14.06.2022
  641


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

Ұяластар

Бірінші бөлім. СҮРГIН


I


Күн бұлыңғыр. Демiн iшiне тартқан қара жүрек қатiгездiң кеспiрi сияқты дертiп, көкпеңбек күйi сыздана шытынаған. Әрi көңiлдi тұтаған сүреңсiздiгiмен қоймай, соңы буырқанған боранға ұласатындай мүттәйiмдiк нышан байқатты. Ал жаратқанның жанары көрiнбегелi қай заман...


Сiреп түскен қар күртiкке айналып, тас түйiн бедiрейген қалпы мизiмейдi. Қара жердiң бетiндегi сойдақталған әжiм тектес ой-шұқырын тегiстеп, құтты бiр жамалы опаланған теледидар жүргiзушiсiндей даланың өңiн жылтыратып жiберген. Әдетте, жасанды жылтырақтың суық болатынындай, қылаусыз «әшекей» болмашы жаяу бұрқасынның өзiне шаңыта безерленедi. Қапияда уысында тұтамдалсаң аяй қомас: жаныңды шырқырата құрсаулап, жетпiс жетi әкеңдi танытатын түрi бар. Тым құрымағанда мардымсыз боса да жылт еткен күн сәулесi бiлiнсешi. Неше күнгi сiлбiлеген сұрқай дүние еңсенi басып, онысыз да әтүйiрi қашқан өмiрдi сұрықсыздандыра бередi.


Осы көрiнiс етектiң жазығына дендеп енген сайын қоюлана түскендей. Ара-тұра қараған, жыңғыл, үшқат сияқты шөлейтке өсетiн бұталы өсiмдiктер ұшыраспаса, қылт еткен көлденең қылау жоқ. Хан да, қара да жүретiн күре жолда қыстың көзi қырауда пенде атаулы iлуде-шалуда кездеседi. Әсте, табиғат қолайын жақсы бiлетiн жүргiншiлер ауа райының қытымырлығынан сескенетiн сыңайлы. Ал, анда-санда қылаң беретiндер шекесiнiң қызғанынан емес, әлдебiр қыжалаттан, нақтысында тағдырдың қыспағымен жанын жалдағандар тәрiздi.


Мiне, осындай қанын iшiне тартқан сұрқай күнде сұрқай машина сұрқай тiрлiктiң арасына сәт сайын тереңдей сүңгiп, мейлiнше құлашын кеңге жазды. Жапан түзде жападан-жалғыз қара жолды жауып қалған қасат қардың үстiнде қалықтап барады. Қай жерде сапары үзiлетiнi бiр құдайға ғана аян…


Жапардың қара тұяғынан хал кетiп, иiнi салбыраған қалпы тауы шағыла сабылғанына екiншi тәулiк. Бiрақ тынымсыз шабуылдағанымен өндiрген дәнемесi жоқ: текке арам терге шомылып, шаруасы бiр орнынан тапжылар емес. Iлгерiге қарай жанын салып қанша өңмеңдегенiмен, iсi бiр оңғарылмай-ақ қойды. Есiн қашырып, жан-жағынан анталай қаумалаған қырсықтың бетiн қайтарар қайласын таппады.


Жанына зауал батты ма, кеудесi көрiктей көтерiлiп ауыр күрсiндi. Қаздай шулаған көкiрегiнен ыстық жалын шарпыған леп атқылады. Өзегi ит тырнап жатқандай удай ашыды. Улы тырнақ жүрегiн аяусыз осып-осып өткендей, өңiнен сәл шiмiрiккендiктiң нышаны бiлiндi. Сол қолымен маңдайына құлаған шашын керi қайырып қойды. Аспан мен жер әппақ боп тұтасып, аяқтың астын жөндеп көрсетпейдi. Соған тапжылмай үңiлемiн деп әбден қадала қараудан жанары талса керек, дүние буалдырланды. Алайда, мұны қайда екенi белгiсiз, сүйретiп әкетiп бара жатқан қара жол әсте де таусылар емес.


Ендi бiрде қабағы тұнжырай тас түйiлiптi. Өңi күреңiте солғынданған, сұсы көрген көз тiксiнетiндей сұп-суық. Сақал-мұрты сояудай боп көк моразданған. Күйi қашып, жүдегенге ұқсайды. Жейдесiнiң жағасын да кiр шалған. Екi ұрты суалып, шаршағандықтан ба, әншейiндегi аясы кең нұрлы жанарлары сығырая жылтырайды. Көзiнiң төңiрегiнен жолақ-жолақ ұсақ әжiмнiң iзi бiлiнедi. Күтiмсiз дудыраған шашы одан бетер түр-әлпетiн әлем-жәлем жасаған.


Шарасыздықтан миы шағылып, шақша басы шараға айналған. Қандай амалдың барын бiлмей, алжыған итше беталбат сенделiп келедi. Жол жеткiзер емес, мұрат екiбастан…


Бұл — ит тiрлiкте осылай әбден шөре-шөреге түскен пышана пенде едi.


Жапардың ерiксiз өзегi қыжылдады. Дөңестеу қабақтары түйiлiп, тайқы маңдайынан тарта екi қасының арасына тiгiнен түскен сызық пайда бола қалды. Кескiнi әлдебiр кеселден болмашы тыжырынғандай кепке ендi. Жауһат шырағының әшейiндегi ұшқынын кiреуке мұңы торлап, ендi қайта сол бiр жылылықты аңғартпайтындай тұманыта тұтады. Атжақтылау бiткен бетiнiң бұлшық еттерi бiлемденiп, тағдырдың көлденең тартқан сыйына зығырданы қайнады. Осынау кеспiрiне орнаған кейiстiк, оның жүзiндегi әжептәуiр сүйкiмдiлiктi үштi-күйлi жоғалтып жiберген едi.


Ақымақтықтан тартқан азабына жанығып келедi.


Жанын қарманып, шылымын iздедi. Кiшкене қызыл қорапты қалтасынан алып, әуелi ноқаттай ғана темекi тұтатқышты басты. Назарын жолдан айырмаған қалпы «оқшантайдан» бiр бұрамын суырып, ернiне қыстырды. Сосын қайтадан баппен қораптың аузын жапты. Осы кезде тырс етiп, тұтатқыш та қызғанын аңғарта ұясынан керi серпiлдi. Сол заматта-ақ бәрiне икем оң қол, әлгiнi тажалдың жалғыз көзiндей қызартып әкеп, танауының астына қарай жақындата бердi.


Көк түтiндi бұрқ еткiзгенде барып, жанары шырадай жанып, бойы байсалданғандай көрiндi. Көк желкесiнен бастап тартып сiрескен жаурынының құрысқаны бiр сәт ыдырағандай сезiлдi. Әйткенмен, бәрiбiр иiрiмiне жаңқаша үйiрген ой ырқынан шығара қоймады. Табандатқан бұл бәледен арылайын десе де, сол сәтiнде-ақ басы жадыланғандай әбiлеттiң соңынан өзi емiне сүмеңдеп бара жатты.


II


…Құдай бiр айналдырса, келекесiне ұшыраған басты шыр айналдырады екен. Сона-а-ау жылдан тiрлiгiнiң кетеуi кетiп, ерi мойнына итiне бередi. Бiр кездерде алдына биiк мақсат қойып, күн iлгерi сызған ұлы арман-жолының нобайы түбiрiмен күл-талқан күйредi. Ештеменi уысында ұстап тұра алмады. Себеп… айта берсе, алуан түрлi. Онсыз да былайғы күйкi күйбеңдегi тауқыметтен қажып, сiңiрiне iлiнген шағында бiрiнен соң бiрi бәлеге арандап, iнiлерi әбден титықтатып бiттi. Әсiресе, араларындағы жалғыз шешелерiнiң халi Жапардың арқасына аяздай батты. Бейнет пен қасiреттен арса-арсасы шығып, маңдайындағы әуелден-ақ қалың әжiмi қырық қабаттанды да, сүтiнен қожыраған шiбiштiң желiнiндей екi ұрты шүршие суалды. Қос жанары шүңiрейе ұясына кiрiп, түр-әлпетi сұрықсыз кеспiрге айналды. Әшейiнде-ақ жел мен күнге тотыққан өңi ендi өрт сөндiргендей мүлде қарақошқылданып, қазанның түпкүйесiндей кепке ендi. Басқаны қайдам, осының бәрi ең бiрiншi мұның жүрегiне шаншудай қадалды.


— Уһ-һ… — Аузынан темекiнiң көк түтiнiмен бiрге, шер мен запыранның жалыны қоса атылды.


*** *** ***


…Баяғыда-а-а… Баяғы болып кеттi ғой, түге, 1985-шi жылы үмiт пен күдiк араласқан дүдәмалдың ортасында қақпақыланып келгенiнде құдай қолдап, аңсаған арманы орындалды: жазатайым оқуға iлiктi. Бiрақ, жұртшылық жыр ғылып айтатын, жазушылар тамылжытып жазатын студенттiк өмiрi елдi тамсантатындай өтпедi. Қалпындағы буазыған мамыражай дүние, мұның оқуға түсуiн аңдып тұрғанындай тегенедегi сүтше шайқалды да, мұқым жұртты абыр-сабыр жасады. Кеңес өкiметiнiң тәлейiнде болып көрмеген реформа, сараптау басталды да жөнелдi. Дәп ұйытқысы iрiген тұсқа килiккен жастық ғұмыр, қолдан жасалынған қилы сынап-байқаудың негiзгi нысанына айналды. Әркiм әртүрлi жаңашылдықты iздей тәжiрибелiк тәсiлдер жүргiзiп, көптеген тағдыр тәлкекке ұшырады. Жоғары бiлiм беру саласында алғашқы қарауылға iлiнген, студенттiк оқу кестесi болды. Содан ба, дәрiс дәйексiзденiп, сапырылысқан ғалам одан сайын құйтұрқысын үдете түстi, үдете түстi. Ән-думанның етек-жеңi жиналып, ашқұрсақтау сүркiл тiрлiк сөлбiрейе төбе көрсеттi. Өларадағы сiлбiлеп жауған жаңбыр тәрiзденiп, тоқтамай қойған қойыртпақ қоюлана бердi, қоюлана бердi. Қысқасы, сол бiр кезеңнiң тыңдар құлақты тұшындырып айтар шақтары тым аз.


Еңбек жолы да қиракездеу басталып, тұрмыстың ауыртпашылығы титығына тиген. Әбден ерқашты етiп, сiлесiн қатырғаны — баспанасының жоқтығы-тұғын. Кеңес өкiметi қирап, әркiм өз қотырын өзi қаситын капиталистiк дәуiрдiң дарбазасына енiп кетсе де, «жұмыс орнынан үй аламын» деген қанға сiңдi қағидадан арылмады. Бiр жазушының кiтабындағы iргеде жүнiн түтiп отырып феодализмнен социализмге бiрақ секiргенiн аңғармай қалған кемпiр, сол жүнiн түткен қалпы социализмнен капитализмге оралғанын да байыптай алмады.


Осы оңы мен солын байыптай алмай қалған кеп тұтастай қара халыққа тән едi. Әйтеуiр, бәрi ертеңгi күнге үмiт артатын тәрiздi. Жапар да болашаққа сендi… Кiмге, неге сенетiнiн де бiлмедi. Құдайдың өзi жарылқай салатындай болып көрiндi. Сондықтан, әлдебiр заманға бейiм пенделерше көпшiлiк дүркiрей соңынан iлескен саудаға да селт етiп, ыңғай танытпады. Ең бiрiншi ол әбiлеттiң бiлегi көтере алмас шоқпар екенiн бiлдi, бiлгеннен кейiн белiне байламады. Байламағаны — ары жiбермедi. Әлдекiмнен, әлденеден қысылды. Мәлiш бұйымын бұлдап, бiреудiң артық қара бақырын да алғысы келмедi. Обал-сауабынан қорықты. Екi кiшкентай күшiгi бауырын қалт-қалт көтерiп, көзiн ендi жыртитып ашқан. Соларға қырсығы тие ме дедi. Содан кейiн бәрiне көнбiс қойторылық қалып аңғарта, осы қоңырқай тiрлiгiне бейiлдiк бiлдiрiп, түпкiлiктi мойынсұнған. Бәлкiм, бiржола солай жүре беретiн бе едi…


Кенет жеткен суыт хабар шымбайына қатты батты. Тұтас бұқарамен бiрдей сiңiрiне iлiнiп, әупiрiмдеп күн кешiп жатқандарында көрген нәубеттерi аздай, зауал бұлардың әулетiне төтеннен жабысты. Соры қайнаған шешесi одан сайын соры қайнап, тәукеншiк тiрлiкте тағдырдың татасын тартқанын түсiндi. Өйткенi, ұлы түрмеге түссе қай ана зарланбасын? Сорлы байқұс «қатарынан төрт қыз таптым, құдай маған ұл бермедi» деп уағында зар илесе, кейiн зауалды тәңiрден тiлеп алған ұлдарынан әбден шегетiнiн сол заматта бiлмедi-ау. Әрi мынау көретiн көресiсiнiң бастапқысы екенiн де екшемедi…


Әке баяғыда-ақ аттанатын жағына аман-есен қоныс аударған. Осындай иыққа салмақ түскенде, үй iшiнен бас көтерiп шығатын ешкiм жоқ. Не жасаса да тек Жапардың өзi ғана. Тепсе темiр үзетiн тете iнiсi бар-ау, бiрақ құдай сана бермеген соң, қайтсiн. Оған — бәрiбiр. Сорлатқанда, одан кейiнгi iнiсi Жүсiп арандаса да жалғыз барып арандамай, төрт адам бiрiгiп қылмыс iстеп қақпанға тұтылған. Ең iшiндегi “марқасқасы” да сол, бiр басына қылмыстық iстiң төрт бабын жамап, темiр тордың төрiнде баптанып жатыр. Тағылған айып: ұрлық, қарақшылық, суық қару ұстаған, ұйымдасқан сыбайластық. Мiне, сөйтiп, ешбiр тегеурiнi мықты мизiте алмас батпанның астында қалған да қойған.


Ендi не жасамақ? Қымбатшылық қысып, зорға iлдәлдалай күнелтiп жүргенiнде қайдан сапар шеге алсын? Алып-ұшып бара қалғанда да қиратып тастар дәнеңесi жоқ. Құр келiп-кеткеннiң не септiгi бар? Тек шерменде шешеңе төбе көрсетiп, көңiлiн демдеп қайтпасаң.


Ақыры жолға қамданды. Оның өзiнде де көршi-көлеңге қарызданып, тиын-тебенiн жинап-жасқап, барып-қайтуға жеткiздi.


Бұл — наурыздың басы-тын.


Көңiл айдыны орталанып, автобустан сүлесоқ күйде түстi. Бiрден алыстан көзге ұрғаны — ауылды әлдебiр беймәлiм де белгiсiз күңгiрттiк жайлаған. Бұрын да оңғаны шамалы едi, ал бүгiнде үйдiң сиқы тiптi қашып жұтаңданған. Жаңбыр мен қардың суы тиiп, әр-әр жерiнен сылақтары құлаған қабырға қотыраш-қотыраш. Ал, сиықсыз ағаштардан iстелген сырсыз қақпаны күн жеп, әбден ақжемденген. Оның үстiне қоршауы бiр түзудiң бойымен тартылмаған, қисық-қисық. Кей тұсы арса-арса, арық сиырдың қабырғасындай ебедейсiз ырсиып-ырсиып тұр. Сонадайдан ретсiздiк мен мұндалап, көзге ұрады. Ол аздай есiктiң алды қоқыс. Қора жақ қыстан тазартылмаған сабан мен қиға толы, онысы мына ауланың әрiмен әндем жараса қалыпты.


Осының бәрi жүдеу сұрқай тiрлiктi одан сайын сүреңсiздендiрiп, өзегiн тырнады. Қараптан қарап жұртта қалғандай көңiлi құлазыды. Сосын, жағдайды өзгертiп жiбергенге қолынан ештеме келмейтiн дәрменсiздiгiн бiлгенде, зығырданы қайнады. Амалсыз жерге шырт түкiрдi.


Қақпаны ашып аулаға ендi. Үйде жан-пенде жоқ. Тек шынжырдағы сары төбет қана иен шаңыраққа ес. Соған сенгендiктен бе, әлде тапа-тал түс болғандықтан ба, есiктi құлыптамай құр әшейiн жаба салыпты. Бәрi ашық-шашық.


Жаңа автобуста келе жатып ауылдың iргесiндегi қоңыр таудың бөктерiне көз жүгiрткен. Әр-әр жерде шашыла жайылып жүрген ұсақ малды байқап едi. Ендi, «солармен бiрге таласа тәтем де бес-алты саулығын өрiске шығарған екен ғой» деп қорытты. Содан соң көп бөгелмей бақшаны көктей өтiп, мал жайылады-ау деген жақты бетке алды.


Өзiнiң жорамалдағанындай болып шықты. Шешесi Нұрғаным өрiсте жүр екен. Сонадайдан көрiп сыртқы пошымынан бiрден таныды. Бұрынғы дағдысынша суық өтпейтiндей қалың киiнiп, салысын шарт буыныпты. Осы үйреншiктi кейпi алыстан жанарына оттай басылды. Бiрақ, оның бұған көзi жетпейтiн сияқты. Әлде, бар назарын малға салып, ары-берi жүрген сөдегей-солпы адамға онша ден қоймай ма, сөлбiрейiп келе жатқан ұлына, әйтеуiр, көңiл аудармады.


Өйтетiнi, бүкiл ауылдың ұсақ-түйегi осы күнгейде тәрiздi. Аяқты мал тоқтамай бiрiне-бiрi қосылып кетсе, үлкен адамға ол да бiр қып-қызыл машақат. Оңайшылықпен бөлiне қоюы қиын. Сондықтан бес саулығын көзiнен таса қылмай әрқайсысын жiтi қадағалап, сол табаны тiлiнiп жүгiретiн әурешiлiктен алдын-ала қорғаншақтанатындай. Осындай малға алаңдаушылықтың үстiнде бейсауат жүрген кiсiге қарамайтыны аян.


Жапар шешесiн ап-анық көрiп келедi. Өңi әбден тотығыпты. Әжiмдерi қатпарланып, жанарының нұры тайған. Кескiнi қамкөңiлдiктен күңгiрт тартқан. Үстi-басы да қораш, көктемнiң қара суығы өтпесiн дегендiктен бе көр-жердегiнiң бәрiн иығына iле берiптi. Бет-әлпетi қаракүреңденiп, жер татиды. Онысы көкiрегiндегi қайнаған қамырығының көбiгiндей кiлкiлдей көзге тосын көрiнедi. Тым жүдеу. Құдды айдалада жападан-жалғыз қаңғыған Мұңлық пен Зарлықтың шешесiнiң кебiне енген.


Арқан бойындай жерге таянғанда ғана мұны аңдап, жыртық көздерi жасаурай сүзiле қарады. Екi ара құрық тастамдай қалғанда анық ұлы екенiн бiлгендiктен бе, жүзiне бiр жылылықтың ұшқыны жүгiрiп өттi. Сосын қорбаңдай қарсы жүрдi. Ұмтылған қалпы соқталдай мұны бас салып, отызды алқымдаса да бетiнен шөпiлдетiп сүйiп жатыр. Иегi кемсеңдеп, ыстық жасы көзiне тимей-тимей кетедi.


— Амансың ба, күнiм? Денi-қарларың сау ма? — Құшағына көмкерген күйi сауалды төпелетiп, үйiп тастады. — Екi жаманың аман ба, Бибiнiң халi қалай? — Мұрыны пырс-пырс етiп, сөзi көмейiнен булыға шығады. Әбден зар мен шер боп кернеген кеудедегi әбiлет, ұлы келгенде еркiнен тыс өзегiн тырнап, иiнiн босатты.


Шешесiнiң мына сұрықсыз кейпiн көрген Жапардың да қуыс кеудесi азынай жөнелдi. Дүниедегi құрсағын жарып шыққан жалғыз анасына болмашы бiр көмегiн тигiзiп, тұрмысын жеңiлдете алмағанына сол сәт қатты күйiндi.


— Жақсы, өздерiңнiң халдерiң қалай? — Сөз аялғысы болғаннан соң, осылай мiңгiрлеуден басқа шарасы қалмады. Әйтпесе, жай-күйiн айтпаса да тiрлiгiнiң әлпетi ап-анық көзге ұрады. Ет бауыры елжiреп, жүрегi қан жылап барады.


— Жаман емес, ел қатарлы… — Жанарының аясына iркiлген жасын жаулығының ұшымен сүртiп, суланып кеткен мұрнын бiр-екi тартып-тартып қойды. — Тек, әлгi, Жүсiптiң жазғанның жазмышына ұшырағаны болмаса… Естiп жатқан шығарсың?


Етi өсiңкiреп, доғалаңдануға айналған жанарын тоқтатып, ұлының жүзiне дiңкесi құрыған қалпы аңыра қарады.


— Естiдiм. —Жапар күнәлi адамдай күңк еттi. Мойны салбырап, басын төмен тұқыртты. — Естiдiм. Бiрақ, келiп қайтуға мұршам жетпедi…


— Бiр алла жар болсын де… — Ендi өзегiн уайым кеулеген ана, бұйығы қоңыр таудың етегiне бейамал қараған күйi күңiрендi. — Өкiметтiң босағасында жатқалы, мiне, бес айдың жүзi боп қалды. Ана темiр құрсауда қайтiп қана қыстап шықты десеңшi... жөндi киiм де алдырмады. — Көкiрегi қарс айырыла күрсiндi. Бұған Жапардың жаны күйзеле шырқырады. Қолынан келетiн қайран жоқ, шарасыз бейшара. Өзiнiң мұнысына кiмдi жазғырарын бiлмей дал.


Салы суға кеткен қалпы төңiрекке көз жүгiрттi. Жан-жағында пышырай шашылып жиырма-отыздан ұсақ мал жүр. Арасында шошайған бала-шаға. Алабажақтанған сары ала қаздың бауырындай бөктер, күннiң көзi ендi бiраз осылай тұрса әр-әр тұста жатқан қары ерiп, дүрк етiп көтерiлiп кетпек түрi бар. Сонда да, тақыр да болса бусанған жерге қой жарықтық жабысып, айырылмайды.


— Көп болды ма малды сыртқа шығарғандарыңызға? — Сұры қашқан әңгiменiң әлпетiн басқа жаққа бұрмаққа тырысып, өзiнше тосыннан тапқан сауалы.


— Соңғы жұмадан берi жайып жүрмiз. Көктiң исi мұрындарына келе ме, сағырланған шөпке онша қарамайды топалаң.


— Күн ұзақ осылай далада жүресiң бе сонда? — Сордың сорбақтасы сорған шешесiне жаны ашығандықтан ет жүрегi езiле аңтарылды.


— Әрi-берi алдаусыратып, күннiң көзi қайтадан кешке қарай ызғарлана бергенде үйге беттетем. Үй демекшi, үйде ешкiм жоқ па екен? — Бұған еңсесiн сала үйiрiле қарады.


— Жоқ.


— Жайнақ жем әкелмекшi-тiн. Ана қыз мектебiне барамын деп едi, сонда кеткен ғой. Оларды түстен кейiн де оқытатын өнер тапты, самалет ұшыратындай. Ал, үлкен қыз саудада, тәйiрi. Қой, жүр, қарның да ашқан шығар?


— Жоқ.


Олар бес-алты саулықты екi-үш қозысымен шүршитiп айдап, ауылды бетке алды.


III


Бiр түнеп, ертеңiнде-ақ қайтадан Алматыға аттанды. Ұзақ жолдың соққанына шаршамады, ой соғып қажыды. Байқауынша бүкiл ауырлық мұның иығына түскелi тұр. Тетелес Сапар өз басын алып зорға жүр. Одан кейiнгiсi қамауда. Ең кiшi бауыры мектепте оқиды. Қол ұшын созатын жан-пенде жоқ.


— Уһ-һ. — Ауыр күрсiндi. Шешесiнiң «ана кiшкентай ұлдарына қарасаң ет бауырың езiледi» деп, iнiсiнiң отбасын айтып, егiлгенi елестеп, қайғыдан қауызына сыймай тебiрендi.


Үйдiң iшi сiңiрiне iлiне жүдеген. Кедейшiлiк. Iшiп отырған тамақтарының өзi — қатықсыз қара көже. «Ана ұл құдай қолдап аман-есен құтылып шықса, бәрi оңшалады ғой» деп тұспалдады. Бiрақ соның темiр тордан құтылуына, өзiнiң қандай қам-қаракет жасауын бiлмей дал. Қайласыз. Бәрiн шешетiн ақша екенiн жақсы ұғынады. Әттең, ол құрғырың уысына түскен бе? Бар болса, елдiң үстiнен күн көрiп отырған заң иелерiнiң құлқынына аяусыз тығар едi. Рас, Жүсiптердiң жасағаны кәдiмгi қылмыс. Бiрақ, бүкiл бәле-жаланы солардың басына үйе салуға болмас. Негiзiнде шелек жалағандар тұтылып, қырсықтың қара тұлыбын бастарына тұмшалаған да алған.


«Жапа шектiк» деген төрт адам, сегiз iрi қара даулап отыр. Төртеуi — жылқы, төртеуi — сиыр. — Бiр сәт iшiнен тынып, лажсыздықтан шешесi көзiмен жер шұқыған. — Алдымен солардың жоғын түгендеп беруiмiз тиiс».


Осының бәрi миына шегедей қадалды. Аяқ астынан сонша малды қайдан таба қоймақ? Амалы таусылғандықтан ақылы айрандай iрiп, шарасыздықтың шатқалына құлады. Жол бойы сона-ау ауылдан Алматыға жеткенше жанын да, санасын да мазалаған осы ой болды.


Иiнiн басқан тұрмыстың ауыртпашылығы емес, тағдырдың кездейсоқ зауал көрсеткенi едi. Келгеннен кейiн де екi-үш күн сең соққан балықтай меңiреуленген халде жүрдi. Осы аралықта «жыртық үйдiң құдайы бар» дегендей, күтпеген жерден сәл еңсесiн жазарлықтай бiр жақсылықтың шетi қылт еттi. Ол — мүлде бұл ойламаған тосын жайт-тұғын. Үлкен бiр акционерлiк қоғамның президентi жалақысы дұрыс, басшылық жұмысқа шақыра қалғаны. Көктен iздегенi аяқ астынан жерден табылғандай ұсыныс болғанымен, бiрден бағасын төмендетiп алмаудың жолын көздедi.


— Мен мұны алып жүре алар ма екем? — дедi алғаш шақыртқанында, әрi шынында да күмәндi көкейдiң күлкiлiн аңдатып. Әйткенмен, санасында «осы жұмысқа аяғымның ұшы iлiнiп кетсе, Жүсiптiң шаруасының бiр жағынан шығысуға да шамам жетiп қалар ма едi» деген жақсы үмiттiң ұшқыны бой көтердi.


— Неге алып жүре алмайсың, әбден оны игерiп кететiнiңе көзiм жеткеннен кейiн ұсыныс жасап отырмын.


Президент ағынан жарылып, бұл ұйғарымның төңiрегiнде бiраз ойланып барып, шешiмге келгенiн жасырмады. Және Жапардың айтқанына келiспейтiндей, жанарын бұдан тайдырмай қадала түстi.


— Әйтеуiр, сiздердi ұятқа қалдырып жүрмейiн… ештеме өндiрмей... — Булығып барып босаңдау жауап қайырды. Онысы, бұл ұсынысқа iштей насаттана қуанғанымен, жауапкершiлiк үдесiнен шыға алмай қалмаймын ба деген дүдәмалы-тын.


— Қорқатын дәнеңе жоқ, шамаң жетпей жатқан жерде көмектесемiз. Өзiңмен-өзiң сыртқары қалып қоймайсың. Сенiң проблемаң — бiздiң проблема, бiздiң басымызды қатырған мәселе — сенiң де басыңды қатыруы тиiс. Өйткенi, бәрiмiз бiр ғана мүддемен жұмыс iстеймiз. Жеке шаруаның, өкiметтiң шаруасынан айырмашылығы да осында.


Жапар мына қамқор уәжге жүрегi елжiрей ойланып-ақ қалды. Ешкiм бұлай жанашырлық танытып, дәл мұндай қиналған уақытында жәрдем қолын созбаған. Әп-сәтте-ақ iшкi әлемi астаң-кестең қотарылды. Алып қашқан әрқилы байламдарының ешқайсысына жiп таға алмай дал. Ақыры:


— Үш күнге мұрсат берiңiз, — дедi лоқ еткiзiп кесiмдi сөзiн айтудан тайынып. «Бүгiнгi ұйғарымым атүстi боларға» жорыды. — Ойланайын, бiр байламға тоқтайын.


«Әлдеқандай болып бәлденгенi несi, «кедейдiң кербезiнен сақта».., әулиесiнбей барсыншы әрi деген жаман ой келiп қала ма көңiлiне» деп, тағы да iштей қыпыжықтады. Жоқ, президенттiң райынан ондай нышанның iзi бiлiнбедi.


— Ойлан. Қабырғаңмен кеңес.


Жайбарақат пiшiнiнен танбай тағы да бұған «ұзын — арқан, кең — тұсау» қалып байқатты.


— Мақұл.


Екеуi жылы қоштасты.


Бiр қызығы бұл жiгiтпен немере бауыры Сүлеймен арқылы былтыр танысқан. Олар өзара әуелден тығыз қарым-қатынаста болса керек. Аты — Зейнел. Тәңiр жазса адам кездеседi екен, одан кейiн де бастары iрiлi-ұсақты жиында екi-үш рет тоқайласты. Жарқын мiнездi, ақ сары жiгiт үнемi жылы ұшырай амандасатын. Бұл да оған iш тартып, әуелден бiлетiн адамдай етене бола түстi. Ендi, мiне, Зейнел мұның үш ұйықтаса түсiне де кiрмейтiн бiр шаруаның басын қылтитып отыр. Оған «ойланайын» деп сыпайылық таныта айтқанымен, ұйғарымын әлдеқашан жасап қойған. «Жарайды» деп қолқ ете қалуға, арланды. Жаны мұрнының ұшына келiп тұрғанда, әрине, бұл таптырмайтын тұс. Жақсыдан — шарапат деген осы. «Әлде, Сүлейменнiң ықпалы тидi ме» деп те ойлады.


Кесiмдi үш тәулiк өтiсiмен, өз шешiмiн бiлдiрдi.


— Дұрыс, мұның жақсы. Солай тұспалдағам. — Жайдары қалпы жымиған күйi, креслосының арқалығына шалқайды. — Ал, қызметiң құтты болсын! — Қайта алға ұмсынып, қолын ұсынды.


— Рахмет!


IV


Ертеңiнде таңертең жаңа жұмыс орнына бiрiншi күннен кешiгiп қалмайын деп, аяғын асығыс басып аялдамаға жүдемдете жөнелген. Ту сыртынан «кешiрiңiз» деген тосыннан естiлген үнге ерiксiз мойын бұрды. Соңында сыптығырдай тартылған жап-жас жiгiт имене күмiлжiдi. Әлде нәрсенi айтуға ретiн таба алмай тұрған сықылды.


— Сәлеметсiз бе?..


— Сәлемет… — Жапар да қапелiмде аңтарыла тiл қатты, кейпiнде ап-айқын «не керек?» деген сұраудың iзi жатыр едi.


— Кешiрiңiз… машинаға мiнiңiз. — Бейсауат адам бүгежектей түстi.


Ашықтан-ашық мына шақырудың мәнiсiн түсiне алмаған Жапар айран-асыр қалпы жiгiттiң өңiне барлай қарады. «Не айтып тұр?» деген сауал ерiксiз миына тептi.


— Сiз менi бiреумен шатастырып…


— Жоқ. — Бейтаныс жанның сөзi нық, өңiнен сенiмдiлiктiң iзi бiлiнедi.


— Кiм керек едi? — Тағы да тәптiштей ежiктедi.


— Сiз… — дедi қыпыжықтап жас жiгiт.


— Жайша ма? — Дауысы өзгерiп, кескiнiнен де қайран қалғандық бiлiндi.


— Жұмысқа апарайын деп… — Жұмбақ адам бiр түрлi қызарақтай күбiрледi.


— Жұ-мыс-қа?! — Еңсесiн сала шүйлiктi. Сөзiнiң соңында таңданыстан ерiнiн жия алмай, ауызы ашық қалды.


— Иә. Мен сiздiң шопырыңызбын.


Жапардың бойынан тоқ жүгiрiп өткендей, денесi тыз еттi. Мына сөздi өз құлағы ма естiген әлде түсi ме, соның байыбына жетпей жұмбақ күй кештi. Жалаңаяқ журналистiң бiр-ақ күнде шопырымен машина мiне қалуы, еш көңiлiне қонбады. «Бiреу әдейi адам жұмсап, әзiлдеп тұрған жоқ па екен» деп те ойлады. Сосын, бiраз бөгелiп барып, лажсыз соңынан ердi.


Аулада ұйлығысқан үш-төрт көлiктiң арасындағы шетелдiк әппақ сүйкiмдiсiне келiп тiрелдi. Жапар өзiн әлi алып-қашты ойдың ырқынан арашалап үлгермеген.


Осындай алақұйын күй билеген қалпы артқы есiктi ашып жайғасты. Лыпылдаған жеңiл неме орнынан бiрден атырылып, көл дарияның бетiндегi су жыланша сырғанай жүйтки жөнелдi. Толассыз машиналар аққан көшелердiң бiрiнен кейiн бiрiне өтiп, әп дегенше-ақ офистiң алдына көлденеңдей келiп тоқтады.


Көңiлiнде бой көтерген қобалжу әлде қысылу сезiмi бар, бөгде де бейтаныс кеңсенiң табалдырығынан аттап iшке ендi. Соңғы күндерi ғана жүздерi таныс боп қалған жаңа әрiптестерi жылыұшырай амандасты.


— Сәлеметсiз бе?


— Қызметiңiз құтты болсын!


Тұс-тұстан бiлдiрiлген ықыласты iлтипатқа Жапардың жаны жайылып сала бердi. Ешқайсысы мұны тосырқап сыртқа теппей, алғашқы сәттен-ақ iштерiне қарай тарта түсетiндей.


Мүлде бұған беймәлiм жат саладағы жылы шырай жiгiтке бейсауат орта, жаңа қызметке тез үйренiсетiндей нышан танытты. Әу баста ұжымының психологиясы мен қарым-қатынасы тосын жұмыс орнынан тартыншақтағаны да өзiне аян. Өйткенi, бұл — мұның қызметiн тұңғыш ауыстыруы, өмiрдегi табан тiреген не бары екiншi мекемесi. Бүге-шігесі мәлім кәнiгi орыннан жылжып кету сондай қиын болып көрiнген. Сөйтсе, табиғаты бөлек ортаға соншалық үрке қараудың керегi де жоқ екен.


*** *** ***


Көп ұзамай-ақ бiр белеңнiң шаңын бiр белеңге қосып, тынымсыз шапқылау басталды. Аз оттап көп жусайтын жылқыдай, аз ұйықтап, жортуылы басым тiрлiкке түстi. Ел-елдi аралап, ауыл-ауылды шолып, жинайтындары — инвестициялық жекешелендiру купоны.


Халықтың тұрмысы нашар. Қайда барсаң да балағаттап, ашуына булыға сөйлеген жұрт. Кiмдi сыбап, кiмдi жерден алып, жерге салып жатқаны белгiсiз. Тiлiңдi тектеп ұстамасаң арасындағы ашынғандары ай-шай жоқ жуан жұдырығымен сiлейте соғып, танауыңды дала-дала жасауы әбден кәдiк. Сондықтан аузыңды бағып, заң түгiлi заманынан қорықпайтын елден сақтана сөйлеу әбден орынды.


Мiне, қоғамың тұтасымен осылай ыру-тыру. Үлкен екен-ау, кiшi екен-ау деп, бiр-бiрiн сыйлаудан қалған. Ежiрей шал қит етсе қақ маңдайыңнан таяғымен салып кетуден тайынбайды. Көк өрiм балалар сапсиған сақалынан алып, қарияны сабаудан да тартынбайды. Бәрiнiң қаны сұйылып, иманы қасымға айналған. Сол бет пiшiнi iргiл тартқан жұрттың iшiнде жоқтан бар болып, аяғын басарға жер таппай жүргендерi де ұшырасады. Бардан жоқ болып, кiрерге көр таппай жүргендерi де жетерлiк.


— Купон ба?..


Сығыр көз кержақ сары әлдекiмнiң шiкiрәсындай сыздана сұрады. Болар-болмас тұқылы қалған попиросын дәмiл-дәмiл сорып, бұларға келемеждей қарайды. Үстiндегi қолтығы жыртық күн жеген көне көк жейдесi мен өкшесi сыртқа қашқан тәпiшкесiн ерен көретiн түрi жоқ. Әрi онысының езуi ыржиып, ашылып кетiптi. Ар жағынан Шойынқұлақтiкiне ұқсас тым жойыт, күс-күс башпайлары бадырая «мен мұндалайды».


Арада болмашы үнсiздiк орнады. Әлден уақыттан кейiн:


— Талдықорғанда бiр кiнәшқаны 100 доллардан алып жатыр дегендi естiдiм, сол рас па? — дедi иегiн қағып кержақ.


Мына қисынсыз әңгiмеге Жапар ерiксiз езу тартты.


— Жоқ, ол елдiң қашыртпа сөздерi ғой. — Мейлiнше байыптылық танытуға тырысып, лезде күлкiсiн тия қойды.


— Жоғ-а-а, осы ауылдан да барып книжкаларын сондай ақшаға өткiзiп келгендер бар! — деп, әлгi кержақтың жанында тұрған отыздың төңiрегiндегi екi шойман қара жiгiт қосамжарласа даурығысты.


Кеңсенiң алды болатын. Әрлi-берлi өткендер мына бейсауат жандарды таңсық көрiп, әрi не әңгiме-дүкен екенiн бiлгiлерi кеп, құлақтарын тiге төңiректерiне iркiле бастады.


Сөзге қайтадан жасы жер ортасына iлiнген әлгi кержақ араласты.


— Сендер сияқты сыпсыңбай саудагерлердiң талайын көрдiк. — Танауын шүйiрiп, әлдеқандай болып шыға келдi. Өзiнiң ұсқынының соншалық адам аярлықтай екенi, езуi ырсиған аяқ киiмi мен көн боп қатқан шалбары жырына да кiрмейдi. Осы сықпытынан қылаудай именетiн түрi жоқ. — Бiздiң купонымызды алдап алып, қалаға апарып қып-қызыл ақшаға сатпақшысыңдар ғой.


— Ағасы, — Жапар мәселенiң мәнiсiн түсiндiруге тырысты, — бiреудiң купоны бiреуге жүрмейдi. Онда сiздiң аты-жөнiңiз жазылған, жеке нөмiрiңiз бар, қалай оны әлдекiмдер пайдаланбақ?


— Қарағым, олай заң-зәкүнiңдi соқпа! Талдықорғанда тура көкбазардың алдында сатып алып жатыр дейдi. — Зейнет жасындағы келесi бiр бөгде қария Жапардың жолын кестi. — Бүгiнгi биттiң еркегi мен ұрғашысын тап басып айыратын сұғанақ сұмдар, ондағы аты-жөнiң мен нөмiрiңдi пiшту де демейдi. Қалай қолайына жағады, солай бұрып ала қояды. Оған — көздерi ашық, сауаттары жетiп тұр.


— Иә, тiптi Россиядан келiп алып жатыр дейдi.


Әлдекiм дүрмектiң арасынан өзеуредi.


Сөзге қонақ бермейтiн мына жiнiккен топтың кескiн-келбетiнен, қанша ұғындырса да ештеме өнбейтiнiн жақсы түсiндi. Сондықтан, экономикалық сауатсыз қараңғы жұртқа сөзi мен уақытын қаза қылуға зауқы соқпады.


Сөйттi де мойнына су кеткен жаман жарбайдай ерiксiз иiнi салбырап, әлгi езулеген топты кейiнге тастап көлiгiне беттедi. Былай ұзағаннан кейiн, қараптан-қарап отырып зығырданы қайнады. Ешкiмге де емес, тек өзiнiң мына сөлпеңбай жүрiсiне шамы қозды. Қазiргi қам-қарекетi бөгде түгiлi өзiне, сiңiрiне iлiнiп зорға отырған халықтан жылу жинап жүргендей көрiндi. Ұсқынсыз, жиiркенiштi елестедi.


Былайынша қарап тұрса заңға қайшы келетiн тiрлiк жасаған жайы жоқ. Саудагерше айласын асырып, соқыр тиынын — қара бақыр, қара бақырын — күмiс еткен де ештемесi жоқ. Бiрақ, жылан шаққан қойды шабақтағандай, әркiм-ақ аңдатпай бiздей тiлiн бұған сұғып-сұғып алады. Әйтеуiр, еш күнәсi болмаса да көптiң қарғысын арқалаған бiр бейбақ.


Қарапайым жұрт бүгiнгi саясаттың байыбын қайдан бiлсiн, жүз купонын кенеттен келiп қолына қарға саңғығандай көредi. Ендi осы болар-болмас дүниесiнен қарап отырып, тағы да айырылып қалмайын деп ойлайды. Сондықтан әбден ерқашты күйге түсiп, алдына қойған қос уыс жемдi қызғанған шардақтай, қытығына тиетiн сөз естiсе алыстан-ақ құлағын жымыра бередi. Тiрлiктiң шыршуынан аузы күйген оларға жөн сөз айтқан адам да, жалғанды қисындырып соғатындар да — жақауратып, несiбесiн қағып кететiн алаяқтар сияқты көрiнедi де тұрады. Әбден жер қауып, бiреудiң сөзiне нанудан қалған. Өйткенi, көлденең көк атты тұрмақ, құрсақтас ағайындылар да бiр-бiрiн алдап жатқан уақ. Әйтеуiр, ешкiм ұғып жарытпас, сондай бәтуасыз заман. Сонау мамыражай шақ, бiр ауыз сөз кепiлдiкке жүретiн беймарал күндер атымен ғапыл болған.


Көкейiнде осыны екшегеннен кейiн әңгiме бiлмейтiн мақаупес балаға ұқсаған халыққа қайран сөзiн қор ғылып, уақытын текке шығындап бейсауат сенделгендей ұғынды. Дегенмен, көпшiлiк жиында жұртшылықтың санасына жететiндей қарапайым тiлмен купонның не үшiн керектiгiн түсiндiрiп бақты. Тым құрымағанда «жылдар өткенде ол алтынға» айналады деп, сандығының түбiне тығып қоймасын деген ниетпен мейлiнше егжей-тегжейлi сөйледi. Тiптi, қалаған жекешелендiру қорына табыстауларын сұрады.


Осындай сабылыспен тынбай ел аралап, шаруаға көп айналды. Уақыт болса өтiп барады. Жүсiп сол тапжылмай темiр тордың арғы жағында жатқан күйiнде жатыр. Шешесi зар илеп, екi көзiн сауып ол отыр. Ендi бiр мұршасы келгенде шаруаның басын қайырып тастап, Текелiге тартпақ ойы бар. Аудандық сотқа кiрiп, заң орнының тамырын басып байқап көрмек. Мәселенiң бәрiн ойдағыдай реттейтiн бәтуаға келсе, майдан қыл суырғандай етiп қызметтерiнiң бағасының қанша тұратынын бiлуi керек. Содан кейiн ғана барып әлдеқандай байлам жасауға болар.


Текелiге бармас бұрын әуелi ауылға ат басын бұрып, үйге соқты. Қақпадан iшке аттағанында есiктiң алдындағы кілеттен қарындасының басы қылтиды. Шамасы, бейсауат машинаның дыбысын естiп, сыртқа қараса керек.


Ол мұны көре салып, аяғына тәпiшкесiн апыл-ғұпыл iлдi де тұра жүгiрдi. Келген бетте мойнына асыла кеттi. Ағасы бетiнен сүйдi.


— Халдерiң қалай?


— Жақсы. — Гүлзат көздерi жәутең қағып, ыржиып күледi. Бiрақ, сонда да жанарының тұңғиығында кiлегейленген мұңның шарбысы мен өңiнен бiртүрлi қобалжудың iзi бiлiнедi.


— Үйде кiмдер бар?


— Шынар екеумiз ғана. — Шынар деп тұрғаны жиен қарындасы, ең үлкен әпкесiнiң қызы.


— Апаң қайда?! — Таңданыстан дауысы қаттырақ шықты.


— Текелiде.


Секемал жiгiттiң iшi қылп еттi. Бұл сандалып жүргенiнде сот талқысы өтiп, өзiнiң еш септiгi тимей қала ма деп қауiптендi.


— Жайнақ қайда?


— Ол Қопаға кеткен.


Малдағы нағашыларының үйiнде жүргенiн iшi сездi, сезсе де:


— Әшейін бе? — деп, нақтылай түстi.


— Сол, малдарын айдасып, жайлауға шығарысып салуға. — Гүлзат ендi үлкен кiсiнiң кейпiне енiп, сөзiн салмақтай сөйледi.


Жапар жүрегi дауаламаса да Жүсiптiң жайын бiлмек боп:


— Ал, апаң жайша кеттi ме? — деп сұрады тәптiштей.


— Ана Қопадан әкеген малдарды Текелiдегi кiсiлерге апарып беруге. — Қарындасының өңi сұлқ сынып, жаңағы насат шарпыған кейпi лездiң арасында үштi-күйлi жоғалыпты. Бұл нағашыларының жәрдем қолын созғанын іштей ұғынды.


— Қашаннан берi үйде өздерiңсiңдер?


— Кешеден.


— Сабағың қалай?


— Жаман емес.


— Апаң немен кеттi?


— Көкем үлкен машина әкеген, соған малдарды тиеп… — Көкем деп тұрғаны — Сапар.


— Қашан қайтатынын айтқан жоқ па?


— Бүгiн келiп қалуы керек. Анау кiсiлердiң кiнә тақпай, ризашылығын бiлдiрген қағазын аламын деген. Содан соң қорғаушыға жолықпақшы.


Мына әңгiменiң сықпытынан оқиғаның барысын сырттай топшылауға болатындай едi. Жапар бiр сәт бөгелiңкiредi, сосын барып өз жайын мағлұмдады.


— Мен де Текелiге жүрiп бара жатқан бетiм, жолай халдерiңдi бiлейiн дегенмiн.


— Көке, шай iшiп кетiңiз!


Соны айтты да, апыл-құпыл қайтадан дастархан жасауға жүгiрдi.


Жапар сәл де болса арқасының құрысқан-тырысқанын жазайын деп, кең төсекке қисайған. Бiрден бойы байсал тартып, денесi тұтастай шымыр-шымыр етiп балбырай жөнелдi. Кiлеттiң қоңыр салқын бөлмесi жол соғып, ұшынған жанға нағыз шипа орын едi.


Көзi iлiне қалыпты. Гүлзат оятқанда барып, өзiнiң қайда жатқанын әзер топшылады. Тұла бойы серейiп салға айналғанын сезiндi және қол-аяғынан шойындай батпандықты аңғарды. Күштеп басын көтерiп, төсектiң үстiнде бiраз сiлейiп отырды. Сосын, бетi-қолын жуып, ұйқысын ашайын деп тысқа шықты. Шопыр есiктiң алдындағы көлеңкеге жайғасыпты.


— Қазiр шай iшiп алайық, содан соң Талдықорғанға жөнеймiз, — дедi оған алдағы жоспардан құлағдар етiп.


— Жарайды.


V


«Ниссан-Блюберд» әп дегенше-ақ Талдықорғанға таянып келiп қалды. Қазiр оңтүстiк шығысқа қарай бұрылатын жолға түсiп, Текелi тауының аңғарымен ұңғуырлап, шатқалды жалдай тереңге сiңе бередi. Сөйтiп, Жүсiптiң үйiне барады.


«Тәтемдi сол жерден тапсам көрiм» деп, iштей уайымдады.


Сонау шатқалдың түбiне барып орналасқан рудникке қарай тартылған жол аяғы жеткiзер көрiнбедi. Ара-тұра жанама жолдар бөлiнгенiмен, қаланы қақ жарып төселген негiзгiсі — бiр асфальт. Екi жағынан қапталдай үйлер салына берген. Және де шәрiнiң ортасын жарып Қаратал өзенi ағады. Арынды тасқын таудан не бiр ғаламат үлкен тастарды домалатып әкелгенi ара-кiдiк өзеннiң жайдақтау тұсын жанамалап өткенде байқалады.


— Қалай жүремiн?


Шопырдың сауалы бей-жай қалпын бұзып жiбердi.


— Басты жолдан шықпа. Бұрылатын жердi өзiм айтамын.


Дегенмен таянып қалыпты. Мынау «кардондардың» атын бiлмегенмен, межелi жерлерi жақын. Бiр қызығы бұл қалада «ықшам аудан» деген ныспы кездеспейдi. Елде жоқты тауып, «кардон» деген бiр бәленi телiген. Iркес-тiркес салынған солардың арасымен бiрiнен-бiрiне өте бересiң, шұбалаңқы. Бұл қала сонау кеңес заманының уақытында-ақ, одақ бойынша көшесiнiң ұзындығы жағынан екiншi орын алатын.


Мөлшерлi тұсқа iлiктi. Мiне, «Клуб» аялдамасы, содан кейiнгi қайқаңға қарай оңға салған жолмен бұлар да оңға кетуi тиiс.


— Қазiр мына жерден бұрыласың, — дедi сұқ саусағын шошайтып.


Асфальттан шығып топырақты сүрлеуге түскенi сол екен, үйдi-үйдiң iргесiмен жылжып, бiр өзекшеден өтiп, төскейге көтерiлдi де демнiң арасында жеттi. Бұл кезде мамырдың алакеуiм кешi де жер әлемiн қараңғылығымен көмкерiп, бiртiн-бiртiн қоюлана тұмшалап үйiрiле бастаған.


Бұл өзi қызық салынған үй: жетелеп әкелген жол дөңестiң үстiнде қалады да, баспана соның етегiндегi ойпаңға қарай орналасқан. Өйткенi, сол ойпаңның табаны ғана қоныс теберлiктей ептеп жазықтау бiткен. Арғы жағы құлама жар болмаса да, үстiрт қабаққа айналып кетедi. Ол жерге бiр тiрлiк жасай қою қиын. Жалпы, көпқабатты баспаналардан басқа, жеке салынған тұрғын жай бөктерлердiң қолайлы тұстарын қуалай бой көтерген. Осы себептен, түзу көшелер де некен-саяқ. Бұлтарыс-қалтарысы көп шаңдауыт жайдақ жол бiрде құлдилап, бiрде жоғарылап әрбiр отбасының жымға қоныстанған мекен-жайына апарып тiрейдi.


Осындай оқшау жер қыртысына орай бұл үйге бiреудiң келiп, жалдың бойымен тартылған дарбазаны ашып шыққан-кiргенiн ешкiм байқай қоймайды. Қайта, бейсауат адам төмендегi үйдiң төбесiнен қарап, iштегi мән-жайды оп-оңай көре алады.


Қазiр де Жапардың келгенiн жан-пенде аңғармады. Аулаға байлаған кiшкене ақ күшiк үрудiң орнына құйрығын бұлғаңдатып еркелеп, ара-арасында мүләйiмси қыңсылады.


Ауызғы үйдiң есiгiн ашты — тастай қараңғы, шам жанбаған. Шамды жағайын деп қабырғаны сипалап едi, қосқыш қолына iлiне қоймады. Iлгерi жылжып, адымдауға жазатайым еденде тұрған бiрдеменi iлiп кетуден сақтанды. Мұқият аяғының басына қарады, ештеме жоқ сияқты. Сөйткенше көзi де үйренiп қалды. Бөлменiң iшi тастай қараңғы емес, күңгiрт екен. Ендi апалақтап, шам жаққышты iздемедi, әйтеуiр белгiсiз себеппен бөгелiңкiредi. Мiне, iштегi дауыс құлағына ап-анық естiлдi. Шешесiнiң үнiн жазбай таныды. Екеуi екi жаққа кетпей, осында жолығатынына қуанды. Сәл бойын билеген желпiнiс лебiмен есiктi шалқасынан ашты. Iштегiлердiң бәрi жалт қарасты.


— Амансыздар ма?!


— О-о, Жапарым екен ғой.


Шешесiнiң қарлығыңқы үнi бiрiншi шықты. Әрi, жаман жарбай түйедей қиралаңдап, елден бұрын орнынан тұра бастады. Сөйттi де әлдеқашан қырмасақал болған бұның бетiнен сүйдi.


— Қалың қалай, қарағым? Денi-қарларың сау ма? Бибiнiң, балалардың халi жақсы ма?


— Аман-есенбiз, бәрi жақсы.


Осы кезде Жүсiптiң үлкенi Асхат келiп, апасының үйретуi бойынша «ассалаумағалейкүм» деп, қолын шошайтып ұсына бердi. Сәби неменiң ойында ештеме жоқ, қисық көздерi ойнақшып, жақын туысы келгенге ерекше насаттанады.


Жапар еңкейiп оның бетiнен сүйдi.


— Қал қалай, жақсы ма?


— Әйбәт. — Езуi екi жағына жайылып, тiптен шадыманды дауыстады. Әйткенмен сәби жанарында әлдебiр кейiстiктiң iзi жатыр едi. — Дәу папа, — мұны үлкендердiң үйретуiмен iнiсiнiң балалары «дәу папа» дейтiн, — сен бiлесiң бе, папамды алып кеттi ғой.


Жапардың жүрегi шым ете қалды. Кiшкентай нәресте өзiн арқаланып, бiр жағы пана тұтып шағынып жатқан сияқтанды.


— Қайда? — Жаны қаламаса да ерiксiз осы сұрақты қоюға мәжбүр болды, өйткенi кекiлi селтиген кiшкентай ұлға бiрдеме айту мiндетi тәрiздендi.


— Түрмеге. — Нығарлап тұрып, құлшыныспен жеткiздi.


— Сен қайдан бiлесiң?


— Көрдiм ғой, мiлисалар қолына кiсен сап алып кеткен.


Жапардың кеудесi тағы да шым еттi. «Ойында ештеме жоқ шынашақтай нәрестенiң көңiлiне өшпестей дық түстi ме екен» деп топшылап үлгердi. Содан соң одан кейiнгi кiшi ұлды iздедi. Ол жозының қасынан тапжылмайды. Сәби жанарына беймәлiм мұң жабысыпты. Ым қағып шақырғанына да селт етпедi.


Келiнiнiң де өңi сынық, қамкөңiл қалпы ернiнiң ұшымен амандасты.


— Иә, қарағым, жұмысыңды ауыстырыпсың… Қолайыңа жақса, жарады… құтты болсын! Арғы-бергiнi ойлап шешсең жарайды. — Шешесi сұлқ отырған қалпы жылусыз сөйледi.


— Рахмет! Жағдайдың беталысы қалай болып жатыр? — деп, Жапар негiзгi жайтқа көштi.


Ас үйге аяғын тастап, келесi қуықтай бөлмеге өткенде осыны сұрады.


— Бәрiнiң талап еткен сегiз бас iрi қара малдарын әкеп бердiм. Олар «Дүниемiз орнына келдi, соттатпаймыз. Сотқа солай деп айтамыз, қолдарыңа солай деп қағаз беремiз» дейдi. Әйтеуiр, ауыздары жақсы.


— Сапар қайда?


— Ол төрешiге кеттi, рұқсат алсақ ертең тамақ апарып берсек пе деп отырмыз. Қазiр келедi… келiп қалуы керек, ақ таңертең кеткен.


— Ы-ым… Дұрыс екен. — Бұл — әлi ештемесi айқын емес, бұлыңғыр iстен Жапардың дiңкесi құрып, лажсыздықтан айтқаны-тұғын.


Әңгiме үзiлiп қалды. Үйдi тым-тырыстық жайлады. Тыныштықты Нұрғаным бұзды.


— Жалғыз жүрсiң бе? — Ұлына болмашы ғана мойнын бұрды.


— Жоқ, жанымда шопыр бар.


— Ой, ол баланы неғып шақырмай отырсың? — Шешесi ыршып түстi. — Бiрге келген адамды сөйтiп далаға тастап кете ме екен? Әй, Асхат! — жалма-жан кiшкене немересiн iздедi.


— Не, апа?!


Қасына қасықтай қара ұл шауып жеттi.


— Далада машинада аға отыр, сол кiсiнi «үйге шақырып жатыр» деп, ертiп кел.


— Жарайды. —Сәби бiрден құлдыраңдай жөнелдi.


Арада бiрер минут өтпей шопыр да iшке ендi. Табалдырықтан аттасымен сыпайы ғана амандасты.


— Қайрат, берi жүр! Мында кел! — деп дауыстады төргi бөлмеден Жапар.


Ол дауыс шыққан бөлмеге ендi. Жолсоқты боп әбден қажып, екi көзi қызара қанталапты.


— Мен кiшкене мызғып алсам.


— Шай дайын боғанша мына көрпенiң үстiне қисай.


Жапар иегiмен төрдi нұсқады да орнынан тұрып барып, төсектiң үстiнен жастық алып бердi. Қайрат жастықты құшақтаған қалпы екпетiнен түстi. Көп ұзамай қорылға басты.


*** *** ***


Шай iшiлiп болып қалғанда Сапар төбе көрсеттi. Қысқа амандықтан соң, төрешiнi таба алмағанын айтты. Сосын барлығы ақылдаса келiп, Қарабұлақта тұратын Текелi қалалық сотының төрағасы Нұрланның үйiне баруға бекiндi де, тығыз уақытты текке қаза қылмай бiрден аттанды. Былай шыққаннан кейiн Сапар:


— Оның әрбiр поселкеде бiрден-екiден үйi бар. Қай үйiнде түстенiп, қай үйiнде кештенетiнiн адам баласы бiлiп болмайды. Бүгiн жұмысына келмедi. Талдықорғандағы үйiне кiрдiм, Крупскаядағы үйiне бардым — жоқ. — Терезенi ашып тартып отырған темекiсiнiң тұқылын сыртқа атып жiбердi. Ұрты толған түтiндi тысқа үрледi. — Ал, Қарабұлақтағы үйiне соға алмадым.


Жапар үндемедi. Iшiнен тынып, ақылын сан тарапқа салып, әр қақпақылға ұрғыштаған өз ойымен өзi әуре.


Машина бұл кезде Текелiден шығып, Қарабұлаққа қарай құйғытқан. Жолды Сапар бастап келедi. Бiр кезде Жапар:


— Сен төрешiмен бұған дейiн сөйлесiп пе едiң? — деп, тағы да қайталап сұрады. Мұнысы қазiр кездесiп қалса сөздi неден бастап, неден қоюдың нобайын көкейiнде алдын-ала пiсiрiп алайын дегенi едi.


— Иә, бiрнеше рет. Көмектесiңiз, әкемiз ертеректе қайтқан, ауылда тұрамыз, жағдайымыз жоқ деп мән-жайды айтқанмын. Апам да жұмысына барып, көзбе-көз тiлдескен.


— Жалпы, төрешi сөзiнiң бет алысы қалай? Тәтеме не дептi?


— «Апа, қорықпаңыз, көмектесемiн. Барымта-сырымта деген халқымызға ежелден тән нәрсе. Ал, тек жанды қинайтыны, төртеуiнiң топтасуы. Әрi, балаңыздың басында елден ерекше бiрнеше қылмыстық бап бар. Осы жағына келгенде кеңiрек ойлануымыздың қажеттiгiн көремiн», — дептi.


— Былай, адаммен… тең дәрежеде дұрыс сөйлесе ме? Әлде танауын шүйiрiп, биiктен қарай ма? —Жапар еңсесiн сала Сапардың аузына үңiлдi.


— Мен-мендiгiн байқамадым, жалпы, жаман сөйлеспейдi. — Ол бауырының бетiне назар тоқтата бiр бөгелдi де, сөзiн сабақтады. — Мен бұған iнiсi арқылы шықтым, iнiсiн бұрыннан танитын едiм. Өзiмен екi-үш рет кездестiм, сонда «журналист ағам бар» деп сен туралы да мағлұмдағанмын. Қазiр оңға бұрыласың, — дедi әңгiмесiнiң арасында Қайратқа жолды да нұсқап.


— Iнiсi қайда iстейдi?


— Ол осы Талдықорғанның «беделдiлерiнiң» бiрi.


— Рэкет пе?


— Сондай «дөкейлердiң» санатында.


— Ы-ым…


Олар қалтарыс-бұлтарысы көп сан қилы көшелермен бiресе оңға, бiресе солға бұлталаққа басты. Ақыры үлкен екi қабатты үйге тiреле тоқтады.


— Келдiк, — дедi Сапар.


— Бiрiншi сен көзiне көрiн, сен көрiнгеннен кейiн-ақ мән жайға түсiне бередi ғой. Ары қарай әңгiменi өзiм бастармын.


Жапар жерге табандары тигенше осыны айтып, бауырының қаперiне салып үлгердi.


— Жарайды.


Ұсынса қол жетпес биiк темiр дуалдың есiгi тас бекiтулi. Кiшкене ноқаттай ғана iштегiлерге үн бергiш бар екен. Сапар соны басты. Қоңыраусыз-ақ бұлардың дыбысына жiнiгiп, дарбазаның арғы бетiндегi арпылдаған иттiң тарғыл дауысы ешкiмдi бейтарап қалдырар емес. Жеп жiберердей жер әлемдi қуырып барады. Бiтеу қорғаннан сықпыты көрiнбесе де, әбiлеттiң тайыншадай тұрқы барына дүдәмалданбады.


Үйдiң есiгi ашылғандай болды. Шынында да солай екен. Iзiнше дуалдың қақпасы сарт-сұрт еттi, сөйткенiнше 14-15-тегi ер баланың бойы көрiндi. Ол бұл екеуiн аңдасымен бiр түрлi тiксiнiп қалды. Аман-сәлемi жоқ, көзi ежiрейiп кiбiртiктей бердi.


— Папаң үйде ме? — Сапар бiрден негiзгi жайттан бастады.


— Қазiр. — Шолақ қана ләм қатып, қайта керi қарай тұра жүгiрдi.


Көп ұзамай орта жастағы адам тысқа шықты. Есiгiнiң алдындағы самаладай жанған шамнан кескiн-келбетi ап-анық көрiнді.


— Осы кiсi, — деп, Сапар сыбыр еттi. Адам келгенiн естiп, көп бөгелмегенiне Жапардың iшi жылыды.


Таянған оған Сапар «ассалаумағалейкүм» деп, қос қолын ұсына бердi. Жапар да қабаттаса амандасты.


— А-а, сендер екенсiңдер ғой. — Бөгделердi көрген бетте бiрден екпiндеген арыны басылғаны байқалды. —Талдықорғаннан iнiшектер «келемiз» деп әлгiнде телефон соғып едi... Үйге жүрiңдер.


— Беймезгiл уақытта мазаңызды алғанымызға кешiрiм өтiнемiн, — деп бастады Жапар, — аз ғана әңгiмемiз бар едi… Мен кiрiп шығайын, ол қала берсiн.


Бiлдей бiр сот төрағасының кiрiптар пенделердi «үйге жүрiңдер» дегенiне жүрегi тiптен елжiредi.


Нұрлан өзi бастады. Ауызғы үйге аяқтарын шешiп, келесi бөлмеге өттi де, баспалдақпен жоғары көтерiлдi. Көтерiле қалған жердегi шағындау бөлмеге жайғасты. Шалқақ диван, қос кресло, журналдық үстел қойылыпты. Төрдегi орынға үй иесi Жапарды өткiздi. Жапар уақыттың бiраз болып қалғанын топшылап, сөзбұйдаға салмай тоқ етерiн айтуды iштей ұйғара әңгiмесiн бастады.


— Аға, түнделетiп жүрген жүрiсiмiздiң мәнiсiн бiлiп отырған шығарсыз. Сапар сiзбен жолығысып, мән-жайдың шет-жағасын айтыпты.


— Иә, апамен де сөйлескенмiн.


— Ендеше мен сол кiсiнiң үлкен баласымын, өзiңiзбен бiр ауыз тiлдесейiн деп... Жетi түннiң iшiнде жатсынбай қарсы алғаныңызға көп-көп рахмет. Ақыл-кеңесiңiздi тыңдап, сол бойынша қам жасасақ па деген де ойымыз бар.


— Iнiңiз, «үлкен бауырым журналист» деп айтқан едi, Алматыда тұрасыз ғой?


— Иә. — Жапар басқа кәкүр-шүкiрге уақытты ысыраптамай, ойын әрмен қарай сабақтай бердi. — Тәңiрдiң жазуымен алдыңызға келiп, танысып жатырмыз, атым — Жапар.


— Менiң есiмiм — Нұрлан. — Үй иесi екенiн аңғартып, бiр жағы қошамет көрсетiп, қолын бiрiншi созды.


Жапар да орнынан атып тұрып, қос қолын ұсынып:


— Сiздiң атыңызға сырттай қанықпын, — дедi кiшiлiк iлтипатпен елгезектiк танытпағанына қызарақтап. — Әлдеқашан жолығатын жөнiм бар едi, бiрақ ретi бүгiн ғана түстi.


Осы кезде қырықтардағы етжеңдi әйел баспалдақтан көтерiлiп, бұлардың үстiне кiрдi. Жапар “сәлеметсiз бе” деп амандасты.


— Мынау жiгiт, — сөздi киiп, оң қолымен қонағын нұсқап, — Жапар дейтiн азамат. Журналист, Алматыдан келiп отыр, — дедi Нұрлан. — Ал, бұл кiсi, осы үйдiң иесi — Ғалия.


Соңғы ләмiн Жапарға қаратып айтты.


— Ғалия, бiзге бiр нәрсе реттеп жiбер.


— Жоқ, әуре болмаңыздар. — Мынандай қонақжайлылыққа Жапардың мүлде бәйегi шықты.


— Ештеңе жоқ, сонау Алматыдан арнайы… — Сөзiнiң соңын жұтып тоқтады.


— Рахмет, аға. — Жүнiске қатысты жайт жөнiнде төрешiнiң өз аузынан көкейiндегiсiн естуге құлқы құлап, Жапар iштей тызақтады. Бiрақ, сырттай ештеме бiлдiртпеуге тырысты. — Бiздiң ана бiр тентек iнiмiздiң мәселесi жанымызға батып барады. — Мейлiнше салмақты көрiнуге ұмтылып, әңгiменi байыпты бастады. — Оның кiлтi, Нұрлан аға, бiрiншi — құдай, екiншi — өзiңiздiң қолыңызда сияқты. Қойшының баласымыз, ешқандай сүйеушiмiз жоқ. Мектепте, жалпы, өмiрде оның ешбiр бұзақылығын көрмеп едiк, бiр сайтанның азғырғаны да… Жәрдемдесуiңiздi өтiнемiн. Бүгiн жәбiрленушiлердiң барлығының малын орнына қойдық.


Нұрлан томсара, бiраз ойланды.


— Жалғыз болса, көмектесу оңай едi. Құдай атқанда төртеу болып тұр ғой. Екi адамның басы бiрiккен iс, ұйымдасқан қылмыс деп танылады. — Шынында да бiрден ұйғарым жасауға айласын таппай, тығырыққа тiрелгендей халде сөйледi. — Әйтсе де жағдайларыңды ападан, маған бiр-екi рет соққан iнiңнен бiлiп жатырмын. Арандағанда осындай кем-кетiктiң балалары арандайды. Сондықтан көмектескiм-ақ келiп отыр, бiрақ, жасыратын несi бар, сендерге бұра тартып, iстi оңынан шешiп берсем, облыстық сот бiр жұмаға жеткiзбей, менiң шешiмiме қарсы қағаз жазуы әбден ықтимал.


Жапар аузына кiрiп кете жаздап, еңсесiн сала, әрбiр сөзiн мүлт жiбермей тыңдап қалыпты. Осы кезде үлкен подноспен оны-мұнысын көтерiп Ғалия да оралды. Күле сөйлеп, дастарханын жайғады. Әңгiме бiр уақ арнасынан ауытқыды.


Журналдық үстелдiң бетi лықа толды. Мойны қылқиған коньяк, айбынды ақ арақ және вино қаһарман сарбаздардай сап түзептi. Үлкен аққұманға шайды бiрден демдеп әкелгенге ұқсайды.


— Қайсыдан құяйын? — дедi Нұрлан iшiмдiкке ұмсынып.


— Коньяктан. — Әдейi ақсүйектiктiң нышанын аңғартуға тырысты.


Бiрiншi алдына сүт қатқан шай келдi. Сосын белi үзiлiп кете жаздап тұрған рюмка қонақтады.


— Ал, Жапар, мынаны таныстық үшiн…


— Рахмет, бақытты болыңыздар!


Екеуi де ерiндерiн тигiзiп, бiр-бiр ұрттап қойды.


— Содан, — Нұрлан әлгiнде үзiлген әңгiмесiн сабақтауға ниет бiлдiрдi.


— Иә…


— Солай мәселенi айыпталушының пайдасына шешiп жiберсем, олар ешқандай ойланбастан менi бiр қомақты дүниеге кекiреледi деп қорытады. Ондай айыпкердi қорғаған сот шешiмiнiң соңынан, небiр заңгер сарапшылардың процестi талдап, зерттеген қорытындылары қаптап кетедi. Әрине, оның бәрiн ұйымдастыратын — жоғары тұрған инстанция. Жалпы, шығарылған кез-келген сот үкiмi он күннiң iшiнде қайта екшеле қаралып, осы ұйғарымды күшiнде қалдыру керек пе, керек емес пе деген мiндеттi түрдегi iлеспе құжаттармен толығады. Онысыз болмайды, белгiленген тәртiп солай. Сондықтан, бұл жерде менiң қолым адал болса да, әлгiндей қаулы алсам жоғары жаққа дүниенi бөлiспей, жалғыз қымқырғандай көрiнемiн. Содан кейiн маған деген көзқарас өзгере бастайды. Жұмыстағы сүйкiмсiздiк кiмге қажет?


Төрешi жанарын Жапардың көзiне қадап, мелшиiп қалды. Ет жеңдi денесi сәл лықсып, алдыға жылжыпты. Сол ұмсынған қалпы бұдан мақұлдау күтетiндей. Бiрақ, жай-жапсарды еш кiнәратсыз түсiнген мейманының мойнына су кетiп, жан-дүниесi қалтырады. Бәлкiм содан, ләм деп аузын ашуға мұршасы жетпедi. Әйткенмен, жынды адамдай аңырған қалпы үй иесiнен назарын тайдыра қоймады. Отағасы қонағының мына ұсқынынан иiс алмастықты аңғарды ма, креслосына шалқалады да:


— Иә, бiздiң жүйенiң сүйегiне әбден сiңiстi стереотип, ең жаман психологиялық әдет-ғұрып осы, — деп, бiр тiлiм нанға сары майдың үстiнен жағылған қара икраны көмейлетiп жiбердi.


— Нұрлан аға, бұл айтып отырғаныңыз әбден орынды. Ептеп өмiр көрдiк, ненiң не екенiн түсiнетiн халге жеттiк. Жоғары жаққа сiздiң де бетiңiз ашық, өзiңiзге алғысымызды жаудырып бiз де риза болып аттанатын бiр оңтайлы мәмiлеге келейiк.


— Өткеннен берi топшылағанмын, — аузы қомпаңдап, шайнаңдаған күйi бiр әңгiменiң шетiн шығарды, — әрқайсысынан 500-ден жинатсақ, iстi дұрыс бiтiруге жарайды.


Жапардың жүрегi май iшкендей аузына құйылды. Өйткенi, бiрiгу жөнiндегi мәселенi бұл да өз араларында көтерген. Сөйтсе, iстi болған өңге үшеуiнiң бiрi — шешеден өлiдей, әкеден тiрiдей айырылған. Әкесiнiң өзi темiр тор мен тас қапастың ар жағына барып әлдеқашан тұрақ тапса керек. Дәл осы кезде — тұлдыр жетiм. Екiншiсiнiң әке-шешесi — сүйегi қаудырлаған шал мен кемпiр екен. «Сотталмақ түгiлi өлiп қалса да беретiн соқыр тиынымыз жоқ» дептi. Үшiншiсi — өздерiнiң туыстары. Ол да бiр шығаннан шығып, әке-шешесiн әбден запыс жасаған. Балаларына көңiлдерi онша жiби қоймайды.


Осы жағдайды бiлетiндiктен, көкiрегi сыздай жөнелдi. Ендi қу бауырға бола барлығы үшiн күюлерiне тура келедi. Бұл тұста саудаласу тағы да ретсiз. Туған бауырының тағдыры талқыға түсiп отыр.


Өз ойымен өзi арпалысып, Жапар сәл үндемей қалса керек, төрешiнiң сөзiнен есiн жинай қойды.


— Мұндай ұйымдасқан қылмысқа ондай ақша түк те емес… Мен iстi қолыма ендi алдым. Әлi бiр айдай дұрыстап, сараптай отырып талдаймын. Ол шаруаны сол кезде ұйымдастырарсыңдар. Кел, кәне, алып жiберелiк.


Хрусталь рюмькалар мұның кейпiн келемеждегендей сыңғыр қақты.


— Сонда қандай жаза бермекшiсiз?


Коньякты бiр ұрттады да оның уытынан қақалып қалғандай демiн шығармай арқалыққа шалқалай бердi. Ерiнiн жымқырып, ойланған сыңайда сәл бөгелдi.


— Үшеуiне екi жылдан шартты түрде кесемiн де, бiреуiн алты ай химияға жiберген жөн-ау деп ойлаймын. Айттым ғой iстi қолыма ендi алдым. Бiрақ нобайы маған белгiлi, сондықтан осындай ұйғарымға тоқталатын шығармыз деп топшылаймын.


«Неге?» деген сауалды қонағының жанарынан байқаса керек, бөгелiп барып, сәл үзiлiстен кейiн қайта сөзiн сабақтады.


— Өйткенi, төртiншiсi — бұрын да бiр мәрте сотталып, айыбын шартты түрде өтеген екен.


— Ол, үкiм шығарылғаннан кейiнгi тиiстi он күннiң iшiнде, «ана үшеуiне неге шартты түрде жыл кеседi» деп, бәленi бастап жүрмей ме?


— Шығармайтын шығар, — жымсық көздерi сығырая Жапарға үңiлдi, — ендi ол жағын онымен өздерiң сөйлесулерiң керек.


Күлкiлдi бәленi төрешi көкейiне тақап қойғаннан кейiн Жапар амалсыз тiлiн тiстеп, дiңкесi құрыды. Тағы да ойын үй иесiнiң сөзi бөлдi.


— Айтқандайын, прокурордың да алдынан өтiңдер. Мен оған шет жағасын айтып, сыр аңғартармын.


— Ол кiсiге мөлшерi қанша берелiк?


— 500.


Жапардың арқасынан сұп-суық тер бұрқ ете қалды. Әйтсе де iшкi әбiржуiн сыртқа бiлдiртпеуге тырысып бақты.


— Сотқа қорғаушы жалдау керек пе?


— Қорғаушыны жалдасаңдар да, жалдамасаңдар да өздерiң бiлiңдер, кесiмдi шығаратын мен ғой. — Үйелменiмен бұған төнiп, үдiрейе қарады.


— Сасқан үйрек артымен жүзедiнiң кебiмен, өзiңiзбен сөйлескенге дейiн онымен бәтуәласып қойып едiк. — Жiгiттiң мына кесiмдi уәжге айтары таусылып, ақтала қипыжықтай тiл қатты.


— Олай болса, бiрiншi күнгi процеске қатыссын, келесi күндерге «қаламақыға ақшамыз жоқ» деп, рахмет айтып, сыпайы ғана шығарып салыңдар.


— Мақұл, Нұреке, — Жапар бас изеп, қабырғадағы тiлi қалмақтың найзасындай сойдиған абажадай сағатқа қарады, сосын төрешiге қайтадан назарын тоқтатты. — Өзiңiзбен жүзбе-жүз сөйлесiп, бiр жеңiлдеп қалдым. Түннiң бейсауат уағы болса да жатсынбай жылы қабылдағаныңызға рахмет. Ендi бiр өтiнiшiм бар.


— Айт.


— Ертең тамақ апарайық деп едiк…


— Жарайды, таңертең келiңдер, рұқсат бергiзейiн.


— Рахмет.


Нұрлан етжеңдi денесiн сүйрете орнынан көтерiле берiп:


— Содан кейiн ұмытпай тұрғанда ескертейiн, — деп, сылқ түсiп қайтадан креслосына отыра кеттi, әйткенмен оң қолы шошаңдап жоғары ұмсынды, — жәбiрленушiлердiң барлығынан сотқа жазған керi өтiнiштерiн алып, маған тапсырыңдар.


— Мақұл. Сiзге көп-көп рахмет. Бала-шағаңыздың қызығын көрiңiз. Рұқсат болса, жүрейiн.


— Мен сенi иттен өткiзiп жiберейiн.


Екеуi тысқа беттедi. Әуелгiдей аулада шам самаладай жарқырайды. Табалдырықтан сыртқа аттаған мұны көргенде, тайыншадай қызыл ит шынжырын сылдырлатып атып түрегелдi. Бөгде адамның өкшесiн баса шыққан иесiн байқап, бiр арс етiп қалт бөгелдi.


— Жат тыныш, Симон.


Нұрлан зiлсiз жекiдi.


Аңғарлы неме, уыттанып барып әупи халге түсе қалды. Бағана есi-дертi басқада болып, ит жаққа тiптi назар да аудармапты. Ендi оған көз тоқтатып қарап, шынжырды үзсе адам жейтiн нағыз сойқан абылаңқы екенiн ұғынды.


— Жарайды, Нұрлан аға, сау болып тұрыңыз. Рахмет! Әлi талай келемiз.


— Келiңдер.


— Жақсы.


Сапар да бұл кезде машинадан шығып, қастарына таянған. Ағайынды екеуi төрешiнiң қолын кезекпе-кезек алып, асқан бiр ықыластылықпен қоштасты. Сосын көлiктерiне қарай бұрылды.


VI


Түн самаладай жарқырап, өзiне ғана тән қаракөк бояуға малына шомылған. Әуедегi жұлдыздар жыпырлап, қазiр бiрiнен кейiн бiрi шолпылдай Жапардың кеудесiндегi ой-мұхитына таматындай.


Ол ауыр күрсiндi. Онысын өзi де аңдамады. Тағы да ұшы-қиыры жоқ уайым, жапа шаңғытып мұны иiрiмiне тартып әкетiп барады.


Өмiр-бақи мал сүмесiне қарап өткен әкесiнiң атын алты алашқа таныту, кiшкентай кезiнен көкейiне түйген ең аяулы арманы едi. Соны мақсат етiп, қажығанда қайрат етiп, өзiн-өзi сүйреп келедi. Сондай пиғылдың тарыдай ғана нышаны iнiлерiнен табылмағанына қарыны ашады. «Не үшiн еркек кiндiктi болып дүниеге келiп, әлдекiмнiң өренiмiн» деп өмiр сүрмек? Өз басы өзi үшiн өмiр сүрмейдi — әкесi үшiн өмiр сүруге, оның есесi кеткен талай жеңiлiстерiнiң орнын толтыруға әбден бел шешiп кiрiскен. Соған бiржола пейiлi ауған. Бiрақ, үлкен мұратқа ниет қою бiр басқа да, көңiлге алған iстiң өмiрдегi көрiнiсi мүлде өзгеше. Сол әке, сол шешеден туған балалар мұның ойлағанын ойлап, қиялдағанын армандамайды. Ата-бабасының кеткен есесiн, олар сол кездегi заман мен уақыттың кiнәратынан деп топшылайтындай. Ал, өздерiнiң өмiрi сәндi болса жетiп жатыр. Ақшалары — бар, киiмдерi — бүтiн, осыны мiсе тұтады. Бiрақ, сөйтiп жүрiп, әлдекiмдердiң жетегiне iлесiп, тiлiн жоғалтып, мұңын жоғалтуын еш екшемейдi. Қоңыз тiрлiктегi бiр күндiк тоқтығын — төрт құбыласының теңдiгi деп есептейдi. Қысқасы, қаперiнде саңылауы жоқ қотиынға айналған. Сондықтан да оларға әке арманы — өмiрлiк азық, шеше назасы — мәңгiлiк қуат бола алмайды. Сон-о-оу бiр жылдағы жастардың қақаған аяздан қаймықпай, тағдырдың жазғанына қарсы шығуы — осыны мықтап түсiнгендiктен шығар…


Тағы да ауыр күрсiндi. Машинаның панелiнде жатқан сигаретке ерiксiз қолы жүгiрдi. Темекiнi тұтатып, көк түтiндi құшырлана сорғанда, сарайы саңғырап ашылып салғандай көрiндi.


*** *** ***


…Аумағы қозы көш алаңды сыбсыңдаған сөздей сумаңдаған майда бұрқасын әрәдiк тұстан ирелеңдей тiлiп өтедi. Үрiккен киiктiң соңындағы шаңдай бозамықтана көтерiлiп барып, қайта жер бауырлайды. Немесе бақсының жынындай шырқ үйiрiлiп шиырланған күйi бiртiн-бiртiн көмескiлене жоғалады. Елеусiз ғана ескен леп әбжыландай ирелеңдегенiмен күн жарықтық шажырқайдың безiндей шақыраяды. Бiрақ, бұлт шарбысына бүркемеленбей ақ сәулесiн аяусыз шашса да, ешқандай жылусыз. Қайта әппақ нұр сияқтандырып бiрыңғай ызғар сеуiп тұрған сыңайлы. Аңғарған жанға бар сырын артына сақтап iшiне бүккендей, шамырқанған мiнезбен жанарынан от шаша сұсты күйi сұлқ қалған. Бiр кездерде барып жарықтықтың, абайсыз тасқа түскен сұлудың қолындағы шар айнадай шырт етiп сынып, күл парша болатынын ешкiм бiлген жоқ.


Уақыт әлi ертерек, таңертеңгiлiк мезгiл едi. Ары-берi шаруа қамымен өткен пенде болмаса, адам қаралдысы сирек. Әйткенмен, адамнан бұрын алаңды ызғарға iсiнiп-кеуiп, құтырған үскiрiк-құйын кезiп жүрген. Зымияндықпен iшiн тарта күлетiндей. Есiрiк желдi ес көре тозаңыта буырқанып, қытымырлана жер бауырлайды. Сәлден соң қайтадан ирелеңдей жөнеледi. Құдды бiр көзге көрiнбей арлы-берлi шайтандар шапқылап, қиғылықты салатындай-ақ.


Алайда қадау-қадау iрiктелген жастар бой жазып, сейiл құрғандай көңiлдi-тiн. Соңғы кезде iлгерi кеткен өркениеттiң «озықтығынан» туған тiлiнде ұғынысу ар көрiнгенiмен бұлар ұлы да, қызы да барлығы жылмай қазақша сөйлейдi. Көбiсi бойжеткендер. Әрi, әлгiлердiң беймезгiл уақытта шоғырлануы көлденең көздi ерiксiз өзiне аударды. «Е-е, оперативтi комсомол дружинасы шығар, ешкiмге керегi жоқ әлдеқандай бастамамен суық күнде сенделген» деген де ойға жетелейдi. Әйтпесе мынандай шыңылтырда жайдақ жауырдай теп-тегiс алаң ит байласа тұратын жер емес. Соған қарамай қысырақтың үйiрiндей топ ары да, берi де ығысады. Ызғарды елемей даурығыса әңгiме айтады, ара-тұра күледi.


Сыртқа көңiлдi көрiнгенiмен көкейлерiнде жауап таппай аласұрған сауалдар мен iштей қобалжытқан елегiзу бар едi.


— Жiгiттер! Қыздар! Мен бiлсем отаны үшiн от кешетiн азаматтар қазiр осында жиналады. — Аққұба кескiндi, шашын артына қайырған сидаң жiгiт сенiмдi түрде нық тiл қатты. — Көпшiлiктiң басы бiрiккен соң, бiздiң үнiмiз ерiксiз түрде дөкейлердiң құлағына жетедi. — Өңiрi ашық. Мойнына салған шалғысының ұшын жел қақты. Аузынан будақ-будақ бозамықтанған бу атқылады.


— Ал, басы бiрiкпесе ше? — Бидай өңдi қызыл курткалы қыз көкейiндегi күлкiлдi күмәнiн жасырмады. — Ондай жағдайда мына кейпiмiз — сыпсыңдығынан отарды тастап бөлiнiп, өз беттерiнше таулы жақпарға өрмелей лағатын ыңғай ешкiнiң кейпi сияқты болып шығады.


— Жиналады! Жиналатын себебi, қазақтың қазақ деп тарихта танылғаны қай заман? Соншама соқтықпалы, соқпалы тағдыры бар елдiң бiр ауыз ләмге жарамағаны ма? — Қараторы жүздi орта бойлы жiгiт екiлене үн қатты. — Оның үстiне дәл бүгiн, тағы да тағдыры талқыға түсiп тұр. Менiңше, бұған кез-келген адам селқос қарай алмайды.


Жаяу бұрқасын алаңға үйiрiлген жастардың тобығын айналсоқтап, тәйкүшiктенген бұралқыдай жылмаң қақты. Оның жетегiне iлескен сусыл елiгiп барып басылады.


— Әне, келе жатыр! — дедi ұзын бұрымды бойжеткен Байсейiтова көшесiн қолымен сiлтеп. Тiп-тiк бiткен аққайыңның шыбығындай талдырмаш денесi сүдiнiн сұлуландырып көрсетедi. Суықтың сорғандығынан ба, екi бетi қып-қызыл алмадай. — Мен Республикам үшiн жанымды аямаймын. Осындай сезiм әрбiр отандастарымда бар шығар деп ойлаймын.


Бәрi Байсейiтова көшесiне қарай жалт қарасты. Өздерi сияқты он шақты жастар қарыштай басып келе жатты. Сосын сәлден кейiн Фурманов көшесi жағынан да айтшылаған елдей шұбырған бiр шоғыр көрiндi. Елеусiз күйi үштен, төрттен топқа қосылғандары қаншама.


Бұл — кешегi, Қазақстан Коммунистiк партиясы Орталық Комитетiнiң Пленумындағы шешiмге разы емес жандардың алаңдағы бас қосуы едi. Төтеннен тосын қадамдарға барулары — соңғы жылдардағы қайта құрудың ықпалымен жиi айтылып, санаға сiңiстi бола бастаған “демократия” деген сөздiң ықпалы. Демократияның қаншалықты шынайы қорғашталғанына ешкiм есеп берiп, тереңiрек үңiлмедi. Үлкен мiнберден сөйлеген қасқа бас дөкейлердiң жариялылықты құр ғана тiлге тиек, сөзге дәйек еткенiн жалпы жұрт мейлiнше ұғынып үлгермедi. Оның үстiне теледидар да саяси психология тұрғысынан дамыған шетелдердегi бейбiт түрде өтетiн қоғамдық наразылықтарды дүркiн-дүркiн көрсете бастаған. Осының бәрi албырт та аңғал жастардың көкейiнде сол күйi болаттай берiк, тортасы айырылмас тоталитарлық жүйеге бiр күнде көшiп келе қалғандай көрiнсе керек. Шеп құрып бейбiт түрде наразылық шеруiн өткiзсе, ешқандай тосқауылға ұшырамайтындай түйсiндi. Бәлкiм, сондықтан жүрек түкпiрiнде қылаудай секемалдық селкеуленбедi.


Күн тырбынып төбеге өрмелеген сайын жұрт ағылып, ұйлыққан көпшiлiкке үстiн-үстiн қосыла бердi. Бiр сәт Космонавтар жағынан Сәтбаев көшесiнiң кенерiне сыймай адуынды да дүлей топ жөңкiле түйдектелдi. Көк аспанда түйiлген қара бұлтша будақ-будақ. Жолындағының бәрiн жайпап өтетiндей. Бұлт артынан нөсер жауатынындай, олардың соңынан iзiнше астаң-кестең бiр нәрсе болатындай әсер қалдырды. Бұлардың басқа, бұрын жеткен лектен айырмашылығы қолдарына көтерiп алған ұраншыл әлем-жәлемдерi де бар. Кәдiмгi кеңес одағының қызыл туын да желбiретiп, асқақтата әуелетедi.


Кенет, осы тұста сап етiп қайдан шыға келгенi белгiсiз, милициялардың бес-алты ППМ қорапты машиналары Сәтбаев көшесiн бiтеп, Мирдiң бойымен iркес-тiркес тiзiле тоқтады. Қапияда әлгi тарпаң да адуынды лек мына кедергiден өте алмай қалатындай алаңдағылар алағызды. Және бұл бiтеу машиналардың әрекетi билiк тарапынан жасалған алғашқы кедергi едi. Осының өзi ашуына iсiнiп-кебiнген шерушiлердiң маңдайын тырыстыра шытынтты. Бiрақ, сап етiп аяқ асты қалай шыға келсе, дәл солай әлгi машиналар күтпеген тұстан алған бағытына қарай жылжып кеттi. Екi жақтағы тасыған өзендей толқыған халық ұлы жiңгiр қаланы тiтiренткен күйi ұйлығысқан қалпы былықты да жөнелдi. Болар-болмас тосқауылға бойларында қаны ойнап, одан әрмен ширыға түстi. Осы тұста мегафонның саңқылдаған үнi де қуат алып бара жатты. Бiр кезде елдiң азаматтары қызыл мерекелерде сәнiмен халыққа қолын бұлғап өкiмет адамдары тұратын асқақ мiнберден табылды.


— «Бас кеспек болса да, тiл кеспек жоқ» деген халқымыздың әрқашан шындықты тура айтқан жасампаз қасиетi ұмытылып барып, бүгiнгi жариялылықпен қайта оралып отыр. Тiзгiндi ұстаған ата-бабаларымыз «құлға да бiр ауыз сөз» деп, құлақ кестi құлдың да пiкiрiн тыңдаудан, тиянақтылық тапса кәдеге жаратудан тайынбаған. Бiз оның қасында елмiз, жұртпыз. Атқа мiнерлерге айтар сөзiмiз бар. Елдiң тұтқасы ел перзенттерiне тиесiлi. Келiмсектiң көсемдiк танытқанына келiспеймiз.


— Қазақстан жасасын!


— Қазақ елi жасасын!


Сөйлеушiнiң сөзiн алаңдағы жұрт ұранмен iлiп әкеттi.


Ашуға ма, әлде бәленбай жылғы езгiге ме, әйтеуiр намысқа булыққан жастар бiр уақтарда буырқандыра ән бастады.


«Менiң елiм, менiң жерiм,


Гүлiң болып егiлемiн.


Алматының аспаны әлеуеттi үннен құлағы тұнғандай тас меңiреуге айналды.


Жырың болып төгiлемiн, елiм,


Туған жерiм менiң — Қазақстаным!»


Ән аяқталысымен ду қол шапалақтанды. «Ура-а!» деген айқай үдемелендi. Жұрт бiразға шейiн жер сiлкiнгендей гүрiлдеп, ширыққан толқыныстан басыла алмай тербелiске ендi.


Тағы да халық перзенттерi жандары шырқырай бірезу, өктемшіл басшылардан жалбарына әдiлдiктi сұрады. Ешкiм қарақан басының қадiрiн арттырып, ұпай алып қалуы үшiн сөз сөйлемедi. Шымбайына батқан мәселенi ғана көтерiп, жүрек түкпiрiндегiсiн қылаусыз ақтарды. Бәрiнiң ой-ниетi қазақ елiн неге қазақ басшысы басқармайды дегенге сайды.


Кiмнiң есiне келгенiн қайдам, дәл осы кезде қазақ халқының қасiретi мен мұң-зарын тербейтiн «Елiм-ай» әнi егiлте созылсын. Тауы шағылып, емешегi езiлген қалың жұрт көмекейiне тығылған өксiгiн баса алмайды. Ән құдiретiнен еңселi ақ үйлер де, мәуелi шыршалар да бiр сәт иiндерi салбырап, тоңтерiс күй кешкендей. Әлдекiмге өкпелi сияқты, тағдырына налитындай қоңырқай бiр көрiнiстiң кескiнiне енген.


«Қара таудың басынан көш келедi,


Көшкен сайын бiр тайлақ бос келедi, ай-й-й, елім-ай.


Қарындастан айрылған жаман екен,


Екi көзге мөлтiлдеп жас келедi, ай-й-й, елім-ай».


Осы өлеңнiң жолдарын бүгiн тұңғыш рет естiгендей Жапардың жан дүниесi астаң-кестең қопарылып, бөлек толғанысқа батты. Қазақтың жаны қыстыққанда көкiрегiн жарып шығатын аһ ұрған жалынды әннiң ең бiрiншiсі «Елiм-ай» болатыны нелiктен? Әлде халықтың ес-жадысында мәңгiлiк сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа қан арқылы берiле ме екен? Бiрақ, ән жолдарында неге «ел» сөзi ұшыраспай ең бiрiншi ауызға «қарындас» сөзi iлiгедi деп албарды. Осының кез-келген пенде түсiне алмас бiр сиқырлы құпиясы бар сияқты.


Сосын жан-жағына барлай назарын жүгiрттi. Иiн-тiрескен жұрттың арасында бөрiктiге қарағанда әйел заты басым сияқты. Әмбе олардың денi өзiнен жасы кiшi тәрiздi көрiндi. Он жетi, он сегiздiң балаң да пәк кескiнi қыздардың алабұртқан дидарынан айқын бiлiнетiн. Бiр сәт барлығы жақын қарындасындай көзiне жылыұшырады. Iштей «қарындас…» деп бiр қойды. «Қарындастан айырылған жаман екен…» Сонда атам заман, ақ иректегi өлшем бойынша өмiрдегi ең аяулы жан қарындас болғаны ма? Халқымыз шаңыраққа ие болатын ұл деп көпсiткенiмен, қарындасқа келгенде шығарға жаны басқа. Тiптi, құдай жолына апаратын иманды да қасиеттi ұғымның өзiн «дiн қарындас» дейдi. «Ауру — астан, дау — қарындастан» дегенде, дiндi меңзеп тұрған жоқ па екен деп те таңданасың. Қарындастай пәк, ештемемен бүлiнбеген дiндi әлдекiмдер арам пиғылмен ластамаққа ұмтылса, әрине дау шықпай тұрмайды. Өйткенi дiн — халықтың болмыс-бiтiмi, тiнi мен дiлi. Соған бiреу қол салса қалай қарап тұра алсын.


Яғни, қарындас сөзi кiршiксiз пәктiктiң, адалдықтың, турашылдықтың, имандылықтың, риясыздықтың баламасы-ау шамасы. Ақыры ойының ұштығын таба алмай аңырды.


Гу-гу еткен қара нөпiрдiң ортасында жападан-жалғыз өз ойымен қалып қойыпты.


— Құдай-ау, әлемде аумағының үлкендiгiнен тоғызыншы орынды алатын кең байтақ Қазақстанды бiр ауданның ауқымынан асар-аспас автономия құрлы көрмегенi ме? Бұл қай басынғандық?!


— Ақыл-естен айырып, орыстандырып бiттi ғой. Ендi немiз қалды?


— Қазақ меньшинствосы болашығының құрып бара жатқанын көре тұрып, өмiр бақи орыс большинствосына бағынып өтуi керек пе?!


— Лениннiң ұлттар саясаты қайда? Ана тiлiмiздi неге жоғалтып барамыз? Адамзат ретiнде бүгiн құқымызды қорғап қалмасақ, тамырымызға бiржола балтаның шабылғаны.


Осы тектес арыз-шағымға толы зар-мұңын ашына айқайлаған дауыстан құлағы тұнды. Жапар адуынды айқайдан бәленбай жылдар мақсатты түрде жүргiзiлген орыс оккупациясына нақты қарсылықты, қызылдар жасаған колонизацияны тас-талқан жасауға ұмтылушылықты, жаппай орыстандырушылыққа мызғымай қарсы тұрушылықты анық аңғарды. Осыны жан дүниесiмен түсiнгендiктен, қылышынан қан тамған қызыл идеологияға дауыс көтермек түгiлi тiктеп қарауға жүрек дауаламайтын тұста бауырларының мына көзсiз батырлығына арқасы шымырлады. «Әй, бiр бәлеге ұрынып кетпесе…» деп, iштей қобалжыды.


VII


Төрешiнiң үйiнен ол жеңiп те, жеңiлiп те шықты. Жеңгенi — сот жүйесiндегi құрылымдық бөлiмшелерде төменгiсiнен жоғарғысы үнемi ақша алып дағдыланғанын бiлдi. Тек оны дағдыға ғана айналдырмай, тайынбай талап ететiнiне көзi әбден жеттi. Әлбетте, дәнiккеннен құныққан жаман. Ұлт, халық мүддесiнiң мәселесi шешiлетiн болса да олар бiр-бiрiне «құрғақ қасық ауыз жыртады» деп, құлқыны құрып жалтақтай қарайтын тәрiздi.


Жеңiлгенi — көзi ашық, көкiрегi ояу қалпы сол арам айналымдағы қаржыға өзiнiң де үлес қосуға уәде байласқаны. Тiптi, құлшына отырып келiстi. Кiм үшiн? Бiр кiндiктен өрiп шыққан туған бауыры үшiн. Онсыз да жаман Атамқұлдың тегi, қылмыстылардың аты-жөнi жазылатын қағазға түспеуi үшiн. Әке атын қорғау жолындағы күрестiң бұл да бiр түрi сияқты көрiндi. Дәп бүгiн оның ең оңтайлы жол екенiн әрiден түсiндi.


Уақыт беймезгiлдiкке ойысса да, үйдегi кiшкентайлардан басқалары кiрпiк қақпай күтiп отыр екен. Барлығы әлдебiр жақсылықтан үмiттенетiндей бұларға телмiре көздерiн сатады. Әсiресе, шешелерi, табалдырықтан аттаған екi ұлының жүзiне базаршылаған адамнан бiрдеме дәметкен баладай жаутаң-жаутаң қарай бередi. Бiр ауыз ләмдi соншама азаппен сарыла күткенi өз алдына, ендi, жай-жапсарды бiлуге кеткендер келгеннен кейiн де ауыздарына су құйғандай үндемей сарсаң күй кешiргенiне iштей шыдамсыздана, күйгелектенетіндей.


Жапар шешесiнiң осы халiн айна қатесiз аңғарса да, әлгiндегi шартты орындауға мүмкiндiгi келе ме, келмей ме соған миы жетпей дал болып, әңгiменi неден бастарын бiлмедi. «Соншама ақшаны қайдан табамыз деп ана байқұс тiптен таусылып кете ме» деп қорықты. Әйтсе де, «жолыға алдыңдар ма?» деген оның сауалы сөйлемеске мұршасын қоймады.


— Жолықтық. — Сөзiн құлықсыздау, салы суға кете бастады. — Иман жүздi адам екен. Тамақ апаруларыңа рұқсат беремiн, таңертең кеңсеге келiңдер дедi.


— Е-е, бәсе, жаман адам емес, алдына барғанымда «апалап» өлiп қала жаздап тұрады. Кiсiлiгi бар.


Шешесiнiң Нұрланның қол-аяғын жерге тигiзбей мақтай жөнелгенiне Жапар болмашы езу тартты. Ана байқұстың соншама баладай аңғалдығына күлдi.


Машинаны жайғап, соңын ала кiрген шопырға:


— Төрлет, балам, осының бәрi сенiң арқаң, көлiксiз жаяулап не тындыра алмақ адам? — деп, оған дән ризалығын бiлдiрдi. — Ал, ендi, соттың қорытындысын қалай жасамақ ойы бар екен? —Дудырай қобыраған самай шашын реттеп, орамалын қайта тартты да мұғалiмдi тыңдаған ұқыпты баладай мұның аузына қарады.


— Құтқарамын дейдi, тәте. Бiрақ, бiз сұрағанын тауып бере аламыз ба, бере алмаймыз ба, бiлмеймiн.


— Сонда не сұрап отыр? — Өңi лезде жаңағы жайдарылығынан айырылып, тiксiнген адамның кейпiне ендi.


— Екi жарым мың доллар.


— Ол әлгi Әмриканың ақшасы ма?


— Иә.


— Ол сонда бiздiң ақшамен қанша?


— Көп… — Жапар жанарымен жер шұқыды. Нұрғаным ұлының шарасыздықтың қамалына тұтылып, қаракет жасауға айласы таусылып, аңырып тұрғанын түсiндi. Сондықтан тақымдай бермей, сырт айналып кеттi. Осы кезде «шай дайын» деген келiннiң де даусы естiлдi.


— Шай iшпеймiн, ұйықтаймын. — Сапар түпкi бөлмеге бет алды. Оған Қайрат қосылды.


— Менiң де мұршам жоқ, лажы болса жатқаным дұрыс.


— Әбден қажыдың, жата ғой, балам, төсек салулы.


Түннiң жарымында әбiгерленiп дастархан жасаған келiнiнiң ниетiн аяққа басқысы келмей, Жапар шешесiнiң соңынан ас үйге беттедi. Шай үстiнде бiр байқағаны, төрешiмен болған әңгiменi естiген үй-iшi мәре-сәре қалыпқа енгендей. Әсiресе, Нұрғанымның маңдайындағы әжiмдерi жазылып, көзiне нұр жүгiргендей көрiндi.


— Ертең жарығыма тамақ апарып берсек, ар жағында құдай сәтiн салса аз ғана қалған шығар, еркiн күнге де жетер.


Жапардың тамағынан бiр ұрттам шай әзер өттi.


VIII


Уақыт жылжыған сайын Жапардың мазасы қаша бердi. Сот процесi басталатын мезет таяу, бiрақ өзiнiң айтқан уәдесiн орындай қоятын, уысына ештеме түспей тұр. Ол бәленi қайдан алатынын да бiлмей сансырады. Оның үстiне қым-қуыт жұмыс, ештемеге илiктiретiн көрiнбейдi. Сол баяғы өкiмет тарапынан елден купон жинауға берiлген уақыт қысып, инвестициялық жекешелендiру қорлары осы аралықта мейлiнше көбiрек қарманып қалғысы бар. Сондықтан оның әрбiр қызметкерлерiне жүктелген мiндет те, қойылған мақсат та — бұқараны түрлi жағымды құлақтандыру арқылы өздерiне қарай тарту. Қысқасы, сенiмдерiне кiру. Ол сенiм — елдiң iшiнде жүрмесе, қағаз жүзiндегi құрғақ сөзден орнамайтыны да айқын. Халық ең тиiмдi деген мекемелердiң акцияларын, өздерiнiң купондарына сатып алатындармен көзбе-көз жолығысқанды қалайды. Жолығысқан күнде де әбден аузы күйген жұртты иландыра қою қиынның-қиыны. Сондықтан кейде, жанын жалдап қанша шабылса да, құр зая сенделiске ұшырайды.


Бәрiнен қажыды. Есi-дертi жұмысқа емес, мүлде басқа нәрсеге ауған. Қалай Жүсiптi құтқарып алу керектiгi жатса да, тұрса да ойында.


Осылай бейшара халде жүргенiнде арадағы бiр ай зымырап өте шықты. Ауылмен хабарласып едi, соттың бiр жұмадан кейiн басталатынын естiдi. Сосын, лажсыз қалталы деген бiр-екi жiгiтке соқты. Бәрi жылы қарсы алып, сыпайы ұзатып салды. Бұдан кейiн мүлде тынысы тарыла түстi. «Не істеу керек?» деген сұрақ буындырып, аласұрғызып барады. Басын тауға да соқты, тасқа да соқты. Бiрақ, немере бауыры Сүлейменге бара алмады. Ол әке-шешесiмен қосып, бiрнеше ағайынды Алматыға көшiрiп әкеп жатыр едi. Барлығының үй-жайын да жалғыз өзi шештi. Бәрiн көрiп, бiлiп тұрып буынсыз жерге қалай пышақ ұрарсың?


Әбден шарасы таусылғандықтан ежелгi бiр досына баруға бел байлады. Ол дүние төңкерiлiп кетсе де жетi атасынан берi дәулетiнiң қоры үзiлмей келе жатқан, баяғыдан бай-тұғын. Қазiр мүлде дүниенi суша сапырады. Кiм-көрiнгендi жанына шендестiре қоймайтын тәкәппар. Ендi қу бауыр үшiн, именшектенсе де соған кiрiптар болудан арланбады. Шегiнерге жерi қалмағандықтан беттiң арын белге түйiп, тартты.


Жол бойы тозақтың отына бiрнеше түсiп, бiрнеше шықты. Сөздi неден бастап, неден қоярын iштей топшылауға тырысты. Бiрақ, ойы бiр жүйеге келмей, пышырай бередi. Әбден әтүйiрi қашты. Бiр кезде «бармай-ақ қойсам қайтедi» деген де пиғыл санасына тықпаланды. Кенет, көз алдына әбден уайым мүжiп, реңiне қасiрет iркiлген шешесiнiң бейнесi елестедi. Аяныштан жүрегi солқ етiп соғып, көкiрегi шымырлады. Сол-ақ екен омырауына құлаған басын тез көтерiп ала қойды. Тұғырында отыра-отыра әбден мезiсi қашып, әлден уақытта дүр сiлкiнетiн қырандай, жалма-жан жан-жағына қарады. Екi қапталында қабат-қабат үйлер, ары-берi ағылған адамдар.


Машина Достық даңғылымен жоғары өрлеп барады екен.


Үлкен үш қабатты үйдiң дуалының аузына кеп тоқтады. Үй емес кесене тәрiздi. Мәрмәрмен әспеттелген дарбазаның өзi сынған сағыңды одан сайын талқандап, мысыңды басады. Алтын жалатқан қақпалары аңылжытып, ақылыңды алады. Ал хан ордасына бергiсiз зәулiм ғимаратқа қарауға көз именедi.


Жапар машинадан түскеннен кейiн сәл-пәл бөгелiс тапты. Бүгежектегенiн сырт көзге бiлдiртпеуге тырысып, басын жоғары, кеудесiн тiк ұстауға талпынды. Сосын алдыға адымдай жөнелдi. Мәссаған, ауланың iшi мүлде ертегi елiнен айнымайды. Бiрақ, оған көзқұмарлығымен қадала қарауға нәпсiсiн тежеп, жiбермедi. Асфальт төселген жолақшамен тура кiрер есiкке беттедi. Бiр қуанғаны — дарбазаның ашық тұрғаны болды.


Қызыл ағаштан бедерленiп жасалған әсем есiктiң тұтқасын баппен тартқанында, есiк ашылмай жатып арғы жағында күмiс қоңыраулардың дүрк көтерiлген сылдыры бүкiл дүниенi көмкерiп ала жөнелдi. Сүйкiмдi үн бiртүрлi адамның көкiрегiне қуаныш сәулесiн шашатындай.


Ептеп тосылғанымен Жапар табалдырықтан iшке аттады. Сол заматында қонақүйлердегi күтушiлердей әдемi нұсқада киiнген қыз арғы бөлмелердiң бiрiнен төбе көрсеттi.


— Сәлеметсiз бе? — дедi Жапар.


— Сәлеметсiз бе? — деп, қыз басын болмашы ғана идi. — Төрлетiңiз.


— Рахмет. Бәкең үйде ме?


— Ол кiсi қазiр бос емес, күтуiңiзге тура келедi.


— Жарайды.


— Жүрiңiз, мында өтiңiз. — Қолымен iлгерi жылжуына ишара бiлдiрдi.


Ауызғы үйiнен бастап қалы кiлем төселген еден, табанына жұп-жұмсақ тидi. Оның үстiне даладағы аптаптан келгендiктен бе, iшкi салқын ауа рахатымен баурап алды.


Қыз мұны кiре берiстегi үлкен бөлмеден басталатын кең дәлiзбен алып жүрдi де, сәл өтпей-ақ сол жақтағы есiктi нұсқады.


— Осында дем алып отыра тұрыңыз, мен қазiр теледидар қосып берейiн. — Ширақ қимылдап, алдыға озыңқырай бердi.


Бөлменiң жасауы қараса көз тойғысыз, жұтынып тұр. Бiр қапталды кәдiмгi тұлғасымен бiрдей, ойнақтап бара жатқан қап-қара арғымақ аттың мүсiнi жайлапты. Оған қарсы бетте қара былғарыдан көпiртiп жасалған қос креслосымен диван қоныс тепкен. Оның алдындағы қара слюдадан құйылған журналдық стол тiптi бек жарасым тапқан.


Әлгi қыз абажадай теледидарды шырт еткiздi.


— Мiнекейiңiз, — столдың шетiне пульттi қойды да, сосын сәл бөгелiп, — Бәкiр мырзаға кiм келдi деп айтайын? — деп сұрады.


— Жапар.


— Жақсы. — Сыпайылық таныта жымиып, шығып кеттi.


Жалғыз өзi қалғаннан кейiн төңiрегiне барлай көз жүгiрттi. Неге екенi белгiсiз, ең бiрiншi назары тоқтағаны кереге мен шаңырақтың ұштасқан тұсы болды. Қабырғаның жоғары жағына ойып тұрып, тұтастай өрнек жүргiзiптi. Төбеде небiр әшекейi бар италияндық шамдалдар сәулесiн себезгiлейдi. Терезе де ауқымды, көлемi әдеттегi үйреншiктi стандартқа сыймайды. Пердесiнiң өзi кем дегенде екi қаралық. Құдды бiр сахнаның төгiлген шымылдығын елестетедi. Екi шетке жартылай ысырылып, бойжеткен қыздың тоқпақтай бұрымына ұқсас жiбек жiптен өрiлген шашақты баумен белiнен қынай байланыпты. Ортасында әппақ үлбiреген шарбы бұлт тәрiздес желбегейi және бар. Алыстан қарағанда перденiң белуарына дейiнгi тұсы сылқым келiншектiң әсте әшекейге малынған өңiрiне келедi екен.


Өзiнiң тапқан теңеуiне iштей елiтiп, тағы да бiр ұқсастықтар iздегендей шымылдықтың шiлтерi төгiлген iргеге қадалды. «Әсем». Басқа ештеме айта алмады. Кенет, диванның бұрышында еденде жатқан бiр жолақ қағазға көзi түстi. Әлгi, көңiлiне сондай жақын нәрсе болып көрiндi. Осы беймағұлым жақындық өзiне бiрден тартып алды да шартты, адамға тән көзқұмарлығымен жалма-жан үйелменiмен үңiлдi. Жатқан — 50 долларлық бiр-екi банкнот. «Әшейiн, балаларға арналып дүңгiршектерде қызық үшiн сатылатын фантиктер шығар» деп ойлады. Сосын тағы да қадалды. Жоқ, нағыз өзi. «Қой, құрсын, әлдекiмдер құсап тiмiскiленбей тыныш отырайын, бұл тiрлiгiмдi бiреу байқаса ұят-тағы» деп, мақсатсыз түрде теледидарға жанарын iрiктi.


Сақал қойған бiреу әлденәрселердi көкезулене айтып, есiп апты. Оған журналист байқұс та ара-арасында тұздықтап, дем берiп қояды. Анау одан сайын қыбы қанып, екiленедi. Бiрақ, Жапар олардың сөзiн естiмедi, сыртқы қимыл-қозғалыстарынан-ақ екеуiнiң бiр ойдың адамдары екенiн, белгiлi


мақсат үшiн осылай қоғамдық пiкiрдi жасанды қалыптастыруды көздеп, «сыр ақтарып» отырғанын түсiндi. Қараптан-қарап, езуi тiлiнген үшiншi жаққа жаны ашыды. Ерiксiз басын шайқады. Екi иiнiнен терең бiр күрсiндi де, сағатына қарады. Келгенiне де 15 минуттай уақыт өтiптi. Шаруасы есiне түскенде iшкi дүниесi қопарылып сала бердi. Сөйткенiнше, аяқ дыбыры бiлiндi. Бұл да есiкке көзiн сата телмiрдi. Осы аралықта бөлмеге алшаңдай басып, Бәкiр де кiрiп келе жатты. Үстiне түгi бұрқыраған әдемi көк жамылғы киiптi. Шаштары мөлiдей жылтырайды, шамасы суға шомылып шықса керек.


— Ассалаумағалейкүм, Бәке! — деп, бұл орнынан көтерiлдi.


— Сәлем, — жайдары күлген қалпы қолын ұсынды, — қалдарың қалай?


— Жақсы. — Мұрнының астынан мiңгiр еттi.


— Иә, қайдан?..


Қапелiмде, Жапардың денесi дуылдай жөнелдi. Бiраз уақыттан берi қатынастарын үзiп алып, жаны қысылғанда ғана iздегенiне ыңғайсызданды. Және бұйым жоқ, тайым жоқ «2500 доллар бере ғой» деп сұраудың қаншалық қиын екенiн ендi тiптi сезiнiп, бетiнiң ұшы қызарып кеттi.


— Үйден… — Аузы үсiп қалғандай, бiртүрлi икемге келмейтiн тәрiздi.


— Шаруаларың дұрыс қой? — Жақсы рай танытып, мұның жағдайын ынта-шынтасымен сұрағандай көрiндi.


— Шаруа дұрыс қой… Бiрақ…


— Бiрақ, не боп қалды? —Қабағы қатулана бұған үдере қарады. Столдың шетiнде жатқан пульттi алды да самбырлай айқұлақтанған теледидарды өшiрiп тастады.


— Өзiңiзге үлкен бiр бұйымтаймен ат басын бұрдым. — Ар жағы сырдақтық танытса да, өңiнен сыр алдырмауға ұмтылды. Алайда, Бәкiрге тура қарауға жүзi дауаламады. Ал ол бұның сөзiне ден қойған. — Шайтан азғырып бiр iнiм болмастың шаруасын iстептi. Қазiр сазайын тартқызып, ақылын кiргiзетiн тергеу изоляторында. Әлi соты өткен жоқ, келесi аптаға ұйғарылған. Төрешiмен сөйлесiп, тамырын басып көрiп едiк — 2500 долларға тоқтады. «Сотқа дейiн жеткiзесiңдер» деген едi, соған мұршамыз келмей тыпырлаудамыз. Лажы болса қол ұшыңызды берiп, көмектесiңiзшi. Әйтпесе, байқұс бала жасаған аңғырттығынан оншақты жылды арқалап кетуi әбден мүмкiн. Бiз, құдай бұйыртса, қысқа дейiн ақшаңызды қайырып беремiз.


