14.06.2022
130
СӨЙЛЕЙДІ ТАҒДЫР СОНДАЙДА
Сағынбай көңіл толғай ма,
Толғанбай қиял торлай ма?!
Махаббат дерті ой қозғап,
Сөйлейді тағдыр сондайда.
Елеңдеп көңіл болжай ма,
Аңсатқан арман, ол қайда?
Дос деген адам қас болып,
Сөйлейді тағдыр сондайда.
«Ауылға жетер жол қайда?..»
Дей қалшы ұшқан торғайға.
Шырылдап саған тіл қатар,
Сөйлейді тағдыр сондайда.
Жезкиік қайда, мен қайда,
Кездесу шаттық жолдай ма?
Ұшарға қанат таба алмай,
Сөйлейді тағдыр сондайда.
Жүйріктен жабы озғанда,
Әділдік жолы тозғанда;
Ашынған жаның күйзеліп,
Сөйлейді тағдыр сондайда.
Қияға қыран қонбай ма,
Алыстан шолсам болмай ма?
Ел мұңы естен бір кетпей,
Сөйлейді тағдыр сондайда.