14.06.2022
  86


Автор: Кәкімбек Салықов

АСТАНА АСЫЛ АРУЫ

(Раушан Қапанқызына)
Бота көз неткен тамаша,
Қара қас біткен жараса.
Жаныңды өртеп өтеді
Күлімдеп тура қараса.
Аршын төс тұрса мақтауға,
Айтпаспын әдеп сақтауға.
Ақмарал маңғаз тұлғасын
Бармаспын еркін шақтауға.
Айырылып жігіт еркінен,
Алыстан ессіз елтіген.
Патшаның көзі түссе де,
Селк етер еді-ау көркінен.
Ақылға толы жанарын
Қиядан аңдап бағамын.
Ісіне берік, елгезек –
Үлкені осы бағаның.
Әлемдік сайыс кең еді,
Көрмеде бәрін жеңеді.
«Фолиантта» үлкен баспагер,
Талай жыл мінсіз келеді.
Сипаттап қана өтемін,
Зор мақтаныш етемін
Астана асыл аруы
Қазақтың қызы екенін!





Пікір жазу