Осы кезде ғана үй иесiне еңсесiн көтерiп қарады. Бәкiр ойланып қалыпты.


— Иә, жағдайларың мәз емес екен, — дедi сол тұнжыраған қалпы, сәл қабағын керiп. — Орыста бiр керемет сөз бар.


Кенеттен есiктен әлгiндегi қыздың қылпы бiлiндi. Ол ақ жамылғы жабылған қол арбаны итерiп, босағадан берi аттады. Үстi шөлмектерге сықап тұр.


— Не iшесiң? — деп, Бәкiр мұның бетiне назарын тоқтатты.


— Шырын.


— Қайсысын?


— Болса, өрiк...


— Айжан, бiзге өрiк шырынын құйып жiбер.


Әп-сәтте алдарындағы журналдық столдың үстiне фужерлерге құйылған шырын әкелдiрiлдi. Басқа да жемiс-жидектер қойылды.


— Бәкiр мырза, сiз кофе iшпейсiз бе? — дедi бойжеткен.


Жапар Айжанның бұл ләмiнен, үй шаруасын iстейтiн күтушi әйел екенiн бiлдi.


— Мейманымызға да кофе құйыңыз.


— Жоқ, мен шай iшейiн.


Шүкиттей ыдыстарға бiрiне — шай, бiрiне — кофе құйып берiп, күтушi қыз шығып кеттi. Бiрақ, қол арбасы сол бөлмеде қалып қойды.


Фужердегi шырынын екi-үш ұрттап орталаған Бәкiр:


— Шынында да жағдайларың нашар екен, — деп жалғады сөзiн, — әйткенмен оған мұқалу, мою ер жiгiттiң iсi емес. Құдайдың шеберлiгiнен асқан ештеме жоқ. Менiңше, бұл — жаратқанның сынайын деп бастарыңа үйiрген аз күнгi бұлты ғана. Бәрi де өтедi де кетедi. Қиыншылықтың, осы ала өкпе боп жүгiргенiңнiң барлығы да ұмытылады әлi. Орыста керемет мәтел бар: «Жақсы досыңды жоғалтқың келсе, қарыз бер» дейдi. — Бiр мезет бөгелiп, ұйи телмiрген Жапардың өңiне тоқтала қадалды. — Мен сенi жоғалтқым келмейдi, Жапар. Сен керемет адамсың.


Бiреу құлақ шекеден тастай жұдырығымен қойып жiбергендей, миы шайқалды. Көз алды қарауытып, дүние астаң-кестең төңкерiлдi. Сәл кiлгiрiп барып көзiн ашып едi, есiктен дүрсiлдете шапқылай кiрiп келе жатқан жетi-сегiз шамасындағы ұлды байқады.


— Привет, папа! Сәлеметсiз бе, аға. — Арындатқан қалпы анадайдан үлкенге сәлем беру парызын орындады.


— Үй-и, неге сонша жүгiрдiң? — дедi әкесi.


— Ақшамды алуға… Менi балалар күтiп тұр… — Үзiп-үзiп бiрдеме айтқан болды.


Сол аңыратқан қалпы төрдегi кресло мен диванның ортасындағы жықпылға сүңгiдi. Iзiнше әлгiнде Жапардың көзi шалған 50 долларлықтарды жинап алды. Атып түрегелiп, үстiнде ырысы мол итерменiң қасына барды. Ақшаны сол қолына умаждай ұстап кеудесiне басып, оң қолымен өзiне сусын құйып, бiр-ақ сiмiрдi. Сосын дедек қаға жөнелдi.


Бөлмеде өлi тыныштық орнады. Ендiгi отырысының артық екенiн ұғынып, Жапар:


— Бәке, менi айыпқа бұйырмаңыз. Жан мұрынның ұшына тақалғаннан кейiн қаңғалақтап, адам өзi не iстерiн бiлмей қалады екен. Сондай дiлгiрлiктен алдыңызға жағдай айдап әкелдi. Мазаңызды алғаныма кешiрiм өтiнемiн әрi уақытыңызды бөлгенiңiзге рахмет айтамын. Рұқсат етсеңiз, жүрейiн.


— Оқасы жоқ және оған қысылатын да дәнеңе жоқ. — Аққұба өңiне болмашы қызғылтым қан тепкендей байқалды, сонда да сұп-суық жымиды. —Алла жар болсын, iсiң оңға бассын деймiн.


Бұл кезде Жапар сөлбiрейiп орнынан тұрған едi.


— Сау болыңыз, — деп, қос қолын ұсынды.



Үш қабатты ақ мәрмәрдан салынған еңселi үйден тауы шағылып шықты. Сүйегiн сүйретiп кеп машинаға отырғанын бiледi, одан арғысы жадында жоқ. Миы шыңылдап, есуастанып барады. Күллi сенiмi күйреп, жiп тағып келген болмашы үмiтi шiрiген айылдай шорт үзiлдi. Қара бет болғанда, төрешiге берген уәдесiн орындай алмады. Ендi Жүсiп тағдырдың жазғанын көрiп, дәм бұйырған жерiне аттана бередi. Бәрiнен шешелерiне қиын соғатыны мәлiм. Ана байқұс аңырап, азапты шегедi ендi, шегедi…


Қайткенде де Талдықорғанға жетуi керектiгiн бiлдi. Өйткенi, бүгiн — сенбi, ертең — жексенбi. Бүрсiкүнi дүйсенбiде — сот. «Бiр алланың маған деп жолықтыратын жақсылығы бар шығар. Бұл өмiрден баз кешiп кетсем де «тәуба» дейiншi, бәлкiм Бәкiрдiң сөзi дұрыс… — Жiгерi бордай үгiтiлсе де өзiн-өзi тәубаға шақырып, iштей қайрады. — Қолыма қара бақыр түспесе де, қиын қыстау шақта тәтемнiң қасында болғаным жөн. Тым құрымағанда үкiм оқылған жағдайда, жабығу мен торығудың қамқасын басына киiп, жат жұртта жалғыз қалмасын» деп қорытты.


Үйге келдi де оны-мұнысын реттеп, жолға жиналды. Бибiнiң дастарханы әзiр екен, бiр-екi шыны шай iшкен сыңайланды. Асқазаны запыран татып, қара су да бата қоймады. Тезiрек аттанып кеткендi қалады. Сөмкесiн қолына алып, балаларының бетiнен сүйдi.


Ымырт үйiрiле қаладан шығып бара жатты.


Өлi қонаға Талдықорғанға жеттi. Бiр абұйыры Сапар үйiнде екен. Өң жоқ, түс жоқ бұны көрiп сасып қалса керек:


— Саған не болған, ауырып тұрған жоқсың ба? — дедi қобалжи.


— Ауырғам жоқ. — Шолақ қайырды. — Шаруа не боп жатыр? — Бiрден жай-жапсарға көштi.


— Жағдай өзiң көргендегiдей, сол қалпы. Жүр, төрлет. Залға кiрiп отырып әңгiмелеселiк.


Жапар төргi бөлмеге өттi де, диванға сылқ етiп отыра кеттi. Келiнiнiң амандасқанына да құлықсыз бас изедi. Оқыс, назары жаңа орындықтар мен столға ауды.


— Жиһаз алғансыңдар ма?


— Иә, мынау қыңқылдап қоймай қойғаннан кейiн, — келiн жүрген жақты иегiмен нұсқап, бетiн тыржитты, — жатын бөлмеге төсек, сосын мына стол мен орындықтарды алғанбыз.


Ағасының миына қан құйылып, жүрегi тоқтап қала жаздады. Өңi одан бетер күреңiтiп, ашуға тұншыға сызданды. Сапар бiр сойқанның басталуынан қашқақтап, соңғы жағын жаймалап жiбердi.


— Бiз сенi бүгiн келiп қалады ғой деп, күтiп-күтiп, осы әзiрде ғана жатқанбыз. Балалар әлдеқашан ұйықтаған. — Иесiнiң алдына түсiп жортақтайтын итше, елгезек қақты.


— Тәтем қайда? — Сұсы сұп-суық боп сұрланған қалпы дiңк еттi.


— Текелiде.


— Ы-ым… — Жапар ыңыранды, басқадай тiл қатуға мұршасы жетпедi. Бөлмеде тыныштық орнады. Бiр кезде барып, — мен ақша таба алмадым, — дедi Сапарға қарап. — Ендi не жасадық?..


Iнiсi де тiс жарып уәж айтпай, сұлқ отырған қалпы тапжылмады. Тағы да иiндi басқан зiлмауыр тыныштық буындыра жөнелдi. Дегбiрдi қашырған уақыттың салмағы санаға қатты соққы боп тидi. Бiр кезде бауыры осы әбiлеттен құтқарып:


— Менде жүз доллар ғана бар, — дедi бұған.


«Ол қай жыртығымызға жамау болады» деп ойлады Жапар. Бiрақ онысын сыртқа шығара қоймады. Әлден уақытта:


— Ертең Нұрланға жолығалық, — дедi ақылдасқан пiшiнде.


— Иә, сосын?..


— Тағы да алдына бас ұрып, жағдайымызды айталық, «бiр жұмада жерден қазсақ та әкелемiз» делiк. — Одан ары уақытты айтуға iшкi ұжданы дауаламады әрi ақшаны қайдан табатынына есеп бере алмады. Әйтеуiр аузына бiр жұма iлiктi. — Өйткенi, ол бiздi күтiп отыр, «сотқа дейiн бәрiн бiтiрiңдер» деген. Бармасақ, мәселенi мүлде ушықтырамыз, қашып жүргендей көрiнемiз. Таңертең ерте тұрып, сендегi тиын-тебенге оны-мұны алып, апаралық. Күн — жексенбi, ешқайда кете қоймас.


— Ол бүгiн Крупскаядағы үйiнде. Сонда барады деген.


— Онда тiптi жақсы, анда-мында сандалмай бiрден тура тартамыз.


Ас бөлмеден келiннiң «Сапар!» деген үнi құлаққа шалынды. Кiшiсi солай қарай беттедi. Iзiнше керi оралып:


— Жүр, шай дайын екен, — дедi.


— Қайратты шақыралық, ол машинада. — Күнi бойы шапқылап, шопырдың нәр сызбағанына өзiн жазықтыдай сезiнiп, жаны ашыды.


— Машина үйдiң қай жақ бетiнде?


— Аулада.


— Қазiр терезеден айқайлай саламын. — Сапар балконға беттедi. Соңын ала оның «Қайрат! Қайрат!» деген барақы дауысы естiлдi.


*** *** ***


Қанша ұшынып келсе де ертесiнде ақ таңертеңнен түрегелдi. Санасынан бiр сәт те өшпейтұғын жауапкершiлiк iшкен асын жерге қойғызып, түн ұйқысын төрт бөледi. Бүгiн мүлде шырқы қашқанын, сиықсыз сүдiнiн аңдады. Сақалын қырып жатып, қолдарының дiрiлдегенiн анық байқады. «Сонша беймаздана бермейiншi. Өне-бойым қалтырайтындай жағдай емес қой бұл». Осындай алдамшы оймен сабасына түсуi үшiн дегбiрiне сабыр суын себуге тырысты. Дегенмен, миында неше түрлi сауалдардың кескiлескен майданы жүрiп жатыр. Оның бiрi байыз таптырмай мұның шақшадай басын шарадай етiп қияндағы қиырға шығарса, келесiсi төтеннен шыңырау шатқалға сүйрелейдi. Ал, үшiншiсi небiр жойқын мұхит толқынына апарып тұншықтыра бередi, тұншықтыра бередi. Осындай сан тарау сауал мен байламсыз ұйғарымнан уәсуасы шығып, жел қуалаған түйеқарынша тентiреп келедi. Еңсенi көтере қоятындай, тiрлiгi бiр қисынға тоқтамай-ақ дiңкелеткенi.


Бұл жуынып шыққанша, үйдегiлердiң бәрi оянып алғанға ұқсайды. Ас бөлмесiнен шәугiмнiң бiр сарынды ызылдаған үнi естiледi. Залда Қайрат пен Сапар жиналмаған төсектiң үстiне шынтақтай сұлап, бейнефильмге үңiлiптi. Екеуi де ыржалақ-ыржалақ етедi, шамасы көрiп жатқандары комедия болса керек. Уытты сылтың оларға бiр сәт ләззат сыйласа, мына келеңсiз көрiнiс мұның жүйкесiне бiзше қадалды. Былайша қарағанда онда тұрған дәнеме де жоқ едi, бiрақ бүгiнгi бұлардың жағдайындағы ырқыл-жырқыл еш ақылға сыйымсыз-тұғын.


— Барыңдар, тездетiп жуыныңдар, — дедi әлгiлердiң бұл сықпыттарын жақатпаған қалпы, — уақыт тығыз!


— Қайрат, бiрiншi сен жуынып ал. — Сапар қонағына құрмет таныта тiл қатты.


Х


Базарды аралап, сәлем-сауқат алғанша бiр сағаттай уақыт шығындалыпты. Әйтеуiр, не нәрсеге тоқталса да тазасын, қымбатын iрiктедi. Коньяк пен арақ-шараптың әртүрлi жасандылықтан қорғалған белгiлерi шапталған шетелдiк нұсқаларын апарғанды қалады. Ал, жемiс-жидектi өкiрте алды. Ұсынғанда қысылмайтындай қомақты, әрi көздiң жауын арбар албырт болуын ойлады. Сондықтан жүз долларды тұтастай осы мақсатқа арнап, шып-шырғасын шығармай жұмсады.


Айтқандайын Нұрланды Крупскаядағы үйiнен оп-оңай тапты. Үлкен ат шаптырым ауласында машинасының жүк салғышын ашып қойып, iшiне сұғына енiп, әлденәрселердi реттеп әуресi шығуда. Ту сыртынан қарағанда шөгiп жатқан түйеге баспалап кеп артынан ауыз салған абалақ сияқты. Беймезгiл уақытта бұлардың сау етiп кiргенiн бiлмей де қалды.


— Ассалаумағалейкүм! — деген Жапардың дауысын естiгенде барып, мойынын бұрып артына қарады. Ағайынды екеуiн көрiп, бiрден жадыраңқы қабақ танытты. Жұмысын тастай берiп, алақанын бiр-бiрiне кербездене қақты да, қос қолын қабат ұсынып ұмтылып келе жатқан Жапарға:


— Әликүмсалам, — деп, бiлегiн ұстата салды.


— Халдерiңiз қалай, үй-iштерiңiз тегiс аман-есен бе? — деп, Жапар уысынан оның топ-толық бiлегi мен быртық саусақтарын босата қоймай, жiк-жаппар күйге түстi. Ерiксiз езуiне күлкi үйiрiп, өз сауалын өзi құптағандай немесе дәл солай болуын қалайтындай басын шұлғи бердi.


— Жақсы, жаман емес, ел қатарлы… — Төрешi сөзге сараңдау кепте тiл қатты.


Осы кезде Сапардың «Ассалаумағалейкүм» деген қарлығыңқы үнi естiлдi. Сол тұста барып Жапар Нұрланның қолын жiбердi.


— Жұмысыңызға кедергi жасаған жоқпыз ба? — Жапар бүгежектей сөйлеп, қуыстана қопалақтады.


— Жоқ-ә, мынау бала-шаға «көкке шығайық» деп қыңқылдаған соң, кеше «ертең барамыз, дайындалыңдар» дегенмiн. Соның қамы ғой. — Ту сыртын нұсқап, күнмен шағылысқан шетелдiк шымқайкөк машинасына бiр қарап қойды. — Қайта, дер кезiнде үлгергенсiңдер. Әйтпесе, ендi кешiккендерiңде ұстай алмай қалатын едiңдер.


Осы кезде баспалдақпен ырғала басып, төмен құлдаған етжеңдi Ғалияның төбесi көрiндi.


— Сәлеметсiз бе, жеңеше? — Жапар құрақ ұша солай қарай беттедi. Дастарханынан дәм татқаннан кейiн шынайы пейiлiн бiлдiргендегiсi. Бiр жағы «өзiң болғанша иттiң қосын арқала» деген мәтелдi көкейiне тұтып, жалпақтай салудан кiшiрейiп қалмаспын деп жұптады.


— Амансыңдар ма? — Келiншек басын изедi. Сосын атпалдай жiгiт ұшыртып кеп қолын ұсынып тұрғаннан кейiн, ерiксiз қысылғандығынан саусағының ұшын шошайтты.


— Денi-қарларыңыз сау ма? Балалар аман-есен бе? — Шұбалтып барып әзер басылды. Мұнысы көлденең көзге тым сөкеттеу болса да, осылай елпiлдеу керектiгiн әбден бiлгендiгiнен едi. — Иә, сыртқа бой жазып қайтпаққа жиналып жатырсыздар ма?


— Бұйыртса. Талайдан берi айтып, жоспарлап жүрген шаруамыз…


— Дұрыс, дұрыс. Алаңсыз дем алғанға не жетсiн. — Ойын осылай бiр түйiп қойды. — Онда ниетiмiз қалыс екен, мынау болмашы базарлықтың дәмiн сол жақта татыңыздар, — деп, iнiсiне мойнын бұрды, — Сапар, андағыны жеңешемiзге бер.


— Жоқ-ә, оның несiне әуре болдыңдар… — Әйел қысылған сыңай таныта, езуiне күлкi үйiрдi.


— Ешқандай әурешiлiгi жоқ, Алматыдан арнайы өздерiңiзге әкелген базарлық қой. — Шiмiрiксе де өтiрiктi қосып жiбердi.


— Мен үйге кiргiзiп берейiн. — Сапар екi бүйiрi сыртқа тепкен үлкен қара сөмкенi шiрене көтерiп, баспалдақпен жоғары өрледi. Осы тұста барып Жапар Нұрланға қайта бұрылды. Ол қызының әкелген төсенiштерiн машинаның жүк салғышына мұқияттап қаттауда. Баяу жылжып, жанына таянды. Негiзгi сөзiнiң бiссiмiлләсiн неден бастарын бiлмей iштей қобалжып тұрғанында, төрешi өзi мұны әңгiмеге тартты.


— Ат-көлiктерiң аман ба?


Бұған Жапар қуанып кеттi.


— Аман. Сол, сiзге соғып, сәлемдесiп шығайын деп бұрылдым.


— Дұрыс.


— Бiрақ, көңiл-күй орнықты емес. — Көзiмен жер шұқыды. — Әркiмдi жағдай билеген заман ғой, ана керектi дүниенi таба алмадық. — Осыны айтып болғанша маңдайынан сұп-суық тер бұрқ еттi. — Ретi ендi бiр жұмадан кейiн келетiн түрi бар… уысыма түспей тұр. Осыны өзiңiзге құлағдар етейiн деп... Бiрақ, ертең не жасайтынымды бiлмеймiн.


«Бiр аптаға мұрсат алайыншы, осы аралықта табатын шығармын» деген есек дәме көкейiнде булықты.


Төрешiнiң жүзiндегi әлгiндегi жадыраңқылықтың нышаны үштi-күйлi жоғалып, әп сәтте өзгерiп қуаңданды. Өңi салқын тартып, бiрте-бiрте бұдан алыстап бара жатқандай көрiндi. Ләм деп тiс те жармады. Бұл тiптен Жапарға ауыр соққы боп тидi. Жұдырықтай жүрегi аузына тығылып, көкiрегi атқалақтай жөнелдi. Қазiр, «жоғалт көзiңдi, жақсылықты түсiнбейтiн малғұн екенсiңдер» деп жекiретiндей сезiндi. Екiншiден, өзiнiң қуыс қурай дәрменсiздiгiне күйiнiп барады. Аңдаусыз астыңғы ерiнiн тiстей жымқырып алғанын да байырқаламады. Жүзiн төмен салып именшектендi, Нұрланға тiктеп қарауға мұрша жоқ.


— Оларың жарамаған.


Мынасы өзiне бағышталған сөз болғаннан соң әңгiмеге құлақ асып тұрғанын аңғарту үшiн Жапар мұршасы жетпесе де күштеп, төрешiнiң өңiне назар аударды. Бүйрек беттерi сазара қалыпты, қысыңқы жанары айбат шеккен жыланның көзiндей жылтырайды. Мұның өн бойынан ток жүрiп өткендей денесi тұтастай ду еттi. Тағы да жүзi төменшiктедi. Жаңағы арсалаңдап хал сұраған кеп жоқ, жертезекке айналды да бiр жола табанға жаншылды.


— Соншалықты көп ақша емес. Ондай қылмыстық бапқа, оның үш-төртеуiн сұрайды.


Жапар ендiгi үндемеудi ретсiз санады.


— Нұреке, бәрiн бiлiп тұрмын, сiздiң азаматтығыңызға тәнтiмiн, бiрақ амал қайсы?.. — Таусыла сөйлеп, шынында да көкейiндегiсiн алақандағыдай жайып салды. — Уәде — құдай сөзi, орындаймыз. Аруақ атқанда бүгiн, ертең болмай тұр. Жоққа жүйрiк жетпеген…


— Онда былай ет.


Жапар елп етiп, бiрден еңсесiн жаза қойды. Әр сөзiн қапы жiбермей, мұқият тыңдауға бейiл.


— Ертеңгi күнге белгiленген сот процесiне, повестка жiберiлген жәбiрленушiлердiң бiреуi келмей қалсын. — «Ұғып тұрсың ба» дегендей бұған шұқшия қадалды. Бұл да одан көзiн айырмай қалшия қатқан. — Осы себептi пайдаланып, сот процесiн кейiнге шегеремiз. Мұны жасау қолыңнан келе ме?


— Келедi.


— Ендеше солай iстеңдер. — Багажникке сұғына еңкейген қалпы бұған жиiркенiштi ұсқында жаратпай, тыжырына қарады. Кескiнiнде тұлан-тұтқан кiсiнiң кейпi жатыр. — Бiрақ, одан кейiнгi белгiленетiн күннен ауыстырмаймыз, түсiндiң ғой?! — Үнi зiлдi шықты.


— Түсiндiм.


— Түсiнсең, сол.


— Рахмет сiзге, Нұреке. — Бiрден Жапардың өңiне қан жүгiрiп, сарайы саңғырап ашылып қоя бердi. — Алла бiледi-ау, аман болсақ, уәденi орындаймыз. Сiздi осынша машақатқа салғанымызға кешiрiм сұраймын. Бiзден қайтпаса, құдайдан қайтсын. Демалыс күнiңiздiң шырқын бұздым, айыпқа бұйырмаңызшы. Жақсылап демалып қайтыңыздар.


Ендi бөгелсе, «қимас» жанын қажытатынын аңғарып, тезiрек кетуге асықты.


— Сау болыңыз.


— …


*** *** ***


Төрешiнiң үйiнен аттанысымен, салдыртқаннан салдыртып Текелiге тартты. Бұлардың хабарсыз iзiм-ғайым жоғалғанынан шешелерi жанын қоярға жер таппай тызақтап отыр екен. Екi ұлы бiрдей сау етiп кiрiп келгенде нұры тайған жанарында жарқ етiп, беймәлiм ұшқынның қылауы бiлiндi. Үнемi бiр жақ шекесiне қарай қисайып кете беретiн гүлдi шарқатын дұрыстап қайтадан таққан қалпы, орнынан асып-сасып түрегеле бердi.


— Амансыздар ма?!


Жапардың даусы бағанағыдай емес, көтерiңкi. Болар-болмас уақытқа мұрсат алғанға жаны жайдарыланып, бiрер күн тағы да еркiн тыныстайтынына насаттанатындай.


— Аманбыз, өздерiң қалайсыңдар? — Сөйлеген қалпы бұларға қарай жүре берейiн деп едi Нұрғанымның аяғы бастырмай бүкжең қақты. — Қараң қалғыр-ай, қу тiзе қурайды да қалады. — Кейiп, назалана үн қатты. — Сонша кешiктiңдер ғой. Тым құрымағанда телефон да жоқ, қайда жүргендерiңдi бiлiп отыратын. — Қолы бiр жетпей қойған жоқ-жiтiкке де зықысы келетiндей. — Ал, ендi не жасадыңдар? Ертең сот қой? — Қайласы таусылып, дiңкелей бұларға қарады. Тотыққан өңiнен бейамалдықтың сұлбасы айқын аңғарылды.


— Тәте, ертеңгi сотты кейiнге қалдырады... — Бiрдемде Жапардың жүнi жығылып, ұнжырғасы салбырай бердi.


— Немене, төрешiге жолығып келе жатырсыңдар ма? — Бұл ләмнiң мәнiсiн түсiне алмаған ана одан сайын айран-асыры шыға аңтарылды.


Сапар шкафтың үстiндегi ожауды алды да, су iшуге сыртқа беттедi. Жапар костюмiн босағадағы киiм iлгiшке iлiп, төргi бөлмеге өттi. Быршып терлегеннен маңдайы жылтырап апты. Кекiлiнiң тұсын бет орамалымен бiр сүйкедi де, көрпешенiң үстiндегi жастықты шынтақтай жата кеттi. Шешесi әлi бұдан назарын тайдырмай қарап тұр екен.


— Жолықтық. Бiрақ, уәделескен нәстемiздi әкеп бере алмадық.


— Ойбай, онда анық сорлаған екенбiз ғой.


Әуелгiде Нұрғанымның аузына басқадай сөз оралмай шоршып түстi. Сосын жүрегi қан жылаған қалпы сұлқ отырып қалды. Табанда көз алдында шөгiп кеткендей көрiндi.


— Онымен ендi басқаша сөз байластық.


Осы кезде анасы байқұс қайта басын көтере қойды.


— «Сол уәде — уәде. Қолдан келсе, әлдеқашан-ақ азаматтығыңыздың алдында құлдық ұрып әкелер ек. Амал жоқ, мұршамыз жетпей жатыр. Сабырға келелiк, бәрiне билiгiн жүргiзiп тұрған жағдай» дедiк.


— Келiстi ме?


— Келiстi. Бiрақ, алдын-ала белгiленген сотты болдырмаудың жолы бiреу-ақ, жәбiрленушiлердiң түгел жиналмауы. Өйтпесе, «елдiң бәрiне қағаз жiберiлдi, iстi түпкiлiктi қарау басталады» деп жоғары жаққа баяндап қойған. Олар да әрбiр бап бойынша жауапқа тартылғандардың шаруасының не былай, не олай шешiлгенiн қадағалап, iстi қузап отырады. Солардың алдына ертеңгi күнi көлденең тартатын дәйектi сылтау боларлық себеп, жапа шеккен жәбiрленушi адамдардың толық құрамда басының бiрiкпеуi.


— Е-е, жарықтарым-ай, ә-ә… Кетеуi кеткен тiрлiктiң қиюын келтiре алмай жүр екенсiңдер ғой. — Тереңiнен бiр күрсiндi. — Ендi қайтемiз, маңдайына жазғанынан көредi де соры қайнаған неме соры қайнап. Бiрақ, о жерден ол дұрыс адам боп шыға ма, шықпай ма?.. — Лажы таусылған Нұрғаным, iшкi уайымын да ақтарып тастады.


Жапар үндемедi. Барлығын осынша азапқа салып қойған Жүсiппен iштей жауықты. «Миы суға айналып кетпесе, алды-артын ойлайтын жасқа жеттi ғой. Неменесiне сенiп, қонышынан басты екен? Кiмi бар тiреп тұрған? Заманның әлпетiн көрiп, бiлiп отыр. Әсiресе, бүгiнгi күннiң райы жаман. Қанын iшiне тартып, қаһарына ұшырағанның ешқайсысын аяйтын түрi жоқ. Қайта тұқырған басты одан сайын тұқыртып, езуiн тiлiп бас терісін терiс айналдырмақ.


Көпшiлiк жұрт жоқ-жiтiктен сансырап, қоңызын терiп те кеттi. Солардың iшiнде шешелерiнiң де жұлыны құрттап, жүн-жүнi шығып отырғаны анау. Оқыған-тоқыған, қызмет iстейдi, жұмыс жасайды деген өздерi де сiңiрлерiне iлiнiп, сiлiкпелерi ғана қалды. Халдерi дос күлiп, дұшпан табалайтын жағдайда.


Осынау сын шақта албырттықты сабырға салып, ашуды ақылға жеңдiрiп, жұрт алдында төбе көрсетудiң орнына, әлдекiмдердiң басбұзар тентектерi құсап итпен ит болып ырақайласып кеткенi жынын қоздырды. Тiптi, қазiргi таңда тентектi «тентек» десең оны абырой, мәртебе көрiп, телпегiн аспанға атып насаттанбайды. Уақыт пен заманның ығына қарай, өп-өтiрiк жылмияды. Осының бәрiн бiлмейтiн, түйсiнбейтiн соншалық санасыз да емес едi ғой? Қай шайтан азғырып, қай жынның буындырғанын кiм бiлсiн, әйтеуiр, шоқты үрлеп, қоздатып ойнапты. Абайсыз қолын күйдiрсе, өзiнiң жанынан да бұрын ананың жүрегi ауыратынын бiлмептi, саппас. Баласы қыспаққа түссе, одан бұрын шеше тозаққа жанатынын қаперлемептi.


Ендi, мiне, у iштiргендей үй-iшiнiң топалаңын шығарып, бiрiне-бiрiн соғыстырып қойып қарап жатыр. Соңынан жүгiре-жүгiре ештеме өнбей, бәрiнiң тобанаяқтықтан тойтиып отырғанын бiле ме екен, жазған? Тым құрымағанда титiмдей балаларын ойламады ма? Сырттағы тiрлiктен бейхабарлықтан соң қазiр, құр жатпай «соңымнан iздемедi, жүгiрмедi» деп бұларды жазғырып, iштей күстаналауда шығар. Қара терге шомып сансырап, небiр тiрмiзiктi көрiп қалжырап жүргенiн сезiнсе ғой, шiркiн…»


— Әлгi қу шұбарбет құртты мұны, соған ерiп… — Нұрғаным тағы да беталбат бiр нәрсенi бастап барып бөгелдi. Үй iшiндегiлер оны құптамайтын да, тыңдамайтын да сияқты — сөзiне көңiл аударған жан жоқ. Әркiм бiр жеткiзбес ойдың соңына iлескен. Сол әредiкте болмашы тыныштық орнады. Осы үнсiздiктi қабырғасы қайысқан ананың тарғылданған даусы қайыра бұзды. — Мектепте жүргенде-ақ «әй, осыдан iргеңдi аулақ ұсташы» деп құдайдың зарын қақтым. Көнбедi. «Ой, апа, ол бiр жетiм бала, өзi келiп тұрса, қалай үйге келме деп айтам? Жүре берсiн, жақын дос болып кеттiк» деп, шаң жуытпады ғой. Ендi, мiне, сол шұбарбетiң бiздiң жындыны әңiреңдетiп айдап салып, арандатып, өзi бостандықта жүр. Әуелі оны да қамаған, қолхат беріп босаныпты ғой. Өмiр қалай, ә-ә, қазiр көрсе сәлемдеспейдi де. Талай қолымнан адал асымды iшiп едi.


Жапар көмейлеткен ашу-ызаның бетiмен долыра сөйлеген анасына анда-санда көз тастап қойып, сөзiн жай ғана тыңдаумен болды. Мұны мүжiген ой, шеше байқұсты әлдеқайда терең ыңғуырлайтынын бiледi. Қу жаны көкiрегiнде қуырдақ боп шыжғырылғаннан кейiн шыдамай, арғы жағында кептелген мұң-зарын ашына ақтаратынын ұғынды.


— Осыны, әйтеуiр, кiм-көрiнген иектегiш. Баяғыда ауылдың күллi баласы үйге топырлап, бақша жақта бiр-бiрiн төмпештеп жататын. Ортасында iшек-сiлесi қатып, Жүсiп жүретiн. Ендi, оқуды бiтiргеннен кейiн Текелiге келiп едi, әлгiлерi мұның соңынан осы жаққа ошарылыпты. Ақыр соңында бәрi баламды апарып түрмеге тықты да тынды.


Мол пiшiлген қаракөк көйлегiнiң өңiрi ашылып, тағы да шарқаты бiр жақ шүйдесiне қарай қисайып кетiптi. Ағы қалыңдаған шашы түте-түте боп үрпиiп апты. Әдеттегiден де тереңдеген маңдайының әжiмi жиiлегендей. Қос жанарының да төңiрегi уақыт салған iзден шимайланып, бiр кездегi қой көзi үш бұрыштанып қалыпты. Кiшкене мұрнының етек жағындағы езуiне құлаған сызықтар, етi қатқан жылқының жауындығындай айқын бедерленген. Домалақ өңi өрт сөндiрiп түтiккендей, қара қошқылдана көлбар тартыпты. Көкiрегiндегi қасiрет әбден уайым жегендiктен өңiне тепкен.


Осыны байқағандықтан, Жапардың жүрегi сыздады. Өмiрде ешбiр қызық көрсете алмай келе жатқан өзiн жазғырды. Осыншама дәрменсiздiгiне қорынды. Жаулығын қарқарадай етiп тартып, екi қолын жылы суға малып қана отыратын жасында, елiм-телiмi шығып, жетiмдiк көрiп жүр.


— Қой, таңғы нәсiп тәңiрден, бұған да тәуба, қамыққанмен не шара. Шөлдеп келген шығарсыңдар, шай iшiңдер, — дедi анасы бiр сәт серпiлiп.


Келiн бәрiн қамдап қойған екен, апасының әңгiмесiн бұзудан тартынып үндемесе керек, мұны естiгеннен кейiн бiрден:


— Шай дайын, апа, — деп дауыстады.


*** *** ***


Сотқа арыз бергендердiң iшiнде Василий деген табыншы бар едi. Пошымының өзiнен сұрқиялық байқалатын. Қауғадай басы ұйысқан жүн. Арасына қылаң жүгiрген шашы мен сақалы бiлте-бiлте күйi ұйыса тұтасқан. Ол аз дегендей мұрты барып ұйлығып, аузының бар-жоғын бiлдiрмейдi. Үйренбеген көзге жабайы. Әмбе зор тұлғалы, апайтөс кеудесiн құж-құж түк басқан. Онысы жағасы ашық жейдесiнен «мен мұндалап» бiрден орасандығымен назарға шалынады. Текелiнiң тауында жүрген кәдiмгi қар адамы зәлiттес. Соған қарамай көздерi жылт-жылт етiп, әшейiн тұрмай қулық ойлап тұратын сыңайлы. Сол бәлешiлдiгiнен «ұры ұсталды» дегендi естiп, әлдеқашан жоғалған малын Жүсiптерге жапқан. “Өзiнiң сықпыты да келiспеген адам екен, басқа жолмен құртып жiберiп, өтiрiк байбалам салуы да ықтимал” деген Нұрғаным күйiндi көңiлмен әртүрлi жасаған жорамалдарының бiрiнде. Бұл Жапардың да көкейiнде дық болып қалып қойып едi.


Қисынға салса, шынында да мынау ұрының ұсталуы — соны қайтадан өндiрiп алудың төте жолы. Осы ұтымды тұсты қапысын тауып мүлтiксiз пайдалануды мақсат тұтты ма, дүрмекке қосылып арызды бұл да жазып жiберiптi. Онысы зая кетпей ойлағаны орындалып, жоғалды деген екi жылқысын бұлар Жүсiп мойындап отырғаннан кейiн дауласуға мұршалары жетпей орнына қойып бердi. Әрi, оның төрешiнiң жеке меншiк малын бағатынын кейiн бiлдi. Бәлкiм…


Арттары олқы немелер онымен тынбай, «жапа шектiк» дегендердiң бәрiн сыртқа апарып қонақ жасап күтiп, мелдектеткен. Бүйiрлерi шыққанда барып әлгiлер тұс-тұстан жапа-тармағай: «Әй-әй-әй, жас бала қалай ұрынып жүр? Оның үстiне екi бiрдей кiшкенесi бар екен, обал-дағы. Мынандай ағалары мен әпкелерiне қарап, ондайға барады дегенге нанбаймыз, бiреудiң айтағы мен азғыруына iлескен ғой. Кешiрiм жасаймыз, арызымызды қайтарып аламыз» деген бәрi бiрауыздан қоғаша жапырылып.


Сөйтiп, түкке алғысыз көшеде қаңғып жүрген жаман можантопайларды iшкiзiп-жегiзiп, қарындарын шеңбiрек аттыра әбден бiр тойындырған. Әрине, осының бәрi әлдерiне тиетiн қып-қызыл шығын, залал. Әйткенмен, амал қайсы, басқа түскеннен соң баспақшыл. Ауыздарын майламаса, ежелден ұрттарына қан толтырған бәлелер тiсiн-тiсiне қойып, одан сайын қарысары айқын. Әрi бұл Нұрланның өзi нұсқап отырған ақыл-кеңесi. Айтқан нәрсесiн бұлжытпай орындау бүгiнгi күнде бұлардың мiндетi зәлiттес.


Қарап отырса, шағымданушылардың бәрi жатжұрттықтар. Текелi халқының тоқсан бес пайызы осындай келiмсектерден құралған. Олар «интернационализм» деген антұрған сөздi алдыға салып, әрi түп қазығының қайда жатқандығын жырына да алмайды. Қапысын тапса бәрiнiң жергiлiктi жұртты тұңғиыққа батырып, мүрдем кетiргiсi келiп тұрады. Ондайда танысын-танымасын шүлдiрлесiп, көң тепкiлескен шөжелердей бiр жерден табылып, ауыз жаласа қалады. Осындай адам түсiнбес еш жерде жазылмаған, бiрақ айна қатесiз орындалатын өзара тәртiптерi мен қағидалары бар. Оның ортасына бұл жалғанда сызат түсе қоймас… түсiрмейдi… түсiрткiзбейдi…


Шай iшiлгеннен кейiн ағайынды екеуi асығыс жиналды. Ондағы ойлары, шаруа айтуға ер адам Василийдi қолай тапты. Әйтпесе, нәтiнде небiр сұмдықты ерен көрмейтiн безбүйректер, табан асты қылымсып «жоқ, төрешiнiң жiберген қағазына «мiндеттi түрде барамын» деп қол қойып алғанмын, бармасам — басыма бәле боладыға» сайып, мұндайда тiптi құтырып, ыңғай бермеуi мүмкiн. Сондықтан, не де болса бақташыны айналдырғандары жөн сықылды көрiндi. Оның үстiне жоғары жақпен байласқан бәтуә солай. Жолай дүкенге соғып, бiр-екi шөлмек те ала салды.


—Ендi оны таба қойсақ көрiм, — дедi Сапар машинаға мiнiп жатып, әлгiнiң қаңғыбастығын бiлгендiктен қынжылыңқырап.


ХI


Ертеңiнде сегiзде тайлы-таяғы қалмай қалалық сот кеңсесiнiң алдына жиналды. Тоғытуға әкелген қой сияқты әрi-берi сапырылысқан, үйiрiлген елдiң қарасы көп. Әркiмнiң жанын мазалаған бiр түйткiл бар, әйтеуiр. Соның соңынан күйгелек қағып жүргендерi беймаз кейiптерiнен бiлiнiп-ақ тұр. Ал бұлардың да өз қобалжулары жетерлiк. «Әлде қандай болады» деген сауал берекенi ұшырып барады. Жапар жан-жағына қарап қояды. Бiртiндеп, iнiсiнiң мәселесiне қатысты кiсiлер де төбе көрсете бастады. Жапа шектiк екен деп олар состиысып аулақтанбай, жылы амандасты. Үзбей жүргiзiлiп бiтiмге шақырған әңгiме, жайылған дастархан барлығының иiн жiбiткендей.


Бұл жақсы нышанға Жапар жағының қабақтары жадыраңқы тартқандай. Тек, Нұрғаным «шұбарбет» деп жақтырмайтын Дулат қана анандай жерде осқырынып, жуымайды. Қасында екi-үш бойжеткен бар өзара үйiрiлiп, үйездеген жылқыдай шеңбер жасап, мына малағамды елемегенсидi. Ал, қамаудағы қалған екi жiгiттiң туыстарынан әзiрге ешкiм байқалмады.


Кешегi Василиймен араларындағы байласқан уәде болғанымен бәрi мойындарын созып, төңiректi елеусiздеу барлай шолады. «Сөзден тайып, жетiп келе ме» деп те үрейленедi. Онда — құрығаны.


Бiр жағы Жүсiптi көрiп қалатындарына да қуанышты. Әне-мiне айыптыларды арнайы жасақ, бiтеу машинамен осында әкелулерi керек.


Уақыт тоғызды алқымдады. Ендi Василийдiң «шындап шаруаға айналғанына» көздерi жеткеннен кейiн, жазықтылардың келуiн асыға күттi. Төзiмдi сарқып барып, сот басталудан болар-болмас бұрын төбесiнде сиренасы бар бiтеу сұр машина есiктiң алдына ыңырана тоқтады. Автомат асынған милиция кабинадан түсiп, бутканың бүйiрiндегi есiгiн ашты. Оның iшiнен бақайшағына дейiн қаруланған сержанттың және үш жасақтың сұп-суық кескiнi көзге шалынды. Тақтай орындықтарда шiреп-шiреп отыр. Соған қарағанда дүңгiршектiң бер жағына құқық қорғаушыларға жалпақтығы есiктiң енiндей жер қалдырып, арғы жағын тұтастай жауып тастағанға ұқсайды.


Бастапқыда «бiрден түсiредi ғой» деп ойлаған, жаңылысыпты, ондай әрекет байқалмады. Тегi, кабинадағы жасақтың басшысы боса керек, екпiндей iшке енiп кеттi. Сосын Жапар Жүсiптi көрiп қалам ба дегендей амалсыз тас түйiн дүңгiршекке көзiн сата сұғынды. Жоғарғы жағында болымсыз ғана қол сиятындай тесiк бар екен, одан басқа ештеме жоқ. Дiңкесi құри жайлап жылжып, бiтеу көлiктiң ту сыртын айналды. Әдетте машинаның артында болатын есiктiң орны да бiлiнбейдi. Сосын шарасы таусыла жан-жағына қарады. Осы кезде байқады, жұрт жәрмеңкеге жиналғандай қаумалай алыпты. Дәп бiр ләвкеден тегiн дүние тарататындай итiне иiнтiреседi.


Неге екенi белгiсiз, тәтесi есiне оралды да, жалма-жан шешесiн iздедi. Байқұс анасы басын бiр жағына қисайтып ап, қонақ отырған үйдiң босағасынан сығалап, тәттi дәмететiн баладай бар аңсары милициялар жайғасқан есiкке ауған. Күннен қорынғаннан ба, әлде көкiрегiн қасiреттiң құтпаны тырнап жатқаннан ба көзi сығырая жұмылыпты. Еш қайласы жоқ, шарасы таусылып дiңкелегенi сыртқы ұсқынынан-ақ көрiнiп тұр. Тек қолынан келетiнi, тәңiрiсiнен бiр жәрдем тiлейтiндей.


Осы кезде iшке енген милиция жұлқына шықты. Шыға салысымен:


— Жолдан былай тұрыңыздар! — деп, жұртқа пәрмен бере қолын сермедi. — Босатыңыздар алаңқайды! Ары таман барыңыздар! — Түсi сұп-суық, жағына пышақ жанығандай екен. Жапардың қарап тұрып жүрегi шiмiрiктi. Заң кiсiсiне қарсы келген ешкiм болмады, үн-түнсiз ығыса бердi.


Айыпкерлердi сот залына кiргiзу тәртiбi өздерiне әбден пысықталса керек, машинадағы үш қарауылдың екеуi ештеме айтқызбай жерге секiрiп түстi. Бiреуi дәнеңеге қарайламай iшке өттi де, бiреуi осы алаңқайда әлгi бұйрықшының қасында қалды.


Бұл кезде жұрт, өкiмет адамының пәрменiмен сыртқа қарай әлдеқайда ысырылған-тұғын. Осыны көргеннен кейiн барып, әлгi жағына пышақ жанығандай қара сұр офицер:


— Жiбер! — деп, қатулана айқайлады.


Дүңгiршектiң түпкi есiгi тарсылдай ашылып, «айыпталушы Бәленбаев» деген iштегi милицияның үнi зәрлi естiлдi. Оған «мен» деген жауап қайырылды. «Шық» деген бұйрық берiлдi. Iзiнше «тоқта» деген дауыс қайта саңқ еттi. Қайтадан темiр есiк тарсылдады. Содан кейiн барып «жүр» дедi шолақ қана.


Сол-ақ екен сопаң етiп бiреудiң төбесi көрiндi. Қолы артына қайырылып, бiлегiне кiсен салыныпты. Тамылжыған күннiң сәулесiне көзi қарықты ма, жерге секiре берiп болмашы бөгелiңкiредi. Артындағы жендет нұқып жiбердi. Табаны жер иiскесiмен оны ана екеуi дедектетiп, iркiлтпей сүйрей жөнелдi.


Тура осы тәртiппен Жүсiптi ең соңынан алып шықты. Көрмегенiне бiр жылға тақау уақыт болып қалған бауырына Жапар ұмсынып барып, iркiлдi. Өйткенi қас пен көздiң арасында жасақ оны назардан таса ғып үлгерген де едi. Бiр аңдағаны — қара торы өңi аққұбаланып, өзi сидаң неме одан сайын тарамыстана түскендей байқалды.


Әлдебiр киноның үзiндiсiне ұқсас көрiнiстен кейiн, барлығы жапа-тармағай iшке ұмтылды. Солардың ортасын ала бұлар да лекiген топпен бiрге жылжыды. Сот залы демде адамға толып-ақ қалған екен. Бос тұрған ортаңғы қатарлардың бiрiне жайғасты. Оң жақ қапталдағы темiр тордың iшiне айыпкерлердi отырғызып та үлгерiптi. Қай уақытта шақырып алғанын кiм бiлсiн, әлгi Дулат та солардың қатарына қосылыпты.


Ең қажет адамдардың бәрi толық жиналмағандықтан, сот бiр жұмаға кейiнге шегерiлдi. Жапарға бұл да бiр бiткен iс тәрiздi сезiлдi.


Осындай ұйғарымды өз құлағымен естiп, өз көзiмен көргеннен кейiн тиiстi жұмысына суыт аттанып кете барды.


ХII


Осы iнiсiнiң соңынан мұның тағы да бiр шабылғаны бар. Ол бұдан төрт жыл бұрын болған уақиға.


Жүсiп армияға шақырылып, Украина жерiне барып түскен. Жарты жыл өткеннен кейiн, сол кездегi алақұйын заманның ықпалымен Қазақстанға ауыстырылды. Арқалықтың маңындағы Державинск қаласындағы әскери базаға жiберiлiптi. Бұны естiгенде үй-iшi түгел қуанды.


Сол жаңа округте үш-төрт ай қызмет атқарып қалғанында, кездейсоқ апатқа ұшырайды. Қарауылда тұрғанында қатты дауылдың екпiнiнен маңайындағы әлдебiр ғимараттың әйнегi үстiне құлап, оңдырмай жарақаттаған. Шынының ұсақ ұнтақтары ең жанды жер — көзiне кiрiп, жанарды бүркемелеген мөлдiр қауашақты зақымдаған. Соған Арқалықта шұғыл операция жасалыпты. Арада бiр жұмадай өткенде қасындағы жатқан науқас адамдарға өтiнiш айтып, хат жаздырады.


Осының бәрiн сол хатты қолына алғанда бiр-ақ бiлген Жапар дегбiрi қашып, байыз таппады.


Ол кезде университеттi аяқтап қалған болатын. Мемлекеттiк емтиханның алдындағы өндiрiстiк тәжiрибеде жүрген, бiр жағы түпкiлiктi iстейтiн жұмысына да орналасып қойған-тұғын.


Шауып отырып, редактордың орынбасарына кiрдi. Мән-жайды түсiндiрiп айтып едi, обалы не керек, көптi көрген кiсi сөзге келмедi. Үш күнге Арқалыққа барып-қайтуға мұрсат бердi. Сәтiне қарай айдың шәкiртақы тиетiн мезгiлі-тiн, қолына азын-аулақ тиынын жинап, ертеңiнде ұшты да кеттi.


Облыстық дәрухананы оңай тапты. Сосын тiркеу орнына барып, қай бөлiм, қай палатада жатқанын да бiлдi. Салдыртып сонда жеттi. Кезекшi бикенiң рұқсатын алып, ақ жамылғыны иығына iлдi де палатаға кiрiп барды. Басты шоқпардай етiп таңып тастапты, төсекте сұлқ жатыр екен.


Жапар бас салып, бауырына қысты. «Халiң қалай, не боп қалды?» деген тақылеттес сауалдарды реттi-ретсiз абдыраған кепте төпелете бердi. Жанары байыз таппай басынан аяғына, аяғынан басына дейiн әлденеше мәрте сүзiп шықты.


Ағасын шауып жетедi деп ойламаған iнiсi тосын көрiнiске абдырап, иә өңi, иә түсi екенiн айыра алмай дал. Оның үстiне бiр көзi тұтастай таңылған, бiр жақ ашық көзi буалдырландырып көретiн болса керек. Мына малағамды қапелiмде ұғына алмағандықтан, бiрден тiлге келе қоймады. Ол сөйлемегенге, Жапардың одан сайын жаны бебеулей, тызақтап барады.


Жүсiп тұрмаққа ниет бiлдiрдi. Дереу оны жаурынынан демеп жiбердi. Кеудесiн ауырлау көтерiп, аяғын төмен салды да төсегiне оңшалып отырды. Содан кейiн барып ағасының өңiне назарын тоқтатты. Қанталап кеткен жанарына ептеген күлкiнiң ұшқыны жүгiргені байқалды.


— Аяқ-қолың аман ба? Сынғаннан, мертiккеннен саусың ба? Iш құрылысың?.. — Ар жағын үрей билеген Жапар қадалған қалпы бәйексiздене шыжкөбек күйi, күмәндi сауалдарды үстемелетiп жатыр.


— Сынып-мертiккеннен аманмын, — деп, ағасының бетiне ұялыс тапқандай шiмiрiге қарады. «Қызбалықпен текке хат жазғызып, көңiлiне алаң кiргiзiп, әуреге салып қойғаным-ай…» деп, қысылатын сыңайлы. Сосын, ұялған тек тұрмастың кебiмен езуi жайыла, ыржиып күлдi. —Қалдарың қалай? —Ештеме болмағандай самарқау қалып байқатып, бұлардың жайынан сыр тартты.


— Түрегелiп жүре аласың ба? — Әлi сауалына мандытып жауап естiмеген Жапар, қайта бұрып әкеп мұның жайына тiрелдi. Өңi сұрланып, үрей жайлаған.


— Жүре аламын, тек сәлден кейiн көз алдым қарауытады, жүрегiм лоблиды. Жатқанды жақсы көремiн. — Ықтиярсыз болса да, өз жайынан мағлұм етпеске әддiсi жоқ.


— Дәрiгерлер не дедi?


— «Көзбен ойнаған жарамайды, тамыры мимен жалғасқан. Табан аудармай кемiнде екi ай емделу керек» дедi.


— Ым-м…


Арада үнсiздiк орнады. Жүсiп кiнәлi адамдай аяғының басына қарап, шұқшия қалыпты. Жапарды бастапқыдағыдай түрлi түйткiлдi сауалдар тұншықтырып барады.


— Бұл уақиға қалай болды өзi? — Iнiсiн көргеннен кейiн әрi жағдайынан ептеп хабар алғаннан соң ағасы мән-жайды түгелiмен бiлгiсi келетiнiн аңғартты.


— Тура сол хатқа жазғандағыдай. — Бауыры бұған қарамай, мойнын тұқырта сөйледi. — Кездейсоқ, күтпеген жазым…


— Төбелестен емес пе? — «Бiрдеменi әдейi жасырып тұр ма» деп, шүйлiге шаужайлады.


— Жоқ, бiзде тәртiп қатал.


— Шыныңды айт. — Үлкенi нанбай, қадала бастырмалатты.


— Шындығы сол.


Арада тағы да болмашы үнсiздiк орнады. Аға бауырының өн-бойын басынан аяғына дейiн, аяғынан басына дейiн және бiр сүзiп өттi. Әлдебiр нәрсенiң ұштығы шығып қалатындай сезiктене шолды. Сөйттi де:


— Емдеушi дәрiгерiң осында ма? — деп, басқа нәрсеге ойысты. Ондағысы «бұл жасырған нәрсенi дәрiгер айта ма» деген дәмесi едi.


— Осында.


— Аты-жөнi кiм?


— Гүлзия Оспановна.


— Операцияны кiм жасады?


— Сол кiсi.


— Қарашығы аман ба? — Бiр жағы тұтастай мәрлiмен шандыла оралып таңылғаннан кейiн, көзiнiң бар-жоғына дүдәмалдана сұрады.


— «Аман» дейдi. Қарашыққа бiр миллиметрдей ғана жетпей қалыпты, әйтпесе ағып кетедi екен.


Жапар осы сөздi естiгенде ғана шүкiрәна жасады.


— Оған да тәуба. — Сонда да көңiлiнде күмәндi жайлар жетерлiк едi. — Ендi қалпына келедi дей ме?


— «Келедi» дейдi, рас болса.


— Рас шығар, әйтпесе бекерден-бекер айтпайды ғой. — Бауырының көңiлiн демдеп қойды. Алайда өзiнiң арғы жағы сонда да табансыздық танытып, — жарақат қалай түскен? — дедi.


— Қарашықтың айналасындағы ағын жарақаттаған. Бiз бiлмегеннен кейiн мән бермеймiз, көз деген өзi бiрнеше қабаттан тұрады екен ғой. Әуелi әр қабатын өздi-өзiне дәнекерлеп, iлiндiрдi. Белгiлi бiр уақыттардан кейiн тағы да операция жасау керек дейдi.


— Ол не үшiн қажет?


— Онша түсiнiңкiремедiм, дәрiгердiң ұйғарымы бойынша солай. Әрi, шама келсе «Алматыға көз институтына барып қаралған жөн» дегендi айтты. Өйткенi, мында бүгiнгi күнгi жетiлген медициналық аспаптар жоқ көрiнедi. Ал ондағы ғылыми зерттеу институтында өркениеттi елдерде қолданатын қондырғылар болса керек.


Үлкенi мына әңгiменi көкейiнде қорытып, үнсiз бөгелдi.


— Тамақтары дұрыс па, қарындарың ашпай ма? — дедi одан ары қарай сөзiн сабақтап.


— Жоқ, қарын тоқ.


— Мынау Бибi пiсiрiп берген жылқының етi, қазiр жеп ал. —Қолындағы сөмкесiн аша бастады.


— Тоңазытқышқа қоя салалық, жанымда жатқан екi жiгiт бар, солармен бірге…


— Жарайды. Ұйқың қалай? — Әңгiменiң бетiн тағы да iнiсiнiң жайына қарай бұрды.


— Жаман емес.


— Түнде укол салмай ма?


— Жатардың алдында салады, көзiме дәрi тамызады, содан кейiн таңертеңге дейiн мазаламайды.


— Кешке бiрге болғанға сұрасам, жiберетiн шығар.


— Жiбередi ғой, жiбередi, — деп, Жүсiп жадырай үн қатты.


— Дәрiгерлер қайда отырады, мен сөйлесiп келейiн.


— Жүр, қазiр алып барайын. — Орнынан тұрмаққа бейiмделдi.


— Сен отыра бер, мен өзiм тауып аламын ғой. Тек қай бағытқа қарай баратынымды айтсаң болды.


— Азын-аулақ жүргенге ештеме етпейдi. Жаным жатқанды қаласа да ары-берi қозғалып, қан таратқан да шипа.


— Жарайды онда. — Жапар iнiсiн демей бердi.


Дәрiгер орта жастағы адам екен. Жалпыға сондай мейiрiн төккен шапағатты жан тәрiздi көрiндi. Жүсiптiң айтқанын анағұрлым ұғынықты, анағұрлым кең түрде жеткiздi.


— Шама келсе Алматыға апару керек. Бiздiң қойған диагнозымыз, жасаған ем-домымыз сәл жаңсақ болуы мүмкiн. Астанада осының бәрiн нақты айтады. Әрi ем белгiлейдi, соларды мұқият қабылдаған жөн.


Мұны естiп, Жапар мүлде қуанды.


— Онда бiрден алып кетейiн.


— Оған әзiрше Жүсiп жол жүруге жарамайды. Кiшкене осында әлi де оншақты күн емделсiн. Бiр жағы ертеңгi күнi ешқандай артық әңгiме болмас үшiн, оны Алматыға жiберетiндiгiмдi ескертiп, мен әскери базадағы дәрiгерлердiң қаперлерiне салайын.


— Рахмет, — Жапардың мына қамқор сөзге iшi елжiредi, — сонда қанша уақытқа жiбересiз?


— Бiр ай. Бiрақ көрсетiлген уақыттан бiр күн де кешiкпей қайтып оралуларыңыз тиiс.


— Әлбетте солай болады, ол жағынан қам жемеңiз. Сiзге көп рахмет, менiң бауырымның жайын ойлап, осыншама қамқорлық танытып отырсыз. Әйтпесе, бiреудiң денсаулығы бiреуге қаншалық қажет? — Мейiрi меймiлдеген қалпы дәрiгерге сүйiне қарады.


— Дәрiгер болғаннан кейiн, қолыңа түскен науқастың барлығы еш кiнәратсыз құлан таза айықса деп ойлайсың. Сондықтан ең қолайлы тұстарды iздестiремiз. Бүгiнгi Жүсiптiң жағдайында Алматы қалай да барып көрiнуi, қаралуы тиiс орын. Уақыт өтiп кеткеннен кейiн, онда қаралудың пайдасы да шамалы.


— Мың алғыс сiзге, Гүлзия Оспановна!


— Оқасы жоқ, өзiме тиiстi нәрсенi ғана iстедiм. Менiң орнымдағы кез-келген дәрiгер осындай шешiм қабылдар едi деп ойлаймын.


Ендi Жапар әңгiменiң әлпетiн өзге жайға бұрды.


— Басқа жерi аман ба?


— Ептеп миы шайқалған. Жүрегi лоблитыны содан. — Ынта-шынтасымен тыңдаған жiгiттiң өңiне «мәнiсi осындай» дегендей назарын бiраз бөгедi.


— Мұның жайын сiз бiле алдыңыз ба, төбелестен емес пе?


— Төбелестен емес. — Жанарын бұдан алмаған күйi басын шайқады. — Тегiнде әскери базада бiр нәрсе қит етсе, солдаттарды осы дәруханаға әкеледi. Өйткенi, өздерiнде госпиталь жоқ. Бiз науқасты қабылдамас бұрын, үнемi себебiн сұраймыз. Бұл жолы да дәл солай еттiк. — Сәл бөгелдi. — Әрине, оңай емес қой, үшiншi қабаттың тұскиiздей далиған терезесi бар пәрменiмен төбесiне түскен. Қайта мертiктiрiп, сойып кетпей, құдай бiр сақтаған.


Жапар мына құнтақтылыққа ризашылықпен сүйсiне жымиды.


Дәрiгер қайта сөзiн сабақтады.


— Расында да сол күнi қатты дауыл соқты. Жазық дала болғаннан кейiн бе, бiзде ондай жағдай жиi бой көтерiп тұрады.


Жапар өзiнiң тым қазымырланып кеткенiне ыңғайсыздық танытқандай, иiнi салбырай:


— Гүлзия Оспановна, басы артық сауалдар қойсам айып етпеңiз, пендешiлiкпен анық-қанығын бiлгiмiз келедi ғой.


— Ол әлбетте, мұның еш артықтығы жоқ. Бәрi орнымен.


— Жақсы, сау болыңыз, мың да бiр рахмет сiзге.


Дәрiгермен жылы қоштасып, көшеге бет алды.


Жапар таяу маңдағы қонақүйдiң бiрiне келiп, екi кiсiлiк нөмiрге тоқтады. Сосын дүкеннен оны-мұны iшiп-жерлiк дүниелер алды да, тоңазытқышқа жытырды. Содан кейiн барып, iнiсi жатқан дәруханаға бет түзедi. Бағана Гүлзия Оспановна бүгiн бауырлардың бiрге болуына рұқсатын берген. Жүсiптi әкелiп, кеңiнен бiр әңгiменi толғатпақ.


*** *** ***


…Екеуi нөмiрде сүт қатқан қою шайды iштi дерсiң. Жапардың да хатты алғаннан берi маңдайы жiпсiп, шай iшкенi осы. Әйтпесе, көңiлi алағызып, ештеме жүрмей қойған. Анық-қанығына көзiм жеткенше қоя тұрайын деп, ауылға да хабарламаған. Ендi, мiне, аман-есендiгiн көргеннен кейiн арқа-басты кеңге салып, жайбарақат отыр.


— Халiмiз жақсы, құдай бұйыртса университеттi де бiтiремiз. Мен жұмысқа тұрғанмын.


— Көрiм болған екен, — деп, Жүсiп қуанып қалды.


— Жұмысқа толық араласқаннан кейiн ел қатарлы күн көрiп кетермiз. Оның үстiне арнайы жолдамамен барып жатырмын, екi жылдың аумағында баспана да берулерi тиiс.


— Тiптi жақсы. — Iнiсi мүлде арсалаңдап, мына жаңалықты масайрай қабылдады.


— Апаңдардың халдерi жақсы, кiшкентай немересiн ермек етiп, мәз.


Жүсiп төмен қарап күлiмсiреп, үн-түнсiз бөгелдi. Өйтетiнi, бұл жазған бiрдемеден құр қалатындай мектептi бiтiрiсiмен отау құрған. Армияға аттанғанында соңында ұлы мен келiншегi қалды. Соған ендi бiртүрлi қысылатын сыңайлы.


Осы толас екеуiн де екi түрлi ойға бастады. Жапардың жадына Жүсiптiң кiшкентай кезi оралды. Бойы бiр қарыс боп ап, тiлi тастай тақылдап, сарқылмайтын сөзқалта едi. Таппайтын бәлесi жоқ-тұғын. Сонысына сүйсiнiп, жұрт күлген сайын үдететiн. Өзi қап-қара, екi көзi шоқтай жанып, әркез қулана жымиып тұратын. Бiр нәрсенi бастар кезде тәмпiш танауын қос-қостан тартып, кiрпiгiн екi-үш қабат қағып-қағып жiберетiн. Оның бұл ұсқынына үнемi көтерiле селдiреген маңдайындағы үкiдей ғана бiр тұтам кекiлi тiптi әр берiп, бойындағы қиқарлықты алыстан әйгiлейтiн. Әлденәрсеге келiсе алмай Сапармен iлiк-шалыс боп төбелесе қалса, аяқ-қолы бiрдей жүгiретiн шапшаң едi.


Бiрде көршi ұжымшардың егiнiн қарауылдайтын шал, түс әлетiнде үйге түскенi бар. Бұлар барлығы мамыражай шай iшiп отырғанында үстiнде тұрсиынан басқа лыпасы жоқ Жүсiп алқын-жұлқын кiрiп келгенi. Кекiлi әдеттегiдей осқырған аттың құлағындай тiкiрейiп алыпты, көзi жапалақтың көзiндей жанып тұр. Балтыры сатпақ-сатпақ батпақ.


— Ассалаумағалейкүм, — деп, төрдегi ақсақалдың қасына iркiлiссiз жетiп барды. Қария оның мына шiлтиген ұсқынына қарамай сәлемшiлдiгiне сүйсiндi ме:


— Ой, дәу жiгiт бол! Не деген әппақ баласың? — дедi жымиып. Iзiнше Жүсiп iркiлместен:


— Мен әппақ емес, жылтыр қара газитпiн! — дедi нық, насаттана.


Үйдiң iшi қыран-топан күлкiге кенелдi.


— Ой, жарайсың, балам, таудай жiгiт бол! — Шал батасын берiп, кеңк-кеңк күлдi.


Жан-жағындағы булыға күлген жұртты ерен көретiн Жүсiп жоқ:


— Апа, шын тамағыңнан бер, — дедi құйрығы жерге тиер-тиместе тағы да зуылдап.


«Ол несi?» дегендей, шал бұлардың шешелерiне қарады. Осыны түсiне қойған Нұрғаным:


— Шайды жалғанда жақсы көредi, сондықтан «өңге тамақтың бәрi тамақ емес, шын тамақ — шай» дейдi, — дедi күле сөйлеп.


Бұған қария сақалы тұштаңдап және бiр күлiп алды да:


— Не деген керемет бала?! — Жанында отырған шынашақтай қара ұлдың мейiрлене арқасынан қақты. Жүсiп танауды әрiден бiр тартып ап, күнi бойы мал соңында жүрiп, қаңырығы түтегендей кесеге бас қойды.


Тағы бiрде ұжымшардың жайлауға айдап бара жатқан қойына аңдаусызда бұлардың отары қосылып кете жаздады. Жапар бас боп, өңкей шиборбайлар малға қарап жүрген. Ойынға алдана қалыпты. Жосыла жотадан құлаған бөгде малды байқасымен тұра шапты. Ар жағынан да етегi делеңдеп шоқытқан аттылы көрiндi. Мыңғырған қос отар тура былығуға сәл таянғанда, екеуi екi жақтан жеттi. Бейтаныс шопан қызыл көз бәле екен, әлде үркесоқтаған сарыауыздарды басынғандығы ма, қалпағын оқшырайтып дүрсе қоя бердi.


— Өй, малдарыңа неге қарамайсыңдар?! Дәл айдау жолдың үстiне тастап… Былығып кеткенде не жасар ек? Өй өңшең…


Бiраз жiнiге тепсiнiп ап, ұзақ-сүрлеуден қажыған малшы тепеңдей жолына түстi. Кешке үйге келген соң Жүсiп «қойшы ұрсып жатқанда қолымды қалтама салып, «оттапсың» деп шығарып тұрдым» дегенi. Бұған әке-шешесi қыран-топан күлкiге кенелсiн.


Осы сурет үлкенiнiң көз алдынан жүгiрiп өттi.


— Мен ауылдың өмiрiн түсiрсем деп ойлаушы едiм.


Жапар мына тосын ләмге ерiксiз жалт қарады. Iнiсi әлдебiр бұлыңғыр iлiктiң орамынан шыға алмаған күйi, бұған назарын аудармай көкейiнде бұқпантайлаған ниетiн жаймен ашты. «Түсiргенi қалай? Мұны айтқан шын Жүсiп пе?» деп бiр жағы аласұрып, бiр жағы әңгiмесiне елiте бердi.


— Бiрақ оған Мәскеу, не Петербордағы режиссерлықты бiтiру керек.


Ауылдың баласына режиссура туралы бiрде-бiр мұғалiм яки бiрде-бiр көлденең көк атты әңгiме айтпайтыны мәлiм. Ал мынаның бұл жайтты қайдан қозғап отырғанын, ақылына сыйдыра алмады.


— Театр емес, кино режиссеры болу арманым едi.


Осы уақта ғана ағасына матамен таңылған басын ебедейсiздеу бұрды. Көгерiңкiреген ашық тұрған бiр жақ көзi, бөлме iшiндегi алакеуiмнен бiртүрлi сұсты боп үңiрейдi. Жапар осы кезде жаздың кешi үйiрiлiп, қызыл iңiр шақтың жайлай бастағанын топшылады. Сосын орнынан баяу көтерiлiп барып шам жақты.


— Ендi, қайда-а оған қол жеткiзу.


Жүсiптi бiртүрлi аяп кеттi. Үстiне әйнек құлап көзiнен жарақат алғандығы үшiн емес, соншама зерек бола тұра, онысы еш кәдеге аспайтынына жүрегi ауырды. Байқұс бауырының көкiрегiнде алып қашқан әлдебiр үмiт ұшқынының лаулап жана алмай, қи шоғындай қоздап, сосын бiрте-бiрте бықсып, лажсыз өшiп бара жатқанын бiлдi. «Шындығында да ендi бұған қайдағы оқу? Кәрi шеше анау, әке жоқ. Селбесерлiк қауқар өзiнде де жоқ». Абайсызда ауыр күрсiндi. Кеудесiне шер байланған iнiсiн не деп жұбатарын бiлмедi, қыстыққанда аузына оңтайлы да сөз оралмады.


— Мен Құнанбайды жақсы көремiн. Маған салса, көзi түгел Құнанбайды сомдар едiм. Жарықтық, «өз топшылауым бойынша, адамның қай мiнезi қасиеттi болса, сол мiнезi мiнi де болады. Мен өмiрде ұстаған нәрсемдi берiк ұстанам. Жақсылық — кiсiнiң айнымас табандылығында деп бiлемiн. Соның түбiнен мiн шығатын кез де болатын шығар» деген едi салынды күйге түскен кезiнiң бiрiнде.


Жапар аң-таң күйде Жүсiпке барлай қарады. Мына ләмнiң соның аузынан шыққанына онша нанбайтындай. Кiшкентай кезiндегi қуақылана айтатын қылжақтары болғанымен, астарлы дүниенi екшеп, салиқалылықпен зерделейтiнiн күтпеген. Ендi, тұңғиық тұжырымға ден қойған iнiсiнiң зиынына iшi жылыды.


— Қазақтың қонақжай, көпшiл, көнбiс мiнездерi — қасиетi. — Үрленген қарындай ғып таңылған басын сәл тұқыртып, ойлы кепте сөзiн әрмен жалғастырды. Сырт қараған пендеге оның осы кездегi ұсқыны ебедейсiздеу едi. — Құнанбай жаңағы уәждi құнанбайшылдықпен айтса да, жарықтық, құдайшылыққа да бiр табан жақын екенiн аңғартты. Осы ақжарылқап мiнезiмiздiң түбiнен мiн шығып, бiздiң ақырымызға жетуге тақау.


Рас. Айтып отырғанының бәрi көңiлге қонымды. Бiрақ, бұл сөздiң Жүсiптiң отыз тiсiн жарғаны әлi ағасының ақылына қонбайды. Кеше ғана ештеменi парықтамай арсың-гүрсiң жүрiп, артын апай-топай жасап армияға кетiп едi. Арадағы бiр жылдың iшiнде осыншама өсiп, осыншама байсалдылықты қайдан ала қойған? Соған қайран.


Таңдана таңдай қағуда әрi әндемдi ләмiне жаны да үйiрiлiп барады. Өмiр бақи түк көрмейтiн қойшының қорасында өскенiмен, осындай азаматтық көзқарасын байқатқанына дән риза. Ұл дегендi кез-келген дойыр қатын бiр күшенiп туа салады, ал барлық жағынан терең адамдардың дүниеге келуi қиын. Оны аналар ғана өмiрге әкеледi. Мынандай әңгiменi қозғап ширатқан Жүсiп, тегiнде, көптiң бiрi болмауы керек.


— Иә, жылқылы ауылмен көршiлес, қоңсылас жүрудiң мезетi әлдеқашан туды. Әйтпесе бәрiмiз ынжықтықтан жүнжитiн түрiмiз бар. Бойымыздағы жалпақшешейлiк басқа жұрттың алдында жермешелдiкке әкеп тiредi. Бiр сәт еңсенi көтерiп, мына ғаламға ойлы көзбен қарау керек сияқты. — Әуелгi ойынан ажырай алмаған Жапар iнiсiнiң тұшымды ләмiн осылай мақұлдады.


— Ауылдың сыртындағы сонау бостан түзден өрiп шыққан бiздi, қала түгiлi, сол отыз шақты үй шоғырланған ұжымның орталығындағы елдiң өзi көрбала көрiп, мұрынын шүйiрмедi ме? Мынау әлеуметтiк теңдiктi көздеген кеңес өкiметiнде де қанша талпынғанымен пенденiң бiреудi кемсiту, тең санамау ниет-пиғылы өзгермедi. Әлеуметтiк теңдiкке ешкiм жете алған жоқ. Өйтетiнi, шындығында да қайсы жұрт бай болды, бар болды. Ендi қайсыбiрi жоқ болды, кедей болды. Бiз нағыз ыңыршағы айналған кедейдiң, қулығы сәл басым түскен бiлеуiттердiң — ерiнi жалақ жалшысының баласымыз. Сондықтан, жылқылы ауылмен қанша көршi болсақ та қамбар тұқымының әлеуеттi тұяғының дүсiрiнен үрпиiсiп, бiрден еңсемiздi жазып кете алмаспыз.


Өз төтелi байламын жасап, терең тұжырымға тоқтаған iнiсiнiң бекер жүрмей әр нәрсенi екшей жүретiнiн ағасы ендi ұғынды. Осы уақытқа дейiн мұның бойындағы зеректiктi аңғармай келген қара басының мешеулiгiн бүгiн кешiре алмайтын сияқты. Қалай да соңынан тартуы керек. Бiрақ, әрнәрсеге өктемдiгiн жүргiзетiн өмiр бұған дегенде әлдеқашан үкiмiн шығарып үлгерген. Алғашында шай қасықпен бал жалатқандай алдаусыратып, ақырында ауыр жүктiң қамытын мойнына iле салған едi. Iле салған жоқ, өзi барып киiп алған-тұғын. Ендi оны қайта сыпырып тастап, арман қуу үшiн алаяқ, арсыз болуы керек. Арсыздықпен жеткен биiктiктен адалдықпен тапқан бiр аяқ ас артық. Мейiрiң қанып iшесiң.


Жапар ауыр күрсiнгенiн байқамай қалды. Дегенмен, лезде жайдақтау сары уайымға салынғанын аңғара қойды. Сөйттi де iнiсiне қарады, ол да әлденәрсенi ойланып кеткендей. Бiрақ ақ дәкемен шандылған өңiнен тап басып бiр нәрсенi пайымдау қиын едi.


— Қой, ыстықтай шай алалық. Көптен берi сүт қатып, «шын тамағыңды» маңыздап iшпеген де шығарсың. — Iнiсiнiң бетiне күле көз жүгiрттi.


— Жоқ, ә-ә, дәруханада баптап-ақ демдеймiз, бiрақ үйдегiдей қайдан болсын.


Жапар әлгiнде даярлаған оны-мұнысын iнiсiне қарай жақынырақ ысырды.


Сол күнi сағынысып табысқан ағайындылар түннiң бiр уағына шейiн әрнәрсенi қозғап, талмаусырағандарынша ұйықтамады.


Уақыттың тығыздығынан үлкенi ертеңiнде қайтадан Алматыға ұшып кеттi. Әйткенмен, шаруаның иiн қандырып, Жүсiптi соңынан астанаға бiр ай мезетке дұрыстап қаралуы үшiн жiберетiндей етiп, келiсiп аттанды. Одан кейiн де дәрiгермен телефон арқылы байланысып тұрды.


Айтқанындай-ақ, арада көп өтпей Жүсiп Алматыға келдi. Алыстан «мен мұндалап» айғайлайтындықтан көзiн жеңiлдеп таңып қоюға ұялып, үстiне бет орамалын қойып қолымен басып алыпты. Тозаң шалмасын деп көшеде ғана сөйтiп жүредi екен. Үйде анда-санда шет-шетiн сүрткенi болмаса, былайғы уақытта ашық. Зақымданған жанар ап-айқын көрiнiп тұр. Доғалаң түсiп шел басқандай, әйнек тiлiп өткен жарақаттың орны ағарып, оның төңiрегi қанталай қызарған. Құдайдың шеберлiгiне дауа жоқ,


дiмкәстенiп, солғын тартқан көз ұясының iшiнен қарашығы ғана жылтырайды.


Бiр шайын iштi де одан ары бөгелместен ауылға аттанды. Ол жақта оншақты күндей аялдап, содан кейiн дәрiгерге қаралды. Тыңғылықты емделген соң әрi мөлшерлi кезең де түгесiлiп, қайта Арқалыққа оралды.


ХIII


Тынбай шапқылап, аяқсыратып алған жұмысын төрт-бес күннiң iшiнде бiр ықшамдап қойып, Алматыға ат басын тiредi.


Күн сенбi едi. Қайткенде де айтылған ақшаны төрешiнiң қолына ертең ұстатуы керек. Ертеңнен қалса, қылышыңды боққа шап. Одан кейiн он мың доллар тапсаң да құны көк тиын.


Ендi баратын ешкiмi де қалмады. Тек көздеп келе жатқаны өз бастығы, акционерлiк қоғамның президентi — Зейнел.


Сондықтан, үйге кiрiп жуынып-шайынысымен тура соның өзiне тартты. Әйткенмен, амал қанша, әншейiнде офистен табылатын жiгiт, қас қылғандай орнында болмай шықты. Сұрастырса, Болгариядан бiр iскер азаматтар келген екен де, солармен үлкен ауқымдағы мәмiле жөнiнде келiсiм-шарт жасасыпты. Шаруа оңтайлы бiткеннен кейiн меймандарын демалдырып, құрметтеп жатқан көрiнедi. Бiрақ, қайда әкеткенiн жан баласы бiлмейдi. Бiлсе де бiлмеген бола ма, әйтеуiр, хатшы қыз, бухгалтериядағылардың барлығы тоңтерiстiк байқатты. Жалма-жан ұялы телефонына хабарласып едi, оны да ағытып тастапты. Шамасы, ешкiм мазамызды алмасын дегенi болар.


Нақтысында солай екенiн де бiлiп тұр. Бiрақ, қалай да тауып алып, бiр ауыз тiлдесуге ділгір. Ең соңғы табан тiрейтiн тұғыры да сол. Иә бар, иә жоқ. Осыны ғана бiлiп, тыным табуы тиiс. Ал оған дейiн бiр сәт те тежелуге құқығы жоқ сияқты. Уақыты тым санаулы. Сол тығыз мезеттiң iшiнде ештемеден тайынып, шектелiп қалмауы керек.


Осындай байламға бекiнген ол президенттiң қасына жақын жүретiн басқа жiгiттерге телефон соға бастады. Ақыры тапты, «Алматы» мейманханасының астындағы саунада қонақтарымен оңаша байыздапты. Ендi үстiне бармаса, шамалы мезеттен кейiн мүлде ұстатпай кететiнi аян. Сондықтан, ұят-аяттың бәрiн жайына ысырып қойып, тура солай қарай тартты.


Қонақүйдiң алдына тоқтағанында өздерiнiң бiр топ жiгiттерiн ұшыратты. Қолдарына көтерген сөмке-сөмке iшiм-жем. Мойындары сорайып-сорайып, әртүрлi жалтырақтан «кимешек киген» шетелдiк шампандардың қылпы бiлiнiп барады. Екi-үш қорап сыраның да нобайы байқалды. Жемiс-жидек…


Олармен қысқа ғана амандасты.


— Зейнел осында ма? — Бiрден шаруасына көштi.


— Осында.


— Сендер сонда барасыңдар ма?


— Иә.


— Қасында кiмдер бар?


— Шетелдiктер.


Сөйлей табалдырықтан iшке ендi.


Қонақүйдiң жертөлесiнде үлкен сауна бар едi. Барлығы солай қарай төмен түстi. Әлгi жiгiттер келген бетте iркiлмей iшке батыл ендi. Бұл солардың соңын ала табалдырықтан аттаған. Дәл осы сәтте асыл затты бекзадалар демалыс бөлмесiнен шығып, шомылатын жаққа қарай өтiп бара жатты. Ақ жамылғыға оранған екi қазақ қызының бет-әлпетiн де назары шалды. Ақсары өңдiсi бұған еш қымсынбай қарады да, ылғи да осындайда құрақ ұшып жүретiн көп күтушiлердiң бiрiндей қабылдады. Соңын ала арқасын жалаңаштап тастаған Зейнел кетiп барады. Ыңғайсыз екенiн бiле тұрса да, «Зәке» деген сөз аузынан қалай ытқып шыққанын аңғармады. Ол қалт бөгелдi. Мұны көрiп:


— Өй, қал қалай, қайдан жүрсiң? — дедi. Әйткенмен өңiнде «мұнда неғып келдiң» дегендей жақтырмаған рай байқалды.


— Зәке, ассалаумағалейкүм!


Ұшырамайтын жерде табылғанына ебедейсiздеу кепке енiп, қолын ұсына бердi.


— Әликумсалам! Жайшылық па?


— Жоқ.


— Не боп қалды?


— Менiң туған iнiм iстi болған едi… — Күмiлжiп мүдiре бердi. — Дүйсенбiде соты.


— Жылдамырақ айт.


— Соған екi жарым мың долларды ертең апарып беруiм керек. Әйтпесе, кемiнде он жылды арқалайын деп тұр. Бiрақ, менде беретiн ақша жоқ. Өзiңiзден қыжалаттықпен жәрдем сұрап...


Президентке тура қарауға жүзi шыдамай, төменшiктей бердi. Ол бұған өткiр көздерiн қадап бiраз сұлқ тұрды да:


— Ақшаны кейiнiрек беруге болмай ма? — дедi.


— Жоқ. — Жаны шығып кете жаздап, ышқына сөйледi. — Бiз бұның алдында да келiсiлген уақтысында ақша таба алмай, әзер дегенде бiр аптаға мұрсат алдық. Оның мезетi бүгiн кешкi сегiзде бiтедi. — Соңғы сөздi ойынан қосып жiбердi.


Тағы да арада үнсiздiк орнады. Бастық бұған бедiрейе қалыпты.


— Қағаз бар ма?


Жапар жанұшырып жанын қарманды. Дереу қойнынан бiр жапырақ кiтапшасын шығарып, қаламсабымен қоса бастығына ұсынды. Ол бiр нәрселердi асығыс-үсiгiс сойдақтата бастады. Сосын:


— Мә, — деп қайырып бердi. — Қазiр үйге бар да мамама мына қағазды ұстат. Мен айтты де, екi жарым мың ақша берсiн. Дүдәмалданса, телефон соқсын. Оған дейiн өзiм де звондап қалармын. — Осыны айтты да асығыс iшке қарай жүре бердi. Кiндiгiнен бастап оралып, тобығын қаққан ақ жамылғысы бiр-екi делеңдедi де көзден тасаланды.


Жапар меңiрейiп, сенделiп қалды. Мына малағамның шын-өтiрiгiне нанбай аңырып, ештеменiң байыбын аңғара алмай тұр. Арғы жақтағы есiк тарс етiп жабылғанда барып, өз-өзiне келдi. Сосын қолындағы кiтапшасына бiр, жабылған есiкке бiр қарады. Сөйттi де сөлбiрейiп, сыртқа беттедi. Былай шыға берiп кiтапшаны ашып оқып едi: «Мама, мына Жапарға екi жарым мың доллар бер. Зейнел. 16.06.94 жыл» деп қолын қойыпты. Жүрегi аттай тулап, тамырлары қалыптағыдан ерекше бүлкiлдей жөнелдi. Iзiнше жүдемдете басып, есiрiк айдағандай машинасына дедек қақты.


XIV


Ақшаны алған бетте иығынан ауыр бiр зұлмат жүк түскендей он екi мүшесiн қауырсыннан да жеңiл сезiндi. Бiрден тынысы кеңейiп салды. Iштей бастығының үлкен адамгершiлiгiне тамсана сүйсiндi. «Алтын азамат қой. Сөзге келмедi. Осынша байлық пен даңқты көтерiп жүргенi де кеңдiгiнен шығар. Әрi тiкбақай қалалық емес, ауылда туып, жоғары сыныптарды ғана қаладан бiтiрген, елдiң жiгiтi. Сондықтан қазақы тiрлiк оған жат емес. Бұл ақшаны бүгiн алдым, ертең қайтарамын. Қайтарудың жол-жобасын кейiн келiсермiз» деген ұшпа ойлардың жетегiне iлесiп, жөней берiптi. Әйтеуiр, көкiрегiн саңғыратып жiберген лекiген қуаныштың көрiгi бар. Өзiн көкте ұшып келе жатқандай сезiнедi.


Заулатқан бетi ешқайда бұрылмай үйге келдi де, апыл-ғұпыл оны-мұнысын алып, жолға шықты. Тағы да бүгiн түнделетiп Талдықорғанға жетiп, ертең ертеңгiлiк Нұрланның қолына уәде бойынша мынаны ұстатуы тиiс. Ол одан ары қарай облыстағылардың көмейiн майлап, сот бiткеннен кейiнгi уақыттарда шығарған шешiмiне қарсы ешкiм бықсытып жүрмейтiндей жағдай жасамақ. Әрi қалалық прокурордың көңiлiн табу да дәл ертеңгi күннiң еншiсiнде. Сондықтан, алдында тұрған бiр тәулiктiң әрбiр секунды да қымбат. Бәрiнен, анасының қуанышты жүзiн көру баршасынан жоғары. Жүрегiне тас байланғандай сазыған кеудесiн зұлмат шердiң зiлзаласынан бiр тазартпақ, құдай бұйыртса. Сөйтiп, мына тантал азаптан шерменде жанды барынша тезiрек босатуға асыға түстi.


Бүгiн түске қарай ғана өздерi аттанған Талдықорғанның қақпасынан өлi қонаға қайтадан енiп келе жатты.


Қанша шарқ ұрып шабуылмен дiңкелеп жүрсе де, әлденеден елегiзiп ұйықтай алмады. Қайта-қайта ояна бердi. Жаздың сарғайып тамылжыған таңы да бiлiне бастады. Уақыт шамасы, алтыларды алқымдаған. Осы кезде кiрпiгi iлiне қалыпты. Көзiн ашып алса үйдiң iшi самаладай жарқырап тұр. Бiрден атып түрегелдi. Столдың үстiндегi сағатына қарап едi сегiзден ендi кетiп барады екен. Ас үйден әлденәрсе жөнiнде балдырлаған Сапардың дауысы бiлiнедi.


Шалбарын кидi де жуынуға беттедi.


Көңiлi орныққанымен төрешiмен жүзбе-жүз жолығыспай тарқамайтын, жанында әлдеқандай қыстығудың сызы бар едi. Ендi сонымен бiр ауыз тiлдеспей байыз табарлық жайы жоқ.


Ол қас қылғандай бұлар нысанаға ұстаған Крупскаядағы үйiнде болмады. Талдықорған қаласындағы пәтерiн бiлмейдi. Ендi тек үмiттi Шұбардағы мекенiне артып келедi. «Сол жерден табыла қойса…»


Ерқашты ой әбден зықысын қашырды. Бұғанға дейiнгi шаршағаны, елiм-телiм жүгiргенi онша әлiне тимеген екен, қазiр жаны қарқараға жетiп, қинала қыстығады. Жан-жағындағы дүниенiң ештемесiн аңғаратын жайы жоқ, есi-дертi Нұрланды қалай да тезiрек табу.


Ынта-шынтасымен осындай бiр ғана ниетке құлаған. Сондықтан да машинадағылардың өзара айтатын әңгiмелерi де таусылып, барлығы томсарған кепке енген.


Мiне, айдан астам уақыт бұрын келген үйiнiң көк қақпасы көзiне оттай басылды. Ол кезде түн iшi боса да, самаладай жанған шамның жарығынан сыртқы нобайы тұтасымен ең бiр ыстық дүниедей жадында қалып қойыпты.


Машина тоқтар-тоқтамастан атырылып, өңмеңдей iлгерi ұмтылды. Ылдым-жылдым барып тұтқаны тартып едi, тас бекiтулi. Ар жағындағы темiр бауы сылдырлады. Сол кезде арыстан иттiң арп еткен үнi қоса естiлдi. Ол апырақ-тапырақ басып өңкiлдей жетiп, есiктiң болар-болмас саңылауына тұмсығын тақап, шабаланған бай-баламымен жер-көктi көшiрдi. Бiрақ селт етiп үйден ешкiм шыға қоймады. Күтiп бiраз бөгелдi. Ақыры болмаған соң, ноқаттай қара нүктенi басып-басып жiбердi. «Қап, әттеген-ай, бiр жаққа кетiп қалғаны ғой» деп бұрыла берген. Өшкен үмiтiне жарқ еткiзiп сәуле түсiрiп, ар жақтағы үйдiң есiгi ашылды. Жанталаса еңсесiн салып саңылаудан сығалады. Жiгiт боп қалған түнекүнгi баласы келе жатыр екен. Қуаныштан кеудесi күмбiрледi. Ол қақпа есiгiн жартылай ашқанында-ақ:


— Қал қалай? — деп, бұл желдiң өтiне жайылған кiрдей жарбаң еттi. Әлгi неме меңiреудей түсiнiксiздеу басын изедi. — Папаң үйде ме?


— Жоқ.


Мына қырсыққа әп-сәтте өзегi талып, зығырданы қайнай жөнелдi. Бiрақ онысын байқатпауға тырысты.


— Қайда?


— Текелiдегi салынып жатқан үйдiң құрылысын көруге кеткен.


Бұл кезде машинадан әдейi шықпай отырған Сапар да жандарына тақап едi. «Текелi» дегендi естiп, ол бiрден сөзге араласты.


— Текелiнiң қай жерiнде?


Ересек бала ендi Сапарға қарата сөйледi.


— Сол, папамның жұмысының жанында.


— Оның қай жерi? — Сапар тақымдай түстi.


— Соттың жанынан қиыстай екiншi кардонға қарай асфальт жол кетiп жатыр. Сонымен тура бара бергенде әлгi жол оңға бұрылады. Дәл сол бұрылыста солға бұрылған жай жолдың сүрлемi бар. Сонымен жоғары көтерiлгенде жаңа құрылыс участогi басталады. Сол жердегi бер жақ шетiнен санағандағы төртiншi, екi қабатты үй — бiздiкi. Папам сонда.


Бұлар «таба аламыз ба, таба алмаймыз ба» дегендей бiртүрлi ойланып қалды.


— Папаң түсте үйге келмей ме? — деп сұрады Жапар.


— Бiлмеймiн. — Бала иығын қиқаң еткiздi.


— Кешке осында бола ма?


— Талдықорғанға кетемiз деген.


Мұны естiгеннен кейiн Сапар салған жерден:


— Талдықорғандағы үйдiң телефонын бершi, — деп сұрады.


— Онда телефон iстемей тұр.


Ендiгi әңгiменiң мақсатсыз екенiн бiлiп, бұлар «жақсы» деп, иiндерi салбырай сырт айналды.


Машинаға мiнiсiмен Жапар:


— Текелiге тарттық,— дедi шопырға.


Баланың сiлтеуi бойынша нобайлап жүрiп келедi. Мiне, қалалық соттың жанынан қапталдай өткен жолға түстi. Расында да ол көп ұзамай екiге айырылды. Бiреуi — сүрлеу. Әлгiмен қияс өрге беттегенде бiраз үйлерден кейiн жаңа тұрпатта салына бастаған өңкей еңселi коттедждер бой көрсеттi.


— Осында шығар. — Сапар күңк еттi.


— Сана, төртiншi үй қайсы?


Ол да алыс емес екен. Тұспалдап бiр үйдiң қасына тоқтады. Екi орыстың жiгiтi үстерi лай-лай, шаруа жасап жүр. Түскен бетте Жапар амандықтан соң әлгiлерден:


— Нұрланның үйi қайсы? — деп сұрады.


— Осы.


— Қожайын қайда?


— Обедке кеттi.


— Ендi мұнда қайтып келе ме? — Жапардың жаны шыға қойған сауалы осы болды.


— Бiлмеймiз.


— Қап әттеген-ай, ә-ә, — деп, санын бiр соқты.


— Жүр, не де болса Шұбардағы үйiне барып күтелiк, — дедi Сапар лажы таусылып тұрса да, ағасын жұбатып.


Мойындары салбырап, көлiктерiне қарай құлықсыз iлбiдi.


«Жазған құлда шаршау жоқ». Қайтадан салып ұрып Шұбарға жеттi. Ендiгi байламы — осы жерден тапжылмау, «кеудесiнде жаны болса қайткенде де кешке дейiн бiр соғатыны айқын» деген тұспал жасады.


Осындай ойдың сүресiмен көк қақпаға тағы да тұмсық тiреген. Бұлар Текелiге шабуылдап кеткен екi ортада Нұрланның үйiне келген-келмегенiн бiлу мүддесiмен Жапар табаны жерге тиiсiмен, дарбазаға жүгiрдi. Бiрден қоңырауды басты. Бағанағыдай емес, iзiнше-ақ әлгi бала төбе көрсеттi. Ол бұның ұсқынын есiктен мойнын шығара салғаннан байқап:


— Келдi. Үйде! — деп дауыстады.


Жақсы лепестi естiсiмен Жапардың жүрегi тайша тулап ала жөнелдi. Нұрлан қолына түссе бiттi, жұмыстың бәрi жайымен шешiле салатын тәрiздi көрiнген.


Қапелiмде есiн жиып ала қойып алақ-жұлақ жан-жағына қарады. Iздегенi албастыдай арпылдаған қабылан едi. Мұның бұл сықпытынан иттен үркесоқтап тұрғанын ұғынған бозбала:


— Жүре берiңiз, ол байлаулы, — деп дауыстады.


Шынында да көзi қанталаған абылаңқыны анау жақтағы гараждың қасына апарып тұқитқан екен. Соған ызалы төбет одан сайын атырылып, қазықты жұлып кетпек ойы бар.


Жапар итке бiр қарап қойып, үйге заулады.


Бұл жолы үстiңгi қабатқа көтерiлмедi. Аяғын шешкенiнде бiрден қожайынның ұлы:


— Былай жүрiңiз, — деп, қақ маңдайындағы есiктi нұсқады. Солай қарай беттедi. Есiк айқара ашылғанда-ақ «көк қорапқа» үңiлген Нұрланның берекелi тұрқы байқалды. Табалдырықтан аттасымен:


— Ассалаумағалейкүм, Нұрлан аға! — дедi дауыстап, ондағысы үй иесiнiң көңiлiн өзiне аудару едi. Теледидар көрiп отырған ол маңғаз кепте бұрылды. Әйткенмен:


— Әликүмсалам! Иә, келуiңмен. Ат-көлiк аман-есен бе? — деп күле үн қатып, өткендегiдей емес iш тарта сөйледi. Оның бұл меймандос ишаратынан Жапар тағы бiр сергiп қалды.


— Сiзге жете алмай сүрiнiп-қабынып, өзiңiздi әзер ұстадық. «Мына бәтуасыздар тағы да жоқ» деп ойлап отырсыз ба деп, жанымыз мұрнымыздың ұшына келдi. Кешiккенiме кешiрiм өтiнемiн. — Жапар үй иесiнiң ыңғайына жығылып, сарылтып қойғанын мейлiнше жуып-шаюға тырысты. Бiрден баса-көктей өтуге және ретiн таппай, босаға жақта бүгежектей бөгелдi.


— Оқасы жоқ. Қат дүние қолға түспей дiңкелететiнi бесенеден-белгiлi. Оны бiлемiз. Мына жерге кел. — Иегiмен жанындағы креслоны нұсқады. — Әлгiнде келiп кетiпсiңдер, «қайта соғады ғой» деп, күтiп отырмын.


— Рахмет оныңызға. Өткендегi уәде бойынша айтылған iстi тындырдым. — Жапар сөзбұйдаға салмай бiрден шаруаға көштi. — Соны өзiңiзге табыс етейiн деп… — Сөзiнiң соңын жұтып, күмiлжи бөгелдi.


— Жақсы. — Нұрлан басқа ештеме айта қоймады. Әңгiме сәл саябырсыды. Осы кезде, — Қанат, бiзге бiр шырын әкеле қойшы, — дедi ұлына дауыстап.


— Қазiр, тоқта, мына ойынымды аяқтап тастайын! — дедi ол да сонадайдағы түпкi бөлмелердiң бiрiнен үн қатып. Шамасы жапсарлас бөлмеде компьютердiң қызығына бөксе керек, ыжылдаған, болмашы гүрсiлдеген дауыс шығады.


— Оларың жақсы болған, — Нұрлан ендi бұған қарап сөйледi, — тағы да өткендегiдей ыңғайсыздық килiкпесiн деп, сотты әдейi алдағы жұмаға емес одан кейiнгi аптаға белгiлегенмiн.


Жапар күтпеген жаңалығын естiгенде тiлi таңдайына жабысып, аңыра аузын аша қарап қалыпты.


— Ертең таңертең барысымен қағаздарын жаздырып, келесi дүйсенбiге барлығын сот процесiне шақыртамын. Олай етпеске қисыны келмедi, өйткенi шешiмнен бұрын нақты iс iлгерi жүруi тиiс.


— Түсiндiм, Нұреке. Мың да бiр рахмет бұл азаматтығыңызға. — Жапардың басы дамылсыз изелiп, алдындағы үйелменi үйдей неменiң аузына кiрiп кете жаздап отыр. Сосын мiндетi есiне ендi түскендей қойнынан ақ конвертке мұқият бүктелiп салынған ақшаны шығарды. Мұны байқаған төрешi:


— Тұра тұр! — дедi қолымен шорт кескен белгi берiп.


Бұл кезде ұлы да түрлi-түстi әшекеймен боялған екi қораптағы сусынды құлағынан сүйреп жеткен едi.


— Қанат, сен бар да ана иттiң шынжырын ұзартып, дарбазаны жап. — Пәрмендi үнмен иек қақты. Баласы сөзге келген жоқ, құлдыраң қағып, шапты да кеттi.


Ұлы шығысымен Нұрлан орнынан түрегелiп, анандай жерде серванттың сөресiндегi бiр қорап ақ қағазды нұсқады.


— Осының тура орта тұсынан бiр парақ ал да бүктеп, екi мыңды өз қолыңмен санап сал.


Жапар айтқанын бұлжытпай орындады. Көзiнше тиiстi соманы санап, бүктелген парақтың ортасына жытырды. Сөйттi де Нұрланға сұраулы кейiспен қарады. Осыдан кейiн ғана үй иесi жанындағы тумбаның суырмасынан және бiр парақты алды да қақ ортасынан екiге бүктей бастады. Сосын ақшалы қағазды Жапардың өз қолымен әлгiнiң арасына салдырды да, сыртынан қапсыра ұстап, жоғарыға көтерiлдi. Көп кешiкпей қайта қайырылып оралды.


— Ендi таңертең прокурорға барып бес жүздi бер. — Сонадайдан сөйлей түстi. — Оған мән-жайды айтқанмын. Өзiң де тағы кiшiк танытып, неғұрлым азырақ мерзiм сұрауын өтiнерсiң. Әйтпесе, ол барынша көп мөлшердi талап етсе, соттың оны ерен көрмей өз бейiлiмен шешiм шығаруы, жоғары жақтағы бәле iздегендердiң бiрден назарына iлiнедi. Осындай кереғарлықтар болмауы үшiн, прокурордың да ыңғайға қарай илiккенi әбден керек-ақ нәрсе. Осыны әдемiлеп жеткiзерсiң.


Жапар мына уәжге ләм-мим деп үн қатпай бақырайған күйi таңданыс кепте қалса керек:


— Прокурорға барып тағы да бұйымтай айтсақ, онда несiне далақтап шауып жүрмiз деп ойлап отырсың ба? — дедi диванға жайғаса берiп ол, жiпсiк көздерiн бұдан айырмай.


Қапелiмде жiгiттiң аузына төрешiнiң ләмiне сынаға жарарлық оңтайлы сөз түсе қоймады. Көмейiне келiп қалған ойын бiлдiруге асықпады, өйткенi ерсi шығып, қиястандырып аламын ба деп қауiптендi. Сондықтан үндемей ақырын күткендi жөн санады.


— Кiшiрейе салғаннан ештеме етпейдi. Әйтпесе, «менi айналып кеттi» деп дүрдараздық нышан байқатуы әбден мүмкiн. Қазiр бiзге мұндай басы артық шаруаның ешқандай қажетi жоқ. Қазақ айтатын «бетегеден биiк, жусаннан аласа» көрiнетiн уақ осы. Қарсы келгендi тайындыратын мансапты иеленген, қолына билiк тиген кез-келген пенденiң бойында бес еркектiң буы болатыны айқын. Ал, прокурордың жайы мүлде басқа.


— Алдына барғаннан кейiн, әрине, кiшiлiк танытып, ең бiрiншi айыпкер ретiнде рахымшылық етуiн сұрайтынымыз кәмiл. Әлбетте, сiздiң айтқаныңызды еш кiнәратсыз орындаймыз. Әуелi осындай жөн көрсеткен ағалығыңызға шексiз ризамын.


— Оқасы жоқ. Шалыс басқанның бәрiн түрмеге тыға берсек, ардақтайтын да адамымыз қалмас. Кейде осы бiр қазақы кеңпейiлдiк тамаша қасиеттердi ұстанып қалу үшiн де, әлдекiмнiң өңешiн майлауға тура келедi. Бiрақ, бұл әрекеттi заң тiлi түсiнбейдi. Түсiнбейтiн себебi, ол орыстық қағидаттарға сүйенiп, соған негiзделiп жасалған. Оның өн-бойында қылаудай бiздiң ұлттық мiнез-пайымға сай тұсы жоқ.


Мынау әңгiменiң әлпетi шым еткiзiп жiгiттiң жүрегiне ой тастады. Дәл осы жолы жай, өзiнiң iсiн жасыру үшiн сөз аялғысы ретiнде айтса да, мұнысы қисынды, көкейге қонымды. Әрбiр қылмысты iстiң бабы сол мемлекеттiң салт-дәстүрiне орайластырылып жасалуы қандай ғанибет. Осы тұрғыдан алғанда Қаз дауысты Қазбектiң шығарған үкiмi иманды әрi әлдеқайда ақиқатқа тән.


— Сiздiң жағдайыңызды әбден түсiнемiн, қалыптасқан «iшкi тәртіпке» де әбден қанықпын. Ұлттық жадыны айтып қалдыңыз, ол — бiздiң тұтастай қоғамның дертi. Осыны ойлайтын төрешiлердiң бары көңiлге медет. Сiздер қолға алсаңыздар бiтпейтiн шаруа жоқ, бiрақ заңның дiнi мен тiнiн өзгерту қиын да шығар. Ол ендi келешектiң iсi, мен бiр бұйымтай айтайын деп едiм.


— Айтыңыз.


— Ақыры сот ендi бiр жұмаға кейiнге шегерiлсе, сегiз айдан берi қапаста жатқан iнiмiздi бiр күн болса да бұрынырақ қол хатпен жарық дүниеге шығарып алсақ болмай ма?


— Азаматқа бiр жұманың салмағы онша көп күш түсiрмейдi. Одан да сот залынан бiр жола босатқанымыз дұрыс. Әйтпесе, жанымыз ашығандықтан артық әңгiме iлестiрiп, өзiмiздiң жолымызды өзiмiз кесiп алуымыз мүмкiн.


— Түсiндiм. Мен сорлы шешемiздi аяп барамын.


— Апаға айт, қорықпасын, дәм тартса ұлын көретiн күн таяу.


— Рахмет, Нұрлан аға! Сау болып тұрыңыз, айтқаныңыздың бәрiн бұлжытпай орындаймын. — Қолын қос қолдап алып, iнiлiк iзеттiлiкпен кiшiлiгiн танытты.


*** *** ***


Дала алпыс екi тамырды тұтасымен идiрерлiктей тамылжып тұр. Мұның қабағы тiптi жадырап шықты. Көңiлiн тұмшалаған әлдебiр қапастан арылып, көкiрегiнде лекiген қуаныштың лебi алтынкүректей есе жөнелдi. Ендi ғана жан-жағындағы әсем дүниеге пендешiлiк қызығушылықпен қарады. Екшесе, пенде болып жүрудiң өзi бақыт екен. Осы сүркiл басына түскеннен берi пендешiлiктен де төмен құлдырап, бiр-ақ мақсатта, бiр-ақ бағытта қимылдайтын, бөтен ой-сезiмнен ада — адам кейпiндегi машинаға айналыпты. «Қалай ақша табамын, қалай Жүсiптi құтқарамын» деген ойдың жетегiмен жап-жасыл жайнаған мына жаздың рахатын да аңғармапты. Ендi ғана маужыраған мұғалақ тылсымның сырына малтып, пендешiлiк рахатты кешiп келедi. Осы сезiмнiң иiрiмiнде малти жүрiп көз тастаса, адам пендешiлiктен төмен түсе алады екен де, одан жоғары көтерiлуi қиын екен.


Не бiр байламсыз да баянсыз тұжырымның соңынан қуа-қуа Текелiдегi Жүсiптiң үйiне қалай жеткенiн де аңғармады. Шамалауынша, төрт көзi түгел осында болуы тиiс. Өйткенi олар да соттың кейiнге жылжытылғанын бiлмейдi. Сондықтан, ертеңгi күнге кешiгiп қалмауы үшiн барлығы бүгiн жиналмақ-тұғын.


Айтқанындай-ақ, машина қырдың үстiне келiп тоқтағанында төмендегi аулада шүпiрлеген балалардың қылпы байқалды. Бұлардың ауылында той болса да, өлiм-жiтiм болса да кiшкенелердiң қосамжарласа шабатын әдетi. Әпкелерi, әйтеуiр, шуылдақтарын өбектетiп алады да жүредi. Олар аяққа оралып, онысы аздай бiр-бiрiмен жанжалдасып, жылап, «қой» десе қоймай әбден жүйкеңдi қажайды. Әсiресе, осындай сiркең су көтермейтiн тұста жойдасыз шуылдың өзi оңдыртпай шаршатып жiбередi.


Жапар осыған iштей шамданса да, сыртқа сыр бiлдiрмеуге тырысып бағады. «Неге балаларын үйлерiне тастап кетпейдi, — деп таңқалады, — әлде бұлар, әйтеуiр оқиғаның барысынан хабардар боп отыру үшiн, қызыққа жинала ма екен? Әлде, ештемесi кетпегендiктен осылай iстей ме?»


Мұны бiрiншi байқаған шүлдiрлектер бұл дәп бiр базардан келе жатқандай сонадайдан алдынан «Жапар ағалап» тұра шапты. Iркес-тiркес жеткен бойда қаумалап ала қойды.


— Қалдарың қалай?


— Жақсы. — Бәрi шулап, хормен жауап бередi.


— Үйде кiм бар?


— Мамам бар, папам бар. — Әрқайсысы өз әке-шешелерiн айтып мәз.


— Апаларың бар ма?


— Бар. — Шу ете түстi.


— Әуелi апаларынан бастамай ма бала деген? — Әдейi қайтер екен деп қыжырта сөйледi. Ешқайсысы үндемедi. Бұттары шидиген мұрын боқтарға әкелерi мен шешелерiнен асқан адам болмай тұр, шамасы.


Бұлардың дабырынан үйдегi ересектердiң бiр-екеуi осылай қарай мойындарын созды. Бiреуi — үлкен жездесi. Ол табанда: «Жапар мен Сапар келедi» деп ар жағындағы жұртқа хабар берiп үлгердi. Iзiнше шешесiнiң төбесi көрiндi. Екi ұрты салбырап, жағы суалып, жанарының ұясы шүңiрейiп iшiне кiрiп кетiптi. Маңдайы мен көзiнiң төңiрегiндегi, ұртының тұсындағы әжiмдерi тiптен қатпарлана түскендей. Қаққан қалайыдай бозарған өңiнен көк тамырлары бiлiнедi. Бiр жұманың iшiнде уайым әбден-ақ жеген екен.


— Амансың ба, тәте.


— Жақсы, өздерiңнiң денi-қарларың сау ма?


Анасының ар жағын шемен шер кеулеп үңги кемiрсе де, бәрiн тайынбай көтеруге бейiл екендiгiне сүйсiндi. Сүйсiндi де бiрден шаруаға көштi.


— Осы келе жатқанда төрешiнiң үйiнен келе жатқан бетiмiз.


— Иә. — Жақсылық сөзден дәметiп, бiр басып, екi басып iлгерi бұған қарай ұмсына мойнын созды.


Жапар үйдiң қабырғасын айналғанда тұтасымен көрiнген өңгелерге:


— Қалдарың қалай? — деп жалпылама амандасты да, шешесiнiң жанына бөгелдi.


— Келiңдер, әңгiменi мында кеп айтыңдар, — деп, жаңалықтан сырт қалуға үрейленген әпкесi көлеңкедегi көпшiлiк отырған орындықты нұсқады.


— Жүр, — деп шешесi де солай қарай баруды мақұл көрдi.


— Ертең сот болмайтын болды. Келесi жұмаға қалдырыпты. Бiз беретiнiмiздi бердiк. — Дөңгеленген шөркеге құйрық басысымен айтқаны осы.


— Әй, жарығым-ай, ә-ә, — деп, состиып тұрған ана үлкен ұлының маңдайынан сүйдi. Қан-сөлсiз суалған өңiне болмашы бiр нұрдың шарпуы жүгiрiп өткендей бал-бұл жанды.


— Төрешi «апаға сәлем айт, қорықпасын, ұлымен табысатын күн таяу дедi», — деп Нұрғанымның бетiне қарады.


— Айтқаны келсiн қарағымның. Өзi бiр сондай жақсы неме. — Шешесi «неме» деген сөздi әлдекiмге айрықша риза боп, көңiлi толғанда айтатын. — Алдына кiргенiмде «апа, көмектесемiн» деп едi құдай тiлеуiн бергiр.


Мына әңгiменiң әлпетiне отырғандардың бәрi серпiлiп, көптен берi орнаған қабақтарындағы қияс мұң ыдырап жүре бердi.


XV


Ендiгi бiр жұма жылжымай жамбастап жатып алды. Төрешi алдындағы борыштан құтылғаннан кейiнгi ойлары тезiрек мына тантал азабынан арылып, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ қалыпқа жеткiлерi келедi. Алайда, әншейiндегi сырдаң уақыт, бiр маңыздылық кепке енiп тапжылатын көрiнбейдi. Бiрақ, келiннiң қолына сотқа шақырған қағаз тигеннен кейiн, өктеген аптық ептеп сейiлгендей.


Айтылған күнi тағы да таң атпастан тұрып, сегiздердiң шамасында сот кеңсесiнiң алдына жиылды. Қанша уәде байласып, ақтық сөзiн алса да «кiм бiледi, қалай болады» деген сияқты көкейде бiр күмән бар. Барлығы жақсылықтың да, жаманшылықтың да құдайдың қолындағы iс екенiн бiлiп тұр. «Иә, алла, көлденең кесiрiңнен сақтай гөр» деп, шешесi дәмiл-дәмiл күрсiнiп қояды.


Жұрттың да қаралдысы молыға түстi. Талайдан берi бiрнеше рет жүздесiп, сөйлесiп үйренiсiп қалған жәбiрленушiлер жайдары жүзбен амандасты. Бұлар оларға одан бетер қоғаша жапырылып, құлдық ұрады. Көкейлерiнде «ұрымтал тұста бiреуi бүйректен сирақ шығарып жүре ме, әлде қайтедi» деген үрейдiң жатқаны да айқын.


Сағаттың тiлi тоғызға таянған сайын тағат қашып, ұзыннан сұлап жатқан көшеге Жапарлар қарағыштай бередi. Өйтетiнi, айыпталушыларды сот процесiне бiтеу сұр машинамен әкелуi тиiс. Олар неғұрлым жылдамырақ келсе, соғұрлым Жүсiптiң шаруасы тезiрек шешiледi. Осыған бола сабырлары түгесiлiп, көше бойына тесiле көздерiн сатады.


Мiне, сұр машинаның төбесi де көрiндi. Тура өткендегiдей тәртiп айна қатесiз қайталанып, кабинадағы офицер ғимаратқа кiрiп шықты. Содан кейiн ғана барып айыпкерлердi бiртiндеп түсiре бастады. Тағы да Жүсiптi ең соңынан шақырды.


Сөйтсе, аса қауiптi деген адамды соңына қарай қалдыра бередi екен. Оған бақылау айрықша болса керек. Олардың бүйтетiнiне толық дәлел бар. Жүсiп тергеу барысында осы топтың басшысы iспеттi танылған. Мұны бұлар кейiннен бiлдi.


— Атамқұлов! — Жасақ адамының дауысы зәрлi.


— Мен! — Жүсiптiң жауабы машина дүңгiршегiнiң iшiнен құлықсыз, құмыға естiлдi.


— Шық!


Iзiнше қолы артына қайырылған Жүсiп көрiндi. Тамылжыған күн шуағынан жанары жасқанып, онысыз да дәзi бар көз мына ақ сәулеге тұнып тұрған әлемнен қарығып, жұмыла бердi. Аяғының астын байыптай алмағандықтан ба дүңгiршектен түсетiн тепкiшекте сәл кiбiртiктедi. Жердегi милицияның бiрi қолын созып айыпкердiң бiлегiнен ұстады, сонда ғана машинадағы милиция кiсендеулi Жүсiптi босата бердi.


Өз ұяласыңды осындай күйде ұшқастыру санаға бiртүрлi салмақ салады екен. Жапардың жүрегi бұлқынып қалып, бiр аунап кеттi. Жалма-жан тағы да шешесiне қарады. «Байқұс ананың көкiрегi қарс айырылып, жүрегi қан жылап тұрған шығар» деп топшылады. Кәрiлiк меңдеген өңi сұрланып, нұры тайған көзiне әлдебiр айбындылықтың ұшқыны байланыпты. Екi милиция қолтықтап, iшке әкетiп бара жатқан Жүсiптiң сонынан назарын аудармаған қалпы:


— Қорықпа, шығасың! — деп бiр-екi мәрте айқайлап жiбердi. Оны ұлы естiдi ме, естiмедi ме белгiсiз, Жапар ап-анық естiдi. Анасының мына қайратына iштей сүйсiндi.


Ең ақырғы iшке кiрген айыпкердiң соңынан өкшелей шұбырған жұрт та үкiм кесiлетiн ғимаратқа лап қойды. Осыншама халықтың бүгiнгi сот процесiне жиналғанына Жапар қайран. Нақты жапа шегушiлер сегiз де, куәлер де сол шамалас едi. Мұнша халық кiмнiң мүддесiн көздеп келгенiн түсiнбей дал. Сот залына енгенiнде тiптен айран-асыр күй кештi — құжынаған қауым орындықтарға сықай жайғасыпты да, кейбiреулерi қабырғаларды қуалай тiзiле иiнтiреседi. Өткен жолы аңысын байқағандықтан «осылай болады-ау» деп, әпкесi мен жездесiн iшке бұрынырақ жұмсап жiберiп едi, солардың орын алып қойғаны әтүйiр бопты. Алдыңғы лектегi орындарына барып шешесi екеуi қатар жайғасты.


