14.06.2022
  114


Автор: Кәкімбек Салықов

Бір адамды алдарсың...

Бір адамды алдарсың,
Ондайды кім аңғарсын?
Көпті алдауға жаттықсаң,
Киесі соғып зарларсың.
Бір аңқауды жығарсың,
Мықтымсып төрге шығарсың.
Жақтырмас бірақ көпшілік,
Жамбасқа түсіп құларсың.
Пыш-пышқа көмей созарсың,
Жел сөзге мініп озарсың.
Бірақ та шындық шырылдап,
Соңыңнан қалмай тозарсың.
Алпауыт етер байлығың,
Ақшамен өсер айбының.
Ел байлығын енші етсең,
Тозағы жұтар қайғының.
Адалдық – мәңгі мереке,
Ете алмас ешкім келеке,
Оралса адал теріңмен
Абырой, атақ, береке.





Пікір жазу