай ағыла,
Бурабайдың жанашыры ең үлкен,
Толқып кеттім шын азамат барына.
Жаса, жаса,
Арлан туған інішегім!
Ұстап тұрсың ұлттық рухтың бір шебін.
Азаматтық зор бақыт деп білемін,
Қайыргелді, саған артқан бұл сенім!





Пікір жазу