Жұрт қаншама мол жиналса да бейсауат дыбыс жоқ. Бәрi тып-тыныш үрiккен қойдай ұйлығыса қалыпты. Тек прокурор ғана тойған қозыдай томпиып ап, өзiне тиесiлi бұрыштағы «құтты мекенiнде» бiрнәрсенi сүйкектете жазуда. Бұлар жаққа тiптi назарын да аударғысы келмейдi. Өткенде де осылай салқын қабақпен қарсы алған. Сөйлесе келе ыңғайына қарай селбесетiнiн айтқан. Әйтеуiр, Жапардың көңiлiне бiр медет тұтатыны — ол да «өз сыбағасынан» бас тарта қоймаған, алған. «Аға, айыптымыз. Айыбымызды мойындап тұрмыз. Жазығын бiлiп, ұсынған мойынды қылыш кеспейдi деген. Көмектесiңiз, iнiмiз бiр шалыс басты, ендi қайталанбайды. Соңында шиеттей екi баласы бар, кәрi шешемiз бар. Соларды аяңыз. Әрине, құрғақ қасық ауыз жыртады, мiнекейiңiз» деп, қатырма парағының арасына бес жүз доллар салынған «Азаматтық кодекстi» алдына тастап кеткен. Содан кейiн қайта жолыққан жоқ, iлкiдегi дүйсенбiден көрiп отырғаны осы.


Көп кешiкпей-ақ хатшы қыздың «төрешi келе жатыр!» деген үнi әуенi тiлiп өттi. Ел дүрк көтерiлiп, орындарынан түрегелдi. Нұрлан үстiне қара мауытыдан тiгiлген жаналғыш Әзiрейiлдiң кейпiне енгiзетiн шапанын желбегей жамылыпты. Нық басып орнына таянды, соңына iлескен екi халық заседательдерi бар. Отырмас бұрын аудиторияны жанарымен бiр сүздi. Өңiнен ызбарлық пен сұстылықтың салқыны еседi.


Сот жұмысы үшiншi күнi ғана аяқталды. Айтқанындай Жүсiп сот залынан босатылды. Жүсiп қана емес жанындағы екi жiгiт те азаттық алды, тек бiреуi ғана алты ай химияға жөнелтiлдi.


Процесс басталған бiрiншi күнi-ақ төрешiмен мейрамханада оңаша, кеңiнен сөйлескен. Ол ешқандай күдiк тудырмас үшiн тыңдауды әдейi үш күнге созатынын тағы да мағлұм етiп едi. Шешiмнiң тура осыдан бiр ай бұрын өзi айтқанындай болатынын және мақұлдады. Сондықтан, еш алаңдамауын өтiндi. Содан кейiн Жапар да бұл тақырыпты айналсоқтамай басқа жайттарды қозғады.


Нұрлан сол сөзiнде тұрды.


Нұрғаным жүгiрiп барып, темiр тордан босанып шыққан Жүсiптi бауырына қыса құшақтап, бетiнен сүйiп жатыр. Жалғыз шешесi емес, әпкелерi де тұс-тұстан қаумалай жабыла қоршапты.


Осы әредiкте Жапар тұтқындар отыратын бөлмеге сұранып кiрiп, алты ай химияға кесiлген жiгiтпен тiлдестi. Мына үкiмдi көтере алмай балауыз неменiң көзiнен ыстық жас бүртiк атыпты, көкiрегiне тығылған долы кесектен аузы қомпылдап сөйлей алмайды.


— Азаматсың ғой, бауырым, ердiң басына нелер келiп, нелер кетпейдi. Ары дегенде үш-ақ айда босанып, құтыласың. Сегiз ай отырғаның есептелсе, тiптi ол жаққа бармауың да мүмкiн. Ендi өзiңе бекем бол.


Жасып қалған жiгiттiң арқасынан қақты.


Осы кезде сырт жақтан дыбыр бiлiнiп, әжiк-күжiк дауыс естiлдi де, iле Жүсiп кiрiп келдi. Жапар iнiсiмен бетпе-бет осы жолы ғана кездестi. Құшақтап, төс түйiстiре көрiстi. Сөйлеспедi. Соңында қалып бара жатқан жолдасымен қоштасуға кiргенiн бiлдi. Ол:


— Хат жазып, хабарласып тұрамыз. Давай, сау болып тұр! — деп, қолы кiсендеулi досын бауырына тартты.


Осы кезде беймаз милициялар да бұларды “шығыңдар” деп тықсырта бастаған едi. Ағайынды екеуi тайталаспай, сыртқа беттей бердi. Табалдырыққа таянғанда Жапар оларға:


— Рахмет, жiгiттер! — дедi.


XVI


Қиыншылықтың бәрi бiр күнгiдей болмай, үйдiң iшi әп-сәтте мәре-сәре қалыпқа ендi. Нұрғаным ауылға оралысымен ақсарбасын атап сойып, көршi-көлеңге құдайы садақасын таратты. Бiр кездегi уайым меңдеген жүзiнде шаттықтың лебi еседi. Жұрттың бәрi тойға жиналғандай арқа-жарқа кепте.


Жапар да иығындағы ауыр жүктен арылып, ендiгi уақытта жұмысына судағы балықтай еркiн араласты. Бүкiл көлденең қам-қаракеттiң бәрiн кейiнге ысырып қойып, бар ынта-шынтасымен өз мiндетiне кiрiскен. Оншақты күн сабылып жүрiп, бөлiнiп берiлген участогi — алты ауданды аралап, жұрттың купондарын инвестициялық қорларының есеп шоттарына аудартып қайтты. Ұзын ырғасы үш миллионнан асып жығылды. Осындай қомақты соманы игерiп тастағаннан кейiн ғана Алматыға оралды.


Үйiне ел әбден орынға отырғанда жеттi. Балалары әлдеқашан ұйықтап қалыпты. Танаулары пысылдап жатқан қос кiшкентайының тамақтарынан иiскеп, беттерiнен сүйдi. Барша күйзелгенi, торыққаны демде ыдырап жүре бердi.


Ертеңiнде Зейнелге келдi. Ең бiрiншi оның азаматтығына алғысын бiлдiрдi.


— Сiздiң жәрдемiңiз тимегенде қарманатын ештеменiң жоқтығынан, құйыққа кеткендей ек. Бәрiмiзден бұрын шешемiз бiр жасап қалды, өзiңiзге мың да бiр рахмет. Бауырымыз аман-есен үйiрге қосылды. — Ақжарма көңiлмен, шынтуайтындағы көкейiндегiсiн ағытты.


— Ақыры жақсылықпен бiтсе жарайды. — Болмашы марапатқа мастанушылық байқатпады. Оны Жапар басшысының қас-қабағынан аңдап отыр. Сондықтан бұл тақырыпты ары қазбалай берудi жөн көрмедi. Сөйттi де бiрден iске көшiп, тындырған шаруасын рет-ретiмен баяндай бастады. Сөздерi дәлелдi болуы үшiн өткiзген купондарын растайтын халықтық банкiде белгi соқтырып, мөрлетiп алған қағаздарын көлденең тартты. Әйткенмен, мұның әлi бiразы бұлардың есеп-шоттарына түсе қоймапты. Бұл жақта да күнделiктi қадағалап, қоржындарына салынған жиынның есебiн алып отыратыны бұрыннан мәлiм едi.


— Жө-өн, атқарып жүрген iсiңнiң беталысы жаман емес, осы қарқыннан танбай еңбек ете беру керек, — дедi президент бұған ойлы көздерiн қадап. — Жалпы, халықтың сенiмiне кiруiмiз — өте маңызды. Сол, көпшiлiктiң қолдауына жету үшiн қызмет етуiмiз тиiс. — Назарын аудармаған қалпы шүйлiге тоқтады.


— Иә, бiздiң қордың, оның құрылтайшысы өзiмiздiң фирманың ел арасында мәртебесiн асыру жолында байыпты да тыңғылықты iс қажет. Сондай бiр шаруаны жүргiзбес бұрын, ел iшiндегi арғы-бергi жағдайларды мұқият зерделеген орынды. Сонда ғана акционерлiк қоғамның ұстанған бағытын табанды түрде, жұрттың қызығушылығын тудыра отырып iлгерi бастырамыз.


— Мұның дұрыс, кез-келген шаруаға шығармашылық өре қажет. Осыны жақсы байқапсың. Ал, өткендегi ақшаны қалай орнына қоймақ ойың бар?


Жапардың кеудесi шанышқылап өттi. Бетi де өртi шыға ду еткендей сезiндi. Бiрден иiнi салбырап, кiрпiгiн жоғары көтере алмай қалды. Солай ұнжырғасы түскен күйi:


— Ендi, оны, қолма-қол орнына қоя қоятын менде мүмкiндiк жоқ, айлығымның шетiнен ұстап отыру жағын қарастырсаңыз дұрыс болар едi, — дедi. Орындығының үстiнде iшкi толқыныстан ары-берi ырғалып барып, жанарын президентке бағыттады. Ол сазарған пiшiнге енiптi. Қандай ой түйгенiн кескiнiнен аңғару қиын, әйтеуiр, араларында сiлтiдей тұнған үнсiздiк орнады.


— Жарайды, солай болсын. — Бiр кездерде барып тiлге келдi. — Бiрақ, тым ұзап кетедi ғой. — Қолы зуылдаған қалпы калькуляторға жүгiре бердi. Iлезде саусақтары зыпылдап, цифрларды тере бастады. Айналасы бiр минуттың iшiнде өз ұйғарымын да айтты. — Ол соманы тура бiр жылға бөлiп тасталық. — Бұған сынай қарағандай сыңай байқатты.


— Мақұл, мақұл. Әбден болады. — Жапар насаттанғаннан елп еттi. Бұл шынтуайтында оңтайлы да қолайына жағатын ұсыныс. Бiр жағы көмейiне түйiн боп тығылған мәселе-тiн, оп-оңай шешiмiн тапқанына қуанды. Ендi осынау қамқорлық пен сенiмдi ақтау үшiн тезiрек ел iшiне оралып, жұмысына барынша кiрiскiсi келдi.


— Бұдан былайғы жұмыс жоспарың қалай?


— Жатпай-тұрмай халықтың ортасында жүрiп, iске барынша атсалысу.


— Дұрыс.


— Жақсы онда, мен жүрейiн.


— Жолың болсын.


*** *** ***


Жүректi сыздатқан шақтан адаланып, бiрқалыпты қоңырқай тiрлiктiң сүрлеуiне бойы үйрене бастады. Тек екi жарым мың долларды бiр жылғы жалақысына бөлiп, болымсыз ғана ақша алатындықтан қаражаттан бiрталай қыжалат көрдi. Әйтеуiр, әйелiнiң жайлылығының арқасында үй iшiнде түсiнiспеушiлiк туындамады. Негiзгi дiттеген нысанаға қол жеткеннен кейiн екеуi де оны елемеуге тырысты. Қайта бұл жағдай Жапардың жұмысқа деген жiгерiн бұрынғыдан да тасытып, «бастықтың алдында ұят болмасын» деген жауапкершiлiгiн арттырды. Осындай өзiне артылған сенiмдi терең сезiнгеннен кейiн iсiне бұрынғыдан да құлшына кiрiстi. Әрi бiрбеткей өз тiрлiгiмен айналысқанына ол қуанып та жүрдi.


Бiр ғана мәселемен алданып, басы сүргiн шапқыншылыққа түскендiктен жаздың да сырт айнала бергенiн байқамапты. Оны сәл қабағын шытынып, күздiң салқын күндерi келе бастағанда аңғарды. Ағаш бiткен кәрiлiктен шашы ағарған кейуанадай салбыраңқы көңiлсiз кепке енген. Керiсiнше бұлардың қабақтарындағы кiрбiң сейiлген-тұғын. Бiрде Жапар ауылға соққанында шешесi Нұрғаным:


— Анау Крупскаядағы құда-құдағиды шақырсақ, — деп, пештiң аузына қи қалап отырып әңгiмесiн бастады, — дұрыстап құрмет көрсете алмай жүргенiм. Ерулiге қарулы деген, олар өткен қыста бiздiң жақтың басын қосқан. — Қазандықтың астына құнжыңдай шұқшыңдап, бiр сәт бөгелiп қалды.


Крупскаядағы құда-құдағиы — Сапардың ата-енесi. Есiн жинаған соң ендi ағайын арасындағы ынтымақ жайын құнттағанын бұл ұғып тұр. Бiрақ, соның қалай да абыроймен атқарылуын тiлеп, iштей ой қорытқан қалпы үндей қоймады.


— Ендiгi бiр шәугiм шай берiп те қояр едiм. Оған жазғанның басымызға машақатын салып, алды-алдымызға тырым-тырым жасағанын көрмейсiң бе?.. — Анасы мына жалғанға кейiстiк бiлдiре күңкiлдедi.


— Жарайды, әбден дайындалып алып жаңа жылдың алдында, желтоқсанның ортасына қарай шақырғаның дұрыс шығар.


Ондағысы «оғанға дейiн өзiм де бiр жағына шығысып қаламын ба» деген ойы-тұғын.


— Онда, сол мезетке тоқталайық. — Шешесi ұлының ықтияр танытқанына көтерiлiп, қопалақтады да қалды. Қалап жатқан отын тастай салып, бұған мойнын бұрып қарады. Мәз. Шарқаты сәл шалқайып, оң жақ самай шашы түтiлген жүндей үлдiреп сыртқа қарай қопсыпты. Онысы бiр уыс көденiң басындай бозамықтанып, әрi тым селдiр көрiндi. Желкесiне жинап қойған бұрымы да қамшының өрiмiндей ғана боп жiңiшкерiптi. Жай шүберектен жасалған көнетоз шашбауының да ұшы селтиедi.


Айтқандарындай желтоқсанның басында қонақ шақырылды. Жапар бала-шағасын алып, құда-құдағиға беретiн өзiнiң шамасы жеткен бiр кiсiлiк жағалы сый-сыяпатымен ауылға келдi. Оны-мұны дастархан мәзiрiн де үйеме әкелген едi. Өйткенi, «жақсы» деген де, «жаман» деген де сөз шешесi екеуiнiң ғана атына айтылатынын бiлдi. Бiр абыройы — бәрi ойдағыдай өттi. Келген жұрт ырзашылықпен аттанғандай көрiндi.


Екінші бөлім. ТЫҒЫРЫҚ


I


Ызы-қию тiрлiктiң жанды алқымнан сығымдаған аптығы басылып, өмiр үйреншiктi ырғағымен бейуаз реңiне енген. Соңғы бiр жаңалық Жапардың жұмыс орны ауысып, жазу-сызудың төңiрегiне оралды. Бұл да еш жаққа табан аудармай қызметке кiрiсуге бейiмдедi. Тiрлiк өз ауанымен жылыстай бердi. Қар ерiп, Алматыда жаңа бiр көктемнiң нышаны байқалған. Наурыз туып, әйелдер мерекесi де өткен. Тек кездейсоқ соғылған қоңырау мазаны май iшкендей жасады. «Ойбай, құтқара көрмесең мен бiттiм, ертең — соңғы күн. Алты жүз доллар ақша керек» десiн Сапар артынан жау қуып келе жатқандай асып-сасып.


Ол қалааралық сөйлесу пунктiнен телефон шалғандықтан бес минуттың iшiнде ештеме ұғып жарытпады. Аяқ астынан айран-асыр қалыпқа түстi.


Бұл тағы да абдырай әйелiне қарады. Жағдайды ол да естiп тұр. Сонымен, өздерi аш-жалаңаш отырса да алдағы күндерге үмiт артып, көп сөзбұйдаға жеңсiк бермей екi жақтап елден қарыз жинауға бекiндi. Сосын, бiрден iстерiне кiрiстi. Құдай сәтiн салғанда сол күнi-ақ ақша қолдарына тидi. Ештеңеге қарамай түнделетiп Талдықорғанға суыт аттанды.


Жол бойы көңiлдi алағыздырып, алыпқашқан мән-жайға барып бiр-ақ қанды. Сөйтсе, ешкiмге ұғынықсыз кез — тоқсаныншы жылдары бiрге жүрiп, бiрге тұрған, көптеген коммерциялық мәмiлелер тындырған, кейiн сотталып тиышталған жолдастары бұғаудан босаныпты. Сапар оны дер уақтысында бiлмесе керек. Соған олар «Сен бiздi қарсы алмадың, баяғы жолдастықты ұмыттың, сол үшiн айыптысың. Айыбың — 600 доллар. Оны осы уақытқа дейiн әкелесiң, әкелмесең өз обалың өзiңе» деп мерзiмiне дейiн нақтылап, кесiп айтыпты. Сөйтiп, iнiсi болмайтын жерде жазықты болып, жаны мұрнының ұшына келiп тұр екен.


Бұл жай мұның құлағына ең ақыр соңында тисе керек. Талдықорғанға шешесi, үлкен әпкесi күйеуiмен жетiптi. Жинап қойған бос бөшкедей тiзiлiп, сол үйде отыр. Бұлардың ақша әкелгенiн естiп, бәрi тұс-тұстан самбырласты да жөнелдi. Әсiресе Сапар «қазiр апарып берейiк» деп, қолды-аяққа тұрмай безiлдедi. Шешесi де:


— Бүгiн құтылыңдар бәледен, — деп, бәйек қақты. — Жарқыным Жапарым болмаса шаруа бiтпейдi, мың жаса, күнiм. — Соңында алғыс-батасын жаудырып, аналық ризашылығын бiлдiрiп жатты.


Шаруаны тура осы көпшiлiктiң көксегенiндей жасады да, бұлар сол күнi түнi қайтадан Алматыға қайтты да кеттi. Рульдегi Жапар өз-өзiнен аласұрып, жарылудың аз-ақ алдында. Соншама мәнжубас ынжықтықпен, көрiнгенге жем боған iнiсiне зығырданы қайнады. Бағана, әлгiлерiне «жайларыңа жүрiңдер, басынатын адамды тапқан екенсiңдер» деп айтуға оқталып едi, оның мұнысына Сапар келiспедi. «Ойбай, қаланың ұрдажықтары да солардың сөзiн сөйлеп отыр. Дүлейлердiң ұйғарымын қаперсiз қалдырсаң, қарыс адым жүргiзбей тастайды. Үн-түнсiз «аш бәледен қаш бәле» дегендей сұрағандарын берiп құтылмасақ, ерегесемiз деп тағы да бiр ұшыққа ұрынармыз. Әрi, әлгiлер жоғары жақпен де сыбайлас, олар құтылып, бiз тұтыламыз» деген ағынан жарылып. Содан кейiн ғана Жапар ашуын ауыздықтап, ақылға тоқтады.


Ендi, мiне, бәрiбiр өзiнiң жасаған тiрлiгiне көңiлi көншiмей, намыстан жарыла жаздап ылқылдайды.


Дегенмен, уақыт көп нәрсеге шипа екен. Бiр кезде жүрегiне ауыр тиген жайттың зiл батпан салмағы аздап сейiлiп, ыдырай бастады. Жүсiптiң қайтадан шахтаға кiрiп, көшке iлескенiне қуанды. Сапардың ештемеге ұрынбай аман-есен жүргенiн көңiлiне тоқ санады. Ал, Жайнақ мектептi ендi бiтiрдi, «әлi кiшкентай» деп тұжырды. Әйткенмен, пенде атаулы алды-артын пiшiп болған ба? Осы уақытқа дейiн көргенi аздай жазмыш бұл күтпеген зауалды басына төтеннен үйе салды. Бiрi — «бауырым», бiрi — «қайным» деп ебiл-дебiлдерi шығып шауып жүргендерiнде, екi бiрдей қарғасы көкiрек ауруына шалдығыпты. Бұл сырқаттың басты себебi: жай-күйдiң болмауынан — жарып ас iшпеу, бой жылынарлық иыққа iлердiң тапшылығы, аяқты көсiп тастап жататын баспананың жоқтығы. Расында да өткен қыста осы мұқтаждықтардың ызғары қатты сезiлiп едi, бәле өздерiн айналып өтiп, қос сәбиiн қанды тырнағымен шырмай қаусырыпты.


Мұны алғаш бiлгенде екi шекесiн шеңгелдей ұстап, төбесiне жай түскендей жайрады. Қайта кiшiсiнiң балабақшаға баратыны абырой болған, сәбидiң дертке шалдыққаны сол жердегi тұрақты дәрiгерлiк қадағалаудың арқасында анықталды. Әйтпесе, бұл әбiлет көкiрекке кеулеп кiрiп, жанды ауыртпай кеуегi қалғанша мыстан кемпiрше сора бермек.


Бiр үйдiң екi баласының бiрi сондай дiмкәстiкке ұшырағаннан соң дәрiгерлер шұғыл үлкенiн де қаратуға кеңес бердi. Айтқанындай-ақ Шырай да мысқалдап кiрер залалдың зәрiнен сырт қалмапты. Оның да өкпесiнен дақ табылды.


Тағдырдың көрсеткен бұл зауалы ең ауыр соққы боп тидi. Әсiресе, оның салдарынан қорықты. Өйткенi, Жапардың өзi де сексенiншi жылдардың аяғында көкiрек құрты ауруына шалынып, дәруханада ұзақ жатқан. Ақыры болмаған соң, iрiң кеулеп соқталанған сол жақ өкпесiнiң жүректiң тұсындағы жоғарғы жартысын алдыртып тынған.


Ендi сондай бейнетке екi бiрдей бауыр етiн өз қолымен байлап бергендей көрдi. Көкiрек несiбесiн таласып емген бауырын арашалаймын деп, қос жазықсыз сәбидi құрбан еткенiн кеш түсiндi. Сосын барлығын жиып қойып, шұғыл емханалардың табалдырығын тоздырды. Лажы болса дәрi-дәрмектiң күшiмен бетiн қайтаруға тырысты. Әбден науқастың нақ сол тажал екенiне көздерi жеткеннен соң, тау бөктеріндегі балалар санаторийiне екi жолдаманы күшпен соңына түсiп жүрiп алды.


Құжаттарды реттеуiн реттегенмен, екеуiн жетiмханаға өткiзгендей бөгделердiң қолына беруге жүректерi дауаламады. Бiрақ, амал жоқ қос шұнағын нүктедей етiп жетелеп апарып, сонда табыстады. Мұнда тағы бiр жаны қыстыққаны, жас шамаларына қарай екеуiн екi бөлек топқа жiбердi. Ең бiрiншi Шырайды мейiрбике оң жақтағы корпустардың бiрiне әкеттi де, қалтақ-құлтақ басқан Айбынды ақ желбегей киген бiр қыз жетелеп, сол жақтағы ғимаратқа бастады. Сенiң әкесi, шешесi екенiңдi, тiптi, олар ескермейдi де. Босағадан да сығалауға мұрсат бермедi. Күнделiктi балабақшасына барып жүрген Айбын сондай көпшiлiк орнына кетiп бара жатқандай, кешке үйге қайтатынындай алаңсыз, кiшкентай саусақтарын тарбита жыбырлатты.


Осы кезде Жапардың кеңсiрiгi удай ашып, екi көзiне лықсып кеп кептелген жасты тыюға мұршасы жетпедi. Неге екенi белгiсiз, жұртта қалған жандай құлазыды, кенет көңiлiн қына басты. Перзентiне араша тұра алмағанына қорланды. Өйтетiнi, осы қу кеудесiмен кеселденiп дәруханада жатқанында талай шынашақтай нәрестелердi көрiп едi. Байқұстар әке-шешелерiн сағынып, сол сағыныштан қаңырығы түтеп тұрып жылағандарында жұбатып едi. Ата-аналарының неге мұнда әкеп тастағанын түсiне алмай, олардың кiшкентай жүрегi торығатын едi. Әркезде үздiксiз салынатын сояудай өкiлден тыпырлап қашатын едi, ақ желбегейлi адамды жек көретiн едi. Ақыры ащы даусы өзектi тiлiп, тұрқы қасықтай болғанымен, өкпесi қара қазандай қалпы, шерменде қалпы шерленетiн едi. Сондайда пәруана сәбидiң үнiн естiген құлақтың төбе құйқасы шымырлайтын.


Сол, санасында сәл көмескi тартқан сурет тура өз балаларының басынан өтетiнiне қабырғасы қайысты. Өз көзiмен көрген оқиғаның ендiгi кейiпкерi қос бiрдей қозысы болатынына назаланды.


Қайта әйелi бекем екен. Ол бұл өстiп дел-сал күй кешiп тұрғанында қапысын тауып, балаларының қай бағытқа кетiп бара жатқанын байқастапты. Дәрiгерлермен кеңесiп, қандай бұйымның, дәрi-дәрмектiң керектiгiн бiлiп қайтыпты.


Екеуi солбырайған қалпы машинаға мiндi. Жапардың миы шыңылдап, есi-дертi балаларының жайына құлаған. Мұның бұлаудай қызарған көзiн, реңi қашқан ұсқынын көрген Бибi:


— Қой ендi, ертең-ақ жазылып шығады, — дедi әзер ерiндерiн икемге келтiрiп, бұдан артық сөйлесе өзi де еңiреп жылап жiберуге шақ тұр.


II


Уақыт өте бердi. Күнде келiп санаторийдiң есiгiнiң алдын торуылдайды. Әкелген оны-мұныларын кезекшi мейiрбикеден берiп жiбередi. Олар сол кеткеннен сарғайтып барып, әзер төбе көрсетедi. Бұлардың телмеңдеген жанарын көрiп, «халдерi жақсы, сәлем-сауқаттарыңызды апардым» дейдi болмашы ықылас бiлдiрiп. Iшке кiруге рұқсат жоқ, медициналық тәртiп солай — сыртпен байланыс жасалмауы керек. Сағыныштан жарылсаң жарылып-ақ кет, ол жақта — карантин. Балаларыңды көре алмай жүрегiңнiң уылжып ауырғаны, ешкiмнiң жанына батпайды.


Бiр күнi күтпеген уақиға болды. Жапар жұмысында отырғанында телефон шырылдады.


— Иә, — деген бұл самарқау.


— Сәлеметсiз бе?


— Сәлемет…


— Сiз Атамқұловсыз ба?


— Иә. — Бiртүрлi таңдана тiл қатты.


— Бұл санаторийден ғой, балалар дәрiгерi.


Жiгiттiң жүрегiн бiреу суырып алғандай:


— Иә, иә, — деп, әлгi кiсiнiң сөзiне ендi пейiл қойды.


— Сiздiң ұлыңыз қатты науқастанып, қалалық 12-шi клиникалық дәруханаға жiберiлдi.


— Не болды?! — Үнi тарғылдана ышқынғанын аңдамады. Әйтеуiр, жаманатты хабардан миы шыңылдай жөнелдi.


— Соны бiлмей, таппай далмыз, оң аяғын қозғалта алмайды. Кешеден берi төсектен тұруға мұршасы жоқ, қызуы басылмайды. Бүгiн түнiмен қырықтан түспей қойғаннан кейiн сол жаққа апардық. Ендi сондағы дәрiгерлер мән-жайды зерделеп, не сырқат екенiн анықтайды.


— Қандай бөлiм, қай палата?


— Балалар бөлiмiнде, палатасын бiлмедiк. Телефоны — мынау.


— Жақсы, рахмет.


Жалма-жан телефон соқты. Жүлге бос емес, тынымсыз дыңылдайды да тұрады. Тапжылмай отырып он бес минуттай әурелендi. Түсiп болмады. Сол ортада Бибiге де қоңырау шалып қойған. Ол ана жақта алас ұруда. Дiңкесi құрығаннан кейiн қайтадан әйелiмен байланысып:


— Еш жаққа кетпе, қазiр жетемiн! — дедi.


Бибiнiң кескiнiнен үрей мен абыржудың кейпi қатты аңғарылды. Көзi шарасынан шығып, әлдекiмнен қорғаныш iздегендей жәутеңдейдi. Өңi сұрланып, бетiнiң қызылы үштi-күйлi жоғалған. Денесiне болмашы бiр дiрiл енгендей. Дауысына да әлдебiр өзгешелеу толқындар араласыпты.


— Құдай-ай, жарығым-ай, не боп қалды? Жаратқан ием, жар бола көр.


Машинаға мiнгеннен осы сөздердi бiрнеше қайталады. Жолда келе жатып та құдайға құлдық ұра бердi.


— Санаторийдегi дәрiгермен сөйлестiң бе? — Ерi жағының бұлшық еттерi бұлтиып, алдыға түнере төнген қалпы сауал тастады.


— Сөйлестiм. Кiнәраттың неден екенiн бiлмейдi. Остеомелид деген байламға тоқтам жасапты.


— Ол немене?


— Мен де түсiнбедiм, сүйек ауруы дейдi.


— Сүйек туберкулезi емес пе?


— Жоқ, бұл оған жатпайды екен.


Жапар айран-асыр болған күйi, дәл бiр өшi кеткендей рульдi сығымдай түстi. Басқадай сұрақ қойып, онысыз да әтүйірi қашқан әйелiнiң жанын қыстықтырғысы келмедi. Бар шамасы жеткенi, машиналардың арасымен жын ұрғандай құйғыта ұшыртады. Кей тұстарда жол тәртiбiн қасақана сақтамай бағдаршамға кептелiп, шұбала иiн-тiрескен көлiктердi қарсы бет бағытпен қапталдай орап, нөпiрдiң алдына барып тежеледi. Өйтпеске лажы жоқ, жаны қуырылып, қарашығына жетпей аптығы басылмайтындай.


Ақыры, үлкен дарбазаны айнала қойылған жыпыр-жыпыр машинаның арасына көлiгiн тастай салып, дәрухананың iшiне жүгiрдi. Бұларға түсiндiрген балалар бөлiмiн көрiнген көк аттыдан сұрай-сұрай тапқанын қайтейiн, «айдалада ақ отау, аузы-мұрны жоқ отау» дегендей, есiк-терезесi тас бекiтулi бiр ғимаратқа маңдайларын тiреп тоқтады. Терезеден мойнын көрсетiп қалған, айналасында ұшырасқан адамдардан жауаптасып ұққаны — мұның iшiне былайғы жан баласын жiбермейдi екен. Қазiр оның үстiне науқастардың тынығатын уақытына дөп келiптi.


Сасқалақтай абдырап, басқа амалын қарастыра бастады. Сонда iстейтiнi, iстемейтiнi бар ары-берi жүргендердiң бар жөн сiлтегендерi, науқастарды қабылдап алатын орындағы кезекшi дәрiгерлерге жолығу болды. Абдырағанда бұл да ақыл. Екеуi тiзiлiп сонда тартты. Апалақтап, апыр-тапыр баса-көктеп кiрдi. Ондағылар мұндай өрт сөндiретiндей екпiнмен келгендерге әбден еттерi өлiп кетсе керек, орыстың екі жiгiтi мен бiр бойжеткен салқынқандылық аңғартып, селт етпедi.


— Сәлеметсiздер ме! — Жаны қыстықса да Жапар осылай инабатты көрiнуге тырысты. Жөнiн айтпай қоя ма деген секемалы да жоқ емес. Отырғандар жай ғана бастарын изедi. — Осында бүгiн «Көктөбе» санаторийiнен Атамқұлов деген бала түскен жоқ па?


— Қай кезде? — Шеткi бұйра бас жiгiт керенау болса да тiлге келдi.


— Түске дейiн… бәлкiм...


— А-а, онда бiз сағат екiден берi қарай ғана кезекшiлiктемiз. Ондай баланың қабылданғанын бiлмеймiн, қазiр журналды көрейiн. Фамилиясын тағы бiр қайталап жiберiңiзшi.


— Атамқұлов Айбын. — Екеуi таласа жауап бердi.


— Қазiр, қазiр. — Алдындағы үлкен қоңыр дәптердi ашып, қаламсабының ұшымен жүгiртiп, тiзiмге шұқшиды. «Атамқұлов, Атамқұлов» деп сыбырлап қояды. — Таптым. Ондай бала түскен екен. — Қуанышты жаңалық айтқандай екеуiнiң бетiне жымия, мамыражай кепте қарады.


— Кешiрiңiз, қандай диагнозбен?..


Әлгi жiгiт қайтадан журналына үңiлдi. Онша көп сарылтпай, тез арада басын көтердi.


— Остеомелид.


Бибiнiң жанары жасаурап, жасыған қалпы шеткерi тұрып қалды. Жапар мейлiнше жағдайға қануға ұмтылып, көңiлiне келгендi сұрап жатыр.


— Қандай шұғыл медициналық көмек көрсетiлуi керек екен, ол жағы жазылмап па?


— Неге жазылмасын, жазылады. Қазiр айтайын. — Тағы да ала қағазына тұқиды. — Мiне, тез арада операция жасалуы тиiс деп жазылыпты. Оған дейiн қолданылатын дәрi-дәрмек те көрсетiлiптi.


«Операция» деген сөздi естiп, екеуiнiң жүрегi зырқ ете бұлқынды. Сонда да Жапар мығым болуға тырысты.


— Балалар бөлiмiнiң бас дәрiгерi кiм?


— Валерий Степанович. Бiрақ, қазiр ол кiсi жоқ, бүгiнгi жұмысын бiтiрiп қайтып кеттi.


— Iшке кiрiп, баламызды көзiмiзбен көрiп шығуға бола ма?


— Болмайды.


— Тынығу уақыты бiткеннен кейiн ше?


— Онда да болмайды, балалар бөлiмiнде — карантин.


Жапардың дiңкесi құрып, жүнi жығылды. Қайда барса да «карантин» деген сөз кесе көлденеңдеп алдынан шыға бердi. Қайласы таусыла ауыр күрсiндi.


— Емдейтiн дәрiгерiн айтыңызшы.


— Емдейтiн дәрiгердiң кiм болатынын бiз бiлмеймiз, Валерий Степанович шешедi. Мүмкiн, өзi қарауына алар.


Жiгiттiң иiнi салбырап, дәрменсiздiгiнен тауы шағылды. Сонда да соңғы үмiтiне иек артып:


— Жiгiттер, мейiрiмдiлiк танытыңыздаршы, — дедi алақанын жайып, — бес-ақ минутқа ғана кiрiп, баламызды көзiмiзбен көруге мүмкiндiк жасаңыздар...


— Бiздiң қолымыздан келмейдi. — Сазарған қалпы басын шайқады.


Осы кезде бөлмеге ғарiптiкке ұшыраған бөгде адамдар енiп, бұлардың әңгiмесiне киiп кеттi. Дәрiгерлердiң бәрiнiң ықыласы мен көңiлi солай қарай ауып, бұл екеуi ерiксiз шеттетiлдi. Жапар ендiгi тұрысының текке уақыт жоғалту екенiн бiлдi. Ақырын бұрылып, жылаған әйелiн жетелей тысқа беттедi.


Далаға шыққаннан кейiн де тас ғимаратқа бiртүрлi емiне қарады. Бұл Жапардың көңiлiне дәрухана емес, қапасхана сияқты әсер еттi. Бiртiн-бiртiн жүрегi мұздай суып, арқасын аяз қарыды.


— Сенi жұмысыңа апарып салайын да, Нұрмолдаға жолығайын. — Басқа табан тiрер тығырықтың жоқтығынан осылай еткен жөн екенiн Бибiге бiлдiрдi.


— Мен де барамын. — Жылаған қалпы үнiн үзiп-үзiп әзер айтты. — Тым құрымағанда Нұрмолданы кiргiзiп, сол арқылы Айбынтайдың жөнiн бiлейiк. Кiшкентай күнiм-ай, не болды саған, қайтiп жатыр екенсiң?.. —Етегi жасқа толып, еңiрей жөнелдi.


Нұрмолда деп келе жатқандары Жапардың ең жақын досы Мұраттың iнiсi. Медициналық институтты және оның аспирантурасын бiтiрген, педиатр. Бастары ауырғанда балтыры сыздайтын осындай адамды iске араластырмаса, жөнiн айтатын денi дұрыс бiр пенде кездеспейтiн сыңайы бар.


Ол жұмыс iстейтiн орталық саябақтың арт жағындағы облыстық балалар дәруханасына жеткендерiнше бiраз уақыт өттi. Абырой болғанда Нұрмолда кеңсесiнен табылды. Бұларды көре сап, қашандағы ашық мiнезiмен шұрқырай табысты.


— Қалдарыңыз қалай?


— Жағдай мәз емес.


— Неге?


— Айбын аурып, дәруханаға түстi.


— Бәсе өңдерiңiз сынық, оған не болды? — Оның да бiрдемде сұры өзгерiп, реңiнен қобалжыс байқалды.


— Не болғанын бiлмеймiз, өзiң бiр хабарын алып бермесең ештемесiн ұқпадық. Кiргiзбедi де, баланы да көрмедiк.


— Қойған диагнозын айтпады ма?


— Әзiрше остеомелид деп отыр. — Бибi ендi ғана сөзге араласты. Нұрмолданың қабағы тiптен түйiле, құп-қу қалпы аңтарылды.


— Қай дәруханада?


— Он екiншi.


— Балалар бөлiмiнде ғой?


— Иә.


— Оның бас дәрiгерi — менiң ұстазым Валерий Степанович. Ол кiсiге жолыққан жоқсыздар ма?


— Жоқ. Жұмысын аяқтап үйiне қайтыпты.


Нұрмолда қапелiмде не жасарын топшылай алмай бiр сәт ойлана бөгелдi. Бiрақ көп сарылтпай:


— Сағат алтыда мен кезегiмдi өткiземiн, содан кейiн Айбынға кiрелiк. — «Оған дейiн шамалы ғана уақыт қалды ғой» дегендей қолындағы сағатына қарады. — Жағдайын егжей-тегжейлi бiлемiн, қандай ем жасап жатқанымен де танысамын. Сосын, Валерий Степановичтiң үйiне барып өзiмен жолығамыз.


— Жарайды, мақұл. — Жапар басын изей бердi. Бұл ишара «түйеге әтшу деген сеп» дегенiндей, кәрiпшiлiкпен келгендердiң әжептәуiр иығындағы жүгiн жеңiлдеткендей әсер еттi. Бибiнiң де жанарында үмiттiң жылт еткен шырағы байқалды.


— Бiз осы төңiректе күте тұрайық, — деп басын шұлғыды.


III


Үшеуi дәруханаға қарай жолда келе жатқандарында Нұрмолдаға сауалды қарша боратты.


— Остеомелид деген не сырқат? — Бiрiншi Бибi бастады.


— Сүйек ауруы.


— Оны ұқтық, сүйек туберкулезiнен айырмашылығы не? — Ендi Жапар тақымдады.


— Бұл сырқаттың меңдейтiн бiрнеше себептерi бар. Кейде жазым боп бала абайсыз аяғын соғып алса, сүйек шытынап немесе сыртындағы қабығы сырылып, дәзденуi мүмкiн. Олардың сүйектерi қатпаған, боркемiк қой, сондықтан әлжуаз. Осы кеселдiң көбiне балаларда кездесетiнi сондықтан. Содан барады-дағы жүйке талшықтары түршiгiп, қолтық пен шаттағы без шошынады, қызуы көтерiледi. Әлгi дәзденген тұсқа қан арқылы микроб түссе, бiтеу жара боп дүмпиедi де, ақырында iрiң кеулеп барып тесiледi. Яғни, сүйекке құрт түстi деген сөз. Сосын сүйек қалпына келмей борша үгiтiле бередi, үгiтiле бередi.


Мұны естiген екеуiнiң көздерi атыздай боп, төбесiне бiрақ шықты. Аяқ астынан мынадай бәлеге ұрынғандарына қайран. Құдайға не жазып қойғанын бiлмей Бибi солқылдай жөнелдi.


— Қой, жеңеше, жыламаңыз, мен тек аурудың мәнiн түсiндiрдiм. Айбынтайды құдай ондайдан сақтасын. Әлi қарайды ғой дәрiгерлер, бұл алғашқы болжам ғана. — Сабырлы кепте басу айтты. — Бәле жабысайын десе оп-оңай. Кейде қараптан-қарап жiлiктiң iшiндегi майға микроб байланады, ол өз-өзiнен бұзыла бастайды. Осы кезде адамның қызуы көтерiлiп, аяғын, қолын, қысқасы қай мүшесi ауырса соны ала алмай қалады. Ақыры әлгi әбiлеттi құрту үшiн жiлiктi тесiп, майын тазалап, iшiн дәрi-дәрмекпен шайқап жуып тастайды. Бұл аурудың машақаты көп. Жалпы кез-келген сырқаттың залалы жаман, басқа салмасын.


Жiгiт өңi сәл сұрқай тартып, басын шайқады.


Үшеуi Жапарлар бастапқыда кiрген сырқаттарды қабылдайтын бөлмеге келдi. Ондағылар алмасып үлгерiптi, жалғыз қазақ жiгiтi төбе көрсеттi. Нұрмолда екеуi жылы ұшыраса амандасты.


— Жұмыс қалай? — дедi Нұрмолда еркiн қалпынан танбай. Столдың үстiне дипломатын қойды да, ашып, iшiнен ақ желбегейiн шығарып кие бастады.


— Бiр қалыпты. Өзiңiз мұнда қайдан жүрсiз?


— Племяннигiм осында сырқаттанып түскен екен, соған келдiм. Әкелшi журналды.


Анау әлгiндегi қалың қоңыр дәптердi мұның қолына ұстатты. Бұл тез-тез парақтап тиiстi бетiн тауып алды. Жазуларға шұқшия үңiлiп, «так, так» деп қояды.


— Жарайды, бәрi түсiнiктi. — Журналды жауып, ары таман ысырды. — Балалар бөлiмiнде кiм кезекшi?


— Тамара Константиновна.


— Танымайды екем. — Бұрылып сыртқа беттедi. Ерлi-байлы екеуi Нұрмолданың соңынан тiркемесiндей бiрге iлестi. Ол екiншi қабатқа көтерiлдi, бұлар да қалмай iлбiдi. Әлдебiр есiкке тянғанда бөгелiп:


— Сiздер осында тұрыңыздар, мен кiрiп шығайын, — дедi.


— Мынаны ала кiр. —Бибi «күнiм, аптапта тiлi таңдайына жабысып шөлдеп жатқан шығар» деп, сусындар мен шырындар алған едi, сонысын ұсынды. Доктор қайнысы әлгi нәрселер салынған пакеттi саусағына iлген күйi iшке енiп кеттi.


Бiраз айналды. Ол кешiккен сайын бұл екеуiнiң дегбiрi қашып, тарс жабулы есiкке телмiре қарайды. Ары-берi жосықсыз сенделедi. Тiлден қалған, бар ой-санасы балаларының үстiнде. Тұтамсыз байламдар ұстатпай әр


қиырға бiр соғады. Салмағы қорғасындай ауыр минуттар мимырттап, тапжылар емес. Әлден уақытта барып сiрескен есiк қиғаштай ашылды да, ақ желбегейдiң етегi, сосын Нұрмолданың өзi көрiндi. Екеуi оған бiрдей ентелесе ұмтылды. Тапырақтап қасына жеткенiмен бiрдеме сұрауға дәрмендерi жоқ. Апалақтап педиатр жiгiттiң өңiне әлдебiр жақсылықтан дәмете қарайды.


— Жатыр. Шатының безi шошыныпты. Әлгiнде укол салған екен, қызуы сәл қайтыпты. Көрпе-жастығы терден суға малшыныпты. Көтерiп алдыма алып отырып, төсегiн қайтадан жаңалаттым. Менi танып жатыр, «қал қалай?» десем, күлiп қояды. Аздаған сусын бердiм.


«Күлiп қоядыны» онша көп уайым жемесiн деп әдейi айтқан едi.


— Е-е, күнiм-ай, — дедi Бибi көкiрегi қарс айырылып.


— Әлi емдеушi дәрiгер бекiтiлмептi, ертең таңертең белгiлi болады дейдi. Сондықтан мардымды да ем жасалынбаған. Ана жердегi кезекшi мейiрбикелерге «дұрыстап қараңдар» деп табыстадым.


— Ой, рахмет! Мың жаса!


— Ендi жүрiңiздер, Валерий Степановичтiң үйiне соғып, өзiмен көзбе-көз сөйлеселiк.


— Жолай жол-жоралғысын алалық.


— Оларыңыз жөн. Қазiр кiргенде сiздi «менiң немере бауырым» деп айтамын, «племяннигiме дұрыс қараңыз» деп өтiнемiн. Бар ынтасымен мейiрiн төгуi үшiн кейiн азын-аулақ ақша да бере салсақ артық етпейдi. Қайткенде де өзiнiң қолға алуын сұраймын. Өйткенi бiзде осы аурудың бұдан өткен бiлгiрі жоқ. Менiң ұстазым, ғылыми конференцияларда да жиi кездесiп жүремiз.


Нұрмолданың сөзiне екеуi де әжептәуiр көтерiлiп қалды. Осындай қайла таппай дағдарғанда көңiлге медет болатын сөздiң қайрат беретiндiгiн бұрыннан еститiн. Соны ерлi-зайыпты екеуi өз бастарынан кештi. Сананы тұман торлағанымен қолы iс бiлетiн адамның жаныңнан табылуы да құдайдың қарасқаны екен.


— Без деген болмашы шығу шықса да iсетiн шошынғыш бәле емес пе, төңiрегiнде сыздауық сияқты нәрсе байқалмады ма?


Жапар әлi де өз-өзiнен безi шошынып, бала соған бола ес-түссiз дәруханаға түстi дегенге нанбай, күмәндана сауал тастады. Баяғыда без шошынса шешесi уытын қазанның түп күйесiн жағып қайтаратын едi. Бүгiнде Нұрғаным жанында жүрген немерелерiне осы әдiсiн қолданады. Бiрақ, ол ылғи да жара, сыздауық сияқты бiр нәрселерге байланысты болатын.


— Мен де сондай дүдәмалмен Айбынның үстi-басын мұқият қарадым. Бiрақ көзiме бүдiр де бiлiнбедi. Әйткенмен оң аяғын титтей қозғасаң құлындағы даусы құраққа ұрады.


— Құлыным-ай, ә-ә… — Бибiнiң үнi күңiрене естiлдi.


Жапар ауыр күрсiндi.


— Без тағы неден шошынуы мүмкiн?


Әйтеуiр, әлгiнде атаған остеомелид деген дерт терiске шықса деген үмiтпен сұрап отыр.


— Кiм бiледi, ақзадағы зат алмасуы барысында да қабынуы ықтимал.


Бұдан кейiн барлығы да үн-түнсiз қалды. Машина Абай даңғылымен салып-ұрып келедi. Жол бастаушы Нұрмолда, Мате Залка көшесiнен өтiсiмен оңға бұрылуға ишарат танытты.


Дәрiгердiң мекенi онша iшкерiге сұғына орналаспапты, көшемен қапталдаса салынған бiр-екi қатар үйден өткеннен кейiн iргесiне келiп тоқтады. Шеткi есiктен кiрiп, екiншi қабатқа көтерiлдi. Пәтерi сол жақта екен, бiрден қоңырауды басты. Бұған жауап ретiнде арғы беттен дыбыр да бiлiндi. Сосын көз тесiкке бiреудiң үңiлгенi байқалды.


— Кiм бұл? — дедi әйел даусы.


— Валя тәте, бұл мен ғой, — Нұрмолда, облыстық балалар дәруханасындағы педиатр.


Құлыптың кiлтi бұрала бастады. Есiк қиғаштай ашылып, арғы беттен етжеңдi әйелдiң қаралдысы көрiндi.


— Сәлеметсiз бе, Валя тәте. — Дәрiгер жiгiт ежелден таныс екенiн бiлдiрiп, шұрқырай амандасты.


— Сәлемет, сәлемет. — Жылы шырай танытып, күле жауап қатты. Жапар мен Бибi де сыпайы амандасып, бастарын жарыса изедi.


— Үйге кiрiңiздер. — Әйел есiктi еркiне жiберiп, табалдырықтан бiр шетке қарай ысырылды.


— Рахмет, Валя тәте, өте асығыспыз. Валерий Степановичте шаруамыз бар едi. — Iшке қарай бiр адым аттап, өз жайынан мағлұм бере бастады.


— Валерий Степанович жоқ, саяжайға кеткен. — Әйел бiртүрлi кiнәлi адамдай ыңғайсыздана әбiржiдi. — Шұғыл шаруа ма?


— Иә, мына кiсi менiң немере бауырым, — Жапарды нұсқады, — қасындағы жеңешем. Племяннигiм қатты науқастанып, сол кiсiнiң бөлiмiне түскен екен. Жағдайы мүлде мүшкiл, дұрыстап ешкiм қарамай жатыр.


— Ол сағат түнгi он бiрлердiң шамасында келедi. — Әйелдiң түрiнен қынжылғандықтың iзi бiлiндi. Мұны естiген Нұрмолда:


— Онда мен, — деп бөгелiп қалды, ретсiздеу бiрдеме айтатын адамдай қипыжықтай сөзiн сабақтады, — сол кезде тағы бiр мазаларыңызды алсам, айыпқа бұйырмайсыздар ма?


— Жоқ, несi айып, келiңiздер.


— Мақұл. — Доктор iнiсiнiң үнi қуаныштан саңғырай шықты. Жапар мен Бибiнiң де жаны кiрiп барады. — Валя тәте, көптен берi сiздердiкiне келе алмай жүр едiм, мынау өзiңiзге арнайы әкелген тартуым.


— Оның несiне әуре болдың, Нұрмолда? Керегi жоқ.


— Ешқандай әурешiлiгi жоқ, алыңыз. — Пакеттi ұсына бердi.


— Әй, қазақтар-ай… — дедi үй иесi. — Төрлетiңiздер, бiр-бiр шыныаяқтан кофе iшiңiздер.


— Жоқ, Валя тәте, уақытымыз өте тығыз, он бiрден өте қайта айналып соғамыз.


— Жарайды.


— Кездескенше.


Осы сөздi үшеуi жапа-тармағай айтып, бұрыла бердi. Сыртқа шыққаннан кейiн Бибi:


— Иман жүздi адам екен, жолымызды құдай оңғартатын шығар, — дедi.


— Сәтiн салсын де. — Көкейiндегi күмән ыдырасын дегендiктен Бибiге Нұрмолда дем берiп қойды. —Валерий Степанович одан да керемет адам.


Машина орнынан жылжып, қалың көпшiлiктiң iшiне де тұмсығы iлiндi. Далада сапырылысқан қызу тiршiлiк үзiлiссiз жалғасқанымен, үшеуiнiң бiр сәтке тiлi байланды. Осы тыныштықты Жапар бұзды:


— Остеомелид туралы қайдан оқуға болады?


— Үйде осы науқас жөнiнде жазылған кiтаптар сақталуы тиiс, егер бiр жерге апарып тастамасам...


Тағы да еңсенi езген тыныштық орнады. Жаздың ұзақ күнi де ымыртқа айналып, төңiрек алакөлеңкелене бастады. Бiрақ, апшыны қуырған аптап әлi сейiлетiн көрiнбейдi. «Мұндай қапырықта төсекке таңылып қалу қандай қиын едi…»


— Мына жерге тоқташы. — Бибiнiң үнi Жапардың ойын бұзды. Сөйтсе, жолдың қапталында тiзiлген қалың бiр дүңгiршектердiң легi. Соған қарап әйелi Нұрмолданың кiшкентайларына бiрдеме алғысы келгенiн ұғынды. Мұны дәрiгер жiгiттiң өзi де аңғарып үлгерiптi:


— Жеңеше, ештемеге әуре болмай-ақ қойыңыз, — дедi дәбдірлей.


— Жоқ, ә-ә, балаларға қалай құр қол барам. — Келiншек оның сөзiн елең етпей, сыртқа беттедi.


Нұрмолданың ошағы Құрманғазы мен Жароков көшелерi қиылысының тұсындағы жер үйлерде екен. Ары-берi бұлаңға салып барып, бiр сұр қақпаның аузына сұғына тоқтады.


— Ал, жүрiңiздер. — Машинаның есiгiн ашпай жатып, қазақылығы мол жiгiт үйiне шақырып бәйек. — Жаман атты естiгелi естерiңiз қашып, нәр де сызбаған шығарсыздар. Алаңдамай, қазiр шайға әбден қанып алыңыздар, сосын Валерий Степановичке жолығамыз.


От түтеткен мекенi шағын ғана екi ауыз үй. Кiре берiсте оны-мұны шаруаның нәрселерi тұр. Газ плитасы да осында қойылыпты. Кәдiмгi қазақы отау.


— Қожайын мына жақта басқа тамда тұрады. Аула бiр, шығып-кiретiн есiк бөлек...


Нұрмолда қоңырқай тiрлiгiнен хабардар еттi.


Жапар Мұратпен қоян-қолтық араласқанымен, мұның шаңырағының табалдырығын аттап басқаны осы. Сондықтан ба, әлде мұндай оғыр-шоғырлықты күтпегендiктен бе, дәрiгер жiгiттiң әйелi тосаңдау қарсы алды.


— Қалдарың қалай? — Жапар жайдары қалып танытуға ұмтылып, жылы амандасты. Нұрмолданың келiншегi мына кездейсоқтықтан қысылған кепте имене басын изедi. Бибi барып бетiнен сүйiп жатыр. Жапар ендi байқады, үш-төрттер шамасындағы ұл бала төр жақтағы сандықтың түбiнде состиып тұр екен. Соны көрiп:


— Келе ғой, бота, — деп өзiне шақырды. Балалы босағадан өрбiгендiктен бе, әлгi ұл томсырайса да бұған қарсы жүрдi.


— Ағаға «ассалау» айт, — деп, әкесi дем берiп қойды. Сол-ақ екен бiр жапырақ неме саусағын шошайтып, қолын ұсынды. Жапар ұлды көтерiп бетiнен сүйдi.


— Дәу азамат бол. — Сөйтiп тұрып, кеудесi толқып кеттi. Онысын сыртқа бiлдiрмеуге тырысты. — Ал, әлгi таяуда туған батыр қайда?


— Ұйықтап жатыр ғой, әне. — Үй иелерiнен бұрын Бибi жауап қатты.


— Бауы берiк болсын!


— Айтқаныңыз келсiн.


— Арнайы «құтты болсын айтып» келетiн жөнiмiз едi, ендi мынауымыз ұят… — Бибi қысылыс тауып, қызара сөйледi.


— Ешқандай сөкеттiгi жоқ, бүгiнде бiреуге бiреу өкпелейтiн заман емес. Жағдай билеген уақыт. — Нұрмолда бәрiн жуып-шайып жiбердi. — Жәке, отырыңыз. — Жүктiң үстiнен алып, төрге жастық тастады.


— Ғазиза, шайыңды әкеле бер! — деп дауыстады да, өзi төсектiң астындағы «қазынасын» iздеп кеттi. Бiр бума кiтаптарды шығарып, ақтара бастады. Осы әредiкте Бибi жаңағы алған тәттiсiн үйдiң әлгi үлкенiне ұстата бердi. Өңгедей бұйымын дастарханның үстiне қойды.


Бұл кезде Жапардың жадына ерiксiз бiр оқиға оралып едi.


IV


…Сол күнi Жапар тура өңiндегiдей түс көрдi. Әлдеқашан сүйегi қурап қалған атасы, әкесiнiң кiшi iнiсi Тобықбай, өзi және мүлде танымайтын беймәлiм орыс төртеуi көше бойлап келедi. Бұл ауылдың үшiншi бөлiмшесiндегi бiр кездерi аталары тұрған көше сияқты. Беталбат жүрмей, бәрi әлдебiр нәрсенi iздейтiн сыңайлы. Әйтеуiр, бұған солай көрiнедi, нақтысында ол жағы көмескi. Атасы бұрынғыша қолына таяғын ұстаған, ақсаңдай басады. Әдеттегiдей түсi суық, ат жақты пiшiнiн күмiстей шоқша сақалы тiптi айбындандырып жiберген. Сөзге сараң.


— Өй, мына жерге бiреу әп-әдемi үй тұрғызыпты ғой, — дедi әлдекiм қайран қап, бiр замандарда қара орман қоныстанған iргенiң сол жақ қапталындағы ашық алаңқайға салынған сылағы жаңа үйдi нұсқап. Не атасы, не ағасы екенiн бағамдай алмады. Сосын тағы да:


— Сендерге осындай үйдiң бiрi болса жетiп жатыр ғой, — дедi Жапардың баспанасыз сандалып жүргенiн бiлетiнiн аңдатып. Бұл жолы да мұны қайсысының айтқанын байқап үлгермедi.


Төртеуi аяңдап, сонадайда дөйдалаға ағып жатқан суға таянды. Бұлар бөгелген тұсы судың үшке айырылатын көмейi болса керек, цемент бетоннан құйылып жасалған құлағы бар. Соған атасы орысты жұмсап, бiр нәрселерiн көрiп ал деп тапсырды. Әлгi айтқандарын екi етпей елпең қағып, бiрден шаруаға кiрiстi.


Сол аралықта анадай жерде тұрған, өзiмен бiрге әскерде болған Қайрат дейтiн жiгiттi байқап қалды. Оны бағана да көрген, неге екенiн бiлмедi, бiр-бiрiне салқын. Қалтасында сыйлап жiберетiн тиын-тебеннiң жоқтығынан қашқақтап, бойын аулақ салатындай.


— Үйге жүр, — деп ол дарбазаға қарай бастады. Оның да қасында ересек орыс жiгiтi бар. Үй соныкi сыңайлы. Iшке кiрiп, әлгiлермен алқа қотан отырып арақ iшкен тәрiздi.


— Менiң жазған хатымды алдың ба? — деп сұрады Қайраттан.


— Екеуiн де алдым, бiрақ жауап жазуға уақытым болмады, — дейдi еш қысылмай.


Мұны естiгенде бұл өз-өзiнен әжептәуiр ыңғайсызданды. Жақсы көрген адамының салғырттығына iштей кейiстiк те бiлдiрдi.


Осы уақытта «сенi «жүрсiн» деп шақырып жатыр» деп, атасының қасындағы әлгi орыс босағадан сығалады. Бiрден жүре қоймады. Әңгiмеге алданып, сәл бөгелiп барып сыртқа шықты. Төңiрекке көз тастады, сонадайда суды құлдилап атасы Тобықбайды ертiп әкетiп барады. Сосын, екеуi де бiрте-бiрте бұлыңғырланып, ақыры үштi-күйлi ғайып болды.


Түннiң қай мезгiлi екенi белгiсiз, iзiнше көзi ұйқыда, санасы оянды. «Қап, — деп өкiндi, — дүниеден әлдеқашан өткен атамның ағамды ертiп кетуi ырымға жақсы емес». Осыны ойлап қиналып, бiраз жатты. Одан кейiн тағы да ұйқы жеңдептi.


Жайлау екен дейдi. Қасында бiр топ жолдасы бар өз үйiне келiптi. Шамасы, түнделетiп жетсе тиiс, таң атып кiсiлер төсектен түрегеле бастаған. Қайсыбiрi одан да бұрынырақ оянса керек. Әлгiлер байқауынша түздiң емес шәрiнiң адамдары сияқты, жiптiктей тартылған сыпайы киiм киген. Қостың маңында қыдырыстап, айналаға тамашалай қарайтындай. Есiк алдында әкесi жүр, шешесiн аңдай алмады. Барлығы күн шығыс жаққа алаңдап, әлдекiмге қарайлайтындай. Бұлардың арасынан бiреу қой өргiзiп пе, мал iздеп пе, әйтеуiр, бiр жаққа кеткен сыңайлы. Соны баршасы дегбiрсiз күтетiн тәрiздi. Бiр кезде әлгi адамның қарасы көрiндi-ау. «Келе жатыр» деп арқаны кеңге салып тұрғандарында ол жақындай берiп, бұларға әлденәрсенi қолымен нұсқап бiрдеме-бiрдеме деп айқайлады да, қайта керi қайтқаны. Ешқайсысы ұғынбады. Ендiгi бет алысы — көз ұшында қарайған қос алма ағашы. Жаз жайлауға көшкенде мал айдайтын күре жолдың бойындағы әлгi жемiс ағаштары бұған ежелден таныс сыңайлы.


Шара таусылғаннан кейiн Жапар лажсыз атқа қонды. Тақымындағы жануардың қандай мал екенiн де байыптай алмады, әйтеуiр, баран жылқы көрiндi. Жай жүрмей, текiректете шапты. Бiр кезде қара парға ұшырасты. Жыртылған жердi ауырсынып, аты қатты ышқынды. Сонда да қарамайды, шаужайлай түседi.


Жазық беткей тәмамдалып, өзекке құлдилады. Сылдырап су ағып, жан-жағындағы жасыл желекке шашырап қойлар жайылып жатыр. Соларды қақ жара iлгеріледi. Ендiгi әредiкте отар да кейiндедi. Бiр кезде жаяулаған бөгде жан жолықты. Екеуi қарама-қарсы түйiссе де ол бұған селт етiп назар аудармады. «Салт атты адамды көрмедiң бе?» дедi бұл шыдамсыздық танытып. Әлгi түк естiмейтiндей, өз бетiмен қырға қарай кетiп барады. Айтса айтулы, еңгезердей жiгiт. Қақпақтай жаурынын жалғыз аяқты жолдың жиегiне өскен биiк барақы бөргез бен итмұрын да бiраз уақытқа дейiн жасыра алмады.


Ананың мына келеңсiздiгiне бiраз аңырып тұрып, дiңкесi құри iлгерi жөнедi. Жаңағы шағын өзекшесi құлдаған сайын терең шатқалға айналды. Ендi соның оң жақ қапталдағы қия бетiмен қабырғалай салды. Бiр уақтарда әзер дегенде құлама беттiң жалына жармасып шықты. Сөйтсе шатқалдың екi жағы да тарам-тарам, кезең-кезең құз-шың болып жалғаса бередi екен.


Көп ұзамай әлгi бұл iздеген адам, «жылқыларды таптым» деп айқайлады. Сөйтсе ол жалғыз емес, қасында екi-үш кiсiсi бар сияқты. Онымен ұшырасқанына Жапардың көңiлi тоғайып, ендi, әлгiндегi үйдiң есiгiнiң алдында тұрғанда көрiнген екi алма ағашты iздедi. Қас қылғандай назарына iлiне қоймады. Сосын қия беттi құлдай төмендедi. Беттiң құламалығы сондай, әуелi аттың өзi қабырғалап зорға жүредi. Қараса, iздеген адамы бұған мiнгесiп алыпты. Аттары сүрiнiп, жардан ұшып кете жаздады. Мiне, масқара, бұл оны танымайды да, түрiнiң өзiн көмескi көредi.


Атын жетелеп, iлдәлдалап, қия беттiң қыр арқасына мiндi. Сол жалмен өрлеп сәл жүрiп едi, алма ағашы тұр. Әлгiнде өзi шыққан шатқалдың қарсы бетiндегi құлама жарға өсiптi, жарықтық. Алмалары iрi-iрi, сирек бiткен әрi нарттай қып-қызыл.


Түбiнде бiреу отыр, мұны көрiсiмен «иесi кетiп қалды» дейдi. Ұзағыраққа жан-жағына көз салып едi, сонадайда бiр әйел адам әлдеқайда өз бетiнше кетiп барады. Қалың етiп киiнiп апты, киiмiнiң түсi сұр ма, қоңыр ма, ажырату қиын. Ту сыртынан қарап тұр, жүрiсi сондай маңғаз. Ер тұлғалы адам екен, дене-бiтiмi ерекше iрi.


Және бiр қызығы алма ағашы екеу емес, жалғыз. Киіз үйдiң маңынан қарағанда кiшкентай, жатаған қоңыр төбенiң бүйiрiне орналасқан iспеттi едi, мынау тiптi шатқалға қоныс теуiптi. Осындай иiнде өскенiмен, бұларға қалай көрiнгенiне қайран.


Алма ағашқа дейiн ептеп баруға болады, ал оның тура түбiнен құлама жар басталады. Егер жазатайым аяғың тайып кетсе, саудаңның бiткенi. Түйсiз құздан ұшып парша-паршаң шығады да тынасың. Жаңа дәл бұл таянғанда бiр қып-қызыл алма сабағынан үзiлiп, шыңырауға құлады. Соны көргеннен кейiн тiптен үрейi қашты. Жанындағы жiгiттерге:


— Алмасы құрсын, кеттiк. Бiздi онсыз да күтiп қалды, — деп, бұл жерден тезiрек алыстатып әкеткiсi келдi. Сол кезде құз-шатқалды тiтiрендiрiп «Жапар, Жапар!» деп айқайлаған әкесiнiң даусы естiлдi. “Мен мындамын” деп дауыстайын десе үнi шықпайды. Әзер дегенде қыстыға дыбыс бердi-ау.


— Үи-й, болмайсың ба?! Қайт, жүр тез! — дейдi әкесi ренжулi кейiспен зекiп.


— Қазiр, әйе, қазiр. Мiне кеттiк, — деп, бәйек қаға жауап қайтарды.


— Келетiн болды ғой, жүрiңдер қайтайық, — дедi әкесi жанындағыларға. Жанындағылары үйдегi қалған манағы бiр топ адам сыңайлы. Ақырын айтса да бұларға сөзi тура қасындағыдай анық естiлдi. Бiрақ, әлгi шоғырдың ешқайсысы да көздерiне шалынбайды. Олар тұрған шоқының басы қара түнек те, бұлар тұрған шатқалдың қабырғасы дәл күндiзгiдегiдей жап-жарық.


Мұның қасында екi жiгiт бар, үшеуi де салт. Бiрақ екеуiн де танымайды, әйткенмен, бұрыннан бiлiс адамдар сияқты.


Қия беттi қабырғалап уақытты жоғалтпай, сайдың табанына тұқита тiк салды. Мұның астындағы жануар жас жылқы тәрiздi, дөнен ғой деп топшылады. Ана екеуi екi жағында, ортада бұл. Төмен құлдилаған сайын жаңағы жарық сәуленiң аясы тарылып, күңгiрттiк жайлады.


Сайдың табаны арықтың енiндей ғана, соншалық тар екен. Соған әбден түскен кезде, көлденең жатқан төрт бұрыш бiрдеме ұшырасты. Табыт… табыт қой деп топшылады. Тақымындағы жануар осы сандық тәрiздес дүниеге тұмсығын тiреп кеп тоқтады. Үстiнен секiртiп өтiп кетейiн бе деп бiр ойлады да, құдайдан қорықты. Өте алмады. Осы кезде байқады, қасындағы әлгi екеуi iзiм-ғайым, үштi-күйлi жоғалған. Жалғыздығына бiраз елегiздi. Әйткенмен, сабыр сақтап ендi кеңiнен айналмаққа қам жасап жатқанында, оянып кеттi.


Ештеменi де тұспалдай алмады, тек сағынып жүргенде әкесiн түсiнде болса да көргенiне қуанды.


Түс дегендi жори алмаймыз-ау. Әйтпесе, сол күнгi бұл басынан кешпек оқиғаны аруақтардың аяны арқылы алдын-ала дәлме-дәл жеткiзiп тұрған едi. Оны Жапар қайдан бiлсiн…


*** *** ***


Ертеңiнде апақ-сапақ мезетте үйге күтпеген адам Айгүл келдi. Екi көзi бұлаудай, өң-түстен түк жоқ, бетi долыға қызарған. Табалдырықтан аттап, босағаға сүйенген күйi солқылдай жылады. Қасында Әйгерiм бар. Оның да үрейi қашып, жiпсiк жанарлары жыпық-жыпық етедi.


Олардың мына ұсқынын көрiп, үй iшiндегiлер үдере түрегелдi. Сұраулы кепте екi әйелге кезек қарайды. Әйгерiм ештеменi жарытып айта алмады. Ал, қасiретке кенелген келiншек өксiгiне булығып, дұрыс сөйлеуге мұршасы жетер емес.


Жан түршiгерлiк түр-әлпеттi аңдаған бұлардың зәре-құты ұшты. Әлдеқандай жаманшылықтың жабысқанын қапысыз iштерi бiлiп тұр. Ал Жанаттың өлiмiн естiгенде төбелерiнен жай түскендей, бiр сәт естерiнен таныңқырап қалды. Жапар абдырап, асып-сасып не жасағанын бiлмедi.


*** *** ***


Ажал әркiмге әртүрлi келедi-ау, бейшара он екiншi қабаттан құлап өлiптi.


Жазда ғана Кегенге тойларына барып едi. Осыдан он алты күн бұрын ғана қол-аяғын бауырына алып, дүниеге ұл әкелген. Бiр жапырақ шикi өкпе ендi кiмнiң көкiрегiн иiскелеп, мейiрiм табар екен?..


Күйеу балаларынан «жиендi болдыңыздар» деген жеделхат алған соң, қыздың шешесi байыз тауып отыра алмай Жезқазғаннан Алматыға ұшақпен салған. Алып-ұшқан көңiлi сүттауысқанын көрiп барып саябыр тапты. Перзентханадан шыққаннан соң да қасынан сұңқа адым ұзамай, бәйек боп шыр-пыр қақты. Өйткенi, қартайғанда тапқан кенжесi. Әрi, шүкиттей неменiң бұл тұңғыш көтерген құрсағы болғаннан соң ба өз-өзiне келе алмай ыстығы артып, дәмiл-дәмiл сырқаттана бердi. Сөйтiп, оның денсаулығы енесiн де, шешесiн де қобалжытты. Кейде кәп-кәдiмгiдей сақайып, үй-iшiн қуантып қояды. Марқұм, дүниеден өтерiнен үш күн бұрын тосын мiнез көрсетiп:


— Мама, түсiмдi айтсам ұрыспайсың ба? — деп, бiр сәт шешесiне мұңая қадала қарап тұрды да, ағыл-тегiл жылап жiбердi.


— Үй-и, саған не болды?! — Зәумен тiксiнген қос ана бiрдей өре түрегелген. Бiрi бұла неменiң көз жасын сүртiп, бiрi ыстық құшағына алып кеудесiне басты.


— Қой, жарығым, тектен-текке жылаған жарамас.


— Ертең-ақ белiң бекiгеннен кейiн бәрi ұмытылады.


— Бүгiнгi науқасыңа алаңдама, кейде осылай соңы сүлелендiрiп, беймаза күй кештiретiнi бар.


Екi ана екi жақтан жұбатып бақты.


Булығып, көз жасына тұншыға пысыңдаған ол бiраз уақыт өткенде барып тiлге келдi:


— Менi Қазинаш тәтем шақырып жүр. — Әкесiнiң ең кiшi iнiсiнiң әйелi ертеректе қайтыс болған, соны айтып тұр. — Бұрын бiр рет түсiмде «кел» деп шақырғанда, ауылдағы Найзабек аға: «Қазинаш, оның не? Оның оқуы бар емес пе? Әмбе әлi жас қой, мен барайын» дедi. Кенет, сол заматта қыстыға ояндым. Сосын, айналасы екi күннен кейiн Найзабек аға бұл өмiрмен қош айтысты.


Бұдан ары тыңдауға дәтi жетпеген шешесi:


— Қой, қайдағы жоқты айтқаның не?! — деп, тиып тастады. Шынында да ауылдағы Найзабектiң аяқ асты дүниеден озғаны рас едi.


Жанат мына жалғаннан қайтатынынан екi-үш жыл бұрын троллейбуста келе жатыпты. Көлiкке мiнгеннен-ақ анадайда отырған қара киiмдi, ақ сақалды қарияға назары ауған. Бiрақ онша мән бермеуге тырысқан, сонда да беймәлiм жұмбақ тылсым өн-бойын жайлай берген едi. Бiртүрлi қалтырайтындай сезiндi.


Дел-сал қалпы межелi аялдамаға жеткенде қыз сыртқа беттейдi. Қас қылғандай бейтаныс қария да сол жерден түседi. Бұл көшенiң келесi қапталына аяңдады. Шал да өкшесiн басып, iзiнен қалмады. Бiр уақта соңынан қуып жетiп, тоқтатып:


— Балам, осының алдында ғана дәруханадан шыққан екенсiң, — дедi қолмен қойғандай.


Бұл аң-таң. Шындығында да солайы солай.


— Ендi бұдан былай киiмiңдi ешкiмге берушi болма және еш жерге қалдырма. Сосын, бiр айға дейiн суға шомылма. Арғы жағын өзiм айтамын.


Қыздың мына тосын әңгiме мен бейсауат адамнан сескенгендiгiнен әтүйiрi ұшып кеттi. Есiн жиып көзiн ашқанында, жатақхананың алдында тұр екен. Қалай келгенiне қайран, дәнеңенi бiлмейдi. Шамасы сол заматында-ақ санасын билеген үрейден ақылынан алжасып қалса керек.


…Бүгiн жас келiншектiң қайынбикесi мұның шешесiн қонаққа шақырып, енесi екеуi сонда барып қайтпақ ниет танытты. Ең бiрiншi қос ана:


— Қалайсың, қарағым? — деп әуелi денсаулығын сұраған. — Барып келсек қайтедi? — Оның жағдайы күндегiдей сәл болса, бүйтiп айтпас та едi. Кеше дәрiгерлер укол салып кеткеннен кейiн бе, тәуiр көрiндi.


— Барсаңдар, барыңдар. Бiрақ, қонып қалмаңдар. — Көзi жәутеңдеп қиыла қарады. Өйтетiнi, ерi Нұрмолда да жоқ, бағана келiншектiң өз шешесi шаруамен Шелекке жұмсап жiберген. Бүгiн оралмайды.


Сол заматта темекi деген қат әрi қадiрлi дүниеге айналды да, көзден бұл-бұл ұшты. Арзанға тапсаң, тек махорка күйiнде Шелектен ғана табатын едiң. Құдағи елiне қайтпаққа ыңғай танытып, осы «қадiрлi» нәстенi қоржын басын толтыра әкетiп, шылымқор еркектердiң сауабын алмаққа ниет қойса керек.


— Барамыз да қайтамыз. Сенi тастап сол жақта шалжиып жатады дейсiң бе? Құдағи келгелi бiр бой жазған жоқ. Тым құрмағанда құдашасының үйiне қыдырып кесiн, — дедi енесi үлкен қызының үйiне апаратынын аңғартып.


Жанат беймазалығына бiртүрлi ыңғайсызданып қалды. Дерт сорып сұп-сұрға айналған жұқалтаң өңi, әп-сәтте шоқтай жанып өштi. Бiрдеме айтуға оқталғанымен жаңа түскен келiннiң ибасы жiбермедi.


Сөйтiп, қос шешесiн абысыны Айгүл екеуi жолға шығарып салды.


Күн сенбi едi. Олардың iзiнше-ақ қайынағасы Мұрат асабалыққа шақырған тойға кеттi. Үйде абысыны, өзi, үш кiшкентай — бесеуi қалды. Бесiктегi нәресте — мұнiкi.


Содан берi де бiр қауым өттi. Екi абысынды-ажынды өзара күңкiлдесе әжүк-күжiк әңгiме айта жүрiп, жеңiл-желпi шаруаларды жайғастырды. Соның арасында Айгүл дәмдi етiп ас та әзiрлеп үлгерген едi. Соны ортаға алып, қаймақ қатқан шайды алаңсыз бiр сiмiрдi. Мейiрлерi де қанып қалған-тұғын.


Жатын бөлмедегi бесiктегi бала жылады.


— Тәте, мен емiзе қояйын. — Жанат үлкен абысынын «тәте» дейтiн едi.


Кетiп бара жатып ваннаның есiгiн ашып тастады. Ары айнала берiп, әжетханаға кiргендей болды. Айгүл солай топшылады. Өйткенi, бөпесiнiң жылауы жуық арада тиылмады. Осыдан соң жаңағы ойына сендi. Өйтетiнi, Жанаттың iшiне ас тоқтамай мазасы қашып жүрген-тiн.


Сосын бiр қолына баласын көтерiп, бiр қолына тамақ салынған ыдысын ұстап, жатын бөлмеге келдi. Бөбешiктi тербете отырып, өзiнiң кiшкентайын тамақтандырды. Бесiктегi жылбысқы уанбай шыр-шыр етiп көгере жылады. Тiптi әлден уақытта үдете iңгәлады. Бұл бейшара нәрестенiң сiлесi қатар ма деп тызақтады. Шикi өкпе мұның жанын мұрнының ұшына әкеп, бiр кездерде барып саябыр тапты. Осы аралықта ғана мұршасы кеп, келiнiн iздедi. Бөлменiң бәрiн қарады — жоқ. Әжетхананың есiгiн ашты — жоқ.


Оның iшiне ас тоқтамағанына қоймай, қанша тамақ iшсе де қарыны да тоймады. Осындай бiр кеселге ұшырады. Өткенде енесiне «апа, өзегiм талып барады» деген соң, ол кiсi қазанда қайнап жатқан сорпадан құйып әкеп, арқасынан демеп өз қолымен ұрттатқан. Сонда оптыға жұтты. Ертесiне барып «кеше мен ыстықты сезбегем бе, аузым, тiлiм күйiп қалыпты. Бүгiн ашып отыр» деген болатын.


Ернiне бiрдеме тисе, iзiнше әжетханаға жүгiредi. Бағанадан берi абысынының онша алаңдамағаны да сол. «Әжетханада шығар» деп, соңынан қузап iздемеген. Ендi, мiне, мұнда да жоқ. Лезде айран-асыр күй биледi. Кеудесi атқалақтай, дедектеп сыртқы есiкке барды. Есiк ашық тұр. Абдыраған күйi табалдырықтан аттады, дәлiзде абыр-сабыр ел. Мұның ештеме ұқпай тұрған кейпiн көрiп, дабырға елтiп бұрынырақ шыққан көршiсi «бiр кемпiр құлап кеттi» дейдi. Суық сөздi естiгенде Айгүлдiң жүрегi зырқ ете қалды. Жүгiрiп баспалдақ жақтағы балконға барды. Төмен қарады да шыңғырып жiбердi.


Жұрттың «кемпiр» деп жүргендерi — киiмiне қарап жорамалдағандары екен. Жас босанған соң Жанат басына орамал тартып, үстiн қалыңданып киiнiп алған-тұғын.


Балконнан басы айналып құлап кеттi дейiн десең, оған ешқандай ыңғайы жоқ. Белдеу темiрлерi биiк, Жанаттың шамамен алқымына жетедi, алқымына жетпесе де көкiрегiнен келетiнi анық. Бiреу-мiреу итерiп жiбердi ме дейiн десең, бейсауат бөгденi әлдекiм көрiп, немесе әлдеқандай дыбысты көршi-көлеңдер естiмеген. Өзi секiрдi дейiн десең, ешқандай санаға сыймайды. Үйде көңiлiне қатты тиетiн ауыр сөз, ұрыс-жанжал яки зекiп-жекiру ешқашан болған емес.


Жұмбақ малағамның шет жағасын бiр көршi ас үйiнен байқап қалыпты. Әу баста марқұм, жерге қадала қарап балконда тұрыпты. Әйткенмен шай iшiп отырған әлгi адам оның бұл сықпытына аса мән бермейдi. Босаған шынысына шайын құйып, шәугiмдi қоя бергенде кенет бөлме күңгiрт тартқан сияқтанады. Осы кездейсоқ құбылысқа шартты түрде ерiксiз жалт қараса, аяғы көктен келiп жаңағы адам құлап бара жатады. Көрген кiсiнiң өне бойынан тоқ жүрiп өткендей, жүрегi зу етiп табанына түседi. Бiразға дейiн есiне келе алмапты.


*** *** ***


Айгүл Жапарлардiкiне күйеуiн iздесуге жәрдемдесуiн өтiне кептi. Мұрат бәрiнiң жақын сыйлас досы Ерсұлтанның немере iнiсiнiң тойын басқарып беруге кетiптi. Бiрақ, той атты адамға ана шетi мен мына шетi бiр күншiлiк жол Алматының қай тұсында екенi бiр құдайға мәлiм. Оны Ерсұлтанның үйiнде балаларын қарап қалған қайынбикесi Әйгерiм де бiлмейдi. Сонымен, ешкiмге тойдың қайда өтiп жатқаны белгiсiз. Сөйтсе де, дәл бүгiнгi күн Мұратты табулары тиiс.


Есi шыққандықтан Жапар бiресе шалбарын, бiресе костюмiн ұстай берсе керек:


— Тездетiп киiнсеңшi, — дедi Бибi.


Ненi иығына iлiп, ненi борбайына кигенiн тәңiрдiң өзi бiлсiн, асыға басып сыртқа беттедi. Осы кездiң өзiнде-ақ, еңкейсе арты көрiнетiн мини етектi қыздай күздiң қысқа күнi ұясына батып барады екен.


Бiрден такси ұстап алып Жандосовқа тартты. Өйткенi, тойдың сол көшедегi кафелердiң бiрiнде өтуi ықтималдығынан сырттай хабардар. Әйтеуiр, той иелерiнiң телефоны қолдарына дұрыс тидi. Әрi олардың Жандосов пен Жароковтың қиылысында, прокат пунктi орналасқан үйдiң үстiңгi қабаттарында тұратынын Әйгерiм айтқан. Не керек, оныкi де нобай.


Жол-жөнекей жүргiзушiге жай-жапсарды ұғындырып едi, ол құдайына қараған адам екен Жандосов көшесiнiң бойындағы асхана, кафелердiң бәрiн аралатты. Айгүл машинада қалады да, Жапар жүгiрiп барып келедi. Сiленi қатырғанда, ешқайсысында болмай шықты. Сосын екi жағында қапталдас созылған көшелердi де шарлады. Бәрiбiр, жоғын таппады. Кiрмеген барлар мен кабактар да некен-саяқ. Айгүл екеуiнiң әбден дiңкесi құрыды, үмiттерi ақталмады. Амалсыз машинаны жөнiне жiбердi. Ендi жаяу бастапқыда жүрiп өткен жерлерiн қайта сүзiп, ақтауға кiрiстi. Бәрiбiр ештеме өнбедi. Той иелерiнiң пәтерiне телефон шалды, әуелгiдегiдей мiз бақпайды. Демек, ешкiм жоқ деген сөз. Сонда да сол үйге баруға тура келдi. Ондағы ойлары: көршiлердiң бiрi болмаса бiрi бiлетiн шығар деген есек дәме.


Көшеден ары-берi өткендерден прокат пунктiн сұрады. «Анау» деп бiреуi көрсетiп кетсе, келесiсi «оны алып тастаған, қазiр жоқ» дейдi. Сеңдей соғылысып абдыраған күйлерi бұрын прокат пунктi болған үйдi тапты. Оның бiрiншi подъезiнен бастап кiрiп, той иесiн iздедi. Құдай төбеден ұрғанда ешкiм ондай пенденi танымайды. Үй бес қабатты, әр қабатында төрт пәтерден. Әрқайсысы бұларды әртүрлi қарсы алды. Бiр қайран қалдырғаны ешкiм есiк ашпады, арғы бетiнен тұрып тiл қатады.


Өлдiк-талдық деп жүрiп, үшiншi подъездiң төртiншi қабатынан iздеген адамдарының пәтерiн тапты-ау. Бiрақ өздерi алдын-ала жорамалдағандарындай онда жан пенде жоқ. Сосын жапсарлас есiктегi кiсiлерден жөн сұрауға кiрiстi. Бейсауат жандарға көршiлерiнiң бiрi: «мына келесi пәтердегiлер тойдың қайда өтiп жатқанынан хабардар» деп сiлтедi. Қуана сол үйдiң қоңырауын басты. Есiк ашқан қыз ба, келiншек пе мән-жайды шала-шарпы бiлсе керек, соңына бұрылып түпкi үйдегi әлдекiмнен пысықтады.


— Осы Жандосовтың бойындағы жобалау институтының екiншi қабатындағы асханада!


Жатын бөлмесi жағынан әлдебiр әйелдiң дауысы даурыға өрекпiдi. Ал мына қыз оның үнiн бұлар естiмедi дедi ме, тура соны сол күйiнде қайталады. Бұл ләмнiң соншалықты күңгiрттiгiн сезiнгеннен кейiн Жапар жағдайларын айтып, жалына үн қатты.


— Таба алмайтын сыңайымыз бар. — Жапар дүдәмалын жасыра алмады. — Iздегенiмiзге үш сағаттан асып кеттi, ұшынан да ұстатпайды. Апарып салыңыздаршы, өтiнемiн…


— Жақын, мына тұрған қол созым жерде.


Есiктi ашқан әлгi адам тартыншақтады. Келушiлер амалсыз тағы да қолқа салды. Ол арғы жақтағы бiреуге құлықсыздау «апарып салшы» деп пәрмен бердi. Бiр жас жiгiт пен бойжеткеннiң төбесi сарылта күттiрiп барып көрiндi. Екеуi асықпай киiндi. Әлден уақытта бұлар әлгi үйдiң iшiмен қош айтысып, алғыстарын жаудыра жолға түстi.


Жандосов көшесiнiң бойымен Абай даңғылына қарай беттедi. Бұрын байқамапты, көшенiң екi қапталы да толған жобалау институтының корпустары екен. Әрi, соншама неткен қаптаған жобалау институттары екенiн адам түсiнiп болмайды. Вахтерлары бiрiне-бiрi сiлтейдi. Түннiң бiр уағында олардың өзiмен де сөйлесу қиын. Солардың сiлтеуiмен бiрде iлгерi кетсе, бiрде көшенiң келесi қапталымен қайта керi сөлпектейдi. Одан арттарына қарай қайта жүредi. Әйткенмен, той болып жатқан корпустың табылатын сыңайы жоқ. Әлгiндегi екi жас әлдеқашан таулары шағылып, кетiп қалған.


Кей вахтерлар үйлену тойды iздеп жүргендерiн бiлгеннен кейiн, «өздерiң кешiгiп келесiңдер, әмбе гүлдерiң де жоқ, ұят емес пе?» деп, өз төтелi уәждерiн де айтады. Бұлар ләм демейдi. Мойындарына су кетiп, тiлдерiн жұтқандай сырт айналады. Олардың қайсы бiрiне жай-жапсарды түсiндiрмек.


Итшiлеп жүрiп тапты-ау. Сөйтсе, Абай мен Жандосовтың қиылысында екен. Ғимарат тiптен Жандосов емес, Абайдың бойында тұр.


Әдеттегiдей вахтермен сөйлескен. Ол той өтiп жатқанын мақұлдады. Сосын, Айгүлдi оның қасына қоя тұрып, бiлiп шығуға рұқсат алды. Екiншi қабатқа көтерiлiп, өктеп сөйлеп гүжiлдеген топтан «Мақсаттың тойы ма?» деп сұрады Ерсұлтанның iнiсiнiң атын атап. «Иә» дедi әлгiлер. Бұл заматында керi бұрылды, сол қалпы көктей өтуге әлденеден тайынды.


Сөйтiп, бiр әурешiлiктi жеңдi-ау, ендi бұған қарағанда екiншiсi әлдеқайда қиынға соқты. Мұратқа қаралы хабарды қалай жеткiзбек? Мына жаңадан үйленiп жатқан екi жастың неке тойының үстiне күздiң қара суығындай сумаңдап кiру жанын мүлде тiтiркендiрдi. Ырымға жаман. Сонда да қайтадан iшке беттедi. Ешкiмдi танымайды. Әркiмге бiр телмiре қарап жүрiп Ерсұлтанды тапты, Мұратты тапты…


*** *** ***


Марқұмды киiзге ораған қалпы балконға ұзынынан салыпты.


Үйде өңкей бала-шаға. Ес бiлiп қалғандары үрпиiп, үрейдiң торына шырмалған. Әрi мына малағамның мәнiсiне түсiне алмай көздерi жәутеңдеп, тiрi жетiмнiң кейпiне енген.


Ал байқұс келiннiң шешесi күңiренiп, өз бетiн өзi жыртып, үйдi басына көшiредi. Оның жанынан қарыс сүйем ұзамай екi-үш адам иығына мiнiп отыр. Әйтпесе, қызының соңынан бұл да секiрiп кетуден тайынар емес.


— Құдай-ай, құдай-ай… Қасында үйдей болып теңкиiп, қара бет болғаным-ай… Сорлы басым сорлаған, әкесiне не деп айттым?.. Күнiм-ай, ботам-ай, соншама түйсiз биiктен құларлықтай жаныңа не зор туды екен. Сенiң табаныңа батқан шөңге, менiң майдайыма қадалса болмай ма?..


Үйдiң iшi азынаған молаға айналып, әшейiндегi ұйыған тiрлiктiң нышаны да қалмаған.


Марқұмның енесi нәтiнде өте естi адам. Мынандай қалаймақанда ақылынан алжасқан жоқ. Тәңiрдiң көрсеткен сорынан әуелгi кезде көзiнен жасы етегiне сорғаласа да, емендей бекiнуге тастүйiн байлам жасады. Сосын жас дененi қалай болса солай жатқызбай, аққа орап оң босағаға қоюды өзiнiң мiндетi санады. Бағана да сүйектi әкетпек ниеттегi дәрiгер мен милицияға көнбей, мәйiттi киiзге сап он екiншi қабатқа өзi көтертiп шығартқан. Ендi, естияр балаларын төңiрегiне шақырып, Жанаттың киiмiн қайшымен қия бастады. Әуелi ақ бәтестi даярлап алған, ашық қалған дененi бiрден орап отырды.


Байқұс ана қолы қимылдаған сайын күбiр-күбiр етiп күңiрене сөйлейдi. Азалы шақтың қасiретi қабырғасына батып барады.


Бұлар шаруаға мәйiттi көтеретiн, жылжытатын тұста ғана араласады. Соның өзi Жапардың жанын тiтiрендiрiп, түсiнiксiз күйге түсiрдi. Өйтетiнi, әлi суи қоймаған жас дененiң қолдары бiлегiнен, аяқтары тобығынан күл парша сынған. Сүйектерi сыртта сойдиып-сойдиып, терiсi ырсия ашылған… Қозғаған сайын сықыр-сықыр етедi.


Жапар өз-өзiнен қалшылдап, дiрiлдеп барады. Тоңған да, қорыққан да жоқ сияқты. Бiр әлеуеттi қол иығынан ұстап ап, сiлкiп жатқандай. Тезiрек қайтқысы келдi…


Ендi қарап отырса сол күнi өз әкесiнiң iнiсi мерт болуы ықтимал екен. Өйткенi оны о дүниелiк атасы су жағалатып ертiп әкеттi. Бiрақ бұның санасы әлгi заматта оянып, түсi екенiн бiлiп, ыңғайсыз көрiнiске жаны езiле қатты уайымдады. Ағасы Тобықбайды қимады. Әйткенмен, көзiн ашқан жоқ едi, мың сан жүйке тамырлары жартылай ұйқыда-тұғын.


Содан кейiн жаратушы, бәрiбiр бiр өзегiңдi беретiн жақыныңды аламын дегендi аңғартыпты. Сондағы түсiнде бiреудi iздегенi — өңiнде Мұратты iздегенi. Жол-жөнекей ұшырасып жауап бермеген әлгi адам, өңiнде де жөн сiлтеуге ерiнгендер. Алма ағаштың түбiндегi жалғыз кiсi — Айгүл, «алма ағаштың иесi кетiп қалды» деп айтуы, Жанаттың шешесi мен енесiнiң, қайнысы Нұрмолданың сол сәтте үйде болмағандығын ол өңiнде де айтты. Ал қып-қызыл уылжып пiскен алманың құзға домалауы, жаңа босанған жас келiннiң 12-шi қабаттан ұшып кетуi едi. Қасындағы танымайтын екi адам — бұрын-соңды көрмеген — ана үйден бұларды әкелiп тастауға шыққан қыз бен жiгiт. Әкесiнiң «жүр тез» деп мұны шақыруы — аруақтың қолдап-қорғап, жебеп жүргенi. Қалған кейбiр сәттерге әлi өресi жетпейдi.


«Түс — түлкiнiң боғы» емес, түс келе жатқан өмiрдiң жаршысы iспеттi көрiндi. Ұйқыда жатқанда берген алланың аянына қарап, көкiрегi ояу, санасы сергек пенде ертеңгi өмiрiн болжар. Саңылауы жоқ өресiздер, ғұмырдың ешбiр байыбына жетпей өте берер.


V


Жаңағы кiшкентай ұлдың маңдайынан сүйгенде осы уақиға ерiксiз жадына оралған едi. Сондағы жөргектегi жылбысқының селтиiп тұрғанына бiр түрлi iшi елжiреп кеттi. Ендi, кейiнгi келiннiң көкiрегiнен мейiрiм шарапатын сезiнетiн секiлдi. Ол да бiр ұяң бала тәрiздi көрiндi. Ешқандай жазығы жоқ сәбидi шеткерi қақпайтындай сыңайы бар. Өзiнiң құрсағынан шыққан нәрестемен қосып, екеуiн тетелi ағалы-iнiдей өсiретiндей кескiнiнен иманжүздiлiк байқалады.


— Мiне, мынаны оқуларыңызға болады, — дедi Нұрмолда бiр жұқалтаң кiтапшаны сол жерде жүрелеп отырған қалпы ту сыртындағы бұларға жартылай бұрыла ұсынып. Жапар ұмсынып барып алды да, арқасын қабырғаға сүйей шынтақтаған iргедегi орнынан тұрып, диванға жайғасты. Жанарына «Остеомелидтiң пайда болу жолдары» деген жазу оттай басылды. Бибi де бұған жабыса түсiп, әлгi кiтаптың iшiне емiнiп барады. Екеуi кенезесi кепкен жандай құныға бас қойды. Бала денесiнiң неше түрлi сырқат мүшелерi бейнеленген суреттер жетерлiк. Әлгiнi көргеннен кейiн ерлi-байлыларды үрей жеңдеп, тiлден айырылды. Бiрақ саусақтары танбай парақтай ашады. Кiтаптың орта тұсынан асқаннан кейiн оларды емдеудiң жайы баяндалыпты. Сонымен қатар емдеу әдiс-тәсiлiнiң суреттерi де берiлген. Тура Нұрмолда айтқанындай неше түрлi жiлiктердi тесiп, оның iшiн қалай тазартып жатқаны да бар. Осыны көргенде Бибiнiң демалысы жиiлеп, бұдан арыға шыдамады ма, шеткерi ығыса бердi. Шамасы, мына тантал азаптан денесi түршiгiп, жетi насыры жерге кiрсе керек. Жанарында «адамға тiрiдей осылай ем жасауға бола ма» деген сауал бар. Әрi, сәбидi тырнақтай етiп, мұндай азапқа қиғысы жоқ. Тостағандай жанары әп-сәтте боталап шыға келдi.


— Шайға келiңiздер, — деген келiннiң үнi естiлдi.


Жапар жуық арада басын көтере қоймады.


— Содан кейiн асықпай оқисыздар, қазiр өзектерiңiздi жалғап алыңыздар. — Шын жанашырлық ықылас аңғартты. — Кiм бiледi, мүлде басқа нәрсе шығар. Дәрiгерлер көп жағдайда жаңсақ пайымдайды. Уайымдай бермей, дастарханға жақындаңыздар.


Екеуi жылжып, жозының басына таянды.


— Қазiр шай iшiсiмен жөнеймiз. — Нұрмолда сағатына қарады. — Әлi ертерек, оннан ендi асыпты.


Бұлар дәрiгердiң үйiне қайта айналып соққанда әбден түн болған едi. Бағанағыдай ұбап-шұбап iшке ендi. Бiр абұйыры, қоңыраудың iзiнше-ақ есiк ашылды. Дәл табалдырықтан сидаң бойлы, шашына ақ араласқан ер адам қарсы алды. Өңi шаршаңқы, жағы суалыңқы. Екi ұртында Шапайдың шалғысындай терең әжiмi бар екен. Жанары да нұрсыз ба, әйтеуiр, бiр сүреңсiздiк байқалды. Жас шамасы елуге таянған.


— Қайырлы кеш, Валерий Степанович! — Жiгiт етенелiк таныта, iлтипатпен амандасты. Жанындағылар да жапа-тармағай:


— Сәлеметсiз бе, — деп, сыпайы бас изестi.


— Бағана келiп кетiп едiк. — Нұрмолда сөзiн әрi сабақтай берген.


— Иә, маған айтты. — Дәрiгер онысынан хабардар екенiн бiлдiрдi. — Не жағдай? — Жапарларға шүңiрек жанарын бiр жүгiрттi де, әрiптесiне бөгелдi.


— Сап-сау жүрген бала, аяқ асты оң аяғын қозғалта алмай қалды. Ыстығы кешеден берi қырықтан түспейдi. Алдын-ала тұспал бойынша остеомелид дептi. Сол науқас сәбидi сiздiң бөлiмiңiзге жатқызыпты. Мына кiсiлер ата-анасы. Менiң немере ағайым мен жеңгем. — Нұрмолда соңындағы адамдарды да таныстыра өттi. Дәрiгер бұларға тағы да ықылассыз бiр қарады.


— Қашан түскен?


— Түске қарай.


Профессор iштей бiр нәрсенi екшеп, ойланған кепте бiраз үнсiз iркiлдi.


— Сонда не болғанын бiлмейсiздер ме? Жығылып немесе аяғын бiр нәрсеге қатты ұрып алғаны қаперлерiңiзде жоқ па? — Назарын Бибi мен Жапарға аударды.


— Бiз ештеменi бiлмеймiз, ол санаторийде жатқан. Содан кейiн ес-түссiз дәруханаға жөнелтiледi. Бар мәлiм жайт осы, — дедi Бибi.


— Санаторийде болды дейсiз бе?


— Иә.


— Онда бiзге түске қарай әкелiнген бала екен ғой.


— Валерий Степанович, көмектесiңiзшi, баланың жағдайы өте нашар. Қызуы қырықтың үстiнде, әлi ес-түссiз. — Сөзге Нұрмолда араласты. — Ешқандай ем жасалынған жоқ, өйткенi емдеушi дәрiгерi белгiленбеген. Доктор болмаған соң қолданылатын дәрi-дәрмектер бекiтiлмеген. Онысыз мейiрбикелер өздiгiнен ештеме iстемейдi ғой.


Мына әңгiме Жапардың жүрегiн парша-парша еттi. Кiшкентай бiр жапырақ ұлы өлi мен тiрiнiң ортасында жатқанда бұлардың жүрiсi жай жүрiс сияқты көрiндi. Кеңсiрiгi ашып, әлдеқайдағы тұмшаланған өксiк кеудесiн қапты. Бiр сәт Бибiнiң өзiнен де ауыр қасiрет шегiп тұрғанын сезiндi. Сондықтан, сабырлылыққа ұмтылды.


Арада тас керең тыныштық орнады. Бұлардың айтамыз деген бұйымтайы түгелiмен сарқылғандай. Тек ендiгi күткендерi үй иесiнiң бiр-ақ ауыз сөзi. Ол не десе де бұл жазғандар тәңiр салғаннан соң, бәрiне бейiл. Дәл қазiр жарты ләмiне бола құлдық ұрып кетуге бар. Бiрақ, шаршаңқы кептегi дәрiгер өз кесiмiн айтпай әлдебiр толғақ үстiнде ұзақ бөгелдi. Бiр жағы адамның заңды демалысын жырмыштаған бұлардың да жүрiсi кiсi сүйерлiк емес.


— Такси шақыртайын.


Жапар өз құлағына өзi сенбей аңтарылды.


— Көлiгiмiз бар! — Нұрмолда шыр ете қалды.


— Онда қазiр шығамын. — Ол түпкi бөлмеге қарай керi бұрылды.


— Рахмет сiзге, Валерий Степанович!


Жапардың тiлiнiң күрмеуi жазылып, осы сөздi айтуға ғана шамасы жеттi. Сосын шұғыл сырт айналып, тысқа ұмтылды. Соңынан Бибi де дедек қақты. Апыл-ғұпыл машиналарына мiндi. Ерi бiрден оталдырды да, есiктiң алдына көлденеңдеп кеп тоқтады. Оның кеудесiнде бiр үмiт шырағы жылт етiп, Айбынының жайы қазiр кiлт жақсаратындай сезiндi. Құдайдың жәрдем қолын созғанына мың мәрте шүкiршiлiк еттi.


Айтқанындай көп күттiрмей қос дәрiгердiң төбесi көрiндi.


Түннiң жуан ортасына айналса да Алматыдағы ағылған көлiктiң қаралдысы бәсеңдемептi. Соған қарағанда ақшаның соңына түскен бәтiрлерге күн мен түнiң бiрдей сияқты. Жортуылмен күнелтетiн тағы iспеттестендi. Бағдаршамның қасынан ыңырана атырылған небiр сүлiктей жұтынған машиналардың үнi, ашына ақырған жыртқыштардың даусына ұқсайды.


Бұлар жол бойы тiс жармады. Тек Нұрмолда:


— Остеомелид болмауы керек. Науқас тарихындағы диагноз менiңше шалағайлық, асығыстық көрiнедi, — деп, бiр-екi мәрте қайталады. Оған дәрiгер жауап қайтара қойған жоқ. Содан соң бәрiнiң айтатыны таусылғандай мылқауға айналды. Ерлi-байлы екеуi үшiн тезiрек қарашықтарына барып, сәл де болса басынан кешiп жатқан азабын жеңiлдеткiлерi келедi. Сондықтан әрбiр қарыс адым жер ат шаптырымдай көрiнiп, дәрухана жеткiзбейдi-ақ. Мiне, Шапай көшесiне де тұмсықтары iлiндi-ау. Қас қылғандай қызыл шамның көзi жырбың еткенi. Жапардың тоқтамасқа лажы қалмады, алдынан жүргiншiлер өтiп жатыр. Жол бос болса, бұған қарамай әлдеқашан жайына жөнелер едi. Жiпсiз байланып тұр, сағатқа тең секунд төзiмiн сарқып барады.


Валерий Степанович пен Нұрмолда iшке беттедi. Бұлар тыста қала бердi. Әйткенмен, бiр сәт еңселерiн басқан ауыртпалық жеңiлдегендей көрiндi. Олар кешiккен сайын Айбынды мұқият тексеруде шығар деп жандары сүйе түстi.


— Күнiм-ай, қайтiп жатыр екен жападан-жалғыз? Iшiне кiрiп, өз көзiммен көрсем-ау. — Бибiнiң жүрегi сыздап, әредiк жанған терезелерге көзiн сата, телмiре қарайды.


— Қой ендi, алаңдама. Тек құдай сәтiн салсын де. — Ар жағы қопарылып жатса да Жапар сабырлылық танытқысы кеп, әйелiне басу айтты.


— Тәуба, тәуба…


VI


Ертеңiнде таңертең ерте тағы да дәруханадан табылды. Кешегiдей емес, «аузы мұрны жоқ отаудың» бұларға сәл саңылаулана есiгi ашылғандай. Валерий Степановичтiң тапсыруы бойынша мейiрбике балаларының жай-күйiн тап-тұйнақтай етiп жеткiздi.


— Жағдайы бiр қалыпты, тiптi, түндегiден кейiн жақсарды деп айтуға да болады. — Орыстың қол-аяғы балғадай сары келiншегi тұздай көкпеңбек көзiн қадай бақжиды. Түнде Валерий Степанович резервтегi ең таңдаулы қымбат дәрi-дәрмектердi қолданған екен. Мына әйелдiң соны меңзегенiн аңғарды. — Ыстығы отыз тоғызға төмендедi. Бөлiм меңгерушiсi қазiр келедi, содан кейiн өзi кiрiседi.


Бұлай дейтiнi, профессор емдiк процедураны өз қолына алуға келiсiмiн берген.


— Рахмет, көп жасаңыздар.


— Оқасы жоқ. — Мейiрбике қызметте жүргенiн, асығыс екенiн аңғартып кейiн бұрылды.


— Сау болыңыз, — дедi ерлi-зайыпты екеуi оны бұдан артық iрке алмайтындарын түсiнiп.


— Жақсы… — Қаздаңдай басқандықтан ақ желбегейiнiң етегi делеңдей, лезде көзден жасырынды.


Осы сөздiң өзiн жасық көңiлдерiне демеу етiп, бұлар қала бердi. Ендiгi бар хабарды Нұрмолда арқылы бiлмек, ол Валерий Степановичпен ұдайы байланысып тұратынын айтқан. Әрi доктор өзiмен тiкелей жолығуларына да рұқсат еткен. Бiрақ «түске қарай хабарласыңдар» дегендi ескерттi. Сондықтан ол кiсiнi күтудiң ешқандай мәнi жоқтығы ұғынықты.


— Жарайды, құдайға аманат, жүр. — Жапар баяу сөйлеп, әйелiне қарады. Ол жанарлары жасаурап, жазғанның салғанына шарасының жоқтығын танытты. Ерi оны өзiне қарай иығынан құшақтай тартып, жүруге бейiмделдi. — Қазiр жұмысқа барайық, сағат ондардан кейiн Шырайға кiрiп шығайық. Арасында Нұрмолдамен де телефонмен сөйлесермiз.


Көңiлге алаң араласқаннан кейiн шаруаның берекесi қашатыны аян, кеңсеге келгеннен соң Жапардың ештеме жасауға зауқы соқпады. Әйелiнiң де халi осындай екенiн алыста отырып-ақ түсiндi. Сең соққан балықтай дел-сал бiр тiрлiк басталды. Әлсiн-әлсiн дәлiзге шығып темекi тартады, әлсiн-әлсiн сағатына қарай бередi. Арасында бастығына кiрiп, оған барлық мән-жайды мағлұм еткен. Кез-келген уақытта жұмыстан жүре беруге де рұқсат алды.


Алматының аптабы буа түстi. Бұлар санаторийге барғанда-ақ дала жанып тұр едi.


Айбын ауырғаннан кейiн дәрiгерлер өздерiн айыпты сезiндi ме, Шыраймен жолығуға мұрсат бердi. Балалары бастығып, әбден жетiмсiреп қалыпты. Томағатұйықтау сәби одан сайын томпайып, үндемейдi. Әке-шешесi құрақ ұшып, кезек бетiнен сүйдi. Бiр уақта Шырай iнiсiнiң шықпағанына таңданып:


— Айбын қайда? — дедi шешесiне қарап, “оны неге ертiп келмейсiңдер” деген кейiп танытып.


— Айбын басқа дәруханада жатыр, балам. — Бибi тереңiнен күрсiнiп, кiшкене нәрестесiне жабырқау жүзiн көрсетпеуге тырысып, құшағына басты.


— Неге?


— Аяғы кiшкене ауырып қалыпты, жазылғаннан соң қайта осында әкеледi. — Әкесi қарашығының тарыдай жүрегiн қобалжытқысы келмедi.


— Жара шыққан ба? — Жауқат жанарлары жалт етiп, кiп-кiшкентай бүлдiршiн әкесiне қарады.


— Иә.


— Тез жазыла ма?


— Тез жазылады дейдi.


Бұдан кейiн ойын баласы өзiне әкелген тәттi, дәмдiлердi түртiнектеп кiшкене жеген болды. Бәрiбiр, қу жүрегi бiр нәрсенi сезiп тұрғандай бұрынғыша масайрай қоймады.


— Дәрi берiп жатыр ма? — Мамасы қызын бауырына тартып, маңдайынан сипалай жағдайын сұрады.


— Иә. — Шырай басын изедi.


— Укол сала ма?


— Салады, ащы-ы. — Кiшкене қыз бетiн тыжыртты.


— Сәл шыда, ботам. Содан жазыласыңдар. — Әкесi жүрелей отырып, қызының бетiнен сүйдi.


— Иығым ауырып қалды, — деп баласы сол жақ қолының жеңiн түре көрсетiп, шағына бастады. Ине кiрген орын қызыл шұбарланып, бiлемдене iсiптi. Әкенiң жүрегi езiлiп кеттi. Әрi витамин уколының қалай ашытатынын өзi бiлетiндiктен, баласы үшiн өзегi қыжылдады.


— Оған қыздырғышпен ыстық басу керек.


Папасы қызына қаратып айтты да, ендi әйелiне бұрылып:


— Қазiр кiрiп мейiрбикесiне айтсаңшы, күнде бiр-екi уақыт қыздырсын. Қан ұйып, укол қатып, бiлемденiп тұр ғой, жылу тисе ептеп тарайды.


— Мақұл, қазiр айтамын.


Содан көп бөгелмей, балалары мауқын басты-ау деген уақытта Бибi Шырайды өзiнiң тобына қарай алып жүрдi. Әкесi сәбиiнiң бетiнен сүйдi. Бөбегi кетiп бара жатып ту сыртындағы бұған бұрылып, кiшкентай саусақтарын жыбырлатты.


Әке жүрегi бiр бұлқынып, орнынан аунап түстi.


*** *** ***


Уақыт түс әлетiне де iлiнiп қалған. Ерлi-байлылар тағы да қалалық 12-шi дәруханадан табылды. Андыздатып жеткендерiнде постағы ақ халатты жандардан аттап өте алмады. Таңертеңгiлiк етенелiкпен қарсы алған көзi тұздай бойжеткен үштi-күйлi. Оның орнын басқа адамдар алмастырғанға ұқсайды, әлгiлер жолдарын кес-кестеп онша рай бермедi. Және сөздерi бiз қадағандай, жүйкеге тақ-тақ тиедi.


— Кiм керек?


— Бiздiң баламыз осында жатыр едi… — Жапар күнi түсiп тұрған соң бұйымтайын мейлiнше бипаздап жеткiзуге тырысты. Аузынан осы сөз шыққаны сол екен, әлгi таз тырнадай екеудiң бiрi:


— Фамилиясы кiм?! — деп тақ еттi.


— Атамқұлов. Жағдайы қалай екен?


Әке жүрегi мән-жайды бiлгенше байыз таппай тызақтап барады.


— Жаман емес.


— Валерий Степанович қайда екен?


Сөзге Бибi араласты.


— Ол кiсi қазiр бос емес. Қалай босайды, солай сiздер турасында айтамын.


Осылай дедi де мейiрбике өз шаруасымен болып кеттi. Бибi мен Жапар есiктен көздерiн сатып, ұзына бойы созылған дәлiзге телмiре қарайды. Ары-берi өткен бiрлi-жарым науқас балалардың қаралдысы бiлiнедi. Бұлар одан сайын ұлдарының төбесi көрiнiп қалатындай емiне әукелерi салбырайды. Әне-мiне Айбынның бойы селтиiп бiр бұрыштан қылтиярдай… қараң беретiндей... Жандары қыстығып барады, бiрақ бұл күйзелiстерi ешкiмнiң қаперiне кiре қоймайтын тәрiздi. Әйтеуiр, бебеулеткен бiр халдi бастарынан кешуде. Сөйткенiнше, балалар бөлiмi меңгерушiсiнiң өзi құдай айдап дәлiзге шыға келгенi. Жапардың жүрегi делдiрлеп, атқалақтай жөнелдi. Бибiнiң де жанарының қиығында беймәлiм нұрдың ұшқыны қылаңытты. Ол состиысып тұрған бұларға селқос қана назар аударғаны бомаса, жүдемдете баспады. Самарқау көрiндi. Жол-жөнекей әлдебiр палата есiгiнiң тұсына iркiлiп, әлдекiмдермен бiр-екi ауыз тiл қатысты. Соларға айналып, ұзағырақ бөгелiп қалатындай қос мiскiннiң жандары тызақтап, бебеу қақты. Бiрақ дәрiгер екеуiн алыстан таныған екен. Ендi тура бұларға қарай беттедi.


— Сәлеметсiз бе, Валерий Степанович! — дедi бәйекке түскен жiгiт сонадайдан құрақ ұшып. Оның соңынан қосамжарласа әйелi де амандасты.


— Сәлемет, сәлемет… — Қастарына таянып жауап қатты. Жапар қос қолын ала жүгiрдi. — Кiшкентайдың халi кешегiмен салыстырғанда жаман емес. — Доғдырдың әдейi бұлардың қашқан құтына сабыр суын себейiн дегенi ме, алғашқы ләмiн осылай бастады. Кешегi салбырап кеткен екi ұрты ептеп жиналғандай да көрiндi. Еңсесi де жазылғандай аңғарылды. — Ыстығы сәл-пәл төмендедi, көзiн ашып жатыр. Шатындағы домбыққан безден анализ алдық, ендi соған қарап алдағы iстi жоспарлаймыз. Қанының құрамын талдау бойынша бiлгенiмiз, денесiнiң бiр жерiнде қабыну процесi жүруде.


Осы кезде Бибi бұдан арыға шыдамады ма:


— Кiрiп, көрiп шығуыма бола ма? — дедi.


— Болады.


Жапарды алдағы iс алаңдатты.


— Сонда не жасамақ ойларыңыз бар?


— Iсiк шалған маңайды ашуымыз керек.


Тiлiн тiстеп, басқадай сауал қоюға шамасы жетпей дiңкесi құрыды. Басы салбырап, ерi мойнына кеткен күйi босағаға сүйендi.


Бұл кезде Бибi дәрiгермен бiрге iлгерi жылжып кеткен едi.


Жапар табалдырықта кiрген-шыққанға кедергi болмай, сыртқа беттедi. Жазғанның салғанына қарсы тұра алмайтын қауқарсыздығынан терең күрсiндi. Осы жеке қалғанында-ақ тұңғиық ой оны қат-қабат иiрiмiне тартып, дедектете жөнелген.


Өзiн жалғыз тал қурайдай сезiндi. Басына байланған тауқымет, көлденең көк атты тұрмақ туған бауырларының да балтырын сыздатпайтынына қайран. Айналдырған екi қарашығы бiрдей өкпе ауруына шалдығып санаторийге түскеннен кейiн бiреуi болмаса бiреуi келетiн шығар деп күткен. Одан берi де бiр айдың жүзi жаңарды, хабар жоқ. Күл болмасаң бүл бол дегендей ешкiм ат iзiн салмады. Бiр кезде бұл екi өкпесiн қолына алып қырылып қала жаздап шапқылаған iнiлерi, ендi бұны қажет етпейтiн сияқты. Тiптi, «қыз бала — бауырмал» деген сөз де жалғандығын танытты. Әпкелерi де осы уақытқа дейiн тырс етiп хабарласпады. Әйтеуiр, бәрi құлаққа ұрған танадай тып-тыныш. Тым құрығанда телефон да соқпайды. Содан барып өзiн жан-пенде аяқ баспайтын айдалада қалғандай сезiндi. «Атадан алтау тусаң да, бiр жалғыздық» деген сөз бекер айтылмаған екен. Дәл қазiргi уақытта шынында да құдай —жалғыз, бұл — жалғыз. Адасқан қаздай көкiрегi шулап, көмейiне әлдеқайдан лоқсық тығылды, жанарының аясына ап-ащы сор байланды.


VII


Қыстауға араға жылдар салып жететiн автоклуб келдi.


