КӨЛ ШЕТІНДЕ КЕШҚҰРЫМ
Бурабай кеші – Тәңірімнің құрметі,
Естен кетпес таңғажайып суреті.
Келіншектей көк шымылдық ішінен,
Тау басынан сығалайды Күн шеті.
Шығыс жаққа жарық молдау тұр түсіп,
Бұлттар өтті Оқжетпесті бір құшып.
Айдындағы «Гәккулетті» аққу-қаз,
Кетер ме екен ақша бұлтпен бірге ұшып?!
Барша жанға тек жақсылық тіледім,
Жоғалтпадым көп аққудың легін.
Бурабайға алғыс айттым ішімнен,
Баурайынан ләззат алды жүрегім.
Жар салғандай қоштасуға шақырып,
Судан балық шоршып шықты атылып.
Тыңдай қалды жағадағы бар адам,
Құстар әні мұңлы әуенге батырып.
Айдын қалды беті ашылып, жаңарып,
Мен балқыдым әкетердей ән алып.
Әудем сәтте құстар кетті алыстап,
Көп ойлантты дүние қайта жаралып.
Орнағандай әнсіз жерде таршылық,
Жаутаң қақты жағадағы талшыбық.
Орман-тоғай ойға түсіп мүлгіді,
Өлі тірлік тыныштыққа малшынып.
Көңіл бастым
Ауылдасқа жолығып,
Қиял қостым
Бар сырымды ол ұғып.
Мыж-мыж болып
Соңғы алтын шапағы,
Күн де батты
Жақсы адамдай көз жұмып.