14.06.2022
  142


Автор: Кәкімбек Салықов

ЕСІЛ МЕН КӨКШЕ – БАУЫРЛАС

Есіл ортақ, Көкше ортақ
Бауырлас асыл аймаққа.
Емес бұл жеңіл сөз жортақ,
Сүйенген шындық аруаққа.
Бәрі ортақ – сексен көлімен,
«Гәккудей» әні – бал-дәрі.
Айыртау Саумалкөлімен,
Зеренді, Борлық, Шалқары.
Ну орман үнсіз баурайды,
Сүйсініп денең қызғандай.
Ақ қайың көзді арбайды
Ақ балтыр, аппақ қыздардай.
Қожаберген жырау – өр тарлан,
Өлкеге ортақ Шал ақын.
Абылай хан өшпес жол салған,
Шоқандай туған дара шың.
Көк Есіл мен Ер Көкше –
Құтты жер, сыры сан алуан.
Мағжандай ақын ерекше,
Абайға жақын жаралған.
Сегіз сері, сал Біржан,
Ақан, Ыбырай, Орынбай –
Мәңгілік мұра қалдырған,
Ән-күйдің асыл қорындай.
Көк Есіл ортақ жағасы,
Сал Көкше жазы, күзі ортақ.
Қазаққа қымбат бағасы
Құлагердің ізі ортақ.
Бабалар ерте ұғысқан,
Жас ұрпақ жолдан жаңылмас.
Ағайын, асыл туысқан,
Есіл мен Көкше – бауырлас.





Пікір жазу