ТАҢҒАЖАЙЫП КЕЗДЕСУ
Келдің бе, Қапаш Еркінмен,
Сайрандайық еркін, кең.
Құйқылжыт бұлбұл әніңді,
Тамсандыр балғын көркіңмен.
Таңдансын сұлу Бурабай,
Қызыққа қандыр бірталай.
Шалқысын Көкше төрінде
Үкілі Ыбырай, бірде Абай.
Етейік елтіп жан сауға,
Асыл ән арна әр тауға.
«Сағыныш» сырын төгілтіп,
Еліктір елді «Аңсауға».
Шарпысын әуен маздағы,
Келіп тұр жарқын жаз бабы.
Қосылсын бірге сексен көл,
Айдында аққу-қаздары.
Қиялға баста көз жетпес,
Сұлу ән қалай селдетпес?!
Сергісін ойлы Жұмбақтас,
Селк етсін өргек Оқжетпес.
Ақ қайың балқып билесін,
Көк шырша тапсын үйлесім.
Қайғылы жанға қайрат бер,
Жаралы жүрек гүлдесін.
Үлкендер алғыс үйіссін,
Құрдастар шаттық жиыссын.
Қыз-бозбала шыдамсыз,
Оңаша кетіп сүйіссін.
Дерттіге әпер жүз дәрі,
Өкініш өтсін ызғары.
Егделігін ұмытсын
Есіл мен Көкше қыздары.
Шырқап сал әсем, сыпайы,
Үдесін даусың ұдайы.
Батасын берсін Біржан сал –
Әншілік өнер құдайы.
Ақ бидай толқын жайқалсын,
Тоқшылық лебі байқалсын.
Ел-жұртты қуант,
Өзіңді
Алланың нұры айқарсын!