14.06.2022
  224


Автор: Кәкімбек Салықов

АТА-АНАСЫ ҚАНЫШТЫҢ

(Лирикалық поэма)
Кіріспе
Ой қозғаса келер деме сөз қайдан,
Мезет керек көңіл өсіп, көз тойған.
Жаным разы, Қаныш аға өмірі –
Сарқылмастай шабыт кені, өз қоймам.
Сақ қырандай самғап алға басайын,
Сенімі мол серттің ісін жасайын.
Паш етуге ата-анасын алыптың,
Ақтаңдақ сыр шетін аңдап ашайын.
Ару-шабыт сүйсіндірсе жетегі,
Ата дәстүр сан қырына жетеді.
Сәтбай ата Имантайы туғанда
Сегіз сері жыр төгілтіп өтеді.
Кемел думан кереметін сақтаймын,
Асыл құсын тапқан екен жақсы айдын.
Жыр-марапат, жыр-ақ бата, жыр-тілек
Айғақтаған асылдығын Сәтбайдың.
Сәулесі құт Қаныш аға нұрының,
Құпиясы мол оққа ұшпаған ірінің.
Астамшылық заманында сау қалса,
Сақтануда жатыр кілті сырының.
Дәріс етіп ізетпенен атамас,
Ғибрат алсын, білсін түгел заты Алаш.
Шормановтар, Сәтбаевтар әулеті
Әлмисақтан іргелес һәм аталас.
Шорман шонжар – дәулет қонған жүйелі,
Ұлы Мұса – аға сұлтан киелі.
Шоқан туса Зейнеп атты қызынан,
Сол Шорманның Қаныш та өз жиені.
Қызығы мол үш әулеттің жарасқан,
Болған емес олар үшін тар аспан.
Сәтбай, Шорман, Уәли тегін сөз етіп,
Құдай оңдап өттім талай таластан.
Имантайға Сегіз серінің берген батасы
Ұлдың тойы – ұлағатты парызың,
Шаттана бер, артта өшпес бар ізің.
Жеткені сол Жаратқанға жалынған,
Қабыл болып ең ардақты арызың.
Зиялы жан Шөтікұлы Сәтбайдың,
Қиялы зор көкірегінде сақтайтын.
Бір атаның жалғызы еді ойлы өскен,
Текті тұлға ел тілегін ақтайтын.
Сүйіндіктің Айнайынан тараған,
Шөтік ата бар сеніммен қараған.
Сәтбай осы...
Тұңғыш ұлы туғанда
Той жасауды міндет, парыз санаған.
Күнсұлудай адал жары қасында,
Онсыз даңқы шаңырақта тасыр ма?!
Жақсылар мен жайсаңдарды жинады,
Той толқыды белгі тастап ғасырға.
Баянаула мың шырағы жағылды,
Ақкелінге той алқасы тағылды.
Алғыр ақын, үздік әнші, сал-сері –
Сахараның саңлақтары ағылды.
Жан толқытты бізге жеткен аманат,
Мағлұматта ел жөптемес жоқ ағат.
Сегіз сері атамыздан сол тойда
Жыр туыпты мадақ-толғау, марапат.
Ашамайлы Керейдің бір тармағы,
Шақшақ бидің қазақта зор салмағы.
Осынау бидің немересі келгенде
Қаржас елі құтты төрін арнады.
Ақын осы қызған сайын өрлейтін,
Қырғын әнші көкке құлаш сермейтін.
Үздік сазгер «Гауһартасы» топ жарған,
Батыр да осы қолдан намыс бермейтін.
Албырт бағлан басылмаған желігі,
Омбыда әкім қарсыласы ең ірі.
Ерте оянған ер қазақтың бірі осы,
Исатай мен Махамбеттің серігі.
Өлең арнап кешегі өткен-кеткенге,
Қақты қада ұлттың қолы жеткенге.
Құтты тойда ұлы толғау туыпты
Шын тебіреніп,
Жаны мейірім төккенде.
Ел дәстүрін паш етуге туған ба,
Сөзі ширақ,
Тұрар мәнін құндауға.
Төкпе ақын, аты әйгілі дауылпаз,
Сәт жетелеп келген екен бұл маңға.
