14.06.2022
  138


Автор: Кәкімбек Салықов

КӨКШЕТАУ – ӘСЕМ ӘН ҚАЛА

Көкшетау – асыл қала Арқадағы,
Жыр толқып, ауасынан ән тамады.
Аққу-қаз саңқыл қақса көл шетінде,
Көрген жан «Гәккулетіп» қарсы алады.
Қайырмасы:
Сәулетті, сұлу сән қала,
Дәулетті, алтын дән қала.
Сал-серілер ордасы,
Көкшетау – әсем ән қала.
Оятса бау-бақшаны таң самалы,
Тотықұс тоқсан түрлі ән салады.
Көлде ән, көшеде ән – көңіл шалқып,
Адамның еске түсер аңсағаны.
Қайырмасы.
Ақ қайың тау етегін өрлей өскен,
Сәлемін жеткізеді желмен ескен.
Қаракөз жарқ етердей елеңдеймін,
Базарын балалықтың бірге кешкен.
Қайырмасы.
Келбетін көзге оралтса сылқым елес,
Түзелер аққу-қазбен біздің кеңес.
Бірауық тыңдай қалсаң айналаны,
Бір ауыз ән салмауың мүмкін емес.
Қайырмасы.





Пікір жазу