Малшы ауылына кеңшар бас киношысының түсiп жатуының өзi үлкен абырой. Өйткенi алты ай жаз күнге қақталып, алты ай қыс аязға дiрдектеп, ақ қойдың соңында жүрген қаймана қазақ аз ба? «Бас-басыңа бай қайда» дегендейiн, әлгiлердiң әрқайсына жекелей бөгелiп, жәшiгiн даңғырлатып отыратын киношы және жоқ.


Ол сығырың осындай бықыған жұрттың маңдайынан шертiп жүрiп, көңiлi ұнаған үйге ғана атының басын тiрейдi.


Содан соң төңiрегiндегi жұрт кешкiлiк қойын қоралағаннан кейiн, мiнгесiп-ұшқасып солай қарай жөңкiледi. Онда да iргесi жапсарлас көршiлер ғана, әйтпесе жын-шайтанның шүлдiрiне бола түн қатып, ары-берi текке сабылар қойшы ақымақ емес. Одан да «қойын құрттап, айранын ұрттап» өз жайымен ғана тып-тыныш шаруасын тындырғанын қалайды.


Ал қойшылардың қоңыз тiрлiгiне шiкiрейiп шекесiнен қараған өркениеттi киношы, қызық қуып кеп қалғандарының қолын картина көргендерiн мақұлдатып, осы тұста табельге топырлатып қойдырып алады. Сонымен шаруасы бiтiп жатыр, айлық жоспар орындалады да шығады. Ел iлуде-шалуда бiр оқпен екi қоян атып масайраса, бұл еш қиналмастан көш жердегi жұрттың қолын бiр кеште жинайды. Үнемi солай. Ар жағында екi-үш күн кекiрелеп ет жеп, жаз айы болса, мелдегiнен атып қымыз iшiп, сүйегiн ағартып аман-есен орталыққа оралады. Онда да құр қол емес, қойшы байқұс дархан: «сендер қалада тұрасыңдар ғой, обал-ақ…» деп, ауылдың өзiн шаһар көрiп бiреуi қойын, бiреуi бiр қарын майын салып жiбередi.


Сондай автоклубтың бiрi ойламаған тұста сумаң етiп аяқ астынан есiктiң аузына көлденеңдей тоқтады. Әрi, әшейiндегi сүйегi ауыр «газиктердiң» бiрi емес, анау-мынау кеңшардан табыла бермейтiн — «рафик».


Көкек айының iшi-тұғын. Үкедейдiң сақыманшылары бар, бала-шағасы бар бәрi аяқ астынан мәз-майрам күйге бөлендi. Жапардың қуанғаны — әкесiнiң бауырында отырып, еш алаңсыз кино көретiнi. Интернаттағы аптасына бiр көрсететiн фильм еш сiңiмдi емес едi. Сағыныштан әбден сартаптанған кеудесi әке-шешесiн аңсап, сазатын да тұратын. Қолқасына берiш байланғандай көкiрегi үнемi ашып жүретiн. Сондықтан ол жерде бал жесе де — тiл үйiрмес, цирк көрсе де — тәнтiлiктен тамсанбас. Қара танымай кетсе де құлатүзге бауыр басқысы бар, ешкiм тектемейтiн жазира далада ерке желдей есiп жүргiсi бар. Бiрақ, әттең…


«Рафик» мiнген екi жiгiт майлы қасықша жылмаң қағады. Әдетте киноны бұлар қоймайтын, үлкен-кiшiнiң көзi әбден үйренген бiр адам бар едi. Ныспысы — Кеңес. Жаз жайлау, қыс қыстауда үнемi сол кiсi өзi аралайтын. Әрi ол ескi «Газ-52» буткалы машинасын ыңырантып жететiн-тұғын. Бүгiн оның алдын пысықайлар орап кеткенге ұқсайды.


Осы тосындық қана бала көңiлiне ептеген селкеулiк түсiргендей алғашқыда үп еткен қуанышы аяқ астынан сейiлiп, томырықтана бердi.


Бұл екеудiң бiреуi орталықтағы мәдениет үйiнде вокальды аспапты ансамбльдiң мүшесi екенiн бiлетiн. Аты — Толик. Шындығында азан шақырып қойған есiмi кiм екенiн ит бiлiп пе, әйтеуiр, сөйтiп орыстандырып атағанды бүгiнде жұрт өнер көредi. Қазақша есiмдердiң бәрiн «колхозбай» деп қабылдайтын сияқты. Сондықтан «Мэлс», «Вася» дегендерiң бұлардың жатаған ғана ауылдарына да етене.


Әлгiнiң тұрқы ұнамсыздау, қурайдай қатып-семген тарамыс тәпелтек неме. Сол бiр қарыс түрiне қарамай байызсыз шәлтiреңдеген бiреу. Осы сұрықсыз сұрқына сорайған кеңiрдегi одан әрмен «әр берiп», шажырқайдың безiндей шақырайған көзi ұзын шашымен әндем жарасқан. Астыңғы қалың ернi салбырып, маймылдiкiндей үнемi ақсиып тiсi көрiнiп тұрады.


Бас терiсi әлгiндей келiсе қоймаған. Жалпы жұртты қайдам, өзiн қазақ санайтын халыққа еш ұнамайтын гитараны сабалап, тоқал ешкiнiң құйыршығындай тынымсыз селтең-селтең етiп жүретiн. Бiр байқалатыны — о баста жұрын боп бiткен ұсқынына қарамай, кеудесi аяққаптай. Сахнада гитарасын сабалап шатып-бұтқанын, шамасы, кез-келгеннiң қолы жетпес үлкен мәртебе тұтады.


Ал қасындағысын бiле қоймады. Интернатта оқып сыртпен араласа алмайтындығынан танымай тұрмаса, ауылдыкi емес сияқты.


Сөйтiп әлгiлер ғайыптан тайып малшы қауымына кино қойып келе қалыпты. Бұлардың мына тайраңдары Жапарға бiреудiң нанын озбырлықпен тартып жегендей көрiндi. Мұндай ой түюге жетелеген жайт — жаңағы, қазанның түп күйесiндей бәле, шаруашылықтағы жұмысшылар комитетi төрағасының баласы. Күллi мәдени-әлеуметтiк саладағы адамдар да, шаралар да соның құзырында. Осы жолы жұмыскомның бастығы көнеден көпшiлiкке қызмет жасап жүрген адамды әдейi шеттетiп, тiзгiндi ұлына бергенге ұқсайды. Онда да қиығына iлiнген кез-келген көлденең көздiң суқаны сүйе қоймайтын сұмырайы түз төсi таңсық көрiнгендiктен қиылып, өтiнiп сұрап болмаған шығар. Әлде шынында да өз төтелi бастама көтерiп, еңбектен бел жаза алмайтын қауымды бiр серпiлтiп қайтуға берi қарай аттанды ма екен? Оны соншама дала төсiне тартып тұрған қандай ғаламат күш?


Баланың санасында осы тектес түйткiлдер төңкерiле сапырылысты. Бiрақ ешқайсына өз тарапынан жауап таба алмады. Әйткенмен ешкiмге бұл пиғылын бiлдiрiп, тiс жармады. Көмейiне сан сауалды таяп қойып, өз-өзiнен бұйыға томсарды. Анда-санда мұрынын елеусiздеу бiр-екi мәрте тартып, қолының сыртымен сүйкеп өттi. Әшейiндегiдей жүгiрiп, асыр салмады. Көңiлi әлденеге алағызатындай. Ағалары осындай бұйығылыққа бой ұрғаннан кейiн, қос iнiсi де ойынның қызығына түспей, сонадайдан бейтаныс жандарға таңдана қарайды.


Шындығында да кубалықтарға ұқсас неменiң бар болмыс-бiтiмi тас жолда туғандығын, сонысынан айнымай тас жолда өлетiнiн анық аңғартады. Байқауынша бұл сапар — қаншалық ауылда дүние есiгiн сығалады дегенiмен, бұның қыр төсiне түскен бiрiншi жолы. Және де соңғы көлкектеуi, шамасы.


Нұрғаным киношылардың келгенiн құрмет көрiп, бiр жағы қуана жылы-жұмсағын әзiрлеп, бәйек қақты. Тек Жапардың үлкен әпкесi Танагүлдiң өңiне бiр жұмбақтың иiрiмi жасырынғандай. Дастархан басында әлгiлерге тура қарамай жанарын төмен салып, жымиятын сияқты. Әсiресе жалбыр шаштыдан қыстығатындай. Онысын сырт көзден жасырып бұқпантайлайды. Сонысына қарағанда әуелден таныс тәрiздi.


Бұл — баланың iшкi жорамалы. Әпкесiн бiртүрлi қызғанып кеттi. Жүрегi ауырып, қынжылып қалды. Ал, екi iнiсi мен өзiне тете әпкесi Қорлан еш қаперсiз, алдарындағы табаққа битiн салып, бүгiнгi нәпақаларын қазан қаласына алаңсыз жөнелтуде. Жүсiптiң тәмпiш мұрынының ұшы шып-шып терлептi. Әйткенмен оны байқайтын ол жоқ, танауын анда-санда тартып қойып, «шын тамағын» ұрып отыр.


Танагүл ауданның орталығында жұмыс iстейтiн. Әдейi науқан уақытында шешесiне қолқабыс беруге келген. Көктем мезгiлiнде әрбiр мекеме бiрлi-жарым кеңсе қызметкерлерiн мал төлдетуге жәрдем етуге жiберетiн ежелгi дәстүр бар. Өкiметтiң мұндай «қырына» ең әуелi жастар iлiгетiн, сондықтан ол алдын-ала қам жасаған. Бөгде бiреудiң үйiне барғанша өзiнiң әке-шешесiне көмектескенi әлде қайда жақсы.


Бойжеткендi қыстауға осындай себеп әкеген.


Ортаңғы бөлмеде кино басталды. Фильм болғанда қандай — таза қазақша, баршасы миыңа қолмен құйғандай сiңiмдi. Ұғынықты. Содан ба, елiтiп бәрiнiң естерi кеткен. Әрбiр кейiпкердiң сөзi мен iсiне қапысыз түсiнiп, Жапардың құлағының құрышы бiр қанды. Әйтпесе, мәдениет үйiнен көрiп жүрген қаптаған «Мосфильмдердi» ұғына алмай, ит зықысы шығатын. Мынау бiр жанның рахаты.


Бала неме насаттанып, әкесiнiң өңiне де барлай қарады. Жел қағып, күн жеп тотыққан жүзi сәл басқаша реңге енiп, қызықты көрiнiске бiржола берiлген екен.


— Ой-дөйт! — дедi сақманшы жiгiт санын алақанымен шапаттап, — мынауың қырғын ғой. — Бас қаһарманның әккiлiгiне сүйсiнгендiгiн көпшiлiктен бүкпелей алмады. — Бәрiн шырқ үйiрiп барады ғой.


Шынында да тымақсерiлiгi бар бiреу төменетектiлердi тұтастай иектеп, қи тепкiленiп жүрiп, оқыстан мiндетi жадында ояна қоятын қоразша қыдия қалады.


Кенет баланың есiне әлдеқайдан әпкесi сап етiп оралды. Жалма-жан жан-жағын шолуылдап едi қаралдысын байқай алмады. «Күңгiрт бөлмеден көзiме түспей тұр ма» деп, одан сайын мұқият барлады. Жоқ. Жүрегi шым етiп, бiз сұққандай жиырыла тiтiрендi. Сосын әлгi қазанның түп күйесiндей қонағын жанарымен жаутаңдай iздедi. Мойнын артына бұрып, бiр қалыпты пырылдай айналған киноаппаратура жақты сүзiп өттi. Жуыр маңнан көзiне шалынбады. Сол-ақ екен, кездейсоқ аузына жын ұрттап алғандай iшкi дүниесi асты-үстiне шығып, қопарылды да жөнелдi. Жаңағы тамашаға елтiген күйiнен жұрқана да қалмады. Лезде қараптан қарап отырып демiгiп, көкiрегiне қайдағы өксiк тығылды. Атып тұрып сыртқа ұмтылды. Ауызғы бөлмеде қазан-ошақпен әлек боп жүрген шешесi:


— Үй-и, қайда жүгiрдiң, iшiң ауырды ма?! — дедi, мұның тапыр-тұпыр жүрiсiн өзiнше жорамалдап.


Ашу мен намысқа булыққандықтан қапелiмде жауап қайыруға мұршасы жетпей үнi көмейiне кептелдi. Iркiлместен жүйткiте бердi.


Көкек айының көгiлжiм түнi тамаша реңiне енiп, тұтастай аспанға жұлдызын аяусыз шашып тастапты. Айдың сұлбасы бiлiне қоймайды. Содан ба, қою түнек төңiректi тұншықтыра тұмшалаған. Әйтсе де есiктiң алдындағы күйiске кiрген отар ап-анық аңғарылады. Одан ары таманырақ атсерке, оң жақ қапталда ұзыннан-ұзақ созылған тепелек қараңғылыққа малына мүлгидi. Маңынан бейсауат қараң-құраңның сұлбасы байқалмайды.


Өзегiн ит тырнағандай халде осы түсiнiксiз тұңғиыққа телмiрiп бiраз бөгелдi. Ешқандай сөдегей-солпы дыбыс бiлiнбейдi. Үйден арқан бойы жер ұзап барды да, мұқият құлақ түрдi. Сосын, iргедегi тепелектiң есiгiн ашты. Бұл енген бiрiншi бөлiгiнде электр жарығы самаладай жарқырайды. Ар жағында бiрiнен-бiрiне өтетiн бiрнеше қоралар бар, солардың бәрiн аралап шығуға оқталды да бiрден ол райынан қайтты. Айнығаны, адам аяғы көп жүретiн бұл базға олар келе қоймайды.


Дереу есiктi тарс жауып, қайта керi жүгiрдi. Ондағысы үйдiң артында сонадайда қарауытқан бұрынғы баспана, қазiргi уақытта мал ұрықтандыру пунктiне айналған жәпiрейген тоқал тамға, оның солтүстiк қапталындағы шөгiндiдей арса-арсасы шыққан көне базға бару-тұғын. Барды. Әлдеқашан пайдаланудан қалған қоржын тамның кiшкене терезелерi бар бәленi қымтай бүгiп, мұны түнере қарсы алды. Ақырын бұқпантайлап кеп, сол сығыр терезеден iшке үңiлдi. Тас қараңғы, ештеменi көрiп болмайды. Босағадан ары енуге жүрегi дауаламады.


Бұл жаққа жарық тартылмаған. Нақтысында тартылған, оны күйек бiткен соң ағытып тастайтын. Сондықтан, бала тұрған жер тепелектiң тұсымен салыстырғанда әлдеқайда қараңғы. Бiртүрлi бойын үрей биледi. Осындай «көктем кезiнде иен үйлерде iбiлiстер көп жүредi» деген үлкендердiң сөзi есiне оралды. Бойы шым етiп, жауырынында жүздеген құмырсқа жүгiргендей жыбырлады. Беймәлiм күштiң тықсыруымен артқа шегiне бердi. Шегiнiп келе жатып иығынан асырып соңына жапақ-жапақ қарайды, ештеме жоқ сияқты. Қараңғыға ту сыртын берiп жүрейiн десе, айналған сәтiнде-ақ бiр әбiлет желкесiнен бүре қоятындай көрiндi.


Сәби көңiлдi үргедек сезiм биледi. Бiр жағы ашу кернеген өзегi от шарпығандай ашып барады. Өзiнiң қоянжүректiгiнен дiттеген мақсатына жете алмағанына опынды. Сонда да үйдiң далдасына кеп, шөккен түйелердей өркеш-өркеш болып жатқан көне баздың орнына ұзақ телмiре қарады. Әлден уақытта үмiтi үзiлгенде барып iшке беттедi. Бiр абыройы, мұның үйге кiргенiн шешесi байқамады.


Киношылар топылған бөлменiң табалдырығынан аттай сап, босағасына сүйенген қалпы тағы да әпкесiн iздедi. Жоқ. Жалбыр шашты iздедi. Жоқ. Тауы шағылып, дiзерлеп отыра кеттi. Экранға назар аудармастан мойны төмен салбырады. Шарасы таусылғандықтан ба мақсатсыз кiшкене кекiлiн жоғары қайырып қойды. Маңдайы жiпсiген су екен. Екi бетi алаулап жанып бара жатқанын сонда аңғарды.


Қараптан-қарап шешесiне жыны келдi. «Неге iздемейдi? Неге сонша бейқам?» Осындай сауалдар миына сыналай енгенмен, жауабын таба алмады. Iштей арпалысып, азапты бiр сәттi басынан кештi. «Әйем бiлсе…»


Өз ойынан өзi түршiктi. Ұяттан ду етiп жүзi күйдi.


Бiр кезде абыр-дабырдан есiн жиды. Сөйтсе, кино бiтiптi. Iзiнше шам жанды. Бала бiрден әлi сырылдап айналып тұрған киноаппаратураға назарын аударды. Мiне, қызық, мұның дiңкесi құрып iздеген шашты албастысы әлгiнiң қасында жарбияды. Қашан келiп алғанына қайран. Сонша әлекке түскенiне, аяқ астынан өзi ақымақ болғанына қараптан-қарап ашуы қозды.


Сүлдерiн сүйретiп орнынан әзер көтерiлдi. Көпшiлiкпен бiрге сыртқа шықты. Ептеп тынысы ашылғандай, тереңiнен демiн алды.


Аспанда жұлдыздар дәл бағанағыдай пышырай шашылған қалпы самсай жымыңдайды.


Жапар төсекке жатқаннан кейiн де дөңбекшiп ұйықтай алмады. Әлдебір елестермен ойша салғыласып, ұзақ бiр тәжiкелесуден сансырай сабылды да, ақыры кiрпiктерi айқаса бергенiн аңдамады.


Ертеңiнде оянса, үйдiң iшiн бiр жүдеулiк жайлаған. Бала жүрегi оны бiрден сезе қойды. Апыл-ғұпыл түрегелiп, сыртқа ұмтылды. Күн әлi ерте болса да кешегi «рафик» үштi-күйлi. Әдетте кино қойған адам ұйқысын қандырып, таңертеңгiлiк асын, бiр жүз грамын асықпай iшiп, содан кейiн барып аттанатын. Жапар үшiн мынау бiр тосындық.


Қайран қалған күйi күн шуағынан жасқанған жанарын жыртита ашып, жан-жағына қарады. Шешесi сиырларды жаңа сауып бiтсе керек, анадай жерде бұзауларды өрiске айдап барады. Малға жекiрген даусы әдеттегiден әлдеқайда қатқыл. Ол күндегi тiрлiгi бойынша төлдi сәл ұзатып, керi қайтады.


Мұндай уақытта есiктiң алдындағы жер ошақта ыдыс-аяқпен әуреленiп жүретiн әпкесi көрiнбедi. Бiрден «ә-ә, Танагүл кеткен екен ғой» деп қорытты. Бiр-ақ түнде әке-шешесiн, бауырларын қиып, тастай жөнелгенiне көңiлi қоңылтақсып, ұнжырғасы түстi. Сылқ етiп табалдырықтың тепкiшегiне дiңкелей құйрығын басты. Әпкесiмен қараптан-қарап жауықты. «Қыз — жау» деп бұрынғылар бекер айтпаған екен. Алақанда әлпештеп бақса да ендi, мiне, өз туғанын дұшпанның аяғының астына салып бердi де қойды.


Әлi бiр мүшел жасқа жете қоймаған баланың зығырданы қайнады, жiгерi құмша уатылды. Кенет, «мүмкiн, Танагүл үйде шығар» деген де бiр ой көкейiнiң арғы шетiнен қылаңытты. Бiрақ онысы көңiлiнде мығымдық танытпай, ешкiнiң құйрығындай шыжбаң қақты.


Айтқанындай шешесi бұзауларды әудем жерге апарып тастап, қайтып оралды. Өңi өрт сөндiргендей түтiгiп, күл тартыпты. Жаулығын бiр жақ шекесiне қарай қисайта орапты. Мұнысы әдейiлiктен емес, шарқатының солай қарай жылжып кеткенi бiлiнiп тұр. Ашудан долырып, өзiн-өзi әзер ұстап тежегенi ызалы кескiнiнен байқалады. Алдынан көлденеңдеп өтiп бара жатқан көк ала қаншықты қолындағы таяқпен осып жiбердi. Ол бейшара бiр қаңқ етiп, жаны көзiне көрiне беталбат зытып бердi.


— Әдiра қалғыр, қасқыр алғандай кердең-кердең етедi ғой! Жаман неме…


Мұнысы, суық жүрiстiлердiң аңысын аңдымай, жер қаптырғаныңа болайын деген сияқты кейiстiктi бiлдiрдi.


*** *** ***


Түнде кинодан соң тамақ iшiлгеннен кейiн, елдiң бәрi жатын орындарын тапқан. Тек бiрдi-екiлi сақыманшы жастар қонақтармен әңгiмелесiп, темекi тартып есiктiң алдында iркiлiстi. Танагүл шешесiне жәрдемдесiп, ыдыс-аяқты жинастырып жүрген. Әле-сәле босағаға жалтақтап, әлгi қыз-жiгiттердiң үстi-үстiне шыққан көңiлдi күлкiлерi мен дауыстарына елегiзе қарай бердi. Қызының өрекпи алағызғанын ана байқұс аңдады.


— Бара ғой, қалғанын өзiм реттеймiн, — дедi. Ондағысы «ауылдан сыртта жүр ғой, күнделiктi бой жазып жатқан жоқ, өз құрбыларынан шет қалмасын» деген ойы-тұғын. Әрi, әкесiнiң назарына «жеңiлтектiкпен» iлiнбеуiн қалап, Үкедейдi де «сен демiңдi ала бер, отарды бiраз уақытқа дейiн мен күзетейiн» деп, жылы орнына жатқызып қойған. Алайда, осы қызына жасаған қамқорлығы басына таяқ болып тиетiнiн бiлмедi.


Үйдiң бәрiн жиыстырды да, отарға бет алды. Жастар сол әңгiмелескен қалпы есiктiң аузында қала берген. Бұл қойды аралады. Екi саулық қоздаған екен, соларды iшке кiргiздi. Ауыздандырды. Бiр-екi жетiм қозы бар едi, әлгiлердi емiздi. Бiрақ, құлағы түрiк жүрдi. Сөйткенiнше, машина гүр ете түстi. Бәрiн тастай сап далаға атырылды, алайда көлiктiң арты қызарып бiрталай жерге ұзап үлгерiптi. «Қап, мына балалар түнделетiп кеткенi несi, құдайдың таңы бар емес пе едi» деп қынжылды. Сосын ойында ештеме жоқ, отарды тағы бiр сүзiп шықты. Төлдеген мал көрiнбедi. Үйге беттедi. Қолын жуып, содан соң iшке кiрдi. Ендi бiрер сағаттай мызғып алуға болатұғын. Орнына қисаймас бұрын қызының төсегiне келген, құдай атқанда ылым-жылым. Маңдайына бiреу балтаның шүйдесiмен қойып қалғандай басы айналып, есеңгiрей теңселдi. Аруақтың әбден атқанын сонда бiлдi. Апалақтап, қайта керi жүгiрдi. Қапталдас бөлмедегi сақманшы қыздарға қарай тапырақтады.


— Әй, қарағым, Танагүл қайда?


Шеткi бiреуiн ақырындап ырғап оятып, шаруасын сұрады. Ол шырт ұйқы құшағында екен, апалақтап, әуелгiде ештеменi ұғына алмай:


— Не, а-а? — дей бердi.


— Танагүл қайда?


— Бiлмеймiн.


— Әлгiнде ғана бiрге тұрмап па едiңдер?


— Бiз үйге кiрiп кеткенбiз.


Нұрғаным тiлiн тiстей қойды. Ендi күйеуiне не бетiмен қарамақ? Жүрегi зуылдап, iшi алай-түлей сапырылыса былықты. Шарасы таусылып, ернiн сылп еткiздi. Бiрақ онысын өзi байқамады, күйгелектiктен еркiнен тыс шыққан әрекет-тiн.


Шаруасының бiткенiн ұғынды. Сосын орнынан сүйретiле көтерiлiп, тысқа беттедi. Далада құлаққа ұрғандай меңiреу түн. Тылсым қараңғылық ешқандай хабар бермей тас-түйiн мелшиедi. Әлгiндегi машинаның жарығы әлдеқашан iзiм-ғайым жоғалған. Қараптан-қарап дiңкесi құрыды. Қызын әдейi өзi қашырып жiбергендей көрiндi. Денесi болмашы дiрiлдеп, алқымы сығымдалды. Ендi мұның уайым сауып, атар таңды көзiмен атыруы ғана қалды.


Дәл солай еттi де.


Таң сазарып бiлiне берген уақта сең соққан балықтай сенделiп, отардың шетiнде жүрген. Тосыннан жөтелген ерiнiң дауысы естiлдi. Үнемi ұйқыдан тұрғанында осылай жөтелетiнi бар едi, үздiксiз тартатын темекiсiнiң зардабы. Өмiр-бақи мал сүмесiне қарап келе жатқаннан соң түз тiршiлiгiне сай ұйқысы сергек. Оның үстiне төл алу жауапкершiлiгi тiптi жоғары — жылы төсекте шалжиып, тапжылмаса — еңбегiнiң еш, сорының тұзға айналғаны. Сондай алаң көңiлмен ұйықтайтын ол түнiмен төрт-бес рет тұрып, малды қарауылдайтын.


Нұрғанымның тiптен құты қашты. Абдырай үй жаққа көз тастады. Үкедей шылымын тұтатып үлгерiптi, ернiне қыстырған қып-қызыл шоқ әбiлеттiң жанарындай сонадайдан «мен мұндалады». Ұялған тек тұрмастың кебiмен қарсы беттедi.


Әйелiнiң қылпын ендi аңдаған Үкедей, мұның сөлбiрейiп сыртта жүргенiне қайран қала сауал тастады.


— Әлi жатпағансың ба?


— Жатқызбасым жатқызбады. — Кейи үн қатты.


— Не боп қалды? Кино қойғандар қайда, көлiктерi жоқ қой? — Күйеуiнiң де көңiлiне секемал енген бе, сұрақтарды үстi-үстiне бастырмалатып жiбердi. Тұмшалаған қараңғылық бүркемелегенмен, өң-түсiнiң де аяқ астынан бұзылғанын бiлiп тұр.


— Бар бәле солардан келдi! — Нұрғанымның үнi құмығып барып, бiр сәт үзiлiс тапты. —Қыз жоқ!


— Не дейд?!.


— Не дегенi несi, қызың жоқ!


Үкедейдiң қаны миына шапты.


— О-о, әкеңнiң аузы!.. Сенiң берген тәрбиең! — Салған жерден әйелiне зеки тiл қатты. — Затсыз, қызды тыйып ұстамай ма? Танымайтын көрiнген жын-шайтанның етегiне жабысып, жөней берсе, шекемiз қызған екен.


— Сен не қарап жүрсiң тәрбие бермей, әкесi емессiң бе? — Күйеуiнiң өзiне дүрсе қоя бердi. — Мен бiр жақтан әкелiппiн бе?..


Сөйтiп, таң қылаң бере қораның шетiнде ұрыс басталды да жөнелдi.


— Әй, әкемесең, сенiң қағанағыңды жарып шықпады ма, ант ұрған! Немене деп көкисiң?!


— Қаның бұзық, өзiңе тартқан да.


— Не деп тантып тұрсың, әкеңнiң аузы… — Жұдырығы қоса жүгiрдi. Сарт етiп әйелiнiң шықшытына тидi. Нұрғаным қалпақтай ұшты. — О-о, затсыз, көрсетейiн саған қаны бұзықты. — Ашудан қалшылдаған қалпы тепелекке бұрылып, iсiнiп-кебiне iлгерi аттады. Ендi бөгелсе жаман қатынын парша-паршасын шығаратынын бiлдi. Қай бiр мiнезге бай адам, «бiр күн қой баққаннан, жүз жыл ақыл сұрама» деп қазақ бекер айтпаған, одан да есiнiң барында әйелiнен алыстап кеткiсi келдi. Бiрақ, жанын бiреу табаға салып қуырып жатқандай, жаман күйiндi. Әп-сәтте тауы шағылып, жүнi жығылды. Әлдекiм баса-көктеп кеп, ордасын ойран еткендей сезiндi. Саусақтары дiрiлдеген қалпы темекiсiн ернiне апара бердi. Өз кiндiгiнен шыққан баласынан мұндай озбырлық көремiн деп ойламаған-тұғын.


Соңында қатыны қалды бүкiл қыстауды басына көтере озандап. Бiрақ iштей омырылғаннан оның бая-шаясын естiген де жоқ. Әйтеуiр, ту сыртында бақырауық түйенiң бажылдаған үнiндей шаң-шұң дыбыс қана шығып жатты.


*** *** ***


Жапар бұл малағамның ешқайсысынан бейхабар-тын, әйткенмен мына көргенi сол «ит ашуын тырнадан алады» дегендейiн кеп. Жазықсыздан-жазықсыз ала қаншық қаһарға ұшырады. Өйткенi, шешесiнiң кеудесiне жиналған запыранның уы буып, жанын қоярға жер таптырмай барады. Сондықтан оған әр нәрсенiң бәрi жүйкесiне тиiп-ақ тұр. Мiне, сағат ертеңгiлiк сегiзден асса да, әлi тырс еткен хабар жоқ.


Қызы соншама ақымақтыққа баратын ақылсыз емес едi, мына әрекетiн еш iшiне сыйдыра алмады. Көзi тұнып кеткен бе, шешем екен деп бiр ауыз сөз айтпай әкесiнiң алдында әбден масқаралағаны жанын осқылады. Таң сәрiдегi жеген жұдырығының да салмағы түк емес, «затсыз» деген заһарлы сөз шымбайына батты. Соған булығып, түтiге түстi. Бiр кезде «өзiме де обал жоқ, тыныш отырған қызға «бара ғой, қатарыңнан қалма» деп нем бар едi, тойтитып қара жерге қаратты да кеттi, қу ғана қар» деген ойға бой ұрды.


Осындай не бiр тиянақсыз, жалт етпе ой сiлемдерiне жолыққанымен, қолы үйреншiктi жұмыстарын тындыра жүрдi. Әйткенмен, iс-қимылының бәрiнен құлықсыздық, әлде бiр нәрсеге алаңдаушылық бiлiнiп-ақ тұр едi. Бiр шоқып, екi қарайтын қарға сияқты, қолы бiрдеменi бiтiргеннен бұрын қос жанары жол жаққа сүзiле бердi. Кейде ұзақ-ұзақ күн салып телмiрiп, ерiндерi болар-болмас қыбырлап өз-өзiнен күбiрлей бөгелiп те қалады.


Мұның бәрiн қалт жiбермей аңдаған Жапардың зығырданы қайнады. Қанша есейсе де әпкесiнiң таза ақымақтығына миы жете қоймады. Осы уақытқа дейiн бұған «тәртiптi, үлгiлi бол» деп айтқан оның сөзi бәтуәсiз екен. Ендi, құдай бiледi-ау, бiрде-бiр әңгiмесiне құлақ аспайды. Бiр аяқ асқа алғысыз адамға бола тұтастай шаңырағының абыройын ақтарғанын кешiре алар ма?


Баланың екi ұрты томпайыңқырап, күнәсiз жанарларына мұң шарбысы үйiрiлдi. Шешесiнен де жиi дәмiл-дәмiл қара жолдың бойына үн-түнсiз қадалады. Қараған сайын безерген бетпақ дала ештемеден сыр берер емес, бедiрейiп, жаның дәл қазiр шиқ етiп шығып кетсе де сол бiр сазарған қалпынан танбайды.


Жерге сыздықтата бiр түкiрдi. Ала қаншықтың сары күшiгiнiң үрпе-түрпесi шыққан жүнiндей, бiрi тұрып, бiрi жатқан шашын кiшкентай алақандарымен ретке келтiрдi. Мұнысы шашын шартты түрде сипағаны, әйтпесе, әдемiлiкке әуестенгенi шамалы. Iшiн қыз-қыз қайнатқан ыза мен кекке шыдамай жасаған далбасасы. Өз қимылына өзi есеп берiп тұрған жоқ. Бiрде екi бүйiрiн таянса, бiрде қолын қалтасына салып сұрлана қалады. Ендi, мiне, үйдiң iргесiне жүрелей отырып, тағы да шырт түкiрдi. «Туған ошағына осындай да опасыздық жасайды екен-ау. Комсомолдар ешқашан алдамайды дегенi қайда?»


Үйдегi райдан Қорланның да жүнi жығылып қалыпты. Әшейiндегi тойтаңы жоғалып, аузы бұртиыңқырағандай кепке енген. Ол да бiрдеменi қыбыр-қыбыр iстегенсидi. Ал, екi iнiсi мына сүреңсiздiктен бойларын аулағырақ салғылары келгендей, кеше таңертең төлдеген сақманның төңiрегiнде түртiнектеп жүр. Әшейiнде үйге су iшуге, нан жеуге жиi соғатын, бүгiн ондай құлқылары жоқ. Пайымдауынша, «жас төлге қарап жүрмiз» деген сылтауды шырға тұтатындай. Негiзi, отбасындағы мұздай құрсанған суықтық бәрiн алды-алдына бездiрiп жiберген.


Әкесiнiң қабағы да тұнжырап, бүгiндiкке ешкiмге тiс жармады. Байқауынша жерге кiрiп кете жаздап қорланатын сияқты. Тауы әбден шағылғаны салбыраған екi иiнiнен анық бiлiнедi. Әншейiнде әдемi көрiнетiн мұртының шалғысы да ебедейсiз тiкiрейiп, күнге тотыққан өңi одан сайын күреңiткен. Жүрiсi де күндегiдей ширақ емес, сылбыр қозғалатын тәрiздi. Шай iшетiн уақыты әлдеқашан болса да, үйге қарай аяғын аттап басқысы келмейтiндей. Дәл iргеден шаруа қамымен ары да, берi де өтедi. Көңiлi тағдырдың тәукеншiк сыйынан бiржола қалған сияқты.


Бағана Жапардың көзi бiр шалғанында қораның қамыс қабырғасына арқасын бере жайғасып, асықпай махоркасын орап, әлдебiр тұңғиыққа шомып темекiсiн тартқан. Сонда асқар таудай әкесiнiң салы суға кеткенiн аңдап, ұлының жүрегi қан жылады. Сонадайдан қасына томпаңдай барып, бұл да үн-түнсiз жайғасты. Көңiлiн жұбатарлық бiрдеме айтуға ұмтылды, әттең, қапалы жүректi жадыратып жiберер аузына мандымды сөз оралмады. Бар бiтiргенi ұрланып, жапақ-жапақ өңiне қарағыштай бердi.


Қайраны таусылған әкесi басындағы кепкiсiн алып тiзесiне кигiздi де, сарғайған қағазға оралған темекiсiн ернiне қыстырып ап ұзақ сорғылады. Шашының да ағы әдеттегiден молайып, маңдайының әжiмi мен мойнының қатпары да қалыңдағандай. Күрт қартайып кеткенге ұқсады. Керзi етiгiнiң қонышы үзеңгi баудан қажалып, ақжемденiп желiне басталыпты. Бұның келгенiне де селт етiп көңiл бөлмедi. Қалың ойдың ұштығына жете алмай, уайым мен қасiретке малшынды да малтыды.


Жапар «шiркiн, егер үлкен жiгiт болсам, соңынан қуып барып, жердiң тесiгiне кiрсе де iздеп тауып, сазайын тартқызар ем. Әкемнiң шағылған тауын солай бүтiндеп, кегiн қайтарар едiм» дедi зығырданы қайнап. Кенет, бала неме әкесiнiң дәл осы сәт нендей ой ойлап отырғанын бiлуге құмартты. «Мүмкiн, алғашқы тосын соққыны жанына ауыр алғаны шығар, соңыра табиғаттың өктемдiгiне мойынсұнар. Танагүл шынында да бiржола бөлек от түтетуге, үй болуға бет бұрды. Оңы мен солын таныған бойжеткеннiң алдына неге қарсы тұрмақ? Олай болса әке-шешесi неге қияс қабақ танытып жүр? Құдалары жаман емес, қызметi бар, абыройы бар, бастық. Әркiмнiң-ақ сондай адамдармен сыйласқысы келмейтiн бе едi? Қуанулары керек едi ғой, жоқ, қайтсе де мұнда бiр дүмбiлездiк бар» деп топшылады.


Үкедей өзiнiң қасында мұның жарбиып отырғанын ендi ғана аңғарғандай, басынан аяғына дейiн мақсатсыз бiр қарады да орнынан iлби түрегелiп, тағы да шаруасына жөнедi. Қораның астын тазалау, өз қағанағын жарып шыққан төлiнен жерiген тасбауырларды телу, емiзу деген сияқты адамның жүйкесiне тиетiн қыруар жұмыс күтiп тұр едi.


Жапар тағы да жападан-жалғыз қалып қойыпты. Әкесiне де, шешесiне де жаны ашыды. Бiрақ, олардың басына түскен мұң-наланы жеңiлдетудiң жолын таба алмады. Тек қана әпкесiне өкпесi қара қазандай болып қабындай бердi, қабындай бердi.


Тапа-тал түстiң кезiнде кешегi машина шайтан сияқты сап етiп, есiктiң алдына тоқтай қалды. Алысқа аңыра қарап, көздерiн талдырып жол күткенде қарасы да байқалмап едi. Ендi Жапарға «ә-ә, бәлем, қатырдым ба» деп көктен түскендей насаттана кеп, буы бұрқырай тежелгендей көрiндi.


Онның ар жақ-бер жағындағы ұл iштей жәбiр шегiп, табалдырықта состия тұрып қарсы алды. Әпкесiнiң екi езуi екi құлағында, қаперiнде ештеме жоқ қызыл көйлегiнiң етегi делеңдей машинадан түсiп жатыр. Бейұят ашық омырауы тоқ бiткен өңiрiн сонадайдан жалтырата әйгiлейдi. Қимылынан «бұ жүрiсiм ұят болды-ау» деген сияқты қымсынудың ұштығы да бiлiнбейдi. Қайта, бәрi орынды тәрiздi жайраң қаға күледi. Соңында — астыңғы ерiнi «жер тiреген» қайыстай «киномеханик». Әумесерiңнiң әукесi кете Танагүлге әлденәрсенi айтып, басын шұлғып құлдық ұрады. Қазақтың ұғымына салып жалпақ тiлiмен кескiндегенде, мына лауқиыңның ұсқыны үй кезiп қаңғыған бұқашыққа ұқсайды. Ал бүгiнгi жастардың көзiмен қарасаң, екеуi кәдiмгi Голливудтың жұлдыздары сияқты.


Бала осы жиiркенiштi көрiнiске одан сайын тыжырынды.


Сырттағы мотордың үнiн естiп шешесi де етегiне сүрiне-қабына тысқа шықты. Қызын көрген беттен шарқая дауысқа салып, айқайға басты.


— О-о, жердi құртқан қу ғана қаншық! Жүзi қара! Тiрiдей жерледiң-ау!


Бойжеткеннiң өңiндегi жаңағы жарқындық iзiнше үштi-күйлi семiп үлгерген едi. Құлғанадай соңына iлескен жылтыр қарасы да артынан пысып, машинаның қалқасына қарай жылыстады.


Нұрғаным ентелей басып қызының қасына жеткен бетте шапалағымен осып-осып, жағының отын жандырды. Етегi делеңдеген қызыл көйлектi Танагүл денесi бүрiсiп, әп-сәтте салтанатынан айрылып, пәруана күй кештi.


— Мұндай салдақылығыңды көргенше, өз қолыммен бауыздап өлтiрейiн. Үйге кiр, жаныңның барында!


Қызы дедек қағып, тiлге келместен iшке зып бердi. Өңi тастай суық қарсы жолыққан әкесiнiң алдында бетiмен жер басып, төбесiмен жүргендей тiптен бүгежектедi.


Мұны көрiп тұрған Жапардың әпкесiне жаны ашығанмен, кешеден берi кетiп жатқан есесiнiң сәл де болса қайтқанына көңiлi тоғайды. Осы сәтте «әй, берi кел!» деген Үкедейдiң қаһарлы үнi көктен түскен қара тастай жүректi солқ еткiздi. Жел мен күнге қақталған қап-қара ұл селт етiп, әкесiне қарады. Қарады да бiрден үрейi ұшты. Қабағы қабарып, екi көзi қанталап, жүзi қарауыта түтiгiптi. Мұртының шалғысына дейiн айбынданып, кез-келген нәрсе екпiнiне қарсы тұра алмайтын қара долы күштiң иесiне айналыпты.


Әлгi жылтыр қара құрттаған ешкiдей қыпыжықтап, аяғы алға жүрмей тайсақтады. Сонда да алмас қылыштай әуенi тiле қақ айырған әмiрдiң зәрiнен құты қашып, iлгерi iлбiдi. Жанына таянғанда әбден қорланып, қаны қарайған әке оның алқымынан шап берiп ұстап, шала туған түсiктей солаңдатып, сiлкiп-сiлкiп жiбердi. Бәтiрдi жаман далбай тұмақ құрлы сезбедi.


— Көрсетейiн мен саған басынғанды. — Жағы қарыса, үнi тiсiнiң арасынан ысылдай шықты. — Жаман қойшының үйi, қолымнан қағатын ешкiм жоқ дедiң ғой, ә-ә… Көкеңдi көзiңе әкелейiн…


Жылтыр қараның тынысы тарылып, бiрдеме-бiрдеме деп шiңгiрлей шырқырады. Ал қасындағы жолдасының мына қаһарлы шалдың айбатынан шаруасы тынып, кабинадан тысқа назар тастауға жарамады. Жүрегi тарсылдай соғып, қолы қалтырап отырған орнынан тапжылмады. Тiл-ауыздан да айырылып, «әу» деуге де мұршасы жоқ.


— О-о, шiрiк! Шiрiк жұмыртқадай уысыма салып, бырш еткiзе салайын ба?


Бала әкесiнiң мұндай ашуланғанын бұрын-соңды көрмеген. Әлгi неме тiлiнен қақпанға түскен түлкiдей, жетегiне оп-оңай көнiп, соңынан сөлпектедi. Қол-аяғы ербеңдеп, ептеп қарсылық танытатындай. Бiрақ, бары сол едi. Ал шамасы жетсе ештемеден тайынбайтын нағыз қаражүрек-тұғын.


Үкедей қолындағысын лақша бақыртып түпкi үйге сүйреп әкелдi де, төрге қарай итерiп кеп жiбердi. Тырапай асып, екi аяғы көктен келе құлады. Тыпырлап, есiн жиып ендi оңшалғанынша қара тастай дiзесiмен кеудесiнен басып, үстiне қонжия кеттi.


Соңынан iлесiп жүрген баланың жүрегi тайша тулап, зәресi қалмады. Ашу үстiнде әкесi мына сұмырайды байқамай өлтiрiп жiберетiндей. Сөйтiп, басына аяқ астынан бәле жамалып, қырсық жабыса ма деп қорықты. Бiрақ, дiзеге салған сайын айызы қанып, кеудесiндегi қыжылға су сепкендей болды.


— Мен сендей сайтанның сапалағын бiр-ақ ұйпап жоқ қыла саламын! Көзiңдi ашып қара, бастықтың баласы болсаң — өзiңе! Тiрi тұрып ешкiмге намысымды таптатпаймын!


Кiшкене ұл әкесiнiң сөзiне зейiнiн көп аударды да, ана жылтыр қараның ақталып, шыр-пыр қаққанын онша тыңдағысы келмедi. Әрi, оның мына сөздердi соншалықты түсiне қоятынына да күмәнi бар. Өйткенi оның тек орысша сөйлейтiнiн бiлетiн. Сондықтан, сұрланған қалпы состиып, есiл сөзi зая желге ұшқан бейшара әкесiне тағы жаны ашыды.


— Тыңдаңызшы, тыңдаңызшы… ештеме iстеген жоқпын. — Екi езуiнен жыны сорғалап, тастай қамалдың астынан сытылып кетуге далбасалайды. Иығын жапқан алу-далу шашы байының тепкiсiнде жатқан қатынды елестетедi. — Между нами ничего не было. Тек дискотекаға бардық.


— Немене?! — Үкедей бурадай барқ ете қалды.


Жапар да таңның бiр уағындағы қайдағы дискотека деп ойлады. Өйткенi, қыстаудан ауыл орталығына жеткенше, кемiнде екi жарым сағат уақыт қажет. Әмбе, жырындылар сытылып жөнелгенде мезгiл түн ортасынан әлдеқашан ауып кеткен-тiн. Ол мезетте әйдiк шәрiнiң өзiнде жиын-той құлақ кестi тоқтайды.


Кино қойғыш неменiң көзiнiң ағын тұтас қан жауып, аясы жасаурапты. Мына шалдың дискотека дегендi ұқпағанына одан сайын дегбiрi қашып:


— Танцы, танцы! — дедi иегi дiрдектеп.


— Ә-ә, нағыз шайтанның азғындаған үйiрiне барған екенсiңдер ғой. — Ашуына булығып ысылдаған қалпы көзi бақжиған әбiлеттi алқымынан өзiне тартып, құйрығымен жер басқызып отырғызды да, — мылтықты әкел! — дедi ұлына оң қолын соза ақырып. Жапар шошаң етiп секiрiп барып, жүктiң iргесiнде сүйеулi тұрған қос ауызды қолына ұстатты. Мұздай суық, ұңғысы үңiрейген қаруды көргенде әлгi тымақ серiлiгi бар жiгiт қоянның көжегiндей жерге жантая бердi. Өне-бойы тұтастай қалш-қалш етедi. Шүрiппе басылмай-ақ, құдайына құлдық ұрып табан астында жан тапсыруға бейiл секiлдi.


Мына көрiнiске баланың жүрегi жирене тыжырынды. Оған жерде жатқан жiгiт көрiнген төбет ұшқасса тәйкүшiктене құйрығын бұтына қысып, борбайын ашып аунай кететiн қаңғыбас бұралқы итақай тәрiздi көрiндi. Осыншама жiгерсiз боркемiктiң өздерiне соншама залалдық iстегенiне, кеудесiнде сәл саябыр тапқан қыжыл қайта бой көтердi. Әрi мұншама жасық, мұншама пасық сiлiмтiкке бола әпкесiнiң бәрiн тәрк еткенiне айран-асыр. Әйел баласының көзiне қан тұнғанда жауының қолына туған әкесiн де тайынбай байлап беретiнiне, сәби болса да көзi жете түстi. Себебi бұл естiген аңыздарда, жырларда сондай қатыгез тұстар ұшырасатын. Мiне, бүгiн сол сатқындықты дәл өз басынан кешiп отырғанына қайран. Бәрiнен, бiр-ақ күнде тiрлiктiң алдында ойсырай жеңiлген әкесiне мүсiркей қарады. Бiр түрлi өзегi удай ашып, тамағына өксiк тығылды.


Қара сайтанның мына кебi Үкедейдi де алғашқы райынан қайтарғандай. Жауым деп алқымынан алғаны, түкке тұрғысыз жұрын екен. Онымен теке тiрескенi атына лайық еместей. Сондықтан ашуын ноқталап, сабырға мiнуге ұмтылды. Бастапқы құрыш темiрдей айбат берiп, кеспiрiнен көрiнiс тапқан сұс бiртiндеп, ерiген мұздай ыдырады.


— Сендей ынсапсызға сөзiмдi қор қылып тұрған мен де ақымақ. — Дұшпанының тамағын сығымдаған сол қолын серпiп қалды да уысын ашып кеп жiбердi. Ана неме оң жақ бүйiрiне қарай аунап, қақпаннан құтылған-құтылмағанына сене алмай бiр орнында тыпырлады. — Мә, мылтықты орнына қой, — дедi ұлына қайтадан. Бала сөзге келместен ұшыртып қасына жеттi де зiлдей қос ауызды қос қолдап ұстай бердi. Сол заматында әкесi әлгiнi үйiне ұрланып кiрген қара мысықтай желкесiнен бүрiп, далаға қайта сүйрей жөнелдi. Ол бос тұлыптай сөлеңдеп, жетегiнде кетiп барады. Ең сыртқы табалдырыққа таянғанда бар пәрменiмен лақтырып кеп жiбердi. — Бар, жоғал! Қайыра менiң көзiме көрiнбе, құдай көрсетпей-ақ қойсын.


Алақандарын бiр-бiрiне қақты да, дәнеме болмағандай тепелек жаққа баяу аяңдады. Ал, «киномеханик» машинасына қарай жүдемдете басты. Бiр кезде мотор үнi гүр етiп оталды да, «рафик» орнынан оқыра тиген сиырша оқалақтай атырылды. Бала состиып есiктiң алдында тұрды да қалды. Сәлден кейiн барып, шешесiнiң құс қайтарарлықтай барқыраған дауысы құлағына жеттi. Соған қарағанда бұл бар ой-қиялымен басқа әлемге ауып кетсе керек.


— Қу ғана қаншық, жаның барында көзiңдi құрт! Бұлғақтатып ұзатамын ба десем… Басыма қасiрет боп үйiрiлiп тұр екенсiң ғой, оңбаған! Сендерсiз де жеген таяғым аз едi… жүзiмдi одан сайын қаралап… — Шешесiнiң сөздерi бiр-бiрiмен қабыспай, үзiк-үзiк шықты.


*** *** ***


Жапар одан арыға төзбедi, аяғын санап басып әкесiнiң соңынан тепелекке қарай iлбiдi. Бiрақ, күңгiрттеу қораның iшiнен жан-пенденiң қылпы бiлiнбедi. Ұзыннан-ұзақ көлбей салынған бiтеу баздың бiр жерiнде жүрген шығар деген оймен, құлағын түрiп бiраз бөгелдi. Тырс еткен дыбыс байқалмады.


Iнiнiң аузынан төңiрекке баспалай қарайтын саршұнақша мойнын созған ұл оқыс мұрнын тартты да, танауын сол қолының сыртымен сүйкеп өттi. Сосын, бiр-ақ күнде өмiрдiң шыршуынан әбден жертезектей тапталған әкесiне қолқабысын тигiзуге ниет қойды. Сөйттi де келесi бөлектегi жеке-жеке шарбақтарға қарай секiрiп түстi.


Әлдебiр мұңға бөленiп жүрiп, аққа жарымаған жаман-жәутiк қозыларды емiзген болды. Қолы шаруа тындырғанымен қаңғалақтаған қиялы әлдеқайда едi. Ара-арасында кiшкентай кеудесiн кере күрсiнедi. Шамасы, онысын өзi де байқамайтын сыңайлы.


Кiмге жаны ашитынын бiлмей санасы сартаптанды. Бастапқыда әкесi үшiн жүрегi ауырды. Сонша жасқа келгенде, алақанына салып мәпелеп бағып отырған баласы бәрiн тәрк етiп, мысы мен беделiн қас пен көздiң арасында белден баса, күресiнге тастады. Ендi, түннен бергi оқиға мен бағанағы шаң-шұңға куә болған үйдегi сақманда жүрген бөгделердiң бетiне тура қарап, ананы үйт-бүйт деп қалай айта алады? Ертең, оларды түзде емес, көпшiлiктiң ортасы ауылда көрсе, қалай жүзi жанбасын? Көлденең көк аттылар да «ананың қызы сөйткен» деп, саусағын шошайтып сыртынан күлмесiне кiм кепiл?


Ара-тұра ойынан жаңылдырып, емiзiп жатқан асау қойы да жұлқынып қалады.


— Қос, жануар, қос!


Жiңiшке, бала даусымен ештеменi ұғынып жарытпас хайуанды да тәртiпке шақырып қояды. Әйткенмен, көкiрегiн жаралаған оқиғаның уыты тұла бойын сыздатып, қайыра өзiнiң далдасына тарта бередi. Ендi, шешесiне жаны ашыды. Есiн бiлгелi телiм-телiм боп, ебiл-дебiл халдегi байқұс анасы қасiреттен қан жылап, басыр қайғыдан қабырғасы қайысары анық. Көкiрегiне көн жамағандай, мына тағдырының тартқан сыйынан жарылуға шақ қап, кең дүниеге сыймай бебеулейтiнi қақ. Үмiтi мен арманы, бәрi-бәрi жер мен жексен боп күйрегенi де ақиқат. Бүйтiп бала тапқанша батпақ тапқаным да дұрыс екен деп түңiлуi де ықтимал. Бұған дейiн де «ұл тапқан қатынның бағы зор» деп айтып отыратынын өз құлағымен талай естiген. «Ұл азар болса — төбелесер, соқтығысар, әйтеуiр, аман жүрсе жарады. Қыз ғой мұнда құртатын дiңкенi…» дейтiн бейшара шешесi. Әлде, күннiң-күнiнде әйтеуiр бетiмен жер басатынын әлдеқашан бiлдi ме екен?


Кiшкентай жүрегi бiр бұлқынып өттi. Әкесiне де, шешесiне де жаны әбден ашыды. Ал солардың аялы алақанының ыстық табын бiр-ақ сәтте ұмытып, бiр түнде жатқа айналған әпкесiне өкпесi қара қазандай. Осыншама ынсапсыздығына қайран. Бұрын мұндай бейбастыққа өңге барса да өзiнiң әпкелерi ешқашан бармайтындай көретiн. Ендi, мiне, ол ұйғарымы әдiрам қалды. Бiр ауыз сөз айтпай үйден қашып шығып, ойнап-күлiп, ертеңiнде түк болмағандай түс ауа келiп тұрғаны қандай қарабеттiк. Батырлар жырындағы көңiлi ауған әлдебiр жiгiт үшiн әкелерiне қару жұмсайтын қаражүректiк өзiмен құрсақтас әпкесiнде де бар тәрiздi көрiндi. Жаны түршiгiп кеттi. «Қыз — әкеге жау» деген көне сөз құлағынан кетпей ызыңдап тұрып алды. Бiр кезде есiн жиса, емiзiп отырған қозы қойдың желiнiн таба алмаған ба, өз бетiмен заржақтыққа салынып, бебеулете маңырап тұр екен.


— Ой, ақымақ, мiне, мында.


Желкесiнен бүрiп ап, дұрыс жаланбай сауырына шарбысы қатқан салтақ неменi, қалтыраңдатып саулықтың бауырына қарай икемдедi.


Бiр заматтарда үйге келдi. Үйдiң iшi өлiк шыққандай, сұп-суық. Өрiстегi сақыманшылар бiртiндеп түстiктерiн iшiп кетiп жатыр. Оларға бүгiн әдеттегiдей ыстық тамақ та жасалынбапты. Құр шаймен ашқұрсақтанып аттанса керек. Өйткенi, жиналмаған дастарханның бетiнде қолмен туралған таба нанның үзiндiлерi жатыр, сары май тұр. Қаймақ та бар екен, әр-әр жерден ағараңдаған қант көрiнедi.


Ылдым-жылдым жүгiре басып, бүкiл бөлмелердi аралап шықты.


Әдетте, бұл қыстауда екi отбасы отыратын едi. Соңғы кезде алыссынып ешкiм қоныстанбайтын болған соң, ас үйден жапсарлас қабырғаны көршiге қарай тесiп, есiк салдырып, үш бөлмелi үй жасап алған.


Ешкiм жоқ. «Танагүл қайда екен?» деп iштей уайым сауды. Сосын бұл да отыра қап дайын дастарханнан шыны аяқ шай iштi де, сыртқа беттедi. Шешесi бошалаған iнгендей сенделiп атсеркенiң арғы бетiнде жүр. Жүзiн төмен салып, аяғының басына қараған қалпы аузы жыбырлап сөйлейтiндей. Шамасы, өзегiн өртеген от-жалын байыз таптырмай ары-берi айдайтын сыңайлы.


Қасына баруға зауқы соқпады. Бара қалған күнде де не деп жұбатарын бiлмедi. Сосын, тағы да ештемеге құлықсыз қалпы иен түзге қарай аяңдады. Ондағысы, аулақта үюлi жатқан қордалардың үстiне шығып, төңiректi қарауылдамақ. Әпкесi жақын маңда жүрген шығар, сыртынан бақылап қоймақ. Сатқындық жасаса да көкiрек несiбесiн бiрге таласып емген ұяласы.


Ептеп жүрегi сыздап ауырды. «Өз қолыңды өзiң кесе алмайсың» деген қазақтың мәтелiнiң мәнiсiн ендi ұғынды. Қанша ақымақтыққа барса да Танагүлдi далаға тастағысы жоқ.


Шоқаңдай жүгiрiп үйiлген көңге тырмыса өрмеледi. Шешесiнiң әпкесiн үйден қуып жiбергенiн әбден бiлiп келедi. «Кешке ешкiмге байқатпай үйге ертiп келермiн» деп ойлады.


Төңiрек көктемнiң жайма шуақ шұғыласына малшынып, манаурап жатыр. Әлдеқайда бозторғай ентiгiн баса алмай шырылдайды. Бiрақ бiр тұтамға толмас тұрқы көзге шалынар емес, зарыға төгiлген үнi құлаққа талып жетедi.


Асықпай айналаны сүзе қарады. Ара-кiдiк алыстан қарайған iрi-қараның нобайы бiлiнедi. Тай шаптырым маңнан сақманшылардың қылпы байқалды. Басқа ештеме назарына iлiнбедi. Әйткенмен бұл тұс батыс пен солтүстiктi ғана шолуға мұрсат беретiн. Себебi, оңтүстiк пен шығысты алып, бiр-бiрiн қуалай салынған шатырлы бiтеу баз тұр. Ол жақты байыптау үшiн сол қоралардың төбесiне немесе арғы жағындағы үйiлген қордаларға шығуы тиiс.


Бiрден солай қарай тартқысы келiп тұрды да, «мүмкiн осы тұста шығар» деген ойдың сүресiмен тағы да бiраз кiдiрiстедi. Үмiтпен әр кезеңдi мұқият шолып, төбенiң басында шошайып бiрқауым бөгелдi. Әбден көзi талғанда барып, келесi қапталға бұрылды.


Айтқанындай-ақ көп қиналмай әпкесiн алыстан көрдi. Үстiнде өрттей қызыл көйлегi бар ол, мидай жазық далада қайда бұқпантайласа да «мен мұндалайды». Дегенмен қыстаудан тым ұзап, шымқап кетiптi. Нобайы бiлiнгенмен, қимылын алыстан байқау қиынға соқты. Бiр шоқ тобылғы өскен дөңесте жүргенi немесе отырғаны белгiсiз, алдамшы сағыммен толқындана буалдыр тартады. Бiрде ол ауылдың орталығын бетке алып, кетiп бара жатқандай көрiндi. «Бiрақ, онда барғанда кiм бар, кiм күтiп отыр?» деп ойлады. «Бармауы тиiс». Ендi бiрде тапжылмай әлденеге қарап тұрғандай көрiндi. «Көктемнiң топыраққа тойынбаған жыланы арбап тұр ма» деген үрей келдi көкейiне. Кенет бойы тыз етiп, жаны түршiктi. Сәлден соң әпкесi бейқам, өз ойымен өзi оңаша қалып отырғандай бiлiндi.


Бала тереңiнен демiн алды.


Бiр уақтарда өз-өзiнен шалдығып, үйге оралды. Әкесi арбамен отардан жас төлдеген саулықтарды әкелiп түсiрiп жатыр екен. Соны көре сап, жүгiре басып тепелекке ұмтылды. Ондағысы қошақандарды шатыстырмай, әрқайсысын өздi-өз енесiнiң бауырына салуға көмектеспек.


Бұл таянғанда Үкедей сарыбас саулықты тепелекке кiргiздi.


— Андағының қозысы қайсысы? — деп дауыстады шiңкiлдек үнiмен. Өйткенi әрбiр қойдың төлiн шаранасы кеппей бiр-бiрiне жақындастыруға болмайтынын бiлетiн. Егер қозылар үстiлерi құрғамай, алда-жалда бiр бұйымға қатар оралып келсе, енелерi табанда жерiнедi. Сондықтан әрқайсысын жеке-жеке қапқа немесе қоржынға салып жеткiзетiн.


— Анау қоңыр қаптағы егiздер.


«Егiз» дегендi естiп көңiлiн қуаныш жайлады. Жылдамдатып, қапты жерден көтерiп алды. Оның iшiнде жас төлдер тынымсыз тыпырлайды. Жағы сембей үздiксiз маңырайды.


Мықшыңдай басып тепелектiң табалдырығынан аттады. Сол сәтте әкесi де қарама-қарсы жолықты. Бiрден күректей қолын созып, қоңыр қапты iлiп алды. Сөйттi де жерге ақтарып тастады. Екi әппақ қошақан домалаңдай тыраңдады. Сонадайда маңырап байыз таппаған енелерi де дедектей жеттi. Соны күткендей әкесi қошақандарды артқы сирақтарынан алып көтерiп, жүрдi де жөнелдi. Балажан саулық әкесiнiң соңынан қарыс сүйем қалмай үкiдей ұшты. Үкедей бiрден оны тиесiлi орны, оңаша шарбаққа жайғастырды. Ұлы алдына шелекпен су қойды, бiр уыс шөп байлады, кiшкентай науаға болар-болмас жем салды. Ондағысы желiнi аққа жарымай қалмасын деген ойы едi. Және де кез-келген жас төлдеген қойға осылай жасалатұғын.


Әкелiнген алты саулықты да бәрiн жайғап, реттестiрдi. Бұл кезде күн де кiшi бесiнге еңкейген-тiн. Қазiр шамалыдан соң жас сақманға жем берiп, iшке кiргiзе бастайды.


Әкесi арбасын айдап, қораны айнала бердi. Бұл үйге беттедi. Есiктiң алдындағы ошақтан түтiн будақтайды. Шамасы шешесi кешкi астың қамына ертерек кiрiскен сияқты. Одан әрiректе қидың түтiнi бiлiнедi. Байқұс анасы екi қолын үш етiп, бiрнеше шаруаны қабат iстеп жүргенiн бiлдi. Тамақпен қоса таба нан пiсiрiп жатыр екен.


Табалдырыққа таянғанында қолындағы тегенеге салынған қамыры бар шешесi қарсы жолықты. Басындағы орамалы бiр жақ шекесiне қарай қисайып апты. Самай шаштары да қобыраңқы. Мұны көре сап:


— Бар, әлгi қу ғана қаншыққа айт, жердiң тесiгiне кiрiп кетсе де тез келсiн деп жатыр де, жаны барында! — дедi ашуға булығып. Сәл болса жарыла жаздап тұрғандай көрiндi.


— Мақұл.


Құлдыраңдай жүгiрiп қорадағы торы құнанын ерттей салып, өрiстi бетке ұстап тыпыңдай аяңдатты. Желе-жортып жүрiсiн жүдемдете түстi. Әпкесi сол бағана бұл көрген тұстан ұзай қоймапты. Бiрақ, Жапар екi ара қысқарған сайын бiртүрлi өз-өзiнен қыстығып, Танагүлге қарай беттей алмай келедi. Оған барып бiрдеме деп айту ұят секiлдi. Әңгiменi неден бастарын бiлмедi. Әйтеуiр бiр күштiң итермелеуiмен iлгерi жылжиды. Бастапқыда қузап едi, ендi құнанының аяғын iлбiтiп қана бастырады.


Қараптан-қарап жүзi оттай жанды. «Менi көрiп қазiр қысылады ғой» деген ойдың сүресiмен әпкесiне жаны ашыды. «Тоңып та кеткен болар…»


Баланың бұлай қорытатын да жөнi бар едi. Көктемнiң күнi тамылжыта төгiлгенiмен, әлi сыздан арыла қоймаған самалы, далада ұзақ жүрген адамды жиде қақтырады. Ал, Танагүлдiң үстiнде қызыл жiбек көйлегiнен басқа өңгедей бұйымы жоқ-тұғын. Әлдеқашан сазарып, жақ жүнi үрпиiп кеткенi айқын-тын.


Жонданып бiткен қоңыр белдiң ойдымға айналған тұсындағы бiр топ тобылғының арасында әпкесi жүзiн түз далаға берiп, жүрелеп отыр екен. Ендi қаулап келе жатқан көктiң арасында қып-қызыл көйлегi оны сонадайдан шоқ қызғалдақ iспеттi көрсетедi. Ал, жел алып қашқан қою қара шашы, қызғалдақ қауызының ортасындағы шымқай қара дағы сияқты. Бiрақ, жақындап кеп оның ту сыртынан қараған адамның көңiлiне секемал түсiретiн кейпi де бар. Өйткенi, айдалада кешкi сауыққа киетiн қызыл көйлекпен ғана жападан-жалғыз жүрген бойжеткеннiң бұл «сейiлi» еш ақылға қонбайтын едi. Аңызға бiртабан жақын малшы қауымы алас-пелес көктемнiң кезiнде жын ба, шайтан ба деуi де мүмкiн.


Әпкесiнiң мына назалы сиқын арқан бойы жерден-ақ, ту сыртынан аңдаған баланың ет-жүрегi езiлiп жүре бердi. Оған Танагүлдiң қазiргi халi Мұңлықтың кескiнiн елестеттi. Кешегi қызыл iңiрден басталып, бағанаға дейiн жалғасқан өшпендiлiк табанда ыдырап, аяушылыққа айналды.


Тiптi, бойжеткеннiң қатты қапаға бөленгенi соншалық, өкпе тұсына таянып қалған ат тұяғының дүбiрiн де аңдамады. Әйтпесе, нәтiнде секемшiл Танагүл бағана-ақ сәл сыбдырға жалт қарар едi.


Iнiсi бiр жақ қапталынан кеп, құрық салым жерге тоқтады.


— Сенi тәтем шақырып жатыр, «үйге жүрсiн» дейдi.


Танагүл оқыс үнге селт етiп, бұ тұрған жаққа мойынын сәл бұрды да тiс жармады. Мөлiдей қара шашы жүзiн жартылай жауып, өңiн тұтас көрсете қоймады. Бiрақ, бауыры оның қызарған жанарын байқап үлгердi.


— Жүр…


Баланың да бетi кенет ду ете қалды. Неден қысылып, ұялып бара жатқанын бiлмедi.


Әпкесi өстiп жерге шұқшиған күйi недәуiр уақыт үнсiз отырды да, бiр сәт бұның бетiне көзi боталай қарап:


— Сен… көрiп тұрдың ба?.. Көкем қатты ұрды ма? — дедi.


— Кiмдi? — дедi бұл таңданып. — Тәтемді ме?


Танагүл үндеген жоқ. Осы үнсiздiк баланың көңiлiн бiр-ақ сәтте астан-кестең еткендей болды… Көз алдындағы дүние түгел қып-қызыл болып кеттi… Қырдан асып бара жатқан күннiң көзi қып-қызыл… Танагүлдiң көйлегi де қып-қызыл… Қып-қызыл дүниенiң арасынан Танагүлге қайта бiр қарап едi, оның бетi күреңiтiп, сазара қалған екен… Тек көйлегi ғана қып-қызыл…


VIII


Бибi ұлын көрiп, жабыңқы көңiлiне сәл де болса демеу тауып шықты. Бiрақ кiрпiктерiне көзмоншақтарын да iле қайтыпты.


— Ботақаным, жатыр кiп-кiшкентай боп.., монтиып. — Иегi кемсеңдеп, икемге бағынбай болмашы қалтырады. Үнiне де дiрiл араласып, көкiрегiнен жалын атқан қасiреттiң лебi естi.


Ерi болса әйелiнiң әрбiр сөзiн қалт жiбермей аузын бағып келедi. Бiр жағынан оның сағыздай созғанына шыдамы таусылып, дегбiрi қашып барады. Сонда да тызақтаған төзiмiн сабырға жеңдiрiп, байыптылыққа ұмтылды.


— Құлдығым, боп-боз боп бозарып, жер тартыпты. Ары-берi қозғала алмайды. Мына ыстықта табан аудармай жату, азаптың азабы. Шүмектеген терден төсегi шылқылдаған су.


— Медбикелер қайда?


— Үй-и, олардың әбден еттерi үйренген ғой, селт етпейдi.


— Қалың сырқат жандардың ортасында жүргеннен кейiн, адамның азаптанғаны қалыпты көрiнiске айналып кеткен де. — Күйеуi лажы таусыла күрсiндi.


— Ендi ше, қайсiбiрiне жүгiре берсiн.


— Тым құрымағанда балаға жел қақтырып, төсенiшiн жаңалап тұруға болмай ма? Салмағы да жоқ, бiр-ақ жапырақ қой. — Жапар екi иiнiнен терең демiн тартып, дәрменсiздiктен салы суға кете күйiндi.


— Қайта, бұл, түннен бергi ықыластың ауғаны, дәрi-дәрмегi жағынан дұрыстап қарай бастаған сыңайлы. Ыстығы төмендептi, қазiр бiр қалыпты отыз жетi де жетiнi көрсетiп тұр екен.


— Жыламап па?


— Жоқ. Тырнақтайынан ауырса одан сайын томсара түсетiн әдетi, менi көргенде де «қыңқ» деген дыбыс шығармады, күнiм.


— Су бердiң бе?


— Бердiм, шөлден тiлi таңдайына жабысып қалыпты. Төсегiнiң жанына табуретканы қойып, тағы да сусын қалдырып кеттiм. Бiр ересектеу балаға су берiп тұр деп табыстадым.


— Палатада қанша бала жатады екен?


— Тоғыз бала. Бақалы көлдей бық-бық етедi, ауасы қапырық.


— Иә, алла, өзiң жар бола гөр, — дедi Жапар дiңкесi құрығандықтан бұдан басқа қайласы болмай. Бибi де ендiгi әңгiменiң тек санаға артық салмақ түсiретiнiн ұғынды ма, үндемедi.


Бiр мезеттерде күйеуi оны жұмысына апарып салып, өз мекемесiне қарай асығыс аттанып бара жатты.


Ертеңiнде таңертең ертелеп жетiп балаларының халiн сұрағандарында, кезекшi медбикенiң жауабын естiп, бiр сәт ақылдан алжасып, ерлi-зайыпты екеуi де аңыра меңiреулендi. Дегенмен, Жапар бiрiншi тiлге келiп:


— Операцияны қашан жасап едi? — дедi жаны қыстығып.


— Кеше.


— Кешкiлiк операция туралы ештеме айтпадыңыздар ғой.


— Сiздердi басы артық алаңдаушылыққа ұрындырғымыз келген жоқ. Оны естiп ап түнiмен ұйықтамайтын едiңiздер. Әрi жай болып кетсе де «iшке кiргiзiңдер, операциядан соң жағдайы қалай, көремiз» деп, әлек салуларыңыз әбден мүмкiн.


— Ендi жағдайы қалай?


— Жақсы.


— Нендей кесел екенiн бiле алдыңыздар ма? — Әңгiмеге Бибi ендi араласты. Танауы қусырылып, жасаураған жанарын үрейдiң тұманы торлаған.


— Дәрiгер жазған дiмкәстiң тарихына қарағанда, жамбас сүйек пен ұршықтың бекiген жiгiнен сары су алған.


— Қазiр ояу ма?


— Жоқ, ұйқыда.


— Наркозды артық берiп қойған жоқсыздар ма? — Бибiнiң үнi ышқына, шырқырай шықты. Әбiржiгендiктен бет пошымы да құбаң тартып, өзгерiп салды.


— Бәрi шамамен. Операциядан кейiн оянды. Оятамыз. Ендi, бәленбай күнгi жанына батқан кеселдiң залалы кетiп, тынығып жатыр.


— Шынында да жай ұйықтап жатыр ма? — Қу шешенiң жүрегi байыз таппай барады. — Мен кiрiп, көрiп шықсам бола ма?


— Әрине, жай ұйықтап жатыр. Қасында қас қақпай мейiрбике отыр, әр жарты сағат сайын қан қысымын, ыстығын тексерiп.


— Ыстығы қандай?


— Отыз алтының үстiнде ғана.


— Менi кiргiзiңiзшi, — Бибi жалына үн қатты, — көрiп шығайын.


— Ондай рұқсат беруге құзiретiм жетпейдi. Сағат он бiрде дәрiгер келедi, сол кiсi шешедi. Бiрақ, алаңдаудың еш ретi жоқ, бәрi жақсы.


— Айтқаныңыз келсiн! — Бұл бейшараның қолында дәнеңенiң жоқтығын бiлген Жапар, оның ләмiне қарсылық танытпады. — Жарайды, мына сусынды апарып берiңiз, шөлдеп оянады ғой.


— Мақұл.


— Мүмкiн болса, төсенiшiн жиi ауыстырып тұрсаңыздар. Ыстық күнде терге малшынып, көрпе-жастығы тез дымданар. Су бұйымға қайтiп жата алады?


— Еш алаңдамаңыздар, Валерий Степанович айырықша табыстаған, қараусыз қалмайды.


— Рахмет сiздерге!


— Сау болыңыздар.


Бұлардың қолындағы пакетiн алған бойжеткен көзден жасырынып үлгердi. Әлгiнiң сөзiне не иланарын, не иланбастарын бiлмеген екеуi босағада ләм-мимсiз өз ойларымен алысып, тұрып қалды. Меңiреу адамдай бiр-бiрiне тiл қатпай бiраз бөгелдi. Бiр жағы дүдәмалды, бiр жағы қуанышты хабар әрi-сәрi күйге түсiрдi.


— Жүр, сағат он бiрде келемiз.


Жапар әйелiн қолтығынан алып, iлгерi жетеледi.


Екеуi қайта қайырылып оралғанда Валерий Степанович салқын қабақпен қарсы алды. Өңi бiртүрлi шаршаңқы көрiндi. Оның осы салбыраңқы иiнiн байқаған бұлар әлдеқандай үрейден тiксiнiп, iштей қобалжыды. Сонда да Жапар дәрiгердiң алдында құрақ ұшып, сонадайдан қос қолын ала жүгiрдi.


— Сәлеметсiз бе?


— Сәлемет…


Бибiнiң жанары үрейден бақырая жасаурап, ернiнiң ұшымен ғана амандасып, сәлемдесудiң мезiретiн жасады. Содан кейiн екеуi де бiр сәт іркілiс тапты. Әлденәрсе сұрауға жүректерi дауаламайтындай, тек ұрты суалған хирургтiң бет-жүзiне жапақтай қарай бередi. Ол да бiр сөзге сараң неме сияқты, әлде бұлардың төзiмiн сарқа түскiсi келе ме, әйтеуiр, өздiгiнен аяғын iлгерi баспайтын шабан жылқыдай мизiмейдi.


Дәл табалдырықтың аузында үшеуi аңдысып ұзақ тұрды. Бiр-бiрiне тiл қатудан қорқатын сыңайлы. Жапардың миы шағылып бара жатты.


— Баланың халi жақсы…


Осы бiр ауыз сөз жүйкеге түсiрген бар ауыртпалықты демде шайып өттi.


— Реанимацияда…


— Ба-а… Барып… Барып шығайық, — Жапар аяқ астынан тұтығып, айтар сөзiнен жаңылды, — рұқсат етiңiз.


— Әрине. — Дәрiгер соңына мойнын бұрып, әлдекiмге әлденәрселердi айтты. Жапар оның не деп жатқанын естiмедi, бар ынтасы баласының қасына тезiрек жету. Аяқ астынан екi құлағы тас бiтелiп, меңiреуге айналды. Бiр абыройы, көзi ептеп көретiн сияқты. Бiреу бұларға қарсы жүрiп келедi. Келген бетте ақ жамылғыны қолдарына ұстатты. «Ки» деп берiп жатқанын ұғынды. Сосын, асығыс желбегей жамыла салып, сәл ұзап кеткен дәрiгердiң соңынан ұмтыла берген. Әлдебiр күңгiрлеген бейсауат үннен ерiксiз бөгелдi, сөйтсе, iшке кiргенде аяққа iлiп жүретiн тәпiшке ұсынған ишаратты ұғынды. Сонда ғана барып, аяқкиiммен кiруге болмайтынын топшылады. Әйелiне қарап едi, ол қайта сабырлы тәрiздi көрiндi. Мына iшкi тәртiптiң барлығынан хабардар сияқты, башпайындағы шандымасын шешiп үлгерiптi.


Реанимацияға кiргендерiнде Айбын бiр-ақ жапырақ боп жатыр екен. Өңi құп-қу. Кiшкентай ерiндерi домбығып, тiлiнiп-тiлiнiп кеберзiген. Ештемеден бейхабар. Әке-шешесiнiң келгенiн, әлдекiмдердiң төңiрегiнде жүргенiн мүлде сезбейдi.


Мұны көрген Бибi бет-аузы кемсеңдеп жылаған қалпы ұшыртып ұлының қасына жеттi де, қолынан ұстап дiзерлеп отыра кеттi. Одан арыға дәтi бармады. Ерiндерi жыбырлап әлденәрселердi айтатын сыңайлы. Бiрақ ерi ештеменi ұғына алмады, әйтеуiр балалары үшiн аллаға құлдық ұра жалбарынғанын топшылады.


— Ұйықтап жатыр ол.


Дәрiгердiң үнi нық шықты. Әйткенмен тамағы құрғағандай қырылдай естiлдi.


— Наркоздың уытынан ұйықтап жатқан жоқ па?


— Әрине, оны бүгiн кешке дейiн ұйқы тарта бередi.


Арада үнсiздiк орнады. Мейiрбикенiң бiрi келiп, Бибiнi науқастан ары таманырақ алып кетуге ниет жасады.


— Жақындамаңыз, мазасын аласыз… демалсын.


— Әлбетте, — қайтадан дәрiгер сөзiн жалғады, — дәрiнiң дәргейiне түскен дерттi ағза оның заһарынан бiрден бой алып кете алмайды. Уақыт өте күшi қайта бастайды, сол кезде ұйқы да сейiледi. Оның үстiне бәленбай күнгi бұзылған табиғи ұйқы да бойды буған кесел жеңсiк тапқаннан кейiн дендеп, меңдей бередi. Сондықтан балаларыңыздың қазiргi жайына күмәнмен қарамаңыздар. Осындай екi себептен алқымдаған ұйқы шынашақтай неменi алып ұрмай қайтсiн. Бәрiнен бұрын операция өте сәттi өттi.


Жапар Валерий Степановичке бұрылды. Хирург бұған назарын тоқтатып, мейлiнше түсiндiруде. Тек әбiржiмеуiн сұрайтындай.


— Қайтадан сарысу жиналмай ма?


— Жиналмауы тиiс, барынша қадағалаймыз.


— Ол неден болған?


— Ағзаға жақпайтын бiр нәрседен керi реакция туындаған деп топшылаймын. Соның әсерiнен жамбастағы ұсақ тамыр талшықтары семе бастаған. Осының ықпалынан келiп қалыпты жүйе бұзылғаннан соң, қозғалысқа көп түсетiн буында сарысу жиналған. Мұндай тәндегi әлдебiр күштердiң себебiнен өрбитiн артық процестердiң бәрiн аңғарғыш ең жақын орналасқан без қабынған. Содан барып баланың ыстығы көтерiлiп, аяғын ала алмай қалған.


— Реакция қайдан туындауы мүмкiн?


— Әртүрлi себебi бар. Уколдан да болуы ықтимал. — Дәрiгер екi жанарын бұдан алмай бажайлай қарады. — Кез-келген науқастан ең бiрiншi ем жасалынбай тұрып, «аллергияң бар ма» деп сұрайтынымыз сондықтан. Түпкiлiктi ғылыми зерттеу жүргiзiп, дәрiгерлiк қорытынды шығарылмай, кейде алдын-ала жөн біліскен күннің өзінде де шалыстыққа ұрынатынымыз бар. — Валерий Степанович әңгiмесiн шорт үзiп, бiрдеме ұғындың ба дегендей тiптi төне түстi. Содан кейiн кiлт бұрылып, есiкке беттедi. Табалдырыққа таянғанда сәл бөгелiп, иығының үстiнен соңындағыларға қарады да:


— Ендi бөлменi босатыңыздар, науқас ағзаға артық-ауыс жүрiстiң өзi қатты ықпал етедi, — дедi.


Бұдан соң Жапар кiдiрiстегендерiнiң артық екенiн ұғынды. Бiрақ төсектiң бас жағындағы әйелiн сыртқа алып кетуге таянғанда, ұлының маңдайынан ақырын ғана сипап өттi. Дымды секiлдендi. «Иә, өзiң жар бола гөр» деп, әкесiнiң аруағына iштей сыйынды.


Құдай қолдады ма, әлде дәрiгердiң қолы шынымен де жеңiл ме, ертеңiнде-ақ Айбынның реңiне қан жүгiрiп, бетi берi қарады. Соңғы кезде үнемi кiлгiрiп, кiрпiгiн қимылдатуға шамасы келмейтiн жанарына нұр байланып, бұлар барғанда күлетiн болды. Мұны көрген Бибi мен Жапар iштерiнен «иә сәт» деп, дәтке қуат еттi. Келесi күндерi кеудесiн көтерiп отыра алатын жағдайға жеттi. Одан соң ептеп жүре бастады.


Аса зарықтырмай өзi жатқан санаторийге қайтадан ауыстырылды.


*** *** ***


Үшінші бөлім. БӘТУА


I


Жан қыстығып, бауыр ет езiлген мезет ақырындап соңда қала бердi. Дерттiң қатерлi остеомелид емес, соның жеңiлдеу түрi болғанына әке-шешесi тәңiрге мың мәрте шүкiрәна еттi. Балаларының риясыз сәби күлкiлерiн көрiп шаршағандарын да, шалдыққандарын да ұмытты. Дамыл таппай күнде «Көктөбе» санаторийiне шапқылаумен болды.


Бұл кезде шiлде де аяқталып, сарша тамыз да туған-тұғын. Ағаштардың басындағы жасыл желек те әр-әр тұсынан сарғыштанып, әшейiндегi болар-болмас самал желге желп етер желiкпе мiнезiнен ажырағандай. Дүниенiң бәрi саркiдiр тартып есейiп, бұ жалғанда бiртоға байыпты тiрлiк басталғандай. Тәңiрiнiң ықыласы ауып, қос қарғалары да аман-есен сақайып үйге оралды. Төрт көзi түгел отбастарында табысып ендi мауықтары басыла бергенде, қыркүйек туып, алғашқы қоңырау да соғылды. Шырай мектебiне, Айбын балабақшасына барды. Соның артынша көп ұзамай күздiң алғашқы салқыны да бiлiндi. Бұрнағы күнгi аз ғана байыптылық баянсыз екен. Қазанның басында толассыз жаңбыр басталып кеттi де, соңы қарға барып ұласып тоқтады. Ойдым-ойдым жиналған судың бетiне кiлегейленiп мұз қатты. Жұрттың бәрi аяқ астынан бүрсең қағып, ызғардан сырт айналады.


Ауа райының құбылмалылығына қарамастан Жапардың көңiлi бiр сәт байыз тапты. Балалары аман, бауыры бүтiн, жанды алқымнан алған шешiлмей жатқан мәселелердiң бәрi соңында қалды. Ендi, талайдан берi кейiнге ысырып қойған жұмысына алаңсыз кiрiстi. Жазғандарын қайта жиыстырып, жазатындарын рет-ретiмен жоспарлады. Және осы аралықтағы бiр жағымды жаңалық, мұның көңiлiн мүлде әуелетiп жiбердi. Соңғы бес-алты жылда жарық көрген еңбектерi жастар сыйлығынан үмiткер ретiнде ұсынылды. Құдай сәтiн салса, бұйыртқаны қашпас деп жақсылыққа жорыған.


Бiрақ, ол үшiн қыруар жұмыс iстеуi тиiс, машақаты көп нәрсе. Жатқан бiр күрделi де жұмбақ «ойын». Әдiлқазылары бар, қатысушылары бар: ұзын-ырғасы елуге тарта адамның басы құралса, жалпы соның төңiрегiнде жүретiндердiң қарасы жүзден аспақ. Мықты-мықты алты-жетi топ жiктелуi де мүмкiн. Он тоғызыншы ғасырда атты бәйгеге қосқанда он шақырымдай жерден шауып келе жатқан сәйгүлiктi күтiп ап, жiнiккен бiлеуiттер көмбеден сүйрелеп алып өтетiн. Онда да адуындылары ғана, айбыны барлары ғана бұлай топтанып бәйгi аттарының алдынан шыға алады. Қалған ел-жұрттың бәрiне ондай құзыр берiлмейдi.


Сол дәстүр қазақтың қанында әлi жалғасып келедi. Тек, сүйрелеп жетектеудi көптiң көзiне түсiрмей, мәдениеттiлiкпен өркениеттi түрде жасайды. Қайта, бұрынғылардыкi әлдеқайда әдiл сияқты. Өйткенi, ат жоқ дегенде межелi жердiң негiзгi денiн өз шамасымен шауып, қажыр-қайратын


танытады да содан кейiн барып қолдаушыларының демеуiне iлеседi. Ал мына жерде ондай өресi де, қауқары да жоқтарды шүу дегеннен жетекке алады. Ақыры көмбеден бiрiншi өткiзедi.


Солардың илеуiнде тапталмас үшiн тынымсыз, қоғамдасқан тiрлiк жасалуы тиiс. Бiрақ, Жапар кiмге барып ақылдасып, шаруаны неден бастарын бiлмедi. Барлығы өп-өтiрiк ештемеден бейхабардай тоң-торыс сыңай танытты. Тiптi, ақырында бәйгiге қайдан ғана қатысқанына жыны келдi, өз-өзiн сөктi.


Осындай аумалы-төкпелi өлара шақта қасында бiр жолдасы бар Сапар келе қалсын. Төбесi жап-жалпақ болып, өңi күреңiте тотығыпты. Беттерi ойдым-ойдым, бұрыш-бұрыш бiлеуленiп тұр. Екi иiнi салбырап, мазасы қашыңқыраған шаршаңқы кепте. Қысыңқы бiткен көздерi бар ма әзiр, жоқ па әзiр ғана жылтырайды.


Басындағы кепкiсiн кiре берiстегi киiмiлгiштiң үстiне қойды да, дабырды естiп залдан шыққан Жапарға қос қолын ұсынды.


— Халдерiң қалай? — Үнi де көмескi әрi тамағы ауырған ба, болмашы қырыл араласқан.


— Жақсы. — Жапар сөздiң аялғысы болғаннан соң ғана осылай жауап қайырды, әйтпесе, бауырларына деген өкпесi қара қазандай.


Арада үнсiздiк орнады. Соңынан ерген жiгiт те үй иесiне үнсiз алақанын тарбита созды. Осы бiр ыңғайсыздықты байқатпай жiберуге тырысты ма, Сапар:


— Әкел курткаңды, — деп, қасындағы жолдасына өз үйiне келгенiн аңғартып, құрмет көрсетуге тырысты. Ол сырт киiмiн шешiп, қолына ұстатты. — Төрге өте бер.


— Қайдан жүрсiңдер?


Ебедейсiздiктi ептеп сейiлтпек үшiн Жапар жөн сұрасқансыды.


— Талдықорғаннан.


— Тәтемдердiң халдерi жақсы ма?


— Жақсы.


Шешесiнiң амандығын бiлгеннен соң, басқа ештеме сұрауға зауқы соқпай керi бұрылып, төргi бөлмеге беттедi. Соңынан ере кiрген қонақтар да жайғасты.


— Танысып қой, мынау менен үлкен бауырым — Жапар. — Сапар жанындағы жiгiтке қарады. — Ал, бұл жiгiт, — ендi назарын ағасына аударды, — менiң жолдасым — Марат.


Марат орнынан тұрып кеп қолын бердi. Сол кезде ғана Жапар оның кескiнiне барлай қарады. Қысыңқы бiткен көздерi көкшiл көрiндi. Көзiне қарай өңi де сары жаратылыпты. Бетi безеудiң дағынан жыртылған жердей бұжыр-бұжыр. Бiр түрлi шiмiрiгiп кеттi. Оның үстiне елден ерекше екi шықшыты қаңылтырдай қабысып, бет пошымы ат жақты бiткен. Әрi үшкiлдеу иегi сәл алға имиiңкиген сұрықсыздау адам екен. Бұрын-соңды Сапардың төңiрегiнен көрген пендесi емес. Талай мәрте «осы сенiң тұрақты жора-жолдастарың бар ма, солармен бiрге жүрсеңшi» деп iнiсiне зар қаққан. Мiне, тағы да көлденең көк аттыны «жолдасым» деп әкептi. Мұнысын жақата қоймады.


Селқос қолын алды. Сосын үн-түнсiз қонақтармен бiрге теледидар қарады, бiрақ жан-дүниесi алай-түлей. Терiсiне сыймай, ашудан шамырқанып отыр. «Тағы да бiр шаруасына мен қажет болғанмын ғой» дедi iштей iнiсiнiң бұл келiсiн қорытып. Бағана-ақ ит терiсiн басына қаптар едi, амал қанша, қасындағы танымайтын сырт көзден именiп қана, өз-өзiн ұстап қалды. Әйтпесе…


Осы кезде селтиiп залға Айбын кiрдi. Бiр уыс кекiлi үрпиiп, Сапарды жағаттайды. Жанарлары күлiм қағып туысы екенiн бiлiп тұр.


— Келе ғой, Айбын. — Сапар қасына шақырды. Бала бiрден жетiп барды. Сол заматында-ақ оны ағасы көтерiп ап, тiзесiне отырғызды. Бетiнен бiр иiскеп қойды.


— Сенiң қай жерiң ауырды?


— Iшiм. — «Кеудең ауырды» дегендi бала неме өзiнiң түсiнiгi бойынша iшiм деп ойлайтын болса керек.


— Қай жерiңе операция жасады.


— Әтпiшiмнiң қасына.


— Кәне, қайсы? — Сапар кiшкентайдың ышқырын төмен түсiрiп, қарай бастады.


— Мiне, мына жерiм, — деп, бала өзi-ақ, пышақ тиген тұсты саусағымен көрсеттi.


— Ой-бүй-үю, тыртық боп бiтiптi ғой. Ауырды ма?


— Аз ғана…


— Ендi ауырмай ма?


— Ауырмайды.


— Балабақшаға барып жүрсiң бе?


— Иә.


Осы кезде зал үйге Бибi ендi.


— Амансыңдар ма, Сапар! Апамдардың халi қалай? — деп, амандық-саулық сұрады.


— Аманбыз, аманбыз. — Сапар үйдей боп басын шұлғып, төмен тұқия бердi. Өзiнше ұялғаны.


— Қатынаспай кеттiңдер ғой. — Жеңгесi болмашы жымиды, арғы жағында назы бүркемеленгенi бiлiндi.


— Қу тiрлiк қоңыз тергiзiп жүр де баяғы. Тамақ iздеген айуандық кептен ағайын iздеген адамдық кепке түсе алмай жатырмыз…


— Жарайды, амандыққа ештеме жетпейдi.


Жапардың өзi айта алмағанын оп-оңай-ақ әйелiнiң орайын келтiре әдемi етiп айтқаны ерiне ұнады. Болмашы езу тартты.


— Шай дайын, дастарханға жүрiңдер. — Бибi осыдан соң жеңiл қозғалып, ас үйге беттедi.


Тамақ үнсiз iшiле бастады. Сапар да ағасының отбасы абыржығанда хал бiлуге жарамағанына қыстығатындай, бiртүрлi қобалжыңқы. Әңгiменi неден бастаудың жөнiн таппады. Ал, Жапардың бойын кернеген ашу қайтар емес, дегенмен, онысы өзiне уақыт өткен сайын өкпеге ұласып бара жатқандай көрiндi.


— Нендей шаруамен жүрсiңдер? — Сүт қатқан қою шайын бiр ұрттап кесесiн дастарханға қойды да, iнiсiне қарады. Ол қарыны ашып кеп қарбыта асаған аузындағы қуырдағын оптыға жұтып, жылдамдата жауап қайыруға ыңғай танытты.


— Мараттың машинасын Ұзынағаш жақта бiр түрiк аламын деген екен, ыңғайы келсе соны өткiзiп жiберсек пе деп...


— Маркасы қандай?


— Фольксваген. — Әңгiмеге қонақ араласты.


— Мекен-жайын бiлесiң бе оның? — Үй иесi ендi соған қадала назар аударды. Ондағысы беймәлiм адаммен iлесiп барып, бауыры тағы да бiрнәрсеге арандай ма деген күдiгi едi.


— Бiлемiн, — көзiн төмен салып, қабағын көтермеген күйi сөзiн жалғады, — жазып берiп кеткен.


— Онымен қайда жолығып жүрсiң?


— Талдықорғанда.


Бұдан ары тақымдауды Жапар ретсiз көрдi. Бiрақ, мына екеуiнiң айтып отырған әңгiмелерi онша көкейiне қонбады. Ол неменiң миллиондаған автомобиль сатылатын Алматының iргесiнде тұрып, сонау Талдықорғандағы машинаны аламын дегенi қай сасқаны? Әлде, ақымақтарды ары-берi шаптырып қояйын дегенi ме? Немесе алдап соғып машинаны қолына түсiрiп, ақша тұрмақ басқан iздерiн де көрсетпей кетпек ойлары бар ма? Әйтеуiр ақылына сыймады.


Ертеңiнде екеуi оразасын ашысымен асығыс аттанды. Жапар «әлде қайтедi» деп күнi бойы жұмысында елегiзумен, алаңдаумен жүрдi. Жиi үйге телефон соққыштады. Ешқандай хабар жоқ, мына iргеде тиiп тұрған жерден қайтып оралмапты.


Кеш батты. Жұмыстан ошағына қузаңқырап, тызақтай жеттi. Әлгi екеуi әлi келмептi. Тамақтарын iштi, жатардың алдында ғана қоңырау шырылдады. Жүгiрiп босағаға Жапардың өзi барды.


— Кiм бұл?


— Бiз ғой.


Сапардың даусын жазбай таныды. Бiрден иығынан жүк түскендей жеңiлдеп сала бердi.


Екеуi құрған ауына түк iлiнбеген балықшыдай иiндерi салбырай табалдырықтан аттады.


— Кешiктiңдер ғой.


— Ұсақ-түйек шаруаларға айналып…


— Тым құрымағанда бiр хабар бермейсiңдер ме? Мен осы уаққа дейiн бөгелмеулерi тиiс, ендiгi қайтып кеткен де шығар деп ұйғарғам. — Екеуiнiң бетiне қадала қарады. Арада үнсiздiк орнады. — Әлгi түрiкке бардыңдар ма?


— Бардық. — Сырт киiмiн шешiп жатып Сапар құлықсыз тiл қатты.


— Не дейдi?


— Бiр товарым бар, сол өтсiн дейдi.


Жапар өзiнiң ойының дәл келгенiне таң қалмады.


— Ендi, содан кейiн, қузап қайтпайсыңдар ма? — Үлкендiк өктемдiгiн бiлдiрдi.


— Одан бiз қалаға түс болмай келiп алғанбыз. Бекер жүрмейiк деп, басқа тiрлiкпен айналыстық.


— Жарайды. — Бәтуасыз әңгiмеден Жапардың өзi қашты.


Бұлар өстiп әжiк-күжiк тiл қатысып жатқандарында Бибi ас үйге өтiп үлгерген екен, залдағы диванға құйрық басқандары сол едi:


— Шай әзір, — деп босағадан бой көрсеттi.


— Ендi, ертең қайтамыз. — Сапар дастархан үстiнде алдағы жай-жапсарларынан мағлұм бердi. — Түске дейiн бiр шаруаларды бiтiрсек, түстен кейiн жылжимыз.


«Не шаруа» деп Жапар сұрамады, құлқы соқпады. Өйткенi, бауырының осы уақытқа дейiн тындырған маңызды дәнеңесi жоқ, құр сөлкекбай жүрiс. Сонда да шабуылдаудан бiр тынбайды. Ертеңгi тiрлiгiнiң де сондай өнбестiң iсi екенiн бiлдi.


— Жақсы, ендi демалыңдар.


Осыны айтты да ағасы жатын бөлмесiне беттедi.


II


Күн сенбi едi. Жапарлар төрт көзi түгел үйде-тiн. Ойларында ештеме жоқ, жайбарақат мамыражай отырған. Балалар да бiр нәрсеге алданып былдырлай сөйлеп, өз беттерiмен ойнап жүрдi. Бiр кезде қоңырау соғылды. Бибi жүгiрiп барып «бұл кiм» деп сұрады да, көп iркiлмей есiк ашты. Залда кiтап оқып отырған ерi де бейсауат дыбысқа құлағын түрiп, елегiзе қарады. «Қалдарың қалай?» деген дауыс құлағына ап-анық естiлдi. Аяқ астынан айран-асыры шықты, өйткенi, бұл Сапар екенiн түпте отырып-ақ жазбай таныды. Олар кеше Талдықорғанға қайтып кеткен. Бүгiн қайта Алматыға оралулары, бiртүрлi көңiлге секем тастайды. «Әлде бiр нәрсе болып қалды ма?» деген күмәндi ой көкейге ерiксiз кептелдi. Және, iнiсiнiң үнi қалыптағыдан қаттырақ. Қастарына шауып жеткен кiшкенелердi еркелете айналып-толғанып, бәйек. Оның осынысынан ептеп iшiп, қызыңқырап келгенiн аңғарды. Сосын, “е-е, машиналарын сатып жiберiп, содан кейiн арқаны кеңге салып жүргендерi екен ғой” деп бiр топшылады. Осы кезде Сапар:


— Жапар қайда, үйде ме? — деп сұрады жеңгесiнен.


— Үйде, үйде.


Iзiнше-ақ бауырының төбесi көрiндi.


— Иә, халдерiң қалай? — Сонадайдан мейманасы тасып, тоқ көңiлмен аршындай кеп ағасының қолын алды. Сапарды өкшелей жанындағы жолдасы Марат та iркес-тiркес ендi. Оның өңiнен ондайлық өзгерiс байқалмайды. Кешегiдей сынық қалпы, тiптi бет сүйегi одан сайын шошая шодырайып кеткендей көрiндi.


— Өй, сендер қайтпағансыңдар ма? Әлде барып келдiңдер ме? — Айран-асыр күйi екеуiне аңтарыла қарады.


— Қайтпадық.


— Неге?


— Аяқ-астынан жұмыс табылғаннан кейiн, «қайда асығамыз, осыны бiтiрiп кетейiк» дедiк. — Әңгiмеге тек iнiсi ғана араласып отыр, Марат сол салбыраған қалпы мойнын iшiне ап тоң-торыс қалды.


— Нендей жұмыс ол?


— Бiр клиент кездесiп, соны Бiшкекке апарып салдық. Содан қайтып келе жатқан бетiмiз.


— Ол неғылған клиент?


— Алматыдан Бiшкекке оптом кiлем апарып сататын коммерсант әйел. Көлiк iздеп жүрiп бiзге ұшырасты, бағасына келiстiк те шү-у дедiк те тарттық.


— Оларың дұрыс болған екен онда. Мына iшiп алғаның не?


— Шаруаны бiтiргеннен кейiн… — Мұрынының астынан мiңгiрледi. Кеңкiлдеп, қулана күлген болды. Кiр сiңген күректей қолдарымен самай шаштарын сипалап қойды. — Ендi осы кетiп бара жатқан бетiмiз, шай iшiп аламыз да жөнеймiз.


«Е-е, жағдайың белгiлi болды» деп Жапар одан ары ештеме сұрауға зауқы соқпай, iштей бiр уайымға батты. Араларында үнсiздiк орнады. Бiр кезде iнiсi қайтадан екiлене сөз бастады.


— Ақша бар ма?


Жапардың зәрезап жүрегi май iшкендей кiлк ете түршiктi. Ең бiрiншi санасына оралғаны: «ақшаларының бәрiн сарқып, жол жүрерлiк тиынсыз қалған ғой» деген ой болды.


— Қайдағы ақша? Бiр жалақыға қарап отырған адамда ақша бола ма?


— Жыламашы, мә ақша. — Қойнынан пора-пора теңгенi суырып ап, ағасына ұсынды. Мұның көзi ежiрейiп кеттi.


— Бұл қайдан? — Үркесоқтай сауал тастады.


— Кешегi қызметiмiзге алған еңбекпұлымыз.


— Жоқ алмаймын.


— Ал.


Сапардың бiрнеше мәрте iшiп ап, ақшаны текке шашқаны жадына оралды. Одан да қазiр алып қалып, мұны тиiмдi кәдеге жаратқанды жөн көрдi. Әйтпесе босқа ит рәсуасын шығарады.


Осындай тұжырымнан соң ерiксiз қолын соза бердi.


— Қанша мында?


— Төрт жүз доллар.


Сапарлар көп бөгелмей бiр-екi шыны шайларын iшiп, қызыл iңiрмен таласа жүрiп кеттi. Жапардың көкейiнде iнiсiне деген басқаша бiр аяулы сезiм оянды. «Жазда қолы тимей келе алмаған шығар, соның айыбын өтейiн деп әдейi бұрылған ғой. Әйтпесе, бұларға соқпай тiкесiнен-тiке кете берсе де ешкiм сөкпейдi. Кейде менiң ит мiнезiм ұяластың өзiн тасбауыр жасайды-ау» деп iштей өзiн сөктi. Бәрiнен бұрын бiрдемде әйелiнiң алдында абыройы өстi де қалды. Бұрынғы ұйыған тiрлiкке басқаша рең кiрiп, өзгеше жылу пайда болды.


— Қайнымның жомарттығы бар екен-ау? — деп, келiншегi де мәре-сәре. — Тек iшiп жүретiнi жаман. Жолға шыққанда не керек сол?


Ерi оның бұл ләмiне жауап қатпады, үнсiз томсарды.


*** *** ***


Жексенбi осындай жанға жайлы жаймашуақтығымен өттi. Дүйсенбiде тағы да қарбалас жұмыс басталды. Сейсенбi күнi бесiннiң кезiнде телефон безек қақты. Әдеттегi қызмет бабымен мазалап жатқан бiреу шығар деп жорамалдаған.


— Жапар аға, сiз бе? — деп бастады арғы беттегi адам. Даусынан бiрден тани қойды — Сүлейменге тете немере қарындасы.


— Жазира, қалдарың қалай? Үй-iш аман ба?


— Аман.


— Қайдан звондап тұрсың?


— Үйден.


— Тыныштық па?


— Сiзге Сапар туралы айтайын деп.


Жапардың запыс жүрегi зырқ еттi.


— Оған не боп қапты?


— Жаңа бiреу сапаржайдан телефон соқты. Сапармен бiрге Алматыға келiп едiм дейдi.


— Иә. — Бiр бәленi алдын-ала сезiп, кеуде тұсы атқалақтап барады.


— Сапарды милиция ұстап алып кетiптi. Әлгi адам: «Ол камераға кiрiп бара жатып, «бауырыма хабарла» деп бiрнеше телефонның нөмiрiн айтты. Солардың бәрiне кезекпе-кезек звондап жатырмын, ешқайсысы жауап бермейдi. Сiз ғана телефонды алдыңыз, — дейдi. — Менiң атым — Жайық. Вокзалда тұрмын, машинамның нөмiрi — 327, ақ түстi «Хюндай-Соната». Екi сағаттай күтетiн мүмкiндiгiм бар, содан соң кетемiн” дедi.


Бiреу құлақ шекесiнен тас күрзiмен қойып жiбергендей Жапар, мына жайсыз хабардан есеңгiреп қалды. Әзер өзiн қолына алды:


— Жарайды, дер кезiнде айтқаныңа рахмет. Мен қазiр барып бiлемiн...


Жанын шүбереке түйген қалпы, ұшыртып отырып жаңа сапаржайға жеттi. Көлiгiнен түсе салысымен бiрден көз жүгiртiп, иiн тiресе тұрған автомобильдердiң арасындағы ақ машиналарды алыстан сүзiп, барлады. Әлгi айтылған «Хюндай-Сонатаны» оңай тапты. Бiрақ, маңында иесi болмай шықты. Содан көп ойланбай қалааралық жолға қатынайтын таксилердiң шоқтана ұйлығысқан шопырларына беттедi. Жүргiзушiлердiң жанына таянбай жатып, асығыстықтан сонадайдан дауыстады.


— Жiгiттер, араларыңда ақ «Хюндайдың» иесi бар ма?


— Қай ақ «Хюндайдың»? — Екi-үшеуi қатарынан жарыса жамырады.


— 327-шi нөмiрлi.


— Жаңа ғана осында жүрген. — Жапа-тармағай әлгiлер мойындарын созысып төңiректерiне қарасты. Олардың осы әрекеттерiнен барлығы бiр-бiрiн сырттай бiлетiнiн iштей топшылады.


— Әне! — дедi араларынан мұртты бiреуi, орталық кiреберiс есiк жақты нұсқап.


— Мен танымайтын едiм, — Жапар ептеп абдыраңқырады, — үстiнде қандай киiмi бар?


— Баспалдақпен қатар түсiп келе жатқан екi жiгiттi көрдiңiз бе?


— Бiреуiнiң кепкiсi бар, бiреуi жалаңбас…


— Иә, дәп солардың өзi. Жалаңбас келе жатқаны — сiз iздеген жiгiт.


— Рахмет, көп жасаңыз.


Шұғыл бұрылып солай қарай емпеңдей жүгiрдi. Күртесiнiң омырауын түймелеп, әшейiндегi жып-жинақы жүретiн ұқыптылығын да ұмытқан, екi етегi делең-делең етедi. Сол екпiнiмен жаңағы әрiптестерi сыртынан нұсқаған бейтаныс адамдарды қапталдай таянып кеп:


— Жайық деген сiз бе? — дедi кепкiсiзiне ентiге.


Екеуi де шорт бөгелiп, дыбыс естiлген жаққа жалт-жалт қарасты. Ныспысын атаған жiгiт лезде мұны жанарымен басынан аяғына дейiн шолып өттi. Өңiне бiр өзгешелiк ендi.


— Иә. —Үнi селқостау.


— Мен Сапардың ағасымын, есiмiм — Жапар. Нендей жағдай болып қалды?


Анау әңгiменi неден бастарын бiлмедi ме, әлде «мынауы кiм тағы да» деп күдiктендi ме, айтсам ба, айтпасам ба дегендей кепте тосыла бердi.


— Әлгiнде Сапар турасында... үйге телефон соққан сiз бе? — Мына бейтаныс адамның қапелiмде тiл қатпай бөгелгенiне Жапардың дегбiрi қашып барады. — Әлде мен шатасып тұрмын ба?..


— Түктi түсiнсем бұйырмасын, — дедi бiр кезде әлгi.


— Яғни, телефон шалған сiз емес қой?


— Мен.


— Ендi түсiнбей тұрғаныңыз қалай?


— Жоқ, аяқ астынан болған оқиғаны айтамын.


Жапар аңыра оның аузына қарады.


— Алматыға барамын дегеннен кейiн, ақыр таксистпiн алып келдiм. Маған ақшасын төлесе, кiм мiнсе де бәрiбiр ғой. Содан, «мында кiрiп тамақ iшелiк» дедi. Кiрдiк. Ендi жайғасып, аузымызға асымызды апара бергенiмiз сол едi, кенет, «әне, анау» деген әйелдiң үнi кафенi тiтiренттi. Жалт қарасақ, бiздiң столды сұқ саусағымен нұсқап бiр жаулықты тұр. Соңында қаптаған милиция. Бiрден, тырп етуге мұрша келтiрмей бас салғаны. Тiрек пунктiне менi де сүйреп апарды. Ақыры еш жазығымның жоқтығы анықталған соң, он-он бес минуттан кейiн босатты. Ал, Сапарды алып қалды. Маған оның табыстағаны «осында бауырым бар, соған хабарла» деген сөзi болды. Содан кейiн жанұшыра телефон шалып, iздеу салдым. Мән-жайдан құлағдар ету үшiн, ендi өзiңiздi ғана күтiп тұрғанмын.


— Қазiр, осы сапаржайдағы милиция пунктiнде отыр ма?


— Жоқ. Оны әкетiп қалды.


— Қайда?


— Бiшкекке.


— Бiш-кек-ке-е?! — Тосын жауапқа таңданғанынан iшегi үзiле жаздап, сөзiнiң соңын соза сұрады.


— Иә.


— Иәсi қалай?


— Бiлмедiм...


Жапардың тiптен айран-асыры шықты.


— Мындағы тiрек пунктiндегi жаңағы ұстаған милицияларды танисыз ба?


— Танимын.


— Менiмен ерiп барып, солардың бiреуiн көрсетiп жiбермейсiз бе?


— Көрсетейiн.


Екеуi сапаржайдың iшiне кiрдi. Кiрген бетте оңға бұрылып, қуысқа орналасқан құқық қорғаушылардың қуықтай ұясына ендi. Iште бiр сержант отыр екен.


— Мынау жiгiт болды, — деп Жайық демiн iшiне тарта сыбырлады.


Ол бұлардың кiргенiне елең етпедi, әлденәрсесiне шұқшыңдап отыра бердi. Жапар әңгiменi «сәлеметсiз беден» бастады. Ол сонда ғана көзiнiң ұшымен қиыстау бiр қарады да, «иә, тыңдап тұрмын» дегендей ишара танытты.


— Кешiрiңiз, Атамқұлов деген азамат жөнiнде бiлейiн деп едiм. Мен оның ағасымын. — Бiрден төс қалтасынан төлқұжатын шығарып, сержантқа ұсынды. Ол маңғаздау кеппен қолына алды да, ондағы сурет пен жазуға бiр шекесiнен оқшырая қарады. Содан бар ауыртпалық өз иығына түсiп тұрғандай, екi иiнiнен ауыр тыныстады.


— Иә, Атамқұлов деген азамат болды. — Осыны айтты да тiлiн жұтып қойғандай сазарып отырып алды. Жапардың төзiмi таусылып, дегбiрi қашты.


— Не бүлдiрген ол?


— Адам тонаған. Шекарадан өтiп, басқа мемлекеттiң азаматшасын тонаған. — Қанын iшiне тартып, мұның бетiне тепсiне қарады.


Бiреу төбесiнен сар еткiзiп сұп-суық су құйып жiбергендей, Жапардың жүрегi аяғының басына түсiп қала жаздады. Өзiн-өзi зорға игердi, ұяттан тұла бойы тұтас жанып барады.


— Атамқұловтың өзiмен бiр ауыз тiлдесуге бола ма екен? — дедi жаңа Жайықтан оны Бiшкекке алып кеткенiн естiсе де қасақана сауал тастап.


— Ол мұнда жоқ. — Әлгi жазған бiрден екiлене айқайлап санын сарт еткiзiп соқты да, екi қолын екi жағына жаза бұған аңтарылды.


— Ал, қайда?


— Қырғызстанға әкеттi. Оқиға сол жақта тiркелген, iздеушiлер сол жақтан қуып келген. Осы жерден қылмыскерлерiн ұстады да алды да жөнелдi.


— Қанша қылмыскер боса да Қазақстан азаматын, өзге елдiң құзырына бiр сөзге келместен берiп жiберуге бола ма?


— Мен сiзге айтып тұрмын ғой, қылмыс сол жақта жасалған. — Милиция алақанын жайған күйi оң қолын алдыға соза түсiп, бұған шүйлiге түсiндiруге тырысты.


— Оны ұғып тұрмын, бiз дербес өз алдымызға Ата заңымыз бар мемлекет емеспiз бе? — Жапар да оған ентелей өзiндiк пайымын жеткiзiп бағуда. — Сол заң бойынша республика азаматы нақты қылмыс мойнына қойылғанша, отандық құқық қорғау орынында болуы тиiс едi ғой. Неге сiздер республика азаматының алдындағы мемлекетiмiздiң конституциялық заңын сақтамайсыздар?


Бетiне қаны теуiп, сержанттың өңi күреңiтiп шыға келдi.


— Ондай заң соққыш болсаң бастықтарға бар, мен ештеме бiлмеймiн. — Қолын бiр сiлтедi.


Жапар да қайран уақытын қор ғылып, бұл сөздi бұған несiне ежiктегенiне жыны қозды. Милиция сержанттарының көбi армиядан кейiн жұмыс таппай қалаға келген ауылдың балалары екенiн бiлетiн. Осылар мемлекетаралық конвенцияларды оқиды дейсiң бе? Алып кел, шауып келдiктi атқарса жетедi.


— Ал, нақты қайда әкеткенiн бiлесiз бе? — Өз ағаттығын түсiне қойып, дауысын бәсеңдеттi.


— Қазiр қарайын. — Әбден кiр сiңдi ескi журналын көсiп-көсiп ақтара бастады. Көп әуреленбей соңғы парақтың бiрiндегi ойдақ-сойдақ жазуға үңiлдi. — Бiшкек қаласындағы Аламедин аудандық iшкi iстер бөлiмiне әкеттi. Iздесең, ендi, сол жақтан iздейсiң. Бұдан басқа бiзде мәлiмет жоқ.


— Жарайды, рахмет. — Ендiгiсiнiң басы артық әңгiме екенiн бiлдi. — Сiз маған көп жәрдем тигiздiңiз, сау болыңыз.


Кезекшi милиция отырған орнында үндемей, құр бұларға басын изеген қалпы қала бердi. Көңiлсiз кептегi Жайық екеуi күту залына беттедi. Сапаржайдың iшi әдеттегiдей сапырылысқан адамға толы. Бiрақ, бәрiн бiрдей жолаушы деп ойлау қате. Бiреу — саудагер, ендi қайсыбiрi осы сапаржайдың тұрғыны — панасыздар, кейбiреулерi осы жерде жұмыс iстейдi. Әйтеуiр, халық ығы-жығы.


— Хабарын бергенiңе рахмет, Жайық, саған! Әйтпесе бiз оны «ауылда жүр» деп iздемейтiн де едiк. Бiр керегi болып қалар, мекен-жайыңды маған тастап кетпейсiң бе?


— Мақұл, жазып алыңыз.


Жапар төс қалтасынан қойынкiтапшасы мен қаламын шығарып, жүгiртiп жаза бастады.


— Ал, жақсы.


Жайық қоштасып iлгерiлегенде, Жапар сең соққан балықтай сенделiп орнында бөгелiп қалды. Миын түйгiштеген: «Не істеу керек? Кiмге барамын? Қалай құтқарамын?» деген сауалдар. Бiрақ мұның ешқайсына жауап таба алатын емес. Қолынан ештеме келмейтiнi мәлiм. Сонда да жан тапсырар алдында тұяғын бiр сермейтiн көтерем тоқтыдай, ең құрымағанда әрекет танытып, оқиғаның шынтуайтындағы мәнiсiн бiлгiсi бар. Оны тек органда iстейтiн жанашыр, таныс адамыңа барып бiлмесең, кез-келген құқық қорғау мекемесi сұрағаныңды бiрден қолыңа ұстата қоймайды. Не нәрсенiң болса да көзiн табу маңызды. Бiрақ, қалай таппақ?