Тойға келген меймандармен таныстық,
Бүлдіршінді ақ қанатқа ала ұштық,
Той бастады Сегіз cері тік шырқап,
Әнмен бірге ұшқан құспен жарыстық.
Қонақтар жоқ бұл думанға кешіккен,
Ерендер көп той өресін өсірткен.
Жыр-марапат шапқан аттай заулады,
Ел тілегі емін-еркін көсілткен.
Ақындар бар келген Ертіс, Алтайдан,
Батырлар бар сан жорықта марқайған.
Шорманұлы Мұса осында – жас қыран,
Би-төре көп төрге сыймай шалқайған.
Сегіз сері асқақ өнер танытты,
Тез иірді,
Сөзі үйірді халықты.
Есіл-Көкше жыр сүлейін ардақты
Баянаула балқып тыңдай қалыпты.
Имантай деп ұлдың атын атапты,
Бата, тілек – бар рәсімін жасапты.
Сондай бол деп, тамылжытып тізіпті
Қазақта бар арыстарды атақты.
– Ода, – дейді Шәмшиябану апамыз,
Ақын жырын алты Алашқа аты аңыз.
Зор білімдар Қаныш қызын жөн десек,
Бола қоймас біздің де еш қатамыз.
Туыпты арман асыл шағы шарықтар,
Сегіз сері кім екенін анықтар.
Ер Тарғынды көргендей-ақ таңғалды
Тойға келген дүлдүлдер мен алыптар.
Тасқын толғау, шапқын жүйрік ән-жыры,
Кең ашылды үздік өнер даңғылы.
Көзі жайнап, жанды қызыл шырайы,
Әу дегеннен қолдап кетті тағдыры.
Жүзі жайсаң,
Жоқ қажырлы тілде зар,
Заулап кетті хас тұлпардай жүлде алар.
Бар қазақтың данасы мен дарасын
Айтты сөзбен ұрпақ рухы шыңдалар.
Сексен сегіз есім тілге байланды,
Сексен сегіз тұлға жырға жалғанды.
Сексен сегіз тілек арнап балаға,
Сексен сегіз ашты асау қайнарды.
Сексен сегіз... өңкей өрен бәрі де,
Түгел кірді бергілер мен әрі де.
Имантайға осылардай бол десе,
Бәрі ғажап, мәйегі мен мәні де.
Сексен сегіз саңлақ кірген жырының
Әр теңеуі бірінен де бірі тың.
Атам қазақ нояндарын атапты,
Бір шоқы жоқ, бәрі заңғар, бәрі шың.
Сепкен екен нұры шуақ жан нұрын,
Төккен екен шабыт селі жаңбырын.
Жеткен екен сайысқұмар мәреге,
Еккен екен ел жаттарлық ән-жырын.
Асан Қайғы, Жәнібектен бастапты,
Абылай хан аты шықты асқақты.
«Солардай бол, Имантай», – деп шылбырды
Махамбет пен Исатайға тастапты.
«Қаз дауысты Қазыбектей халқыңның
Данасы бол», – депті заулап жарқын күн.
Төле би мен Әйтекені ардақтап,
Үдетіпті толғау салты қарқынын.
Бөгенбай мен ұран етіп жариялар,
Аталыпты Шоң мен Көтеш қариялар.
Орынбай мен Шал ақындар – алыптар,
Бұқар жырау, Тәттімбеттей дариялар.
Даналарды дәйек етсе тосын ән,
Ғибрат алар құтты ісіне қосылам.
Әз Жәнібек, Дәстем, Келден бейнесі,
Таңғажайып куә болар осыған.
Кең айдынға бұрғандай зор кемені,
Қандай ғажап «Бағалы бол» дегені.
«Шарапатың көпке тисін» деп айтқан
Тамыр жайды марапат, бата тереңі.
Тіледі ұлға:
Ер Есеттей келбетті,
Ер Сырымдай өрге құлаш серметті.
«Көтере біл, – деген екен, – ер болсаң,
Есенейдей зейнет пенен бейнетті».
Құлекедей тілесе зор білекті,
Едігедей елсүйгіштік үдетті.
«Сабырлы бол, қадірлі бол» дегенде,
Өз әкесі Сәтбайға ат тірепті.
Бата сөзі жасап көркем өрнекті,
Үлкен ғибрат «Бол, – дегені, – көрнекті».
