14.06.2022
  146


Автор: Кәкімбек Салықов

ҚЫЗЫЛЖАРЫМ – ҚҰМАРЫМ

Жарқабақта жанғандай қызыл жалын,
Байқап қалдым Есілде қызық барын.
Бала ғашық балдырған еске түсті
Жарқ еткенде алдымда Қызылжарым.
Құба талдың қарашы сызылғанын,
Жел қосылған алмайын үзіп әнін.
Мен келгенде құрбылар қарсы алар ма,
Құпия сыр ақтаршы, Қызылжарым.
Қызыл ішік баяғы қызығарым,
Есіме алсам, елжіреп тізілді әнім.
Құлын білек, аққұба қыз еді ғой,
Мекенжайын айтсаңшы, Қызылжарым.
Сағыныштың жүректе ізі қалың,
Байқайсың ба қамкөңіл бұзыларын?
Бота көзі мөлтілдеп, жаудыраған
Сол қалқатай қайда екен, Қызылжарым?
Сыр ақтарсам, естелік үзім-ғайым,
Белгілі ғой жан құштар қызық жайым.
Балапаны аққудың сияқты еді,
Кездестіріп жіберші, Қызылжарым.





Пікір жазу