Ойланып тұрып-тұрып, машинасына беттедi. Ендiгi беталысы — Ерсұлтанның жұмысы — қалалық милиция бөлiмi. Ол да бiр түймедейдi түйедей жасап, шаруаны тындырғанынан байбаламы көп адам. Демеу көрсетiп, сүйемелдегеннен бұрын жер-жебiрiңе жетiп, жекен суыңды iшiп, жетi насырыңды жерге кiргiзiп бiтедi. Сонысын бiле тұра бәрiне көнiп әке-көкелеп, сол арқылы бiр хабарын алуға ниет қойды.


Кеш болса таянып қалды. Көшедегi қозғалыс одан сайын ығы-жығы былығып, қайшалыса түстi. Бiр абыройы — оның мекемесi жаңа сапаржайдан онша қашық емес едi. Мұндайда иек астындағы жердiң өзi ит арқасы қиянға айналатын әдетi.


Ол жұмысында екен. Кабинетiнде адамдар отырғанына қарамай өзiмсiнгендiкпен баса-көктей кiрдi. Ерсұлтанмен жиi араласқаннан кейiн мына азаматтарды да бiр кiсiдей танитын. Бәрiмен емен-жарқын қол алысып амандасты. Жапар сырт пiшiнiнен ештеме аңғартқысы келмей:


— Жұмыстың соңына қарай жиналып қалыпсыңдар ғой, — деп күлдi.


— Негiзгi iс жұмыстан кейiн басталады ғой. — Етжеңдi Қаламбек деген капитан езуi жайыла ырқ-ырқ еттi. Оның бұл астарлы әңгiмесiнiң мәнiсiн ұғынған қалған екеуi де үнсiз жымиды.


— Мыналар «моншаға барайық» дейдi, мен «бүгiн ендi қоя ғойыңдар, күнде қаңғып қатыннан ұят болды» деп отырмын. — Ерсұлтанның үнiне күлкi араласа шықты. — Бiрақ, мына нояндар тақымдап, әкетiп барады… әйтеуiр, аңқалары кебедi де тұрады, не бәле екенiн бiлмеймiн. — Соңы қарқылға ұласты.


Жапар бұлардың беймарал тiрлiгiне бүртүрлi қызықты. Өзiнiң iшкi ит тырнап жатқан жайын ойлап, жан жарасы одан бетер ушықты. Сонда да үшеудiң ләззатты шағын суытқысы келмей әзiлдей әңгiмеге май құйып, өртеп қойды.


— Жiгiттер шақырса бiлiп шақырады да…


— Иә, Ерекең барса, бәрi осы қоғадай жапырылады.


Есiмi жадында жоқ аға лейтенант осыны айтып, одан сайын қулана жымиды.


— Жарайды, қойыңдар ендi. Сәл тiзгiндi босатсаң бiттi, тiл мен жағына сүйенiп басыңа бар бәленi үйiп тастайды.


— Ереке, өзiң ғой, екi күн монша болмай қалса, «монша көрмедiк қой» деп жылайсың. — Қаламбек құрдасы шиқылдай күлiп әзiлдей оспақтады. — Содан кейiн, бiр жағы бастық болғаннан соң, жөнсiз ескерту естiп қалмайық деп, алдын-ала қам жасаймыз да...


— Үй, сенiң қам жасағаныңды… Қайда әлгi документ, ертең РОВД-ға өткiзу керек, әлi жоқ. Ең бiрiншi, шаруаға алдын-ала қам жасасаңдаршы. Давай, барыңдар, жарты сағаттан кейiн маған отчетпен келесiңдер.


Екеуi жаңағы әзiл-оспақтарынан тиылып, монтиған қалпы кабинеттен шыға бердi. Сол кезде Ерсұлтан бұған қарап:


— Қалай, үй-iшi аман ба? — дедi.


— Аман…


— Жағдай дұрыс па?


— Жағдай дұрыс болмай тұр ғой сол. — Бiртүрлi ыңғайсыздық танытып, жүзiн төмен салды.


— Не боп қалды? — Кiшiлеу, бiрақ домалақ бiткен көздерi ежiрейiп, бұған ұмсына шүйлiктi.


— Ой, анау Сапар өлтiретiн болды. Милиция тұтқындап, Бiшкекке алып кетiптi.


— Бiшкекке алып кеткенi қалай?


— Сол жақта бұзықтық жасаған.


— Сонда, соңынан осы жаққа қуып келген бе?


— Солай ғой, тәйiрi.


— Не деген мықты милициялар олар? Бiз мына iргедегi поселкелерге баруға көлiк таппай, көлiк тапсақ, бензин болмай қырылып жатамыз. — Басын шайқап қойды. — Қай жерден ұстаған?


— Сапаржайдан.


— Алдын-ала тосқауыл құрған ғой.


— Кiм бiледi? — Жапар иығын қиқаң еткiздi.


— Сонда не iстеп қойыпты?


— Бiлмеймiн. Соны бiлiп беруiңе жәрдемiңдi тигiзуiңдi сұрап, өзiңе келiп тұрмын. Өйткенi, сендердiң РОВД-ның участогынан жөнелтiлiп отыр. Маған сапаржайдағы кезекшi милиция дұрыстап ештеме айта алмады. Ендi аудандық iшкi iстер органындағы құзiретi жететiн жiгiттердi қосып, қайда әкеткенiн бiлсек.


— Бiшкек деген де Алматыдан кем қала емес қой, онда да бәленбай РОВД бар. Қайсынан сұраймыз.


— Сапаржайдағы тiрек пунктiнде қырғыздардан келген милициялар жөнiнде бiр дерек бар да... «Бақаның тiлiн балық бiледi» дегендейiн, сендер сұратсаңдар олар келгендер кiмдер екенiн айтып бермей ме? Мысалы, маған Аламедин ауданынан дедi. Мүмкiн кезекшi менен тезiрек құтылуы үшiн айта салған шығар, сен нақты дерегiн алып бершi.


— Әй, әкеңнiң… — Креслосына шалқалай отырды. — Тыныш қана жүрмей… арттарына қарамай, құйрықтарына шала байлап жүредi. — Кейи сөйледi. Сөйттi де бiраз iштей үнсiз тынды. — Қазiр, мыналардың есебiн қабылдап бiткеннен кейiн бөлiмге баралық.


— Сағат, мiне, алтыдан асты, оғанға дейiн олар кетiп қалмай ма?


— Бастықтар онға дейiн отырады, оның үстiне қала бойынша рейд жүрiп жатыр. Жұмыс қарқыны күшейтiлген.


Жапардың бұл уәжге көнбеске амалы қайсы, басқадай шарасы жоқ. Арқа сүйейтiнi әзiрге тек — Ерсұлтан.


Жаңағы жасанды жiгерi бiрдемде уатылып, еңсесi езiле иiнi салбырады. Жан қалтасынан темекiсiн қарманып, шырпы тұтатты. Мүлгiген қалпы көк түтiндi құныға жұтты. Осы кезде әлгiндегi жiгiттер қайтып оралды. Бұл сосын дәл қазiр өзiнiң басы артық адам екенiн аңғарып:


— Мен дәлiзде күте тұрайын, — дедi де, орнынан көтерiле бердi.


*** *** ***


Бұлар Әуезов аудандық iшкi iстер бөлiмiне келгенде, қараңғылық әбден қоюланған, ел орынға отырған кез-тұғын. Машинаны сұғынтып, милиция ғимаратынан ары өтiп барып, жинақ кассасының қасына қойды да, Ерсұлтан екеуi керi жүрдi. Сөйтсе, бұл бiлмейтiн үлкен ғимараттан бөлек, барак тектес шұбатыла салынған бiр қабатты үй және бар екен. Ең бiрiншi соған бұрылды. Табалдырықтан-ақ, Ерсұлтанның таныстары ұшырасып қауқылдаса амандасып, төс түйiстiрiп жатты. Сол үйреншiктi хал сұрау, бiрiн-бiрi қағыту, әжуалау. Терiсiне сыймай, шытынаған шақта Жапарға мұның бәрi ауыр соқты. Бiрақ, тiсiн тiсiне қойып, шыдап бақты. Шыдамағанда қайда барады.


— Миша қайда? — дедi алғашқы ұшырасқандардан Ерсұлтан.


— Осында.


— Өзiнде ме?


— Өзiнде болған.


Ескерусiз үйдiң кiре берiсiнен басталып ұзыннан-ұзақ созылған дәлiзбен оңға бұрылып, қаптаған есiктердi кейiн тастап, аңыратып соның кабинетiне келдi. Еңгезердей-еңгезердей иығына пагон iлген үш жiгiт қонақтаған тауықтай тiзiле отыр екен. Оның iшiндегi бiреуi орнынан атып тұрып, Ерсұлтанды бас салды. Тағы да сол ұзақ хал, жай сұрау басталды. Төзiм сарқылып барып, жүйке түгесiлгенде Ерекең дiттеген сауалға жеттi-ау.


— Миша қайда?


— Ол осында. Қазiр ғана шақыртумен бастыққа шықты. Келедi. — Қысқа ғана жауап қайырды да, тағы да өзiнiң әңгiмесiне көштi. — Ой, Ереке, жолығыспағалы қанша жаз, қанша қыс өттi. Бiр мекемеде iстеп жүрiп осындай халге жетiп тұрмыз, басқа жаққа ауысып кетсек не болғаны?


— Айтпа.


— Бүгiн осы кездесуiмiздi атап өтейiк. Айтқандайын, әйелiм босанған. — Жағасы жайлауда, тоқмейiлсiп, есiлте шұбыртты.


— Жарайсың! Ұл ма, қыз ба?


— Ұл! — Екпiндей есiп, сөзiн нығарлай айтты.


— Ой, жарайсың!


— Уже, сегiз ай, еңбектеп жүр.


— Денi сау болса, бала жылдам өседi.


— Жүр, есiктiң алдына, темекi тартайық.


— Жүр. — Ерсұлтан солардың ыңғайына көнiп, ерiп бара жатты. Осы кезде Жапар жанұшырып:


— Ереке, қазiр Миша келiп қалады ғой, — дедi.


— Алаңдама, ол ана ғимаратқа кетiптi. Есiктiң аузында күтемiз…


Осыны естiгенде барып, Жапардың бебеулеген жаны сәл саябыр тапты. Сосын, өзi де темекi тартып алдануға мыналардың соңын ала сыртқа iлбiдi.


— Мишада тығыз шаруаң бар ма? — дедi әлгi бұған бейтаныс жiгiт Ерсұлтанға бұрылып.


— Иә.


Бесеуi үйiрiлiп, кiре берiсте темекi тұтатты.


— Қандай шаруа едi ол?


— Мынау iнiшектiң шаруасы, — деп, Ерсұлтан әлгiлерге мұны нұсқады. — Iнiм — Жапар.


Жiгiттер кезекпе-кезек қол алысты.


— Тағы бiр бауырымыз бар Сапар деген, соны бүгiн милициялар ұстап алып кетiптi.


— Үй, ол сөз бе? — Жаңағы есiрiп сөйлеп тұрған жiгiттiң аты Мақсат екен, сол тағы да бiрден Алакөл асығынан келмей, атырыла жөнелдi. — Кез-келген жерден алып шықпаймыз ба өзiмiз-ақ.


— Жоқ, оны сапаржайдан ұстаған бетте Қырғызстанға жөнелткен.


Осы кезде барып Мақсат тiзгiнiн тартты.


— Мына, өзiмiздiң сапаржайдан ба? — Оң қолын шошайтып, ту сыртына қарай сiлтедi.


— Иә.


— Не жасап қойыпты?


— Нақты бiлмеймiз, соны бiлу үшiн Мишаға жолықпақпын.


— Ә-ә, кiшкене қиында-ау екен, — ескен неме сәл бөгелдi, — бiрақ ештеме етпейдi. Шешiледi ғой.


Сөйтiп ол «айдай салдыдан аз өлдi, көре салдыдан көп өлдiлiк» ниетiн танытты. Жапардың зығырданы қайнай түстi. Әйткенмен, тiлiн тiстеп, тiс жармады.


— Ереке, — дедi тағы да Мақсат өзеуреп, — қазiр кафеге отырайық, ең құрмағанда кездескенiмiздi атап өтейiк.


— Ең бiрiншi мына шаруаны бiтiрiп алайықшы. Мишаға Бiшкекке телефон соқтырайық.


— Оғанға дейiн сапаржайға звондап, оны қай ауданына әкеткенiн анықтап қояйық та.


Бағанадан бергi Мақсаттың әңгiмесiнен осы сөзi ғана Жапардың жанына жақты.


— Ондағыларды бiлесiң бе сен?


— Бiлмегенде.


— Жүр онда.


Iшке қайта топырлай кiрдi. Бiрақ, ешқандай мандытып ол жерден жауап ала алмады. Әуелгiдегi Жапардың өзi бiлiп шыққаннан басқа қосымша басы артық мағлұмат жоқ. Қараптан-қарап жыны келдi, адамның тағдыры милициялар үшiн ойыншық сияқты көрiндi. Ең құрымағанда қарапайым ғана келгендердiң аты-жөнiн, қызметiн, лауазымын, жұмыс телефонын, мекен-жайын жазып алып қалуы тиiс қой. Әрi-берiден кейiн қуғыншының қолдарына ұстатып жiберген адамдары қанша құныкер болса да — Қазақстанның азаматы. Ал республика азаматын мемлекет мейлiнше қорғамайтын ба едi. Бiрақ, мынандай дүрегейлер ұйлыққаннан кейiн ондай ереженi қайдан бiлсiн. Қырғызстанды әлi, сол — бiрыңғай тәртiптiк жүйедегi одақтас республикалардың бiрi, ал, бүгiнгi күндi — баяғы кеңес өкiметiнiң заманы деп ойлайтын болса керек. Айыпкердi өз iшiмiзде бiр ауданнан бiр ауданға жөнелткендей, жайбарақат қаракетсiз отырғандарына қайран.


Бiрақ, мына жанындағылардың оны ойлап бас қатыратындай жайлары жоқ. Өз беттерiнше даурығып, өзеурей екiленедi. Тiптi, бұған бола жолдарынан қалып, жiпсiз байланып тұрғандай көрiндi. Ал, ана Мишасының да келе қоятын түрi жоқ. Келесi ғимаратқа жүгiрiп барып iздеу, және мыналардың бiрiнiң ойына кiрмейдi. «Балтыры сыздамастың қасында басың ауырмасын» деген осы.


Жанын қоярға жер таппай қарадай булығып барады. Әйткенмен амал қанша, қазiр өлiп кетсе де бұдан басқа қайласының жоқтығын бiлiп қана, шыдамына сабыр суын септi. Бiр уақтарда барып Миша дегенi бой көрсеттi. Майлы қасықша жылмаңдаған қасқа бас бiреу екен, қысқаша амандасқаннан соң кабинетiне асығыс ендi. Соңынан Ерсұлтан қоса кiрдi. Осы кезде ғана Жапардың «уһ-һ» деп тынысы ашылғандай болды. Бiр жақсы хабар шығып қала ма деп, дегбiрсiздене қабылдау бөлмесiнiң бұрышындағы орындыққа қонжия кеттi. Бағанадан берi тiкесiнен тiке тұрғандықтан ба, екi аяғы салдырап қалыпты.


Арғы жағынан күбiр-күбiр дауыстар естiлiп жатты. Құлағын қанша түргенiмен әңгiменiң нендей бағытқа өрбiгенiнен мағлұм ала алмады. Әйтеуiр, толассыз күбiрдiң жалғасқанын жанына медет тұтып, елiтiп отыра берiптi. Бiр кезде есiк тарс етiп ашылғанда есiн жиды. Ерсұлтан жайдары жүзбен табалдырықтан берi аттады. Бұл орнынан ұшып түрегелдi. Бiрақ, ол қапелiмде тырс етiп тiл қатпады, мүдiрiссiз iлгерi жылжыды. Амалсыз Жапар соңынан iлестi. Ұмтыла берiп, төңiректi көзiмен бiр шолып өттi. Сол уақта ғана өзiнiң ауызғы бөлмеде бағанадан берi жападан-жалғыз қалғанын екшедi. «Ендi ана Мақсаттар жолықпай-ақ қойса екен» деп тiледi. Бiрақ, ол тiлегiн құдай бермедi, шыға берiсте үйiрiлiп әлгiлер тосып тұр екен.


— Ереке, жұмыс бiттi ме? — дедi бұлардың төбесiн көре салысымен бiрi.


— Бiткен сияқты.


— Олай болса, Мақсат «қазiр келемiн, кетiп қалмасын, күтсiн» деп, бас ғимаратқа кiрiп кеттi. Күте тұрыңыз, — дедi әлгi.


— Рахмет айтып жүре берсек қайтедi, — дiңкесi құрыған Жапар мiңгiр еттi, — жағдайымызды бiлiп тұр ғой…


Бұлар сәл оқшаулау шықты.


— Ұят шығар, екеумiз қызметтi бiрге бастап ек, — Ерсұлтан Жапардың өңiне бажайлай қарады, — бағанадан берi қиыла шақырып жатыр, бiр бес-ақ минутқа кiрелiк.


— Ереке, ол содан кейiн ұзап кетедi ғой.


— Созылмайды, — мұның жанарына үңiлiп қарады, шамасы түр-әлпетi бұзылып, iреңi қашса керек, — әбiржiмешi, ертең сенiмен бiрге ере барамын, — дедi.


Жапар шынында да бiртүрлi бәдәуи жалғаннан тиянақ тапқандай, мына бiр ауыз сөзге әжептәуiр қуаттана марқайды.


— Миша не тындырды?


— Ештеме. Жаңағы қалай едi, Аламединский ме едi, сол РОВД-да ешкiм болмай шықты, сөйлесе алмадық.


Бекерден-бекер уақытын жоғалтып, күш-қуатын сарп етiп сенделген шарасыздығына күйiнiп кеттi. Амалсыз жерге қарады.


— Ендi, ешкiм телефонды көтермесе, кiммен сөйлеспек? Ренжiмешi.


— Ренжiп тұрған жоқпын.


Осы кезде «Ереке, мен сендердi кетiп қалды ма деп қорқып келе жатыр едiм» деген Мақсаттың барылдақ дауысы көрден шыққандай жиiркенiштi естiлдi. Жапар ерiксiз тыжырынды. Қолын бiр сiлтеп жөнеп берейiн деп бiр тұрды да, «ертең танымайтын жерде милициялар бiр-бiрiн менен гөрi тезiрек ұғысар» деп ойлады. Осы ойы ғана iштей қайнаған ашуын тежеп, салмақ түскен жүйкесiне күш бердi.


— Жүрiңдер, алысқа емес, мына сапаржайға-ақ барып отыра саламыз. — Мақсат жанды алқымнан алып, тақымдап қояр емес. Ерсұлтан тағы да Жапарға қарады. Қабырғасы сөгiлген ол:


— Ереке, бiр он бес минут отырайық та, одан арыға бөгелмейiк, — дедi жалбарына.


— Иә, мықтаса он бес-жиырма минут.


Салы суға кете тұрып, келiстi.


Бәрi жапа-тармағай машинаға қарай беттедi.


Сапаржайдың Мате Залка жақ бүйiрiндегi екiншi қабаттағы кафеге тоғыса ендi. Ондағы даяшылар Мақсатты жақсы танитын болса керек, бәрi жылы жүздерiмен, жайдары амандасып қарсы алды.


— Жiгiттер, екi столды бiр-бiрiне қосып жiберiңдер! — дедi Мақсат жанындағыларға пәрмен берiп, өз үйiне келгендей мұндағыларды билеп-төстеп барады.


Әп-сәтте милициялар көк қарғадай ұйлығыса жайғасты. Сапырылысқан не бiр әңгiмелер басталып кеттi, құлаққа сүйкiмсiз қарқ-қарқ күлкiлер жалғасты. Бiрiнен-бiрi айнымайтын тостар толастар емес. Уәделi он бес минут әлдеқашан табанын жалтыратты. Ерсұлтан да бiраз бурылдана масайды. Ендi Жапардың Ерсұлтанға деген өкпесi қара қазандай қабындады. Қамсыз, алаңсыз қалпы бәтуасыз әңгiмеге қызу араласуда. Бұл одан ары шыдай алар емес.


— Ереке, жүрейiк.


Ол бұған қызара бөрткен күйi жақамай қадалды.


— Братишка, кiшкене шыдай тұршы, қазiр шығамыз. — Үнi де өктем естiлдi. — Жүргенде бүгiн қайда барасың? Ертең ерте таң құланиектене аттанармыз, тоғызда сонда боламыз. Содан соң шаруаға кiрiсемiз.


Қызып алғанмен дауласып береке таппасын ұғынғандықтан, дымы құрыды. Әйтпесе, Ерекеңнiң iшкен күннiң ертеңiнде басын зорға көтеретiнiнен хабардар-тын. «Таңертең тұрмай ит әуремдi шығарады-ау» деп үрейлендi. Оның сыры мәлiм боса да, соның ыңғайына көнiп, айтқанына жүргеннен басқа ештеме қалмады. Жаны ашиды деп, пана тұтып келген адамының түрi... Ерсұлтанның бұл әдетiн бiлетiн Бибiнiң “Әуре қайнаға” деп ат қойып жүргенiнiң себебi де осында.


Мына даурыққан жұрт өзiнше бiр әлем болды да, солардың ортасында отырып-ақ Жапар жападан-жалғыз қалды. Өңешiнен бiр түйiр ас өтер емес, ендi өз түтiнiне асыға бастады. Сағат боса он бiрге таянды. Үй-iшi мұның осынша жоғалған себебiнен беймағлұм, ендiгi алаңдай әбiржiгендерi анық. Ал бұның жаны қапасқа қамалып азаптанып, екiншiден, дiңкесi құри жiпсiз байланғаны мынау. Осыншама құдайдың келекеге салатындай не жөнi бар едi? Тәлкекке түсiрiп, тамашалағанда не ұтады? Миы жетпедi. Әр қиырдан бой көтерген неше түрлi сауалдың соңынан дедектеп, сабылды кеп сабылды. Бiрақ, тiрлiгiнiң өзi дәйексiз боп тұрғанда, оған ешқандай жауап таба алмайтынын ұғынды. Бар бiлетiнi — ертең тағы да көрiнгенге жалынып, ақша сұрайтыны. Жай-жапсарды айтудың өзi ұят. Бiр емес, екi емес — үнемi бiрiнен-бiрi аумайтын уақиғаны тiзбектейдi. Әрi-берiден кейiн олар мұны осының бәрiн ойдан шығаратын өтiрiкшiге де саюы мүмкiн. Ендi ешкiмге жүзi дауаламайды, бетiнен басып бара алар емес, бiрақ қалай да Сапарды алып шығуы тиiс.


Бiреу иығынан нұқи түрттi.


— Жәке, — Ерсұлтан екен, — бiр ауыз тiлегiңдi айтып жiбер, Мәкең саған сөз бердi.


Сол кезде барып қалың ойға шомып, әбден малтығанын бiлдi.


— Рахмет, жiгiттер. Бүгiн өздерiңмен танысып отырмыз, осы таныстығымыз достыққа ұлассын. Алып қойыңыздар.


Тағы да стақандар соғыстырылып, тағы да өзеуреген қызу әңгiме қайта арнасын тапты. Тағы да бұл оқшауланып, мыналармен тұзы жараспады. Сол кезде барып төңiрегiне назар аударды, кафеде бөтен өзге ешкiм жоқ. Өрекпiген топтың қарқыны оңаша екендiктерiн бiлгендiктен бе, үдей өршидi. Әбден жiнiгiп алған, бiрiне-бiрi сөз бермей, даурығады. Беймезгiл тұста әулiккен өңге ел боса мекеме қожайыны әлдеқашан «бiз жұмыс iстейтiн мезгiл аяқталды, босатыңыздар» дер едi. Бұлар шетiрейген қызыл жағалы милициялар: шарасыздан құрдай жорғалап, қызмет етiп жүр. Тiптi, басқа көлденең көздi кiргiзбей есiктi iштен құлыптап қойыпты. Осылай оқалы шекпенділер келгенде тас бекiнiп алу қашанғы әдеттерi сияқты.


Отыра-отыра саржамбасқа айналған бөкселерiн шегеленiп қалғандай орындықтан әзер көтерiп, толқында шайқалған кемедей теңселе басып сыртқа беттедi. Мына миына ине жүгiрткендей тауқыметтен құтылғанына Жапар құдайына мың мәрте шүкiрәна айтты. Бiрақ, ертерек қуанып қойған екен, тысқа шыққаннан кейiн де буы бұрқырай ұзақ қоштасып, бiр-бiрiн қия алмай тұрып алды… Уақыт болса зымырап бара жатыр едi.


III


Өлi қонаға үйге келгенiнде Бибiнiң өңiн үрейдiң iзi жайлапты. Бiрдеме сұрауға дәтi бармайтындай жанарлары жәутең қағады. Шамасы ерiнiң бет-пiшiнiн көрiп, тосылып қалса керек.


Жапар аяғын зорға шешiп, курткасын немқұрайлы iле салды да залға өтiп креслоға гүрс етiп құлады. Соңынан әйелi ере кiрдi. Бiрақ оған күйеуi ләм деп тiл қатпады. Тауы шағылып, еңсесiн жаза алмай мең-зең күй кештi.


— Бiр әйел телефон соқты. — Бибi осы сөздi айтты да әрмен қарай жалғастыруға дәтi жетпегендей мүдiрдi. Жапар болса әшейiнде «не қылған әйел» деп табанда сұрайтын едi, қазiр оған ешқандай құлқы жоқ. Бауырының ақымақтығына назалануда, сондықтан әлдекiмдердiң телефон шалғаны елең еткiзе алмады.


— «Сапарды қамап қойды» дейдi.


Сол-ақ екен Жапар оқыс басын көтерiп:


— Қайдан звондап тұр?! — дедi жұлып алғандай. Осы кезде ғана хабарласқан адамның тегiн еместiгiн топшылады.


— Бiшкектен.


— Бiш-кек-те-ен? — Орнынан түрегелiп кеттi. Бар үйелменiмен қарсысына кеп тұрған келiншегiне төнiп, мұп-мұздай кескiнiмен шүңiрейе қадалды. Бет-пiшiнiнен есi адасқан адамның кейпi бiлiнедi.


— Иә, не айтты?


— Қырғызша сөйлейдi, сөзiнiң көбiсiн түсiнбедiм. Әйтеуiр, қамап қойды дегендi ұқтым.


— Қайда жатқанын айтқан жоқ па?


— Айтты. Жазып алдым.


— Өзiнiң кiм екенiн ше?


— Аты-жөнiн айтты, есiмi — Сара. Бiрақ мекен-жайын, телефонын мәлімдеуден қашқақтады. «Қазiр ақылдасамын, дұрыс деп тапсақ беремiз» дедi.


— Қайыра хабарласпады ма?


— Жоқ.


Мұны естiген жiгiттiң басы бiрден көкiрегiне құлады. Сосын ақырын салбырап барып, орнына қайта отырды. Бекер Ерсұлтанға итше ерiп сабылып жүргенше үйге келсешi, беймағлұм адамның өзiмен сөйлесiп, ептеген болса да бiр мағлұмат алып қалатын едi. Ендi ол қайтадан телефон шала ма, шалмай ма, бiр құдайға мәлiм. Әй, жазған-ай… «жақсыдан — шарапат…» деушi едi. Ал ол мұны сынайын дегендей от пен жаудың ортасында тұрғанда уақытын шығындап, жiпсiз байлағаны. Әдейi жанына батыра түскiсi келгендей омалып, қысыр сөзбен суарып тапжылмай қоймады ма? Ендi, мiне, қара басып тiкелей қатысы бар адамның өзi үйiне телефон шалғанда сөйлесе алмағанын қара. «Ертең соны алмай-ақ қойсам ба» деп те бiр ойлады.


— Мен сол Сапардың шаруасымен жүрдiм.


Бұл кезде Бибi қатарындағы креслоға жайғасқан едi. Солай қарай сәл мойнын бұрып қойды.


— Сен қайдан естiдiң?


— Жазира звондады.


Жапар қысқаша ғана бүгiнгi оқиғаны баян еттi. Содан кейiн де бiраз үнсiздiк орнады. Бiр кезде Бибi ақырын жылыстай бердi. Шамалы уақыттан соң:


— Жүр, шайыңды iш, — дедi.


Құрғап кеткен таңдайын жiбiткен сыңайланды. Әйткенмен ертеңгi жолдың азабы көз алдына елестеп, көлбең қақты. Дел-сал қалпы жатын бөлмеге беттеген. Сол кезде бар болғыр телефон шарылдап қоя бергенi. Жапар арбаңдай жүгiрiп, солай ұмтылды.


— Алло! — деген шарқая дауысты әйелдiң ащы үнi аңсап күткен арманындай бойын бiрден сергiтiп жiбердi.


— Тыңдап тұрмын.


— Бұл, Жапардың үйi ме?


— Дәл солай. Мен — Жапармын. Сiз — Сарасыз ба?


— Иә. Оқиғадан құлағдар боп жатқан шығарсыз. — Өктемдiкпен тiл қататындығы аңғарылып-ақ тұр.


— Иә… — Мұның үнi көмескiлеу шықты.


— Сiздiң бауырыңыз 2600 доллар ақшамды осыдан екi күн бұрын алдап соғып, ұрлап әкеттi. Құдай қолдағанда, барғанымызға қарай текке сандалысқа түспей оны осында ұстап әкелдiк. Ендi, алғандарыңды қайтарып берсеңдер, іс тәмам, бауырыңыз азат.


Мына кiрiптарлыққа итермелеген сөздiң батпан салмағы бiрден жан-жүрегiн езгiледi. Табан астында ақшаны қайдан тапсын. Бiрақ, iнiсi үшiн жәбiрленушiнiң алдында құлдық ұруға әзiр. Әйткенмен, iстiң қалай насырға шапқанын бiлуге асықты.


— Мен түктi де түсiнген жоқпын, жаманаттың жеткенi рас, асықпай баяндап берiңiзшi.


— Оған өзiңiз бiлесiз, қалааралық байланысқа ақша көп кетпей ме? Әрi бұл телефонмен түсiнiсетiн әңгiме емес.


— Олай болса нөмiрiңiздi айтыңыз, мен қайта звондайын.


— Жоқ… — Әйел бiр түрлi күмiлжiдi. Iзiнше, — қазiр тұра тұрыңыз, — дедi. — Бұл оның әлдекiммен кеңеспек ниетiн ұқты. Бiр мезет байланыс үзiлiп барып, қайтадан келiншектiң «алло» деген үнi естiлдi.


— Жоқ, олай болмайды.


— Ендеше, ептеп боса да оның не қылмыс жасағанын айтып берсеңiз.


— Жаңа айтпадым ба? Менi қорқытты, ақшамды ұрлады. — Үнiндегi өктемдiк қайтадан бел алып бара жатты. — Зорлайын дедi.


Жiгiттiң миына қан құйылып кеттi. Ып-ыстық әбiлет шекесiн ду еткiздi.


— Қайта соңғы әрекетiн iнiңiздi аяғандықтан жазған арызымда көрсетпей отырмын, ертең кешiксеңiз, мойнына осыны да iлемiн.


Жапар мына қызылкөз бәленiң алдында әбден айықпас тұманға қалғандарын бiлдi. Аңдаусызда күрсiнгенiн де байқамады.


— Жарайды ендi, ондай қызбалыққа салынбаңыз. Ақымақтан бiр ақымақтық iс кеткен шығар. — Мейлiнше сабырлы көрiнуге, үнiн салмақты шығаруға тырысты. Әйткенмен, оның бұл пиғылы қаншалықты деңгейде iске асып жатқаны белгiсiз. — Мен естiгенде-ақ соңдарыңыздан түре қууға бар едiм, бiрақ, қайда баратынымды бiлмедiм. Мына, өзiңiздiң хабарласқаныңыз жақсы болды, ең құрымағанда iстiң дерегiн алдым. Ендi сiздi қайдан табамын? Әлгiнде мен жоқта сөйлескенiңiзде телефонымды беремiн депсiз, берiңiз. Таңертең алла қаласа, Бiшкекте боламын.


Әйел айтары таусылғандай үндемей қалды.


— Алло, сiз тыңдап тұрсыз ба?


— Иә.


— Қай жерде жолығамыз?


— Қазiр айтамын.


Арғы бетте әлдекiммен күбiр-күбiр сөйлескенi мембранадан көмескiленiп естiлдi. Шамасы онысы ер адамға ұқсайды.


Жапардың дегбiрi қашып барады. Жаны қыстыққаннан маңдайы жiпсiдi. Мыналардың созбақтаға салып, ұшқасатын тұсты айқындай алмай жатқанына жыны келдi. «Кез-келген маңды белгiлемей ме» дедi iшiнен. Сол кезде әйелдiң жарықшақ үнi қайта естiлдi.


— Манас көшесiнiң бойында, Фрунземен қиылысқан тұсында кездесемiз.


— Манасты қалай табамыз?


— Алматыдан кiрген көшенiң аяғы Манасқа айналады. Орталық базардан өткеннен кейiн үш кварталдан соң — Фрунзе. Сонда тоқтаңдар. Машиналарыңның нөмiрiн айтыңдар, сендерге бiз өзiмiз келемiз.


— Жарайды, күнi бұрын жол кеспелiк, құдай бұйыртса сағат тоғыз-онда сонда боламын.


— Нақты бiр уақытты айт.


— Онда.


— Келiстiк.


IV


Түнiмен Жапар ұйықтай алмай шықты. Тағы да нендей бәлеге ұшырағанын ойша елестетсе, жаны жаһанамға кетедi. Ендi кiмнiң барып табанын жалайтынын бiлмедi. 2600 доллармен оңай-оспақ құтыла салмайтынын және ұғынды. Өзi сiңiрiне iлiнiп әзер жүргенiнде мына қыжалатқа апарып ұрындырған Сапарға қаны қайнады. Ас та төк бар болып тұрып құтырса бiр сәрi, түгi жоқ, ыңыршағы айналғанына қарамай дандайситынына еш зиыны жетпедi. Бала дейiн десе бала емес, ақыл тоқтатып, ата сақалы аузын қапқан жаста. Соған қарамай осындай иттiктен тайынбайды. Ең құрымағанда әбден өмiрден таяқ жеп, сiлiкпесi шыққан шешелерiн неге аямайды? Байқұстың бұларды тапқаннан басқа жазығы жоқ қой. Тiрлiгiнiң соңында ендiгi қалғаны осылардың азасын тұтып, татасын тартуы ма? Елдiң шешелерi сияқты байлыққа мелдегiнен батпаса да, қарапайым жұрт қатарлы неге оның уайымсыз-қайғысыз жүруге құқы жоқ? Әлдебiр уақта қайта, «ұл-ай» деп барша жақсы үмiтiн бұларға артқан әкесiнiң ертерек өлiп қалғанына қуанды. Әйтпесе, өренiнiң осындай сұмырай жүрiсiн көрiп, жарықтық, жер болып, бiр емес бiрнеше мәрте өлер едi.


Ұзақ уақыт сұлқ жатып небiр ойларды шиырлады. Ертеңгi айыптаушы жақтың құныкер бұларға қояр шарттарын ойша тұспалдады. Жәбiрленушiнiң көңiлiн тапқанымен, құқық қорғаушы органдағылардың көңiлiн табу әлдеқайда қиынға соғатынын және бiр көкейiне түйiп парықтады. Осы тұста Ерсұлтанның көмегiне арқа сүйегiсi келдi. «Қарға қарғаның көзiн шұқымайды» деген мәтел қырғыздарда да бар шығар деп топшылды. Егер бар болса, Ерсұлтанның ұсынған бiтiмiне олар да тоқтауы тиiс. Өйткенi, Алматы мен Бiшкек тиiп тұр, қырғыздардың да азаматтары бұлардың қармағына iлiнуi әбден ықтимал. Қалай болғанда да маңдайына алақандай жез жапсырғандар бiр-бiрiнiң иығындағы жұлдыздарын сыйлауға тиiс.


Осылай ойының соңы иманды иiрiмдерге қарай тарта бередi. Соның өзi тапталғанда адамға демеу екен.


Жапар бас жағындағы орындықтың үстiне қойған сағатын алып, терезеден түскен болар-болмас бозамық сәулеге тосты. Төрттен кетiп барады. Апыл-ғұпыл орнынан атып түрегелдi. Бiр түрлi денесiн қорғасындай ауыр сезiндi. Бет-аузының тырысып тұрғанын аңғарды. Сосын түнiмен ұйқылы-ояудың ортасында жатқанын есiне алды. Адам көңiлiне қыпыл енiп, беймарал көсiлмегендiктен осындай рабайсыздыққа ұшырайтыны белгiлi едi.


— Тым ерте кетiп бара жатқан жоқсың ба?


Қырынан жатқан қалпы Бибi үн қатты.


— Ерте емес. Қазiр барып Ерсұлтанды оятқанша, бiр бие сауым уақыт керек шығар.


Жейдесiнiң өңiрiн қадаған күйi, терiс қараған қалпы жауап қайырды. Мұның сөзiнен кейiн Бибiнiң де жылы төсектен түрегелгенiн ту сыртымен сезiндi. Ол иығына халатын iлдi де, бұдан бұрын жатын бөлмеден ас үйге қарай жылжыды.


Кеше өзiнiң тұспалдағаны дәл келiп, көресiнi Ерсұлтаннан көрдi. Есiгiнiң аузында қоңырау соғып бiраз байланды. Бәрi өлiп қалғандай қапелiмде тырс ете қоймады. Бiр кезде әрең дегенде қатыны “кiм бұл” деп сыңси тiл қатты.


— Мен ғой… Жапармын.


— Түн iшiнде неғып жүрсiң?


Күңкiлдеген қалпы жау алатындай темiр есiктегi қатарынан салынған үш құлыптың құлағын, бiрiнен кейiн бiрiн сыртылдата бұрады. Дуда-дуда әйелдiң төбесiн көргенде жiгiт:


— Қалдарың қалай? — дедi.


— Жақсы.


— Ерекең үйде ме?


— Қайда болушы едi? — Ұйқылы көзiн жыртитып, бұған аңтарыла қарады.


— Оянған жоқ па?


— Жетi түннiң iшiнде қайда бармақшы оянып? — Жапардың сауалы оған жынды адамның сөзiндей көрiндi ме, дауысы қатқылдау шықты.


— Шаруа бар. — Жiгiт сөйлеген қалпы курткасын шешiп, кiре берiстегi киiмiлгiшке iлдi.


— Не шаруа?


— Бiшкекке барамыз.


— Жұмысын қайтедi?! — Шолпанның жаны ышқына тiл қатты.


— Кеше ескерткен шығар.


— Ол ондай жұмыстан сұранғаны жөнiнде ештеме айтқан жоқ.


— Оятайық.


— Оянса… — Күмiлжiп барып сөзiн жалғады. — Кеше «жақсы» боп келдi ғой.


— Оянар, «тұрмасам, үстiме су құй» деген.


Әйел жатын бөлмеге кiрiп кеттi, соңынан iлесе баруға Жапар имендi. Дегенмен оның «тұр-тұрлап» күйеуiн мазалай бастағанын аңғарды. Тұтқиылдан түйiлген бұл қылығын жақамай ерi шамданып бiрдеме дейтiндей. Бiр кезде Шолпан халаты сөлеңдеп қайта шықты.


— Ананың тұратын шамасы жоқ.


— Мен барып оятып көрейiн.


— Кiм барып оятса да, мұндайда тұра қоймайтын едi.


Жапардың жүрегi зырқ ете қалды. Сонда да екiұдай күйде iлгерi озды.


Бөлмеде сәулесi болымсыз кешкiлiк шам көмескi сығыраяды. Абажадай төсекте қалалық милиция бөлiмi бастығының орынбасары оң жақ қырынан бүрiсе жатыр. Көрпесiн тарс бүркенiптi. Бөлменiң тымырсықтығы мен арақтың ашқылтым иiсi араласып, мұрынға жағымсыздау тиедi.


— Ереке! — Басына бүркенген көрпесiн сәл төмен ысырып, ақырын иығынан қозғап көрдi — мiз бағатын емес. — Ереке, Жапармын ғой, тұр! — Болмашы қозғалды. — Әй, Ереке, жол жүруiмiз керек.


— Не? Қазiр тұра тұршы. — Сөзiн үзiп-жұлып, ұйықтап жатып түсiнде үрген иттей мыңқ-мыңқ еттi. Сөйттi де көрпесiн қымтанып ала қойды. Жапардың дiңкесi құрыды. Сосын, қайтадан оның көрпесiн күштегендей ашты.


— Ереке, уақыт кетiп барады, сағат тоғызда Бiшкекте, кездесетiн жерде болуымыз керек.


— Бiш-ке-ек?.. — Осы кезде ғана оның саңылауына бiрдеме барғандай көрiндi. Сол жатқан қалпы өзi жаратылғаннан кiшкене көздерiн сығырайта ашып, бұған назарын тоқтата қарады. Қапелiмде кiм екенiн жыға танымай әрi кешегi күңгiрттеу iсiн есiне түсiре алмай басы қататындай.


— Кеше айттым ғой Сапардың жайын, милициялар ұстап Бiшкекке алып кетiптi деп.


— А-а, Жапар, сен екенсiң ғой. Қазiр бес минут жата тұрайыншы, содан кейiн түрегелемiн.


— Өй, бес минутқа ұйқың қанбайды ғой.


— Кiшкене ұйқымды ашайын.


— Ұйқың ашылмайды, қайта сен қалың ұйқыға кiре түсесiң.


Сонша кергiгенiне зығырданы қайнаса да, лажы таусылғандықтан ас бөлмеге беттедi. Соңынан Ерсұлтан:


— Жоқ, қазiр тұрамын, — деп мiңгiрледi.


Қайта Шолпанға iшi жылып қалды. Таңға жуық уақыт болса да дастарханын әзiрлеп, шайдың қамымен жүр.


— Тұрды ма?


— Тұрайын деп ыңғайлануда...


— Онда құдай бiрдеме берейiн деген екен. Арақ iшкен күнi түннiң бiр уағы тұрмақ, әдеттегi мерзiмiнен асқанда барып зорға басын көтеретiн едi. — Мақсатсыз бiр күлiп қойды.


Дегбiрi құрып, арада екi-үш минут өткеннен кейiн қайта жатын бөлмеге келсе, Ерсұлтан одан сайын жайланып, ұйқыға алаңсыз бас қойыпты. Соншама ит құрлы көрмегенiне ашуы қозып, қаны миына шапшыды.


— Ереке, жаңа тұрамын дегенiң қайда?! — Лықсып кеп кептелген ашуын тежей алмады, көрпесiн кеудесiне дейiн ысырып тастады. Дауысы да қатқыл шықты. — Бармасаң, «бармаймын» деп айтпайсың ба, адамды жынды қылмай.


— Барамын ғой…


— Ендi тұрмайсың ба! Менiң жаным күйзелiп, құмша уатылуда. «Бiреудiң жоғын бiреу әндетiп жүрiп iздейдiнiң» кебi ғой сенiкi. Жолымнан қалдырып… — Шамырқанған ашуын басамай екпiндете сөйледi. — Бармасаң, ешкiм сенiң тоныңды сыпырып алмайды. Адам деп келдiм ғой саған.


— Осы, өз жөнiңмен өлейiн десең де, алқымнан сығып, жанды алып өлтiрмейсiңдер. — Көзiн ашпаған қалпы мiңгiрледi.


— Уәде бермеу керек едi.


V


Бiшкекке көздеген межеден ерте жеттi. Бұрын бiрдi-екiлi келгенi болмаса қала бұған мүлдем бейтаныс-тұғын. Әйтеуiр жолшыбай сұрастыра жүрiп, уағдалы жерге де iлiктi. «Тiл — Киевке де апарады» деген осы. Бiрақ, әлi де бiр сағаттай уақыттың барлығын бiлген Ерсұлтан жаңа бiр ұсыныс айтты.


— Осында менiң жолдасым тұрады. Дөкей бастық, РОВД-да iстейдi. Кез-келген уақытта, кез-келген мәселемен келе бер деген едi. Алматыда аузы-мұрнынан шығарып сыйлап жiбергенбiз. Соған барып көрелiк, мүмкiн септiгi тиiп қалар.


— Текке сандалмаймыз ба?


Ерсұлтанға бiртүрлi күмәнмен қарады.


— Жоқ, ол болса бiр кәдеге жаратамыз ғой. Бекер қаңтарылып сарылғаннан, жүрелiк! «Жүргенге жөргем iлiнедi» деген, бiр жақсылық жолығар.


Жолдасы езулеп, өзiнiң дегенiне сап өзеуредi. Таңертеңгi қызарған көзiнiң қанталағаны басылғанымен, аясының болмашы мөлтiлдей жасаурағаны сол қалпы.


— Жарайды, баралық делiк. Кешiгiп қалмаймыз ба?


— Кешiкпеймiз.


— Адресiн бiлесiң бе?


— Бiлемiн.


Моторды гүр еткiзiп оталдырып, бейтаныс көшелермен құйғыта ызғытты.


Көрiнгеннен сұрастырып жүрiп, әлгi белгiсiз «шоң» қырғыздың үйiн зорға тапты-ау. Жапар да әлденәрседен үмiттенiп, өзiн қунақ сезiндi. Ерсұлтан iшке кiрiп кеткенде бiр құшақ жақсы хабар әкелетiндей дегбiрсiзденiп отырды. Әлдебiр уақыттан соң оның қалтарыстан солбырайған ұсқыны байқалғанда, құр сандалыс болғанын топшылап үлгердi. Ол есiктi ашып жанына жайғасқанында:


— Не болды? — деп сұрады.


— Үй, әкеңнiң… үйiнде жоқ. Iссапарда дейдi.


Одан ары ештеме естiгiсi келмедi. Газды басып қалды, машина атырыла жөнелдi.


Тура бастапқы беттерiн тауға берген қалпы кеп тоқтады. Бiрақ сыртқа шықпады. Екi жанындағы, салондағы айналар арқылы түгел төңiректi шолуылдайды. Дегенмен «осы-ау» деп, айдар тағатын бiрде-бiр пенденiң ұсқыны көрiне қоймады. Әрi бұлар тоқтаған маң адам аяғы сирек жүретiн, көпшiлiктен оқшау тұс екен. Машиналар ары-берi дамылсыз жүйткуде, дегенмен салыстырмалы түрде олардың қарасы да сирек.


Уәде байласқан уақыттан он бес минуттай асты, әлгiлердiң төбесi әлi көрiнер емес.


— Олар бiздi әлдеқашан байқады. — Үнсiздiктi бұзып, Ерсұлтан әңгiме бастады. — Әдейi жанымызға бiрден салып-ұрып жетiп келмей, сырттан бақылап тұр.


— Оның не қажетi бар?


— Кiм бiледi, өздерiнiң ойлағандары бар да.


Жан қалтасынан темекiсiн алып тұтатты, Жапар да бiр бұрамын ернiне қыстырды.


— Сөйлескенде қызбалыққа салынбайық, бұлардың тiлi майда халық қой. «Тiлi — майда, дiнi — қатты» деп аталарымыз бекер айтпаған, — деп Ерсұлтан бiр ырқылдап күлiп алды.


— РОВД-ға барғанда милициялардың жөнiн өзiң табасың.


— Ендi, сөйлесiп көремiз, ең бастысы мына әйелдiң кешiрiм бергенi туралы арызын жаздыртып алуымыз керек. Қандай адам екен өзi, осындайдан ақша табатын алаяқ болуы да мүмкiн.


— Иә, олар алса да 2600-iн алмаған шығар.


— Қайта оған рахмет айт, айыпкер қолына түскеннен кейiн қанша соманы көрсетемiн десе де ырық сонда едi. Дегенмен бұл әйелдiң адамшылығы бар ма деп ойлаймын, әйтпесе, 10 мың доллар десе қайтер едiң? Артыңнан пысып бересiң.


Жапар мына жүйелi уәжге табанда жауап қайтара алмады. Бiраз ойланды.


— Қазақ «өтiрiктiң өзiне емес, қисынына сен» деген. Ол бiр алпауыт бизнесмен емес қатардағы бiреу болса, ондай ақша бұған қайдан келедi деп ойлайтын жұмыр басты пенде табылмай ма? Табылады. Сондықтан қалжасына қарай, бойына шақ, ақылға қонар ақшаны көрсетiп тұр ғой. Бүгiнде ақымақты қолыңа күндiз шырақ алып iздесең де кездестiрмессiң.


— Ол дұрыс. — Ерсұлтан темекiсiн құныға сорды да, тұқылын терезеден лақтырып жiбердi. Iзiнше шырт еткiзiп түкiрiп тастады. — Бiрақ, кейбiр жетесiздер мұндай ұрымтал тұста көптеп қарбытып қалғысы келетiнi рас, сондай ынсапсыздан алшақтау ма деймiн. Ал, шын жоғалтқан ақшасының үстiне мың доллардай қосса, оның ешқандай сөкеттiгi жоқ, тартқан азабы бар емес пе?


— Ереке, бiз сияқты сорлыларға осының өзi — үш-төрт жылдық табан ет пен маңдай тер. Бұнымен құтыла қойсақ бiр сәрi, әлi сомасы айтылмаған құқық қорғау орындарындағыларға беретiн ақша тағы бар ғой. Ол мұның межесiнен асып түспесе, кем соқпайды.


— Бересiң, ендi қайтесiң. Көпшiлiк жұрт қолында қаржысы болып тұрып, бере алмай күйiп кетедi. Себебi, басын қатерге тiгiп, тиын-тебендi ала қоятын адам да әбден төңiрегiне сенгенде барып алады. Ең бiрiншi iстiң, сондай жан-жағындағыларға сенетiн бiреудiң қолына түскенiн қалайық.


— Мыналар кешiктi ғой.


— Күнiң түсiп тұрған соң, шыдайсың.


Машина панелiндегi сағаттың тiлi он жарымды көрсетiп үлгерiптi. Бағанадан берi үш-төрт адам ары-берi өткенi болмаса, секемал туғызатын ешкiмнiң қылпы бiлiнер емес.


Бiр кез араларында өлi тыныштық орнады. Ерсұлтан күрсiнiп қойды. Түндегi iшiстен миы былығып отырғанын Жапар iштей ұғынды. Бiрақ, сырқырай сынып бебеулеткен басын жазып жiберуге еш ретi жоқ. Қазiр органдағы өзiнiң ордаңбайларымен сөйлесе қалса, аузынан жынды су бұрқырап тұрғаны еш ақылға қонбайды. Танымас жат жұрттың алдында қызыл тiлге құшырын төгiп сөйлеген сөзiнiң текке рәсуасы шықпай ма. Сондықтан жанына мына азап қанша батса да шыдайды ендi. Әйткенмен, пәтшағардың арақ сiңдi күйiк иiсi мүңкiп тұр едi. Қыркүйектегi сасайдай сасық.


Оның бүйтiп тiрiдей қиналып, шөжiгенiн көру — жаны онсыз да шырқырап бара жатқан Жапарға қосымша соққы боп дарыды. Тәңiрдiң сонша өзiн келемежге айналдырғанына қайран. Ешкiмге қылаудай бiр зияндығы тимеген едi ғой. Ешкiмнiң бетiне жел боп қарсы кеп, қотырына қонбап едi… Өмiр бақи қой соңында жүрген әке-шешесiнiң де бiреуге тiзесi батты дейiн десе, ол мүлде ақылға сыйымсыз. Олардың өзi өмiрге текке келiп, барша ғұмырларын қоңыз терумен зая өткiздi. Жан-пенденiң жүзiне тура қасқиып сөйлеген адамдар емес. Соған қарамастан солардың етектерiнен өрбiген бұлар да шыршуы мол ит тiрлiктiң қақ-соғын ғана көруi тиiс. Неге олай? Бiр кездегi әркiмге азуын батырған дөкейлердiң балалары сол жүрiстерiнен жаңылған жоқ: iшкендерi — алдында, iшпегендерi — артында. «Жая жегеннiң баласы — жая жеп, шылқып жүр; қоңыз тергеннiң баласы — қоңыз терiп, қыртып жүр» деген мәтел есiне ерiксiз оралды. Оның қылаусыз айтылған шынайылығын қапысыз мойындады.


Кенет шешесiнiң сүрепетi қашқан кеспiрi көз алдына елестедi.


Мына малағамды естiсе тағы да қан жұтып, шарасыздан шайқалып кететiнi мәлiм. Дәмiл-дәмiл күрсiнiп, онысыз да күнге тотыққан өңi өрт сөндiргендей күлгiн тартатыны анық. Бiтiктеу бiткен жанарлары мұңға меймiлдеп, аясын жас шарбысы торлары қақ. Ондайда қаймыжық ерiндерi өз-өзiнен жыбырлап, беймағлұм бiреулермен жападан-жалғыз қалып сөйлесерi де бар. Мұның бәрi, әлбетте, ендiгi халiнiң мүшкiлдiгiнен туындайтын лажсыздық белгiлерi. Байқұстың, шылауышы шүйдесiне қарай сырғып, ағарған самай шаштары сонадайдан қасiретiн әйгiлеп, қобырап шығып кетер едi. Жүрегi қансырап, тiрiдей өлмешiнiң күнiн кешерi айқын. Содан бiр кездерде, жыны буған бақсыдай лаға жөнелер. Ондағысы, тым болмаса ақылынан алжастырған iстiң нендей бәлекет екенiн бiлу. Сол үшiн аудан орталығына тартады. Ауданнан Алматыға телефон шалады. Себебi, бiр кезде атағы аспандаған ауылда сым тетiгiнiң iстен шыққаны қашан. Мүскiн бәтiрiң ендi тағдырдың ащы зауалынан жел қуған түйеқарындай немесе ошағандай, иә, ошағандай дедек қағар.


Анасының мұң кiреукесi жайлаған қоңыр көздерi елестедi.


Осы кезде селк еткiзiп ұйқысынан оятқандай алдарына алтыншы маркалы көк «Жигули» келiп, алқын-жұлқын тоқтады. Жолаушы мiнетiн жағынан бақа бас тапалтақ қара әйел атып шықты. Екпiнi тау құлатарлықтай, оңай-оспақты ерен көрмейтiн сияқты. Әлде мал ашуы — жан ашуымен безектеген түрi ме екен…


Бұлар да салоннан сыртқа суырыла бердi.


— Сәлеметсiз бе?! — Жапар әудем жерден-ақ ұлы нағашысын ұшырастырғандай бәйек қақты. — Сара сiзсiз бе?


Әйел түскен машинаның рулiндегi еркек те бой көрсеттi. Байқағаны, бұл келген бейтаныс екеуiнiң сықпытында алып бара жатқан ештемесi жоқ, кәдiмгi қара базардағы салпылдаған көп саудагердiң бiрi ғана.


— Иә, менмiн. Өзiңiз Сапардың бауырысыз ба?


Iркiлмей жүрген қалпы жауап қайырып, сұрағын да төпеледi. Соған қарағанда көптi көрген, оңай-оспақтан именбейтiнiн аңғартты.


— Дәл солай — Жапармын. — Қолын құлдық ұра ұсына бердi. — Өзiңiздiң хабарласқаныңыз дұрыс болды… Бiздiң тарапымыздан бiр иттiк кеткен екен. Алдыңызда айыптымыз.


Осы кезде шашы май-май боп, бiр-бiрiне жабысып бiлтеленген тәпелтек бойлы еркек те таянды. Ұсқынына қарамай сондай паң көрiндi, көзi шатынап тұр. Жапар ерi шығар деп тұспалдаған, қателеспептi.


— Мынау күйеуiм — Байқал. Төрт бiрдей үйелмелi-сүйелмелi баламыз бар. Қуғын-сүргiн, атыс-шабыс тиылмағаннан соң мұнда Әндіжаннан осы көктемге салым көшiп келдiк. Пәтер жалдап тұрамыз. Сол, тiршiлiктiң қамымен Алматыдан көтерме бағаға кiлем әкеп, осында үстiне азын-аулақ тиын-тебен қосып сатамыз. Арасынан болар-болмас нәпақа түсiрiп, бала-шағамызды асырап жүрген жайымыз бар.


Әйел салған жерден жай-жапсарды әрiден баяндай жөнелдi. Үш еркек соның аузына қарап, сөзiн ыждаһаттылықпен тыңдады. Бөлгiлерi жоқ, әңгiме iркiлсе, қымбат дүниелерiн жоғалтып алардай барлығы мойындарын созып, қалт бөгеле қалыпты.


— Үнемi Алматыдан берi қарай такси ретiнде машиналарын жалдап, белгiлi бiр адамдармен ғана жүрушi едiм. Әлгi, қырсық шалатын күнi олардың бәрi басқа бiреулермен мәмiлелескен бе, әйтеуiр табылмады. Сол арада бөгде екi жiгiтке жолықтым. Олар менi Бiшкекке дейiн жеткiзiп салатын болды. Сәл секемденсем де «мұсылманның баласымыз ғой» деп тұжырдым. Сөйтiп, жолға шықтық.


Басына ұсақ қызыл гүлдерi бар қара орамалды шарта тартыныпты. Оның екi ұшы мұның аршынды сөзi мен қимылының ыңғайына қарай селтең-селтең етедi. Кейде тiлi де шүлдiрлеп, тым тез сөйлеп кетедi. Көздерi бақжиып, мол аласы төңкерiлiп қалады. Пұшық мұрнын да дәмiл-дәмiл тартқыштайды екен. Екi қолы да ербеңдей ауаны мақсатсыз кескiлеп, тұштаңдай жөнеледi. Өзi де бiр нәтiнде жеңiл адам болса керек, ә дегеннен-ақ байқалғаны — ұшып-қонып тұр.


— Бiшкекке қызыл iңiрде жетiп, тауарды төрт үйге бөлiп түсiргенше ел әбден орынға отырып қойды. Үш сауда нүктесi ақшамды қолма-қол бердi де, төртiншiсi ертеңгiлiк түске дейiн беретiн боп бәтуа сұрады. Оған «жарайды» дедiм, өйткенi онымен жұмыс iстесiп келе жатқанымызға жарты жылдай уақытқа таянған. Арамызда сенiм мен бiр-бiрiмiзге деген iштартушылық орнаған.


Жапардың сырдаңдау қызыл езу әңгiмеге iшi кеуiп барады. Ол үшiн ең қажетi — Сапардың мына бейтаныс әйелге жасаған қылмыстық iс-әрекетi. Бiрақ ол тұсқа жуық арада жете қоятын түрлерi жоқ. Дегенмен, Сараның әрiден бастағаны да әбден орынды. Әйтпесе, малағамды өз көзiң көрмегеннен кейiн, әр жерiнен үзiп-жұлынып айтылған бас-аяғы жоқ әңгiменi түсiне де алмай қаласың. Сондықтан, жанын салып, оқиғаны аса бiр құлшыныспен баяндап жатқан саудагер келiншектiң әрбiр сөзiнiң астарына мән бере, мiгiрсiз үңiлдi.


— Соның бәрiнде сiздiң iнiңiз Сапар маған көмектесiп, кiлемдердi iрiктеп, әр үйге тиесiлерiн түсiрiсiп, қол қабысын тигiздi. Менiң олардан санап ақша алғанымды да көрдi. Не керек, тауардың бәрiн тастап, iстiң бiр кезеңiн игергеннен кейiн, ол жiгiттермен есеп айырыстым. Содан кейiн сондай мейiрман кiшiпейiл жандардың iсiне разы болып, жартылық алдым.


Жапардың iшi қылп ете қалды. «Бұ қалай» дегендей Ерсұлтанның бетiне қарады. Оның назары әйелдiң аузында екен. Қаны жүрмей тұрғандықтан ба, өңi қара күрең тартыпты. Әңгiме әлпетi оған әсер ете қоймағандай.


— Өйткенi, — Сара сөзiн үздiксiз жалғай бердi, — ертең тағы да бiр мәрте Алматыдан кiлем әкелуге уәделестiк. Шопыр татпады, денiн Сапар түгестi. Менiң iшпеймiн дегенiме бой бермей маған бiр стақанын зорлап алдырды.


Тағы да Жапардың санасында «бұл жерде бiр шикiлiк бар-ау» деген дүдәмал бой көтердi.


— Себебi, әлгiндегi моп-момақан жiгiт екi стақан арақты қызыл өңешке жөнелткеннен кейiн, кiсi танымастай өзгерiп шыға келдi. Қорықтым. Әрi олар әлгiнде адам аяғы сирек жүретiн ұры тұсқа тоқтаған.


«Екеуi бұрыннан танитын адамдары емес, бiрiншi рет көрiп отыр. Әу баста ондай жерге тоқтауға неге жол бердi? Мына әйелдiң өзi сау сиырдың боғы емес-ау».


Жапардың күмәндi ойлары көбейе түстi. Әйткенмен, қарсы сауал қойып, әйелдiң сөзiн бөлмедi.


— Жәрдем сұрап бақырған даусыңды естiсе де, былайғы жұрттың келе қоюы қиын. Қорыққандықтан iшiп жiбердiм.


Әтүйiрсiз әңгiме жайсыз тигендай күйеуi орнынан қозғалақтады. Жанқалтасын қарманып, әлденәрсесiн iздей бастады.


— Сосын, лажы болса кетуге әрекет еттiм. Бiрақ оған Сапар көнбедi. Бiр кезде, күнделiктi арақ iшiп жүрмегендiкi, басым айналды. Тысқа баруға ыңғайландым. Сөмкемдi алайын деп едiм Сапар: «қазiр келесiң ғой» деп бермедi. Олардың менi күтетiнiне шәк келтiрмедiм. Жол табанынан төменiрек түскенiм сол едi, машина орнынан атырылды да, Алматыны бетке алып тартты да жөнелдi. Мен бақырып-шақырып, алу-далу қалпы жолға шықтым да, қарсы келе жатқан машинаға қол бұлғап, алдына жата қалдым. Басады деп те тайынбадым. Әлгi жазған қиқылдап-шиқылдап кеп тоқтады. Бiрден атып түрегелiп, шопырға жүгiрдiм. Соған бар жайды асығыс-үсiгiс түсiндiрiп, МАИ-дiң бекетiне дейiн апарып тастауын өтiндiм. Бода-бода түрiмдi көрiп шошып кетсе керек, әлгi байқұс сөзге келмедi. Ең жақын бекетке жеткiзiп салды.


Жапар тағы да «сонда бұлар қаланың iшiнде емес, үлкен трассаның бойында тұрғаны ма» деп ойлады.


— Сол жерде арызымды жазып, машинаның нөмiрiн көрсеттiм. Қолма-қол iздеу де жарияланды. Бiрақ олардың Алматы түгiлi Талдықорған өтiп кеткенiне әлi қайранмын.


Мынау бейшара келiншектiң сөзiне қарағанда көкейiнде күлкiлдi күмәнi жоқ, таза адамның арам ниеттiлерден алданып қалғаны айқын бетке ұрады. Дегенмен, бұл айыптаушы жақтың сөзi және заң орындары үшiн шешушi сөз осылардiкi. Ендi баяндалған жайттың өтiрiктен ара-жiгiн ажырату үшiн, Марат пен Сапардың әңгiмесiн тыңдау әбден қажет. Әттең, оған шара қайсы. Айыптың арқаны қалайда бұлардың мойнына оратылғаны оратылған. Сәл бұлқынсаң, ағаш кеңiрдегiңдi қылғындыра бунайды.


— Менiң қорқып арақты iшкенiм: «осыны iшпесең, қазiр көрсетемiн» деп Сапар қыстады, зорлайын дедi. Жан тәттi, әлдеқайтедi деп, тыжырынсам да тартып жiбердiм. — Өз-өзiнен әйел ақтала сөйледi.


Байқал мұздай құрсанған күйi темекiсiнiң түтiнiн бұрқ еткiздi.


Жапар бағанадан бергi көптiрме сөзден ой қорытып үлгергенше, келiншек негiзгi қазықтың басын қылтитып қойды. Мұнысы, көнбей туласаңдар осы қазыққа арандайсыңдар деген емеурiн едi.


— Қайта, жаным ашығандықтан ол ниетiн шағым арызда жазбадым. Маған басы артық ештеме керегi жоқ, алған ақшаны орнына қойып берсеңдер, бiттi.


Бәтiрдiң көзi жемтiгiн арбаған жыланның жанарындай бұған сұғын қадап қиыла қапты. Жапардың жүрегi мыстандық зымияндықтан шiмiрiктi. Бiрақ, жанына тиген сойқан сойылдың ауырлығын аңғартпай:


— Сәке, «боқ жемесе иттiң басы ауырады» деген, оның бұл бiлместiгiн кешiңiз. Ақшаңызды қолыңызға ұстатамыз. Жүрiңiздер, әңгiменi машинада жалғастыралық.


Есiктi ашып, ерлi-байлы екеуiне салонды нұсқады. Олар еш қамшы салдырмай iшке сүңгiп-сүңгiп кеттi. Төртеуi жайғасып отырғаннан кейiн, Жапар қайта сөзiн сабақтады.


— Оспадарлық iс сiздердi үш-төрт күн бұрын жарға жықса да, жаманатты хабар кеше кешке ғана құлағымызға тидi. Сондықтан бiздiң өзiмiзбен бiрге тиын-тебен ала келуге еш мұршамыз болмады. Ең бiрiншi өздерiңiздiң бет-жүздерiңiздi көрiп, бұл нендей оқиға екенiн бiлгiмiз келдi. Көрiп отырмыз, қарапайым көптiң бiрi екесiздер. Қайта, сол төрт бiрдей кiшкентайларыңыздың нәсiбiне қарай айыпкерлерiңiз қолдарыңызға түскен. Әйтпесе, сонау Талдықорған, тiптi басқа мемлекеттегi құныкердi тұтқындау, алланың шеберлiгiнен. Тәңiрiнiң өзi бiледi, әрi-берiден кейiн сiздiң адал жан екендiгiңiздiң айғағы. Бiз де сол қарапайым ауылдан шыққан елдiң баласымыз. Құдай сорлатып қойғаннан кейiн амал қайсы, кәрi шешемiз бар, мына Сапар үшiн емес, сол кiсi үшiн кешiрiм арыз жазып берiңiз. Бiз сол арызды қазiр iстi жүргiзушi тергеушiге апарып табысталық. Ал, ақшаңызды, алла бұйыртса, ертең кешкi сағат жетiде әкеп қолыңызға ұстатамыз. Оған дейiн мына машинаны сiздерге кепiлдiкке тастаймыз.


— Олай бола ма екен? — Байқал бағанадан берi бiрiншi рет мыңқ еттi. Әйелi ерiне жапақ-жапақ қарады. Осы кезде Ерсұлтан сөзге араласты.


— Тергеушiмен жолықтырыңыз, заң орындары қандай пейiлде екенiн бiлейiк, — дедi.


— Олардың да құлқындары жаман, қармақтарына iлiнгендердi тектен-текке жiбере қоймайды. — Байқал әңгiменi төтесiнен бастады. — Байқауымша, оның үстiне Сапарға тiстерiн қатты қайрап отыр. Мына машинамен жетiп барсақ, «халдерi жаман емес екен» деп, адамның ақылына сыймас ақшаны айтып лағар. Сондықтан мұны қойып, менiң машинаммен жүрелiк. Сұрап жатса «таксимен келдiк» дерсiздер.


Жапар мына тосын ұсыныстың астарын түсiне алмай дал. Пайымдауынша мұның екi жағы бар. Бiрiншiсi, көлiктiң құжаттары қолына тимей, қарсы мағынадағы арыз жазылмайды деген сөз. Екiншiсi, бұлардың мейлiнше тергеушiге жолықпағандарын қалайтындай.


Жапар өздерiне қажеттi дүниелердi ептеп бүтiндеп алғанша осылардың дегенiне көне бергендi жөн көрдi. Сондықтан бiрден қолқ етiп айтқанына келiсе кеттi.


— Жарайды, бiз көлiгiмiздi автотұраққа қойып, кiлтiн қолдарыңызға ұстаталық. Содан кейiн тергеушiге барғанда сiздердiң тараптан жазылған қағазбен баралық.


— Мақұл. — Сараның кеберсiген қаймыжық ернi жып еттi. — Қазiр автотұраққа барғанда, сол жерден РОВД-ға телефон шалалық. Сапармен сөйлесу керек.


— Сапармен сөйлесуге бола ма?! — Жапар аңтарылып, әйелдiң бетiне бақжия қарады.


Келiншек мырс етiп күлiп жiбердi.


— Жоқ, сiздiң iнiңiзбен сөйлесу мүмкiн емес. Мына тергеушiнiң аты да Сапар. Менi айналдырғанда, өңкей Сапарлар айналдырды ғой.


Санасы сан тарамға пышыраған жiгiт ептеп бiр нәрсенi түсiнгендей болды.


— Жарайды, жылжиық онда, ұзақ күндi кеш қылмай.


Ерсұлтан өктем үн қатты. Шамасы, Жапар бiр сәт өз ойымен оңаша қап, сыртқа уайымын бiлдiрiп алса керек. Осы сөздi естiгенде барып, жiтi қимылдады.


— Сiздер жол бастаңыздар, мен iлесiп отырамын.


Ерлi-байлы екеуi құнжаң қағып, iлгерi оза бердi.


*** *** ***


Жаман түрiне қарамай Байқал машинаны ширақ айдайды екен. Ескi көк шолағын салдырлата ойқастатып, бiр-екi тұста жол ережесiн де бұза төпеледi. Бiрнеше иiр-қиыр сүрлеулерге ұрындырып, жарты сағаттай қаланы ары-берi аралатып, шәрiнiң шығыс жағындағы ықшам аудандарға келiп бiр-ақ тоқтады. Онда да бiрден еш жаққа мойын бұрғызбастан автотұраққа әкелiптi. Мұны Жапарлар тұмсық тiреген қоршаудың сыртынан-ақ байыптады. Сондықтан «Ниссан-Блюбердтiң» маңдайын үлкен көк дуалдың қақпасына иiндiре тiзгiнiн тартты. Ерсұлтан да көлiктен бiржола түсетiн тұсты аңғарғандықтан сүйегiн ауыр қозғап, сүйретiле табанын жерге қойды.


Бұл кезде машинасынан ытқып шыққан Байқал, зып етiп бiр қуыстан кiрiп қақпаны өзi ашты. Дуал екi жағына шалқасынан шалжиғанда қаңтарулы бiрнеше машиналардың қаралдысы көрiндi. Осыны жанарымен шалып өткенше Байқал бұған «көлiктi тура күзетшiлер отыратын дүңгiршектiң қасына қой» деп үн қатты. Жаңа танысының бұл еркiнсуi де көзi бар қарақты пендеге көп жайтты аңғартар едi.


Жапар осыны iштей түйсiндi, түйсiндi де дiңкесi құрыды.


Машинасын ыңғайлы деген ең сенiмдi тұсқа тоқтатты. Сосын асықпай керек-жарақ дүниесiн реттеп, жинастырды. Әлденәрсенi ұмыт қалдырмадым ба дегендей мойнын соңына бұрып, салонның iшiн тағы бiр құнтақтылықпен сүзе барлады. Көзiне ештеме iлiне қоймады. Содан кейiн ширақ қимылдап, сыртқа шықты. Есiктерiн мұқият құлыптап, «Блюбердтiң» кiлтi мен құжатын Байқалдың қолына ұстатты. Ол шырқ айналып, қарауылдан тосын көлiктiң сыртқы сипатын ыждаһатпен жазуын сұрап, зыр қағып жүр. Мұның берген дүниесiн де қақшып ап, ылдым-жылдым аударыстыра қарастырып үлгердi. Сөйттi де бiрден қойнына сүңгiтiп жiбердi.


Бұл ұсқыны Жапардың езуiне бiр түрлi ызалы күлкi үйiрдi. Бiрақ сазарған өңiнен оның ұшқыны да бiлiнбедi. Мынау ыбылжыған өмiрден жиренгендей тыжырынды. Сосын жанарын оң иығынан асыра ту сыртына тастап едi, назары желi босаған шардай сөлбiрейiңкiреп қалған жолдасының сұлбасына барып ұшқасты. Қапелiмде Сараның төбесi жуық маңнан көрiне қоймады. Ерiксiз Байқал жаққа көз жүгiрттi — шәпкiсi мыжырайып, күзетшiмен екеуi ғана жүр.


— Абай болыңдар, Алматыдан келген меймандардың машинасы. Бiреу бiрдемесiн бүлдiрiп кетпесiн.


Пәтшағардың тiлi майда, iш тартып сөйлегенде қолқа-жүрегiңдi суырып ала жаздайды.


— Жоқ, а-а, қараймыз ғой. Несiне отыр дейсiң.


Автотұрақтың адамы ақталып, шыр-пыр қақты.


Жапардың жаңа танысы аяқ астынан әлдеқандай болып, күзетшiнiң сөзiне құлақ аспады, әлде оған ендiгi жауап қайыруды бойына шақ санамады ма, бұған таяна берiп:


— Жүрiңiз, машинаға мiнейiк, — деп, iлгерi жақты нұсқады. Бұл оның дегенiне үн-түнсiз iлестi. Ерсұлтан да көк «Жигулиге» қарай беттедi. Осы кезде қайдан екенi белгiсiз, Сара да ұры иттей сап ете қалды. Анадайдан самбырлай сөйлеп келедi.


— Әрең сөйлестiм, кабинетiнен шығып кетiптi, шақырмайды. Iшiнде бiр құдайға қараған бiреулерi бар екен, сол тауып бердi. Ол болмағанда…


— Сонымен не болды, тоқ етерiн айтсаңшы.


Байқал әйелiнiң сөзiн бөлiп, жекiре тепсiндi.


— Тұра тұрсаңшы, осы көшеде жарапазандаймын ба? — Келiншектiң көзi алайып, жақ жүндерi үрпие дүрдидi. — Үйге баралық, ана қағазды жазайық…


Мұның «үйге баралығы» несi деп, Жапар iштей тынды. Содан машина орнынан жылжи бере:


— Сiздердiкiне бармай-ақ, осында-ақ жазбаймыз ба? — дедi көп сөзбұйдаға сала бергендi жақатпай.


— Ештеме жоқ, үй, мiне, тиiп тұр. — Әйел таймаңдап, еркектердiң алдын орап, аңдауынша үшеуiн де байқатпай бiртiндеп билеп-төстеп барады. — Ол жазу деген де бiр — машақат. Бастапқыда оңай-оспақ көрiнгенiмен, жеме-жемге келгенде не жазарыңды, неден бастарыңды бiлмей аңырасың. Сондықтан, үйдiң iргесiнде тұрып, машинада қысылып-қымтырылғанымыз жарамас.


— Тергеушi не дедi? Түске дейiн жолығатын болдық па?


— «Сағат он екiде хабарласыңдар, қай жерде жолығысатынымызды сол кезде бәтуаласамыз» дедi. Өзi бiр жиналысқа кетiп бара ма, асығыс, кеңiнен сөйлесе алмадық.


Дiңкесi құрыған Жапар сағатына қарады, он бiрден жиырма бес минуттай асыпты. Ерiксiз күрсiндi.


Оның бұл iштей толқуын Сара аңдады ма:


— Қазiр тиiстi қағазын тапсырамыз, содан кейiн олар iстi прокуратураға жiбермей iркедi, — дедi нық.


— Сапар қайда iстейдi?


— Аламедин РОВД-сында.


Арада үнсiздiк орнады. Машина ойдым-ойдым тас жолмен шоқалақтай жылжиды. Үнсiздiктi тағы да келiншек бұзды.


— РОВД iстi не бары үш-ақ күн ұстап тұра алады екен, содан кейiн ол құжат түгелiмен прокуратураға өтедi. Әрине, одан кейiн бұл iспен мүлде басқа адамдар айналысады, тергеушi де басқа болмақ… Бiрақ, бiздiң әлi бiр жарым тәулiк уақытымыз бар.


Мына ләм желкесiнен тосыннан қойып өткен күрзiдей тидi. Жапақтап, «әйелдiң айтып отырғаны рас па» дегендей Ерсұлтанға қарай берiптi. Өз ақылына салса, айна қатесiз солай сияқты.


Машина тоғыз қабатты үйлердiң ауласына тоқтады.


— Мiне, келдiк. Бiз осында тұрамыз. — Байқал көтерiңкi үн қатты. — Осы жерден пәтер жалдағанбыз.


Аядай ғана бiр бөлмелi үй екен. Кiре берiсiне төртеуi кептелiп, айнала алмай қалды. Iштен сеңiрейген тағы да бiр төменетектi байқалды. Оның ар жағынан состиған екi кiшкене қыздың төбесi көрiндi. Бұрымдары бiлте-бiлте, киiмдерi олпы-солпы. Қаладағы балалардың кейпiне мүлде ұқсамайды, қышлақтан бүгiн ғана келген сияқты.


— Тұрағымыз осы.


«Күйiмiздi көрдiңдер ме» дегендейiн қожайын екi қолын екi жағына жайып, меймандарына шарасыз кепте қарады. Бұлардың мына жұпыны тұрмыстарын аңдап, Жапар Сапардың iсiне ұялғанынан өртене бетiмен жер басты. «Ұрындырғанда да құдай жөнi түзу бiреуге ұрындырмай» деп күйiндi.


Осы кезде кiшкене қыздар шешелерiне барып, бiрдемелерiн былдырлай жарыса шұрқырасты.


— Төрге өтiңдер.


Байқалдың бастауымен iлгерi жылжыды.


Кiрген бетте көлденең iске көп алданбай негiзгi шаруаға кiрiстi. Ерсұлтанның көмегi осы жерде тидi. Небiр қағазды толтырып жүрген жырынды милиция емес пе, бағанадан бергi естiген әңгiменi қорытып жүйелеп қойса керек, екi жаққа да тиiмдi көзқарасты Сараға саумалап айтып, жаздырып шықты.


Әйткенмен, сөйтiп ежiктеп отырғандарында сағат тiлi он екiден ауытқыған да едi. Үй иелерiнiң қыстауымен нан ауыз тие салған күйi, қайтадан апыл-ғұпыл далаға заулады. Бiрақ, Сара Сапармен сөйлесiп, бүгiн оның бұлармен кездесуге мұршасы жетпейтiнiн хабарлады. Мұны естiгенде Жапардың жүрегi тоқтап қала жаздады. Бiраз мезгiл тiлден айрылып, өзiмен өзi құсалана арпалысты. Кешеден бергi алас ұрғаны, бүгiнгi сабылып жеткенi еш нәтижесiз аяқталды. Борбай етi борша боп жүгiргенi бәрi зая кеттi. Тым құрымағанда тергеушiмен жүздесiп, аптыққан көңiлдiң әптiгiн басар едi. Құдай оған жеткiзбедi. Уайым арқалап келiп, қорғасындай ауыр да түнерген ойдың далдасында жер боп қайтпақ.


— Алаң болмаңыз, Жапар, мен өзiм тергеушiмен жолығып кешiрiм бергенiмдi айтамын.


Арада орнаған тас түнек тыныштықты әйелдiң ғана дәтi барып бұзғандай көрiндi. Морт сыңған жiгiт салбыраған басын ептеп көтерiп, еңсесiн тiктедi. Болар-болмас жылы сөздiң өзi адамға демеу екен.


— Ендi не жасаймыз? — Ерсұлтан ерлi-байлы екеуiне сұраулы кепте қарады. — Сiз жаңағы жазған арызыңызды бiзге берiңiз…


Ерсұлтанның сөзi аяқталмай жатып келiншек:


— Неге?! — деп, шоршып түстi. Жылмысқы көздерi айналып, оған жеп жiберердей шұқшиды.


— Ба… бағанадан берi келiспедiк пе, ақшаларыңызды ертең кешке алып келемiз деп… — Ерсұлтан кенеттен тұтығып, мына бетпақтықтан тайынып қалды. — Әкелемiз. Ол аздай кепiлдiкке тағы да машинамызды тастадық. Берiңiз, ендi, сонау көршi республикадан ат сабылтып жеткенiмiзде бiз де көңiлiмiздi ептеп боса да, «қарманарлық бiрдеме бар» деп демдеп қайталық. Әйтпесе, мына жүрiсiмiз нәтижесiз құр сандалыс...


Әйелдiң ұсқынынан әлгiндегi жайдарылық ылым-жылым жоғалды. Итке шабуылдаған сасық күзендей қалш-қалш етедi. Осыны аңғарған Жапар тағы да бiр бәлесiн бүлдiрiп алармыз деген күмәннен үрейленiп:


— Жарайды, ол қағаз сiзде бола берсiн, — сабырлы кепте ерлi-зайыпты екеуiне назарын кезек бөгедi, — бiрақ, тергеушiге қалайда бүгiн жолығып, ауызша болса да кешiрiм бергенiңiздi айтыңыз. Ақшаңызды ертең кешке алатыныңызды және қоса айтыңыз. Ал, қолыңызға пұлыңыз тигенде осы қағазды еш қарсылықсыз, ешқандай ың-жыңсыз бiзге бересiз. Осыған келiселiк.


— Әрине, әрине… — Байқал шыбындаған жылқыдай шыжбақтады. — Бiз бiреудiң сынық күреш дүниесiн пайда көрген адамдар емеспiз, бiрақ әлденеше аузымыз күйген. Сондықтан қорқақтаймыз, әрi өздерiңiздi бiрiншi рет жолықтырып тұрмыз. Кiмнiң кiм екенiн бiлмей жатырмыз, бiлмеген соң…


Осы сөзiн айтып бiткенше желкесiн қасыды, қолын қалтасына салды, салмағын бiр аяғынан бiр аяғына ауыстырды.


— Оныңыз орынды, кiм-кiм де бiрiншi көре сап, асатпай жатып құлдық демек жоқ деген сияқты, жайылып төсек бола қоймайды. Дегенмен, азаматтық бәтуаға келелiк. Сiздер кешкi сағат төртке дейiн тергеушiмен сөйлесiп, жаңағы сөздердi жеткiзiңiздер. Бiз оған дейiн күтелiк, сосын оның телефонын берiңiздер.


Ерлi-зайыпты екеуi бiрiнiң бетiне бiрi қарады.


— Оны жасай аласың ба-ей? — Байқал келiншегiне күңк еттi.


— Мақұл, осы айтқандарыңызды орындайын. — Әйел ерiнiң сауалына жауап қайырмай, Жапарға бағыттап сөйледi. — Сағат төртте қайда жолығамыз?


— Тура осында жолығалық.


— Келiстiк.


— Ендi бiздi жол-жөнекей әлгiндегi шағын базарға жеткiзiп тастаңыздар. — Бағана бұлардың соңынан iлескенде бiр базардың тұсынан өткен едi, Жапар соны меңзеп екеуiне өтiнiш бiлдiрдi. — Оразамызды әлi ашқан жоқпыз, өзегiмiздi жалғалық.


— Үйге жүрiңiздер. — Әйел қайтадан майда үнмен жалпақтай тiл қатты, жаңа ғана сазара ысқырынғаны iзiм-ғайым жоғалған. — Бiр шәугiм шай табылады ғой. — Ештеме болмағандай тым жайбарақат.


— Жүрiңiздер, жүрiңiздер! — Оған ерi қосылды.


— Жоқ, рахмет. Босқа жолдан қалдырмайық, жаңағы бұйымтайымызды орындап келсеңiздер, мың мәрте құлдық. Бiз тек базарға дейiн жетiп алалық, егер ол сiздер баратын жолдың үстi болмаса, онда да қысас жоқ.


— О не дегенiңiз, апарып саламын ғой.


Байқал да тiптi алыстан сағындырып құдалары келгендей жылмай жортақтап, ұшып тұр.


Бiр демде нысаналы маңға тұмсық тiреп үлгердi. Жол бойы ешкiм тiс жарып, ләм демедi. Барлығы кешелi бергi ит әурешiлiктен шаршағандай, әркiм әр бөлек, өздi-өзi ой иiрiмдерiне малшынған. Жапар осыны ұғынды. Кенет, оның көкейiне қитұрқы бiр сауал кеп кептелдi. «Дәл қазiр төртеумiздiң уайымымыз екi түрлi ме екен?» деп бiр қойды. «Жоқ, үш түрлi» дегенге келдi. Соңыра «төртеу шығар» деп те ойлады. Мүмкiн…


Базар жаңағы тұрған жерлерiнен оншама алыс та емес көрiндi. «Бiлмеген жердiң ой-шұңқыры көп» деген сол, таяқ тастам жер екенiн болжағанда асықпай аяңдап-ақ жаяу жетер едi.


— Жарайды, төртте жолығамыз.


— Мақұл.


*** *** ***


Көк машина жылжи бердi, бұл екеуi қалың нөпiрге бет алды. Базардың шетiнен ең бiрiншi көзге ұрғаны жоқ-жiтiктiң бейнесi болды. Иығына елде жоқ құрымды жамылған екi-үш сүмеңбай немелер қылқиып, аяққа оралды. Одан ары таманырақ тышқан сасыған қытайдың өтелдерi саусылдап тұр. Тура айна қатесiз Алматыдағы көрiнiс. Бiр айырмашылығы, бұл жердегi орыстардың: мемлекеттiк тiл орыс тiлi болса да, бүгiн ғана алқаптан айлап-апталап жүрiп картошка терiп қайтқандай, иiндерi салбыраңқы. Басырқып, бас бiлдiрiп тастаған тайдай, аяқтарын ептеп сақтықпен басатын сияқты. Адамды ерiксiз ойландыратын нәсте.


Олардың бүгiн бүрiсетiндей де жөнi бар. Таң атқаннан берi екi-үш қайтара өткiншi жаңбыр себезгiлеген. Бұлар көкейлерiне қыпыл енгеннен соң оны онша ерен көре қоймаған, тiптi әуелi нөсердiң бүркiгенiн де байқамағандай. Жерге ойдым-ойдым iркiндiлер жиналыпты, аяқтың асты ыбылжыған лайға айналған. Күздiң шұғыласы нәрсiз сәулесi көңiлге титiмдей де қуаныш сыйлай алар емес. Ағаштың жапырағы да, алаштың пендесi де дiрiл қағатындай.


Бiр кезде мұрындарына күйген майдың исi шалынды. Сонда ғана Жапар мұнда өздерiнiң нендей ниетпен келе жатқандарын топшылады. Ауқаттану көкейлерiнде бар едi ғой. Онда да Ерсұлтанға бола базар iздеген, өзiне салса, нәр татпақ емес. «Байқұс әлi басын жазған жоқ. Жұмыста болса ендiгi мұртынан күлiп, буы бұрқырап отырар едi. Қайта мұны сыйлағанынан тентiреп осында келiп тұр. Рахмет онысына. Әйтпесе, жанына не зор туыпты?»


Ұзын дәлiз тәрiздендiрiп жасаған ләпкелердiң орта тұсында, шатырдың астына қойылған төрт-бес столдың қаралдысы байқалды. Екi жақ қапталдағы жабайы сауда орындарының айқұш-ұйқыш темiрлерiне жiп керiп, соған картон қағазға «палау, лағман, ыстық шай» деп ойдақ-сойдақ қолмен жазып қойыпты. Бұл, ендi, жарнаманың қазақ пен қырғызша түрi.


Бұлардың болмашы iркiлгенiн аңдап қалған аспазшы әйел:


— Байке, келiңiздер, келiңiздер! Ауқат iшiп кетiңiздер, — дедi меймiлдеген ықыласпен.


Екi еркек ләм деп тiл қатпастан солай қарай бұрыла бердi. Жаңағы әйел иесiн көптен көрмеген итше бұлардың алдын орай арсалаңдап, көзiне нұр жүгiре қуанды. Бiрақ онысының бәрi жасанды. Бұл бүгiнгi саудагерлердiң бойына тән мiнез-тiн. «Құдай-ау, мұндай тәйкүшiктiктi жұрт қайдан бiрдемде меңгере қалды, әлде осыған оқытатын бiр жерде аярлықтың астыртын академиясы бар ма екен» деп Жапардың бұрыннан қайраны шығатын.


— Бәрi бар осында, байке. Палау десеңiз — палау, лағман десеңiз — лағман… — Етжеңдiлеу пошымына қарамай ұшып-қонады. Құтты бiр тағамын тегiн беретiндей қиылып қоймайды, мүмкiн өтiп бара жатқан кiсiнiң қалтасында көк тиыны да жоқ шығар. Бәлкiм, мұның пiсiрген асына оның жанындағы пұлы жетпейтiн шығар. Мақсаттары қалайда отырғызып iшкiзу сияқты. Iшкеннен кейiн таппасына қоймайды, «ақшам жетпейдi десе» қаңғып жүрген милиция көп, соның бiреуiне ым қаға қойса бiттi. Әлгi көк соққыр мұндай «алаяқтың» қолын бұрап алады да кетедi, содан ары қарай ол пақырыңның тағдыры дәп осы аспаз боп бәйек қаққан неменiң қолында. Оқиғасына тұздықты қосып, қағазды жандырып-жандырып жазып жiберсе, «түгiм жоқ» деген пәтшағарыңның өзi «бәленбай есе ақша беремiн» деп жалбарынар. Әйтеуiр, осы елден ерекше елпiлдеудiң арғы жағында бiр зымияндық жататындай көрiнедi.


Жапардың есiне бала күнгi көрiнiс оралды.


Бұлардың үйi тура Ойжайлаудың шетiндегi жұртта отырды. Әрi табан аудармай сол жердi жетi-сегiз жыл жайлады. Жердiң бәрi жақсы ғой жарықтық, бұл қоныстың бiр кемшiлiгi — үй-iшiне өте қолайсыз. Өйткенi, ол жұрт — тура айдау жолдың үстi едi. Дамылсыз үстiрттегi жайлауға кеңшар мен ұжымшарлардың отар-отар малы айдалып жатады. Көш толығымен өтiп кеткенше екi көздерiн өздерi бағып отырған қойдан айырмаулары керек. Өйтпесе, төрт аяқты мал, зып етiп бөгде отарға қосылып кетуi ықтимал.


Сөйтiп, сондай қырағылықпен бiр көштi iлгерлетiп салып уһ десе, бет алдындағы қырқадан екiншi ұбақ-шұбақ созылған көштiң айқай-ұйқайы естiлiп, төбелерi көрiнедi. Бұлар тайлы-таяғымен тұтас қайта малға шабуылдайды. Бұл ойын қызығына тоймайтын сәбиге тұтқынмен пара-пар едi. Елдiң балалары тайға мiнiп шапқылап, үйдi-үйдi аралап қыдырып


жүргенiнде Жапарлар жiпсiз байланып, «мал қосылып кете ме, бiрлi-жарымы бөлiнiп өзекте қалып қойған жоқ па» деген дүдәмалмен титтей жүректерiне алаң кiрiп тұрғаны.


Кейде, көш үйдiң қасындағы өзектегi бұлақтан шыға алмай, ұзақ бөгеледi. Әлгi мал айдаушылар соңдарынан түре қуып келе жатқан ешкiм жоқ болғандықтан арқаны кеңге салатындары бар. Отарды суға құлатып, өздерi үйдек-түйдек күйi қалқиған қараша үйге түседi. Содан байқұс шешелерi жолаушыларға шай берiп, болса тамағын ұсынып, қашан да құрақ ұшып күтiп жатқаны. Сөйтiп, таңның атысынан кештiң батысына дейiн кемiнде жиырма адам тамақ iшетiн едi. Оларды келдi-кеттi деп және ешкiм сөкпейтiн әрi ренжiмейтiн. Өйткенi, халқымыздың ежелгi салт-санасын сақтап қалған қырда отырған жұрт үшiн көлденең өтiп бара жатқан қаймана кiсiге де тыржыңқы қабақ таныту еш ақылға сыймайтын, ол өлiммен тең едi. Бiр жағынан шешесi Нұрғаным: «менiң де балаларым көшкенде мал соңында осылай тiлдерi таңдайларына жабысып, төбелерiнен күн өтiп жүредi ғой» дейтiн, әсiресе, олардың арасындағы кiшкенелерiне жаны ашып. Жүргiншiлер шайға да қанатын, қымызды да сiмiретiн. Онда ешкiм «мынау менiң тамағымды iшiп кеттi ғой» деп ойламайтын, «ырысымды iшпейдi» деп, алдағы күнде құдайдың беретiнiне еш шәк келтiрмейтiн. Ал базарға барып бiр нәрсенi сату, оның iшiнде тамақ сату — барып тұрған қас масқара-тұғын.


Аспазшы алдыларына әкеп ыстық сорпаны қойғанда барып Жапардың бала күнiне құлаған ой-қиялы ыдырай бастады. Буы бұрқырап лағман келдi, әшейiнде ең сүйiктi тағамы едi, қазiр тамағына бiр нәрсе кептелiп, ас жүргiзбей бунайтындай. Ал Ерсұлтан ыстық сорпаға бiрден бас қойған. Кешегi түнгi сойқаннан кейiн келесi күнi түс ауғанға дейiн нәр сызбай жүру барып тұрған ерлiк. Сол қайталанбас ерлiктi бүгiн қасына серiк боп ерген Ерсұлтан бұған көрсеттi: жауапкершiлiк артып шыққаннан кейiн, жүрдiм-бардым салғырттыққа бой ұрмады.


Аспазға тапсырысты Жапардың өзi берген. Басында жолдасының ненi қалайтынын бiлгiсi кеп «Ереке, не iшемiз» деген едi. «Сорпа iшелiк» деген ол одан арыға бармады. Бiрақ құрғақ сорпаның топыраққа тойынбаған жыландай «шалажансар» бұған онша әсер ете қоймайтынын бағана-ақ топшылаған, сосын ту сыртына мойнын бұрып аспазшы әйелге иек қақты. Ол байқұсың атырылып-ақ тұр, бiрден бұларға қарай салды.


— Иә, байке…


— Таза арақтарыңыз бар ма?


— Бiзде бәрi таза, «самопал» жоқ. — Жаңа сойылған малдың өкпесiндей боп жайылған қытықсыз бетi бүлк етпейдi.


— Рас па?


— Құдай ұрсын, байке!


Жапар назарын Ерсұлтанға аударды, ол бiрдеме айтар екен десе, басын тұқитып еңсесiнiң бәрiн табаққа салып жiберiптi. Бұлардың әңгiмесiн естiмейтiн сияқты. Бiрақ, дастарханның үстiне бiр шөлмек келсе, «кет, әрi» дейтiн де емес.


— Онда бiзге бiр тазасын әкелiңiз.


— Жарайды. — Қол-аяғы жерге тимей етжеңдi әйел демде дөңгеленiп бара жатты.


«Әй, қайран нарық-ай…» деп ойлады жiгiт. Баяғыда дәйекшiнi шақырсаң келсе де кергiп басып, әйтпесе «қазiр» деп қойып, сiдiгiңдi сарғайтып, дiңкеңдi құртатын едi. Бүгiн, мiне, ләббай ұрып тұрғаны. Тiптi, саған өмiрдегi ең қымбат қимас жанындай қиыла қарап, ери қылмияды. Осыншама аярлықты қай бүйiрiне сыйғызып келген? Әйтеуiр, түпкi мақсаттары мәлiш дүниелерiн қымбатқа бұлдап, қалтаңдағыны барынша әрiден қопарып алып қалғысы бар.


Көкейiне тағы да бiр қызық байлам оралды.


Жаралғаннан қалада тұрған адам алып мұржалар мен қара түтiннен басқа ештеме көрмейдi. Кейiн өсе келiп, солардың көбi өзi де алып мұржа салғыш инженер болып шығады. Қартайғанда заһар қаратүнегiн шашқан сол тажалына «мен салдым» деген насаттанған көңiлмен сүйсiне қарар. Осынысы үшiн мұны ел де төбесiне көтерер. Тiптi, ондай адамның көретiн түсi де индустриалды болып келер. Ал, мына майлы қасықша жылпылдағандардың көретiн түсi қандай екен?..


Демде шөлмек те столдың ортасынан орын алды. Жапар екi стақанға құйып, бiреуiн жолдасына ұсынды.


— Ереке, кел, мынау тамақтың астында қалсын.


— Iшпеймiн.


— Қой ендi, дәл қазiр бiр жүз грамм пайдасын тигiзбесе, зиянын келтiрмейдi.


— Жүрмей тұр, араққа қарағым жоқ.


— Бiрiншiсiн қыстап жiберсең, арғы жағы жақсы боп кетпейтiн бе едi.


Ерсұлтан үндемедi, қызыл бұрышқа көмiлген лағманын шанышқышына баппен орай бердi.


— Бағанадан берi «тергеушiмен жолығамыз ба» деп бөгелдiк, ендi әрiптестерiңмен кездеспейтiн болдық, кел, алып қоялық.


Оның қолы ақырын стақанға қарай жылжыды.


Екеуi қағыстырды да көп iркiлмей тартып-тартып жiбердi. Iзiнше Жапар тағы бiр қайтара құйып қойды, ондағысы Ерсұлтанды «адам» қалпына тезiрек әкелгiсi келгенi едi. Бiр жағы өзi де ақылдан алжастырған мына әбiлеттен бiр сәтке болса да құтылуды жөн санады. Сәл өтпей-ақ ептеп, тәбетi де ашылғандай сыңайы байқалды. Кешеден берi жоғалған аузының дәмi де қайта кiргендей сезiндi. Арқасының құрыс-тырысы да жазылып, бойы балбырай байсал тарта бердi.


— Бүгiн ештеме бiтпегендей көрiнгенiмен, көп шаруа тындырдық, Ереке. Қысылғанда осылай иықтан бiреудiң демегенiнiң өзi, түсiнген адамға бақыт. Бұған «тәуба» деу керек, қашан да «тәубамызды» жоғалтпайық. Кел, сол үшiн...


Жаңағыдай емес Ерсұлтан еш қарсылықсыз стақанын соғыстырды.


— Дұрыс айтасың, осындайда бiр-бiрiмiз үшiн күймегенде қашан шабыламыз? Ақымақтықпен азапқа салса да бауырдың бары жақсы. Iнiлерiң кiшiлiктен еркелейтiн шығар, ал менiң ағаларым көресiнi көрсетiп келе жатыр. Өзiңнен үлкеннiң ақымақ болғаны қасiрет екен. Бiрақ, далаға тастай алмайсың… Алып қоялық.


Екеуi қайыра соғыстырды да, бұл жолы мүдiрiссiз сiлтедi.


Лезде Жапар самайының жiпсiгенiн байқады. Ерсұлтанның өңi де қызылшырайланып, бал-бұл жана қалыпты. Бағанағы ала-құла жүдеу кейпiнен арылып, әдеттегi байсалдылығына енген.


— Құдайдың мына әйелге қарасқаны ғой, әйтпесе сонау Талдықорғаннан Сапарды Алматыға тура алдына айдап алып келе ме? Маңдай терiмен тапқан адал ақшасы болып тұр ғой.


Жапарға кiшiрек домалақ көздерi ежiрейе қадалды.


— Солай шығар… — Бұл оны құлықсыз қолдады.


— Төрт бiрдей баласы бар екен, солардың көз жасы ғой жiбермей тұрған.


«Бiздiң көз жасымыз кiмнiң үстiне төгiлмедi, неге бiздердi қан жылатқан адамдарды назамыз ұрмайды? Әлде, жетi атамызға жететiн тәңiрiнiң алдында жасаған күнәмiз бар ма?»


Жолдасының келесi уәжiне еш жауап қайыра алмады. Керiсiнше оның бұл сөзi мұны одан сайын тұңғиыққа батыра түстi. Мақсатсыз мұртын сипап, иегiн саумалап басын кекжиткен қалпы бiр сәт ой қорытты. Ептеп бiлеуленген бетiнiң бұлшық еттерi жыбыр-жыбыр еткендей болды. Шынында да Ерсұлтанның айтып отырған сөзiнде уыздай ұйыған имандылық бар. Құдай алжастырайын дегеннен кейiн ендi қайтесiң, әйтпесе бiр бұралқының нанын тартып жейтiн Сапар соншама тексiз емес едi. Әттең, қара басқаннан кейiн не шара.


— Кел, мынаны ендi қалдырмай ала салайық.


Байқаса өз уайымымен өзi лауқиланып кетiптi. Жалма-жан есiн жиып сағатына қарады. Уақыт та бiраз боп қапты, үштен асып барады. Сосын қолына стақанын алып жолдасымен бiр соғыстырды да тартып жiбердi. Аузына спирттен бөлек химиялық қосындылардың дәмi бiлiндi. Бағанағы пәтшағардың бұл өнiмдi өз қолымен iстегендей сөйлегенiне зығырданы қайнады. «Бiлмеймiн» деп шынын айтса қайтедi, бiреу бiрдемесiн кесiп ала ма? Арақты ол шығармайтыны елдiң бәрiне аян ғой.


— Еже, берi келiңiз. — Осында болғалы үйренген сөздерiн Ерсұлтан кәдесiне жаратып пайдаланып-ақ тырысты.


— Байке, не дейсiз?


— Бiр пачкi темекi берсеңiз.


— Мақұл.


Кеткенi сол едi, әлгiнiң оралғаны одан да тез болды.


— Мiнекейiңiз.


— Есеп айырысалық. — Жапар ендi қозғалу керектiгiн байқатты. — Теңгенi аласыздар ма?


— Ала беремiз. Бiзге теңге, доллар, рубль, сом — бәрiбiр.


Оның қолына сұраған сомасын ұстатты да, қоштасып сыртқа беттедi.


— Келiп тұрыңыздар.


Аспазшы сонда да соңдарынан қалмай жалпақтады.


*** *** ***


Уағдалы тұсқа он бес минуттай бұрын жеттi. Әйтеуiр, өз тараптарынан кiшкентай да кiнәрат жiбергiлерi жоқ. Қалай да жәбiрленушiнiң көңiлiн тауып, қолынан түк келмесе де жылы-жылы сөйлесуге ниет еткен. Бiрақ, қарсы жақтан ондай тап-тұйнақтық бiлiнбейдi. Тағы да ертеңгiлiктегiдей күттiрiп қойды. Сарсаңдықпен жарты сағаттай өттi. Жапар өз-өзiн әйтеуiр «олардың да қолдарында тұрған ештеме жоқ, тергеушiнiң ыңғайына жығылып, соның төңiрегiнде айналсоқтап жүрген шығар» деген сияқты бұлдыр үмiтке иек артып алдаусыратады. Жалпы, бұл өмiрде бiр нәрсеге сенiм артпасаң, арам қатасың — өлiп қаласың. Осы қағидатты ұстанғаннан кейiн түпкi байламы негiзсiз болса да, сол сырдақтың өзiне табан тiреп байыздауға бел байлады. Бiрақ, Ерсұлтанның тоқтаусыз балпылдай айтқан әңгiмесi жанына шоқ басқандай батып барады.


— Күйеуi де бiр құдайға қараған адам, әйелiне басу айтып, тоқтамға шақыруда. Өздерi Әндіжандағы соғыстан қашып келген босқындар. Ендi мына жақта арандағандарын қарашы… Рас, шылқыған коммерсанттың бiреуi болса, бүйрегiм бүлк етпес едi. Мынандай жағдайда айыпкердi ешқандай милиционер аямайды. Мен өзiм милиционермiн ғой, — кеудесiн қолымен нұқып, басын изеп, құлшына сөйледi, — олардың психологиясын бiлемiн. Ал, мына байқұстар тергеушiге “кешiрiм бере гөр” деп айтуға өздерi шабуылдап жүр… Азамат екен.


Бағанағыдай емес, жолдасының қан-сөлсiз өңiне қызыл жүгiрiп, өзiн сондай ширақ сезiнетiндей. Темекiнiң түтiнiн де баппен ернiн шүйiрiп, шиыра үрлейдi.


— Ендi қайтемiз, Ереке. — Жапардың жаны қыстығып кеттi, бiрақ онысын лақ еткiзiп көрсетпеуге тырысты. — Жазмыш солай, шара бар ма? Жазған құлда шаршау жоқ дегендей, «мiне, кесетiн болсаң басымыз» деп алдына құрақ ұшып келiп тұрмыз. Бұдан басқа қолымыздан не келедi, айтшы өзiң? Сотталмақ түгiлi атылып кетсе де, алдына мойынсұнбайтын безбүйректер табылады ғой.


Даусын көтерген жоқ, ойын баяу, нық жеткiздi. Әйткенмен қабағы шытылып, жағы суала қалған едi.


— Қалай да Сапардыкi дұрыс емес, ең құрымағанда еркекке ұрынбай ма? Сөйлескенге де, қорғаштағанға да аузың барып, батылырақ кiрiсесiң.


— Оныкiн дұрыс деп, қолпаштаған ешкiм жоқ, дәл қазiр бiздiң мақсат — бiреу. Мына әйелдiң ақшасын берiп, қалайда Сапарды қамаудан алып шығу. Содан кейiн онымен тәрбие жұмысын жүргiземiз.


— Жоқ-ә, сөз қозғаудың өзiне ауыз бармайтынын айтам да.


— Ендi қайтемiз, жүзiмiзге көң жамап, бетiмiзбен жер басып тұрмыз. — Жапар бұдан соң ширыға жөнелдi. — «Әйелiнен ұялған ұрпақсыз қалады» деген… Бет моншағымыз төгiлiп ешкiмге тура қарай алмасақ, мына сандалыс жүрiсiмiздiң мәнiсi не? Ағаларының ынжықтығынан Сапар онда кемiнде жетi-сегiз жылға кете барады. Ұялады екенбiз деп үйден шықпай қарап отырамыз ба? Тiрi адам тiршiлiгiн iстейдi деген баяғыдан келе жатқан сөз бар емес пе? Әлде бiз өлiкпiз бе? Айыпкер болсақ та сырт көзге бар екенiмiздi бiлдiруiмiз керек шығар.


— Қол-аяғы балғадай, пошым-бiтiмi анау…


Осы кезде Ерсұлтанның сөзiн аяқтатпай көздерiне ыстық боп қалған көк «Жигули» көлденеңдеп кеп тоқтады. Жапар бiрден солай қарай беттедi. Байқал да машинасынан алқын-жұлқын шығып, ұмтылып келедi. Ар жағынан бозборан әйелiнiң ұсқыны көрiндi. Басына бағанағы жиегiнде көмкерiлген ұсақ қызыл гүлi бар қара орамалын шарта буыныпты. Оның екi ұшы үрiккен тайыншаның құлағындай желкесiнен едiрейедi.


— Зорға жолығыстық. — Сара самбырлай үн қатты. — Жиналыстан жаңа ғана босады. Көп күтiп қалдыңыздар ма?


Ол өзiн айыпты санап, ақталатындай. Көздерi де бiр түрлi ұялыс тауып, тура қарай алмай жыпық-жыпық етедi. Оған күйеуi қосылды.


— Сiздердi жолдарыңыздан бөгеп…


— Жарайды оқасы жоқ, шаруаны тындырсаңыздар жарады.


— Реттедiк. — Байқал нығыз сөйледi. — Кешiрiм ететiнiмiздi айттық.


— Иә, иә. — Оған Сара қосылды. Ендi Жапар соның аузына қарады. Бұл кезде жанына Ерсұлтан да таянған. — Түстегi жазған қағазды көрсеттiк, сiздердiң «ертең кешке дейiн ақшаны қайырамыз» деген сөздерiңiздi айттық, iнiңiз Сапарды ертең босатуын сұрадым. Ол келiстi.


— Телефонын бердi ме? — Жапар шыдамсыздық танытты.


— Бердi. — Күйеуi шорт қайырды. — Үйiнiң де, жұмысының да телефонын бердi.


— Бiрақ, — оған әйелi күмiлжiп барып, жалғаса iлестi, — бұл шаруа жөнiнен аудандық прократура хабардар болып үлгерiптi. Iс қазiр солардың бақылауында екен. Сондықтан… — Тiлiн жұтып қойғандай тағы да мүдiрдi. Мүләйiм көздерiн бұған бiр төңкерiп, лезде тайқытып әкеттi.


Мына әйелдiң және бiр бәленi көмейiне тақап келе жатқанын Жапар iштей ұқты. Ұқты да оның батпан салмағынан жан-дүниесi қалтырай жөнелдi, әйткенмен бұл әлжуаздығын ешкiмге бiлдiрмеуге тырысты. Дегенмен аққұба өңi күреңiтiп кеткен едi.


— Шаруаны бiр жола жайғау үшiн азын-аулақ қаражат керек болып тұр. Онысыз тергеушi түк iстей алмайды.


— Қанша? — Үнi қыстыға, тамағынан қарлығып шықты.


— Менiң ақшам бар, оларға беретiн ақша бар, барлығы — алты мың доллар.


Мынаны естiгенде жiгiт төбесiне тас құлағандай есеңгiреп, ақылынан айырылды. Алайда, бұл күтпеген құқайы емес едi. Өйткенi, жәбiрленушiнiң шығынын орнына қойғанмен, милиция қолына iлiккен бәтiрдi тектен-текке жiбермесiн баяғыдан бiлетiн. Осы құйтұрқылықты бiле тұра, қырғыздардың құқық қорғау орнының әрекетi өздерiнiкiне ұқсамайтын шығар деген аңғал ойға бой ұрғаны бар. Сөйтсе алжасыпты, шекпендiлердiң қомағай көңiлi қай жерде де жемсаулығына басады екен. Егер шындығында да ақшаны алып, босататын болса, қайта ашығын айтып тұрған мына тергеушi — азамат. Өйткенi ол, қанша әдiлдiктi жақтағанымен, iшкi құрылымдағы әбден қалыптасқан «салтты» аттап қайда барсын? Тегiннен тегiн босата алмайды, босатып жiбергеннiң өзiнде оның қара басына қатер төнедi. Себебi, «Алатын нәрсенi өзi ғана қымқырып, ешкiмдi ортақтастырмады. Iшкi iстер жүйесi жекеменшiгi ме едi? Бұл қайдан шыққан айталтақ, кiмнiң шiкiрәсi?» деп, ондағы кеудесiне нан пiскен небiр апайтөс «сұңғылалар» әлгi бәтiрдi жерге қазық қып қағып жiберер. Сондықтан оның бұл уәжi ешқандай өрескелдiк емес-тiн, нағыз жаны ашыған адамның iсi. Ал ақшаны қалтаға басып ап шаруаны тындырмайтындар қаншама?


Барлығы бiр сәт үнсiз тұнжырады. Жапарлар мына қойылған шартты естiп тiлден айырылса, ана екеуi зiл батпан сөздi жеткiзiп, айыпты боп тұр.


— Кешкi сегiздерден кейiн үйге хабарлассын дедi.


Қайта әйел бәрiнен өжеттiк танытты. Құрдымға батқан үш еркектi осы бiр ауыз ләмiмен-ақ шыжымынан ұстап суырып алды.


Ерсұлтан екеуi мыналардың бетiне жапақ-жапақ қарады.


— Қазiр, сабыр сақтаңыз. — Сара жалма-жан сөмкесiн қопарыстыра жөнелдi.


— Өй, жаңа қалтаңа салған сияқты ең ғой. — Күйеуi күйгелектенiп барады.


— Жоқ, сөмкеме салғам, — бүгежектеген қалпы жауап қайырды, — мiне, таптым.


Әйел бiр жапырақ қағаздың бүктеуiн аша бастады.


— Жазып алыңыз.


Жапар сүйкектете жөнелдi.


— Ендi өзiңiздiң телефоныңызды берiңiз, — дедi Сараға.


— Иә, айтайын…


Сөйтiп, деректердi тәптiштеу аяқталды.


— Ал, ендi, ертеңге дейiн хош-саламат. — Жапар қойын кiтапшасын қалтасына салып жатып, негiзгi шаруаға көштi. — Сiздерге рахмет, кiнәмiздi кешiрiп қана қоймай, жәрдемдерiңiздi де аямадыңыздар. Алла жар болса, ақшаларыңызды ертең кешкi жетiде жеткiземiн. Ендi бiз үшiн әрбiр минут қымбат, сондықтан ештемеге қарайламай тап қазiр сапаржайға барып, Алматыға жүрiп кеткенiмiз ләзiм. Сау болып тұрыңыздар.


— Ойбай, о не дегенiңiз, сапаржайға дейiн жеткiзiп саламыз ғой. — Сара шыр ете қалды. Әдеттегiдей күйеуi қостады.


— Машина бар емес пе, отырыңыздар.


Бұлар олардың көрсетпек қызметiне үн-түнсiз келiстi.


VI


Сапаржайға келгендерiнде әдеттегiдей адам жыртылып-айырылды. Жапарлар кассаға бұрылмай бiрден таксилер аялдайтын батыс жақ беттегi алаңқайға тартты. Жарықтықтар тiзiлiп, сонадайдан «мен мұндалайды». Бұларды әудем жерден қалт жiбермей бағып тұрған сойдауылдай-сойдауылдай жiгiттер, жандарына таянғанда:


— Қайда барасыңдар?! — дедi қос-қостан даурығыса.


— Алматыға.


— Келiңдер.


Әлгi лек бұларға қарай тұтасымен сәл лықсып барып тоқталды.


Бұл топтан арытаманырақта «Такси, такси! Кiмге такси керек?! Алматы, Жамбыл, Шымкент! Кез-келген жаққа жүремiз» деп, бiреу жiнiге айқайлап өз бетiнше ары-берi сенделедi. Қарап тұрсаң оның мына кейпi құтты бiр жұмыртқалайын деп мазасы қаша қыт-қыттайтын мекиендi елестетедi. Байқауынша онысы мыналардың айқайшы-жарнамашысы сияқты. Осы елдi бөрлiктiрiп даңғаза көтергенi үшiн де тиын-тебен алатын болса керек. Сондықтан да оның кондуктор деген сияқты «айқайшы» — «крикун» деген жанама аты бар.


— Қай машина?


— Анау асфальт түстес «Ауди». — Сидаң сары орыс жiгiтi тiз қатар тұрған көлiктердiң шет жағын нұсқады. — Қаншаусыңдар?


— Екеумiз.


— Автокөлiкке бара берiңдер.