«Ғалым бол, – деп, – Әнет баба секілді»
Сілкіндірді сәби жатқан жөргекті.
Бағыты ашық батасында қарқынның,
Депті: «Үздік болсын заты салтыңның».
Ойшылдықтың орасаны – дегені:
«Қанай бидей қамын ойла халқыңның».
Естігенде жан сүйсініп дір еткен,
Әр шумақта шымқай үздік ниеттер.
«Ақ бесікке бақыт құсы қонсын» деп
Жалғасыпты жан баураған тілектер.
Көңіліндегі төккен екен бар назын,
Әр тілекте жарқырап тұр жауқазын.
«Саясы мол бәйтеректей бол» деген
Асыл ойдың ардақтысын байқадым.
Зерлеу қиын әр сөзіне үңілмей,
Қызықтырды қырдың нәркес гүліндей.
Үзік сырды орап сезім нәріне,
Армандапты азат күнді бүгіндей.
Дүлдүл осы-ау,
Сөзі ғибрат жаттауға,
Жұлдызға ұқсар бар жарығын шашқанда.
Сегіз сері деген аттың заты айқын,
Толғауы да тұрар шексіз мақтауға.
Сол еді ғой «Гауһартасы» жарқырап,
Шыққан кезі аты әсем ән құрап.
Имантайдың тойындағы батасы
Дабыл қақты тау суындай сарқырап.
Қалай ғана шын сүйсініп жазбайық,
Дегендей-ақ ақын сөзін жалғайық.
Жаттап кетті Сегіз сері батасын
Есіл, Ертіс, Сыр мен алыс Ақ Жайық.
Көрген жанға осынау той ұнады,
Тарап кетті шартарапқа қыр әні.
Дөңгелегін кім тоқтатар уақыттың,
Сөнбегенін көрдік Сегіз шырағы.
«Сегіз сері болмаған», – деп надұрыс,
Айтар айтса
Іші тарын нақұрыс.
Сондайларды естігенде шыдамай,
Арлы жүрек жасайды күрт жарылыс.
Сөкпеңіздер неге айтты деп мұны мен,
Нәр алып ем ән бақшасы гүлінен.
Сегіз сері ес білгелі еріп жүр,
Алдық қарқын тілінен де үнінен.
Тарих сырын терең білген тұңғиық,
Әр көңілге кетті сөнбес нұр құйып.
Сегіз сері оқығанда арнауын,
Жүрегімнен жүйткіп өтті жыр-киік.
Имантай өткен белестер
Тілегені келді Сәтбай атаның,
Жеңді рухы тойдағы зор батаның.
Төрт ұл, бір қыз тауып берді Күнсұлу,
Көрмей өтті сұм жалғанның шатағын.
Қажы болу – қалған тілек ендігі,
Шау тартқанда Меккеге ең ірі,
«Сатаев Сәтбай – 9854» –
Қалды дерек жолға рұқсат нөмірі.
Оралмады сол санатта сап құрап,
Өзге белгі бұйырды ерен жақсырақ.
«Сәтбаев Қаныш – 2402»
Деген жұлдыз ғарышта жүр жарқырап.
Жұлдыздармен ғарыштағы көптеген
Жарысып жүр, Сәтбай ата, көк кемең.
От пен су жоқ
Үлгі болар ұлына
Сен кеткелі Имантайың өтпеген.
Ол да өзіңдей бір Аллаға жүгінген,
Сәттері көп бір өліп, бір тірілген.
Сегіз сері берген бата келді ғой,
Қарай қалсақ кешегі мен бүгіннен.
Имантайың жас қырандай түлеткен,
Өтті барша қатерлерден сын еткен.
Сабырлы боп тартты аумай өзіңе,
Ақылымен ел аузына ілеккен.
Өсті Имантай дүрі болып жігіттің,
Сақтай білді заңын дәстүр-ғұрыптың.
Асыл әулет нәрін алды келгендей
Сегіз сері еккен нәрі үміттің.
Іске берік, болды сөзге ұстамды,
Әу бастан-ақ әбес қылық тыс қалды.
Атасы ашқан мектепті де көркейтті,
Билікке де ес білгелі күш салды.
Жалғасқандай жүректегі тың ағын,
Ашық айтар көкейкесті сұрағын,
Қадірменді досы болды пікірлес
Абай ата ардақты ұлы Тұрағұл.
