14.06.2022
  166


Автор: Кәкімбек Салықов

АБЫЛАЙ ХАННЫҢ АЛАҢЫНДА

Бурабайда «Абылай ханның алаңы»,
Байтақ елге атағы тез тарады.
Сұлу Көкше, орман-тоғай, Оқжетпес
Қоршап тұрған тәуелсіздік аралы.
Әсем белгі, мұнара сәнді, зәулім,
Аңдатып тұр тұңғыш Президент дәуірін.
Табиғатқа, хан атына лайық,
Жайнатып тұр кербез таудың бауырын.
Хан алаңын көру кірсе заңыма,
Кім қызықпас Абылайдың тас тағына?
Орнатыпты өз қолымен табиғат
Кең алаңның ең биіктеу жағына.
Ақындыққа сәт серік боп ергендей,
Ғадетім бар құбылыстарды тергендей.
Табиғи тас,
Ханға лайық, сәнді етіп,
Қолдан құйып, Тәңірім жасап бергендей.
Жаңа өмірде талай белгі жаңғырар,
Жаңғырар да сан ұрпақты таң қылар.
Таң қылар да Абылай ханның рухы
Әр жүректе өшпес белгі қалдырар.





Пікір жазу