— Шопыры кiм?


— Мен.


— Жүрмеймiз бе?


— Ендi екi адам керек.


— Бiз асығыспыз.


— Олай болса, машина — үш мың екi жүз теңге. Төлесең, тiптi жақсы, жүре беремiз.


Мына шартқа төтеп бере алмай Жапардың iшi қылп еттi. Қалтасында екеуiнiң жолына жетерлiк қана пұлы қалған едi.


— Басқа, жүрейiн деп тұрған машина жоқ па?


Төңiректi барлап, мойынын соза жан-жағына қарады.


— Бiзде кезек. Жаңа ғана адамын толтырып Алматыға бiр машина кеттi. Қазiр менiң кезегiм.


Осыдан кейiн екеуiнiң сауалы таусылған. Үн-түнсiз әлгi машинаға қарай беттедi. Ең құрымағанда жұмсақ креслоға отырып, салдырап қалған өн-бойына тыным бергiсi келдi.


Көп сарылған жоқ, таксиге жүргiншiлер жылдам толады екен. Ең бiрiншi сырдаңдаған орыс әйелi жеттi. Жас шамасы елулерге таянған, бiрақ көңiлi жас сияқты. Жұтынып тұр. Аяқты қаздаң-қаздаң басады. Шашын сiрестiрiп бұйралап тастапты, екi беттi сүрмелеп бояған. Қасты керiп, кiрпiктi қайқайтып қойыпты. Сирек бiткен қасының шалғайын қарындашпен әдiптеп, кем-кетiгiн қара нәлмен толтырып жiберiптi. Шеңбiрек атқан омырауын мақтаныш көретiндей тырыстыра футболка киiптi, бұтында спорт шалбары. Екi мықыны сыртқа теуiп, мүсiнi мiнсiз бiлiнедi. Бойы да сұңғақ, бiтiмiнiң бәрi осы еңселiлiгiнен әдемi көрiнетiндей байқалды. Әйтпесе, қаптаған орыстың жаман мәтрөшкелерiнiң бiрi ғана тәрiздi.


Келгеннен әр нәрсенi бiр айтып сөйлей келдi. Шамасы анау-мынауыңды ерен көрмейтiн өзiндiк бiр сасық паңдығы бар сыңайлы.


Бұдан кейiн арада бес минут өтер-өтпесте бет-аузында ине шаншар орын жоқ тұтастай тiкенектенген төртiншi клиент жеттi. Екi иiнi салбырап, киiмдерi олпы-солпы көрiндi. Осы ұсқынына қарамай ол да өзiнше бiреудiң шiкiрәсiн пiр тұтпайтын сыңайлы.


Сөйтiп, төртеуi жолға бiрге шықты. Әп дегенше-ақ Қазақстанның шекарасына келiп қалған-тын. Жапар «осылай сыдырта берсе, кәзiр-ақ барамыз ғой» деп iштей қорытқан. Мұнысы өзiне басу айтқаны едi. Онысы асылық болған екен. Қырсық қылғанда шопыр Георгиевка поселкесiне бұрылып, мақалланың әлдеқайдағы бiр түкпiрiне дендеп ене түстi. Бұл өрескелдiгi клиенттерiнiң шымбайына батып бара жатқанын бiлiп, ақтала үн қатты.


— Бағана Алматыға қатынайтын жолдасым аяқ астынан Шымкентке аттанды. Үйiне де кiре алмады. Соны маған жол-жөнекей ескерте сал деп едi, ендi, айып етпеңiздер. — Қақ маңдайында тұрған салонның iшiндегi айнаға қарап, бұлардан кешiрiм өтiнгендей қуыстана жымиды. — Ары кетсе, он бес-ақ минут. Одан артық бөгелмеймiз. Бiрге жұмыс iстеп жүргеннен кейiн… — Сөзiнiң соңын аяқтай алмай тiлiн жұта бөгелдi. Өйткенi оған ешкiм иә «мақұл», иә «жоқ» деген бейiл бiлдiре қоймады. Осының өзi түсiнген адамға түпкiлiктi қарсылық едi.


Әрине, мұны естiгенде Жапар әйнектей шытынады. Әйтеуiр, қырсық айналдырып, кедергi аяғына тұсамысша оралады. Әншейiндегi тiкесiнен түзу жүретiн такси де бүгiн бұра тартып, мұны келеке ететiндей. Бiрақ, ашық қарсылыққа шығып, «машинаны жалдағаннан кейiн Алматыға дейiнгi ендiгi қожайын — бiз, ешқайда бұрылмастан түзу жүр» деп, қиястық танытпады. Өзiн терiсiне сыймай бара жатса да сабырға шақырды. «Пенде болғаннан соң, пенденiң таусылмайтын шаруасы болады. Сондай бiр қыжалат көрген тiрлiкпен бұрылып бара жатқан шығар. Әйтпесе, ту арқасынан аяздай қадалған алты көздiң сұғы бейшараны жай таптырып отыр дейсiң бе» деген бiр көшебелi ойға тiрелдi. Содан кейiн жанын қанша шүберекке түйе бебеулесе де, көнуге бет бұрды. Көнбегенде қайда барады. Азар болса боқтасар, ақшасын алып түсiп қалар. Содан кейiн екi кештiң ортасында кiм мұны барар жерiне дейiн әкете қойсын. Алматыға жетуiн жетедi-ау, бiрақ, қай кезде жетедi? Әңгiме осында. Тектен-текке бiр он бес минутқа бола үш-төрт сағатынан айырылып қалуы әбден мүмкiн. Сондықтан, бәрiне төзуге тура келедi.


Тiсiн тiсiне қойып шыдап бақты. Бiрақ уәделi он бес минут емес жарты сағаттан астам уақыт шопырдың шаруасымен айналды. Ол әлдебiреудiң үйiне кiрiп, әлдебiр нәрселердi алып, әлдебiр шаруаларды қозғап, әлдебiр жайттарға келiсiп рульге зорға отырды. Ендi бiр бес минут бөгелгенде, Жапардың өтi жарылуы әбден мүмкiн едi, бiрақ, жақ ашпауға бар-тұғын. Өйткенi, бүгiнгi ашуы ертеңгi шаруасына қырсық боп жамала ма деп, барлық азапты үнсiз көтердi.


Машина поселкенiң бiр қиыр шетiндегi оқалақ-шоқалақ жолмен iлби зорға жылжиды. Бағанағы осы қарқынмен әп-сәтте жетермiз деген үмiтi өзiн бос алдау екенiн әбден ұғынды. Бойындағы болар-болмас жiгерi түгi қалмай түгесiлгендей көрiндi. Кеудесiн қара тас басқандай тынысы тарылды. «Ауди» асфальт жолмен бауырын жазып жүйткiте жөнелгенде де, ол шапшаңдық мұның уайым жайлаған көңiлiн сергiте қоймады. Тасбақаға мiнгендей талабы шағылды.


Күн байып келе жатты. Бiр жақсысы батар күннiң сәулесi ту сырттарынан түсiп, көз нұрымен таласпайды. Сондықтан жанарым қарығады деп қорықпай алдыға батыл қарауға болады. Iлгерiнi толық бақылай алған адам кез-келген тығырықтан шығып кете алатынына әркез сенiмдi. Мiне, салқар дала арса-арса омырауын жайып тастап, ұзыннан-ұзақ созыла керiледi. Оң жақ қапталдағы жота-жота боп басталған қоңыр таудың етегi тұнып тұрған берекенiң мекенi екенiн анық аңғартады. Ара-кiдiк көзге iлiнiп қалатын жылқы, iрi-қара, соларды көздеп түртiнектеген салт атты бақташы бәрi-бәрi Жапардың көңiлiне сондай жақын. Бiр кезде өзi де ат үстiнде мал соңында жүрген.


Осы бiр сана-түйсiгiне соншама етене бейқам көрiнiс өзiне тартып сәл сергiткендей болып едi, әбден меңдеген уайымы қайтадан болмашы серпiлген көңiлiн сары аурудай сарғайтып жiбердi. Жер өртенсе ел көредi, жан өртенсе пенденiң назары шала қоюы қиын деген осы. Таңы айырыла, тiлi таңдайына жабысып шапқылаған жол шаршатты. Қорғасындай ой одан әрман жанын жаныштап тастады.


Қарап отырса бүгiнде кешегi күнi пышақ үстiнен бөлiсетiн безбүйректiктiң төңiрегiнде топтасқандардың алды министр бола бастапты. Қысқаша қайырғанда рэкеттiк топтардың төбеттерi. Сонда әдiлдiк қайда, «демократиялық қоғам құрып жатырмыз» деп ұрандайтынымыз не? Жұртымыздың елiм деп еңiреп, халқы үшiн көкiрегiмен жер жыртып жүрген азаматтары қайда? Мына бiр бозөкпелер билiк басына қалай келдi? Әрине, ақымаққа да белгiлi —ақшаның күшiмен. Азын-аулақ қана шығын шығарып — тышқанның мұрнын қанатып, сосын соның орнын толтыру үшiн қайтадан жамбасқа бопыр ақшаны басады. Осы жолда «реформа» деген бетперделiк сөздi көлденең тартып, бойындағы барша «өнерi» мен «талантын» жұмсайды.


Тiптi олар «рэкет» деген сөздiң өзiн пiр тұтады. Өйткенi осы тәсiл арқылы бiраз нәтижеге қол жеткiзiп отыр. «Әлi де қол жеткiземiз, «Рыноктық Экономикадағы Келеңсiздiктердi Ертең Түзеймiз» деп, алдарына мақсат қойған. Сондықтан реформаны желеу етiп қара басы үшiн қарайған халықты қан қақсатып, тұтастай елдi сорлатып барады. Сасық байлықты одан ешкiм қызғанбайды да, әттең, қағанағынан қағынып шыққан бәлелер халқының құндылықтарына қол салуда. Келiмсектердiң сойылын соғып, ана тiлiмiздi әдiрем қалдыруға бейiл. Әрi, сол өзiндiк пиғылын iштей ұстанып қана қоймай, ұлтына қарсы ашықтан-ашық қамшы сiлтейтiндер қаншама. Әлгiлердiң түсiнiгi бойынша қайда өмiр сүрсе де бәрi-бiр, тек ақшаны қолдарына уыстап тұрса болды. Ал халқымыздың мүддесi үшiн күрессе, түз төсiнде туғандар ғана күресе алады.


Жалпы, бизнесмендер инфляцияны сүйедi. Неғұрлым ақшаның құны түскен сайын, соғұрлым насаттанады. Өйткенi, мұндай жағдайда өкiметтен алған несиесi елеулi пайыздарға өзiнен-өзi арзандап отырады. Соған қарағанда мемлекеттiң беделi, халықтың тұрмысы оларды онша ойландырмаса керек. Молданың тiлеуi жаман демекшi, бедекшiлердiң де ниетi қарау-ау. Ал, нанның бағасы өскендегi ауылдағы халықтың көңiл-күйiн көрсең… Қанша бала киiмнiң жоқтығынан жаңа оқу жылында мектепке бара алмай қалды. Бұл — тек қазақ халқының басына үйiрiлген зауал. Бұған қазiр назар аударып отырған ешкiм жоқ, тырнақтың көбесiне жаңадан түскен күбiрткi сияқты. Оны қара тасқа шертiп-шертiп жiберудiң орнына, аңысын аңдып, бейтарап қалған жайымыз бар. Соқталы зобалаңның әлi талай жаныңды суырып, ауыртатын кезi алда.


Жапардың көз алдына және бiр көрiнiс елестедi.


Алматының iргесiнен онша қашық емес Кербұлақ ауданының аумағын аралағаны бар. Сонда көргенi, жапан түздегi жалғыз үй малшының әйелi босаныпты. Байқұстың қол-аяғын бауырына алғанына екiншi күн екен. Бейшара әлдекiмдердiң әйелдерiндей алдын-ала дәруханаға барып, жанын сақтамапты. Әрi перзентханадан шыққанында бiр құшақ алқызыл гүл ұсынып, осы бақытты сәтiн ешкiм бейнетаспаға түсiрмейдi де. Оны бүйтiп еш пенде әздектетпес, өйткенi, перзентханаға бармақ түгiлi күнiн көрiп алса жарар. Және де туып жатқан қатынның алды немесе соңы осы ма? Құдай бердi, босанды. Тәңiрiге мұның жаны керек болса, дәрiгер тұрмақ пiрге барса да таусылатын дәмi таусылар едi.


Сондықтан ешкiмдi әуреге салмай қотандағы қой сияқты өз шаңырағында босана берген. Бiрақ етегiне орап алған шикi өкпесiн шаятын сабын жоқ. Амал қанша… Жаңа туған нәрестенi шомылдыратын иiс сабыны тұрмақ, кiр сабыны табылмас шопан байқұстар-ай, қай заманда да жұлының құрттағаны құрттаған… Қыл аяғы қора-қопсысының да сау тамтығы қалмаған. Электр жүлгесi тартылған ұстындарды әлдеқашан жұмыртқадан жүн қырқатындар қиып алып кеткен. Сөйтiп, жапан түздегi жалғыз үй адамзат өркениетiнен мүлде тысқары, мүлде үрейлi.


Жапар екi иiнiнен ауыр күрсiндi, әйткенмен онысын өзi де аңғармады. Тайқылау бiткен маңдайы тырысып, кiрпiктерiне нала кiреукесi iлiнген. Арқалыққа жаурынын тiреген қалпы шалқалай отырып, мұң шарбысы жайлаған жанарын қимылсыз қалдырған.


Нан мен бензиндi жеке адамдарға сатқызуды тоқтату керектiгiне әбден көзi жеттi. Өйткенi, бұл өнiмдер — үкiметтiкi де емес, халықтiкi. Кейбiр ауылдарда iшерге ас жоқ, ашаршылық басталды. Бiзге шынайы репрессия ендi керек сияқты.


Иiрiмдерiне тартып тоқтаусыз жетелеген сұрықсыз сауалдар, беймәлiм әлдебiр нәрсенi қуалап далбасалаған жiгiттi бiрiнен-бiрiне өткере бердi.


Кредит көсегемiздi көгерте ме? Несие алу — теңгенi тұрақтандырудың көзi емес. Жазушы Эрнест Хемингуэйдiң «Я знаю… А вы никто не знаете старик несет вздор. Этот старик только и годится быть на посылках и ходить проводником с иностранцами. Иностранец пришел сюда и хочет сделать то, что пойдет на пользу иностранцам. А расплачиваться придется нам. Я за то, что пойдет на пользу нам всем, я за нашу безопасность» дегенi бар едi. Осы —шындығында да құдайға қараған сөз. Бұл жердегi «старигi» бiз үшiн қоғам өзгергенмен билiктiң басында отырып қалған «көнекөздердiң» жұқанасы сияқты. Жұртқа өтiрiк күлiп, мүмкiндiгi барда сататынын сатып, сосын бiр күнде елiне табанын жалтыратып тайып тұрмақ. Содан кейiн оның татасын өзiмiз тартамыз, түздiң балалары.


Көңiлiн самбырлап сөйлеген әйелдiң үнi бөлдi. Ол бағанадан берi осылай құлшына әңгiменi көйiтiп отырған. Сөйлесiп, ынта-шынтасымен пейiл қойған адамы — шопыр. Әшейiнгi жағдай болса бiрге келе жатқан өңгелерiн жанынан да жүргiзбес едi.


Iлгерi ұмсына түсiп, жүргiзушiнiң құлағына аузын тақап анекдотты әй кеп сапырады. Таксиге сәл кештетiп келiп қалғанына дiңкесi құрып, жыны қозатындай.


Бағана Жапарлар таксишiмен бiтiмдескеннен кейiн Ерсұлтан бiрден аяқты көсiп жiберiп алдыңғы орынға жайғасқан. Содан соң жылы орнын бiреуге берсiн бе. Әрi, милиция емес пе, кәсiби ұғымы бойынша ол алдыда болуы тиiс. Тәртiп солай.


— Бiр жаңа қазақ алты жүзiншi «Мерседеспен» келе жатыпты. — Әйел осы сөздi айтты да елден бұрын өзi сыңсып күлiп алды. Не үшiн буынын жоғалтқаны беймәлiм, әлде, келемеждiң оқиғасы керемет пе? — Жолда оны МАИ тоқтатыпты. Инспектордың қасында кәдiмгi пингвинi бар екен. «Қайда барасың?» деп сұрапты жаңа қазақтан. «Алматыға». «Олай болса, мына пингвиндi зообаққа апар» дептi жолдың құдайы. «Жарайды, проблема жоқ» деп келiсiптi қонақжай жұрттың өкiлi сөзге келместен. — Әйел тағы да сыңғытып күле жөнелдi. Шопырдың да езуi екi құлағына жетiптi.


— Содан.


— Содан… Бұл оқиға түске қарай болса керек. Түстен кейiн әлгi инспектор «Достық» даңғылының бойында тұрса, манағы алты жүзiншi «Мерседес» Медеу жақтан ағызып келе жатыр дейдi. Тани қойыпты. Сосын жалма-жан ала таяғын шошаң еткiзедi. Сол-ақ екен машинаның доңғалағы жер тiстей тоқтайды. Iзiнше жаңа қазақ кабинадан шығады, жүргiншi жағынан пингвиннiң төбесi көрiнедi. Сырт пiшiмi дирижерге ұқсас неме екi жағына кезек бұлтаңдап келе жатыр дейдi. Мәз. Екi қолында екi балмұздақ. Қазақ та мәз. Мұны көрген инспектор бiрден дүрсе қоя берiптi. «Әй, неғып мынаны зообаққа апармағансың?» дейдi зекiп. Сол заматта жаңа қазақ: «Апардым, басеке! Зообақты араладық, ендi Медеуге барып келе жатырмыз» дептi.


Салонның iшiн құйымыр неменiң құйқылжыған күлкiсi алды да кеттi. Шопыр да кеңкiлдеп, жетiсiп қалды. Бұған әшейiнде бiр ауыз сөздi құр жiбермейтiн Ерсұлтан үндемедi. Ал, Жапар, мына сықақ намысын шымшыласа да тексiз немелердiң әжуасына тiл қатпады. Тек «салдақының аузына басқа ұлттың аты түспедi ме екен, ә-ә» дедi iшiнен.


Ымырт үйiрiлдi. Әлi де табан астын толық бағдарлауға болатындығына қарамастан, кейбiр қарсы жолыққан машиналар жарығын қосыпты. Алматының да шамы жана бастаған. Мiне, бес-он минуттан кейiн бұлар қалаға да кiредi. Бiреулерге азапты жолдың ауыртпашылығы кейiн қалып, арқаны кеңге жазатын уақыт таянған шығар. Ал, Жапар үшiн аламантасырға толы қиямет сүргiн алдында тұр. Бiрақ, iстi неден бастарын жобалай алмай дал боп келедi. Уәденi беруiн бердi, ендi ертең кешкi жетiге дейiн алты мың доллар ақшаны қайдан алмақ? Көктен сауа ма, жерден қаза ма? Ол әзiрше бiр құдайға ғана аян шаруа. Ондай нық шешiмдi кiмге сенiп айтқанын өзi де бiлмейдi.


Жаныға күйгелектенгеннен бе, жасар айласының жоқтығынан ба, мақсатсыз сағатына қарады. Бес минутсыз сегіз. Яғни, мұның жиырма үш сағат бес минут мұрсаты бар. Осы уақыт iшiнде бiр қаракет iстей алмаса, онда ешкiмге өкпесi жүрмейдi. Сара кешiрiм жасаймын деген арызын жыртып тастауы мүмкiн, керiсiнше Сапардың басына басқадай қосымша бәле-бәтердi үюi де әбден ықтимал. Бәрiн күтуге болады. Iстер тiрлiгiңдi осы аралықта тындырып, шаруаны бiтiруiң керек. Одан кейiнгi сөз сөз емес, одан кейiнгiңнiң барлығы бос далбаса.


Миы шанышқылай жөнелдi. Сол қолымен маңдайын ұстады. Осы қалпы ұзақ уақыт сұлқ отырып қалды.


— Менi үшiншi Ақсайдан түсiрiп кет. — Жолшыбай әйелдiң үнi тың, Алматыға жеткеннен кейiн тiптi құнжың қағады. — Вася, саған рахмет. — Бұл мәңгiрiп отырғанында екеуi әлдеқашан танысып үлгерiптi. — Сондай жылдам, сондай жайлы жеттiк, жол азабын тартқан жоқпыз. Қол-аяғың жеңiл екен. Телефонымды бiлесiң, хабарлас...


«Пәлi, телефонына дейiн берiп үлгерiптi», оны қашан айтқаны мұның жадында жоқ.


— Мен «Арман» базарына дейiн барамын, — дедi бетi көкаяз неме мiңгiрлеп.


Қарап отырса, бәрi бiр бағыттың үстiнде. Ең соңынан Ерсұлтан екеуi түсетiн боп шықты.


Әйел межелi жерiне жетiп, бұлармен хош айтысып қалғаннан кейiн салон да, тыныс та кеңейiп сала бердi.


VII


Ерсұлтанды үйiне апарып сап, өзi он екi мүшесiн салдыратып босағадан зорға аттады. Бұл кез сағат тiлi тоғызға таянған мезгiл-тұғын.


Аяғындағы туфлиiн сыпырып, курткасын лақтырып тастады да, аптап үстiндегi ұзақ айдаудан қаталап кеп құдыққа заулаған шаңырақ мүйiздей, ешқайда мойын бұрмастан бiрден телефонға ұмтылды. Күйеуiнiң өңi адам танығысыз бұзылғандықтан ба, Бибi қапелiмде бiр ауыз сөз қата алмады. «Қалай барып келдiң, не болды?» деуге де батылы жетпедi. Тек состиған күйi ерiнiң кiре берiстегi тумбаның үстiне тастап кеткен сырт киiмiн алып, жоғарыға iлдi. Осы кезде қос бiрдей кiшкенелерi де төбелерi шошайып зал үйден iркес-тiркес шыққан едi. Әкелерiнiң өрт сөндiргендей ұсқынын көрiп, екеуi де босағада селтие үрiккен көжектің кескiнiне ендi. Әншейiнде жұмыстан үйге кiргенде танауларынан иiскейтiн папасы, бүгiн бұларға көңiл де аудармады. Өзiмен-өзi жаны шыжғырыла телефонның құлағын бұрап жатыр.


Осы көңiлсiздеу көрiнiстен кейiн бе, қызының шашы селдiреп, әлденәрседен секемал алғандай әрi сол дүдәмал дүниеге өкпелiдей аузы бұртия қалыпты. Ұлының көздерi бақырайып, бұрын бойы үйренбеген мына тоң мiнезге жанары жасаурай назар аударған. Мұрынын елеусiздеу екi-үш мәрте тартып қойды. Беймәлiм бiр жаманшылықты екеуiнiң де iшi бiлiп, содан кейiн жетiмсiрей жасығандай.


Бибi кiшкенелерiн:


— Жүрiңдер, былай барып отыралық, — деп, қайта залға қарай алып кеттi. — Шырай, сен сабағыңды оқып бiттiң бе? Кел, тағы бiр қарап шығайықшы.


Осы аралықта күйеуiнiң «алло» деген барлығыңқы үнi естiлдi.


— Сәлеметсiз бе! Сапар бар ма екен?


Қайнысының атын естiгенде келiншек ерiксiз елеңдедi. «Сапары несi, ол қамауда отыр емес пе?» деп ойлады iшiнен.


— Жарайды, онда мен жайырақ тағы да бiр хабарласамын. Сау болыңыздар…


Ептеген тарсылдаған дауыс шығарып, телефон тұтқасының қайтадан ершiгiне қойылғаны бiлiндi. Осы кезде келiншек орнынан түрегелiп ерiне қарай жүрдi. Жапардың өңi жүдеу көрiндi, екi иiнi салбырап салы суға кеткенiн аңғартады. Не былай, не олай өтпей, iргеге сүйелген тұлыптай телефонның қасында сөлбiрейедi.


— Жүр, қолыңды жуып тамағыңды iш, дастархан әзiр.


Күйеуiнiң бетiне қарап осыны айтты да, өзi бөгелместен ас үйге беттедi.


Тамаққа зауқы соқпады. Тек үш-төрт шыны сүт қатқан қою шай iштi, онда да мейiрi қанып iшпедi. Пышақтың жүзiнде отырғандай жүрегi қылпылдады да тұрды. Әлгi телефон соққаннан кейiн және бiр сағатқа жуық мезгiл өткеннен соң, қайтадан Бiшкектi тере бастады. Сәтiн салғанда осы жолы тергеушi үйiнен табылды.


— Сәлеметсiз бе, Сәке! Мен, Сапардың ағасы Жапармын. Алматыдан арнайы өзiңiздi iздеп барып, сiзбен жолығыса алмай кеттiм. — Баяндайын деген ойы тұздай уатылып, сөзi кiбiртiктей шықты. — Бiрақ, сiз тарапынан айтылған жылы сөздi көңiлiме медеу тұттым. Рахмет, менi көрмей жатып жәрдем қолыңызды созғаныңызға. Бәрiн Сара арқылы бiлдiм, ол кiсi де бiр үлкен жүректi адам екен. Иә, айыптымыз. Бiз жақтан келеңсiздеу кемшiлiк кеттi. Әрине, айыбымызды жуамыз. Ертең кешке сағат жетiлерде, құдай бұйыртса, бүкiл имандылық-материалдық шығынды алып, өздерiңiзге барамын. Тек iстi тоқтатып, бауырымды шығарып берiңiз. Сiздiң айтқаныңызға толығымен келiстiм. Ал, оны босатуға негiз болуы үшiн қандай қағаздар керек?


Бiр сәт Жапар тұтқаны құлағына ұстаған қалпы мелшие тыным тапты. Ара-кiдiк «иә», «мақұл» деген тақiлеттес жеке сөздердi шолақ қайырады. Бiр кездерде барып ар жақтағы адаммен жылы қоштасты. Содан кейiн iзiнше қайтадан телефонның құлағын айналдыра бастады. Көп ұзамай «қайырлы кеш, Байқал» деген даусы шықты.


— Иә, жеттiм… Рахмет… Аман…


Осындай үзiк-үзiк сөздерден кейiн Сараны сұрады. Шамасы, әлгiнiң әйелi дәл қасында тұрса керек, Жапар онша көп бөгелiссiз сөзiн жалғастырды.


— Тергеушiмен сөйлестiм, сiздiң айтқаныңыздың бәрiн бұлжытпай қайталады. Әйтеуiр «босатып беремiн» деп тұр, осы жақсы сөзiн жарым ырысқа жоримын.


Жәбiрленушi жақпен көп қазбалап сөйлеспедi, бар таптап айтқаны ертең кешке қалайда Бiшкекке жететiнi туралы болды. Содан кейiн болар-болмас саябыр тапты. Онда да теңселе басып барып залдағы креслоға шалқасынан түсiп отырды. Басын кекжитiп арқалыққа желкесiн тiредi. Өне-бойының дел-сал салдырап, табанының удай ашығанын ендi бiлдi. Бiр сәт бұл дүниенiң күйбеңiн есiнен шығарғысы келдi. Бiрақ әсте де олай жасай алмады. Бәрiн ұмытпақ боп өзiн-өзi қанша зорлағанмен, бiр бәле май iшкендей жүрегiнiң басында кiлкiп тұрып алды. Әбден таусылды, күйзелдi. Күйзелу қайланың сарқылғанында кеулейтiн «сезiм» екенiн мықтап ұғынды. Ендеше ол жұлымыр неме Жапарды әлдеқашан жеп бiтiрген едi. Бәлкiм сондықтан болар осылай құты қашқан қалпы ой қуып, елес қуып өз-өзiнен сөйлей бастады. Ерiндерi жыбыр-жыбыр етiп, ар жағындағы ұғынықсыз үн күбiрге ұласады. Көзiн кiлгiрте жұмып, әлдебiр жалған дүниенiң бозамығына сiңiп бара жатыр едi.


— Машинаны автотұраққа қойып па едiң, ұйықтап барасың ғой, — деген әйелiнiң үнiнен селк етiп қайта берi оралды. Бiрден көзiн ашып, басын көтердi. Қарсы алдында Бибi бұған сүзiле қадалып, назарын байлапты. Бұл неге екенi белгiсiз, бiрден жүзiн тайдырып әкетiп, бетiн сол алақанымен умаждай сипалады.


— Машинаны кепiлдiкке Бiшкекке тастадық.


Басқадай ештеме айтуға шамасы жетпедi, зауқы да соқпады.


— Жат онда, науқастанып қалған жоқсың ба, өңiң қашып тұр ғой.


Бұл Бибiнiң сауалына жауап қайырмай, қарсы сұрақ тастады.


— Балалар қайда, ұйықтап қалды ма?


— Иә, түннiң жарымы болмады ма?


Осы кезде ақшаны қайдан алуы керектiгi жөнiндегi ой ендi ғана миына сақ етiп жабысты. Жантәсiлiм еткенде жебейтiн бiреу бар. Бiрақ оны туыстары жан-жақтан талап, әбден қажытып бiттi. Соның бәрiн бес саусақтай бiле тұра, мазаламасқа лажы жоқ.


Ол жаны ашып, қол ұшын созатын ет бауыр жақыны — Сүлеймен. Әкенiң тәрбиесiн көрген, өзi де жаратылысынан аңғарлы. Одан басқа ешкiмге үмiт арта алмайды. Әрине, ұят. Ұят болса да…


Орнынан самарқау көтерiлдi. Денесiн ауыр қозғап телефонға жеттi. Құдай қолдағанда ұялы телефонын өшiрмептi, көп күттiрмей ар жағынан үнi естiлдi.


— Ассалаумағалейкүм! Қалдарың қалай?


— Қал нашар, — дедi бұл.


— Айыптаушы жақпен сөйлестiң бе?


— Сөйлестiм, алты мың доллар сұрап отыр. Ертең кешкi жетiге дейiн уақыт бердi, оған үлгермесек, бiттi.


Екеуi де тiлсiз құмықты. Арадағы болар-болмас үнсiздiк Жапарға тым ұзаққа созылғандай көрiндi.


— Онда, — әңгiмеге бiрiншi Сүлеймен көштi, — таңертең ерте офисте жолығалық, сол жерде бұл мәселенi шешемiз.


— Жарайды.


— Жақсы.


*** *** ***


Сүлейменнiң осы бiр ауыз ләмi бойына соншалық мол күш бергендей дүр сiлкiнiп, серпiлiп сала бердi. Жаңағыдай емес өзiн қунақы сезiндi. Сосын «қой, демалайын, ертең мұнан да әлеует жұмыс күтiп тұр» деп iштей топшылап, жатын бөлмесiне беттедi. Әйелi бұл жатып қалғаннан кейiн де жыбырлап, түртiншектенiп әлдебiр үйiшiлiк тiрлiктермен алданып жүрдi.


Әлгiнде жастыққа басы тиiсiмен көзi iлiнiп кететiндей көрiнiп едi, керiсiнше, соңынан құлғанадай қалмай иектеген ой тағы да жабағыны ортаға алып талқыға салған итқұстай тұс-тұстан қаумалады. Содан кейiн-ақ зiлмауыр тартып айқаса бастаған кiрпiктерi салмағынан ажырап, көзiн жұмса да қайыра iлiнбедi. Ештеме ойламауға тырысып баққанымен, сәлден кейiн тағы да бiр жел қуған ебелектей әлдебiр баянсыз алдамшы дүниенiң соңынан дедектеп бара жатады. Әбден ебiл-дебiлi шығып, сүрмелi тiрлiктiң түйткiлiне жауап таба алмай титықтап қинала булыққанында барып, жалған дүниеге бекер арамтер боғаны есiне оралды. «Түй, жаңа ғана ештеме ойламауға бекiп едiм ғой» деп, келесi жамбасына аунап түстi. Бiрақ, көзiн қыстап жұмғанымен көңiлi тағы да мына кеңiстiктi қияндап шыға бердi. Оны өзi де байқамады.


Неге тағдыр осыншама азапқа салғанын бiлмейдi. Соңына iлескен iнiлерiнiң соншама ақымақтықтарына iшi қазандай қайнайды. Елге қарасаң, бәрi үлкенiнiң айтқанын тыңдап, бiрбеткей тiрлiк кешуде. Не де болса жақсылыққа, iлгерiге ұмтылуда. Айрандай ұйып, береке-бiрлiктерi жараса қалған. Олардың ең бiрiншi ойлайтындары — ата-аналарына жаманшылықтарын көрсетпеу, шамалары жетсе тек қызыққа кенелту, рахатқа бөлеу. Ал, мұның бауырлары неге сонша түйсiксiз, дәртесi қысқа жаратылғанына қайран. Қарап отырса бәрi бiр қап, бiр саптан шыққан. «Алдыңғы доңғалақ қалай жүрсе, соңғы доңғалақ солай жүредi» деп айтып қазақтың шатасқан жерi осы екен. Соңғы доңғалақ бiр iздiлiктен шығып кетуi мүмкiн, керi кетуi де ықтимал. Бiрақ, қазақ жоғарыдағы уәжiмен болар-болмас алжасса да, соңыра ол кiнәратын тұтастай түзеп жiберген. Әрине, өмiрден алған сабақ арқылы: «бiр биеден ала да туады, құла да туады» дептi. Рас, осы құдайы сөзге келгенде Жапар жеңiлiс табады. Жеңiлiс табады да, iнiлерiнiң кiнәраттарына кешiрiммен қарайды. Жаратқанның ұйғарымымен о бастан алапес боп туса мұның жасай қоятын не қайласы бар? Өкiнедi, бармағын шайнайды. Бармағын шайнағанмен не пайда — адам бауырды сатып алмайды, жаман екен деп бiреу жақсы бауырын бермейдi. Ит болса да солардың түскен шалшығына түсiп, солардың күйген отына күйедi. Әттең, амал не, тiрлiктен түйiрдей де жақсылық көрсете алмай келе жатқан шешелерiне, мiне, тағы да бiр «сый» тартпақ. Тек, бәрi жабылып әзiз анасын тiрiдей өлтiруге айналғандарына iшi қара қазандай қайнайды. Iшқұса болса — осы уайымнан iшқұса. Iшкенi алдында, iшпегенi артында боп ең қызық көретiн жасына жеткенде, ұлдарының арқасында бiрыңғай зауал тартып келедi. Қашанғы тарта бермек…


Тағы да өзiнiң көзi бақырайып ояу жатқанын аңғарды. Уақыттың бiразын текке ысырап жасағанына, ертеңгiлiк мылжа-мылжасы шығып, басы зеңитiнiне iшi удай ашыды. Ерiксiз күрсiнiп, келесi бүйiрiне қарай дөңбекшiдi. Сонда барып байқады, Бибi де орнына жайғасыпты. Ол қашан келiп көрпеге тұмшалана қымтанғанын тiптi бiлмептi де.


Басын жастыққа қойып, дүн-дүниенi ұмытуға тырысты. Өзiне-өзi осылай уәде бергенiмен заматында сайтан ойдың соңынан жадыланып, су бетiндегi қалтқыдай қалқи ағып кетiп бара жатқанын байқады. Оның соңынан бiржола елiтiп, тереңiне батпай тежелгенiне қуанды. Бұл да болса табандылықтың бетi. «Ендi бұдан былай сан қабат иiрiммен аққан әбiлеттiң толқынына ұрынбас үшiн не жасаған рауа?» деп ойлады. «Таптым. Санайын, сөйтiп жатып көзiмнiң iлiнгенiн байқамаспын» деген тұжырымға тоқталды. Осылай iстесе ұйқысы қашқан адам ұйықтайды дегендi бiр жерден оқығаны бар. Жанарын жұмып, iштей санай жөнелдi: бiр, екi, үш… алпыс жетi… жүз жиырма төрт…


…Бұлар неге тым азғындап кеткен? Әйем құдайдан жатпай-тұрмай ұл сұрағанда аяғы осылай болсын деп сұрады ма? Жоқ, әрине. Ала жiптi аттамайтын адал, жiгерiн шарыққа қайрағандай намысшыл, тiрлiктiң көлденең шыршуына мойымайтын қажырлы перзент сүйсем деп армандамады ма? Неге ендi әкенiң осы тiлегi қабыл болмайды? Ұлдары шетiнен жасық, қолдарынан бiр iс тындыру келмейдi. Бұл аздай бәрi түйсiксiз. Ал, әкелерi ше? Етiнен ет кесiп алса да қыңқ демейтiн нағыз ерен едi. Өмiрдiң небiр құйтұрқысын көрген, соның бәрiне қасқая қарап тұрып төтеп берген. Төтеп берiп қана қоймай, тас-талқан етiп жеңiп шыққан. Әрi соның бәрi санасына мәңгiлiк терең iзiн салып кетсе де, сол бiр зауал шақтарды ешкiмге бiлдiртпедi. Өмiрден опық жеп, тұтастай ғұмырында қасiрет арқалап кеттi. Сол қасiретiнiң iшiнде жасындай жарқылдаған ақиық армандары болмады ма… Сол армандарына ұлдары арқылы жеткiсi келдi, өзi шықпаған биiктерге ұрпағының көтерiлгенiн қалады. Ал, бiз ше? Әке аманатын арқалауға ешқайсымыз жарамадық: көкжасықпыз, босбелбеумiз. Мұның бәрi құрысыншы, сүйекке таңба боп түсетiнi — жол торыған қарақшымыз. Ойымыз да, ниетiмiз де қарау. «Қараусың… қараусың… қараусың… қараусың…»


Әлдекiм құлағының түбiнен осы сөздi дамылсыз айтып, үстiне төнiп тұрғандай көрiндi. Кенет басын жұлып ап, төңiрекке құлағын түрдi. Сонда байқады, ұйқы мен ояудың ортасында жатыр екен. Жаңағы дыбыс тiптi айқындала түскендей көрiндi. Ендi анық бағдарлады, телефон дамылсыз шырылдауда. Орнынан апыл-ғұпыл түрегелiп, аппарат тұрған кiре берiске қарай жүгiрдi. Осы кезде Бибi де кеудесiн көтерiп мұның соңынан қарап қалды.


— Алло!


— Жапар!..


Жiгiт шешесiнiң дауысын бiрден таныды. Үнiнде күйзелiстiң iзi бар. Жан дүниесi ақпандағы аяздай қақап сала бердi.


— Тәте, халдерiң қалай?


— Халi бар болсын. — Демiн тереңнен алып барып тоқтады. — Құрып қалдық қой, құрып… Ана, Сапардың жайын естiген шығарсың. — Нұрғанымның көкiрегi қарс айырыла күрсiндi.


— Естiдiм. Барып қайттым. — Лекiп кеп қаған ашуын барынша бүркемелеп бақты.


— Соның жаманатты хабары құлағыма тиiсiмен жаным қыстығып, байыз таппадым. Танагүлдiң үйiне тарттым, қазiр сенiмен Қапалға келiп сөйлесiп тұрмын. Ауыл тынды ғой, тынды. Басың ауырып, балтырың сыздаса хабарласа қоятын телефон да жоқ. — Екпiндете сөйлеп, соңын алқынып барып бiтiрдi. — Не дейдi, не бiтiрдiң, ненi бүлдiрiптi?


— Иттiгiнен тауып отыр.


— Иттiгiнен ұрынса да, ендi бiр қайласын жасамайсың ба?! — Үнiне зiл iлесiп, зекiре сөйледi. — Өзiм бара қоятын, тiптi, бөтен ел екен.


Шешесiнiң соңғы сөзiне не күлерiн, не жыларын бiлмедi.


— Жасап жатырмын, тәте. Бiрақ, ол қаншалықты нәтижелi болатынын бiлмеймiн. Шаруаны жайғау үшiн ақша керек, менде ондай қаражат жоқ.


— Қанша сұрап отыр?


— Алты мың доллар.


— Ол бiздiң ақшамен қанша?


— Шашың жетпейдi.


— Ендi қай бетiмдi айттым… Бiр амалын тауып, шығар.


— Иә, мен сол Қырғызстанның сотымын. — Жапардың шамы қозды. — Қолымнан келгеннiң бәрiн жасап жатырмын, ендi қайт дейсiң? Әрмен қарай келмес қапасқа жiбермесiн деп, машинамды кепiлдiкке берiп, ертең кешке дейiн мұрсат алып оралдым. Жерден қазсам да сол ақшасын апарып беруiм керек.


— Олай болса, — шешесiнiң үнi аяқ астынан бекiнiп, қатқыл шықты, — ертең барып, машинаңды ал да қайт, ештеме жасама! Сапарды шығарамын деп бiрдеме iстесең, әрекеттенсең құдай бар ғой, жолың ешқашан болмасын, жарай ма?! — Тепсiнiп, қаһарына мiндi. — Жолың болмағыр…


— Жарайды, жарайды.


Өз шешесiнiң мiнезiн бес саусағындай бiле тұра, болмашы ұстамдылыққа шамасы жетпей шырт ете қалғанына өкiндi. Сөйткенiнше Нұрғаным тұтқаны тастай салды. Өзегi өртенген жiгiт мембрананың үзiк-үзiк дыбыс берiп, бебеулегенiн құлағына бiраз ұстап тыңдап тұрды да, тұтқаны ершiгiне қойды.


Сағат бұл кезде екiден асқан-тын. Ерi мойнына кетiп, төсегiне беттедi.


Ақыры ұйқысы ұйқы болмады, таң атқанша дөңбекшумен шықты. Соңғы екi күнгi жол азабы да тырапай асырып алып ұрмады. Түсiнгенi, қажығаннан уайымның уыты күштi екен, ұйықтатпады. Содан кейiн алтыдан кете тұрып алды, жолға әзiрлендi. Бүгiнгi ең алғаш бастаған iсi, қалтасындағы қалған пұлын санады, бар болғаны үш жүз теңгенiң о жақ, бұ жағы. Үйге нан алатын ғана ақша қалдырды. Сосын ертемен қараңғылықты жамылып, қалғыған көшеге беттедi.


VIII


Ат басын тiрер жерi Төле би мен Әуезов көшелерiнiң қиылысы едi. Оған жаңа сапаржай арқылы бармаса, басқадай ретi жоқ.


Троллейбусқа мiніп, межелi тұсқа да келiп жеттi.


Тым ерте болғандықтан ба, әншейiнде адам ығы-жығы қаптайтын сапаржайдың төңiрегi де таздың шашындай селдiр. Әр-әр тұстан шашыраған шанжау-шанжау кiсiлердiң төбесi көрiнедi. Тротуардың бойымен бастары қалтаңдай үш-төрт алланың пендесi тәңiрiнiң айдауымен дедектеп бара жатты. Солардың соңғы жағын ала Жапар да iлби iлескен.


Күздiң дымды күнi сүлкиген қабағын ашпай түнерiп тұр. Дәуренi таусылған сары жапырақтар аяқтың астында шашыла сапырылысады. Түнде жауын жауған ба, әлде шықтың нәлiнен жер соншалық ылғалданған ба, кейбiр жапырақтар асфальтқа жабысып қалған. Кенет Жапардың назары жол жиегiндегi ағаштың түбiнде елеусiз отырған ер адамға ауды. Алдына әбден ластанған әлдебiр жұрын шүберектi жайып тастап, қырық бiр шөптiң басы — құмалағын үш жiкке бөлiп қойыпты. Әдетте бұл кепке қартамыс жандар енетiн едi, ал мынау — тепсе темiр үзетiн отыздардың жуан ортасындағы жiгiт. Сүйек бiтiмi де iрi көрiндi. Бiрақ, көз алды көгiлдiрленiп, жағы суалып жүдеу кескiнде бұған телмiре қарады. Бастапқыда «күн көрiс немесе түндегi iшкен арағынан басы ауырғанын жазу үшiн отырған бiреу ғой» деп топшылаған. Сөйттi де мұндай таңсық емес көрiнiске ден қоймай өте берген, тек оның жастығы мен таң атпай жол күткендiгi көкейiне ой салды. Оқыс, «құдай әдейi осыны маған ұшқастырып тұрған шығар, пал аштырайыншы» деген пиғыл санасында қылаңытты. Сол-ақ екен кiлт бөгелiп, керi бұрылды. Ерiнбей, әлгiнiң қасына таянып келдi. Ол жасаураған жасық жанарымен бұған үрке қарады.


— Құмалақ ашасың ба?


— Ашамын.


— Бiр тартқаныңа қанша аласың?


— Өзiңiз бiлесiз қанша ұсынсаңыз да… құдай берекесiн берсiн. — Мыж-мыжы шыққан шүберегiнiң шетiн домбыққан қолдарымен жаймалап, қыртысын жатқызған болды. Бiрақ онысы мұның бұл өнбес iсiне көнетiн емес.


Жапар ендi байқады. Жаймасының астында картон бар екен, шүберегiнiң төрт бұрышын таспен бастырып қойыпты.


Жiгiттiң көңiлiн екiұдай сезiм биледi. «Пал аштырып, жолымды байқап көрсем бе екен» деген ниет бой көтердi. «Өз алдыңды өзiң кестiрiп қайтесiң?» Онысына екiншi бiр iшкi үн басу айтты. Ақыры, санасына орнығып қалған бiрiншi пиғыл жеңдi. Сәл ойланып барып:


— Бiр мәрте құмалағыңды тартып жiбершi, — дедi беймәлiм жанға тiкесiнен-тiк тұрған қалпы төбесiнен төнiп. Осы сөз аузынан шыққаны мұң екен пiдiрәна пенде аллаға мiнәжат ете жөнелдi.


— Иә, он сегiз мың ғаламды жаратушы тәңiрiм, қара аққа алмасып келе жатқан тұстағы айтар сөзiме дуа бере гөр.


Мынау иесiнен адасып, қаңғыбастыққа ұшыраған иттей ұсқынсыз мiскiннiң алғашқы сөзi өне-бойын ду еткiздi. Шынтуайтында да құты қашқан мүсәпiрдiң бiрi болса да, түбi тегiн еместей көрiндi.


— Қаят нұрыңнан пендеңдi қағажу етпе,


Көпiрме сөздi көйiтер ақ азу етпе.


Пейiштен шыққан қойымның құмалағы едiң,


Ашылмай келген әлi күн ғажабы көпке.


Перiште тiлмен сөйлешi, тiнiмдi жарып,


Ете гөр менiң пейiштей түнiмдi жарық.


Жақсылық қана шыққайсың көмейден күмбiр,


Алғайсың келiп шатассам тiлiмдi қарып.


Бiссiмiлларахымаллаһи, иә раббым, жар бола гөр!


Көкке көтерген күректей алақанымен бетiн сипады да, дүрдiк ерiндерi жыбырлап, әлденәрсенi күбiрлеген қалпы iсiне кiрiстi. Төңiрегiндегi мына тiршiлiктi бiржола ұмытқандай. Қабағы керiлiп, кейде түйiлiп өңiнiң өзi мың құбылып сала бердi.


Жаңа онша пейiл қоймай тұрған Жапар жүрелеп, құмалақшының аузына кiрiп кете жаздап отырғанын бiр-ақ аңдады. Ол керiсiнше мұның бар-жоғын мүлде қаперден шығарғандай, әрi-берiден кейiн құрғақ сөзден қайыр іздеген пенденің бары не, жоғы не бәрiбiр сияқты көрiндi. Өз бетiнше лағып, тоқтаусыз күбiрлейдi. Сәлден кейiн Жапар төңiрегiндегi өтiп жатқан жұрттан қысыла бастады. Ал, мына беймағлұм жан құлан түзде жападан-жалғыз қалғандай, осы жалғыздықтан жетек ұрғандай шалықтап отыр. Ендi байқаса басын шұлғып, денесiмен iлгерiндi-кейiндi изеңдей бастапты. Көзi жұмылып, тәттi бiр сарынның буына елтiгендей мүлгидi.


— Асығыс жолға жиналып барасың.


Бiрден мұның мақсат қойған iсiнен бастағанына жiгiт тiксiне селк еттi. Сонда да сапаржайдың маңында жолығысқаннан кейiн әдейi «жолға жиналып барасың» деп тұспалмен айтқаны шығар деген пиғылмен бұл нақтылықты онша ерен көрмедi.


— Жолға шыққанға дейiн алдыңда алақұйын сапырылысқан шапқылас тұр. Бұрын-соңды көрмеген, бiлмейтiн адамдармен қым-қуыт жолығысасың. Соның бәрiнде олармен араларыңда бәтуаға келу, бiтiмдесу тiрлiктерi болатын сыңайлы.


Жүрiсiнен жаңылған жорғадай осыны айтты да кілгiрiп, басын кейкиткен қалпы сiлейiп қалды. Әлден уақытта беталды күбiр-күбiр ете бастады. Соған қарағанда мұны былай қойып, өзi әлдекiммен тiлдесiп кеткен. «Иә, иә» деп басын изеп, тағы да теңселiске көштi. Ал жiгiттiң бар ындыны палшыға құлап, төңiрегiндегi тiрлiктi ол да ұмытты. Жаңағы ары-берi өткен адамдардан шiмiрiккенi үштi-күйлi жоғалды. Екi көзi беймағұлым пенденiң кескiнiнде.


— Әрине, жүрегiңе қатты бататын кесел бар, жаның осы тұрғанда содан қыстығып тұр. Бiрақ ол кеселдiң нендей дерт екенiн бiлмедiм. Әйтеуiр, бүгiн кешке көңiлiңе алған шаруаң бiтедi. Бiр күннiң iшiнде бiр ай, қала бердi бiр жылда бiтпейтiн iс тындырасың. Айбының үстем, десiң перен. Дегенмен, жолға өзiң межелеген мезеттен әлдеқайда кешiгiп шығасың. Соған қарамастан барған жағыңда да iсiң оңғарылады.


Жапардың төбесiнен бiреу мұздай су құйып жiбергендей тұла-бойы тұтасымен түршiге тiтiрендi. Арқасында мыңдаған құмырсқа жыбырлап жүргендей шымыр-шымыр етедi. Бұл ненiң құдiретiнен екенiн өзi де аңғара алмады. Бiр сәт әр қимылын қалт жiбермей аңысын аңдыған құмалақшыны да қаперiнен шығарып алғандай, мына тылсым дүниеде жападан-жалғыз қалып қойыпты. Селт етiп есiн жиып, әлгi пақырға тесiле қарады. Дәл алдында көзiнiң асты көгiлдiрлене домбыққан, iшкiлiктен миы сынып, басы ауырып, құты қашқан бiр жұрын отырды. Жаңағы құдiреттi кескiн-келбетiнен заматында айырылған. Тiптi, мұның есiн алып, басын айналдырған сөздi айтқан мүлде бұл емес сияқты. Оны тәңiрi қолма-қол осынау пақырға алмастыра қойғандай.


Жапар ендi ғана айналасына көз салды. Адам қарасы әп-сәтте қоюланып, көшедегi көлiктер де судағы нақан балықтардай лек-легiмен шоғырлана жүйткидi. Былайғы тұрысының ерсi екенiн бiлiп, жалма-жан жан қалтасынан жүз теңгелiктi суырып ап, құмалақшының қолына ұстата салды.


— Рахмет, айтқаның келсiн!


— Әумин.


Жiгiт аяғын жүдемдете басып, ұзай бердi.


*** *** ***


Офиске келгенiнде тас бекiтулi қара есiкке маңдайы тiрелдi. Сол кезде ғана уақыттың қай мезет екенiн шамаламақ боп, сағатына қарады, сегiзден ендi кетiп барады. Осы заматта есiктiң iшкi жағынан бiр дыбыс бiлiндi. Кiшкентай желдеткiшке ұқсас темiр сыдырмасы ашылды да, оның арғы жағынан ежiрейген көз көрiндi. Iзiнше:


— Сiзге кiм керек? — дедi өктем үн.


— Әлi кеңсенiң иелерi келген жоқ па? — Тым ерте екенiн бiлсе де, ұялған тек тұрмастың кебiмен жорта сауал тастады.


— Тоғыздарда болады.


Осыны айтты да ағаштың дiңiндегi iнiне зып берiп кiрiп кететiн тиiндей, жылжымалы тосқауылды тез жаба қойды. Тағы да офис аузы-мұрны бiтеу отауға айналды. Сонда барып кеңседе қарауылдан басқа жан-пенде жоқ екенiн түйсiндi. Лажсыз босағаға телмiрмей, арытаманырақ жылжыды.


Әуезов пен Төле бидiң қиылысы бiрдемде ызы-қию шу мен ары-берi өткен жүргiншiге лықа толыпты. Бұйығы қала сапырылысқан қызу тiрлiктiң ортасына айналған. Тұс-тұстан дедектеген жұрт, жан-жақтан анталаған машина бiрден көзге ұрады. Әйтеуiр, барша қауым асығыс. Барлығы бүйтiп жапа-тармағай ұмтылып, дiттеген жерге бүгiн бармаса, күллi дүниеден құр қалатын сыңайлы.


Жапар жан қалтасынан темекiсiн шығарды. Тұтатты да қою түтiндi бiр-екi құныға жұтып жiбердi. Сосын сенделiп iлгерi жүрдi. Қарсы маңдайынан жайлап ескен күздiң сызды желi өңiрi мен етегiн делеңдетiп өттi. Ерқашты жылқыдай қабағын шытынды. Теңселе басып, әудем жер ұзап барып қайтадан керi бұрылды. Осы қалпымен кеңсеге келiп тiрелдi. Сағатына қарады, әлi ерте. Тағы да терiс айналды. Межелi тұсқа барғанда қайтадан керi қазығына қайтатын арқандаулы аттай, тротуардың қос жиегiндегi шоқ талдың қатары сирей бастағанда соңына бұрылды. Осы қалпымен осы аралықты кемiнде бес-алты рет жүрiп, бес-алты тал темекi тартқан шығар. Тура тоғызда табанын кеңсенiң табалдырығына тигiздi. Әлi ешкiм келмеген екен, әйткенмен есiк ашылыпты. Қарауыл iшке кiрiп отыруға мұрсат бердi. Содан бес-алты минут өткенде барып алғашқы қызметшiнiң төбесi көрiндi. Бұл — қашан да арсалаңдап жүретiн етжеңдi бiтiмдi Әлмұрат едi. Ол көрген бетте:


— Жәке, қал қалай? — деп, қолын ұсына ыржия бердi.


Оның бұлай iш тартатыны Жапар мен екеуiнiң әйелдерi бiр облыстан, екеуi бiр-бiрiне «бажалармыз» деп әзiлдесе, iлтипат танытатын. Әлмұраттың келiншегi де мұны көрсе «жезде» деп қоятын.


— Қалай, бажеке, үй-iшi тегiс аман ба, балдыздың қалi жақсы ма?


Жапар осы сөздi айтып болғанынша Әлмұраттың кең құшағына көмiлiп қалды. Неше күнгi жапа шеккен жүрегi бiр түрлi елжiреп кеттi. Мынандай алғаусыз көңiлмен әлпештеген iлтипатты көптен берi көрмеген едi.


Өстiп дел-сал болып тұрғанында Әлмұрат:


— Бажеке, саспа, iнiшектi шығарып аламыз, — дедi бұл жайынан толық хабардар екенiн аңғартып. — Керек сомасы алты мың дедi ме? — Осы жағын нақтылай түсуге ұмтылып, үйелменiмен үңiле қарады.


— Иә, алты мың. — Жапар абдырай тiл қатты.


— Кешке дейiн жасаймыз. — Тiптi сөзi нығыз, өз-өзiне сенiмдi.


— Сен оны қайдан естiдiң?


— Түнде Сүлейменмен сөйлескенiңде, бiз қасында болғанбыз, сол кезде бұл шаруаны тындырудың жартылай жобасын сызып қойып едiк. Жүр, iшке кiрiп әңгiмелеселiк.


Бұлар абажадай кiреберiстен түпкерi жылжыды. Сол жақта екiншi қабатқа көтерiлетiн баспалдақ бар екен. Әлгiмен жоғары өрлеп, ұзыннан созылған дәлiзге тап келдi. Соны бойлап жүргенде екiншi есiк осылардың отыратын орны боп шықты. Кеңсенiң қайда екенiн сырттай бiлгенiмен бұрын-соңды Жапар мұнда бас сұқпаған едi.


Әлмұрат ыңылдай әндетiп, алдыда өзi жүрдi.


Жапар бұл жiгiттiң осы тоқ көңiлiне әрқашан ырзашылықпен сүйсiнетiн. «Ешқандай проблемасы жоқ па екен» деп те ойлайтын. Бүгiн де жолдасының сол әдетiнен жаңылмағанына iштей қуанышты.


Ол есiктi ашып жатып:


— Сол заматында шефтан тапсырма алдық, — деп, тыңнан бiр әңгiме бастады. — Он тонна қант қазiр базарға шығарылады. Бәсекелестердiң қатары сейiлетiн тұс қысқа қарай сатамыз ба деп қорытқамыз. Оған қажеттiлiк туғаннан кейiн текке ұстап қарап отырамыз ба?..


Столдың басына жайғасып жатып, «дұрыс емес пе» дегендей бұған салихалы көзбен қарады. Жапар тиыш жүрмей, әлдекiмдердiң iсiне кедергi жасағанына жаман қуыстанды. Сондықтан болар ләм деп ауыз ашуға сөз таппады. Не мақұлдарын, не жоқ дерiн бiлмедi. Осындай тығырыққа тiрелгенiнде Әлмұраттың өзi оны тұйықтан алып шықты.


— Бұған қосымша екi машинаны сатыңдар деп тапсырды.


Бұл тiптi Жапардың күтпеген уәжi едi, көзi бағжаң етiп шарасынан атқып кете жаздап:


— Не үшiн? — деп қалды. Тамағы да қарлығыңқырап, үнi қырылдай естiлдi. Жаңағы ыңғайсызданғаны бекер екен, мынау одан да сорақы көрiндi.


— Он тонна қант бiр күнде өте қоймайды ғой. Қазiр базар толған — қант. — Әлмұрат мүлде сабырлы, өңiнен титтей де қынжылудың табы бiлiнбейдi. «Есемiз әлдебiреулерге кетiп жатыр ғой» деген пендешiлiк қынжылудың ұшқыны да жоқ, құдды бәрi осылай болуы керек тәрiздi. — Сондықтан қолымызға нақты ақша түсiретiн жолдарды қарастырдық. Мiне, қазiр, тоғыздан асып барады, — тоқ бiлегiндегi сағатына бiр үңiлiп қойды, — бiзге мұрсат кешкi жетiге дейiн ғана берiлдi ғой. Солай емес пе?


— Солай…


— Ендеше, ары кеткенде беске шейiн ғана уақытымыз бар деп есепте. Сонда бар болғаны он, он бiр, он екi… — саусақтарын бүгiп санай бастады, — сегiз сағатқа толар-толмас. Осы аралықта алты мыңды жинай қою деген оңай шаруа емес, бiрақ жинаймыз.


Жапар бұл шаруаны бiр кiсiнiң тындыратын iсi емес екенiн әу баста-ақ түсiнген. Дегенмен, соншама адамға салмақ салатынын бiлмептi.


— Ол қандай машиналар? — Елеусiз сауал тастады.


— Жаман машиналар емес, жылдам өтуi тиiс. — Бажасы автокөлiктердiң жақсы екендiгiне, сондықтан кез-келген көрген көздiң қызығушылығын тудыратынына бiр түрлi қуанатындай, насатты. — Әрi әлденеше арзан бағаға беремiз.


Жапардың жүрегi тағы да май iшкендей лық ете кiлкiдi. Бiреулердiң сорын қайнатқанына iштей өзiн күстаналады. Әлмұраттың әлi өңi өзгерген жоқ, сол қалпы екпiндете түстi.


— Екеуi де осал маркалар емес, бiреуi — 230-ыншы ақ «Мерседес», екiншiсi — күмiс түстес 929-шы «Мазда». Кластары жоғары, супер салон, бәрi автомат…


Оның сөзiнiң соңын естуге шамасы жетпедi. Миына бiреу бiз сұғып ағандай басы зыңылдады. Соншама қымбаттың дүниесiн босқа бергендей арзанға үлестiру обал-ақ. Осындай әрекетке баруға бұларды итермелеп тұрған нақ өзi екенiн бiлiп, жерге төбесiмен кiрiп кете жаздады. Әттең, тек тесiк табылмады, тесiк табылғанда әлдеқашан жетi қабат жердiң астында жатар едi. Бұдан әлдеқайда сол жеңiлiрек...


Осы кезде телефон байбалам сала шырылдады. Осынау тосын шыққан үн мұны ұйқысынан оятқандай болды.


— Да-а. — Әлмұрат маңғаздана даусын созды. — Сәлем… — Әлдекiммен қысқаша амандасты. Сосын арғы беттегi кiсiнiң уәжiн тыңдай тосылды. Ол әлдебiр жайттардан бұған мағлұм беретiндей. Бұл «иә… дұрыс… сөйтiңдер…» деген сияқты сөздердi шолақ қайырып отырды. Бiр кезде барып қана:


— Жетпегенiн мына қоймадан алыңдар тездетiп, содан кейiн бәрiн көтерме бағамен жiберiңдер. Ұқтыңдар ғой… — Сәл iркiлдi. — Онда қузаңдар.


Қысқаша осындай пәрмен бердi де тұтқаны кертiгiне қоя бердi.


— Жiгiттер ғой, ана қоймадағы қант шамалы қалған, соны базарға апарып тастапты, қазiр осында келедi. Алаңдама, кешке дейiн ол соманы шығарамыз.


Мұның ұнжырғасы салбырағанын «ақша табылмай қала ма?» деп уайымдады деп түсiнсе керек, осындай басалқы сөз айтты.


— Жоқ, ендi алаңдамаймын, бiрақ осынша дүниенi мен үшiн далаға тастағандай көрiп отырмын.


— Оған еш қысылма. Дөкей тапсырма бердi, бiз орындауымыз керек.


— Бiлем ғой, сонда да еңбекпен тапқан нәстенi босқа рәсуа етiп...


— Ой, дүние бүгiн — бар, ертең — жоқ. Ал, бауырдың жөнi басқа. Басымызға бұлт үйiрiлгенде одан қауымдасқан түрде құтылу — әуелден қалыптасқан тiрлiгiмiз. Еш қысылма, осында жiгiттердiң шаруасын шешу үшiн қаншама машина жiбердiк. Жинаған дүниемiз өзiмiзге қызмет етпесе, оның қажетi қанша?


— Түсiнемiн ғой бәрiн, сол дүниенi жинауға менiң титтей де қатысым болған жоқ қой.


— Бажеке, сен де баланың сөзiн айтады екенсiң, Сүлеймен бауырың жүр емес пе?


Жапар осы кезде сөзден тосылды.


— Қазiр Темiр келедi, ол машинаны алушылармен сөйлесуге мiндеттенген. Содан кейiн бiз де мұнда отырмай iске кiрiсiп, клиенттерге көлiктердi көрсету үшiн қалаға шығамыз.


Мына айтылған жайттың бәрi жақсы, әйтсе де осы дүниенi құрау үшiн маңдай терiн төккен жiгiттердiң сорын бұл сопақ астай қайнатып жатқандай сезiндi. Әрi, Сүлейменнiң төңiрегiнде жүрген азаматтардың бәрiн жақсы танитын едi. Олар көрген жерде жандары қалмай құрақ ұшады. Жаңағы есiмi аталған Темiр де — сондай жiгiттiң бiреуi.


Жан қалтасынан темекiсiн алды. Тұтатқан күйi бiр бұрқ еткiздi де, орнынан түрегелдi. Кабинеттiң iшiнде iлгерiндi-кейiндi жүрдi. Сонда байқады, төр жақта тағы бiр есiк бар екен.


— Мында кiм отырады?


— Дөкей.


Жапар барып тұтқасын тартып көрдi. Есiк айқара ашылды. Жұтынған әдемi кабинет. Қайтадан жаба салды.


— Сүлеймен сағат он бiрлерде төбе көрсетедi, оған дейiн шаруаны бiр ыңғайластырып қоюымыз керек.


*** *** ***


Жапар жалғыз емес екенiн ұғынды. Содан ба терең күрсiндi, онысын өзi де байқамады. Бiр түрлi кеңсiрiгi ашып, адасқан лоқсық тамағына тығылды. Оны аңғартпауға тырысып жайлап басып терезеге барды да, сыртқа қадалып тұрып алды. Немере iнiсiнiң азаматтығына iшi елжiреп, жаны сүйсiндi. Егер ол көпшiл болмаса, мыналардың бәрi маңайына шоғырланар ма едi. Әрине, жоқ. Және қашан да Сүлеймен туыстарға қол ұшын берiп, жәрдемдесiп жүргенi. Жалғыз өзi оншақты отбасын асырап отыр десе артық айтқандық емес. Осының бәрiне ықылас, пейiл таба бiлетiн мұндай iштi жiгiттер өмiрде сирек. Сол сиректiң бiрi өз туысы болғанына Жапар марқайып қалды. Кешегi ұнжырғасы түскен кейпiнен әлдеқайда қунақы көрiндi.


Осы кезде есiк ашылды. Жапар керi бұрылды. Темiр табалдырықтан аттап, iшке кiрiп келедi екен.


— Сәлем, бауыр! Үй-iшi тегiс аман ба? — Кiшiлiк танытып, құшағын айқара ашты. Жапар да оны кеудесiне басты.


— Аман, аман. Өздерiң қалайсыңдар?


— Жақсы.


Содан кейiн барып ол Әлмұратқа көңiл аударды. Онымен де төс түйiстiрдi.


— Түнде қаншаға дейiн болдыңдар? — дедi Әлмұрат оған.


— Сендер кеткеннен кейiн көп ұзамай бiз де қайттық, онша қызықты ештеме байқалмады.


— Қазiр қайдан келесiң?


— Аналармен сөйлесiп… олар қазiр автотұраққа барады. «Сонда жолығысамыз» деп айттым.


— Кеттiк онда, жүрелiк.


Әлмұрат бiрден шаруаға кiрiстi.


— Кеттiк.


Сол-ақ екен үшеуi апыр-топыр сыртқа беттедi. Далаға шыға берiс тұста Жапар және бiр топ таныс жiгiттердi ұшырастырды. Бәрi әбiгер кейiпте сияқты. Олардың сықпытынан осы жердегi қоймаға, қант алуға келгенiн топшылады. Әлмұрат:


— «Ең аз көтерме бағамен сатылатын қанттың көлемi он қап» деп қасарыспай, бiр қап болса да бере берiңдер, — деп шегелей тапсырды. — Тездетiңдер, және сағат сайын хабарласып, шаруаның беталысынан мағлұм етiп отырыңдар.


— Жарайды.


— Бiз шамалыдан соң қайта осында боламыз.


— Мақұл.


Үшеуi лағыл қызыл 100-iншi «Аудиге» мiнiп, «Ақсайды» бетке ұстап тартты. Әлгi сатылатын «Мазда» сол жақтағы автотұрақтардың бiрiнде-тiн.


Ә дегенше-ақ, ұшыртып жаңа сапаржайдың тұсына iлiктi. Әлмұрат етжеңдiлiгiне қарамастан машинаны әуелден ширақ жүргiзетiн. Кәзiр де иiнтiрескен көлiктердiң арасына сынаша қағылады. Кейбiр тұстарда бағдаршамның қызыл көзiне де тоқтамай, зу ете қалады. Онда да төңiрегiн жiтi шолып, ешқандай кедергiнiң жоқтығын әп-сәтте бағамдай алатындығынан. Қысқасы, өзiне сондай сенiмдi, әйтпесе әлдеқашан көлденең кесiрге арандар едi.


— Iнiшектер еркелiк жасап қойып па?


Темiр соңына мойнын бұрып, арт жақта отырған бұған әзiлдей сауал тастады да ептеп жымиды.


Әдетте бұл — кез-келген нәрсеге салқынқандылықпен қарайтын жiгiт. Қоян-қолтық араласпағаннан кейiн Жапар өзi iштей солай топшылайды.


— Еркелегенде қатты еркелеп…


— Әй, ештеңе етпейдi, ағасы болғаннан кейiн бәрiнiң еркелегiсi келедi де…


— Мына жерде ме едi?


Бұлардың ендi басталған әңгiмесiн Әлмұраттың сауалы бұзды.


— Иә, осында. Бiрақ, өкпе тұсынан төте кiретiн жол жоқ, сондықтан «Электроника» зауытына дейiн жақындап барып керi бұрыласың.


Төле би көшесiмен трамвай жүретiн желi тартылғандықтан кез-келген жерiнен бұрылып кетуге қолайсыз едi — бiр жақты. Сондықтан арнайы жерден өтпесе, релске барып асылып қалады. Әйтпесе, қозғалыс ережесiн сақтауға дәл қазiр бұларда құлық жоқ. Темiрдiң «Электроника» зауытына дейiн барамыз» дегенi сондықтан-тұғын.


Көп ұзамай машина кiлт бұрылып, келесi қапталдағы жарыса созылған жолмен керi салды. Онымен де бауырын жазып көсiлмей әудем жер барысымен тiзгiндi оңға тартты. Қатарласа жатқан екi қақпаға жетелеген кiшкене тақ-тақтың оң жақтағысына түстi. Бұл — автотұраққа апарады екен де, келесiсi техникалық стансасына тiрейдi екен.


Дарбазадан өтiсiмен тағы да оңға тартты.


Кiре берiс аузы соншалық тар боп көрiнгенiмен, iшiне енгенде қолтығы кең жатқан үлкен мекемеге тап келдi. Ұзыннан-ұзақ созылған қатар-қатар лапастар жасалыпты, ана басы мен мына басына винтовканың оғы ғана жетсе жетер. Әрi оны-мұны қоятын ләвкелерi жоқ демесең, бұлар әдеттегi сауда базарларының шатырлы жүлгелерiне ұқсайды. Күннiң көзiнен, қар мен жауыннан қорғайтын осы жабықтың астында сұғынып-сұғынып небiр көлiктер қаңтарылған. Арасында бөкселерi салбыраған, қанаттары қиқайған жаман-жәутiгi де бар, олар көбiне Ресейдiң шығарған өнiмдерi. Әлгiлердiң ортасында азуын айға бiлеген сүлiктей шаншылған кереметтерi де тұр. Түстерi де әр алуан. Сыртқы пiшiнiнiң өзi бiр асқан паңдықты аңғартады.


Тереңге дендемей бiр-екi қатардан өткен соң Әлмұрат тежегiштi басты. Үшеуi серейiп-серейiп көлiктен түскенде жан-жақтан арпылдай анталаған бiр қора ит жеп жiбере жаздады.


— Кет-ей!


— Жат!


— Жоғал! — деп жапа-тармағай зiлдене жекiдi. Бiрақ оған ығатын шәуiлдектер жоқ, шамалары жетсе балақтан iлiп қалмақ. Тiсiн тiстерiне қойып, жер бауырлап кеп шабаланады. Арасында арбиып дүрегей овчаркалар да жүр.


Осы кезде ендi бiр қатардан кейiн тұрған әлгiндей ұзыннан-ұзақ созылған күнқағардың қасындағы дүңгiршектен шыққан екi кiсiнiң ыпыны көрiндi. Олар мына қожалықтың бақташылары екенi айтпай-ақ бiлiндi. «Қожайындармыз» дегендей қимылдары самарқау. Әлгi жыртылып айырылған арсыздарына да салғырттау зекiдi. Сол-ақ екен жауша атойлаған өңкей ынсапсыздар тайынып, құмыға арпылдап барып, бiрте-бiрте тыйылды. Содан кейiн ғана «кермедегi» темiр тұлпарларды қарауылдаушылармен тiлдесу мүмкiн болды.


— Вася, қал қалай? — дедi Темiр.


— Ел қатарлы.


Жағасы мыж-мыж, өңiрi алқам-салқам кержақ қолын ұсынды. Жанындағы күйелеш-күйелешi де күректей алақанын соза бердi.


— Бiздi iздеп ешкiм келген жоқ па?


— Әзiрше ешкiм. — Ұсқынына қарамай жер әлемдi ұстап тұрғандай екi қолын қалтасына салып шiренген Вася басын шайқады.


— Машинаға ешкiм тиiскен жоқ па?


— Кiм тиiссiн? Жаңағыларды көрдiң ғой, түнде одан да көбейедi. Бiреу-мiреу жоласа, жарып жейдi. — Өзiнiң соншалық әлеуеттiлiгiне насаттанғандай, сап-сары ыстанған тiстерiн көрсете ырқ-ырқ күлдi.


— Жарайсың, күзет солай болуы керек. — Темiр оған дем берген қалпы «Маздаға» қарай беттедi. Әлмұрат пен Жапар да оның өкшесiнен iлестi. «Мазда» бергi шетте екi-үш машинадан кейiн ғана қаңтарылыпты.


Жапар оны сыртынан көргеннен-ақ сұлулығына сүйсiндi. Пiшiнi ерекше — ендi де ұзын. Көгiлдiр күмiс тақылеттес екен, қас жүйрiктей тұқиып тұр. Сондай келiстiлiгiмен сонадайдан «мен мұндалап» көрер көзге тап салады. «Мынандай «тұлпарға» мiнiп жүрудiң өзi керемет қой» деп ойлады iшiнен. Ал, салоны мүлде ғажап — нағыз қаракөк бекзатылыққа лайықтылығын танытады.


«Мазданың» есiгiн ашып, бұлар ары-берi айналдырып қарап жүргенде қызыл «Аудидың» жанына тағы бiр көлiк жапсарласа тоқтады. Сол-ақ екен иттер қауға тиген өрттей дүрк көтерiле шабалана жөнелдi. Үшеуi де дыбыс шыққан жаққа көңiл аударды.


— Келдi ғой.


Темiр баяу ғана тiл қатты. Сөйттi де онысыз да айнадай жалтыраған әйнектерiн сүрте бастады.


Жаңағы машинадан түскен екеу бұлардың қасына таянды. Сырықтай-сырықтай орыстың екi жiгiтi. Бiреуiнiң қап-қара мұрты бар. Жылы амандасты. Содан бiрден «тауарға» ықыластары ауды. Шыр айналып ең бiрiншi сыртқы нобайын бағдарлады. Сосын капотты ашты, екеуi екi жақтап iшкi құрылысына шұқшиды. Ары шұқыңдады, берi шұқыңдады, әйтеуiр, ұзақ айналдырды. Ара-арасында өздерi әжiк-күжiк сұқбаттасып, Темiрге де бiрлi-жарым сауалдар тастады. Ақырында, қоятын ешқандай кiнәрат таппай қай жылғы екенiн қайыра сұрады.


— Жiгiттер, көрiп тұрсыңдар, соңғы модельдердiң бiрi — шыққанына не бары бес жыл. — Темiр шытына қабағын кiржиттi.


— Бес жыл мерзiм деген, бұлар үшiн түк емес. — Әлмұрат гүр еттi. Әшейiнде әзiлкеш жайдары жiгiт, мұндайда мұз құрсана қалады. Мұны Жапар бiрнеше жерде байқаған.


— Иә, иә…


Екеуi қарсы уәж айтпай жарыса бастарын изедi.


— Құжаттары дұрыс па?.. Қуғын-сүргiннен аман ғой… — Қара мұрттысы қадала қарады.


— Оған қам жемеңiз, мiне құжаттары! — Әлмұраттың көздерi құтырған бұқаның көздерiндей қанталай талаурады. Шалт қимылдап төс қалтасынан бумажнигiн суырып ап, iшiнен қатталған қағаздарды алып шықты. — Мынау, машинаның техникалық құжаты, ерiнбей-жалықпай ондағы көрсетiлген цифрларды матордың нөмiрiмен салғастырыңдар. Ал, мынау, менiң атыма жазылған сенiм хат, сатуға толық құқым бар. Мiне — төлқұжатым, мұны да сенiм хатпен салыстыруларыңа әбден болады. — Осылай тәптiштеп, әрқайсына жеке-жеке тоқталды. — Осы машинаға қатысты ендiгi маңызды қағаз, МАИ мекемесiнен алынған «iздеу салуда жоқ» деген анықтама. Бәрiмен мұқият танысуларыңа толық мүмкiншiлiктерiң бар. Бiрақ, жаңағы сөздерiң артық, әлде бiз әлдекiмдерге ұқсап тұрмыз ба?


Мұндай құнтақтылықты күтпеген екеуi қапелiмде абдырай айыптарын жуып-шаюға тырысты.


— Жо-жоқ… Дегенмен, нақтылық жақсы ғой.


— Дүдәмал сауалдың басын ашып алғандарың да дұрыс. — Темiр оларды ыңғайсыздықтан құтқарып жiбердi.


— Нақты қаншаға бересiңдер?


— Үш мың.


— Екi мыңын қазiр, бiр мыңын кейiн берулерiңе де болады, — деп түзедi Темiр. — Өте арзан… Шұғыл түрде ақша керек, сол үшiн ғана сатып жатырмыз, әйтпесе…


— Мен сiзбен толық келiсемiн, мынандай машина қай жерде де қымбат. — Мұрттысы сөйлеген қалпы тағы да еңкейiп, машинаның арт жағынан астына үңiлдi. Шамасы, кенжiрдiң тесiлген-тесiлмегенiн байқайын деген болар.


— Оталдырып көрелiк.


— Әлбетте.


Темiр машинаға беттедi. Қара мұртты жүргiншi жағынан таянып iшiне отырды, приборларды байқамақ. Iзiнше матор гүр ете түстi.


«Мазда» әуелде автоматты подсостың ықпалымен сәл күшене гүрiлдегенiмен, кейiн қызып алғаннан соң үнсiз ағатын терең судай «мылқауға» айналды.


— Ешқандай әңгiме жоқ екен, — дедi бағанадан берi аузына су ұрттағандай мелшиген екiншi орыс.


— Бiз түстен кейiн екi мыңды алып ораламыз, — дедi мұрттысы. Оның тықақтауына қарағанда, негiзгi алмақ осы тәрiздi.


Бұл кезде Темiр екеуi де салоннан сыртқа шығып, машинаның қасында тұрған едi.


— Жақсы, тездетiңдер. Алматы үлкен қала, бүгiннен қалсаңдар кешiгулерiң мүмкiн. Маған қай клиент ақшасын бұрын ұсынса, мен кiлттi соның қолына ұстатамын.


Темiрдiң мұнысы көпе-көрнеу өтiрiк едi. Иә, рас, Алматы үлкен қала, бiрақ бұлар ешқандай жерге хабарландыру бермеген. Машина сату туралы байламды кеше Жапар телефон шалғаннан кейiн Сүлеймен жасаған. Әйтпесе бұл жiгiттер үстiнен тиын-тебен түсiрiп жүрген автомобиль саудагерлерi емес.


— Оған дау жоқ, бiрақ, бiз олардың бәрiнiң алдын орауға тырысамыз. — Мұрттысы жымиып күлдi.


— Оны сендердiң жылдамдықтарың көрсетедi. — Темiр «Мазданы» өшiрiп, пультпен есiгiн құлыптады. — Менiмен қалай хабарласуды бiлесiңдер, пейджерге хабар жiбере саларсыңдар. Бәрi дұрыс болса — машина сендердiкi, осы жерден айдап алып кетесiңдер.


— Келiстiк онда, байланысқа өзiмiз шығамыз.


Әлгi екеуi құрақ ұшып, бәйек қақты.


Содан кейiн нақты бiтiм жасалғандай қол алып қоштасты. Сөйттi де бұл топ екi машинаға бөлiнiп мiнiп, демде iзiм-ғайымға айналды.



Үшеуi салып-ұрып офиске қайтып оралғандарында уақыттың өзi бiраз межеге таянған-тұғын. Бағанағы қап көтерiп жүрген жiгiттер үштi-күйлi. Екiншi қабаттағы кабинеттiң есiгi де тас бекiтулi. Бұлар кеткеннен берi жан баласы кеңсеге аттап баспағанға ұқсайды.


Жапар сағатына қарады, он бiрге бес минут бар. «Қазiр Сүлеймен де кеп қалар» деп топшылады. Жаңа әлгiлермен саудаласып жүргенде жүрегiне түскен салмақ болмашы ыдырап, өзiн сергек сезiнген. Ендi мына төрт қабырғаға тығылғаннан кейiн бе, ескi дертi қозып, қайтадан кеудесiн керней бастады. Бастапқыда бәрi ыңғайына келе кетердей көрiнiп едi, жаңағылардiкi де жәй бұларды алдаусыратып жүргенге ұқсады.


— Жәке, сусын iшiңiз.


Темiр бұған шыныға құйылған «Кола» ұсынып жатыр екен. Сол кезде барып өзiнiң кенезесi кебе шөлдеп отырғанын аңғарды. Бұған дейiн қалай байқамағанына қайран. Темекiнi тарта-тарта тiлi мен таңдайы да әбден қуырылғанға ұқсайды.


Әлмұрат әлдекiммен қағанағы қарқ, сағанағы сарқ қалпы телефонмен әңгiменi көйiтуде. Екi иығы селкiлдей күлiп, әлденәрсеге өзiнше мәз. Дәу де болса тiлге тартып, ынтыға шүйiркелескенi төменетектi сияқты, сөзi майда — майлы қасықша жылпылдайды. Үнi де сыбызғының дыбысындай сызыла қалыпты. Әшейiнде Жапар оның осы күлкi шақырар кейпiн әжуалар едi, дәл бүгiн оған зауқы жоқ. Мына пошымына салқын ғана езуiн тартты. Iшiне сыймай көмейiн керген мардымды уәж тiлiне оралмады.


Сусынды бiр-ақ екпiнмен сiмiрiп сап, ыдысын қайтадан Темiрге ұсынды. Ол қайыра ылқылдата толтырды. Жапар «Коланы» аузына апара бергенде түбiнен қайнап шығып, әуеге секiрген кiшкене бүртiктерi езуiне қонды. Ендi жаңағыдай құныға бас қоймай, шынының ернеуiне самарқау ернiн тигiздi. Бiр ұрттап, орындықтың арқалығына шалқайды.


Есiне түндегi шешесiнiң сөзi оралды.


Неге мұны сонша күстаналағанын әлi түсiнбей дал. Осы уақытқа дейiн жеке қара басы үй-iшiне зардабын тигiзiп, уайымға салып, татасын тартқызған емес. Қандай қиыншылық болса да, нендей кесiрлерге ұшырасса да, бәрiн жалғыз жүрiп жеңуге тырысты. Жеңдi де. Бiр абұйыры, жаманшылығын анасының құлағына тигiзген жоқ. Жаманшылық дейтiн де алып бара жатқан ештеме емес, сонда да тiрлiктiң кәкiр-шүкiрiн естiсе мазаңдау ана жүрегi бiр орнында байыз тауып тұра алмас едi. Сары уайымға салынатыны екiбастан. Өмiрдегi қиын нәсте — уайымның мүжiгенi, осы кеселден өзi шешесiн қорғаштауын қорғаштап-ақ бақты. Бiрақ, қолынан келмей жатыр, iнiлерi бiрiнен кейiн бiрi мұның көкейiне түйген ардақты арманына қарсы балта сiлтейдi. Осындай әлпеш көңiлмен жүргенде анасынан «жолың болмасын» деген сөздi естуге лайық па едi? Неге айтты екен шешесi? Бiр кезде «әрең көрген Жапарым» деушi едi, «бүкiл қыздар осы қарғамның жолында құрбансыңдар» деушi едi… Жаны мұрнының ұшына келiп қыстыққан шығар. Әй, осылар-ақ таусып бiттi, онысыз да арса-арсасы шыққан шешелерiн ажалынан үш күн бұрын өлтiретiн болды. Өңкей мақаупестер неге осыны ойламайды екен?..


Ауыр күрсiндi. Сол кезде ғана өзiнiң мына жолдастарынан жырылып, басқа әлемнiң аралына жападан-жалғыз тентiреп кеткенiн бiлдi. Сағатына қарады — он бiр жарымға таяныпты. Жан қалтасынан темекiсiн алды.


— Сүлеймен келмедi ғой, — дедi Әлмұрат.


— Кейде таңға дейiн шаруалармен жүрiп қалатыны бар едi, ұйықтап жатқан болар.


— Онда аналарға «Мерседестi» көрсетелiк, звонда.


— Түске дейiн шефтi келмейдi деп ойлайсың ба? — Темiр оған қарсы сауал тастады.


— Келсе, күтер. Уақытты текке өлтiрмей барып қайталық, егер олар дайын болса. Кiм бiледi, түстен кейiн шұғыл шешетiн тағы да бiр шаруалар шығатын шығар.


Темiр телефонның құлағын алып, ноқаттарды тере бастады. Iзiнше әлдекiммен сөйлесе жөнелдi.


— Тимка, адамдарың қайда? Түндегi айтқан бiрiншi Алматы жаққа жiбер. — Дауысы үзiлiп қалды, дегенмен көп iркiлмедi. — Иә, иә. Машина сонда. Бiз, мiне, сол жаққа кетiп барамыз, жиырма минуттың шамасында боламыз. Жақсы.


Тағы да үшеуi апыл-ғұпыл атқа қонды.


Қай кезде де қаланың көшесi машинадан бiр арылмайды. Күндiз тiптi құтыра қағынады: жыртылып-айрылып, бiр-бiрiне қыр көрсетiп, жолды кесе ойқастайды. Егер оған төтеп бере алмасаң, көпе-көрнеу көлденең көк аттылардан қағажу көрiп қаласың, алдыңды орап, қолтығыңды жаздырмайды. Есек мiнгендей итiнiп, баратын жерiңе төзiмiңдi сарқып жетесiң. Ол аздай, кейде, ала таяқ ұстаған әкiреңбайлар жолды жауып, сiдiгiң сарғайғанша жiпсiз байлап жiбермейдi. Әлден уақытта ылыққан итше шұбырған әлем-жәлем бiр лек қиқулата өтiп бара жатады. Шетелден келген делегация — мемлекеттiк деңгейдегi жоғары лауазымды меймандар. Сондықтан жол берiп, шаруамыздан қалып қарап тұруымыз тиiс. Өйткенi олар баламыздың баласына кетер көп-көп инвестиция әкеле жатыр.


Осындай кедергiлер ұшыраспаса, машинаға бiрiншi Алматы деген сөз бе, тәйiрi… Жаңағы Темiр айтқан жиырма минутта дiттеген жерден табылуы әбден мүмкiн.


Құдай сақтағанда ондай тосқауылға ұшырасқан жоқ. Дегенмен де тамырдағы ұйыған қандай көлiктердiң легi иiн тiрескеннен ағызып кете алмай кiбiртiктеп, дәмiл-дәмiл тiзгiн тартуға тура келдi. Құдды бiр атты ауыздыққа сүйеп шапқандай, ешкiмнiң қолтығын сөге көсiлуге мұршасы жетпедi.


Жапар сары уайымға салынып, тағы да сайтан көбелектей қалбалақ қақты. Кенет бұ дүниеге қайта оралып, төңiрегiн бағдарлағанда қай тұста келе жатқандарын аңғара алмай, қайраны таусылды. Әйтеуiр машина қысқа-қысқа көшелермен дәмiл-дәмiл оңға-солға бұрылып, қайдағы бiр үйлердiң арасына дендей сiңiп барады. Бiрiншi Алматы екенiн бiледi, ал нақтысын топшылау қиынға соқты. «Е-е, менiң есiм шығып қалған екен ғой…» дедi iштей өзiнiң ептеп алжаса бастағанын мойындап. Бiрақ, сыртқа тырс етiп тiс жармады.


Бiр үйлердiң қасына тоқтады. Әлгi үйлердiң маңы бiтеу гараждар. Сол гараждың алдында бұларды тағы да бiр мыжырайған екi орыс қарсы алды. Бiреуi бiрден мән-жайды баяндай жөнелдi.


— Сiздердiң келе жатқандарыңызды айттық, қазiр хозяйка кiлттi әкеледi.


«Хозяйка» дегенi ол нендей әйел, мұндағы тұрған шынтуайтында кiмнiң машинасы — Жапарға беймағлұм. Бар бiлетiнi, ұрлық немесе қылмыстық жолмен келмегенi, оған сенiмдi. Тапса бұл жiгiттер, адал еңбектерiмен, қайсарлықтарымен, әдiлдiктерiмен табады. Жұртшылықтың iшiндегi түйiнi шешiлмей жүрген мәселелердi дабыра қылмай тiгiсiн жатқызатын осылар. Бiр жақтың шағымдануымен, келесi айыпты деген азаматтармен жолығысып, мән-жайды солардың аузынан естiп, екi жақтың әңгiмесiн екшеп барып, түбегейлi шешiм жасайды. Ұйғарым қара қылды қақ жарған тура болса, әдiл билiкке кiм құлдық ұрмасын, араз ағайындар кiнәсiн түсiнiп, бiр-бiрiмен бiтiмдеседi. Осы өзара татулықты орнатқаны үшiн, жiгiттердiң айтқан билiктерiне ризалықпен сый-сыяпаттарын берiп жатады. Мына машиналар да сондай ушыққан арақатынасты еш жанжалсыз лекерлегендерiне тиесiлi кәделерi шығар.


Дуалдың аузына iркiлген Жапар осылай ой түйдi. Бұл кезде бұларды қарсы алған екеуiмен Темiрлер жүре сөйлесiп, арытаманырақ барып бөгелген. Әлгi Чапаевтың сарбаздары зәлiттес екi орыстан әлденәрселердi тәптiштей сұрауда.


Сарғайып көп күткен жоқ, семiруге бет алып келе жатқан орыстың ақ сары келiншегi жеттi. Өзiнше мәз, екi езуi екi құлағында.


— Привет, Тимур! — дедi сонадайдан сыңғыр қағып.


— Где ты гуляешь, сколько можно ждать? Мы торопимся. — Темiр аяқ астынан әзiлге бұра бұлданып, әйелдi шықпырта жөнелдi. — Раз команда поступила, ты должна находиться здесь.


— Да брось ты, Тимур, у меня семья, дети. Еле оторвалась.


— Шучу, шучу. — Темiр күлiп, әйелдiң арқасынан қақты.


— Твоя шутка грубая, — әйел басын шайқаған қалпы, плащының жан қалтасынан бiр бума кiлттi суырып алды. Көп ұзамай үш-төрт гараждан кейiнгi темiр есiктiң аузындағы құлыпқа жармаса бердi.


Есiк шалқасынан ашылды. Сол-ақ екен көзге ақ боз жорғадай сүзiлген мiнсiз әппақ «Мерседес» отша басылды. Күңгiрт гараждың iшiн сәулелендiрiп тұрғандай көрiндi.


— Осыны сатамыз ба?


— Иә. — Әлмұрат баяу басын изедi. — Ала қойса ендi…


— Қай жылғы?


— 90.


— Судай жаңа ғой.


— Аналарға дұрыс түсiндiрiп пе едiң? — Әлмұрат Жапардың сауалын жауапсыз қалдырып, дарбазаның тұсындағы Темiрге дауыстады.


— Дұрыс түсiндiргем.


— Жоқ қой. Бiзбен қатар шықса, осы уақытта келулерi керек едi.


— Кiм бiлсiн, таппай жүрген шығар. Мен әдейi мына жерден көше жақты қарауылдап тұрмын.


— Жарайды онда, машинаны оталдырып сыртқа шығарып қояйын.


— Сөйт.


Әлмұрат «Мерседестi» кiшкене қыздырып, кең жерге әкеп қойғанша Темiр де, қасында алушылар бар, осылай қарай беттеп келе жатты.


*** *** ***


Жалпы, бiр нәрсенi өткiзiп жiберу соншалық қиын ба, әлде бүгiн Жапардың жолына жуа бiтiп тұр ма, мыналар да машинаны көрiп көздерi қызыққанымен қалталарынан суырып қолма-қол ақша ұстата қоймады. Бiр жағы шү-у дегеннен ешкiм жанына пұлын салып шықпайды да ғой, бiрiншi көредi, содан он ойланып, жүз толғанады. Кез-келген адамның басындағы жайт. Бiрақ, оны Жапардың жайы көтере ме, ырғалып-жырғалып жүруге еш мұршасы жоқ. Мiне, қазiр сағат бiрге таянды. Мұның ендi алты сағаттан асар-аспас қана уақыты бар. Оның үш сағаты Алматы мен Бiшкектiң ортасындағы жолға шығындалады. Сонда үш-ақ сағат уақыты қалыпты. Содан кейiн арғы тiрлiгi еш кәдесiз, жау кеткеннен соң қылышыңды боққа шаптың керi. Сара мұны одан ары күте алмайды, iнiсiнiң басын бiр-ақ ауыз сөзiмен мүрдемге жiбермек.


Не бiр жауабын таппас сауалдар миына сан мыңдаған көдедей қадалды. Әсiресе, уақытының өтiп бара жатқанын сезiнгенде, көкiрегi қарс айырыла жетi насыры жерге кiредi. Кеудесiнен жаны шиқ етiп шығып кетпегендiктен ғана амалсыз отыр.


Шарасыздан қолы темекiге жүгiрдi. Терезенi саңылаулай ашып, сигаретiн тұтатты. Жан-жағының бәрi сол баяғы бәз қалпында. Ары-берi ағылған машиналар, жолды бойлай iлбiген бейқам адамдар… Бәрi-бәрi мұның iшқұста қайғысынан бейтарап. Жандары ешқашан ештемеден қыстығып көрмегендей, әрi қыстықпайтын да сияқты.


Уайымның уытына бөленiп, бiр сәт iшi уылжыды. Сүлейменнiң қамқор қолын созғанына жүрегi елжiредi. Абзал азаматтығы — мыңның бiрiнен ғана табылатын үлкен қасиет. Әйтпесе, ағайынның бiр ауыз сөзiне бола осынша дүниенi бiр күнде сатуға бұйыру — екiнiң бiрiнiң iстейтiн шаруасы емес. Мұның ұққаны, оған дүниеден бұрын — кiсiнiң көңiлi қымбат. Әрi-берiден кейiн осы жiгiттердiң бәрi соның төңiрегiнен шықпай жүргендiгiнiң өзi оның бойында парасат тәңiрiсiнiң барлығынан. Әйтпесе, бұл күнде кiмдi-кiм жарылқағандай. Жалғыз ғана iшiне қонбайтыны, осы тындырып жүрген iсiн заңдастырып, әлi күнге шағын кәсiпорын құрмай-ақ келедi. Бiр ретi түскенде:


— Сүлеймен, бiр фирма ашып қойсаңшы, — деген.


— Бар ғой фирмалар. Фирма ашу түкке тұрғысыз. Осындағы бiр жiгiттер күнiне оншақты фирма ашып, оншақты фирманы жауып жатады.


— Неге? — Бұл аузы аңқия қарады. Сүлеймен құр езу ғана тартты.


— Кейбiр фирмалар бiр айға ғана керек болады…


Жапар одан ары тақымдап сұрамады, өйткенi Сүлеймен тумысынан көп ашыла қоймайтын адам, сөзге тым сараң. Қайта мына әңгiмесiнiң бәрi — мұны ең жақын туыс санап шешiлгендегiсi. Оның осы жұмбақтығын Жапар да сол күйi қалғанын қалайды. Неге екенiн және өзi де бiлмейдi. Бiр түйсiнетiнi, неғұрлым аз сөйлеген адам, соғұрлым биiктей бередi. Бүгiнгi атжалмандар қоғамында осындай су шайып кетпес салмақты болған да қажет сияқты. Сондықтан оны сөйлетiп, сырын ала бергiсi келмейдi. Бiрақ iштей бауырының фирма ашып, көзге түсетiн, көкейге қонатын iспен айналыспағанын ұната қоймайды. Дегенмен, мына отырған офисiнiң өзi оны заңды тұлғадай сезiндiрдi. Күнде қасында жүрген жоқпын, мен бiлмейтiн кәсiбi де бар шығар деп қорытты.


Кеңсенiң есiгiн тағы да үшеуi ашып кiрдi. Бұлар кеткелi мұнда ешкiм аттап баспаған тәрiздi.


— Сағат бiрден асыпты ғой, Сүлейменге телефон соғайын. — Әлмұрат бұлардан кеңес сұрағандай үн қатты да, телефонның құлағына мiндi. Көп әуреге салған жоқ, әлдекiм тұтқаны алды.


— Қал қалай, Сүлеймен бар ма?


— Ол жоқ. — Арғы жақтағы дауыс тұтқаның өзiнен бұларға анық естiлдi.


— Қайда?


— Бiлмеймiн, бағана шығып кеткен.


— Жарайды онда.


Әлмұрат тұтқаны ұясына қойды.


— Кеп қалар. — Екi жолдасына дүдәмал кепте қарады. — Күтелiк.


Ешкiм оған ләм демедi. Темiр столдың үстiндегi графиннен су құйып iштi. Ал Жапарға бәрiбiр едi, сол дал-далы шыққан қалпы сеңiрейiп отыра бердi. Бағанадан бергi мазалаған жауабы жоқ сауалдар мұның iшiн үңгiп, құр кеуекке айналдырып тастағандай, сүлдерi ғана.


— Бiр жерден тамақ iшелiк. — Темiрдiң қарны ашса керек, ұсыныс жасады.


— Үй, қазiр дөкей кеп қалады, онымен жолығысып, мән-жайды айтып, түстiкке содан кейiн барайық.


Жапарға Әлмұраттың байламы ұнады. Өзiне салса, ешқайда барғысы келiп тұрған жоқ, екi бүйiрi тоқ сияқты, асқа тәбетi шаппайды.


— Соткасына звондайық.


— Бағанадан берi звондап отырмын, өшiрiп тастаған.


Бұдан кейiн үшеуi де бiр ауық үнсiз томсарысты. Жапар жан қалтасынан темекiсiн қылтитты. Сигаретiн тұтата берiп Әлмұраттың дүние өртенiп кетсе де темекi тартпайтынына таңырқады. Жалпы, бұл бiлетiн беделдi де белдi жiгiттердiң көбi «түтiнге» үйiр емес, арақты ауыздарына татып алмайды. Олардың бойындағы жаман әдетке деген кiрпияздық қайдан дарығаны да беймағлұм. Және де көбiне жүретiн жерлерi — кешкi клубтар, мейрамханалар… тағысын-тағы көпшiлiк орындары. Солардың жуан ортасында тыныстағанымен жұққыш нәрселердi бойларына жуытпағандарына таң. Бәлкiм, жаман әдеттен өздерiн аулақ ұстауы, қажеттiк туындаса кез-келген уақытта бiтiмгершiлiк орнатар әңгiмеге бара беретiндiгiнен шығар. Ал, ондай жағдайда аузынан арақ сасып тұрса сөзiнiң не әтүйiрi қалады? Сондықтан, өздерiне мұндай «ләззаттан» тұшынуға үзiлдi-кесiлдi тыйым салар. Осы қағида бұлардың тiрлiгiндегi бiрiншi шарт болса керек.


Бейсауат дыбыстан үшеуiнiң де құлақтары елеңдестi. Сөйткенiнше Сүлейменнiң өзi де кiрiп келе жатты. Соңына iлескен тағы да екi жiгiт бар.


— Таң атқаннан берi қолдарыңа түскен ақша осы ма? — Iштегi үшеуiмен амандасып жатып, iзiндегi әлгiлерге кейiстi кепте сауал тастады.


— Бүгiн не қырсық атқанын бiлмеймiн, сауда жүрмедi. — Анау бүгежектей жауап бердi.


Сүлеймен кабинетiне беттеген күйi «жүрiңдер» деп барлығын өзiне шақырды. Жапардан басқалары iшке ендi.


— Отырыңдар.


Орындықтардың тарсылы бiлiндi.


— Сонда базарда қант күндегiден көп пе? — Сүлеймен баяу да сабырлы сөйледi. Ол әдетте дауысын көтермейтiн, сол дағдысынан жаңылған жоқ.


— Көп. Машина-машина боп сыртта иiнтiреседi.


— Онда түсiрiңдер бағасын. Жай халыққа өзiндiк құнымен, тiптi одан да төмен сатыңдар. Бiздiң бiр-екi-ақ сағат уақытымыз қалды.


— Өйтсек, жанымыздағы өңге саудагерлер ренжидi.


— Ренжiмейдi. Ренжiсе, бүгiн үйлерiне қайта тұрсын. Ал сендер қара халықтың алғысына бөленесiңдер. Түсiндiңдер ғой.


Бiр сәт бәрi тым-тырыс қалды.


— Сағат бесте сендердi осында күтемiн.


— Мақұл.


— Жүре берiңдер.


Екеуi сөлбiрейiп шығып келе жатты. Жапар өзiн мыналардың алдында күнәһардай сезiндi, олардың жүзiне тура қарай алмай қипыжықтай бердi. Бәрi таныс жiгiттер, әркiмнiң бала-шағасы бар. Ортақ дүние болса да, қолдарындағы барын арзанға беру обал-ақ.


Осындай ойды санасында топшылаған жiгiттiң бетi дуылдады.


Ар жақтан Темiрдiң сөйлегенi естiлдi.


— «Маздаға» екi мыңды түстен кейiн әкелмек. «Мерседестiң» ақшасын ертең беремiз дедi. Уақыт тығыз, әйтпесе… — Темiр де дiңкесiнiң құрып отырғанын аңғартты.


— Тамақ iштiң бе? — Әлмұрат әңгiменi басқаға аударды.


— Жоқ.


— Үйден қашан шықтың?


— Он бiрден кете, бiрден аналарға базарға бардым…


— Онда түстенiп алайық, — Темiр үн қатты, — бiз де нәр сызған жоқпыз.


— Жүрiңдер.


Үшеуiнiң дүрк көтерiлгенi бiлiндi.


Жақын маңдағы кафенiң бiрiне тоқтады. Дастарханға жайғасып ас мәзiрiн қарай бергендерiнде Темiрдiң пейджерi шиқылдай жөнелдi. Жапардың жүрегi бiрге лүпiлдедi. Темiр қалтасынан әлгiсiн алып, қарап:


— Солар, — дедi.


Жақсы сөз барлығының көңiлiн аялап өттi.


— Не дейдi?


— «Хабарлас» дептi, телефондарының нөмiрi бар.


— Нөмiрi қандай, айтшы. — Сүлеймен жанынан «ұялысын» шығарды. Темiр сандарды тiзбектей жөнелдi.


— Алло, қазiр сiзбен Темiр сөйлеседi.


Тұтқаны Темiр алды.


— Да. — Басқа сөз айтпай құлағын тосты.


— Бiз жарты сағаттан кейiн сонда боламыз, келе берiңдер.


Телефонды қайтадан Сүлейменге ұсынып:


— Екi мың бар, — дедi.


Жапардың өзегiне бiр саңылау түскендей, өшкен үмiтi тұтанғандай болды. Тұла бойы бiр ысып, бiр суынды. Iшкен асы да бойына тарамады, өңешiне кептелдi.


*** *** ***


Тамақ iшiсiмен Әлмұрат пен Темiр автотұраққа жөнедi де, бұлар Сүлеймен екеуi офисте қалды. Оңашадан оңаша отырып, өкпелескен адамдай тiл қатысып сөйлеспедi. Сүлейменнiң табиғатын бес саусағындай бiледi, сөзге жоқ. Ал өзi болса не деп әңгiме бастамақ, оған күйiтi келiп отыр ма? Дәл осы қазiр қойнынан бөзi, аузынан сөзi түскен. Ине жұтқан иттей бiр бәле тура барып жүрегiнiң басына қадалды да, мұны күйкентайдай кiлмитiп қойған. Ештемеге зауқы соқпайды. Уайымдай, уайымдай ет жүрегi езiлдi. Ой мен шер деген бәле меңдей берсе, көкiрегi мен тiлi сайрап тұрған адамның өзiн меңiреуге айналдыратын болса керек.


Есiне әкесiнiң iнiсi Ыдырыс ағасы оралды. Өмiрi күлген адам емес. Сыртқы сықпытына қарап мылқау ма дерсiң. Не бiр тосын көрiнiстер де оның тiлiн шығара алмайды. Дүние астаң-кестең төңкерiлiп, қызыл алауға оранып өртенсе де мiз бақпайды. Малшының үйiне сирек келетiн машина есiгiнiң алдына тоқтап жатса да селт етпейдi. Одан түскен адамдар «Ассалаумағалейкүм» десе, «Уағалекум» деп селқос қана жауап қайырады. Бар болған-бiткенi осы.


Жапардың әлi есiнде, Ыдырыс ағасы бұдан жастау кезiнде мүлде басқаша-тұғын. Басына жастықты немесе тұлыпты тастап шалқасынан түсiп, кеудесiне домбыраны көлденең қойып күмбiрлетiп тартатын. Әдемi майда қоңыр дауысымен әуелетiп ән салатын. Бет-ауыздары қожалақ-қожалақ бұлар шауып жетiп барса, әзiлдеп бiрдеме айтатын едi, еркелететiн едi. Ал, үлкен кiсiлердiң баяндауы бойынша ағасы бозбала, жiгiт кезiнде әңгiмешiл, сауықшыл болыпты. Жаратылысынан келiстi кескiнi де көптiң iшiнен бiрден оқшаулап, иманжүздiлiгiмен өзiне үйiрiп тұрса керек. Күй тартып, ән салғанда көрген көз сүйiнiп, естiген құлақтың құрышы қаныпты. Сондықтан бойжеткен қызы бар қатындар Ыдырысты iштей қалап, сырттай тон пiшiп жүредi екен.


Сөйткен ағасы ақырында тiлi бар мылқауға айналды. Домбыраны ғұмырының соңғы жиырма шақты жылында қолына да ұстамай кеттi. Қас қылғандай өкiметтiң бiр отар қойды бағуға жанына қосқан көмекшiсi шынтуайтында мылқау болып жолықты. Алайда мылқау тiлi бар бұған қарағанда әлдеқайда баж-бұж еткен дауысын жиi шығаратын. Сөйтсе, ой мен уайым бойдағы бардың бәрiн ақырында құртып тынады екен. Сонда ол кiсiнiң көкiрегiнде нендей кеселдiң берiштей байланғанын Жапар осы күнге дейiн бiлмей дал. Мүмкiн, ұшқыр қиялы мен арманы бола тұра ғұмыр-бақи қой бақтырған өмiрiне назалы шығар. Елуден сәл асып барып мәңгiлiк көз жұмғаны да, сол назаның оның түбiне жеткендiгi, бәлкiм. Құрғырың тұқым қуалайтын құлғана ма, ендi Жапарды тауып отырғандай…


Басы зеңiдi, беймағлұм бәле қолқасын тұтап, ерiксiз терең күрсiндi.


Бiр заматтарда аяқтың дыбысы бiлiндi. Бұл салбыраған басын көтерiп есiкке қадағанша әлгi екеуiнiң төбесi көрiндi. Мұрттарынан күледi, соған қарағанда қолдарына қарға саңғыған тәрiздi.


— Мiне, алып келдiк. — Жаңғалақтау Әлмұрат сөздi елпiлдей бастады. — Бiр мыңын келесi жұмада бередi.


Қолындағы мұқият оралған ақ қағазды Сүлейменнiң алдына тастады. Сүлеймен оған назар да аударған жоқ.


— Қазiр базарға барып қанша жиналды, соның бәрiн осында жеткiзiңдер, — дедi пәрмендi күйде. Әлгi екеуi келген iзiмен тiзе бүкпестен керi қайтты.


Тағы да екеуден-екеу шошайып қала бердi. Тағы да құлаққа ұрған танадай тыныштық орнады. Сөйтiп үн-түнсiз қанша отырғаны белгiсiз бiр уақта Сүлеймен сағатына қарап ап:


— Бестердiң шамасында ана жаққа телефон соқ, — дедi баяу Бiшкектi меңзеп.


«Олармен не деп сөйлесемiн?» деген сұраулы кепте iнiсiнiң бетiне таңдана аңтарды. Ол да бұған көзiнiң қиығымен назарын аударды.


— «Шыға алмай жатырмын. Соманың жартысын таптым, қалай да таң атқанға дейiн жетемiн. Кеш болып кеттi демесеңдер, ақшаны түннiң iшiнде апарып беремiн» де.


Мына сөз көкейiне қонды. Олардың да «әлде қайтты» деп дiңкелерi құритыны екiбастан. Ештеме бiтiрмесе де хабарын берiп тұрғаны жөн екен. Ертең жүз көрiсiп сөйлескенде де — бетi ашық.


— Ақыл екен.


Сағатына қарады, төрттен кетiп барады. Уағда бойынша жiгiттер қазiр келiп қалуы керек. «Ал, құр қол келсе қайтемiн?» дедi үнсiз үгiлiп. «Жоқ, таң атқаннан кешке дейiн базардағы сауда iсiнде олай болуы мүмкiн емес. Жылу жинап жүрген жоқ, нақты тауармен... Әрi, қантты арзанға беруге келiстi. Арзанға бергеннiң өзiнде бұларға қажеттi соманың көлемi қалайда уыстарына түсуi тиiс. Бәрi алдын-ала есептелген, саусақтарын танауларына тығып қайтпас».


Соңғы пайымы жiгерлендiрiп жiбердi, көкейiнде әлдеқашан жоғалған сенiмдi тiрiлттi. Сүлейменнiң араласқан шаруасы аяқсыз қалмайтынын бiлетiн, бұл да бiр ыңғайына қарай беттейтiнiне өзiн-өзi нандырды. Атжалмандай бой көтерген күмәнi ыдырады.


Тағы да темекi тартты. Тағы да ары-берi сенделдi. Әншейiнде сазара тапжылмайтын уақыт байыз таппай сырдақтап барады. Келедi деген жiгiттер кешiге бердi. Мiне, сағаттың тiлi бестен де ауытқыды.


Сүлеймен телефонның нөмiрiн тере бастады.


— Сәлеметсiз бе, — деген үнi де шықты. — Мына абонаментке «хабарлассын» деген сәлемдемемдi жолдаңызшы. Рахмет.


Тұтқаны қайта ұяшығына қойды.


— Бестен кеттi ғой, Бiшкекпен сөйлесейiн бе? — Тағы да ақылға сала iнiсiнiң бетiне қарады.


— Сөйлес.


— Бүгiн шыға алмай қалмаймын ба?


— Әбiржiме, құдай бұйыртса қалай да аттанасың.


Жапар үндемедi. Үндемеген қалпы алдыға ұмсынып барып кешеден берi жадында жатталып, көкейiнде татаусыз сайраған Байқалдың үйiнiң нөмiрiн тiзбектедi.


Бұдан кейiн де бiраз уақыт өттi. Бөлменiң iшiн күңгiрттiк жайлағаннан кейiн шам жақты. «Төле бидiң» бойындағы тынбай ағып жататын көлiктердiң қатары еселене түскендей. Бұл сиық ел жұмыстан қайтып, адам аяғы артатын кеш мезгiлiн әйгiледi. Қоңыр күздiң ерте үйiрiлетiн ымырты қол созым жерде ғана қалған. Ал, әлгi келмек азаматтардан әлi хабар жоқ, не телефон да шалмады.


Жапар тағы да шыдамсызданып темекi тартты, тағы да ерсiлi-қарсылы жүре бастады. Осы кезде аңдар бағындағы хайуанаттардың алақандай ғана тордың iшiнде ары-берi мазасыз шабатынын түсiндi. Байқұстардың iшi қамырықтан түтеп, ақылынан алжасып, бойын кернеген дерттен дедек қағады екен ғой. Олар сол кезде жан-жағындағы тiршiлiк атаулыны көрмейтiн, ештеменi бiлмейтiн болса керек. Түздiң төсiн аңсай-аңсай уайымнан лауқиға айналып, безектеген кезi пақырлардың. Дәл солар секiлдi өзiнiң де бiр ғана iнiсiнiң жайынан басқа ештеменi болжай алмайтынын байыптады. Соның дертiнен қан сиiп тұрғанын аңғарды. Ал Сүлейменнiң дүние төңкерiлiп кетсе де былқ етпейтiнiне сүйсiндi. Бұл тек батырға ғана бiтетiн мiнез. Осы салмақтылық түсiнген адамға көп жайтты аңғартады.


Бiр кезде барып есiк шалқасынан ашылып, бес-алты жiгiт сау етiп кiрдi. Олардың арасынан Әлмұрат пен Темiрдiң төбесiн көрiп, Жапардың жанарында жылт еткен нұрдың ұшқыны қылаңытты. Орталарында ертеңгiлiк осы офистiң төңiрегiнен байқап қалған, түс әлетiнде Сүлеймен ертiп әкеген және кешелi-бүгiндi кездестiрмеген азаматтары бар. Бәрi мұнымен жапа-тармағай амандасты.


— Мiне, үш жарым мың, — сөздi Әлмұрат бастады, — құдай атқанда бүгiн сауда жүрмей-ақ қойғаны. Сағат төрттерден аса үш мыңға жетерлiк теңге жинақталғанда-ақ ол жақтан шығып кеткенбiз. Сендердiң хабарларың пейджерге түскенде валюта айырбастайтын пункт iздеп, шабуылдауда едiк. Қырсық қылғанда еш жерде доллар жоқ. Бiр жерден екi жүзден, бiр жерден үш жүзден жиып, сандалып жүрдiк.


Кешiккен жайларын осылай қысқа ғана мағлұм еттi. Қалғандары жақ ашпады.


— Дұрыс, басқа ақшаның ретi болмады дейсiң бе? — Сүлеймен томсара тiл қатты. Сәлден соң, — ендi мың доллар керек, — дедi жiгiттерге барлай назар тастап.


— Бiз кеткеннен кейiн базардағы жiгiттер қанша шығарғанын бiлмеймiн, кейде қол кешке қарай жүретiн едi. — Әлмұрат күңкiлдей күмiлжiдi.


— Олар мұнда келмейдi ғой.


— «Келiңдер» деп ескерткен жоқпыз.


— Көрiңдершi, көршi фирманың бухгалтерi бар ма? — Сүлеймен төмен жақтағы жiгiттiң бiрiне иек қақты.


Ол шықты да, демде қайтып оралды.


— Бар.


Сүлеймен орнынан көтерiлiп, дәлiзге қарай бет алды. Көп айналмай қолына көк қағаздар ұстаған қалпы қайтып кiрдi.


— Мiне, ендi, бәрi әзiр. — Жүзiне ептеп жылу жүгiргені байқалды. — Алты мыңды бересiңдер, бес жүз — жолдарыңа. — Ағасының бетiне қарап қойды. Жапардың қуаныштан жүрегi атқалақтай жөнелдi. — Алдағы шаруа аллаға ғана аян, тағы бiр нәрсеге тиын-тебен керек болса, жат жерде кiмнен сұрайсыңдар?