Қандыратын ойға досын, өзін де,
Жандыратын қайрат, жігер, төзімге.
Кенесары талқылайтын айқасын,
Ұшқыр қиял от салғандай сезімге.
Сұм жалғанның бер жағы мен ар жағын,
Аралайтын орыс қорған тармағын.
Күрсінетін патша кетсе шеңгелдеп,
Аз көргендей майға батқан бармағын.
Екі достың құпиясы көп еді,
Не десек те ата жолы жебеді.
Содан кейін ағайынмен тілдесіп,
Жыр төгілтіп, әнге кезек береді.
Досы болды Сәдуақасы Мұсаның,
Жасады олар шын сыйластық мысалын.
Ақкелінге Баяндағы бақ қонды,
Екі әулет алшақтамай құс адым.
Осынау достық болды елге киелі,
Егіз әулет үйлесті бар тілегі.
Шоқанменен Имантай да танысты,
Шормантегі дана туған жиені.
Тарих деген – үнсіз жатқан сыр қалың,
Айтары көп аша білсек бір жағын.
Шоқанменен білдік алыс Омбыда
Жас Имантай аз күн бірге тұрғанын.
Шоқан онда офицер боп бекіген,
Жіберген жоқ асау досын бетімен.
Дәріс берді көп орыстың ішінде,
Сақтанардай қарсы желдің өтінен.
Қаладағы сабағы сол алғашқы,
Даладағы салт-дәстүрге жалғасты.
Санадағы саумал білім бастауы
Сабадағы түнемелмен алмасты.
Шоқан қандай ақ ниетпен төгілер,
Дос дегенде жаны қаққа бөлінер.
Имантайға болды өмірлік зор азық,
Даналықтың даңғыл жолы көрінер.
Зор ғалыммен жас Имантай үндесті,
Озық жаннан тапты талай білместі.
Салтын құрып Шоқан менен Мұсаның,
Потанинге қызмет жасап бірлесті.
Қол байласа ақ патшаға атар күн,
Сәтбай ата, күні туды ботаңның.
Корреспондент географиялық қоғамға
Болды Имантай досы жалғап Шоқанның.
Мектеп құрып ескі-жаңа не түрлі,
Имантайдың атақ-даңқы бекінді.
Ата мирас көргені көп жасынан,
Елдің дауын шешуге де жетілді.
Ұлы көшке солай жақсы ілесті,
Бір естіге тірек болды бір есті.
Осы өлкенің ой мен қырын зерттеуге
Қосты Имантай қолдан келген үлесті.
Ақ Әлима
Тиеді елде барға салымды ерін,
Бергенге берер тағдыр барын тегін.
Имантай Әлимаға қосылғанда
Қырықтың аттаған кез қалың шебін.
Мұстафа Шормановтың келіні еді,
Жас қалды, Қамалитден өліп ері.
Дәулетті ел жесір қалған Әлиманы
Өз қызын ұзатқандай беріп еді.
Ақ маңдай, қос жанары тостағандай,
Балдырған он сегізден аспағандай.
Балқып тұр қаны ойнаған екі беті,
Алғашқы қауызын дән ашпағандай.
Жан еді ашық мінез, мейірімді,
Ұғымтал, ерте игерген кей ілімді.
Адамға жас баладай жақын болды,
Аңғарар айлық жерден пейіліңді.
Әдейілеп жасалғандай құйып нұрдан,
Сұлулық ажарында тұнып тұрған.
Ән сүйгіш, әзілге бай, көңіл өсер,
Ашық сөз, ақ тілекті ғұрып қылған.
Қабағы мәлім етсе мәнділігін,
Ажары айқындап тұр сәнділігін.
Жанары тік қарауға жасқантады,
Қиғаш қас серпе тастап жан жылуын.
Кірпігі көзге алыстан іліп тұрар,
Мөлтілдеп қос қарашық қызықтырар.
Алыстан атқан таңдай арай шашып,
Жымиып қашан көрсең күліп тұрар.
Шықты елге «Ақ Әлима» жақсы атағы,
Көз жазса Имантайды аңсатады.
Түн келсе жұлдызданып ерке сұлу,
Аспанға қол создырып шаршатады.
