АҢШЫҒА
Жәңгір аға!
Шаршадым тас қиратып,
Қырға кенім жөнелді тасқын атып.
Киігі көп далаға кетейікші,
Аңға шығып келейік қасқыр атып.
Ақбөкенді аш бөрі басынады,
Басынады, билігін асырады.
Сұлу қайтсін, ішқұса ашынады,
Сая таппай, көргенін жасырады.
Қара көзге мөлтілдеп қапа тұнды,
Білем не мұң аруға бататынды.
Қасымызға ертпеңіз қасқыр атпай,
Қастандықпен ақбөкен ататынды.
Қызыл құмда кездесер тарлан шұбар,
Бөлтірік те бөрі боп қалған шығар.
Қанжығамыз көкжалға қарық болса,
Құралайлар қуанып алдан шұбар.
Түсінеді ол оқыс от тиетінді,
Тоқтайықшы, ұғынсын ниетімді.
Тым болмаса бір көріп қалайыншы,
Талай жылдар сырымды білетінді.
Ұқсын өмір оралмас мезеттерін,
Білсін аңсау, табысу кезектерін.
Жалт қараса басылар шаршағаным,
Қимастық деп түсінем тез өткенін.