Жапардың одан сайын еметайы езiлдi. Марқұм әжесi Зертонның жиi қайталайтын «тамам айыл жиналып — құйысқанға жетпейдi, тамам ауыл жиналып — туысқанға жетпейдi» деген мақалы есiне оралды. Жарықтық, өмiрдi көрiп, арғы-бергiнi екшегеннен кейiн айтқан екен ғой. Әйтпесе, Сүлеймен болмаса мұндай жақсылықты кiмнен көрмек. Иә, иә, қол iшiне икем…


Көз аңғарына лықсып кеп жас тығылғандай сезiндi. Демде тұтаған көкiрегi ашылып, сап ауаның кеңдiгiнен жас сәбидей қақала тұншыққандай түйiлгенiн аңғарды.


— Қазiр Бiшкекке таксилетiп тартыңдар. Темiр, сен бiрге бар. —Сүлеймен өткiр көздерiн жолдасына қадай, болмашы iркiлдi. — Танымайтын жер, түн iшi, қалтасында ақша…


Ол бiрден:


— Мақұл, — деп келiстi.


— Жапар, мә, мұқияттап салып ал. — Iнiсi ағасына бiр бума ақшаны ұстата бердi. Мынандай қамқор сөздi бұрын-соңды естiмегендей Жапар қатты толқыды. Ұялыстан толқыды. Шынтуайтында аға iнiге қамқорлық танытуы тиiс едi, ондай үлкендiк мұның қолынан келмедi. Өзiн қор сезiндi. Сөйте тұра «Темiрдi мазаламай-ақ қой» деп айтуға мұршасы жетпедi. Iштей оның iлесiп баратынына қуанды, Сүлейменнiң аңғарлылығына сүйсiндi.


— Мына жерден кешкiлiк ас iшелiк, — тағы да Сүлеймен ұйғарым жасады, — содан кейiн бiрден атқа қонасыңдар.


Осыдан соң-ақ отырған жұрт түп көтерiлiп, сыртқа лап қойды.


…Сапаржайға келiсiмен Байқалмен, Сарамен сөйлестi. Жолға шығып бара жатқанын, қолында ақшасы барын мәлiмдедi. Осы турасында дәл қазiр тергеушiге де хабарлауларын өтiндi.


Бұл кезде сағат тiлi жетiден әлдеқашан ауытқыған-тын.


Ең соңынан Бибiге қысқаша мән-жайды ұғындырды. Ол мұны таң қалдырып, тосын жаңалық айтты.


— Сапар телефон соқты.


— Қайдан… қалай?!. — Жаны ышқына сұрады.


— «Тергеушiнiң кабинетiнен сөйлесiп тұрмын» дейдi.


— Не дедi?


— «Жазығым жоқ. Қайдан болса да ақша тауып әкеп, менi қалайда құтқарсын. Талдықорғандағы үйiмдi сатып, құдай аман қойса барысымен қайтарамын. Қазiр қолымда кiсен, мына жақта бол-болдың астына алып жатыр…» дедi. Бар айтқаны осы.


— Жарайды онда, ештемеге алаңдамаңдар, дәм тартса ертең қайтып ораламыз. Қасымда Темiр бар. Балалардың бетiнен сүй.


— Мақұл. Тағы да… — Бибi және бiр тың әңгiме бастағысы келгендей асыға сөйлеген қалып танытты. — Сапардан бұрын бiр жiгiт звондады. «Болар-болмас шаруаға отыр. Тездетiп шығарып әкетiңдер. Мен жаңа ғана сол жақтан босадым. «Бауырымның үйiне хабарлас» деп аманаттап едi» дедi.


— Басқа ештеме айтпады ма?


— Жоқ.


— Жақсы, сау болыңдар.


— Жолың болсын…


Бұл асығыс тұтқаны орнына iле сап, таксилер тұратын алаңқайға заулады. Сол жерде Темiр жүргiзушiлермен келiсе беруге қалған.


Х


Ел орынға отырғанда бұлар Бiшкектi бетке алды.


Сағат он бiрлерден кете «Тұңғыш» ықшам ауданындағы 72-iншi үйдiң есiгiнiң алдына тоқтады. 178-iншi пәтер сегiзiншi қабатта-тұғын, бұл кезде лифтi iстемейдi, жаяу көтерiлуге тура келдi.


Қоңырауды басқаны сол едi, ар жағынан апыл-тапыл жүгiрген аяқ дыбыры бiлiндi.


— Кiм бұл? — Байқалдың дауысын жазбай таныды.


— Мен ғой, Жапар.


Үй иесi есiктi ашты. Ашылған есiкпен қатар келушiлердiң мұрнын тымырсық иiс шарпып, жүздерiне жанған өрттiң жалынындай леп тидi. Өйткенi, аядай ғана баспанада бiр қора адам үйме-жүйме едi. Жапар сәл шiмiрiгiп, жиренгенiн бiлдiртпеуге тырысып табалдырықтан аттады. Темiр де iшке ендi.


— Ассалаумағалейкүм.


— Әликуммассалам. Аман-есен келiп қалдыңыздар ма? — Байқал ескi құдасын көргендей, алдыға түсiп жортақтап барады. — Әлгiнде телефон соққанда атқа қонсаңыздар, өте жылдам жеткенсiздер.


— Кешiккенiмiздi сiздер басқаша түсiнiп қала ма деп, жаным шыр-пыр қаға апшысы қуырылды. Айып етпеңiздер.


— Еш оқасы жоқ, ол бiр бес-он сом емес, бiреуден ала қоятын, бәрiн түсiнемiз.


Осы кезде шашы дудыраған Сара залдан төбе көрсеттi. Ашылған есiктiң қиғаштай қиығынан жерде сұлап жатқан кiсiлердiң нобайы байқалды, сорайған, тыриған сирақтар назарға шалынды.


— Амансыздар ма?


— Аман, аман. — Жапар басын изедi.


— Байқал, мейманды неге босағаға тұрғызып қойғансың, ас үйге өтпедiңдер ме?


— Жоқ, рахмет! Балалар ұйықтап жатыр, мен жетi түнде мазасын алмайын. Тек сiздерге қайтып оралғанымды бiлдiрейiн деп әдейi бұрылдым. Ертең қай жерде, сағат қаншада жолығамыз — соны айтыңыздар?


Ерлi-байлы екеуi бiр-бiрiне қарады.


— Айт-ей, қайда жолығамыз? — Байқал саңырау үйректей барқ еттi. Бұтындағы трикосының тiзесi жаңа күшiктеген қаншық иттiң салбыраған бауырындай алға шығып кетiптi.


Әйел ойланып барып:


— Онда ертеңгiлiк сегiз жарымда, тура кеше таңертең алғаш ұшқасқан жерде кездеселiк.


— Мақұл. Ақшаны қазiр аласыздар ма, ертең сол кездескен уақытта берейiн бе?


— Қазiр! — Сараның үнi төске тиген балғадай құлақты шың еткiздi.


Жапар қойнынан қағазға оралған пұлын ап, екi мың алты жүз долларды санап алақанына салды.


— Ендi маған осы ақшаны алғаныңызды растап, менiң iнiм Сапарға бұдан былай еш кiнә тақпайтыныңыз туралы қолхат берiңiз.


— Жарайды, жарайды.


— Содан кейiн кешегi тергеу орнына жазған қағазды да берiңiз.


— Әлбетте.


Сөйтiп, мұндағы шаруаны бiр тиянақтап тастап, «уһ» деп жеңiлдеп қалды. Өздерiн күтiп тұрған көлiкке екпiндете кеп мiндi.


— Бауырым, бiздi дұрыс қонақүйге жеткiз.


Шопыр сөзге келген жоқ. Құйғытып отырып «Ыстықкөл» мейманханасына бiр-ақ апарды.


Жол-жөнекей жүргiзушiнiң айтуы бойынша «Ыстықкөл» Бiшкектегi ең мықты отельдердiң бiрi екен. Мұны естiгеннен кейiн «орын табылмай қала ма» деп қауiптенген, сөйтсе бос нөмiрлер жеткiлiктi. Әкiмшiлiктегi келiншек екеуiнiң атына бiрдемде қағаз толтырып үлгiрдi. Таксишiмен сол жерде есеп айырысып, қайыр-қош айтты.


Нөмiрге жайғасқаннан кейiн аяқ-қолы салдырап әбден сiлiкпесi шығып, титықтағанын аңғарды. Мүше-мүшесi икемге көнбей бөлек-бөлек жүр. Темiр де кешелi берi жай жатып, ерте тұрып, күнi бойы шапқылап, сүрлiгiп қалыпты. Бiрден шешiндi де душқа кiрдi. Одан кейiн Жапар да шайынды. Бұл шомылғанша Темiр буфетке дастархан жасатып қойыпты. Соған барып таңдай жiбiттi.


Қанша дiңкесi құрыса да, жастыққа басы тиiсiмен ұйқы жеңдемедi. Керiсiнше адам қатты шаршағанда көзiн iлiндiре алмай әуреленетiн сықылды. Оның үстiне бәрiбiр ой мазалады: «ертең мыналар ақшаны алуын алып ап, iстi тындырмаса қайтемiн» деген сауал құлағының түбiнде сары масаша ызыңдады.


Сөйтiп жатқанда құлып сылдырлады. Iзiнше есiк ашылып, Темiрдiң төбесi көрiндi.


Ол әлгiнде «мен ары-берi жүре тұрамын» деп, сыртқа кеткен. Бойдақ емес пе, тыным таппай бiраз жердi шарлап келсе керек.


— Бiздiң қонақүйлерге жетпейдi, — дедi мұның ояу екенiн бiлiп.


— Несi?


— Барлық жағынан. Ең бiрiншi — архитектурасы, мейрамханасы да нашар. Бiр қалыспайтыны — жезөкшелер көп, және бiр оңтайлысы — арзан.


— Қой құрсын.


— Шалдыққанымызды баспаймыз ба?


— Аулақ, одан сайын бiр бәлеге шатылармыз.


Темiр ықылық ата күлдi.


— Жат, демал.


Ол теледидарды қосты. Шынында да айна қатесiз Алматыдағы арналар, адам атаулыны азғындыққа тәрбиелейтiн бейәдеп бейнелер.


— Жарайды, жатайық. — Темiр өзiн-өзi басалқыға шақырды. Жапар үндемедi.


*** *** ***


Түнiмен елегiзiп, дегбiрi қашты, мандытып ұйықтамады. Таңертең ерте тұрып алды. Темiрдiң де ұйқысы сергек екен, кейбiреулер тәрiздi төсекте иленiп жатпай, көзiн ашқан бетте атып түрегелдi. Әлде өзiне жүктелген жауапкершiлiктi сезiнгендiктен бе, әлде дағдысы солай ма, оны үнемi қасында жүрмегендiктен Жапар бiлмедi. Бiрақ, қамшы салдырмай жағдайдың бәрiн реттеп оңтайландырғанына кешеден берi iшi жылып келедi.


Бiр-бiр шыны шай iштi де, тысқа беттедi.


Дала сондай ызғарлы. Күздiң қара суығы табалдырықтан сыртқа аттасымен құрсаулай қармады. Бұлар өңiрлерiн қымтанғанымен өңмендерiнен өтiп барады.


Түнде байқамапты, қонақүйден шыға салғанда оң жақ қапталда үшкiлдеу бiткен нардың өркешiне ұқсас қоңыр шың тұр. Әйткенмен басында бiр шөкiм қар жоқ. Оның екi қапталындағы сiлемдерi тайпақтау, соңы бұйраттанып барып бiтедi. Ары қарай жазыққа ұласып кететiн болса керек. Бауыры ағаш атаулыдан жалаңаш, не бұрала бiткен өзекше де жоқ — әлi тағдырдың тепкiсiн көрмеген әжiмсiз маңдайға ұқсайды. Күнгей болғаннан кейiн де татыраң зәлiттес. Қонақ үй қаланың шетiне орналасыпты, бұдан жоғары қарай қалқайған бiрде-бiр қабырға көрiнбейдi.


«Ыстықкөлдiң» алдынан көлденеңдей өткен түп-түзу асфальт жол, сол биiкке қарай ұзыннан-ұзақ шаншыла созылған. Шамасы анау қалың бәкене бұйраттардың арасында дөкейлердiң саяжайлары iрге тепсе керек. Өйткенi мiнсiз төселген тас жол татаусыз сайрайды, мұндай жақсылық өкiмет адамдарына ғана жасалуы ықтимал. Әрi, осы топшылауды нақтылай түскендей бейсауат қыбыр еткен машина да жоқ. Ала таяқты жiнiккен немелер қарапайым жұртқа, белгiлi бiр мезеттерде бұл бағытпен жүруге тиым салатын болуы тиiс.


Екеуi жолдың жиегiнде жиде қақты. Сонау биiктiң терiскейiнен соққан жел сыңар өркеш шыңның тұсынан екiге жарылып өтiп, бер жағында қайтадан түйiсiп, осы қара жолдың үстiмен түп-түзу шаһарға қарай еш кедергiсiз елiре жөңкiлетiндей. Есiрiк неме қойын-қонышты кеулеп, сүйектi сырқыратып барады. Қас қылғандай қалаға қарай дөңгелеген бiр көлiк жоқ. Екеуiнiң жақ жүндерi үрпиiп, көкпеңбек боп әбден жаурады.


— Қап, жаңа такси шақыртпағанымыз-ай, — деп өкiндi Жапар.


Сарғайып, бағанадан тұрғандарынан берi екi-ақ машина төмен құлдилады. Олардың өзi алмады.


— Барып такси шақыртсақ па?..


— Керегi жоқ. Бiр шығып кеттiк, қайтып оралмай-ақ қоялық. — Темiрдiң бұл байсалдылығы ұнады.


Екеуi орындарында секiрiп-секiрiп қойды. Темiр қолдарын ербеңдетiп, жаттығу тәсiлдерiн жасады.


— Әне, бiздiң машина келедi. — Жолдасы ықылық ата күлдi. Өйткенi, бiр жақ қанаты сынған кәрi қаздай оң жағына жантайып алған ескi «Москвичтiң» төбесi көрiнген едi.


— Ала қойса ол.


— Алады.


Қол көтердi. Әлгi байқұс бұлар жақ қапталындағы кiшкене қызғылтым шамын жыпылықтата бердi.


Қаланың ортасы таудың бөктерiне қарағанда ық екен. Абұйыры, уәделi тұсқа кесiмдi уақытта дәл iлiктi. Бұлар келгеннен кейiн кiшкенеден соң Байқал да ұрып-соғып көк тұлпарымен қара көрсеттi.


— Ой-бүй-и, тоңып қалыпсыздар ғой, — дейдi Сара көгерген түр-әлпеттерiн байқап.


— Оқасы жоқ, амансыздар ма?


— Аманбыз, — деп ерi қолын созды, — жүрiңiздер, машинаға мiнiңiздер.


Екеуi амандасысымен көк «Жигулидiң» iшiне сүңгiдi.


— Тергеушiмен сөйлесе алдыңыздар ма?


— Сөйлестiм. — Сараның үнi тақ етiп естiлдi. — Қазiр онымен астаналық гастраномның алдында жолығамыз, содан кейiн бiрден iнiңiз отырған мекемеге тартамыз. Ол сол жерден бауырыңызды босатып бередi.


— Тергеушi Сапармен сағат қаншада жолығамыз?


— Тоғызда. Бүгiннен кешiккендерiңiзде iс республикалық прокуратураға өтетiн едi, онда менiң де пайдам шамалы... — Әйел жауабының соңын, Жапардың топшылауына қарай бұрды. — Сiз қазiр Сапарға үш мыңды ұстатасыз, ал төрт жүздi маған берiп қойыңыз.


— Неге?


— Ол ақшаны менi Алматыға алып барған милицияларға беремiн, өйтпесек, олардың аузын қайтiп жабамыз? Бiреуi болмаса бiреуi шу шығарып жүрер… Түнде сiздер келгеннен кейiн сөйлескенiмде Сапар солай деп айтты.


Жiгiттiң iшi сезiктене қылп еттi. Мына әйелдiң ләмi көңiлiне күмән туғызды. Дегенмен, «сұраған сомасын әкелдiк, егер шаруамыз тынып жатса, оны кiм алса да бiз үшiн бәрiбiр емес пе» деген ой көкейiнiң түкпiрiнде басымдық таныта орнықты.


— Жарайды, — бiр ауыз қарсы сөзге келмей келiстi, — тек сiзге тағы да төрт жүз доллар ақша үстеме қосқанымды растап, қағаз берiңiз.


— Беремiн. — Әйел сөмкесiн ақтара бастады, шамасы қалам мен қағаз iздеп жатса керек. — Осы жерге тоқташы. — Күйеуiне де пәрменiн танытып үлгердi.


Машина оң қапталына қиыстай берiп, тежелдi.


— Не деп жазайын? — Мойынын соңына бұрып, артта отырған бұларға қарады.


— Бiлмеймiн, не деп жазуға болады? — Жапар абдыраңқырап қалды. — Иә, былай жазыңыз: «Мен азаматша Сара Бәленбаева айыпкерден 2600 доллар ақшамды толық және имандылық тұрғыда шеккен зардабым үшiн 400 АҚШ долларын алдым. Ендi оған қоятын ешқандай кiнәм жоқ» деп жазыңыз.


Әйел сүйкектете жөнелдi. Бiрдемде қағазы әзiр болды. Жапар қарап:


— Бүгiнгi күндi көрсетiңiз, куә ретiнде күйеуiңiз бен мына менiң жолдасымды жазыңыз. Соның тұсына бұлар қол қояды.


— Мақұл. — Әйел бәрiне бейiл.


Жапар тағы да қағазды қарады. Ендiгiсi көкейiне қонатын сияқты. Содан кейiн барып көк қағазды ұсынды. Осыдан соң машина iлгерi жылжыды.


Уағдалы гастрономның алдына тоқтады. Қалада қызу тiршiлiк басталған — ары-берi ағылған машина, қайшалысқан адам сәт сайын молайып, үстемеледi. Көшедегi сауда лавкелерi де ашылыпты, жұмысшылары болса керек, төңiрегiнде оны-мұны көтерген әлдекiмдер қыбырлайды. Аялдамадағы адамдардың қатары қалыңдады.


Сағат тоғыздан кетiп барады, әлгi келедi деген тергеушiнiң төбесi көрiнер емес. Өмiрi ұшыраспаған адамы болса да, Жапар ол шығады деген жақты жiтi қадағалап, жанарын сол бағыттан алмады. Бiр уақтарда:


— Әне, келе жатыр! — деген Сараның дауысы құлағына майдай тидi.


— Қайсы?


— Үстiнде көк сырмалы курткасы бар, қолына портфель ұстаған адамды көрдiңiз бе? Әне, анау жолдың ар жағындағы үйдiң бұрышынан шықты.


— Иә, иә… — Мақұлдай басын изедi.


— Сол ендеше күткен кісіміз.


Жапардың тiптi дегбiрi қаша түстi, ал тергеушi болса маңғазданып, аяғын басар емес. Әйтеуiр iлбiп, бергi бетке өттi. Сонадайдан байқап отыр, жап-жас жiгiт. Машинаға арқан бойындай қалғанда Жапар қарсы беттедi.


— Сәлеметсiз бе! — Өкiмет кiсiсi шiкәмшiл келетiнiн ескергендiктен, ерлерге ерсiлеу тұрғыда амандасты. Анау мұның бетiне бiр қарады да, ұсынған қолын алды. — Мен — Жапармын. Рахмет сiзге, қамқорлығыңызға сырттай риза болып жатырмын. — Дүниенiң төрт бұрышын тiреп тұрғандай келушi бедiрейiп, үндемедi. — Жүрiңiз машинаға. — Жапар өзi бұрын барып есiгiн ашып тұр едi:


— Өте берiңiз, мен бергi шетiне отырамын, — деп алғаш рет үн қатты.


Машина жылжып кеттi.


— Байке, қайда барамыз? — Байқал тергеушiге назар аударды.


— РОВД-ға, сол жерден тиiстi қағаз алуымыз керек.


— Жарайды.


— Сапеке, иттiгiмiздi кешiрiп жатқан сiздерге көп рахмет. — Жапар жалпақшешейлiк танытып, телефонмен ғана бiр мәрте сөйлескен адамына ендi орайы келiп тұрғанда мән-жайды толығырақ түсiндiруге тырысты. —Бақаң мен бәйбiшесiне ақшасын және айыппұлын бердiк, ол кiсiлердiң ендi ешқандай наразылығы жоқ.


— Иә, азамат бiр шалыс басқан шығар… Ақшамызды алдық, басымыз аман, одан басқа не керек, кешiрiп отырмын.


Мынау жасына жетпей жағы суалған, бас терiсi сүйегiне жабысқан қайрақтай бiреу екен, үн шығармады. Тек аудандық iшкi iстер бөлiмiнен алысырақ тоқтауға пәрмен бердi. Iшке кiрiп, кеңсесiнде жарты сағаттан астам айналып, зарықтыра әзер оралды. Содан кейiн баратын мекемелерiне тартты. Онысы ит өлген жерге қоныстаныпты. Машина қайдағы бiр даламен, қайдағы бiр тоғаймен бұралаңдатып жай жолмен жүрдi де қойды. Ақыры дiттеген жерлерiне жеттi-ау.


Тергеушi түсiп, түрмеге қарай аяңдады. Жапар да соңынан iлестi.


*** *** ***


Бұлар келген мекеменiң сырты тұтастай дуалмен қоршалыпты. Оның ауласына машина кiрiп шығатын үлкен болат дарбаза салыныпты. Бұл қақпа тоқпен ашылып, жабылатын сияқты. Қақпаның оң жақ қапталындағы iшкерiде еңселi сұр үй «мен мұндалайды», айнала қоршалған төрт метрге жуық биiк дуалдың өзiнен белуарынан көрiнiп тұр. Тегi, үш қабатты ғимаратқа пара-пар, ал терезе атаулыдан жұрдай.


Осының өкпе тұсына, яғни, қақпаның сол жақ қапталына тайпиған шатырлы үйшiк зәлiттес бiрдеме орналасыпты. Бойы дуалдан сәл қалқыңқы. Алып қорған еңсесiн басқаннан кейiн де үйшiк тәрiздес көрiнгенi бомаса, кәдiмгi бiр қабатты үй. Үлкен дарбазаны бекiткен жуан ұстын әлгi үйдiң дәл iргесiне бiтiсе орнатылған. Ал ауланы қоршай жүргiзiлген дуалдың ана басы мұның сәл созыңқы салынған қабырғасына жымдаса кеп бiткен. Өзiнiң бөлек кiрiп-шығатын нән темiр есiгi бар.


Екеуi әлгi темiр есiкке барып қоңырау соқты. Iштен бiреу көз тесiктен сығалады да, iлгешектi ашты. Милиция табалдырықтан аттады, бұл да iлгерi жылжыды. Босағадан өтiсiмен ар жағында бақылау пунктi бар екен.


— Осында тұрыңыз. — Бұған қатқылдау кепте иегiн қақты. Сосын, — Шаймарданов орнында ма? — дедi күзеттегiлерге. Шамасы, Шаймарданов мына мекеменiң бастығы болса керек.


— Орнында.


Тергеушi бақылау пунктi арқылы ар жағындағы темiр дуалмен қоршалған ашық аулаға кiрiп кеттi. Байқауынша, мына күзеттегiлердiң бәрi оны таниды, бiр ауыз ләм деместен баратын жағына өткiзе бердi.


Жапар бiраз қаңтарылды. Жұбаныш iздедi ме, темекiге айырықша зауқы шапты. Сыртқа шығайын десе қайта мұнда кiре алмай қалатын көрiндi. Екi қарауыл бедiрейiп, бұдан көздерiн тайдырмайды. Бiр кезде шыдамы таусылған жiгiт:


— Мына аулаға кiрiп тұруға бола ма? — дедi.


— Кiрiңiз, бiрақ есiктен ары аттап ұзамаңыз.


— Мақұл.


Аула тұтастай асфальтталған. Мына «тайпиған» үй iшке қарай ұзыннан-ұзақ созылып, әудем жерге барып бiтедi екен. Құқық қорғаушылар отыратын әкiмшiлiк ғимарат осы сияқты. Сонадайда екi оқалы шабарман үш-төрт кiсiге ауланы тазартқызып жүр. Ара-арасында жекiп, тап-тап бередi. Бас-көз демей сыпыра балағаттайды. Соған қарағанда әлгiлер, қолдарына түскен сұрауы жоқ мiскiндерге ұқсайды.


Бiр-екi мәрте осында жұмыс iстейтiн пагонды қызметшiлер еңселi үймен екi ортаға ары-берi қатынады. Айбынын сыртқа тастағандардан Жапар «неғып тұрсың, қайдан келдiң, кiм жiбердi» деп айта ма деп, сәл именшектендi. Бiрақ, едiреңбайлар бұған едiрейе қарағанымен, тiс жармады. «Сапар қай жерiнде жатыр екен? Менiң келiп тұрғанымнан бейхабар-ау» деп ойлады. «Аш шығар…»


Бiр мәуiртте «тапал» тамнан дабырласа сөйлескен адамдардың үнi естiлдi. Көп бөгелмей қаралдысы да байқалды. Араларында тергеушi де бар. Оны көрiп көкiрегiне қуаныштың шуағы үйiрiлдi. Ол қасындағы етжеңдi офицерге әлденәрсенi түсiндiретiн сияқты. Кенет Сапар мұны байқап қап:


— Мында келiңiз! — деп дауыстады да, жанындағы адаммен сөйлесiп, бөгелместен еңселi үйге қарай бет алды. Бұл сәтiнде-ақ жүдемдете соңдарынан ердi. Оларды қамақ үйiнiң есiгiне iлiндiрмей қуып жеттi.


— Сәлеметсiз бе! — дедi тергеушiнiң қасындағы гүжбан қараға. Ол сүзеген бұқадай күжiрейе қадалып мұның басынан аяғына, аяғынан басына дейiн ежiрей көзiмен шолып шықты. Бiрақ, амандасуды мiн санады. Талтаңдай басып iлгерi озды. Әйткенмен Жапар қотиынның онысына қылаудай да ренжiмедi.


Әлгi талтаңбай iшке кiрiсiмен босағаның аузындағы күзеттегiге:


— Атамқұловты әкелiңдер, тергеушi келiп тұр! — дедi шолақ қана бұйырып.


— Құп!


Дереу алдындағы бұрандасыз «бiтеу» телефонның тұтқасын ала сап, «Атамқұловты әкелiңдер!» дедi әлдекiмдерге.


Жапар «ары баруыма ұрықсат етпес» деп осы дәлiзде бөгелiс тапты да, ана екеуi iшкерiге өттi. Көп айналмай тергеушi де мұның қасына қайтып оралды. Бiрақ бiр-бiрiмен тiс жарып сөйлеспедi.


Екеуi состиысқан қалпы бiршама күттi. Бiр уақтарда есiктiң тарсылдап ашылғаны, аяқтың дыбысы бiлiндi. Көп ұзамай сол жақтағы қапталдан қолын артына айқастыра ұстаған Сапар көрiндi. Сол-ақ екен:


— Атамқұлов, тоқта! — деген зәрлi үн де iлесе қабаттасты. Сапар қалт бөгелдi. Дыбыстан кейiн ғана барып бұйрықшыл әлгiнiң төбесi қылаңытты. Қолында қолшоқпары бар, белiне пистолет байлаған жылпылдаған бiреу. Пiшiнi бiр-ақ қарыс, бiр-ақ уыс бетi бар, бiрақ шығырдағы тиiндей ширақ. Үстiндегi асай-мүсейi бойына бу берiп, есектiң айғырындай қыдыңдатып қойса керек. Жан-жағына алақ-жұлақ етiп, әбжыланша ысқырынады. Қалжасына қарамай «дүрдиген» ұсқынын көрiп, дүниенiң төрт бұрышын тiреп тұрған осы екен дейсiң. Осқырынған жанарымен сонадайдағы состиған тергеушi мен екеуiн сүзiп өттi. Сөйтiп, өз-өзiнен кiжiнген қалпы кiре берiстегi постағыға таянды.


— Мұны қайда апарамыз? — Дауысы да суырдың айғырының айқайындай шақ-шақ. Нәтiнде осының бәрi қолдан жасалған мiнез сияқты. Жалпы, милиция деген пақырда ұлт, нәсiл деген нәсте болмайтын сыңайлы. Ресейдiң қызыл жағалысы да осылай қызылкөзденедi, қазақтың оқалы қара мықырлары да осылай қасарысады. Бәрi — бiр сорт.


— Тергеуге. Тергеушi келiп тұр. — Постағы неме аяқ астынан айып арқалағандай ақтала үн қатты.


— Журналға солай рәсiмдедiң бе?


— Иә.


Тергеушi әлгiлердiң қасына барды да, киiз кiтапқа қолын қойды.


— Кiсенмен әкетесiз бе? — Ендi тергеушiге қарады.


— Жоқ.


— Байқаңыз.


Жапар сонда барып iнiсiнiң қолы кiсендеулi екенiн бiлдi. Өзiн-өзi жұлып жеген қыдыңбай оны кiсеннен арылта бастады. Омырауы алқам-салқам Сапар әлгiнiң қасында түйенiң жампозындай. Екi иығы кең, бойы сұңғақ. Дегенмен тұтқындағы күндер арқасына аяздай батқаны бiлiнедi. Шашы үрпе-түрпе, жiпсиген көзi шүңiрейiп iшiне кiрген. Әншейiндегi бүйрек бетi суалып, ойдым-ойдым. Өңi жер тартып, күреңiтiптi. Екi езуi томпайып, салбыраңқы көрiндi. Жейдесiнiң жағасы жұлма-жұлма, шалбары умаж-умаж, күтiмiнiң қиюы қашқан. Сүрлiктiрген ұзақ сабылыстан кейiн таң асырылып, ендi ғана ер-тұрманы сыпырылған жылқыдай сенделiс үстiнде.


Үшеуi сыртқа бет алды. Темiр есiктен шығысымен көк «Жигулиге» сығылыса тиелiп ап, «шү-у» дедi де жөнеп бердi. Сапар Сараны көрiп бiр сәтке қипыжықтап ұялыс тапқандай сыңай байқатты. Әйел де қанын iшiне тартып, сазара қалды. Абырой болғанда екеуi де ләм-мим демей iштей тынды. Кiм бiледi, iшкi толқынысын баса алмай, бiреуi сөз бастағанда әлдебiр құпияның кiлтi ашылып кетер ме едi. Бiрақ, ақшасын алып көңiлi тынған жақ та, бауырын тұтқыннан босатып арқасын кеңге тастаған жақ та ендiгi қалған дүниенiң сол жабулы қазан жабулы күйiнде ашылмағанын қалайтындай. Олардың қазiргi кескiн-келбеттерi тек осыны ғана аңғартып тұрды.


Әудем жер ұзағанда тергеушi пенде атаулы жоқ ну тоғайдың ортасында:


— Мен осы жерде түсемiн, — дедi.


Машина кiлт тоқтады. Жапар мен екеуi сыртқа шықты.


— Рахмет сiзге. — Жапар тағы да сөзiн алғыстан бастады. Аман-есен аттанып кетпей, жiк-жапар болудан жалықпады. — Мiне, сiздiң еңбегiңiзге — үш мың.


Қойнындағы бүктеулi қағазды қолына ұстата берген. Сол-ақ екен тергеушiнiң көзi бағжаң еттi.


— Қалай?!


Жапар ештеменiң байыбына бара алмай, тергеушiнiң бетiне аңыра қараған қалпы тежелдi.


— Неге? Төрт жүзі қайда?


Осы кезде ғана барып оның шабына шоқ қарығандай оқыс шоршығанын түсiндi.


— Төрт жүзiн таңертең Сара «өзiм беремiн» деп алды. — Бiр түрлi уәдеден тайқыған адамдай қуыстанды, үнiне де дiрiл араласты. — Жүрiңiз, сөйлеселiк.


Екеуi машинаға қайтып оралды. Сығылыса жайғасты. Жанындағылар аңырыса қарайды.


— Сара, сiз, бүгiн таңертең алған төрт жүздi Сапекеңе берiңiз. — Әңгiменi Жапар қидаламай төтесiнен бастады.


— Иә, иә… — Әйел аяқ астынан бүгежектедi. — Мен оны «өзiм апарып беремiн ғой» деп ойлағанмын, мiнекейiңiз. — Төрт тал «көкқұлақты» сөмкесiнен суырып ап тергеушiге ұсынды. Тергеушi Сапардың өңi демде қарасұрланып, ысқырынған әбжыландай ызбар шашты. Жылдам әлгiнi қақшып ап, төс қалтасына салды да:


— Жақсы, — деп сыздана тiл қатып, машинадан сыртқа шыға бердi. Бұлар да ештемеге қарайламай орындарынан қозғалды. «Блюбердтi» қалдырған автотұраққа жеткенше ешқайсысы тiс жармады.


Машина сол қойған орындарынан тапжылмапты.


— Тексерiңiздер, бәрi қаз-қалпында. — Кiлттi ұсынып жатып Байқал жаңағы ыңғайсыз көрiнiстi жуып-шайғысы келгендей, iш тарта тiл қатты.


— Рахмет, орнында шығар. — Жапар да мейлiнше сыпайы болуға тырысты. — Менiң құжаттарымды әкеңiз.


— Мiнекейiңiз. — Қойнындағы былғары кiтапшасының арасындағы құжаттарды бұған ұсынды. — Мұқият қараңыз.


Жапар бiр-екi шолып шықты, бәрi тап-тұйнақтай сияқты.


Рульге отырып, машинасын гүр еткiздi.


— Ендi, айып етпеңiздер, Бәке... Бұдан былай жақсылықта жолығайық. — Қоштасып, үшеуi атқа қонды.


— Ештеме етпейдi, пенде болған соң тәңiрiнiң жазғанын көремiз де көнемiз.


Бұлар жылжып бара жатқанда Байқал соңдарынан осылай деп дауыстады.


*** *** ***


Төртінші бөлім. ЖАПА


I


Жапардың иығынан бүкiл зiлбатпан сыпырылғандай жеңiлейiп қалды. Бiрақ бауырына деген өкпесi қара қазандай қайнады. Әйткенмен тiл қатып, тіс жармады. Ол да өзiнiң кiнәсiн сезiнгендей арт жақта мөлиiп отырды. Және үш-төрт күнде сылынып түсiптi. Түрмеде өмiр жайлы, болашақ турасында «жақсылап» ойланса керек.


Рульдегi Жапардың басына сан ой келiп, сан ой кеттi. «Ендi бұдан былай шешелерiн қан қақсатпаса жарады» деп топшылады. Бәрiнен ғазиз аналарының ғарiпшiлiк пен дiлгiрлiктен сор кешкенi жанына қатты батады.


Осылай санасын ой иектесе де, көшедегi жазуларды жiтi қадағалады. Бiр ыңғайлы жерден ауқаттандырып алмаса, ыстық тамақтың бетiн көрмегелi бiраз болған шығар. Әмбе, Темiр екеуi де кеше кешкiлiк апыл-ғұпыл iшкен астан кейiн, iшектерiн майламапты. Оның да шекесi қызып келе жатпағаны айқын.


Қаладан шыға берiсте бiрiнен-бiрi аумайтын қаптаған ұлттық асханалардың барын бiлетiн, соның бiрiншi жолыққанының қасына тоқтады.


— Жүрiңдер, тамақ iшелiк.


Жанындағы екеуi үн-түнсiз келiсiп, ақырын сыртқа суырылды.


Бұлар әбiгермен ары-берi шауып жүргенде түстiктiң мезетi өтiп кетiптi. Содан ба мына асханада жан баласы жоқ. Әдеттегiдей аспазшылар бұларды көрiп көздерiнде күлкi ойнап, жылы шыраймен, құрақ ұшты.


Стол басына жайғасқаннан соң Жапар тағамның дәмдiсi мен таңсығына молынан тапсырыс бердi. Мың болғыр даяшы келiншек «байкелей» зыр қаға, бәрiн демнiң арасында ылдым-жылдым алдарына қойды. Ең бiрiншi тандыр әкелдi. Нанды көргеннен-ақ Сапардың шыдамы таусылып, күректей қолы дастарханға жүгiрiп бара жатты.


— Талдықорғаннан шыққалы адам сияқты тамақ жейiн деп отырғаным осы. — Өз-өзiнен ырқ-ырқ етiп күлiп қойды. Оның бұл пәтуасыз ләмiн Жапар жақтырмады, бағанадан берi тыржиып келе жатқан ол, кiрпiше жиырылды.


— Құдай бұйыртса, iшерсiң. — Темiрдiң де жатып атарлығы бар екен, байқатпай iлiп өттi. Және сайқымазақтықпен ыржиғандай болды.


Бұдан кейiн ешкiм тiс жармады. Сапар сөзiнiң мына екеуiнiң iшiне қонбағандығын аңғарғаннан кейiн бе, әлде өзегi талғаннан ба, ләм-мим деместен әкелген бiр табақ лағманның iшiне үйелменiмен құлады. Желкесi күжiрейiп, тұқиған қалпы соғып жатыр. Анда-санда ернiнiң былш-былш еткенi де бiлiнедi.


— Байқа, аш өзегiңе түсiп кетiп, Алматыға жетпей қалып жүрме. — Оның келепейсiз мына кескiнi көңiлiне сыймағаннан ба, Темiр тағы да сипай қамшылап, ескерту жасады.


— «Кедейдiң бiр тойғаны — шала байығаны» дептi ғой, өлсек те шала байып өлейiк те.


Сөйлегенде түбiн түсiредi, сөзi кәдуескiдей. Мына әңгiмесiнiң пошымына қарап, iшсiз адам деп айтуға аузың бармайды. Тұла бойында терең бiр аңғарымпаздық жатқан сияқты.


Жапар бауырының жүзiне көзiнiң астымен қарап қойды. Күл тұтаған жалпақ бетiне ептеп нұр жүгiргені байқалды. Ұшы келте кiшкентай танауының үстi шып-шып терлептi. «Әлде, лағманның сорпасы шашырады ма?» деп ойлады. Әйткенмен оны аңғаратын Сапар жоқ.


Тамақты сiреп iшiп, үшеуi сыртқа беттедi. Құрсаққа бiрдеме барғаннан кейiн бе, әлде шынтуайтында бостандыққа шыққанын ендi сезiндi ме, Сапардың қабағы жайдарылана түстi. Бiраз жүрiп, Қордайдың асуынан өткеннен соң бiреу сұрағандай қамақтағы әңгiмелерiн қойыртпақтатты.


— Суық сүйегiмнен өттi. Аштыққа емес, суықтың сорғанына шыдау қиын екен. Ұйықтау мүмкiн емес, бүрге, бит маза бермейдi. Айқай-ұйқай…


Үлкенi соңына айна арқылы ала көзiмен ата, жеп жiберердей бедiрейдi. Абырой болғанда, Темiр де оның әңгiмесiн қостамады. Екеуiнiң тарапынан салқындық байқалған соң барып Сапар басынан кешкен жайттарды айтуын аяқсытты.


Жапар iнiсiне түсiн бермей алдыға қараған қалпы мұз құрсанып, сұлқ отыр. Оның iстеген iсiне өкпелi, тiптi, ағайын-туғанның алдында ұятқа қалып, бетiмен жер басқанын ұғындырды. Ағасының осы пiшiнiнен Сапар өзiнiң бүкiл әулетке кiр келтiргенiн түйсiнгендей жаңағы елiкпесiнен басылды.


Ешкiм үн қатпайды. Ұзыннан-ұзақ созылған жол жеткiзер емес. Жапардың жаурынының ортасы удай ашыды. Сонда ғана өзiнiң оңбай қажығанын бағамдады. Маңдайы шытынаған қалпы терең күрсiндi де, «ой, жалған дүние-ай…» дедi iштей.


II


Кенет, бағанадан бергi бiр сыдырғы ақ түтегiн үйiрген дауыл бұрқ-сарқ еттi де, көзге түртсе көргiсiз соқырға айналдырды. Ерiксiз селт етiп ұйқысынан оянғандай Жапар тез ой шырмауынан адаланып, болар-болмас қана тежегiшке салмақ салды. Сол-ақ екен машина оң жақ қабырғасына қарай ауытқып, сырғанай жөнелдi. Бiр абыройы — жылдамдық әлеуеттi емес, бөкеннiң желiсiндей ғана-тын. Ат екпiнiн ауыздыққа сүйеп айлаға басар атшабар баладай, көктайғақтан алдын-ала сақтанғандықтан үшiншi межеге қосып, мотордың ауанымен келе жатқан. «Ниссанның» жамбасы қиыстап барып, жол ернеуiндегi күртiкке килiктi. Әлi аяқтанбаған төлдей қақпақыланған көлiктi қасат ырқына жiбермей оңшалуына септiгiн тигiздi.


Дегенмен де жiгiт сасқалақтап-ақ қалып едi. Өйткенi, айналасы тұтас жермен жексен боп былығып, ештеменi байыптаудан қалған. «Жазым болса быламыққа тiс сынады» дегендейiн, көлденең кесел жолықса аяңдап-ақ келе жатып тырапай асар. «Жаратқан алла, ондай бәлекетiңнен сыртқары ғыла көр…»


Көзiн бақжита жолына бiр үңiлдi де, басын болмашы шайқады. Сосын сол қолымен бетiн аяусыз екi-үш қайтара умаждай сипалады. Ондағысы, рульде сергек отыруға ұмтылғаны.


— Мына боран қайтедi… өлтiре ме..?


Тағы да жалғызға үйiр ой иектедi. Iшкi әлемiнде де алай-түлей бұрқасын үдеп, онысыз да байызсыз көңiлiн алағызып бара жатты… «Бұрқасын», «Бұрқасын»…


…Онда да осындай қақаған қыс, желтоқсанның әбден зар күйiне енiп желiккен кезi едi.


*** *** ***


Түстен кейiн уақиға басқаша сипат алды. Алаңға жиналды демесең, ақылы сан тарапқа бөлiнген бейбiт халықты милиция тұтастай қоршап, бiреуiн де шашау шығармады. Сырттан да ешкiмдi кiргiзбедi. Сөйтiп жан-жақтан қаумалай сығымдап-сығымдап кеп, бас көтерген «бүлiкшiлдердi» тұншықтырып жiбермекшi.


Мызғымас құқық қорғаушылар мен қауiпсiздiк сақшыларынан кейiн селт етпес солдаттар, күңк етпес курсанттар шеп түзеген. Бақайшағына дейiн мұздай қаруланған олардың ұсқындары жан түршiктiредi. Бастарында дулыға, қолдарында қалқан. Керек жағдайда шоқпары белiнде, сапер күрегi арқасында. Әу бастан-ақ шолақ күректiң ниетi жаман едi, мыналар сарбаздан гөрi әлдекiмнiң көрiн қазуға келген қабiршiлер сыңайлы. Түстерi суық, ләм деп жақ ашпайды. «Әйт» десе тұра атырылатын қиял-ғажайып кинолардағы миы компьютерленген адам пiшiндегi құлтемiр сияқты. Және бұлардың үрейiңдi үйiрер сыртқы сүдiнiн одан сайын зорайтып, жетектерiндегi арпылдаған абылаңқылары дамылсыз қалың нөпiрге атырылады. Сала құлаш тiлдерi салақтап, ауыздарынан ақ көбiк ақтарылады. Бiрыңғай темiр торда тұрып iшi пысқан мақұлықтарға мынау бiр қып-қызыл мейрам сияқты — кең аула, ұйлығысқан жұрт. Тек бойындағы тасыған күшiн қайда жұмсарын бiлмей, иесiнен басқа екi аяқтыны хайуан көрiп, жарып тастағысы-ақ бар. Тiлiн үйiрiп, таңдайына жып-жылымшы қанның дәмi келедi. Одан сайын көзi қарауытып, қалың етке азуды көскiсi кеп құмартады…


Бөлiм командирi кiшi сержанттан бастап жоғары қарай үлестiрiлген, қазiрде дамылсыз қырылдай сарнаған рация бәрiнiң көкiрегiне шандыла байланған. Сол арқылы ана-а-ау еңселi үйден жендеттерге толассыз ақпарат ағыны сапырылысуда. Әрбiр сөздi қапысыз бағып мелшиген қызыл армия бiр сәт мүлгiп кеткендей. Әмiршi әпербақаны «әп» десе, таудан құлаған өзендей ошарыла жөңкiлуге әзiр.


Сайыпқыран сарбаздарға гвардия полковнигi Андрей Влох деген шегiр көз әбiлет пәрмен жүргiздi. Қан көрсе өкiрiп кеп үстiне төнетiн өгiздей мына түземдiктердiң бас бiрiктiргенiне ызадан тынысы тарылып, зығырданы қайнады. Өз-өзiнен қалшылдап, терiсiне симай күйiп-пісті.


— Құртыңдар көзiн, сiлiмтiктердiң! — Тiстене әмiр бердi. Азу тiстерi шақұр-шұқыр қайралды. Өйткенi, ақ үйдiң де ниетi осы үдеден шығып жатыр едi.


Орыстан басқаны ұлт деп санамайтын үстемшiл неменiң бұйрығымен, әрi бұл бұйрықты орындауды «отан алдындағы мiндетiм» деп ұғынған солдаттар шерушiлердiң шетiндегi шеңгелiне iлiккен жұртты тарпа бас салды. Қолдарын қайырып, шаштарынан бұрап ұстаған күйi дырылдата сүйрелеп, милиция құрған тосқауылдың арғы бетiне апарды. Сосын, тiлге келместен әй-шай жоқ аяусыз сабай бастады. Әйел екен деп, бала екен деп қарамады, көк ала қойдай қылды. Ақ қардың бетi қызыл жосаға айналды. Оларға не милиция, не қауiпсiздiктi қорғау қызметiнiң бiр пендесi «әй» десешi. Қайта айбыны тасыған қаныпезерлер одан сайын құтырынып, әп сәтте-ақ жыпырлай сойылға жығылғандарды өлекседей үйiп тастады. Шалажансар денелерден қаланған үш-төрт шөмеле бой көтердi. Ыңырсыған, аһылаған дауыстар қаперлерiне кiрер емес. Шамасы, алпыс айлалы алапестер ереуiлшiлердiң үрейiн осылай үйiрмекшi, жүрегiн осылай шайлықтырмақшы, бетiн осылай қайтармақшы.


Мұны көргенде зәрi миына шауып, тiсiн тiсiне қойып келген Влохтың айызы қанды. Қайрақтай сұп-суық өңiне жаны жай тапқандықтан күлкiнiң ұшқыны жүгiргендей сезiлдi.


Алайда, аза бойды қаза тұрғызған жазықсыз қыздардың шыңғырған дауысы жүрегiнде оты бар жiгiттердiң ешқайсысын жай таптырмады. Жалаңаш қолмен әлеуеттi күшке көз жұмбайлықпен ұмтылды. Әттең, желкеден, қарақұстан тиген күрек пен сойыл бәрiн баудай жайпады. Шалғының жүзiне iлiнген жоңышқадай жапырылып, қидай жусады. Ышқынған үн, айқай-ұйқай құлақ тұндырды. Дегенмен, мына қатiгездiктен шерушiлердiң бетi қайтып-ақ қалып едi. Ендi, бiрi тұзаққа шатылса бәрi iлiнетiн шiлдей маталмай, үрiккен қойдай үдере состиысты. Бiрақ сонда да алаңды тастап кетуге ешқайсысының жүрегi дауаламайды. Үстiндегi иесi мертiгiп жығылған жылқыдай мына сүреннен тайқып шыға берсе, мұрат-мақсаттың әдiрам қалғаны. Қазақ халқының үнi өшкенi — өшкен. Күмбiрлеген кеудесiн зар-мұң кернегендiктен қасарысқан қайсарлыққа басты. Алайда, ұйыған қандай түнерiп, безбүйректенген жандармдар жалаңаш қолды халыққа сойыл сiлтестерiн тоқтатар емес. Жазықсыз төгiлген қан Мир көшесiнiң бойымен Абайға қарай ақиқат iздей құлдады. Бейбiт шеру ең алғаш Бейбiтшiлiк көшесiнде қорқауларға таланды.


«Шаш ал десе бас алатын» жасақ ендi басқаша әрекетке көштi. Жiгiттердi қанға бөктiрiп, шалажансар күйi машинаға қарай дырылдата сүйрей жөнелдi. Аппақ қарда сүйретпенiң соңынан қып-қызыл дақ шұбатыла iлестi. Апарған бетте екеулеп қолы мен аяғынан алып, қораптың үстiне атып кеп жiбередi. Бұршақтай түйiр-түйiр қан жеңiс салютiндей аспанға шашылып барып, бытырадай пышырап жерге iз-түзсiз сiңе бередi. Бiр кезде үйеме денелер тиелген жүк машинасы әлдеқай жаққа жылжып кеттi. Тек қар үстiнде ұйып, тоңази бастаған жылымшы қанды әлдебiр солдаттың жетегiндегi абылаңқы жалап, қызылсырап тұрды.


Жендеттер жiгiттердi жөнелттi де, қыздарды халықтың көзiнше қорлай бастады.


— Ә-әй, шәрмеңке! — Папағы оқшырайып, айқұлақтанған Влох онысыз да жертезекке айналған бойжеткенге зiкiр сала шүйлiктi. — Жатырыңнан бұдан былай бүлiкшiл бөлтiрiктер өрмейтiндей жасайын. — Көзi тұздай офицер тiстене ызбарланды. — Сосын бойжеткендi лақша бақырта шашынан сүйреп үш-төрт метрдей жерге апарды да, босата қойды. Жалма-жан ендi оңшалып түрегелуге бет алған бейшараны күрзi етiгiмен iшiнен ыңқ еткiзiп тептi. Бiр бақ ете қалып, онысыз да қалжасы шамалы неме екi бүктетiлiп, ақ қардың үстiнде аласұра дөңбекшiдi. Оған қарайтын шегiр көз жоқ.


— Отыр осылай мұздың үстiне… бәденiңе бәле бiтпейтiн бедеуге айнал!.. — Иығынан ұстап нығарлап, қара жерге басып-басып қойды. Сосын соңына кiлт бұрылды. Осы арады қайта тұруға ұмтылған жанкештiнi қайдағы бiр солдат төбесiнен тұқитты.


— Сидеть! Сказано тебе сидеть!


Жөппелдемеде екiншi бiр бойжеткендi бақырта сүйреп қасына әкеп мұздың үстiне шоңқитты. Сөйтiп демнiң арасында жамбастап жерде отырған бойжеткендердiң қаралдысы көбейдi. Тұруға дәрмендерi жоқ, төбелерiнен төнiп қанын iшiне тартқан солдаттар дiкең қағады.


Мына қорлыққа шыдамаған қазақ жiгiттерi тағы да көз жұмбайлыққа басты. Бас жарылып, көз шықса да ұлттық намысты қорлатпауға ұмтылды. Жетпiс жыл имандылығы үйiрiлген, коммунистiк рухта тәрбиеленген кеңес армиясынан мынандай қанқұйлылықты ешкiм күтпеген. Үстем ұлт аз ұлтты бұлай қорлайды деп бiр пенде күмәнданбапты. Ол бейкүнә ойларының тым аңғалдыққа ұрынғандығын көзбен көргендiктен, адуынды топ әскерге қарай лап бердi. Шамырқанса үйдей тасты домалатар арынды Ақсудай адуынды екпiнмен ұмтылған жастар мұздай құрсанған қанiпезерлердi тықсырып, тұншықтырып жiбердi. Жаңа ғана айқұлақтанып, папағын оқшырайта киген офицер көптiң талқысында қала бердi. Алайда қара халықтың қаны судай шашылды. Тағы да отыз-қырығы баудай түстi. Дегенмен бүйте берсе тұра-бара мына милиция мен әскердiң шебiн шақ-шәлекейiн шығаратынын ұғынған құзiреттi Влох арқа сүйеп, табан тiрерлiк тағы да әлеуеттi күштiң келуiн жоғары жақтан талап еттi.


— «Бұрқасын» операциясын шұғыл бастау керек. Дер кезiнде шара қолданбасақ, бүлiкшiлдердi тұншықтыра алмай қаламыз!


Сол-ақ екен бүгiнгi ғарыш заманындағы нағыз соғыс даласында жүретiн БТР-лар легi лепiре жеттi. Оның пулеметiнiң ұңғысы халыққа кезендi. Ол аздай өңкиген қызыл өгiздей өрт сөндiретiн машиналар өкiрiп-бақырып екi иiнiнен ентiге тоқтады.


Бұл кезде желтоқсанның қытымыр күнi шыңылтырланып, кеш те үйiрiлiп қалған болатын. Сонда да алаңда ине шаншар орын жоқ. Ашуға булыққан халық суықтан да тайынбады, қарудан да именбедi. Қазақ Республикасы үшiн шыбын жанын беруге әзiр.


Олардың мына сiрескен сиқын көрген жасақ қолынан келетiн барлық айла-шарғыдан тартынып қалар емес. Көзi ежiрейген жандарал:


— Алға! Алға-а! — дедi екiленiп. Қолы ербең-ербең етiп, танауы аспанда жүр. Дәп бiр Мәскеудi қорғап қалған панфиловшылардың ерлiгiн қайталағысы келгендей тамағын жырта айқайлады. Сол-ақ екен, ең бiрiншi қара халыққа қарай түтiн шашатын қол гранаталар шiрене лақтырылды. Жазатайым бiреудiң басы жарылып, көзi шығады-ау деген қаперлерiне кiрмейдi.Тiптi, жер әлемдi тiтiрентiп, ракеталар ысқыра жөңкiлдi. Әуеден қауiп төнiп қалғандай, әбiлеттi зеңгiр көктiң қойнауына үстiн-үстiн зырқырата жөнелтедi. Айбынын одан әрмен айдындандырып көрсетуге ұмтылғандықтан ба, самаладай жарқыраған шамды тұтастай өшiрiп, алаңды меңiреу қараңғылықта қалдырған.


Әдiлдiк iздеген әлеумет есiнен адасты. Ендi табандарының астында оқ-дәрi жарыла бастады. Ызы-қию айқай-шудан құлақ тұнды. Кiмнiң кiм екенiн бiлiп болмады. Үрейден шыңғырған, жылаған, үркiншiлiкке ұшырып ошарыла жөңкiлген ел. Көлденеңiнен сұлап жатқан шейiттер.


Мұның бәрi қуатты қос авиациялық прожекторлар тiлiн сумаңдата ары-берi жөңкiлгенде назарға шалынады. Әйтпесе алаң бақалы көлдей шулағанымен тастай қараңғы.


Мұндай соққыны күтпеген қарапайым жұрт әбден ашынды. Жалаңаш қолмен тағы да ажалға қарсы ұмтылды. Бұл жолы техникаға қарай қимылдады. Өңкиген қызыл машинаның бiрiн нысаналады.


Азаттықты аңсаған ашулы ұл мен қыз бiр-бiрiн iштей ұғысып, бойларына соншама қуаттың қайдан бiткенi белгiсiз, өрт сөндiрушi машинаны төңкерiп тастады. Шопыры бақырып, екi-үш жендет тырбына сыртқа ұмтылуда. Жанармайы айрандай ақтарылып, жарылған оқ-дәрiнiң сәулесiмен шағылыса көлкiп жатты. Әмбе кез-келген уақытта әмiрдi орындауға сақадай-сай сайланған сайыпқыранның моторы гүрiлдеп iстеп тұрған. Жан керек жүргiзушi машина құлағанда оны сөндiрудiң орнына бас сауғалап, қаша жөнелдi. Сол сәтте ракетаның ұшқыны тиген жанармай жана бастады. Iзiнше алау — алып техниканы көмкерiп қалды.


— Шашыңдар суды! Аямаңдар! — деп, түкiрiгiне шашала бұйрық бердi. — Көрсетейiк бұларға өкiметке қарсы шыққанды.


Өртенген көлiктi сөндiру санасына кiрмейдi, есi-дертi «есерлерде». Тезiрек тұқымын тұздай құртып жiберуге әддiсi құлаған.


Езу жиып үлгергенше алаңды Мир көшесi жағынан қаумалаған оннан астам өрт сөндiргiш машина күшене тұрып «шаптырды». Аязы қалшылдатқан желтоқсанның кешiнде мына мұздай су жолындағы дiрдек қаққан жастарды тықсырып жiбердi. Тұщы етке алмас қылыштай боп тиген лақылдаған әбiлеттен бастарын бүркемелеп, жондарын тосты. Қотандағы үрiккен қойдай ысырылып, бiр-бiрiне кептелдi.


Лықсыған әлеуеттi күштiң екпiнiмен Фурманов жағындағы солдаттар шебi сетiнеп, халық жосылып кеп бердi. Соңынан фашистiк кептегi сарбаздар итпен түре қуды. Жансауғалаған жастардың ту сыртынан сапер күрегi сiлтендi. Бiрiнен кейiн бiрi бытыр-бытыр адамдар сойылға жығылып, өз қанына өзi тұншығып алаңда қалды. Оның бiразы сол заматында жантәсәлiм еткен едi. Итке таланғаны қаншама. Бақырған, шыңғырған, жекiрген үн араласып, бiр сәт көк аспанның өзi шiмiрiккендей, батыс жақ қызғылтым реңге бөлендi. Былыға ыбырсыған әлемтапырақ дүниеге күйiнгендер де, сүйiнгендер де табылды. Алайда, сүйiнгендер басымырақ-тын. Түбiрiмен опырылып түскен қарлығаштың ұясындай бөрiк дұшпанның табанында тапталды. Сандаған түбiтi үлпiлдеген шәлi шылғауға айналды. Қазақтың рухы қашып, бағы шайқалды.


*** *** ***


Бұл — СОКП тарихында жиi айтылатын қызыл алаңдағы төгiлген қаннан кейiнгi ең көп жазықсыз суша сапырылған қан-тұғын.


Ысқыра келiп шапшыған мұздай су ақ қарға тамған алау қанды шайып өттi. Осы көрiнiс “Бұрқасын” опперациясының санитарлық тазарту процедурасы сияқты едi. Сөйтiп, билiктiң бишiгiн ұстағандар түнiмен алаңдағы қанды жуып тазартып, ертеңiнде дым болмағандай бұқараға бетi бүлк етпей қарамақ.


Ендi, оқшау киiмдегiлер басы жарылып, езуi тiлiнiп, көзi аққан өлi мен тiрiнiң ортасындағы қыз-жiгiттердi қол-аяқтарынан алып жүк машинасына ата бердi. Өлмешi денелер қорапқа барып, бiрiнiң үстiне бiрi бырш-бырш етiп құлады. Араларында шейiттерi де бар. Сол бiр мезетте о дүние мен бұ дүниенi бақилық пен пәнилiк бөлiп тұрса да, тiрi мен өлiлер құшақтаса бiрге жатты.


Беймезгiл уақытта беймәлiм машиналар белгiсiз жақты бетке алды. Қарау ниеттi сұрқиялар түн жамылып барып, алдын-ала қазылған ұраға өлмешi денелердi төңкерiп тастады. Сол заматында-ақ, жылан бауыр тракторлар ұраны жермен жексен етiп тегiстеп жiбердi. Әлдебiр уақытқа дейiн топырақ астынан ыңырсыған үн шығып, қара жер көкiрегi қарс айрыла булыға күрсiндi. Көк шұнақ аязбен әрленген үскiрiк құйын ғана ұрадан ыңырси естiлген үндi табалағандай сықылықтай күлiп, жас топырақтың бетiнен аракiдiк үйiрiлiп өтiп, әжуаға басты.


Ал, ақыл-есi орнындағы, аяғынан жаңылмаған тұтқын шерушiлердi көрдей суық камераларға апарып тықты.


Көзi тұздай, жез мұртты Влох қолына түскен бiр топ бастаңғышыларды адам аяғы жетпейтiн айдалаға апарып, өзi қатыгездiкпен үкiм шығарды. Ең бiрiншi бәрiн жiпке тiзген моншақтай етiп, бiр сызықтың бойына сапқа тiздi. Сосын айыпкерлердiң алдында алшаңдай басып ары-берi жүрдi. Өзiнiң таныс бiреуiн iздегендей екi көзiн әрқайсына жеке-жеке үңiле қадады.


— Ұйымдастырушыларың кiм?!


Қойған сауалы желмен ұшып, далаға лақты. Ашуына шашалған шалдуар неменiң екi самайындағы тамыры лыпылдай соқты, жағының бұлшық етi қатты тiстенгендiктен бiлеулене сыртқа тептi. Сосын қасарысқан қас жауының әуселесiн көрейiн деп, онысыз да суыққа қалшылдаған бейшараларды шешiнуге бұйырды. Ең бiрiншi сырт киiмiн сыпыртқызды.


— Алаңға шығарған кiмдер?


Өлi тыныштық.


— Қайталап сұраймын, кiм сендердi алаңға шақырды?


Тiс жарған ешкiм болмады. Тек тастай қараңғы түн қанын iшiне тартып, ызбарлана гуiлдейдi.


Сауалы жауапсыз қалғандықтан пәтшағар, қарсы алдында тұрған балаң жiгiттi қақ төбеден сапер күрегiнiң қырымен қойып кеп жiбердi. Қылыштай лыпылдаған өткiр темiр маңдайды қақ айырды. Ыңқ еткен дауыс қана шықты да, дене жалпасынан құлады. Сыр етiп сидектеген қанның үнi естiлдi, iзiнше әппақ бу аспанға атылды. Сәлден соң жантәсiлiммен шыққан қорыл бiлiндi. Оны iзiнше шидiң басындағы уiлдеген жел жұтып жiбердi.


— Айтпайды екенсiңдер, анау сияқты тиесiлi сазайларыңды тартасыңдар. Мен сауалыма жауап алмайынша дамыл таппаймын.


Сол-ақ екен құзғындай үйiрiлген солдаттар тұтқындарды шешiндiре бастады. Денелерi белге дейiн жалаңаштанды, қыздардың тек омырауында шандымасы ғана қалды.


— Көтерiлiстi ұйымдастырып жүрген кiм?


Үнсiздiк. Обыр да қорқынышты тастай қараңғы түн.


— Етiктерiңдi шешiңдер!


Сол сәтте-ақ қайсар жастар жалаңаяқ қар кештi. Жалаңаш дененi сорған мұздай суық үскiрiк жел бәрiн дiрдектете бүрiстiрiп жiбердi.


— Көсемдерiңдi айтасыңдар ма, айтпайсыңдар ма?


Тағы да тұтқындар тiлiн тiстедi. Етiнен ет кесiп алсаң да бiр ауыз ләм қатпайтыны орыс офицерiнiң қанын қарайтты. Мынандай қайсарлықты үнемi «жасық» деп ұғып келген өндiрдей қазақ жастарынан күтпеген. Ендi, мiне, өзi ит болып, сөзi желге ұшуда.


Бiр жүлгенiң бойына тiзiлген саптағылардың ең басындағысына барды. Ашудан мысық мұрты едiрейiп, қатыгез сұстың ызғарын себедi. Әрi қырауланып, тастай қараңғы түнде түсiн айбаттандырып көрсетедi.


—Сен айтшы, кiм бастап жүрген?


Ызғырық ұшындырған балғын дене қалш-қалш етiп, ернi сөйлеуге келмейдi. Бiрдеме айтуға жiгiттiң мұршасы жоқ, қызыл жендеттiң сауалын естiгенiне де күман бар.


Жауап жоқ. Офицер сазарып мiскiннiң бетiне қарап тұрды да, автоматтың дүмiмен құлақ шекеден қонжитты. Бақ еткен дауысы ғана шықты да, сiрi қарға гүмп бердi.


Тұтқынның келесiсiне таянды. Иығына түскен шашын жел алып қашқан бойжеткен екен. Екi жұдырығын иегiнiң астына тығып, қос шынтағын омырауына жинап алыпты. Қоянның көжегiндей дiр-дiр етедi.


— Ұйымдастырушылардан кiмдердi бiлесiң?


Бейшара басын шайқағандай болды, әлде суықтан тұла бойы қалшылдағандықтан офицерге солай көрiндi ме, мына бетпақтықтан қаны миына шапшыды. Қолына қайдан iлiккенi белгiсiз, семсердей сiлтенген темiр қақ маңдайдан тидi. Заматында ұзыннан құлаған дене бiр жиырылып, бiр созылып әппақ қардың үстiнде алас ұрды.


Сөйтiп, қазанатты сақтаған халық, қарындасты сақтай алмады. Қара тұяғынан қал кетiп қалжырағанымен, ажалдың аузында тұрса да ашу, кек жiгiттердiң жүрек түкпiрiнде булыға бұлқынды.


Әрқайсына жеке-жеке шүйлiккенiмен бiр ауыз жауап ала алмаған жендет, одан сайын өшпендiлiкпен зығырданы қайнады. Мына бұратана жұрттың шамаларына қарамай қасарысқанын, жалаңаштап тастаса да желтоқсанның үскiрiгi мен аязды түнiнен жасқанбағанын — алтын басын аяққа таптағандай ұғынып, қатты қорланды. Қанталаған көзi ештеменi көрмей, құлағы тұнды. Қарсы алдында тек ұлы орыс ұлтына айбат шеккен құбыжықтар ғана үдере ақиланғандай сезiндi. Олардың шидей мойнын бұрап, бырт-бырт үзiп, табанда жоқ қылып жiберу керектiгiн түсiндi. Революцияшыл, лаңшыл, қанқұйлы ата-бабасының орашолақтық бiрмойындығына басып, асқан бiр фашизмдiкпен өндiрдей жастарды бiрiнен кейiн бiрiн қылышпен шапқандай күректiң қырымен ұрып, жайратып тастады. Бәрiнiң маңдайын қақ айырып, жанын жаһанамға жiбердi. Аза бойың қаза тұрар шыңғырған үннен де, қаны сарқырап ағып қорылдаған қолқаның жантәсiлiм сәтiнен де шiмiрiкпедi. Қайта айызы қана түсiп, халыққа қарсы шыққан сiлiмтiктердi жусатқанына бойына насаттық енiп, құйрығын қайқайтып үй iргесiнде жүрер дүрегейдей талтаңдады.


Шаруа әбден тынғанда жан алғыш жәбiрейiлдей жендеттерiне мәйiттiң бәрiн ұраға тастап көмiп тастауға бұйрық бердi.


— Бiр сағат уақыт, тiлмен жаласаңдар да тамшы қанның iзi қалмасын. Жан-пенденiң көзiне көрсетпей, сүйектi құртыңдар. Ертең iзi де бiлiнбесiн!


— Құп болады, жолдас, гвардия полковнигi! — Қарыс сүйем қалмай жанында жүрген жандайшабының ербең етiп оң қолы маңдайына тиiп, қос өкшесi тақ ете қалды.


Сосын папақты қолбасы тонының етегi делеңдеп, УАЗ машинасына қарай алшаңдай басты. Дәл қазiр қазақтың бәрiн тұқымын тұздай етiп қырып тастаса да, қолынан ешкiм қақпайтынына әбден сенiмдi едi. Мұның мына айуанға тән кескiнiн аңдағандықтан бұны да ана туды дегенге, мейiрiмге бөлеп бесiк жырын айтты дегенге үргедек көңiл ешқандай нана алмайды.


Арада абыр-дабыр басылғаннан соң Коммунистiк партияның шешiмiне қарсы шыққан «басқыншыларды» тұншықтырған «жаужүрек ұлдарға» өкiмет наградалары берiлдi. Сол екi ортада армия қатарынан демобилизацияға кеткендер де бар екен. Сонда да сайыпқырандардың соңынан наградалары жiберiлiптi. Сондай Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесiнiң Құрмет граммотасының бiрi қырғыз жiгiтiнiң қолына тиедi. Ол жан төзбес айуандықты өз көзiмен көргендiктен «мұндай марапатты алуға қақым жоқ» деп керi қайтарған. Оның осы бiр азаматтық позициясы қазақ жұртының жүрегiнiң түкпiрiнен мәңгiлiк жылы орын тауып едi.


III


Ертеңiне тағы да жолға шықты. Шұғыл Талдықорғанға бармасқа әддiсi қалмады. Түнде бәтуаласып, Сүлейменнен алған ақшаны қайтарудың жөн-жобасын қарастырған. Сонда Сапар басы салбырап отырып:


— Пәтерiмдi сатайын, ақшасын берейiн, — деген.


— Сенiң ол үйiң бiз алған ақшаның үштен бiрiне де жетпейдi. — Өңi сұрланып, Жапар бiрден қатты кеттi. — Тым құрымағанда қала, баяғыдай облыстың орталығы болса бiр сәрi… Сатқан күнiңде де жетi насырыңды жерге кiргiзiп барып, сатарсың. Оны бүгiн, ертең кiм ала қояйын деп тұр? — Қабағын түйген қалпы бауырына қарады. Ол шоймандай қап-қара күйi бұған жонын берiп, тоң-терiс күжiрейдi. Үндемейдi. Үндеуге шамасы жоқ. — Оданда, пәтердiң құжатын әкелiп Сүлейменнiң қолына ұстатайық. Сата ма, өртей ме өзi бiлсiн. Бiз оның үстiне тағы да екi үй қосып саудалағанның өзiнде, алты мың жарым долларды шығара алмаймыз. Ол жалпақ жұртқа аян. Тынышынан-тыныш осылай жасағанымыз дұрыс. Ағайынның алдында бетiмiз ашық болсын.


Бұл турасында осындай ұйғарымға тоқтады. Екiншiден, қылмысты Марат екеуi бiрге жасап, ақшаны теңдей бөлiске салғаннан кейiн, қазiргi жағдайда материалдық жауапкершiлiк оның да мойнына жүктелуi тиiс. Сондықтан айып тағушы жаққа берген алты мыңның үш мыңын содан өндiрiп алулары қажет. Тым құрымағанда ол, әлгi алған ақшасын қайтарып беруi керек.


Мiне, ең күлкiлдi мәселе осы болып тұр. Одан ақша талап етсең «мен мына адамды бiлмеймiн, маған қысым көрсетiп жатыр» деп шағымдануы да мүмкiн. Немесе, «сендер әдейi ақылдасып ап, менiң үлесiмдi алып қана қоймай, тағы да үстiнен түсiмiн өндiрмекшiсiңдер» деп соғуы да ықтимал. Тiптi, «мен ештеме бiлмеймiн, қайда барсаңдар онда барыңдар, ақша тұрмақ соқыр тиын да бермеймiн» деуi де ғажап емес. Сапар екеуi жасаған тiрлiктерiнiң соңы осылай айналып шыққанын оған сендiрiп көр...


Шынында да адам нана қоятын нәрсе емес, қисынсыз, көңiлге қонбайды. Аман-есен бөгде мемлекеттегi оқиға орнынан сытылып шығып, өз елiне келу, екi облыстың аумағынан өтiп кетiп, бiр күннен кейiн қайта жәбiрленушiнiң қолына түсу — тек кинода ғана болатын нәрсе. Өмiрде жоқ. Осы тұрғыдан қарағанда Жапар оған бәле iздеген алаяқ болып көрiнуi әбден мүмкiн. Әрине, өзiне қатысты ондай пиғыл қалыптастырғысы келмейдi, бiрақ, амалы жоқ. Сүлейменнiң ақшасын орнына қоюы тиiс. Сондықтан Сапарды Алматыға тастап, Талдықорғанға жалғыз аттанды. Оның қамаудан босанғаны туралы дабыра етпедi де. Ондағы ойы бiреуден бiреу естiп Мараттың құлағына тисе, ол: «Әдейi ұйымдастырып отыр. Ешкiм түрмеге де түскен жоқ, іздеуші ұстап та алған жоқ» деп бiр-ақ кесiп айтады. Оған күмәнсiз. Сол себептен мұқият сақтыққа барды.


Талдықорғанға келген бетте Маратты iздедi. Таппады. Отбасынан ажырап, басқа бiр екi баласы бар қатынмен тұрады екен. Бiреудiң шалабы өзiнiкiнен әлдеқайда жақсы көрiнсе керек. Солардың үйiне барып едi, әлгiлер есiк ашпады.


— Марат бар ма? — дедi бұл екiншi қабаттың алаңқайында айқайлап.


— Жоқ, — дейдi ер баланың даусы.


— Мамаң бар ма?


— Жұмыста.


— Марат қайда?


— Бiлмеймiн.


— Кешке келе ме?


— Бiлмеймiн.


— Үйде тығылып отырған шығар.


— Жоқ, тығылып отырған жоқ. — Сөз шешесiнiң ашынасы туралы болса да бала намыстанып қалды, даусы тақ етiп естiлдi.


— Рас айтасың ба?


— Рас айтамын.


— Жарайды, жақсы онда.


— Кiм дейін…


— Өзiм бiр айналып соғамын.


Талдықорғанға кiрген беттегi алғашқы шаруасы осылай сәтсiздеу басталды. Ол үйден шығып, iнiсiнiкiне тартты. Үйде келiнi бар екен. Қайнағасын салқын қарсы алды. Жалпы, өңiнен жылылықтың нышаны байқала қоймайтын жан. Сапар да бiр кезде әйелiн баласымен шығарып, мұны екi баласымен күйеуiнен ажыратып алған. Сондықтан Жапар iнiсiнiң жаңа отбасына қанша iштартайын десе де, ар жағында бiр нәрсесi жiбермейдi.


Ернiнiң ұшымен амандасты.


— Сапардың жайын бiлесiңдер ме? — дедi бұл жорта.


— Естiп отырмын, қамалмаса одан әрi. — Мына сөзi — байын тастап тиген қатынның әңгiмесi емес, қас дұшпанның табалауы. Жапардың жүрегi мұздап қоя бердi. Дегенмен онысын сыртқа бiлдiртпеуге тырысты.


— Анау Марат дейтiн жiгiт бұдан хабардар ма?


— Құлағдар. Бiрақ, ұсталғанына сенбейдi.


— Сапарды ұстап әкеткенiн көзi көрген Талдықорғанның жiгiттерi бар ғой.


— Олардың сөзiне иланбайды.


— Ым… — Жапар айтарынан жаңылып, бiраз үнсiз iркiлдi. — Маратты көрдiң бе?


— Көрдiм, кеше кешкiсiн әйелi екеуi келiп қайтты. Әйелi әлгiнде ғана бiздiкiнде болған.


— Қай әйелi, соңғысы ма, бұрынғысы ма?


—Бұрынғысымен хабарласпайды.


Жапардың қараптан-қарап қайласы таусылды. Одан ештеме шықпайтынын iштей ұғынды. Сосын:


— Бiшкектен келе жатырмын, — деп бастады әңгiмесiн. — Сапар сонда қамауда. Милиция Маратты iздетiп, Талдықорғанға сұрау салыпты. Мен барып тергеушiмен сөйлесiп, үш күнге мұрсат алдым. Алты мың доллар керек. Осы соманы қалайда апарып бермесек, жердiң тесiгiне кiрiп кетсе де Маратты табады. Содан кейiн iс ушығады. Сондықтан ендi оны көрсең, «тез арада үш мың доллар тапсын» деп хабар айт. Таппаса, өз соры өзiне. Ал, мен мына үйдiң құжатына келдiм. Сол құжатты кепiлдiкке қойып, бiреуден қарыз аламын. Басқа амалым қалмады.


Келiнiнiң өңiнде ешқандай өзгешелiк байқалмады.


— Алыңыз…


Осыны айтты да iшкi бөлмеге өттi. Көп кешiкпей қайтып оралған ол бiр бума қағазды көтерiп әкелдi.


— Барлық құжаттары осының iшiнде. “Сатамын” деп өзi даярлап жүрген, ештемесiне тиiскен жоқпыз.


Қара сұр өңi одан сайын түнере қанын iшiне тартып, ызбарлана көгерген. Қатқан қурайдай кескiнiнен жылылықтың, тiптi, тiршiлiктiң нышаны бiлiнбейдi. Қолынан келсе шайнап тастағысы бар.


— Ендi жолықсаңыз айтыңыз, Сапар менi көрмей-ақ қойсын. Балалардың да мазасы қашып бiттi. Жағдайымыз нашар. Оларды әке-шешемнiң үйiне апарып тастадым, өзiм базарға шығып жүрмiн. — Ашуға булығып, үнiне дiрiл араласты. Көз аясына жас та лықсып кеп қалды.


— Жарайды, құдайдың басқа салғаны ғой, көнемiз… — Жапар мынадан кейiн жаңағы iшкi өкпесiн ұмытып, абдыраңқырады. Әрi мұнысы келiнiн жұбатпақ боп айтқандағысы едi.


Босағада тiк тұрған қалпы, тiзе бүкпестен қайта сыртқа беттедi.


Жазған құлда шаршау жоқ, тағы да Мараттың ашынасының үйiне барды. Есiк қағып едi бұл жолы, «кiм бұл» деген әйелдiң үнi естiлдi.


— Марат бар ма, мен Сапардың ағасымын.


Сол-ақ екен, есiк шалқасынан ашылды. Ар жағынан тығыншықтай қараторы әйел дүрдие қарсы алды. Бетi сазарып, түлен түртiп тұр.


— Сәлеметсiз бе? — Жапар да қасақана даусын қатайта амандасты.


— Сәлемет…


— Марат бар ма?


— Жоқ.


Жiгiт бұдан ары шыдамай, ләм-мим деместен iшке ендi. Аяғын да шешкен жоқ. Бөлмелердi түгел аралап шықты. Тұрып жатқандары екi бөлмелi үй екен. Жесiр әйелдiң қоңыртөбел тiрлiгi ғана барлығы байқалады. Екi ұлы состиып, мұңлы жанарларымен бұны жеп жiберердей, жақтырмай қарайды.


— Қашан келедi ол?


— Бiлмеймiн… — Қыбың қанды ма дегендей долдана торсиған әйел сыздана үн қатты. Қайта, бұл — танымайтын адам болған соң ғана әдеп сақтаған сыңайы тәрiздi.


Жапар келiнiне айтқан әңгiменi тура сөзбе-сөз қайталады. Бiрақ, мына бедiрейген бетпақтың санасына ештеме жетер емес.


— Оны бүгiн ұстап әкетсе де, бiзге бәрiбiр…


Мынау зәрлi сөз Жапардың жүрегiне сүңгiдей қадалды. Бағанадан берi бос әуре боп тұрғанын ендi түсiндi. Көкейiне түйiп келген үмiт сәулесiн осы бiр ауыз ләмiмен мына салдақы, бiр леген кiрдiң суын құйып өшiре салғандай әсер қалдырды.


Мойны салбырап сыртқа беттедi. Соңынан тарс етiп есiктiң жабылғанын естiдi.


Дiңкесi құрып кеп машинаға мiндi. Қанша қара тұяғынан әл кетсе де, шешесiне жолығуы — парыз. Сондықтан қарыс адым жердiң өзi титықтатқанымен, алаңдап отырған анасын ойлағанда, ол керенаулығы әп-сәтте үштi-күйлi жоғалды. Өзi ғана бiлетiн жақсы хабарын жеткiзу үшiн ауылға тартты.


Қызылағаштың шетiне қызылiңiрде iлiктi. Шешесi үйде екен, мұны көре сап:


— Әкем, Жапар-ау, не бiтiрiп келе жатырсың? — деп, сонадайдан алдынан тұра жүгiрдi.


— Алып шықтым.


— Әй, қарғам-ай, көрсеттi-ау саған мыналар көресiнi. — Күйiне сөйлей кеп, бетiнен сүйдi. — Ал, ендi айтшы, не бүлдiрген сонда?


Жапар анасының жүрегiн ауыртпай-ақ қояйын деп, уақиғаның бетiнен қалқып қана баяндады. Анау екiншi адамнан ақшасын алғанша, Алматыға әдейi қалдырып кеткенiн бүкпедi.


— Е-е, күнiм-ай, қарап жүрмей сенiң басыңды әбден саудаға салды-ау… Қайтейiн, ақырының қайырын берсiн. — Пештiң үстiнен отқа бiр шелек көмiрдi бiр-ақ қотарып, сыбыртқымен плитаны сыпырып жатып күңiрендi. — Ол иттiң баласын текке жiберiп қоймай, ақшаны алу керек. — Сөзiнiң соңын тiстене тәмамдап, тепсiнiп қояды.


Осылай таусыла сөйлей дастарханын жайды, жаны тызақтай отырып шайын бердi. Шайдан кейiн Жапар қайтадан Алматыға жиналды.


— Балам-ау, түнделетiп жүресiң бе, ертең таңертең құдайдың жарығында аттансаңшы, — дедi Нұрғаным.


— Оған, жаңағы, Маратты ел орынға отырғанда үстiнен баспасаң, оңай-оспақпен қолға түсетiн адам емес.


Дiңкесi құрыған Нұрғаным:


— Е-е, — дедi, — айбайлап жүр, әйтеуiр. Құдай жолыңды оңғарсын.


— Сау болыңдар.


Жапар дарбазадан сыртқа шығып, қараңғыға сiңiп бара жатты.


*** *** ***


Талдықорғанға қайтып оралғанынша сағат түнгi ондардың шамасына таянған едi. Тағы да салып ұрып ат басын көзi үйренiп қалған үйге тiредi. Абырой болғанда iздеген кiсiсiнiң үстiнен басты. Ол бұл күткендей басын төмен салып, мiңгiрлей қарсы алған жоқ. Ежiрейiп, айбат шеге қарады. Жапар iштей «бедiреюiн, өткенде есек құрты мұрнынан түсiп, жылбырап отыр едi» деп ойлады.


— Қатынды тонағандарың не еркек бастарыңмен?! — Бiрден тықсырып алайын деп әдейi ә дегеннен қатты кеттi. — Сапар, әне, жатыр. Сенiң соңыңнан да қуғыншы шығарайын дегендерiнде, мен барып, «қоя тұрыңдар» деп үш күнге мұрсат сұрадым. Қайдан тапсаң оннан тап, үш мың долларды маған ертең кешке дейiн жеткiз. Олай болмайды екен, сорың абақтыда қайнайды.


— Сапар қайдағы түрмеде жатыр, мен онымен бүгiн ғана сөйлестiм ғой.


Жапардың төбесiнен бiреу мұздай су құйып жiбергендей селк еттi. Аяқ астынан қулығы ашылып, абыройы айрандай ақтарылды. Шындықтың соңынан жүрген өзi табан астында алаяққа айналып шыға келдi.


— Сен қай сайтаныңмен сөйлестiң? — Жапардың үнi өзiнiң байқауынша алғашқы айбынынан айрылып, селқостыққа ұшырады.


— Осы хабар құлағыма тигеннен кейiн сенiмен сөйлесейiн деп, үйiңе телефон соққанмын. Тұтқаны бiреу көтердi. Сенi сұрадым, «ол жоқ» деп тастай салды. Сапардың дауысын жазбай таныдым. Қайыра звондап едiм, алмады. Бала емеспiз, бәрiн бiлемiз. Ондай қулық-сұмдықтарыңды қойыңдар.


— Сен, бiрiншiден, басқа бiреудiң үйiне ұрынуың мүмкiн. Екiншiден, артыңнан милиция түскенде саныңды соғасың. Мен сенi қорқытып, үркiтiп тұрған жоқпын, ертең кешке дейiн ақшаны әкемесең, өз обалың өзiңе.


Осыны айтты да сыртқа беттедi. Бiрақ ашуға тұншығып, өз-өзiнен қалшылдап бара жатыр едi. «Сарамас неме, неге телефонды көтередi? Басы бiр қазан болғанымен бiр шаншым миы жоқ» деген атжалман сауалдар мен ашу, көкiрегiне кептелiп буындырып әкеттi. «Сүлейменнiң берген ақшасын орнына қою үшiн ендi қаражатты қайдан таппақ? Көкейiне түйiп, көздеген адамы аузыңа саңғыт деп отыр. Кiм бұған сұрағанын қолына ұстатпақ? Мына үйдiң қаражатымен еш тесiгi жабылмайды… Әрине, Сүлеймен бұдан бiр тиын да сұрамайды. Бiрақ сұрамайды екен деп хайуанша жамбасына баса беруi тиiс пе? Жоқ. Қайтару — мiндетi».


Алматыға жеткенше тек осы сауалдар ғана мұның жан серiгiне айналды. Мазасын алды, сiлiкпесiн шығарды, алқымынан сығымдап қылғындырды, қолқасын тұтап тұншықтырды. Қай-қайдағы қаңғыған бiреуден тепсiнген сөз естiгенiне, алаяқ сұм боп көрiнгенiне қорланды.


Бiр уақтарда өзiнiң әлдекiммен екiлене салғыласып отырғанын байқады. Қай уақытта сөйлеп кеткенiн жобалауға дәрменсiз. Сатқа ұрған ба, қояйын деп қозғалған көңiлiне басалқы болғанымен, арада шамалы уақыт өтпей-ақ қайта жынымен сөйлескендей күбiрлей бастайды. Барлығында да Сапармен ұстасып отырады. Ол бiр аузы кепердей қара диюға айналды.


Үйге келгенiнде тек мұның елесi ғана табалдырықтан аттаған едi.


*** *** ***


Өңi күреңiтiп iшке ендi. Зал үйде Сапар видиктi тамашалап, ұзыннан сұлай жатыр екен. Мұны көрiп:


— Қалай барып келдiң? — дедi.


— Әй, сарамас, сен неге телефонды көтересiң?! Отыр дегеннен кейiн орныңнан қозғалмай өлiк құсап отырмайсың ба? — Жетi түннiң iшiнде үнi тарғылданып, тым ашулы шықты. — Екi ортада мен қулық сауған сұмырайдың кебiне ендiм. Есiң дұрыс па, ойламайсың ба? Басың бiр қазан болып…


— Қайдан бiлейiн, телефон шырылдап қоймай қойғаннан кейiн… — Мұрнының астынан мiңгiрледi.


— Өй, шырылдамақ түгiлi, жарылып кетсе де, ол қоңырау саған емес екенiн бес саусағыңдай бiлесiң ғой. Әлде бiз саған телефонға жауап бер дедiк пе? Кетерiмде су миыңа таптап тұрып, “тұтқаны алма” деп жүз мәрте айтпап па едiм... Ендi ол бiздiң iсiмiздi тек ақылдасып iстелiнген қулыққа ғана сайып отыр. Ақшаны бермейдi. Оныкi дұрыс, сен де болсаң солай ойлайсың.


Сапар диванда шалқасынан түскен қалпы меңiрейiп жатты да қойды. Ағасы иiнi салбыраған күйi терiс айналды. Одан басқа iстейтiн қайласы да жоқ едi. Сүйретiле басып жатын бөлмесiне беттедi. Бiрақ ашу буып, шамырқандыра қалшылдатты. Iнiсiнiң соншама ақымақтығына еш ақылы жетпедi.


Ертеңiнде Жапар төсегiнен ауырып түрегелдi. Бiреумен сөйлесуге де, бiреуге қарауға да ешқандай зауқы соқпады. Ендi не жасайтынын бiлмей ақылынан алжасты. Үйге сидырмай iшiн өксiк-ит тырнады. Сосын сыртқа бет алды.


Қала сол әдеттегiсiнше қызу тiрлiгiнен айнымаған. Жүйткiген машина, қайшалысқан адам. Бұл да уайым буындырған сүле-сапы күйi солардың арасына сiңiсе бердi.


Тауы шағылған қалпы Сүлейменге келдi. Сүлейменнiң бiрден байқағаны, әншейiнде қылау да жұқтырмай жүретiн ағасының сақал-мұрты да қырылмапты. Үстiндегi жейдесiнiң жағасы да қыртыстанғандай көрiндi. Көзiнiң асты домбығып iсiп, қасiреттiң уытынан ойлы жанары нiлденiп тұр екен. Көңiлiн қына, қарашығын торта басқан.


Алғаш осыны аңғарғанынан-ақ тiксiнiп:


— Қал қалай? Жүзiң сынық қой, ауырып тұрған жоқсың ба? — дедi.


— Жоқ. — Сыртқы ұсқыны жүдеулеу, иiнi салбыраған күйi әңгiмесiн бастады. —Талдықорғанға барып үйдiң құжаттарын әкелдiм. Бiшкекке жұмсаған ақшаны тауып беретiн мүмкiндiгiмiз жоқ, аз да болса сол үйдi көптей көрiп алыңдар. — Бiр папкi қағазды столдың үстiне қойды. — Ал, анау, қасындағы бiрге тонасқан екiншi жiгiт, тiптi, маңына жуытатын емес. Одан ештеме өнбейтiн түрi бар. Қайта өзiмдi алаяққа санады.


— Жарайды ендi, қисыны келмесе керегi жоқ. — Қашанда сабырлы қалпынан танбады. —Мына құжаттар сенде тұра берсiн, кейiн қажет боса алармыз. — Қағазды Жапардың өзiне қарай ысырды. — Қысылатын, әуреленетiн ештеме жоқ.


Содан кейiн бiр топ жiгiттермен шұғыл шаруаға жүретiнiн айтып, жинала бастады. Iзiнше тысқа бет алды. Жапар да солармен сыртқа iлесе шықты. Табалдырықтан аттасымен әлгiлер қысқа ғана қоштасып, өз тұстарына қарай аяңдады. Бұл да машинасына таянып қалған, ту сыртынан:


— Жапар! — деген Сүлейменнiң даусын естiдi. Жалт қарады. — Еш қысылмай-ақ қой!


Бауыры бұған жайдары қалпы қолын көтердi. Сөйттi де қара «Мерседеске» мiнiп, жүрiп кеттi.


Осы көрiнiс оның иығындағы зiл батпанның салмағын мейлiнше жеңiлдеткендей әсер еттi. Бiр сәт состиып, жапа-жалғыз қаққан қазықтай қалшиды. Сосын рульге сергек келiп жайғасты.


…Қапелiмде бiржола есiнен шығарған өз жайы жадына оралды. Ой көзбен үңiлсе осы бәсекеде жөн-жобаның ретi бұған қарай бұрылып тұрған сияқты. Жастарға берiлетiн сыйлықтың барша шарты мен парқы мұның ғана жазғандарының өлшемiне тура келетiндей. Өйткенi, бәсекедегi бiрлi-жарым жiгiттiң жасы, бәйге шартында көрсетiлген шектеулi мөлшерден асып кеткен едi. Бiрақ, қалай екенi белгiсiз тайынбай, жең сыбана сынға қатысуда. Әншейiнде болар-болмас нәрсеге қадалатын қазылар бұған көздерiн тас жұмып, қасақана ескермеген, елемеген сыңай танытады. Дегенмен, Жапардың iшкi бiр аңғал сезiмi әдiлдiктiң қалай да жеңетiнiн, олардың бұл бұлталақтары көп ұзамай әшкереленетiнiне күмәнсiз едi. Әрi қараптан-қарап басы саудаға түсiп шатылып жүргенiнде құдайдың көзi тура боп, қолдайтын тұсы да осы сыңайлы көрiндi. Бiртүрлi өзiнiң мерейi үстем болатынына сендi. Сондықтан бiреулерге барып бұйымтай айтып, алдынан өтпедi. Өтетiн де ешкiммен таныс, бiлiс емес екен. Сондықтан, шаруасын бiр аллаға табыс еттi. Бар сенгенi — төңiрегiндегi жолдастарының мұның жазғандарына берген бағасы. Олардың айтуынша, бұл — нағыз бүгiнгi жастардың арасындағы қаламы жүйрiк қас шебердiң бiреуi.


Үйге бiртүрлi жеңiлейiп оралды. Кешегi алаяқ көрiнгенi де сәл жүрегiн сыздатқанымен, ептеп аптығы қайтқан-тын. Iнiсiне де кешiрiммен қарады. Әйткенмен, көкейiндегi томырықтың бәрi бiрден тарап кете қоймады, тоң-терiс қалып байқатты. Сапарға бар айтқаны:


— Сен әлi де екi-үш күн осында жат, бүгiн жетiп барсаң, менiң шынында да өтiрiкшi болғаным, — дедi.


Ол үндемедi. Өзiнiң алкеуделiгi мен бiрмойындығын танытып, қабағын түйiп, күжiрейдi де қалды. Кешегi кiшiк қалпынан жаңыла бастады, тағы да кеудесi аяққаптай боп iсiнгендей көрiндi. «Жә, қойшы, оны жаныштай бергенде не түседi, — деп ойлады ағасы. — Жеткен жерi осы».


Кеш батты. Ел орынға отыратын қызыл iңiр шақ туды. Ендi әлдебiр мәурiттерде бiртiн-бiртiн төңiректегi үйлердiң шамдары сөне бастады. Бұлар да жастыққа бас қойды. Тағы да күнделiктi дағдысындай Жапардың ұйқысы қашып, миын ой шырмаған қалпы төсегiнде ерiксiз дөңбекшiдi. Сөйтiп мазаңданған тұста, зал жақтан ары-берi жүрген аяқ дыбыры бiлiндi. «Е-е, темекi тартқысы келген шығар, о байқұс та қайбiр шекесi қызып жатыр» деп қорытты iштей Сапарға жаны ашыған сезiмi оянып.


Түртiнектеген дыбыр ұзаққа созылды. Бiр кезде дыбыс кiре берiстен әлеуеттiрек бiлiндi. Көп ұзамай есiк ашылып, қайта жабылды. Содан кейiн үйдiң iшi тым-тырыс бола қалды. Бауырының сыртқа шыққанын анық бiлдi. «Қазiр қайтып оралады» деген ойдың сүресiмен күтiп бiраз бөгелдi, келмедi. Сағатына қарады — бiрден он жетi минут ауыпты. Сосын лажсыз тағы да тың тыңдады, шыққан адам қайтып оралатын көрiнбейдi.


Жаңағы құрсаулап, қамалаған тарам-тарам қалың ойды жiгiт осы жолы адастырып-ақ кеттi. Көңiлiне елең ендi. Қанша алағызғанымен Сапар қайтып келер емес. Сағатына қарады. Әлгiндегiден берi де жетi-сегiз минут өтiптi. Темекi тартуға құлқы ауған кiсi осы уақыттың iшiнде үйге кiруi тиiс едi, өйткенi дала қақап тұр. Күздiң қара суығы әбден мысасына мiнген кез, үш-төрт минуттан ары шыдау мүмкiн емес.


Бұл лажсыз орнынан түрегелдi. Шамды жақты. Есiктi байқастады — ашық. Сапардың киiмдерiн түгендей бастады. Ол аяқ киiмiн, курткасын тұтас киiптi. Залға барды, онда да дәнемесi қалмапты. Қайта кеп күртесiн иығына iле сап сыртқа бет түзедi, жуық маңнан тiрi пенденiң ұсқыны көрiнер емес. «Сапар» деп бiр-екi рет дауыстады. Жауап жоқ. «Ә-ә, кеткен екенсiң ғой» деп қорытты. Бiрақ, «жолына ақшаны қайдан алды екен» деген ой сақ етiп көкейiне қадалды.


Есiктi құлыптап, төсегiне беттедi.


Таңертең тұра сап залды қарады. Ондағысы — түнде мен қатты ұйықтап қап, оның қайтып оралғанын бiлмеген шығармын дегенi едi. Ешкiм жоқ, салулы төсек сол қалпы жатыр.


Мұны көрген Бибi де:


— Сапар кетiп қалған ба? — деп таңдана аңырды.


— Ол ақшаны қайдан алып жүр?


Ерi оған қарсы сауал тастады.


— Кеше «бас киiм алам» дегеннен кейiн мың теңге қалдырғанмын.


— Iм-м…


*** *** ***


“…Сапар соққыдан ауыр халде дәруханаға түсiптi, сойыл бастан тиген екен” деген суыт хабар сумаңдай жетiп, Жапардың көңiлiн астаң-кестең еттi. Шұғыл барып қайтуға жинала бастады.


Бұл “ағаш” ақшаның күннен-күнге құны қашып тұрған тоқсан екiншi жылдардың кезi, жалғыз өзi жұмыс iстейтiн. Бибi баламен үйде, онысыз да тапқан тиын-тебенi былай тартса — олай жетпейдi, олай тартса — былай жетпейдi. Сонда да жолға шықты.


Келсе басына операция жасапты. Жалпақтығы төрт сантиметрге жуық, ұзындығы бiр қарыстай сүйегiн алып тастапты. Тек терiсiн тiгiп қойса керек. Дәрiгердiң сөзiне қарағанда кейiн жетiлгенде қайыра ашып пластмасса салмақ сыңайлы. Қайта үш бұрышты темiр қырынан тимей жанымен тиiп, ми қабына бiр миллиметрдей ғана жетпей тоқтапты. Қақ алланың өзi қаққан, әйтпесе осы күнi жаназа намазын оқитын жайлары бар көрiнедi.


— Не болды? — деп сұрады ағайынды екеуi оңашаланған мәурiтте.


Басын тұтастай ақ дәкемен таңып тастаған Сапар сөздi неден бастарын бiлмедi ме, бiр сәт темекiсiн тартып үнсiз тұнжырады. Жалпақ бетiнен мүләйiм көзi ғана жылтырайды.


— Төбелестiк.


Бiр-ақ ауыз ләм қатты да тағы да тосыла қаңтарылды. Ағасы сөзiн жалғастыратын шығар деп күттi. Тiс жармады.


— Төбелескенiңдi бiлiп отырмын ғой, кiм кiнәлi? Жанжал қалай басталды? —Жапар шұқшия қадалып, одан әрмен тақымдады. Сонау Алматыдан шабылып жеткенiнде ең құрымағанда анық-қанығын бiлуге мұстақ.


— Арақ iшiп алғанбыз ғой, байланысқанбыз. Содан төбелес шыққан. Мен оны соқсам керек, ол қашса керек. Ақыры тығылып қалыпты, мен iздеппiн.


Қолындағы шылымының тұқылын тастап, табанымен езгiледi. Осы аралықта әңгiмесiнiң желiсi үзiлдi. Байқауынша ашып айтқысы келмейдi, лажы болса тiкелей сауалдан жалтарып кеткiсi бар. Оны төмен шұқшиған порымы аңғартады. Бiрақ, Жапар одан арыға шыдамады.


— Содан!


— Қоймайтын болғанымнан соң қалтарысқа тығылып, өте бергенiмде темiрмен соққан. Одан арысы есiмде жоқ.


Осыны айтты да тағы да iркiлдi. Соңғы сөзi бұдан әрi менi мазалама дегендi мәлiмдегендей.


Екеуiнiң арасында үнсiздiк орнады, бiр кезде Жапар:


— Қарап жүрмей, жарымжан боп қалдың. Есе жiбермей, заң орнына шағымданайық, — дедi.


— Жоқ, керегi жоқ. Өзiм кейiн бәрiмен есеп айырысамын.


— Сен тағы да төбелесемiн деп тұрсың ба?! — Ағасының үнi қатты естiлдi. — Ендi қол көтерсең, тынышынан-тыныш түрмеге тығар апарып. Iздегенi де сол олардың. Заң тiлiмен сөйлесу керек. Бiрдеме iстегiң келе ме, қазiр iсте. Одан кейiнгi «шауып аламын» дегенiңнiң бәрi бекер, көзiңе көк шыбын үймелетедi. — Қатулы қабақпен түйiле қарады. Сапар үндемедi. Ол үндемеген соң басының жарақатын аяп, бұл да «қойшы» деп тықсыра бермедi. Бiрақ, өз бетiнше сұрау салып, оқиға жөнiнде iздестiрiп едi, көрдi, бiлдi деген адамдар да жоғарыдағы тұрғыда ғана әңгiме айтты. Сөйтiп, жабулы қазан жабулы күйiнде қалған. Әйткенмен, бәрiбiр шындық аянға айналды. Ол төбелесiп жүргенi, мұның басын сонша қатыгездiкпен жарған адам — келiннiң бұрынғы күйеуi екен. Әрине, ашынған. Ендi, мiне, қайдағы бiреу үшiн әлi талай азапты басынан тартар. Маңдайынан болмашы күн өткiзуге, жел тигiзуге әсте болмайды. Бибiнiң “бас киiм аламын дегеннен соң…” деп, күмiлжiгенi сондықтан едi.


Бұл үндемедi. Жетi түнде тайынбай жолға шығар батылдық сезiмнiң қайдан тұтанғанын ендi ұғынды. Бiр түрлi өзiнiң шабаланып-шабаланып, ақыры iске алғысыз қалпы жұртта қалған бұралқыдай керексiзге айналғанына жан дүниесi қалтырады. Жат тұрмақ, бiрге туған бауыры қара түнектен арылған соң жарамсыз өтелдей лақтырып кеткенiне қапаланды.


*** *** ***


Сүлдесiн сүйреткен қалпы жұмысқа келдi. Бастығының да қабағы салыңқы екен. Жапардың сәлемiн салқын қабылдады.


Соңғы кезде байқағаны аралары жараспай жүр. Өйткенi, биылғы аласапыран жұмысқа беймарал ден қоюға мүмкiндiк бермедi. Алты ай жаз балалары ауырды, оның соңын ала Бiшкектiң оқиғасы қосылды. Қысқасы, ол мұның ары-берi шапқылағанын көтере алмады. Содан қабағы жиi қыртыстанатынды шығарды.


Жiгiт ендi бұдан былай оның қабағын қыртыстандырмауға ұмтылды. Еш сөзге келместен жұмыстан босату жөнiндегi өтiнiшiн жазды да алдына апарып тастады. Әлгiнi оқыған бастық:


— Мынауың не? — деп, таңырқаған кеппен бұған аңтарыла қарады.


— Басқа қызметке ауысайын деп… — Жорта осылай дедi.


— Дайын тұрған қызмет болса, жарайды. Дегенмен, ойлан.


— Ойланып барып, өтiнiш берiп отырмын.


— Жарайды, онда, әзiрше қол қоймай тұрайын. — Жанашырлық сыңай танытқандай қалып байқатты.


— Жақсы.


Қоштасты да сыртқа беттедi.


Ағылған машиналардың арасында әйтеуiр лекке iлесiп келедi. Қайда бара жатқанын өзi де бiлмейдi, мақсат-мүдде ада-күде. Су бетiнде қаңғалақ қаққан жаңқа да — бiр, бұл да — бiр. Ешкiмге керегi жоқ, өмiрдiң ауанымен кетiп барады. Бiр түйсiнгенi — миллиондаған жұмыссыздардың қатарын тағы да бiр адамға арттырғаны.


Кеудесiн қамырық кеулеп, өкiнiш пе, нала ма өзiне де беймағлұм бiр әбiлет алқымын сығымдады. Сан түрлi сауалдар миын шабақтап, мазасын май iшкендей жасады. Бiр кезде барып аңдаса, үйiне қарай бет бұрыпты, қуанып кеттi.


Бұрын бастығымен араларынан қыл өтпейтiн ағалы-iнiлiдей етене жүрiп едi. Оның бастықтығынан ағалығы жақын едi. Болар-болмас қуанышын, ренiшiн одан жасырмайтын. Кiшi бола тұра шама-шарқынша жақсылығын да аямайтын. Сөйтсе, адам өзгередi екен. Мұндай құрақ ұшқанды менiң абыройыма бас ұрып, қызмет ету деп түсiнетiн болса тиiс. Көпе-көрiнеу кiшiрейтiп, қол балаға айналдырғысы келдi. Қанша керемет iзденiспен тың үлгi мен жаңа нысанда мақала жазса да, қасақана басқаларды марапаттады. Бiр ауыз жылы сөз айтуға жарамады. Жапар алғашқыда елемедi, сөйтсе мұны тiптi iске алғысыз етiп тастапты. Кейiн түсiндi, қалай да мұның бетiн қайтарып мысын басуға ұмтылыпты. Жанындай жақсы көрген ағасының өзi осындай сатқындыққа барғанда, мына жалғанның опасыздығына көзi жеттi. Содан кейiн де үн-түнсiз жұмыстан кетiп қалғанды жөн көрдi. “Өзi бiлсiн, өресi жеткен жерi сол болса қайтейiн” деген де қойған. Өйткенi, оның тыраштанып көтермелеп жүргенi бойында жылт еткен дәнемесi жоқ, рухани тұттай жалаңаш адам едi. Бiтiргенi пәлсапалық-экономикалық факультет. Әлем философтарының айтқанын жазғандарына сыналап енгiзiп немесе өңiн айналдырып, өзiнiкi етiп шығарады. Сол плагиаттығын жатып кеп аяқ-қолын жерге тигiзбей мақтайды. Жапар ағасының осы тексiздiгiне қарыны ашты, көңiлi қалды. Қалай бұл уақытқа дейiн мұндай екiжүздiлiгiн бiлмегендiгi үшiн өзiн жазғырды.


Осының бәрi сапырылысып, жер тезек болған көңiлi одан сайын жұрынға айналды. Пендешiлiктiң алдында дал-далы шығып жеңiлгенiне көзi жеттi. Бiреумен сөйлесуге де, пiкiрлесуге де еш құлықсыз. Телефон жаққа аттап басқысы жоқ. Жалпы, ештемеге зауқы шаппайды. Дәл қазiргi пұшайман халi — аңылжыған даладағы тығырыққа тiрелген түйеқарынға ұқсас. Лажы боса, қай тарапқа болса да дөңгелеуi қажет едi. Әуелi, есiрiк желдiң де ықпалы тимей, қимылсыз өлiкке айналды.


Бiр байырқалағанында үлкенi мектептен, кiшiсi балабақшадан келiптi. Балабақшадан кiшiсiнiң қалай келгенiне қайран қалды. Әсiлi, Шырай әкесiнiң мұқала қирағанын түйiрдей жүрегiмен сезiнiп мазаламай, Айбынға өзi кеткен. Әйтпесе, Айбынды күн сайын бұл әкелетiн. Дәл бүгiн оған да қауқары жоқ… шамасы жетпеген… Тек, екi кiшкентайының өзара шүлдiр-шүлдiр сөйлегенiн естiп емешегi езiлдi. Ендi бiраздан соң әйелiнiң үнiн құлағы шалды. Бибi де жұмыстан келгенге ұқсайды. Ал, бұл — асқар таудай паналары, сал болған адамдай жамбасын көтере алмай сұлаған. Бар тындырғаны қолындағы пультпен теледидарды қосты. Диктор әйел соңғы хабарды зыпылдата баяндауда. Мақсатсыз қалпы соған жанарын қадады. Тәңiрдiң өзi мұның қинала түскiсi келетiнiн қалай ма, қас қылғандай дәл осы аралықта диктор жастар сыйлығының қорытындысы шыққанын, кiмдер лауреат болғанын айтып салғаны. Тағы да ағалары барлардың аты озыпты. Сол-ақ екен, жүрегi бiр бұлқынды да саудасы мүлдем тынды. Көзi қарауытып барып, бiр мезет төрткүл дүние тас соқыр тылсымға айналды.


Өзiн жел айдаған ебелек яки ошағанша дедек қағып жүре бермей бiр орында бадалғанына өкiндi. Ендi мына қара түнек әбiлет мұны жыраға тығып, сүйегiн күл парша ұндап кетпек. Қалайда қасарысып бағып, тағдырдың тартқан сыйына мойымауы керектiгiн ұғынды. Ең бiрiншi Шырайы мен Айбынын шақырды. Екеуi мұның күнi бойы сұлқ жатқанынан үрке соқтап, залдың табалдырығынан аттады.


— Келе ғойыңдар, ботақандарым. — Осыны айтып кеудесiн көтердi. Балаларына құшағын ашып, күле қарады. Мына тiрлiктiң кәкiр-шүкiрiн бiр сәт мысқылына алғандай көрiндi.


Жанына таянған екi құлынын маңдайынан иiскеп, бауырына басып отырып қалды.


— Шыбыным, сен бүгiн неше алдың?


Көптен берi баласының сабағын да сұрамағаны есiне оралды.


— Бес. — Баяу үн қатты.


— Жарайсың, ботақаным менiң.


— Папа, мен қағаздан әйбат үйшiк жасадым. — Айбын да балдырлай тiл қатты. —Бақшада тәрбиешi маған да бес қойды.


— О-о, күнiм менiң. — Екеуiнiң бетiнен кезек сүйдi.


Осы балаларымен сөйлескеннiң өзi, оның тоқтаған тiрлiгiн қозғап жiбердi. Бұл — шыға алмайтын қақпақылға тығып, күйретуге таяп қалған әбiлеттiң құрығынан сытылып бара жатты. Мына тiрлiкте көп нәрсеге ұмтыла берудiң қажетi шамалылығын түйсiндi. Шамаң жетсе, атақ-даңқсыз, дақпыртсыз-ақ өзiңнiң биiктiгiңдi адал еңбегiңмен мойындата бiлу керек екен. Оның бiр ғана жолы, ештемеге құлақ аспай еңбектене беру, еңбектене беру. Жауыздармен де, дұшпандармен де осылай күресуi ләзiм. Бiрақ, бұл өте азапты жол, азапты жол болса да одан басқа қайласы жоқ.


— Жүрiңдер, шайға! — деген Бибiнiң де үнi шұғылалы естiлдi.


— Мама, қандай тамақ пiсiрдiң? — дедi Айбын.


— Тауықтың етiнен бұқтырма.


— О-о!


Екi кiшкентайы құлдыраңдап жүгiре жөнелдi.


IV


Тәуелсiздiк күнi таянған сайын Алматының көшелерi сол қалпы қала бердi. Бұрынғы партияның тұсындағыдай мерекенiң қарсаңында қызыл мәуiтiге жазылған небiр әлем-жәлем ұрандар iлiнбедi. Оның есесiне ана фирманы, мына компанияны марапаттай жарнамалаған айқұш-ұйқыш маталар сонадайдан айқайлап машина жолдың төбесiнде самалмен шайқалып, асылып тұрды. Ресейлiк әйгiлi әншi әйелдiң келiп концерт қоятыны дамылсыз теледидар, радиодан хабарланып жатты. Оны шақыртып, қаржылай демеушiлiк танытып отырған фирманың да аты тоқтаусыз қайталанды. Бiреулер тойып секiретiн сияқты. Аңдауынша миығынан күлiп, өзiнше бiр думан қуған жұрт бар да, қайғысына қақалып, уайым сауған бұқара бар. Бұрыннан да ара жiгi байқалатын екi әлеуметтiк топтың, бүгiнде айырмашылығы жер мен көктей боп көзге бiрден ұрады. Жалпы, қара халықтың жағдайы мәз емес.


Бiрақ, сәт санап тәуелсiздiк күнi мейрамы таянып қалды. 16-шы желтоқсан жуықтаған сайын, ана тiлiн таза сөйлейтiн қазақтардың көңiлiнде бiртүрлi желпiнiстiң оты тұтанатыны аңғарылады. Бұл мереке — Жапарға да айырықша ыстық. Ыстық болатыны желтоқсан көтерiлiсiнде екiншi курс оқитын, қан төгiстiң бәрiн өз көзiмен көрдi.


*** *** ***


…Сабақ сағат сегiзден басталатын.


Пәтер жалдап тұратын Жапар ойында ештеме жоқ ертеңгiлiк оқу корпусына кiргенi сол едi, алдынан ентелей басып Бақыт дейтiн курстас қыз жолықты. Әншейiнде салмақты да сабырлы бойжеткеннiң әлденеге қатты қобалжығаны бет-пiшiнiнен айқын аңғарылды. Көзi тасырайып, өңi сұрланып кетiптi. Мұны көрiп Жапар да тiксiнiп қалды.


— Сен естiдiң бе, Қонаевты алып тастапты.


Екеуiнiң аман-сәлемi осы болды.


Күтпеген жаңалықтан тiксiнiп, жiгiттiң арқасы мұздап қоя бердi. Қапелiмде аузына сөз түспей бiр сәт ләмнен мақұрұм қап, сәл тосылып барып:


— Сен қайдан естiдiң? — дедi қапалақтай.


— Радиодан бердi ғой. Жатақханадағылардың бәрi шулап жүр. — Курстасы жанын сала ұғындыра жөнелдi.


— Орнына кiмдi қойғаны айтылды ма?


— Колбин деген бiреу.


— Қазақстандық па?


— Грузиядан. Ол жерде екiншi хатшы боп iстеген екен.


Мынанша тарихи жаңалықтан тыс қалғанына жiгiт iштей ұялыс тапты. Жанарын қыздан тайдырып әкеттi. «Менi де бiреу болашақ журналист дейдi ғой…»


— Қап, әттеген-ай, ә-ә. Өзiмiздiң Қазақстаннан ешкiм шықпағаны ма? — Қайраны таусылып, мұрнының астынан мiңгiрледi.


— Жұрттың бәрi басшының сырттан келгенiне наразы. Қарсылық ниеттерiн танытып, алаңға жиналайын деп жатыр. — Қыздың өңi одан сайын құбыла түстi, бiрақ жiгiт әлденәрсенi санасына сiңдiре алмай томсарып қалды.


Әңгiме осымен доғарылды да, екеуi аудиторияға кiрдi. Әр-әр жерде шанжау-шанжау студенттер отыр екен. Отырып ап дабырласа қызу пiкiрталасты жандыруда.


Көп ұзамай сабақ басталды. Алғашқы жұп СОКП тарихы едi, мұғалiмдi бiрден студенттер сұрақтың астына алды.


— Ағай, Қонаевты орнынан түсiру, әлдебiр саяси мүдделiлiктен туындаған жайт емес пе? — дедi Жұмабай дейтiн ересек жiгiт.


Аудитория демiн iшiне тартып, сiлтiдей тынды.


— Бұған ешқандай саяси мән беруге қақымыз жоқ. — Тығыншықтай қара домалақ оқытушы мейлiнше қатал көрiнгiсi келдi ме, әшейiндегi қатулы қабағын одан сайын түкситiп, мына сауалға да, сауал қоюшыға да жиiркене көзiн тiктi. — Коммунистiк партияның шешiмi солай болған екен, яғни, одан бiр астар iздеу — бiздiң санамызға жат көрiнiс. Сондықтан сенiң iшкi идеяңның өзiнде… — Саусағын Жұмабайға қарай шошайта безеп, әлдебiр нәрсенi айта алмай күмiлжiген сыңайланды. Бiрақ қатты шамданғаны iсiнген бетiне лап етiп жүгiрген қызылдан анық аңғарылды. — Ал, Қонаевтың орнынан түсуi, қылаудай қатер емес. Демократия заңдылығына, қайта құру қағидаларына салып қарасақ, ешқандай сөкеттiгi жоқ. Басшы адамдар ауысқанымен, коммунистiк идея — түпкiлiктi де жалқы.