Қаныққан мұңына да, сырына да
Ақылды бәйбішесі Нұрым ана,
Өзі еді құдалыққа бастап барған,
Алмады жас тоқалды қырына да.
Нұрымнан туған Күнше өліп қалды,
Нәресте көрмей, іштей өліп-талды.
Атанған «Ақ Әлима» сұлу тоқал
Құрсағы құтты болып қорықтанды.
Бір сөніп, қайта атқандай жарық таңы,
Әлима еркін толқып, шарықтады.
Өкініш, әттең, шіркін, соқыр ажал
Аямай кең жалғанды тарылтқаны.
Ғазиза, Ғазиз, Қаныш балалары,
Сұм тағдыр обалына қарамады.
Фәниден айдай аппақ Әлима өтіп,
Бәйбіше болды екінші аналары.
Сол жылы Қаныш тура бес жасында,
Мөлт еткен қалды бейне көз жасында.
Имантай ұстаз туған тәлімгер жан,
Кенжесін ұстай білді өз қасында.
Артықша жаннан туған еліндегі,
Қаныштың жастай заңғар көрінді өрі.
Семей мен Сібірде бар білімді алып,
Барлады кенді қазақ жеріндегі.
Ол кезде көрген қорлық масқара еді,
Кеңестің кер заңынан қақсады елі.
Дәл айтса анасының шыққан жерін,
Әкесін, өзін де атып тастар еді.
Бөліскен деп айыптап ханмен тақты,
Мұсаға Шорманұлы пәле жапты.
Қазақтың озық ұлы шошытқандай,
Мұсаның ізін таптап, жау деп тапты.
Ақылын бар ағайын асырыпты,
Әулетін Әлиманың жасырыпты.
Шорманның келіні деп ашық айтпай,
Қаныш та қорқынышқа бас ұрыпты.
Қанышын Сәтбай ата көріп кетті,
Сенімін немересі беріктетті.
Ал өзі қажылықтан елге оралмай,
Меккеде Иса екеуі өліп кетті.
Анасын айта алмай да... үлкен сұмдық,
Бүктеулі жатты құпия осынау шындық.
«Алима», «Сәлима» деп шатастырып,
Жасырған іздің сырын жаңа білдік.
Баянда екі Иса бар білгендерге,
Болды олар айтулылар іргелі елде.
Қай Иса қызы екенін айту қиын,
Дәлел аз дәл айтатын бүгін елге.
Әйтеуір Иса аты жойылмады,
Қай Иса? Іздеп жүрмін оны тағы.
Әйтеуір үңгірден сәл жарық көрдім,
Шындыққа бір жетердей ойымдағы.
Қашан да жолы болғыш қаны бардың,
Суретін Әлима ана тауып алдым.
Ел-жұртқа қуанышты кең таратып,
Мен де бір тамашаға қанып қалдым.
Сөзімнің үзімінде болмас қата,
Сәтшілмін ақ ниетке қонған бата.
Шоқанға, Қанышқа да бөтен емес,
Әулетің жасай берсін, Шорман ата.
Ал енді «Екі Исаны» талдамаймын,
Дөп басар сәт түскенде алдағы ай, күн.
Білгенім – екі Иса да нар жоталар,
Дінімен, ділімен де құрған айбын.
Екеуін екі жұмбақ құз деп жүрмін,
Анығын аңдап басып іздеп жүрмін.
Туса да қай Исадан «Ақ Әлима»,
Үлгі алған жақсы атадан қыз деп жүрмін.
Соңғы сөз
Келді талай Сегіз сері тілегі,
Болды елінің иманжүзді тірегі.
Тәлім мықты, асып түсті атадан
Имантайдың Қаныш атты түлегі.
Аңдап басып, ала тартпай алысқа,
Бұра берем жаным құштар арысқа.
Имантайға Сегіз сері айтқаны
Түгел қонды ел данасы Қанышқа.
Іздемеймін өзге дерек, куәні,
Ақ батадан асыл арман туады.
Бар тілегі қонған дана Қанышқа,
Сегіз сері аузы қандай дуалы?!
Арқалы ақын келді артқан нар жүгі,
Қаныш аға болды таза ар, мұңы.
Имантайға Сегіз сері не десе,
Баласына жұғысыпты барлығы.





Пікір жазу