14.06.2022
  160


Автор: Кәкімбек Салықов

ЕСІЛГЕ ҚОНҒАН АҚҚУЛАР

Есілге қонды аққу-қаз,
Ақ қанат сылқым сусылдап.
Жағада тұрып болдым мәз,
Сағынған әннен сусындап.
Айдынның беті жанады,
Естіліп ерке саңқылдар.
Жүрекке жалау байлады
Есілге қонған аққулар.
Қызығып асау Есілге,
Аз емес ойға түйгенім.
Есімде... ауыл кешінде
Бетіңнен алғаш сүйгенім.
Толқытып құстар оралған,
Құба тал кетті желкілдеп.
Оянды сезім жоғалған,
Сағынған жүрек елжіреп.
Жанарың қонды жанарға,
«Гәккуге» салса аққу-қаз.
Өзіңнен жеткен хабарға
Жалғанды жаным айтып наз.
Сұлу ән еркін төгілді,
Тулады жүрек бір демде.
Ажарың көзге көрінді
Аққуды аққу сүйгенде.
Қарағай, қайың желпінді,
Құстарға қарап анталап.
Биледі менің еркімді
Жер-көкке қонған махаббат.





Пікір жазу