СЫРЫМБЕТ
Көкшенің сал Сырымбет – бір саласы,
Етегін көл көмкерген жер сарасы.
Аққу-қаз гәккулеткен сырнай-керней,
Бәрі әнші:
Орман,
Тоғай,
Кең даласы.
Сырықтай тікше біткен шыңы биік,
Таусылмас құлагершіл мұңы тұйық.
Анамның ақ сүтімен жырға орады,
Көкірекке аңыз-дастан сырын құйып.
Айнадай Жекекөлі жарқыраған,
Еркелеп тас бұлағы ән құраған.
Осындай жерде туып,
Өрге жетті
Шоқандай ел данасы,
Алтын адам.
Ғашық жан Сырымбетке Ақан сері,
Әніне тауға арнаған құмар елі.
Серіге серік болып мінген аты,
Даңқына даңқ қосты Құлагері.
Бүгін де біздің мектеп аты әйгі,
Ұлдары даналардың салтын жайды.
Қыздары әнші-биші Ақтоқтыдай,
Сағынтып кейбіреуі салды қайғы.
Осындай шындықты айту болмас айып,
Мен шықтым осы ордадан қанат жайып.
Ұлағатты ұстаздарға алғыс айтсам,
Жүремін естен кетпей,
Көңілім байып.