— Қазақстанның өз iшiнен неге бiреудi қоюға болмады?


Көпшiлiк арасынан әлдекiм тағы да сауал тастады. Ендi ғана дәрiс оқитын кафедрасына бет алған оқытушы кiлт бұрылды. Көзi жапалақтың көзiндей қанталай қапты. Барша жұртты жақамаған қалпы сыздана шолып өттi.


— Бiз бәрiмiз — коммунистiк партияның сапындағы солдатымыз. Ертең «ана жерге барып қызмет етесiң» десе, сол жаққа отан алдындағы азаматтық мiндетiмiздi өтеу үшiн кете беремiз. Сондықтан партия шешiмiне күмәнмен қараудың өзi, жастар, — алдыңғы қатарға таянып келген ол, партаның бетiн саусағымен тоқылдатып, шәкiрттерiнiң мына сиқына көңiлi көншiмейтiндей басын шайқады, — сендердiң позицияларыңа жат нәрсе. Қазақстанға басшы боп кiм келсе де, коммунистiк идея мен коммунистiк бағдарлама аясында жұмыс iстейдi.


— Ағай!


— Ағай!


— Қайта құру қағидалары…


Әр-әр тұстан дауыстар жамырай шықты.


— Болды жетедi, бүгiнгi тақырыбымызға көшейiк. — Оқытушы оң қолын жоғары көтерiп, әлгiлердiң алдын кесiп тастады. Сөйттi де дәрiсiн бастады.


Жапардың ынтасы сабаққа ауа қоймады, көкейiне әлдеқайдан алаң ендi. Бiр-ақ күнде Қонаевтың орнынан түсуi ақылына қонбайды. Ел ендi қараусыз қалатындай көңiлi қоңылтақсыды. Қазақ басшысыз Қазақстанның болашағын елестете алмады.


Осылай аласұрып отырып бiр жұп сабақты әзер азаппен бiтiрдi-ау. Бiтiре сап, далаға атыла жөнелдi. Мақсаты — алаңға барып азамат ретiндегi наразылығын бiлдiру.


*** *** ***


Троллейбуста адам әдеттегiден лықа екен. Елдiң аузында әртүрлi алып қашты әңгiме. Әйтеуiр, өле жатқаны да Қонаевтың атын бiр атап өтедi.


Көлiк те үйреншiктi әуенiмен жүрмейтiн сыңайлы. Бiресе бұлталақтап, бiресе iркiлiп, қадамы қарысып келедi. Әуелi, Космонавтар көшесiнен солға бұрылып сәл жылжып барды да, шорттасы үзiлген малдай шорт тоқтады. Сол тоқтағаны тоқтаған болды. Есiгiн айқара ашып жiбердi. Жұрт ақтарылып түсе бастады. Жапар көпшiлiктiң үстiнен мойнын iлгерiге созып қарап едi, алдарында тiз қатар арқанын шұбатқан троллейбустар бiрiнен соң бiрi иiнтiреседi. Олардың бұл сыңайы жуық арада қозғала қоймайтындарын әбден-ақ аңғартты. Сосын сыртқа секiрiп түстi.


Көпшiлiк қауым Энергетика институтына бет алып бара жатқандай байқалды. Өйткенi, шетiнен орысша сөйлескен тiкбақайлар екенi бiлiнiп тұрды. Алаңға барып қазақтың намысын жыртатын болса, ауылдан шыққандар ғана жыртатынын Жапар астанаға келген бiр жылында әбден түйсiнген. Қалалық қазақтар ұлттық мүддеден әлдеқашан айырылып қалып едi. Ендi, мiне, қаннен-қаперсiз олар өз ауанымен жайбарақат кетiп барады. Әлгiлер үшiн қазақты жын-шайтан билесе де бәрiбiр сияқты.


Жапар зығырданы қайнағандығынан табанының астына шырт түкiрдi. Курткасының қалтасынан темекiсiн шығарып тұтатты. Күн бүгiн әдеттегiден аязды көрiндi. Суықтан жиренiп, жарғақ жағасын көтерiп қойды.


Бiр кезде Энергетика институтынан Сәтбаевқа қарай айналғанында, таздың шашындай селдiр ғана бiр лектiң орталық алаңды бетке ұстағанын аңдады. «Әй, иттер-ай», деп кiжiндi өз-өзiнен. Кiмге ашуланғанын да бағамдай алмады. Бiрақ, алдындағы алаңға жиналған қара-құрым жұртты көрiп көкiрегiн қуаныш кернедi. Көзi жылтың қағып, жүрiсiн ширата қузады. Құлағына репродуктордан ұшына шыққан үн саңқ-саңқ жетiп жатты.


— Азаматтар, кең байтақ Қазақстанымызды басқаратын республиканың бiлiктi кадрлары жеткiлiктi. Тағдыры елiмiзбен тiкелей байланысты тұлғалардың жоғары эшалонда бола тұрып, бiрiншi хатшыны сырттан әкелуге наразымыз! Олар бiздiң дiлiмiздi, сырымызды бiлмейдi.


Аршындап адымын iлгерi басқан сайын жалынды айтылған леп өн-бойын баурап барады. Iзiнше шу еткен нөпiрдiң бiр ауыздан шыққан мақұлдау ишарасы Алматының аспанын тiтiрентiп жiбердi. Мынандай ұранның қуаты бойын кернегендiктен бе, жаңағы болмашы шым еткiзер аяздың ызғарын да ұмытыпты. Бiр байқағанында айнала қоршаған милициялардың арасынан өтiп, қалың топтың ортасына сiңiп барады екен.


Көзiн мiнбеге тiктi. Онда бұған беймәлiм оншақты адам сап түзептi, бұрын ешқайсысын еш жерде көрмеген, елге беймағлұм жандар. Сыртқы сықпытына қарағанда бұлардың бiреуi де — өкiмет адамы емес сияқты, халықтың төл перзенттерi. Жандары қысылып, бастарына қарқарадай бәтiрдiң төнгендiгiнен алқалы топтың алдына шығуға мәжбүрлер. Әрi, бәрi тек қазақ тiлiнде ұран тастап, қазақ тiлiнде насихат жүргiзедi. Мына жиналған бұқара да оларды қапысыз ұғып, қапысыз пiкiр алмасуға көшкен. Ешкiм “орысша сөйле” деп талап қойып жатқан жоқ.


— Бiз, мынау, Орталық Комитеттiң үйiнен бүгiнгi саяси шешiмге тiзгiн ұстаған бiреудiң шығып, түсiнiк беруiн талап етемiз. Демократияға қадам басқан қайта құрудан берi халық өз таңдауын бiлдiрiп, өз пiкiрiн айтуға құқылы. Оған мiндеттi түрде билiк басындағылар құлақ қоюы керек. Тарамаңыздар, бiздiң жiберген өкiл Орталық Комитет хатшыларының бiрi кәзiр осында сiздердiң алдарыңызға келетiнi туралы мағлұмат әкелдi.


— Тарамаймыз!


— Тарамаймыз!


— Қазақстан жасасын!


— Менiң елiм, менiң жерiм…


Брежнев алаңын тiтiренткен ән басталды. Мынандай соншама көп халықтың хорға қосылуын Жапар өмiрiнде бiрiншi рет көрдi. Өзi де жұртшылықпен теңселе тұрып барынша шырқады.


Ән аяқтала салысымен мiнбеге басына орамал тартқан, үстiнде күздiк пальтосы бар сидаң қара қыз көтерiлдi. Оның бейнесi жiгiттiң көзiне оттай басылды. Өйтетiнi, бойжеткен журналистика факультетiнде Жапардан бiр курс қана жоғары оқитын. Әншейiнде назарға iлiге қоймайтын жан едi, бойында елi дегенде булығып жатқан бұла күштiң барына жiгiттiң ет жүрегi елжiредi.


— Азаматтар! — Қыздың үнi шырқырай шықты. Даурығысқан жұрт сап тынды. Осыншама халықтың бiр-ақ мүдденiң үстiнде күнiлгерi келiскендей әп-сәтте сөйлеушiнi қолдай iлiп әкетiп, әп-сәтте сөйлеушiнiң сөзiне ден қоюлары Жапарды қатты қайран қалдырды.


— Бiздiң елiмiздi Дiнмұхамед ағамыз 25 жыл мүлтiксiз басқарды. Ол кiсiнiң халық алдында титтей де кiнәраты жоқ. Бiз, қалың бұқара орнынан озбырлықпен түсiрiлiп отырған Қонаевтың жағындамыз. Қазiр келетiн Орталық Комитеттiң өкiлдерi осыған жауап беруiн талап етемiн.


Қыздың одан ары сөйлеуге мұршасы келмей мiнбердiң үстiнде иегi кемсеңдеп, жылап жiбердi. Оның жасына булығып ықылық ата өксiгенi микрафон арқылы ап-анық естiлдi. Әрбiр жүрекке солқ-солқ етiп барып тидi. Халық шу ете жөнелдi.


— Дұрыс!


— Бiз де сол үшiн келiп тұрмыз.


Сөйткенiнше болмай басында суыр тұмағы бар, үстiнде қара тоны делеңдеген Жапардың өз курстасы Әлiмғазы мiнберге шықты. Қимылдары шалт, көздерi жалт-жұлт етiп бүкiл алаңды жанарымен шолып өттi.


— Уа, халайық! Бәрiмiз елiмiз бен жерiмiздiң болашақ тағдырына бола осында жиналдық. — Аузынан будақ-будақ ақ буы атқалақтап, шамырқанғандығының сықпытын анық көрсетедi. «Жарайсың журфактықтар!» деп сүйсiндi Жапар iшiнен. — «Құм жиылып, тас болмас, құл жиылып, бас болмас» дегендерi ме бұл?! Өз шаңырағымыз өзiмiзде, iргелi ел емес пе едiк. Соншалық басынып кiсiнi сырттан әкелетiндей, республикамыздан ел билейтiндей бiр пенденiң табылмағаны ма? Бұған бiз көне алмаймыз! Бүгiн көнсек, өмiр бақи құрсаудың қамытын мойнымызға кидiк деп есептеңдер…


Әбiлғазы ақын жiгiт едi. Осындай жалынды сөзiн айта келiп, жұртқа рух беретiн өлеңiн оқи жөнелдi. Жыр аяқталғанда, ел ду қол шапалақтап, қолпаштай жөнелдi.


— Жарайсың!


— Жiгiтiм, жампоз-ақ екенсiң!


Ендi елдiң алдына Жапар тани қоймайтын адамдар шыға бастады. Бәрiнiң аузындағы сөз, бiр ғана бәтуадан өрбiп жатты.


Мынандай қара нөпiрге тұңғыш рет енген жiгiттiң бастапқыдағыдай емес аптығы басылып, бойы үйрене бастады. «Көп — қорқытады, терең — батырады» деген осы екен. Әуелгiде қалыңға сiңгенiнде-ақ, буырқанған күш жан-жағынан қысып, таптап кетердей үрейлендiрген. Ендi өзiнiң әлеуеттi теңiз толқынында тербелген қайықтай, ары-берi лықсыған ағыммен теңселiп тұрғанын сезiндi. Жан-жағында да — өзi сияқты монтаны жастар. Тiптi, көзi боталаған небiр арулар жүр. Бәрi әдеттегiден де сұлу, әдеттегiден де қимас жандар. Бiр-бiрiн танымаса да, әуелi бiрiншi рет көрiп тұрса да iш тартып, шапағын төге елжiрейдi. «Қазақстан» деген ауыздарынан жалынды сөз шыққанда, көкiректерi қаздай шулайды.


Кенет, Жапардың көз қиығы мiнбер жақтағы дөңестегi бағананың басына қара қарғадай қонжиған бейсауат бiреуге түстi. Ол пәтшағар пулеметке екпеттеп ап оқ ататын Шапайдың сарбазындай, қалың қауымға камерасының ұңғысын бұрып алып еңкеңдейдi. Әлгiнiң төменгi жағында сiрескен қызыл жағалылар тұр. Осыны байқағанда әпербақандардың пәрменiмен мына оқиғаны әлдекiмнiң аспай-саспай бейне таспаға сыдырта көшiрiп жатқанын ұғынды. Сосын, үлкен мемлекет үйiне қарады. Оның да қайсыбiр абажадай терезелерi шалқасынан ашық. Шенеуiнiктер жанарларын тайдырмай мына әбiлеттi қызықтай қадағалайтындай. Ол жақтан да камераның объективi ереуiлшiлердi нысанаға алмағанына кiм кепiл?


Жiгiт ендi ту сыртына бұрылып, тұрғын үйге назарын аударды. Күллi қабаттың балконының есiгi айқара ашылып, әрқайсында бiрден, екiден мына малағамды тамашалап тұрған адамдардың сұлбасы бiлiндi. Кейбiрiнiң итi де мойнын қылтита төмендегi жыпырлаған жұртқа қарайды. Әукесi салбырап, жоғарыдан барп-барп үредi.


Сөйткенiнше болмай, оң жақ қанаттан абыр-дабыр бiлiндi. Әлдекiмдер бағанаға тап-тап берiп, қарға сияқты жарбиған операторға тас лақтырды. Жұрт соған қарай ойысты. Бiрақ, алғаш боп тас атқандардың әдейi ұйымдастырылған жансыздар екенiн ешкiм бағамдай алмай қалды.


— Уа, азаматтар, дүрлiкпейiк! Байбаламға бармайық! — Репродуктор ышқына саңқ-саңқ еттi. — Бейне таспасына жазса жаза берсiн, әдiлеттiң ақ жолында бiздiң арымыз таза!


Алғашында шамданған жұрт райынан қайтты. Бiрақ, жағдайды әдейi ушықтыруға ниет қойған зымиян органдағылар демонстрант ретiнде елдiң арасына кiрiп, тағы да операторға қарай тас жаудырды. Ашуға iсiнiп, кебiнiп толқып тұрған жұрт екiншi айтылған басалқыға бас бермей, әлгi «ешкiнiң» кейпiндегiнiң соңынан лап қойды.


Осы уақытта Жапардың миына «мыналар бүгiн жұрттың бәрiн бейне таспаға басып ап, ертең сол бойынша сазайын тарттырады» деген үрейлi ой сап етiп оралды. Содан кейiн оқудан бiр-ақ күнде табанын жалтыратады.


Жүрегi зу ете түстi. Өйткенi, қаншама азаппен осы оқуға әзер iлiнiп едi…


Сытылып қалыңның арасынан тайқи бердi. Толқындай тулаған лектiң ортасында сыналай iлгерлеп жол табу қиынның қиыны екен. Бiр адым алға басса, екi адым кейiнге кетедi. Итшiлеп жүрiп алаңның ернеуiне iлiктi. Сонда байқады, тай шаптырым алаңда ине шаншар орын жоқ. Бәрiн қазақ жастары сықай толтырған. Осыншама отансүйгiштiктерiне, елi мен жерiне берiлгендiктерiне сүйсiндi. Сүйсiне тұрып, «әлдебiр әбiлетке арандай ма екен» деп те қауiптендi.


Көкейiн үрей билеген қалпы Абай даңғылына қарай беттедi.


*** *** ***


Корпусқа келгенiнде сабақ жайына қалыпты. Барша студенттердi деканның орынбасары аудиторияға тығып, басқа ұрып санап, түгендеп жатыр екен. Тағы бiр аңғарғаны, факультет әкiмшiлiгi мұндай құнтақтылықты қазақ топтарына ғана көрсететiн тәрiздi. Орыс топтары жайраң қағып, емiн-еркiн жүр. Олар үшiн сабақтың кездейсоқ болмай қалғандығы төтеннен құдайдың өзi бере саған мерекесiне ұқсайтындай. Самбырлай сөйлесiп, қыз-ұлы аралас темекiлерiн тартып, еш қаперсiз шаттыққа кенелген.


Декан орынбасары Құдияровтың өңi түтiгiп кетiптi. Қасында факультеттiң комсомол ұйымының хатшысы бар. «Бәленбаев қайда, Түгенбаев қайда?» деп зiкiр сала шүйлiгедi. Әрқайсының жүрген жерi анықталып, мейлiнше тәптiштелуде. Бас-аяғы он-он бес минутта студенттердiң денiнiң басы бiрiктi.


— Кiм алаңға барды?!


Құдияровтың алғашқы сұрағы осылай басталды. Аудитория тым-тырыс. Тыныштық ұзаққа созылған сайын ұстаздың өңi сұрланып, қадала түстi.


— Алаңда кiмдер болды?!


Сұрағын тағы да пысықтай қайталады.


— Барған жоқпыз. — Әуес дейтiн кiшкене қыз бiр қалтарыстан ақырын ғана үн қатты.


— Ешкiм бармады ма? Шындарыңды айтыңдар. — Комсомол хатшысы бұл уәжге нанбайтындай зымияндана көзiн төңкердi.


— Ешкiм.


— Арандатушылардың айтағына ерiп кетiп жүрмеңдер. КПСС Орталық комитетiнiң шешiмiне қарсы шығу деген не сұмдық. Ол — барып тұрған ақымақтық. Ондай саяси сауатсыздыққа бiз сендердi тәрбиеледiк пе? Партия бәрiмiздi теңдей көредi. Сондықтан, ақымақтар жиылған алаңға қарай аяқтарыңды аттап бассаңдар, сирақтарыңды шағамын. Қазiр бәрiмiз жатақханаға барамыз, бөлмелерiңнен ешқайда шықпайсыңдар. Оқытушылар күндiз-түнi қатаң кезекшiлiк орнатады. Аудандық партия комитетiнiң, университет партия комитетiнiң, ректораттың талабы — тәртiптi күшейту, бейбастақтықты тоқтату. Осы жұптарыңды жазбай жатақханаға барыңдар. Бес минуттан кейiн мен де соңдарыңнан жетемiн, өзiм рейд жасаймын. Бiреуiң болмай қалсаңдар, университетпен қош айтыса берiңдер.


Соңына ызбарын тастап, аудиториядан шыға бердi. Хатшы да бұйдалы бұзаудай сөлпектей жөнелдi.


Жұрт сүреңсiз орындарынан көтерiлiп, тысқа бет алды.


Жатақханада тұратындардың денi — қазақ бөлiмiнiң студенттерi. Барлық жерде солай. Жатын орындарына қуып тығу туралы пәрмен Жапардың намысына тигендей әсер еттi. Әйтсе де iлбiп, жолдастарымен жатақханаға қарай өрледi.


Айтқанындай-ақ тексеру басталды. Дүкенге нан алуға шықсаң да журналға тiркелдi: «Бәленбаев сағат бәленбайда дүкенге кеттi, бәленбай уақыттан кейiн қайтып оралды. Қолында наны, сүтi бар». Бұл тәртiп айқұлақ мұғалiмдердiң көңiлiн әбден көншiттi. Айдаһарша ысқырып, жер жара құзырын жүргiзiп бақты.


Түс ауып, үлкен бесінге таянды. Жапар қипақтай бастады. Мынандай сүреңсiз тiрлiк оның көкейiне қона қоймады. Сосын студенттер кеңесiнiң бөлмесiнде отырған Құдияровтың өзiне кiрдi.


— Иә, неғып келдiң? — дедi ол ай-түй жоқ мұны көре салысымен.


— Ағай, мен жатақханада тұрмаймын ғой, пәтерiме барайын.


Мұның топтағы староста екенi декан орынбасарының есiне түстi ме, алғашқы райынан қайтып, мүсiркей қарады.


— Мынандай қым-қуытта ешқайда шықпай, осында қона салсаң қайтедi? Бiрдемеге ұшырарсың.


— Оның бетiн аулақ қылсын, үйiме барайын.


Төр жақта отырған оқытушы иiнi салбыраған қалпы ойланып, бiр ұйғарымды iздедi. Бұл да үлкен кiсi ыңғай бермеген соң шығып кетпей, бадалып байланды да қалды.


— Жарайды, бар. Абай бол бiрақ. — Сұқ саусағымен столды тоқылдатып, қабағын түйдi. — Ертең басың бәлеге былықса, мен сенi қорғайды екен деп ойлама.


— Мақұл. Рахмет.


Бақылаудан босаған соң, тынысын кеңiнен алып, Әл-Фараби көшесiне қарай аяңдады. Қыстың шыңылтыр аязы одан сайын зәрiне мiнiп, шақұр-шұқыр етедi. Бiр әбілеттен хабар бергендей күн құлақтанып шатынап тұр. Ұясына кiруге арқан бойы қалыпты.


Жапар өңiрiн қаусырына тiтiрендi.


Аялдамаға барғаннан соң әлдеқайдан бойына бiткен әлеуеттi күш үйiне қарай тартпай, алаңға қарай аңсарын аудара бердi. Лажсыз осы бiр iшкi сиқырдың жетегiне iлесiп, 61-шi автобусқа аяқ артты. Әне-мiне дегенше жүйткiген көлiк межелi тұсқа да әкелiп жеткiздi.


*** *** ***


Халық бағанағыдан да қалыңдай түскендей. Үйiрiлген ымыртпен бiрге ел жиналған тұс қап-қара түнекке айналған. Бал арасының омартасы сияқты құж-құж етедi.


Ендi байқауынша мiнбердегi бейбiт ереуiлдеушiлердiң орынын өкiметтiң адамдары алмастырғанға ұқсайды. Алыстан саңқылдап құлағына жеткен сөйлеушiлердiң ләмi осыны аңғартты. Әрi, алаңды қоршай шамдарын жарқыратқан әскери техника иiнтiресе ұйлығыпты. Бiрiншi кезекте өрт сөндiрушiлердiң қызыл ноян машиналары өңкиiп-өңкиiп тұр. Құлағына жаңғырыққан репродуктормен таласып, тынымсыз арпылдаған иттердiң үнi шалынды. Құтты бiр немiс фашистерi туралы кинодағы адам жейтiн овчаркалардың ызалы үрiсiне ұқсайды.


— Азаматтар мен азаматшалар! Құрметтi студенттер! Сендердiң мына әрекеттерiң — басбұзарлық, бұзақылық қана. Ешқандай заңның аясына сыймайды. Күллi СССР халқын әлем алдында масқараладыңдар. Америка бiзге қарап күлiп отыр. Осындай бейбастақтықтың басқа жерде емес, ең бiрiншi Қазақстаннан тұтануы, өте өкiнiштi. Мәскеудiң алдында абыройымыз төгiлдi. Одан сайын келемежге ұшырамау үшiн бейбiт түрде тарауларыңызды сұраймыз. Егер, ендi он минутта өз ықтиярларыңмен тарамасаңдар, күш қолдануға мәжбүрмiз.


Жапардың жүрегi зу ете түстi. «Күш қолданғанда, мынанша халықты қырмақ па?» деген сұрқия ой өзегiн тiлiп өттi.


Сөйткенiнше болмай, қалың нөпiрдiң шетiне де iлiнiп қалған едi. Мiне, масқара! Алаңдағы халықты бақайшағына дейiн қаруланған әскер тас-шеген қоршапты. Бастарында каска, қолдарында сойыл. Тобығынан төбесiне дейiн жапқан слюда тектес материалдан жасалған, алдындағысын әйнектей ап-анық көрсететiн қалқандары бар. Жандарында арпылдаған қасқыр иттерi және жұлып кете жаздап бұлқынады. Халықты иiрген отардай қыспаққа алыпты. Олардың бер жағында — милициялар. Бұлар да бес қаруын сайлап, сақадай сай. Қабақтары түксиiп, жау түсiруге дайын.


Жапардың алдынан қарсы жолыққан әлгiлердiң бiреуi, мұның көкiрегiне қолшоқпарын тiреп тоқтатты.


— Куда идешь?


— Можно пройти к народу?


— Нет, нельзя! Лучше иди по своей дороге. Вон, туда!


Зiкiр сала айдаланы нұсқады. Жапар мына әбiлеттерден ары өте алмайтынын бiлiп, дiңкесi құри жан-жағына шарасыздықтан мойынын созды.


— Парень, иди, иди! Живее…


Осы тұста келесi беттен өкiрiп-бақырған өрт сөндiрушi машинаның ышқынған үнi тұла бойын тiтiренттi. Әппақ бу кеудеден шыққан жанның бейнесiндей аспанға атылды. Оған қабаттаса үрейлене бажылдаған адамдардың да дауысы iлестi. Әлеуеттi толқын тас шеңбер жасаған әскердi сетiнетiп жiбердi. Әп-сәтте қалыңның iшiне кiре алмай тұрған Жапар бауырларының ортасында қалды.


Үрiккен ел бiрiн-бiрi таптай жосылып кеп бердi. Мұндай бастығырылуды қораға қасқыр түскенде тас-талқаны шыққан отар қойдан ғана көрiп едi. Аяққа жаншылып аһ ұрған азалы үн әр-әр тұстан естiледi. Сәлден соң Жапардың құлағы тұнып кеттi. Толқынға қарсы жүре алмай, жаңқаша лықсып ағымның ыңғайымен қақпайлана бердi.


Жұрт екiге айырылды. Бiрi со бетiмен Ленинге қарай лап қойды да, екiншiсi Фурмановпен Абайға құлдилады.


Мiнбердiң тұсында ызы-қию атыс-шабыс басталғандай көрiндi. Жастардың алдын кес-кестеген әскер де қарап қалған жоқ, құр қол бейбiт жұртпен қоян-қолтық шайқасқа кiрiстi. Қыз-жiгiттер олармен қаша соғыс салып, құрсаудан сытылып кетуге жанталасып бағуда. Әсiресе, жiгiттердiң көзжұмбайлығы қазақ жұртының болашағын тас-түйiн бекiген түлейден арашалап, аулақтатып әкетiп бара жатыр едi. Ендiгi аласүреңде алаңда қалу өте қауiптi-тұғын.


Дәл Жапардың көз алдында бiр милиция полковнигi тұсынан өте берген қаршадай қызды жуан жұдырығымен қойып кеп жiбердi. Қыз жел үйiрген қауырсындай қаңғалақ қақты. «Аһ» деген үнi шығар-шықпастан шалқалап барып, ұзынынан сұлады. Бiрден танауынан қан аспанға шапшып, сидектей жөнелдi. Ендi болмаса мың сан табанның астында балғын дене жаншылатын едi. Өйткенi, арттан итерген тегеурiндi күш алдыдағылардың жылжымауына шама бермейдi. Тiптi, аяқтарын аңдап басуға да мұршаларын жеткiзер емес. Осындай қақпақылға салған қысталаңда жығылған адам қайта тұруы екiталай.


Жапар сол заматында бойжеткенге жүгiрдi. Қолтығынан демеп тұрғыза бергенде, кенет әлгi қатыгез полковниктiң жаңғақша ұшқанын көзi шалды. Оны кiм соққанын бағдарлайын дегенiнше, лейтенант шенiндегi бiреу терiс бұрылып қалыңға сiңiп бара жатты. Мұндай күтпеген жайтты көрген жiгiттiң өне-бойы әлденеден тыз ете дуылдады. Халқын сүйетiн азаматтардың қызыл жағалылардың iшiнде де барына «тәуба» айтты. Бойына қуаттың қайдан бiткенiне өзi де қайран, былқ-сылқ еткен балауса дененi қапсыра құшақтай көтерiп ап, дедектей жөнелдi. Полковниктiң табанда жаншылып өгiздей өкiрген үнi ғана құлағына жеттi.


Мұнша бұла күш өзiне қайдан пайда болғанын аңдай алмаған Жапар төңiрегiн сәлден кейiн байыптады. Сөйтсе шынашақтай әлгi қызды үш жiгiт көтерiп алыпты. Ұлттығымыз бен намысымыз сынға түсер ұрымтал шақта бейтаныс бөгдеге көмекке келген мына беймағлұм жандарға еметайы езiлдi. Ауыздықпен су iшкен уақытта қандасын жат қолына тастамайтын азаматтардың барына сүйсiндi.


— Жоғары өрлейiк! Жоғары өрлейiк!


Алқынған күйi өршелене айқайлады. Себебi, негiзгi қалың жұрт ошарылған бағыттан iштей бас тартты. Оның үстiне мына тұста аялдама да жақын. Одан ары таман, тым құрыса арасына сiңiп кетсе, «Самалдың» әсем үйлерi жымыңдайды.


Әлгi жiгiттер пәрмендi ләмнiң ауанымен Фурмановтың бойымен тiке салды. Әшейiнде байқай бермептi, бұл маң шаншылған қайқаң екен. Арқан бойы жер жүрмей үшеуi де барлығып, сенделiп қалды. Бойжеткен әлi көгерген күйi есiне келе алмай былқ-сылқ етедi. Атқалақтаған өз қанынан өзi шошынғаннан талықсып кетсе керек. Бiрақ қан саябыр тапқанымен әлi де тоқтамаған-тын.


— Екi жағынан қолтықтап жүрелiк.


Қыздың аяғын жерге түсiрдi — буын жоқ. Оған да қарамай сүйрелей жөнелдi.


Бұлар аялдамаға таянғандарында қанаты сынған қаздай бiр жағына шоңқиған ескi сары автобус тұстарынан iлби өтiп бара жатты. Қашқындардың жандары мұрындарының ұшына келiп, одан сайын өршелене ышқынды. Абұйыр болғанда, жүргiзушi бiр құдайына қараған адам екен, салонның iшi лықа толғанша тапжылмады. Ең соңынан әупiрiммен Жапарлар да iлiнген едi. Табалдырықтан аттағаны сол, тарс-тарс етiп қиюы қашқан есiк те жабылды. Ентiккенi сондай, жүрегiнiң аузынан шығып кете жаздап атқалақтай соққаны өзiне ап-анық естiледi.


Бiр кезде барып құлағы даң-дұңды шалды.


— Неге жұртты аузы-мұрынынан шығарып аласың!


— Неге аялдамада шамадан тыс ұзақ тоқтадың?! — деп әлдебiр орыстың әйелдерi шаптыға шәңкiлдедi.


— Сол керек оларға!


— Жетпiс жыл мойнымызға мiнгiзiп отырмыз, дандайсыған!


Маржалар бел алып, автобустың iшiн керiп барады. Орыс атаулының бәрi қазаққа жирене қарайтындай.


Бұ сиықтары Жапарға ұнамады. Көкейiне әлдеқайдан ашу тығылды. Әп-сәтте намысқа булыққандықтан қара тер көмдi. Бiр уақ көңiлiн басқа нәрсеге аударуға ұмтылды ма, өзi сүйемелдеген бейтаныс қызға қарады. Бейшараның өңiнде қан-сөл жоқ бозарған, мұрыны қып-қызыл боп домбыға iсiнiптi. Қайда кетiп бара жатқаны, кiммен кетiп бара жатқаны қаперiне кiрмейтiн сияқты.


Жiгiт жан қалтасынан орамалын шығарып оның аузын сүрттi. Сосын қолынан ұстап көрдi, сыпсиған нәзiк саусақтары мұп-мұздай. Алаңда сүйегiн суық әбден қармағанша жүргенге ұқсайды.


Жаңағы жiгiттер де жандарында тұр. Қабақтары түксиiп, кiржiң тартқан. Әлденәрсе көңiлдерiн қобалжытатындай.


Iлгерiдегi өңге аялдамада адамдар сирек ұшырасты, түсетiндердiң қатары да селдiр көрiндi. Автобус iлби Әл-Фарабимен тартып барады. Құдай қарасқанда мына 100-iншi маршрут Жапардың үйiне дейiн апаратын. Арман аялдамасына жетсе, мұның пәтерi дәл iргесiнде.


Негiзгi қауым «КазГУ-градта» ошарыла жерге төгiлдi. Автобусты керiп тұрған студенттер екен. Абажадай ескi «дүңгiршектiң» iшi кеңiп сала бердi. Жаңағыдай емес, көлiк күйiтi кетсе де орнынан жылдамырақ қозғалғандай көрiндi. Бiрақ бұрандасы босап, қиюы қашқан қаңқасының салдыры күшейгендей байқалды. Сол салдырға тағы да ысылдаған шарқая дауысты әйелдiң үнi ұласты.


— Аяқтары сыңғырлардың бәрi Брежнев алаңына барған. Неге сол жерде қырылып қалмайды!


— Айтпаңыз, күндерiн көре алмай жүрiп, бас көтергендерi несiн алған?!


— Шетiнен аямай жазаға тартса екен!


Осындай тепсiне, бiр жағы күстаналай даурығысқан қаңқу үн әлден уақытқа дейiн үстемелеп барды да, өздерiне қарсылық танытып басу айтқан ешкiмнiң болмағандығынан ба бiртiндеп саябырлыққа ауысты. Әйткенмен, тұздай көк көздер жанындағы бiрлi-жарым қой көздерге сұғын қадап, қит етсе түтiп жiберуге дайын едi. Абырой боғанда сол сәт еңсесiн түзеп, тiктеп қарайтын да жан-пенде табылмады. Табылатын да едi, қара халыққа қыр көрсеткеннен ештеме өнбейдi. Осыны түсiнгендiктен байбаламшыл немелерге ешкiм асыл сөзiн, шамасы, қор қылғысы келмедi. Одан да iшкi зар-мұңын өкiмет басындағыларға шағынғандары әлдеқайда тиiмдi едi.


Әйтсе де кекiрiгi азған мыналардың көкайылдықтарына Жапардың шамы қозып, өтi аузына төгiлдi. Зәрi ұртына жиылса да жақ ашпады. Сүйретiлiп барып өзiне дәрменiн салған бейтаныс қызбен қатар босаған соңғы орындықтардың бiрiне жайғасты. Ол — әлгi ноян жұдырықтың екпiнiнен әлi есiн жия алмағанға ұқсайды. Әйтпесе, осы уақытқа дейiн бiр ауыз тiлдесер едi, ондай ниеттiң нышаны да бiлiнбейдi. Тек мұның иығына басын сүйеп, қалай икемдесе солай көне бередi. Саусақтары әлi сол мұздай қалпы. Ара-тұра өксiкке ұқсас ықылық атады. Өрiмдей жастығына мастана бұлаң қаққан он жетi-он сегiздегi бойжеткеннiң iшкi сарайында қасiреттiң болуы да екiталай-тұғын…


Автобус бұлар түсетiн «Арман» аялдамасына тоқтады. Жiгiттiң табаны жерге тигенi сол едi, құрық салым жерде үдiрейiскен бiр тобырдың қаралдысын байқады. Ұсқындары үрейлi, құтырған бұқадай атылайын деп тұрған тәрiздi. Ойлағанындай-ақ, iшiнен бiреу суырылып шығып, Жапарды құлақ шекеден ала қойып кеп жiбердi. Оқыс соққыдан шалқалап барып әзер еңсесiн түзедi. Малақайы сонадайға ұшып кеттi. Қолтығындағы бойжеткен шар етiп шыңғырып жiбердi. Сол кезде аялдамадағы жiнiккен топтың екеуiне қарай ошарыла қозғалғанын, қолдарында бiр-бiр сойылдарының барын көзi шалып үлгердi. Жiгiт ойланбастан қызды сүйрелей, жылжып бара жатқан автобусқа қарай ұмтылды. Жүргiзушi де бұл малағамды айнадан байқап отырса керек, кiлт тоқтады. Соңдарындағы адуынды тобыр да өкшелей кеп қалған едi. Жiгiттiң аяғы табалдырыққа тиiсiмен автобус атырыла жөнелдi. Бiр абыройы, қапелiмде Жапар қызды уысынан шығарып алған жоқ. Әзер дегенде оны өзiне тартып, табалдырыққа қойды. Сол кезде автобустың терезесi шалдыр етiп сынды. Кеспелтек таяқтың ұшы жiгiттiң тура бетiне тигенi. Тоқ соққандай дың ете қалды да, жып-жылы бiр нәрсе танауынан жүгiре жөнелдi. Бiрақ жаңқадай ғана қызды одан сайын қапсыра қармап, iлгерi озды. Танауындағы қанды бiр сүртiп тастады да:


— Рахмет саған, бауырым! — деп, шопырға дауыстады. Даусы тарғыл-тарғыл. Үнiндегi жарықшақты өзi де ап-анық байқады. Бiрақ iркiлмей iлгерi жылжи бердi, алдыңғы есiктiң тұсына таянып бөгелдi. Сойқанды тұстан үш жүз метрдей ұзағанда, — осы араға бiздi түсiрiп кетшi, бауырым, — дедi. Шопыр сөзге келген жоқ. Бiр құдай септескенде бағанағы бiр-бiрiнiң қолтығына су сепкен зәндемiлер жоқ, әлдебiр аялдамада қалғанға ұқсайды. Әйтпесе екеуiн ана жаңағы қанына қарайғандардың қолына байлап берiп кетер едi.


Автобус бiрден Орбитаға қарай жүйткiте жөнелдi.


Бұлар түсiп қалған Розыбакиевтiң басы тастай қараңғы екен. Әйткенмен бейсауат шаң-шұң дыбыс, асфальттi гүрп-гүрп еткiзiп жүгiрген мол аяқтың дыбыры бiлiнедi. Кенет, әлдеқайдан әйел заты құлындағы дауысы құлаққа жетiп, шырқырай жылады. Оған жекiген, әлдекiмдермен жанжалдасқан дөкiр тiлдi еркектердiң өкiрешi қосылды. Бәрi орысша сылқита сыбайды.


Жiгiттiң өне-бойы қалтырады. Үрейiн қасындағы қызға бiлдiрмеуге тырысып бақты. Аяғын санап басып iлгерi жылжыды. Пәтерiне жүз-ақ қадамдай қалған едi. Қара бұлтша түйiлген есiрiк тобыр елеусiз қылтадан зәузадада алдыларынан шыға келгенi. Жапар қолма-қол тұстарындағы үйдiң бiрiне кiрдi де кеттi. Тәңiрi жар боғанда әшейiн шарбақтан жасалған қақпасы ашық екен. Бiрақ, екi-үш қанден шабалана балағына тап-тап бердi. Оны жiгiт ерен көрмедi, бар ынта-зейiнi көшедегiлерге ауған. Әлгiлер бұларға қарай тапап, қонатын құсша шүйiлiп келе жатты да, әлдеқайсысының пәрменiмен кiлт бұрылып төмен қарай құлдай жөнелдi. Сол кезде барып Жапар тынысын терең алып, «уһ» дедi. Маңдайынан сұп-суық тер бұрқ ете түстi. Әлден уақыттарда барып:


— Кто вы!? Чего надо!? — деген байбаламшыл үн жiгiттiң құлағына жеттi. Сөйтсе үйдiң иесi — кәрi кемпiр бұларға зiкiр сала тепсiнiп тұр.


— Бабушка, не беспокойтесь! Мы сейчас уйдем!


— Быстро уходите, а то я сейчас милицию вызову!


— Бабуля, напрасно вы нас выгоняете. Там драка, убить могут… По всему городу идет беспредел… поймите.


Кемпiр бiр сәт аңырып, қапелiмде абдыраңқырап қалды.


— Ой, боже! Правда?..


— Как они исчезнут, мы тоже уйдем, поверьте…


Жiгiттiң үнi дiрiлдей шықты. Қария оның айтқан сөзiне нанды. Көшедегi андыздаған қансоққырлар көзден тасаланғанынша қақпаның iшiнде бөгеле тұруларына мұрсат бердi.


…Қарыс сүйем жердегi жалдамалы жаппасына әзер жеттi.


V


Бiрақ, кейiн iшкен-жегенi iрiң болып, зорға жүрдi. Өйтетiнi, факультеттiң комсомол хатшысы соңдарына түсiп, бiрнеше адамның аты-жөнiн де көрсетiп жiберген. Бiр-бiрiне өшiккендер орыс пен немiстiң соғысындағы қалаймақан сәтте ту сыртынан жасырынып оқ ататынындай, осы ұрымтал тұсты ұтымды пайдаланды, сонадайдан саусағын шошайтса жеткiлiктi. Әрi, оқу тобының старостасы, партия мүшесi едi. Қолға түссе оңбайтынын бiлдi. Сондықтан да ұйқысы қаша бердi.


Ендi ғой, мiне, желтоқсанның жампоздарын көтерiп, ел тәуелсiздiгiнiң содан бастау алғанын мойындап отыр. Әйткенмен, бұл ел мүддесi үшiн тiрескен жүрекжұтқанның бiрi емес едi. Әттең, небiр қаһарман жiгiттер үштi-күйлi жоғалып кеттi. Сол өкiнiштi…


Үйге еңсесi көтерiлiп, бiр жағы мұқалып оралды. Табалдырықтан аттасымен Шырай:


— Папа, Сапар көке келдi, — дедi.


— Қайда, үйде ме?


— Жоқ, кетiп қалды.


— Қашан келдi?


— Сағат үштерде.


— Сен оны қайдан көрдiң?


— Маған мектепке келiп үйдің кiлтін алып, сосын қайыра әкеп бердi.


— Қайтадан келемiн деген жоқ па?


— Жоқ. Кетiп бара жатыр екен. — Кiшкентай қызының жанарлары жыпықтап, бiр нәрсенi абайсызда бүлдiрiп алғандай өз-өзiнен бүгежектеді. Әкесiнiң де iшi мұздап сала бердi. Бiрден Талдықорғандағы үйдiң құжаттарын тастай салған кiреберiс жиһазының үстiне қолын жүгiрттi. Жым-жылас. Сонда барып Сапардың жерге олшитып отырғызғанын бiлдi. Бұл кешелi бергi жеген таяғынан да әлеуеттi соққысымен күл-паршасын шығарып, күйретiп жiбердi. Екi бетi дуылдап, жанын қоярға жер таппады. Ендi Сүлейменге не дерiн бiлмедi. Сапар туған бауыры, Сүлеймен немере бауыры. Туғанына тартып, үйдiң құжатын әдейi берiп жiбергендей көрiнетiнi есiне түскенде, ұяттан жердiң тесiгi болса кiрiп-ақ кеткiсi бар. Әттең, амал не, бiр қап, бiр саптан шыққан адамның өзi аямай қара бет етiп, елдiң алдында кәдеге жарамсыз ғып табанға тастайды. Бұл бiрге тумағың түгiлi, қас дұшпаның жасамайтын қаскөйлiк қой. Ендi қайттi?


Бiресе отырды, бiресе түрегелдi. Күшәла жеген итше мазасы әбден қашты. Сосын, ақыры сыртқа ата жөнелдi. Ондағы ойы — қалай да Сүлеймендi тауып алып, болған iстi шып-шырғасын шығармай баяндау, азаптан арылу. Әйтпесе, ендi бiр минут кешiксе, ол мұның бiрiне де сенбейтiндей көрiндi.


Бiр абыройы ол үйiнен табылды. Жасының үлкендiгiне қарамай алдына мөлиiп барып, ит кебiн киген қалпы барлығын баян еттi. Бұл әңгiмесiн аяқтағанда да, оның бет-әлпетiнде ешқандай өзгерiс байқалған жоқ. Бiраз үнсiз отырып:


— Жапар, несiне қиналасың? Бiз қолымыздан келген көмегiмiздi жасадық, ендi өзi бiлсiн. Тiптi, оның Талдықорғандағы үйiнiң керегi де жоқ, — дедi. Басқа ештеме айтпады.


Мына ләмдi есту қандай ауыр едi, өлiп кетпеген соң адам ит жанды екен, төздi. Оның үйден тек сұлбасы ғана сүйретiлiп шығып бара жатты.


Машинаның рулiне зорға ие болды. Өз табалдырығынан аттасымен төсегiне омақаса құлады.


Оны алып ұрған ұят пен ождан едi.


Содан кейiн-ақ күлдiбадам тiрлiгi одан сайын әрсiзденiп, мағынасы жоғалды. Бәрi күңгiрт, бәрi тастүнек тәрiздi. Бәрi мұны орталарынан ит қосып қуып шыққан сияқты. Ешкiмнiң арасына, еш жерге сыймайтын сияқты. Тек, өзiмен өзi мәңгүртке айналды. Үйден де сыртқа аттап баспады. Сыртқа барғанда қайда барады? Бiлмедi. Әрi-берiден кейiн бұл кiмге керек, кiм қажетсiнiп отыр? Ешкiм. Қуыс қурай құрлы қадiрi жоқ. Уәсилә тiрлiк ақыры шындықтың бетiн ашты.


Осы зауал жанына қатты батты. Қараптан-қарап қадiрi қашқанына уайым жедi. Тiлден қалды, бiрақ небiр сауалдар санасында бiтiсiп, жауабымды тап деп анталайды да тұрады. Әлгiлердiң соңына iлесiп, ұшы-қиыры жоқ қайдағы бiр сүрлеумен сөлпектейдi де қояды. Не мандытып жауабын таппайды, не бiржола бұл әбiлеттен iргесiн аулақ сала алмайды. Ақылын аңылжытып шақшадай басын шарадай жасап, әйтеуiр, миы қатып отырғаны. Тiптi, жын иектегендей әлгi әумесер ой-сауал мұны бiржола жадылап, илеуiне салып, ашса — алақанында, жұмса — жұдырығында ұстады. Соның ғана ықпалымен шылауына айналып, шыңырауына құлап, сұмырай сұм запыраннан құтылып кете алмады. Астан қалды, ұйқысы қашты. Ақыры келе-келе құлағының түбi шуылдап, басы зеңитiндi шығарды. Екi көзiнiң алды тұманданып, уақыт өткен сайын дүние қарауытып бара жатты. Мезгiлдiң қай уақ екенiн де топшылай алмайтын халге ұшырады. Тек ұзынынан түсiп, сұлайды да жатады. Ауырмай-сырқамай дертке шалдықты. Ой құрты көкiрегiн кеулеп, жапырақтай жанын тынымсыз кемiредi.


Мұның осындай тығырыққа тiрелген тұсында әдейi сынайық дегендей жора-жолдастары да аттап баспай қойды. Тым құрығанда бiреуi келсе, болмашы сәтке боса да алданар ма едi? Кiм бiлсiн, тұла бойын құрсаулап иектеген әбiлеттен арылар ма едi? Әйткенмен, қас қылғандай ешкiм де төбе көрсетпедi. Сол кезде барып дос-жаранның бар-жоғына күмәнданды. Сөйтсе, мұнда дос та жоқ екен. Бiрге туған бауыры өзегiнен тепкенде, бiр кезде жақын жүрген жолдастарына кiнә артудың артықтығын байыптады. “Атадан алтау туса да, бiр жалғыздық” дегендей, жал-құйрығы жоқ тұлдыр екен. Осы уақытқа дейiн мұны байқамай келiптi, ендi анық көзi жеттi.


Жалқылығын сезiнген сайын соры қайнай, өзегi шымырлайды. Соры қайнаған сайын шарасыздықтан кеудесi көрiктей боп, күрсiне бередi. Күрсiнген мезетiнде көкiрегi құсадан азаттық ап, адаланғандай көрiнгенiмен, әп-сәтте шелекке лық етiп тола қалатын өзеннiң суындай басыр қайғы кеудесiн кере жөнеледi. Тағы да күрсiнедi. Шегi жоқ тоқтаусыз күрсiну. Бiресе жатады, бiресе түрегеледi. Кеудесiн көтерiп отырса басы айналады. Жатса — тынысын бiтеп, алқымына қара тас тығылады. Жаны қиналғанымен, әсте де сайтан сапалаққа айналған сауалдар бiр сәт те бұны тастап кете алмайды.


Ақыры, есiнiң ауытқып бара жатқанын байыптады. Бұдан құтылу үшiн, қалай да сыртқа шығуы керектігін түсiндi. Бой жазуы тиiс сияқты. Әйтпесе, қаншама күн Бибiге де маза бермей келедi. Өйткенi бұл түнi бойы ұйықтамай жүрiп шығады. Көзi iлiне қалатындай жастыққа басын қойса, ақыры құр дөңбекшуден шыдамы таусылып, түрегелiп кетедi. Үй iшiнде ары-берi сенделедi. Мұның әрбiр қимылын әйелi қас қақпай бағып жатады. О бейшараның күндiз жұмысы бар, түнде күйеуiмен қатар тағдырдың татасын әбден-ақ тартады. Бiрақ, ләм деп тiс жармайды. Тек бiр күнi:


— Жаңа жылда ауылға барып келелiк, — дедi.


Ондағысы «ерiне жабысқан қайғы-дерттi бiр емдесе, туған топырағы емдер» деген жақсы ойдың нышаны едi. Әрi, «ары-берi жол жүрсе, иектеген әбiлеттен құтылар» деген де пиғылы болды. Жұма күнге жұмыстан да сұраныпты.


Сөйтiп, ауылға қарай тартты да жөнелдi. Шынында да Жапардың өңiне қан жүгiргендей көрiндi. Сары уайымға салынса адам деген күннiң көзiне немесе желдiң өтiне шықпай-ақ қараяды екен. Мiне, күл татыған қан-сөлсiз өңi шырайланып, аяқ астынан ерiнiң жанарына нұр байланғандай көрiндi. Оның үстiне осы сапар құдай жолдарын оңғартып, ауданның әкiмi Жапардың шығармашылық кешiн өткiзiп беруге келiстi. Бұл да қапалы көңiлдi бiр серпiлтiп тастады. Алматыға қайтар кезде жол-жөнекей ағайын-туғанның бәрiн аралап, тайлы-таяғы қалмай сол күнi аудан орталығына келуiн өтiндi. Бәрi құлшынып, келетiн ықыластарын бiлдiрдi. Өкпесi қара қазандай болса да, Сапардың үйiне де кiрдi. Iнiсi жоқ, келiнi бар екен. Оған бүкiл жай-жапсарды мағлұм еттi. Келiн «жарайды, айтамын-айтамын» деп қалды. Сөйтiп, бiр серпiлiп Алматыға оралды.


*** *** ***


Уәделi мезгiл таянғанда бiр күн бұрын Қапалға аттанды.


Қаңтар айының басы. Күн шайдай ашық. Дегенмен, қыстың айына сенiп болған ба, кеш бата бұлар дiттеген жерiне iлiккенде қар жапалақтап жауа бастады. “Әй, ертең кiсiлер сағат онға Қапалға жете алар ма екен” деп қорықты. Өйткенi, ет жақындары кездесу белгiленген күнi таңертең Талдықорғаннан шықпақ боп бәтуаласқан. Өйтетiнi, ауданның орталығы атанғанымен дәл қазiр Қапалдың құты қашып тұр едi, бiрiншiден, жарықтан мақрұм. Екiншiден, қанша туыс болса да, нарықтың заманында ауылдағы ағайынның үйiне бiр қора адаммен салмақ сап, ошарыла түсу ақылға сыймайтын. Келгенше қонақ, келгеннен кейiн үй иесi ұялады демекшi, ешкiмдi ыңғайсыз жағдайға қалдырғысы және жоқ.


Ендi, мiне, қас қылғандай қар жауғаны жарамады. Өйткенi, қар түссе, Қапалға дейiнгi аралықта көлбей сұлаған қос Шыңбұлақ көлiктi бұғаулап, жүргiзбей тастайды. Бұрынғыдай кезекшiлiкте тұратын жыланбауыр тракторлар әлдеқашан әлдекiмнiң меншiгiне өткен, жол аршылмайды. Яғни, қатынас тоқтайды деген сөз.


Осының бәрiн iштей екшеген Жапар қалай да шешесiнiң келуiн қалады. Әйткенмен, оған өзi жандалбас жасамаса, ешкiмнiң селт етiп қозғала қоймайтынын iшкi түйсiгiмен сезiндi. Сондықтан түн жамылып, қардың толассыз жапалақтағанын ерен етпей етекке кеттi. Әуелi, Абай мен Ақешкiнiң ортасындағы аңырақайда ақиған боран тұруы да мүмкiн. Егер ол жерде боран болса, өткел бермеуi әбден кәдiк. Оған қарамады.


Ойлағанындай-ақ шатқалдан құйылған дауыл түтей соғады. Бiр аллаға сыйынып, тоқтаусыз тарта бердi. Тәңiрi қолдағанда астындағы 99-шы «Жигули» еш жерге iркiлген жоқ, ақырын iлбiдi де отырды. Әйтеуiр, итшiлеп жүрiп әупiрiммен жетпiс шақырымдағы Қызылағашқа да жеттi-ау. Айтқанындай-ақ шешесi жаяу, қайраны таусылып аласұруда екен. Апыл-ғұпыл жиналып, қарындасы әзiрлеген шайды iшер-iшпестен қайта жолға шықты. Ендiгi жол тiптi қиындайды, өйткенi үнемi өрге жүрулерi тиiс. Сондықтан, машина оппаға кептелiп қалса итерiседi деп, iнiсi Жайнақты да ерттi.


Мұнысы әбден ақыл болған екен, астындағы көлiктерi Ақешкiнiң қайқаңында-ақ сыр бердi. Бұған да тағатын кiнә жоқ, тiзеден келетiн ұлпа жер әлемдi бедерсiз тегiстеп жауып тастаған. Бұ жолмен бұлардан басқа жан баласы жүрмеген, бiр жағы жетi түнде кiм жүре қойсын. Мамық қар сiресiп жатыр әрi дымды неме машинаның тұмсығына жиналып, кептелген қалпы жолды бөгедi. Лажсыз шопыр артқа шегiнедi. Тәңiрiнiң бiр жарылқағанда көктен саулаған ақ ұлпа толастады, түн сүттей әппақ реңге ендi. Сонда да шопыр аңдаусызда бiр ойпаңға бұлталаң ете қаламын ба деп, еңiске қарай артпен шегiнуге қорқасоқтайды.


Жайнақ пен Жапар әлдеқашан машинадан жерге түскен. «Жигулидi» соңынан итермелеп дедек қағып жүр. Дегенмен, судай жаңа көлiк анау-мынау оппаны бұйым құрлы көрiп тұрған жоқ, дiңкелеткенде болар-болмас кедергiге ұшырасса, дөңгелек бiр орында зыр қаға айналып, қадамы қарысады. Ағалы-iнiлi екеуi жабылып, машинаны қайқаңнан шығара алмай әбден дiңкеледi. Алдағы екi Шыңбұлақ ойына оралса, Жапардың аза бойы қаза тұрады. Мына, жылқының шоқтығындай ғана дөңестен аса алмағандарында, тiптi, екi шыңды игерем деу ақымақтың iсi сияқты. Бұлардың әбден ит әуреге түскенiн көрiп, шешелерi де жанығып отыр.


— Жарықтық-ай, дәл бүгiн жауғанын қарашы… Әбден қиналдыңдар-ау… Маған бола бекер келдiң, ертең ауылдан шыққан автобуспен елмен бiрге баратын едiм ғой.


— Қойшы, тәте, ұят емес пе…


Машинаның жанында ырсылдап жүгiрiп, әзер сөйлесе де наразылығын бiлдiрiп қояды.


Әлгiнде көлiктiң соңынан мықшыңдау тым ыңғайсыз соғып әрi кенжiрден шыққан түтiн бетке ұрып, тынысты одан сайын тарылтқан соң, есiктiң әйнегiн түсiрiп, қапталынан итерген. Iште отырған шешесiнiң сөзiн ап-анық естiп, тiлдесiп келе жатқаны да сондықтан.


Осы екi аралықта шопыр:


— Екеуiң екi жақтан тура алдыңғы дөңгелектiң үстiне капотқа отырыңдаршы, — деп дауыстады. Бұлар жарайды деп, iлбiп әзер жылжыған көлiктiң капотына жамбастарымен секiрiп-секiрiп қона қалды. Сол-ақ екен, жандары жай тауып сала бердi. Тiптi, өкшелерiн бамперге тiреп, алға қарап орнықты жайғасты. Салмақ, тура негiзгi айналатын дөңгелектiң үстiне түскеннен кейiн, машина қарқынын бәсеңдете қойған жоқ. Бүрi жойылмаған жап-жаңа дөңгелектер үстiнен басқан салмақтың күшiмен, iркiлмей тартып бердi.


Не керек, жандарын жалдап жүрiп бұлар таңғы сағат беске таман ауданның орталығына жеттi-ау. Жапар сонда қабырғалылық танытқан Жайнаққа бiр сүйсiндi. Егер, iнiсi болмағанда далада қалғандай екен. Талай мәрте «Жигулидi» ойыншық машинадай оппадан жұлып-жұлып алды.


Әпке-жездесiнiң үй-iшi бұларды күтiп көз iлмептi. Беймезгiл уақыт боса да басы қосылғандарына бәрi мәре-сәре күйге енiп, шұрқырай жөнелдi.


*** *** ***


Ертеңгiлiк кездесудiң басталуы сағат онда едi, ауа райының аяқ асты алай-түлей мiнез көрсеткенiне орай, әдейi бiр сағатқа кейiнге шегерiлдi.


Әкiм жылы қабылдады. Әртүрлi әңгiмелер айтып, халықтың хал-күйi туралы да сөз қозғады. Бiрақ, ол кiсiнiң айтқаны Жапарға әлдеқашан белгiлi жайттар едi. Тiптi, сол тiрмiзiк шақтың бәрiн көпшiлiкпен бiрге өз басынан өткерiп келедi. Сондықтан салқын ғана көңiл қойды. Әрi-берiден кейiн бұдан да аянышты жайттарды баян етейiн дедi де, өзiн-өзi сабырға шақырды. Өйткенi, көсемсiп алға түсiп сүйреңдеудi қолай көрмеді. Екiншiден, өкiметтiң жiберген өкiлi емес, қонақ ретiнде ат басын тiреп отыр. Үшiншiден, өмiрiнде тұңғыш рет жасаған көпшiлiк жиынға ең жақындарының келуiн қалады. Әкiммен әңгiме үстiнде де есi-дертi соған ауып, «келе ме, келмей қала ма» деген оймен дегбiрi қаша алағызу сәттердi басынан кештi. Бiрақ онысын мейлiнше сыртқа сездiрмеуге тырысып, сабырлы қалпын сақтауға ұмтылды. Ара-арасында әкiмдi қостап қойғаны болмаса, басы артық ештеме айтпады. Бiр кезде ол кiсi:


— Он бiрге таянып қалыпты, — деп қолындағы сағатына үңiлдi.


— Онда барайық. — Жапар да жұртты иiрiп, күттiрiп қойғанына ыңғайсыздана үн қатты.


Сонымен сыртқа бет алды.


Халық көп жиналыпты. Дiңкесiн құртқанда әкесiнiң ең кiшi туған iнiсi Тобықбай қол созым жерде тұрып, қара көбейтуге жарамапты. Оның бүйтетiнiн әуелден-ақ бiлген едi. Өйтетiнi…


Осы кездесу жөнiнде сөз байласып қайтып бара жатқанында:


— Аға, астанадан келмек қонақтар сiздердiкiне түнеп, Қапалға қарай ертеңгiлiк осы жерден аттансын, — деп өтiнiш бiлдiрген.


— Жарайды, — деп әйелi екеуi келiскен. Содан Алматыға барған соң бiр-екi күн өтпей жатып ағасы телефон шалып тұр. Қысқа ғана амандық-саулықтан соң, әй-түй жоқ:


— Қонақтар бiздiкiне түспей-ақ қойсын, ажырасайық деп жатырмыз, — дедi.


Бұл бiрден тiксiнiп қалды, ердiң жасы елуге таянып ата сақалы аузына шыққанда Тобықбай ағасының айтып тұрған сөзi мынау. Сонда да онысын сездiрмеуге тырысып:


— Жарайды, — дедi. — Бiрақ, өздерiңiз келiңiздер…


Осыны ғана ескертiп үлгердi, ағасы жауап қайыратын шамада емес тәрiздi.


— Ренжiме…


— Мақұл…


Сонымен әңгiме бiткен. Жалпы, «қайыр» деген сөздiң қасиетiне жете алмай жүргендерiне қапаланады. Бiреулер атадан жалғыз туғанына өмiр бақи өкiнiп өтедi. Бұлар үйiрiмен үш тоғызы шұбырса да, қатынаспақ түгiлi, тым құрымағанда бiр-бiрiне жылы сөз айтуға жарамайды. Сыртқа шыққанынан берi осы уаққа дейiн өзiнiң маңдайынан ешкiм сипап, арқасынан қақпапты. Университеттi қандай азаппен бiтiрдi. Қалтасында соқыр тиыны да жоқ, апталап аш жүрген кездерi де ұшырасты. Әсiресе, бұл батпан балалы болғанында шымбайына қатты батты. Кiшкенелерiнiң жоқтықтан тақұл-тұқыл тамақ iшкендерiне қарап, жаны ауырды. Сол кезде туыстарының «бiреуi келсе ғой» деп армандады. Қасарысқанда ешкiм қатынаспады, өзi жалғыз адасқан қаздай миллиондаған тұрғыны бар қаланың iшiнде сандалды да жүрдi. Жарайды, бауырлары балаңдықпен бiлмеген шығар. Ал, ата орнындағы Тобықбайға не жорық. Баяғыда, мұның байқауында, бiлiмсiз сияқты көрiнетiн, жасы қанша ұлғайса да дәртесi қысқа адамның ақылы сол күйiнде қалады екен. Бұл жеке от түтеткен он бiр, он екi жылдың iшiнде мұның үйiне не әйелi, не өзi бас сұқпапты. Ал, Алматыға қаншама мәрте әр түрлi себептермен қатынап жүрдi.


Ендi, мiне, ең үлкен ағасы Үкедейдiң әрең көрген ұлының алқа топтың алдына шыққанына сүйiнуге де шамасы жетпеген екен. Осыменен екi қайыра Жапардың Тобықбай ағасынан қатты көңiлi қайтты. Бiрiншi жолы, әкесi өлiп жерлеп келе жатқанында, оның сөзiнен шошынып едi.


— Әй, құдай-ай, бiр-екi жыл тұра тұрмай, ендi менiң малымды кiм бағады? — деп қиналғанын шыққыр көзi көрiп, керең болғыр құлағы естiген. Ұғынғаны, ол үшiн бауыр жыртық-тесiгiн бүтiндеу үшiн ғана керек. Бiр жағы бұлай қиналатыны Тобықбай ауылдан қалаға сол жылы ғана көшiп барған-тұғын. Ұсақты-iрiлi күллi малы ежелден Үкедейдiң қолында. Қабырғасына батқан уайымы — ағасының өлгендiгi емес, ендi сол малды қалай бағу. Қыстың көзi қырауда кiмге апарып тығарын бiлмей сансырауда. Ал, Үкедей өмiр-бақи оның малын бағып, әбден iргесi мен буынының бекуiне мейлiнше қарасты. Сол табан етiнiң, маңдай терiнiң өтеуiне, ағасының өлiмiн шынайы аза тұтқан iнiсiнiң түрi осы.


Бауырды жұмысын тындыру үшiн ғана қажетсiнген адамды Жапар сонда бiрiншi рет көрдi. Сол жолы iштей қатты қапаланды. Жарайды, оныкiн жөн делiк. Ал, өзiнiң ұяластары — туған бауырлары да иық тiрестiрiп, мұның қуанышынан табыла алмады. Келмей, қашқақтайтындай бұйымтай айтып, ешқайсына салмақ салып жатқан жоқ. Бiрыңғай жаманшылықтарына шақыратын өздерi сияқты емес, тойына шақырды… Не көрiндi сонша? Айналдырған төртеуi ел назары түскенде түгелдене алмады.


Осыған зығырданы қайнады. Сөзiнен жаңыла бердi. Бiр кезде арманда кеткен әкесiнiң бейшара халi көзiне елестедi. Марқұм Үкедейдiң алқа топтың алдына шығып айта алмаған аспаһани мұң-зарын ағыта жөнелдi. Ең бiрiншi тiлiне оралғаны, бұған кiшкентай кезiнде құлағына әбден сiңiрген өсиетi.


—Дала құрсағында жаралып, түз мiнезiн бойыма сiңiргенiмдi өзiмдiк ерекшелiгiм деп ұғамын. Азамат боп қалыптасуыма әкемнiң ықпалы, тәрбиесi көп тидi. «Мен саған, балам, ұлын әздектетiп машина мiнгiзетiн дөкей бастықтар сияқты мүмкiндiк жасай алмаймын, — дегенi күнi бүгiнге дейiн құлағымның түбiнде. —Есесiне, көңiлiңдi қалдырмайтын ат мiнгiзем. Ат жiгiт адамды тәрбиелейдi. Бойыңнан тарыдай қасиеттiң дәнi табылса азамат боп шығарсың, бомаса — өкпелеме. Өйткенi қалың нөпiрмен келе жатып, дүрк етiп шаба жөнелгенде жақсы ат алдыңғы лектен қалдырмайды. Бiр төбенiң басына ошарылып түскенде, сен де игi жақсылармен қатар, адуынды топтың ортасында боласың. Әңгiменiң неден басталып, немен тынғанын естисiң. Егер, астыңдағы атың жаман болса, әлгi шоқының басына жұрттың соңын ала келiп, бәтiңкесi жыртық баладай имене қаға берiс шет жағына тiзе бүгерсiң. Басынан бастап естiмеген соң айтылып жатқан сөздiң мәнiн ұғынбайсың, содан әңгiмеге араласа алмай тiлiңдi тiстеп отырасың. Мiне, түсiнсең, жақсы ат жiгiттiң жарқырай көрiнуiне көп септiгiн тигiзедi. Сондай қанатың болатын арғымақтардың жалын тартып мiне бiл. Ең бiрiншi — адам таны, екiншi — ат таны. Өйткенi, аттың да аты бар, қазанаты — бiр бөлек, жiгiттiң де жiгiтi бар, азаматы — бiр бөлек, қазанаттың белгiсi — шапсаң — жүйрiк, сатсаң — пұл, азаматтың белгiсi — әрi — мырза, әрi — құл. Халқыңның мырзасы да бола бiл, құлы да бола бiл» деген едi.


Ел ду қол соқты.


Бiр байқағаны, отырған қауым жиi-жиi шапалақ ұрады. Жұртшылықпен жүздесу аса бiр ықылас аясында өтiп жатқан сыңайлы.


Ептеп бауыры жазылып, төселiп келе жатты. Осы аралықта көңiлiн асқақтатып, туған ауылдың тiзгiнiн ұстап отырған ел ағалары мен ағайын-жұрт кешiгiп, iшке сау етiп кiрдi. Содан кейiн-ақ, арқасы да, тынысы да кеңiп сала бердi. Бiрақ, ет бауырларының төбе көрсетпегенi көкейiнде берiш боп қатты да түйiнге айналды.


*** *** ***


Ауданға мұң-наладан айығып ораламын деп барып, одан сайын үстiне қара батпанды артып, қасiрет жамап алғандай. Мұнысы — «тоқал ешкi мүйiз сұраймын деп, құлағынан айырылыптының» кебiн кигендiк.


Алматыға келгеннен кейiн тiптi ұнжырғасы салбырап жиылмады. Аңдамай асығыстық жасаған екен. Арсың-гүрсiң шалағайлығының салдарынан өзiнiң артында ешкiмi жоқ, желдiң ығымен жалғыз далбақтап ұшқан қарағандай болыпты да қалыпты. Сол жалғыздығын жалпақ жұртқа жария етпегенi ләзiм едi, амал қанша… Ендi, мiне, қарап тұрса алқа топтың алдында насатқа мерейi тасымай, керiсiнше жасып қайтыпты. Мұның құрметiне көпшiлiктiң жиылған жерiне, бiр-бiрiне қосылмайтын құм сияқты ет жақын бауырларының басы бiрiкпегенiне қарны ашты. Мүскiн бейшараның осы сорлылығын көрген жұрт, сырттай мүсiркеп те кеткен болар. Қайта, туғандарынан гөрi немерелес ағайындары арсалаң қағып, қызмет жасады. Сонау Алматыда жатып Сүлеймен дастархан мәзiрiнен бастап күллi жағдайды шештi. Аяқ артар көлiктi көлденең тартып, арқа сүйер жiгiттерiн жiбердi. Әпке-қарындастары ниет-тiлектiң iшiнен табылды. Танымайтын әлеумет қошамет көрсеттi. Тек қана осыны қанағат тұтып, шүкiршiлiк етедi.


Алайда, бәрiбiр мұндайда қасыңда бiрге туғаның жүрмеген соң, көлденең көз күндеп жерлейтiнi жасырын емес. Осыны ойлағанда көкiрегi қарс айырылады. Қайғы жұтып, уайым сауып таусыла зарыққанында көзi жеткен нәстесi, мұның ешкiмге керегi жоқ екен. Керек кезi — ағайындарының басына қара түнек үйiрiлiп, тыныстары тарылған уақ. Қалған мезетте iздемейдi, бар-жоғы бәрiбiр. Өйткенi, отыз жасын тойлағанында да дәл осы көрiнiс айна қатесiз қайталанған. Ендi бұл жолы туыстары хайуан боп кетпесе сол кемшiлiктi жiбермес деген… Әттең мұныкi ақымақтық екен, қандастарының санасында иненiң жасуындай саңылау пайда бомапты. Сол селт етпес тасжүректiктерiнен айнымапты.


Өстiп, бұрынғы қайғысына еселеп қасiрет жамалды. Қанша өзiн-өзi сергек ұстап иектеген бәле-жаладан арылайын десе де, оған шамасы жетпедi. Шамасы жетер де едi, әттең… бiр жаққа барып көңiлiн демдеуге — барар жер, басар тауы қалмапты. Жора-жолдастардан да адаланды, ешкiм есiгiнен бас сұғып жайын сұрамайды. Күл болмаса бүл болсын дегендей, олар да тым-тырыс. Әлде, қабырғасына аяз батқан шақты қалай өткерер, сынап көрейiк дегендерi ме. Әйтеуiр, тырс етпейдi. Осы халi, қатарының бәрiн жұтып, соқа басы сопиып қалған қубасқа ұқсады.


Құса… нала… наза… бәрi-бәрi кеулеп жеп тастады. Бұрындары түнде болмаса да күндiз бiрер сағат көзi iлiнетiн. Қазiр одан да қалды. Қос жанары кiлмиiп сенделедi де жүредi. «Мезеттi ауыстырып алдым ба» деп, әдейi күндiз төсекке жоламай да байқап көрдi. Әйткенмен, түнге қарай бәрiбiр кiрпiктерi айқассашы. Жастыққа басын салғанмен, ұйқы жоқ. Көкiрегi қаздай шулап, төсекте ары-берi аунайды да қояды. Тiптi, күндiз миы аузына түсiп басы зеңитiн, ал түн баласы санасы саңылауланып барып шайдай ашылып кетедi. Сөйтiп, буындырған ой талқысынан жанын қоярға жер таппай арпалысып шығады. Сандалтқан сайтанның сапалағын ыдыратып, ендi көзiн жұмса, айдалада тұрған сағаттың сыртылы миына шеге қаққандай тиедi. Барған сайын дыбысы үдей түседi, үстемелене түседi. Атып тұрып сағат атаулының бәрiн жинап әкеп, залдың бiр бұрышына үйiп, көрпе-жастықпен көмiп тастайды. Сосын, есiгiн тарс жабады. Бiрақ, бiр жауыздың көзiн жойғанымен екiншi әбiлет үдере бой көтередi. Аяқ асты тоңазытқыш «гүр» етiп ала жөнеледi. Оны барып тоқтан жұлып тастайды. Ендi «сөлекет дыбыстан құтылдым-ау» деген кезде, сырттағы қаңғыбас мысықтар мауығып, аза бойыңды қаза тұрғызып, жаныңды түршiктiреді. Олардың арбасуы аяқталған кезде аулада әлдеқайдан машина пайда болып, әлдекiмдерге бепiлдетедi-ау. Не керек, айта берсе бұған залалын тигiзбейтiн бәле атаулы жоқ, бәрi қарсы. Қыл аяғы қарапайым жұрттың бiрi құсап ұйықтауын да көп көредi. Содан барып жетi түнде жетпiс рет орнынан тұрып, ел қатарлы көз шырымын алу үшiн жасамайтыны жоқ. Аяғын қан жылы суға да малады, шөп қайнатып, бал қатқан сүт те iшедi, басқа бөлмеге барып тығылады, бәрiбiр пайдасы шамалы.


Осындай арпалысудан жүйкесi қажи ма, күннiң көзi шығысымен екi шекесi солқылдап, басы мәңгiредi де қалады. Жанарын ашса көз аясы удай ашып, тұла бойын тызылдатып жөнеледi. Сосын топыраққа тоймаған сәуiрдегi жыланға ұқсап, ұйқы мен ояудың ортасында төсекте былқ-сылқ етiп жатқаны. Сонда да ұйқы бiржола игерiп әкете алмайды. Ақырында сал боп қалған денесiн сүйретiп, орнынан лажсыз тұрады. Жыбырлап ана бөлмеге барады, ас үйге шығады, жатын бөлмеге келедi, әйтеуiр, өң мен түстiң ортасында түртiнектеп, мазасы май iшкендей қашып, тынымсыз iлбидi де жүредi.


Күйеуiнiң беймаза күй кешкенi Бибiнiң қабырғасына оңбай батты. Нәтiнде көп сөйлей қоймайтын бұйығы әйел iштей тынды. Тұманның торына шырмалған Жапарды қалай сергiтiп жiберудiң жөнiн бiлмедi. Кейiнгi кездегi оның хал-күйi күрделенiп бара жатқанын байқады. Күйеуiмен бiрге өзi де түн баласы ұйықтамайтын болды. Ақыры, төзiмi таусылды.


— Дәрiгерге барып көрiнсеңшi, — дедi кешкiлiк сүреңсiз күйi. Күйеуi естiмеген адамдай тiс жармады. — Дәруханаға жатқызар. Жатқызса, алаңсыз емделiп шық. Мен сенiң мына қалпыңнан қорқайын дедiм. Тұра-бара, ақыл-есiңнен алжасарсың. Кiмге ренжисiң, неге ренжисiң?


— Мен бiреуге ренжулi дейсiң бе? Өкпелесем туғандарыма өкпелеп жатырмын.


— Оларға да кiнә тақпа. Өрелерiнiң жеткен жерi сол болса, не шара… Ештеменi ойыңа алма.


— Ештеменi ойыма алғым-ақ келмейдi, бiрақ қалай ұшы-қиыры жоқ әлдебiр елестердiң соңына iлесiп кеткенiмдi аңғармай қаламын. Кейде соның iшiндегi әлдебiреулермен сөйлесiп отырамын. Сөйтiп, өз даусымнан өзiм барып есiмдi жиямын. «Қой» деп орнымнан түрегелемiн, әйткенмен iзiнше өзiм қасақана қалдырған қалың ойдың тұманы қайтадан менi иектеп, тауып алады.


—Ондай бас-аяғы жоқ зарығуға салынсаң, көп ұзамай мәжiнге айналарсың. Содан кейiн кiмге керексiң? Ақыл-есi бүтiн емес адам кiмге қажет? — Бибi бұған бар үйелменiмен бұрылып, екi көзiн алмай қадап, тұрып қалды. Жанарының аясы жасқа толып, әне-мiне жосалана жөнелетiндей көрiндi. — Сен бiзге, мына балаларыңа керексiң. Басқа ештеменi емес, осыны ойла.


Ертеңiнде дәруханаға күйеуiмен бiрге барды. Сол күнi дәрiгерлер Жапарды тексере келiп, тұрақты түрде емдеуге жатқызу керектiгiн айтты. Өйткенi, жүректiң бұлшық еттерi болмашы қабынып, соғу ырғағы ауанынан ауытқыған. Бұған айырықша мән бермесе, соңы қатерге ұрындыруы мүмкiн.


Сөйтiп, Жапар кардиологиялық бөлiмнен бiр-ақ шықты. Алғашқы бiр-екi күннен кейiн-ақ өзiн сондай жеңiл сезiндi. Өйткенi, небiр әсерi күштi дәрi-дәрмектер қолданылды. Массаж, гидромассаж, түрлi аппаратуралармен тексерудiң өзi, мұның оймен жалғыз қалуынан арашалады. Көңiлi де былайғы жұрт тәрiздi күнделiктi тұрмыстық мәселелермен ғана алданды. Бәрiнен ұйқысының қалыптасып келе жатқанына қуанды. Кешкiлiк «ұйықтай алмаймын-ау» деген бiр үрей тұманытады да, соңыра көзi iлiнiп жүре бередi.


Сонда да санасының түбiнде «Әй, нағыз қара жүрек болып кетпесе, осы жолы екi бауырымның бiреуi келер. Жайнақты қойшы, ол ауылда ғой» деген дүдәмалды үмiт қылаң берген. Әрине, олардан ештеме дәметпейдi, ұяластарының iздеп келгенi неге тұрады? Әттең, бұл өзiнiң аңғал да алаңғасарлау ойы екенiн кейiн бiрақ түсiндi. Жиырма күнге тарта дәруханада жатқанында, көкiрек несiбесiн таласып емген бауырлары төбе көрсетпедi. Ақырында, ендi одан ары жатуға өзiнiң де төзiмi жетпедi. Өйткенi, әйелiнiң болар-болмас жалақылық аз ғана тиын-тебенi күн көруге жарамай бара жатқанын бағамдады. Тезiрек қарекет жасап, тамағын асырарлық жұмыс тауып алуы тиiс. Және де бала-шағаны тастап, өзiнiң қамын ғана күйттеп, жанын бағып кеткенi еркек басына жараспайтынын ұғынды.


Оның үстiне дәруханадағы соңғы тәулiктер де мазаң ойларды көңiлiне тықпалады. Ем-домның бастапқыдағыдай әсерi бiлiнбедi. Есi-дертi бұл жерден тезiрек кетуге құлады. Сондықтан бiрiншi емдеу кезеңi аяқталысымен үйге келдi. Әкелерiн көргенде қос кiшкентай құлыншағы мәре-сәресi шығып, мәз болды да қалды. Олармен асыр салып ойнап, бұл да бiр ләззатты шақтың шуағына шомылды. Әбден мауқы басылған соң, Шырайдың сабағына қарасты.


*** *** ***


Бесінші бөлім. СОҢҒЫ ДЕМ


I


Айрандай ұйыған күндер бiртiн-бiртiн жылыстап жатты. Бибiнiң де қағанағы қарқ, сағанағы сарқ. Өмiрлерi беймарал тiрлiкке ойысты. Шырайымен көктем шықты. Жайдарылық танытып жаз өттi. Болмашы күлiм қағып, күз туды. Соңынан шытынды. Қаһарлы қыс та iргеге таянған. Осы тұста Жапарға жақсы бiр мекемеден қызметтiң ұштығы да бiлiндi. Әттең… Әттең, мұның пешенесiне жазылған реңiне енген жаймашуақ күндер санаулы ғана екен. Құдай бұл тамылжыған шақтарын көп көрiп, төбелерiнен кенеттен жай түсiрдi. Тағы да ауылдан жеткен суық хабар айрандай ұйыған тiрлiктiң шақ-шәлекейiн шығарды. Ендi әбiлет ең кiшi iнiсi Жайнақтың басына үйiрiлiптi. Бәле оның басына үйiлiп қана қоймай, мүлде құтылмастай етiп торына шырмапты.


Ұғынғаны, ауыл екiге бөлiнiп төбелескен. Себебi ежелден «жынды, жынды» десе телпегiн аспанға ататын төре-тайлақ Көнектiң он бiр орашолақ ұлы бар едi. Атам заманнан шетiнен қаны бұзылған, өңшең қара жүрек бiлеуiттер. Көрген-баққаны тек озбырлық. Немерелерi де дәл сондай ұр да жық, демiне пiскен алкеуде нойысқа айналды. Әшейiн, сен тұр, мен атайын.


Ошақтағы тәрбие солай. «Озбырдың әмсе аты озады» деп ойлайтын боса керек, Әкесi баласына «ұр, соқ, қират» деп үйрететiн едi. Жапардың күнi бүгiнге дейiн есiнде: Көнектiң үшiншi ме, төртiншi ме ұлы 1972 жылы түн iшiнде интернаттағы шырт ұйқыдағы балаларға шетiнен өтектi қыздырып ап басқаны бар. Бәрiнiң жауырыны, жамбасы күйiп, бiр қабат терiсi сыдырылыпты. Әлгi немесi ол үшiн жазаланған да жоқ, қайта қатар құрбыларының алдында айбыны тасып одан сайын есiрiктендi. Содан берi ауылды қаншама қан қақсатты.


Бүгiнде сол дөкiрдiң шыбығынан жаралған тұяқ, атпалдай азамат. Әупидің бар болған-бiткен сыйқы жаңағы, ал баласы қитұрқыны қоздыратын сырқындының өзiне айналған шығар. Себебi ол ешқашан ұрпағына «ешкiмге озбырлық жасама, төбелеспе» деп тәлiм бермейдi. Керiсiнше, «шамаң жетсе әлеуеттi күшпен қарайған халықтың бәрiн тiзеңнiң астына сал» дейтiнi кәмiл. Өйткенi, тәртiбi қатал кеңес дәуiрiнiң өзiнде-ақ төңiрегiне жандайшаптарын жинаған әлгiлер жолындағысын ұрып-соғып, жапырып өтетiн. Бiрақ, нағыз қанқұйлы бола тұра, солардың ешқайсысы сотқа тартылған жоқ. Неге?..


Солар ендi мынау балапан басына, тұрымтай тұсына лаққан уақытта мүлде жiнiгiп, әуелi есiгiнiң алдынан адам жүргiзбейтiн халге жеткен. Үлкендi үлкен демей, кiшiнi кiшi демей сабайды екен. Оларға қой деп айтатын әкелерi де әумесер, пайғамбар жасынан асса да ұлдарының қаныпезерлiгiн мәртебе көретiн нақұрыс. Бiреудiң сөзi яки өзi қолайына жақпай қалса:


— Әй, сен кiммен сөйлесiп тұрғаныңды бiлесiң бе?! — деп, жiпсiк жанарлары қанталай өжелене ақияды. Жалпақ бетiндегi едiрейген жез мұрты, бидайдың масағындай одан сайын тiкiрейiп шыға келедi. — Ұлдарыма итше тепкiлетiп, көкеңдi көзiңе көрсетемiн!


Аузына ақ ит кiрiп, көк ит шығып сiлкiне тепсiнгенiнде, жыны буған бақсыдай қалшылдайды. Тiптi, дандайсығаны сондай, ауылдың басшыларына да осылай әкiреңдеуден тайынбайды. Олар шалдың сақалын сыйлай ма, әлде, жындымен жынды болғылары келмей ме, әйтеуiр, жағаларына жармасса да ешқайсысы қарсылық танытпайды. Өстiп, ешкiм бетiне тура кеп қолын қақпаған соң, Көнектiң әбден кеудесiне нан пiскен. Кiсiмсiнгендiктен екi иiнiнен дем алып, он тоғызыншы ғасырдың поштабайындай, енi бұтына симай жүредi.


Аталы сөз айтатын қаба сақалды бабалары өстiп тақиясын аспанға атқаннан кейiн, тайлақтың кiндiгiнен өрген төбеттерi былай тұрсын, бауырын жерден ендi көтерген күшiгi де құйрығын қайқайта талтаңдайтын бопты. Қысқасы, тайлы-таяғы қалмай әулетiмен жұдырықтарын ала жүгiрiп, елдiң бәрiн илеуiне салып, айтқанына көндiрiп, айдауына жүргiзгiсi келген ғой. Оған Қызылағашта ұл тауып, қалжа жеген басқа да әйелдер бар емес пе? Сол ұлдар бұл лаңға бастапқы кезде мән бермеуге тырысқанымен, ақыры төзбеген. Соңында қолға шоқпар алып, бiлектi сыбанып тұрып, екi жақ боп төбелескен. Сол кезде сойыл ма, жұдырық па бата тимей қате тиiп, Көнектiң екiншi ұлынан туған немересi опат болады.


Содан, тайлақтар тұқым-тұқиянымен елге әйгiлi қаншалық қанқұйлы боса да, заң алдында жәбiрленушiнiң кебiн киiп шыға келедi. Жұртқа ақымақтау көрiнгенiмен, алпыс айлалы әлгiлер ендi жұдырықтарымен илiктiре алмағандарды заңның тiлiмен тiзе бүктiруге ұмтылады. Қандай жағдайда да есе алудың ретiн бiлетiн төре-төлеңгiттер төбелеске қатысқандарды басқа ұрып тұрып тiзiмдетiп, ешқайсысын шашау шығармай түгелiмен қаматады. Әрине, адам өлiп отырғанда милиция әшейiнде қанша сорлы болса да мойнына қан жүктеген кiсiнi аясын ба?


Сөйтiп, солармен бiрге Жайнақ та тұтқындалып кете барған. Аңғал неме «төбелестiң бе, ұрдың ба» десе, «төбелестiм, ұрдым» дептi. Ендi iсi сотта жатыр екен. Нұрғанымның бұрынғы жылағаны жылаған ба, көзiнен қан аралас сорасы ағып, құсадан запыран құсса керек. Әрине, бауырында жүрген қолындағы ең кiшi ұлын айдың күнi аманында қаматып қою оңай тисiн бе? Оның үстiне ұзынқұлақ «кемiнде он жыл бередi» деген де алып қашты сөз шығарып қойыпты. Уәсуәлi уәждiң өзi адамның ақылын аңылжытып, бағытынан алжастыратыны белгiлi. Шешесiнiң есiн сондай ұшқары айтылған әңгiмелер-ақ алып бiттi.


Жапар да мұны алғаш естiгенде ешқайсының жазасыз кетпейтiнiн ұғынған. Болмыс-бiтiмiмен соны әрiден түсiндi де, жанын шүберекке түйiп қалай да бауырының жазасын жеңiлдетудiң амалын қарастырды. Және, ол амалдың бiреу-ақ екенiн бiлдi. Бұл жерде тек қана ақша сөйлейтiнiн ұғынды. Ұғынды да дымы құрыды. Бiрақ қалай да ақша табуы тиiс. Әйткенмен, оны кiмнен сұрамақ? Көкейiнде тек көмескi бiр үмiттiң ұшқыны бiлiнедi. Ол — осыдан екi жарым жыл бұрын қарағандылық жiгiттер бұлардан алты мың доллар ақша алған. Нақтысын айтқанда, Сүлейменнен. Дәл сол кезде Жапардың жанында фирманың жиырма мыңға жуық доллары жүрдi де, Сүлеймен содан алты мыңды әлгi жiгiттерге әперген. Бұрыннан қатынасатын жолдастары болса керек. Бiрiнiң аты — Алмас едi. Жапар да олармен жүзбе жүз жолығысқан-тын. Кейiн бауыры мекемемен өзi есеп айырысты. Ал, бiр бiлетiнi ол азаматтар қарызды әлi қайтарған жоқ-тын. Ендi тек Арқаға барып, соны сұрау ғана есi-дертiнде тұрды.


Сол көкейiне оралысымен жолға шықты да кеттi.


Бүгiн мiне, екiншi тәулiк — басы қатып, ақша iздеп сөлпектегелi. Алматыны дамылсыз бiр күн шиырлады, ештеме таппады. Сүлейменге жолығуға жүзi шыдамады. Ендi тас түйiн Қарағандыны бетке ұстап, тартып келедi. Барған күнде бейтаныс әрiптестерiн таба ма, таппай ма ол жағы дүдәмал. Тапқан күнде олар мұның қолына бiрдеме ұстата қойса жақсы. «Сенi қайдан көрдiк?» десе, не iстемек? Әйтеуiр, әппақ тылсымның iшiнде рульмен арпалысып, тiсiн тiсiне қойып қарыса қасарысады. Әлдекiмге деген ашу, кек керегенiң көзiндегi ендi тартылып жатқан арқандай ширықтыра, пiсiре, елiрте жетеледi. Әлдекiмге деген назасы, көкейiне кептелген қамырығы өкпесiн қара қазандай қабындатып, iшiн кеулейдi. Сөйтiп, сақылдаған аязда көкiрегiн қысқан аптаптан қаңырығы түтедi.


Шарадан тыс темекiсiн iздей бастады. Тағы да небiр ойлар миына сынаптай үймелеп, иiрiмiне тарта бердi.


*** *** ***


…Бiр кiндiктен туғанымен бұлар — ағайындылар — әлдеқашан жат жандарға айналғанына көзi жеттi. Өйткенi, бiр-бiрiн iздеу, бiр-бiрiнiң ауыртпашылығын сезiне бiлу сияқты адами түйсiктерден ада-күде ажыраған. Сондықтан мынау қиын-қыстау уақытта өкшелеп келе жатқан қос iнiсiн қаперiне алмады. Қаперiне алмағаны бүйрегiнiң бүлк етпейтiнiн бiледi. Тiптi, олар азғындағаны сондай, басқа бәле үйiрiлiп, иыққа ауыртпалық түскенде қол ұшын бермесе де, қуанышқа да баруға жарамайтын халде. Бұның бәрi, Жапардың пайымдауынша, өзiмбiлемдiк көкiректiк пен ешкiмдi тән алмау дербестiгiнен өрбiген көрсоқырлық. Әрi, осы көрсоқырлық көргенсiздiктiң ең үлкенi сияқты. Себебi, бауырларында шешенiң де сөзiн селт етiп көңiлге тоқу жоқ, бiрмойындық басым. Қайдан шығып, қайдан қойғанын бiлмейтiн мәңгүрттiк жұтаңдығы жайлаған.


Мұндай адамдардан отанға қызмет етсем деген пiкiр ешқашан байқалмайды. Олар өздерi үшiн өмiр сүредi. Кейде өздерi үшiн де өмiр сүре алмайды. Өйтетiнi, адымын ашқан сайын көкiрегiн кеулеген көрсоқырлықтан ұрынбайтын нәрсеге ұрынады. Басына таяқ тигенде барып, жақындары есiне оралады. Және ондайда «неге қол ұшын бермейдi» деп жазғырады. Алда-жалда бостандыққа шықса қайта сол ескi әуенiне басады. Басынан кешкен қиыншылығы бiр күнгiдей болмай тез ұмытылады. Тегi, жақсылықты да, жаманшылықты да тез ұмытқан кiсi — жақсы адам емес.


Бiрақ, Жүсiпке ептеп жүрегi жылиды. Ойын баласы кезiнде «жердiң астын үңгiп қазып-қазып, Қопадай жерден шығамын» дейтiн едi 30-40 шақырым алыстағы шаруашылық жақты нұсқап. Әу бастан аузына құдай салды ма, өскенде қолына қайла алды. Оның шахтада iстеуi — қиындықтан қорықпағандығы. Ең бастысы түрмеден шыққаннан берi ешкiмге салмағын салмады. Ал, шахта мен тозақтың арасы — бiр-ақ аттам. Кiнә да таға алмайды.


Осыны түйсiнгендiктен әрi бiр құрсақтан шыққаннан соң, «әйтеуiр, аман болсын» дейдi.


— Е-е, жалған-ай… Сол «аман болсынның» ар жағында қаншама масылдықты мойныңа артып алғаныңды өзiң де бiлмей қалады екенсiң ғой...


Жапар жападан-жалғыз отырып күбiрлеп, ерiндерi жыбырлай әлдекiммен сөйлесе бастады.


«Өйтетiнi, халқымыз бен жас отанымыздың мүддесi үшiн терiс азу көкжалдармен ымырасыз күрес жүргiзу еншiмiзге тидi. Бүгiнде осы мақсатты көздесе, ана тiлiнiң уызына жарыған төл перзенттер ғана көздейдi. Ал тепсе темiр үзетiн ел iшiнен шыққандардың дүңгiршек сияқты ойсыз жаратылуы, барып тұрған қатер. Соларға «әйтеуiр, аман болсын» дегендi айта тұрып, өзiңе қаншама мiндет жүктейтiнiңдi ойлайсың, ақылыңнан алжасасың.


Ал, қағынан жерiнiп, «өркениетке» iлесiп кеткен топтың арасындағы ұлдардың ой-толғамы құнарсыз ботқа көжеге ұқсас. Олар ашықтан-ашық ұлт мүддесiн келiмсектердiң аяғының астына салып бередi. Сондықтан мұндайлардан еш қайыр жоқ. Әлгiлер тек — «мемлекеттiк қызметте 98 пайыз жергiлiктi ұлт өкiлдерi iстейдi» деген сөздi көлденең көк аттылардың тiлiне тиек етiп, «қазақ жұртында теңгермешiлiк жоқ» деп мiн таққызуға ғана — дәйек. Шынтуайтында солардың бәрi орыстарға қызмет етедi. Өйткенi, ана тiлiнен мақұрым мәңгүрттер, «қазақша ұғым дес алып кетсе, кәдеге жарамай қаламын ба» деп тайсақтайды. Тiптi, арасында шетелдерде жылдап тұрып, ол жақтардағы тұрмысты мейлiнше көрiп келгендерi қаншама. «Британдық ағылшындар теледидардан әлемге әйгiлi деп күпiнiп, телпектерiн аспанға атып жүрген жұрттың Пугачевасын да көрсетпейдi. Өйткенi, халқының ұлттық сезiмдерi басым. Көркемдiк жағынан нашар, эстетикалық тұрғысынан құрып қалса да ыңғай өздерiнiң төл әндерiн қояды. Себебi оларға өзгенiң алтынының бiр тиынға қажетi жоқ» дегенi бар солардың бiрi.


Бiрақ, осы уәждi айтып отырған әлгi пақыр қазақ әндерiн мойындамайды. Сөйтiп, кез-келген пенденiң қолынан келетiн жұртын сүю арқылы, елдiң iргесiнiң нығаюына септiгiн тигiзбейдi. Керiсiнше, үнемi орыс тiлдi жоқтайды. Олай болатыны — уызынан жарымаған, ана тiлiнiң құнары мен ләззатын сезiнбейдi, мән-мазмұнын бiлмейдi. Ал сондайларға ана тiлдi үйрену, адами шектен төмендеу сезiмiне ұрындыратын болса керек. Жас мемлекетiмiз үшiн де ең қауiптiсi — шетелдерде оқып, бүгiнде өкiмет аппаратында қызмет етiп жатқан осындайлар.


Өйткенi, қазiргi таңның өзiнде қайда барсаң Лениннiң салған сiлемi әлi сәулеленіп тұр. Ең бiрiншi осы бетi жылтырақ қазақпыз дейтiндер қазақ тiлiнiң iлгерiлеп, дәуiрлеуiнен қатты қорқады. Әлгiлердiң санасына берiк орнаған берiштi ыдырату үшiн де, мал сүмесiне қараған ортадан шыққан азаматтардың аянбай тер төгуi қажет. Ал, олардың жағдайы болса мүлде басқа, өзiндiк ой түю қабiлетiнен алшақтаған. Қоғам тұрмысын өзгертiп жiберетiн нендей iс атқарылса да, жоғарыдағылардың әлеуетi деп топшылайды да қарап отырады. Өздерiнiң билiк басындағыларға ықпал ете алатындарын әлi күнге түсiнбей келедi. Түсiнсе де күрескерлiк қабiлет жоқ, қандай шаруаға да табансыз, қырсыз. Оның есесiне үй арасындағы ұсақ-түйек тiрлiкке араласуға арланбайды. Керiсiнше мұнысын батырлық көредi, мәртебе деп таниды.


Сөйтiп, ұяластарың осындай болып тұрғанда, кiмге арқа сүйемекшiсiң? Қазығыңнан ұзап қайда барасың? Ең бiрiншi, ойыңды жалпақ жұрттың деңгейiне дейiн апару үшiн, өзiң шыққан ортаңды сол бағытқа әбден сайлап алу жөн екен. Әттең амал не, халқымыздың бұрынғы өткен абыздары «бiр биеден ала да туады, құла да туады» деп әлдеқашан қапысыз дәл тауып айтқан. Сенiң сөзiңе пысқырып қарамайтындар қаншама? Тiптi, туған бауырың iргесiн аулақ сап, өзiнше бiр төбе болғысы келедi. Ел көшкен жұртта жарымай отырып үшiншi әпекесiнiң «алаштан кем қылсаң да, ағайыннан кем қылма» деп күлiн көкке шашқаны бар. Қарап тұрып қабырғасы қайысты. Осындай пасық тәкаппарлықтан арылу қиын-ақ. Бәрi бiр-бiр манап… Аузы дуалы қасиеттi Мөңке бидiң айтқан «үйдiң iшiнде неше жан болса, бас-басына би болар» заман туды. «Маған келсiн илiгiп» дейтiндей қатынаспайды. Қайта, қол iшiне қарай икем болуы керек қой. Жылдар өтедi, кәпiрдiң дiнi қатты — сол бетiнен қайтпайды.


Кейiн солардың бiреуiнен алда-жалда көз жазып қалсаң, жоқтап жылаудың қажетi жоқ. Өйткенi, сен оны алғаш араларың алшақтағанда жоғалтқансың. Сол кезде жылау керек едi. Ендiгi жылау — сауапсыз. «Сондықтан мен өле қалсам сораны сорғалатып пысыңдау иманыма салмақ боп тиер».


Тағы да қолы ерiксiз темекiге жүгiрдi.


Қарап тұрса қарны ашады. Отбасындағы мұның алдындағылар да, артындағылар да оңбапты. Мәселен әпкелерi… Елдiң қыздары ибасы төгiлмеген қалпы қарайған халықтың алдында үлкен бiр сүйкiмдiлiкпен, өзiне тән айбын-абыройымен беделге ие боп жатады. Ал бұның әпкелерi қос-қостан байға тиiп, шүйгiп жүр. Ешқайсысы бiрiншi күйеулерiн қанағат тұтпады. Апалары жеңiлтек пе, әлде жезделерi желiккiш пе, әйтеуiр, мұның миы жететiн шаруа емес. Қит етсе төрт құбыласы тең отырғандай онысыз да жұлма-жұлмасы шыққан шешелерiне салып-ұрып жетедi. Көлденең көзден, көршi-көлеңнен имену-тайыну жоқ. Жалғыз келсе бiр сәрi, құлын-тайын ерткен биедей шұбыра ошарылады. Сөйтiп, өзi iлiнiп әзер жүрген кемпiрдiң бар ма әзiр, жоқ па әзiр несiбесiне жабыла бас қояды. Қыз кездерiнде шешелерiнiң басын әлденеше қатырып едi, қатын болғанда да қасiреттi тартқызып-ақ бақты.


Тете әпкесi Қорланның бағы бiр ашылмайды. Бала кезiнен байқайтыны, байқұс барып тұрған қиямпұрыс, қырсық едi. Онысы, соңынан ұл туды «май құйрық» деп, еркелеткендiктен де шығар. Бiрақ, ақылды қыз есейiп етегiн жапқанда өзiне деген осы құрметтi ерекше қастерлеп, тектi, тәкаппар болуға ұмтылар едi. Әттең, ондай сұңғылалық нышан байқалмады… Мектептi бiтiргеннен кейiн Семейге техникумға барды. Онда да жең ұшынан жалғасып, жолдама әперген. Соңғы емтиханда жағдайы мүшкiлденiп, оқытушы:


— Үш қойсам, бәрiбiр өтпейсiң-ау, — дейдi жаны ашып.


Сонда Қорлан:


— Неге, жолдамамен келдiм, өтемiн! — дейдi шақшырая кәмiл түрде. Үнi де жағымсыздау шықса керек.


— Жолдаманы қалай алдың? — Демде мұғалiмнiң жаңағы мейiрмандық кейпiнен өңiнде ештеме де қалмайды. — Сен мектептi ендi ғана бiтiрмедiң бе?! — Одан сайын екi көзi ежiрейе қадалады.


Әпкесi сонда барып өзiнiң ойсыз сөзiнен бәлеге арандағанын iштей топшылайды. Өйткенi, жолдама өндiрiсте кемiнде екi жыл жұмыс iстеген стажы барларға ғана тиесiлi-тiн.


— Ондай пысықтығың болса, жердi жарып шығарсың. Бара бер.


Сұп-сұр қалпы безiрейген оқытушы басқадай ештеме демейдi. Тек үнi қатқылдау көрiндi.


Қорлан сөлбiрейе орнынан көтерiлiп, сыртқа беттейдi.


Ақыры, ертеңiнде түстен кейiн үмiткерлердiң тiзiмiн көрiп, соңғы емтиханнан құлағанын бiлдi. Сәл көңiлiне кiрбiң ұялағаны болмаса, әдеттегiдей қиямпұрыс қалпы үйге оралды. Бiрақ, сол жолы басынан тайған бағы мәңгiге тайған едi. Одан кейiн де қаншама рет оқуға барып көрдi, бәрi-бiр ештемеге iлiге алмады.


Ол заманда қабылдау емтихандары тамыздың ортасында аяқталатын. Үй болса байланыс, қарым-қатынас дегеннен ада, малмен жайлауда отыратын. Сол кезеңдердегi әкесi мен шешесiнiң төскейдегi қасқа жолға қарайлайтын тәйкүншiк кейпi әлi бүгiнгiдей көз алдында. Жалпы, Қорланды ғана емес, бүкiл қыздарын жыл сайын сарғая алыстан үмiтпен күтетiн. Дiңкелеткенде олар ешқашан әке-шешелерiнiң көңiлдерiн жарқ еткiзiп, оқуға iлiгiп қайтпады. Жапар да әпкелерiнiң мерейi үстем боп оралуын құдайдан тiлеушi едi. Әттең, ондай бақытты шақты көрудi ешкiмнiң маңдайына жазбапты.


Жыл сайынғы сүргiн дәл осылай айна қатесiз қайталанады да отырады. Артынып-тартынып әпкелерi қиратып тастайтындай-ақ тағы да Алматыға сапар шегедi. Оларды шығарып салу — үлкен шаруа. Жайлауға iрге тебiсiмен бiр-екi iрi қараны сойып, жолдарына пұл жасайды. Содан кейiн шешелерi алу-далу боп етекке дейiн сандалады. Үй-iшi тайлы-таяғымен ұбап-шұбап тас жолға шейiн барады. Содан көңiлдерi күптi боп, елегiзедi де жүредi.


Әсiресе, оқу iздеп үйiн әбден шығындатқан үшiншi әпкесi — Мағира. Жылда ҚазПИ-дiң бұл үшiн әлi де белгiсiз бiр факультетiне барады да, құлайды. Қай кезде құлайтынын кiм бiлсiн, «конкурста балым жетпей қалды» деп, тамыз тәмамдала төбе көрсетедi.


Ол тумысынан дiнi қатты, өзiм дегенде өгiздей қара күшi бар, айтқанынан қайтпайтын бiрмойын-тұғын. Осы дiнсiздiгiнен бе, «соңымнан өсiп келе жатқан бауырларым бар ғой» деп ойламады. Ал iнiлерi жаздың күнi өрiм-өрiмi шығып, жұртта қалған жұрынды киiп, борпылдатып керзi етiкпен жүрдi. Әрi бiреуiнiң бетiнен қағатын әке-шеше ме, Үкедей ешқашан қыздарының алдынан шыққан емес. Көкейiнде «осылар оқыса екен, осылар орнын тапса екен» деген әкелiк кiршiксiз тiлегi ғана болды. Жас баладай жол күтiп, әлдекiмнiң төбесi сонадайдан көрiнсе «балаларым ба екен» деп, күн салып қарайтұғын. Ондайда Нұрғаным да iстеп жатқан шаруасын тастай сап, сол жаққа әлсiн-әлсiн аңыра тесiлетiн. Екеуi де «ұл-ай» деп аңсағандарымен, қыздарының тiлеуiн қатты тiледi. Амал қанша, көпшiлiктiң қолына оңай iлiнетiн жақсылық хабарды естiмей-ақ кеттi.


Ал олардың күйеуге тигенi кез-келген төменетектiнiң жасайтын табиғи нәстесi едi. Бұл үлкен қуаныш болғанымен, жоғарыдағы шаттыққа салыстыруға келмейтiн күйкi тiрлiктегi бiр лүп еткен самалдың нышаны-тұғын. Ендi керiсiнше, әпкелерiнiң жаппай ажырасуы — кез-келген төменетектiнiң жасамайтын қаракетi. Осы үшiн әке жүрегi қанша парша-паршасы шықты. Көбiне үнсiз қалатын, үнсiз бұйығып жүрегi қан жылайтын. Ақыры жүрек байқұс өзi күтпеген зiлзалаға шыдамады. Ешкiмге бiр ауыз сөз айтпастан, ауырмай-сырқамай мәңгiлiк дүниеге жөней бердi.


Мезгiлiнен бұрын дәуiрiн терiс айналдырғаны да дұрыс бопты. «Бiр қызымнан бiр қызым әм сорақы» дегендейiн, ұлдары одан да асып жығылды. Жетесiздiктi әпкелерiнен көрiп, сезiнiп өскен iнiлерi, тiптi, жүгенсiздiктiң шегiне жеттi. Жапар бауырларының басын қанша бiрiктiрейiн дегенiмен, арамтерге шомды. Айтқанына ешкiм құлақ аспады. Жүре тыңдады. Әрқайсысы бiр-бiр тұлға боп көрiнгiсi, әрқайсысы өз бетiнше тiрлiк iстегiлерi келдi. Ақыры, оттап шөп жегеннен басқа ештеменi бiлмейтiн көк өгiзден айырмашылығы шамалы болып қалды. Абайдың ашуланғанында айтқан “адам — боқтың қабы” деген теңеуi дәл осыларға лайық, дәл осыларға бағышталғандай.


*** *** ***


Бiр сәт жiгiт еңсесiн жазып жан-жағына қарады. Төңiректiң бәрi қарға кептелгеннен кейiн құпиясын байқатпайды. Ұзыннан-ұзақ созылған қырдың өне-бойы ақ зонттан киiм киген барлаушының үстiндей көпсiп, бiр реңнен аумайды. Не ұшқан құс, не жүгiрген аң көз ұшына iлiнбейдi. Тiршiлiк атаулының тым құрығанда нобайы, нышаны бiлiнер емес. Ақпанның аязынан ақылынан жаңылып, аңылжыған дала ғана сұлқ жатыр.


Күн еңкейген сайын қарсы жолығатын машина да таусылды. Есесiне ақ түтек боран үдеп, ақилана ысқырынатындай. Ұшы-қиыры жоқ қара жол мұратына жеткiзетiнiн де, жеткiзбейтiнiн де бiлмейдi. Бiлетiнi: бұл — жалғыз, құдай — жалғыз. Бар шаруаны тәңiрге ғана тапсырып, тәлейiнен көруге бейiл.


*** *** ***


…Былтыр күзде Мағираның үйiне барды. Көкейiнде талайдан берi оған деген қыжыл пайда болып едi, содан кейiн қатынаспай кеткен. Бiрақ Бибi қоярда-қоймай:


— Әй, көкiрек несiбесiн таласа емген әпкең емес пе, барайық. Хал-жайын бiлейiк. Жақсылығын ұмыттың ба? — дедi дiгiрлеп.


Жақсылығы Айбынды емшектен шығарғанда оншақты күн баққан. Басқа ештемесiн жарытып есiне түсiре алмады. Көкейiнде берiштей қадалып тұратыны — дәл iргесiнде отырып туған шешесiне төрт жылдай қатынаспай қойғаны. Өйтетiнi, оның қолында қарайған-құрайғаны бар, шешесiнiң қорасында түгi де жоқ. «Бара қалсам бiрдеме сұрайды» деп қашқақтайды, тәйiрi. Құдайға тәуба, қиын күндер артта қалды. «Елде болса ерінге де тиедi» екен, ешкiм аштан өлген жоқ. Әрi-берiден кейiн оның жасағаны — өзi болған қыз төркiнiн танымастың керi. Осыған бола ренжидi. Әйтпесе, «бiрдемеңдi бөлiспедiң» деп өкпелемейдi.


Әйелiнiң сөзiнен кейiн тағы да сонысы санасында көлбең еттi.


— Жоқ, бармаймыз.


— Неге бармаймыз?


— Шыққан жерiне өзi келмеген адамға бiз басымызды иiп, құлдық ұруымыз керек пе?


— Сен кiшi емессiң бе?


— Мен кiшi болсам, ауылда оны тапқан шешесi отыр емес пе? Қара орманына шауып келсе тағынан түсiп қала ма?


— Ауылдағылардың ошағы басқа, бiздiң отбасымыз бөлек. — Бибi бұған үйелменiмен бұрылып, негiзгi кiлтипанды ұғындырмақ мақсатпен шұқшия үңiлдi. — Егер сау етiп бара қалсақ, өзiнiң жасап жүргенi иттiк екенi басына сақ етiп тимей ме?


— Иә саған, жаман қатты тиедi.


— Қой, ендi, оның қайбiр шекесi қызып жүр?


Осы уәжден кейiн әңгiмелерi шорт үзiлдi. Себебi, Мағираның күйеуi үштi-күйлi жоғалғалы жылдан асты. Семей жаққа «пияз апарып сатамын» деп кеткен екен, содан жер жұтқандай ылым-жылым. Төрт баласымен өзi жалғыз отыр. Ұзынқұлақтың айтуы бойынша, жездесi Өскемен жақта бiр әйелмен қосылып, от түтетiп жатқанға ұқсайды.


Әлбетте, мұның бәрi алып-қашты әңгiме, нақты өлi-тiрiсiнен хабар жоқ. Әпкесi содан берi бала-шағасымен тырмысып, өз күндерiн өздерi көруде. Қолдарында бес-алты iрi-қаралары, бiр-екi гектардай жерi бар, соны күтiп-бағып күнелтедi. Сондықтан, қашан да телiм-телiмi шығып жүргенi. Әрi, осы болар-болмас дүниенi қызғанғандықтан ағайыннан алыстап, сырт айналады. Жапардың бiр байқағаны «адамды адам еткен — еңбек» деген қағиданың дұрыс айтылғандығы. Соңғы уақта көзi жеткенi, адамды айуан ететiн де, еңбек екен. Өйткенi, бiр тамағын асыраймын деп, өмiрi таусылмайтын шаруаның соңына түсетiндер бар. Сөйтiп, тiрлiктiң шыршуымен алданып жүрiп, туған шешелерiн ұмытатындар кездеседi. Олар қарабайырлығы, бiр жағы көркеуделiгiмен есекке ұқсап дамылсыз тырбына бередi, тырбына бередi… Ал, өмiр елеңсiз ғана жемiрiлiп, мүжiлген үстiне мүжiледi. Бiр күнi бiреудiң болмаса бiреудiң ажал сағаты соғатыны ақиқат. Сол кезде ғана аһ ұрып, итшiлеп тiрлiк кешкенiн бәлкiм ұғынар, бәлкiм ұғынбас. Елдiң қойын қайыруға ғана жарайтын балаларының амандығын көңiлiне тоқ санап, мимырт жүрiсiмен жалбайы сүйретiлiп тырбынар, тыраштанар...


Мағира дәл осындай адам едi.


Әйелiнiң сөзiнен кейiн Жапардың бiртүрлi әпкесiне жаны ашыды. Алайда, алғашқы райынан қайта алмады.


— Шекесi қызбақ түгiлi өмiрем қапсын!


— Қой, олай деп айтпа, алдымызда не күтiп тұрғанын қайдан бiлесiң? —Бибi жуып жатқан ыдыс-аяғын тастай салып, бұған жартылай бұрылып қарады. — Ит те болса бiр құрсақтан шықтыңдар, бару керек. Сендердiң бiр-бiрлерiңдi iздемегендерiңдi көрiп өскен мына балалар тұра-бара не болады?


— «Қыз деген бауырмал» деп жататын едi ғой, оныкi бауыр ма, берiш пе? — Жапар да алған бетiнен қайтпай өжелене өрекпiдi. — Бүгiнгi ақша мен байлықтың заманында қара табан көптiң бiрi болсаң, босағадағы қара төбеттен де қадiрсiзсiң. Жесiр қалғанымен, қорасындағы жетi өгiзiнiң буы төбесiн жетi қат көкке жеткiзiп тұр. Сонау қыз кезiнен-ақ «тентектi тентек десең телпегiн аспанға ататынның» нақ өзi едi, артында түгi жоқ болса да қара санының мүйiзiн санап насаттанар найсап. Қолын боққа былғап отырған, лыпасы жоқ уақтың өзiнде жерден шыққандай әңiреңдейтiн...


— Сонша қазып, мiнеп не көрiндi. Өздерi жаман болса да, балалары қандай, алтын асықтай. Шырай да, Айбын да сағынып жүр.


Осы тұста қос құлыны:


— Папа, барайықшы! — деп, жарыса шыр ете қалды.


Жапар қарашықтарының өңдерiне жымиған қалпы, барлай қарады. Жаңағы қабағы түйiлiп, қанына қарайған ашулы кейпi әп-сәтте үштi-күйлi жоғалыпты. Мына бауырмал екi күшiгiнiң ұсқынын көргенде, демде қанына қарая қасарысқан ашуынан жаңылды.


— Жарайды, барамыз. — Үнi құлықсыздау естiлдi.


— Ура! — деп екi бүлдiршiнi қолдарын шапаттап, жарыса айқайлады.


*** *** ***


…Сөйтiп, бiрден ауылға тартпай, жолдарынан қиыстау жатқан Талдыға ат басын бұрды.


Әпкелерi жаман қарсы алған жоқ, бұлардың төбесiн көрiсiмен күнге қақталып қара қайыстай болған өңi шаттықтың шуағына шарпылып, көзiн қилы-қилы құбылтып күле бердi. Насаттанғанында бiр көзi үлкейiп, бiреусi сығырайып кететiн бала кезгi әдетi. Әрi мұнысы көңiлi шалқи сарайы ашылып, арқа-басы кеңи жаны жадырағанында байқалатын кескiн-тiн. Ендi, мiне, кексе әйел болса да сол емшек сүтiмен бiткен дағдысынан ажырамапты.


— Жаным-ау, күндерiм-ау… — Сонадайдан сөйлеген қалпы бұларға абдырай емпеңдедi. Жанында ит талаған тырнадай шаштары үрпиiп кеткен қара сирақ балалары бар. Олар да есейiп қалған ба, әдеттегiдей тұра шаппады, адымдарын бiр түрлi үркесоқтап ашатындай. Жанарларында кiлегейленген мұңның нiлi жатқандай. Әп дегеннен-ақ бiр байқалғаны әпкесiнiң жағы суалып, ортасы ойылған қауынның шөпегiндей iшiне кiрiптi.


Шарбақтан шығысымен құшақтап беттерiнен сүйiп, мәре-сәре күйге бөлендi. Шырай мен Айбынның қалқиып өскенiн көрiп, олардың түрлерiне қайта-қайта қарап, күле бередi. Дәмiл-дәмiл бас салып құшақтап беттерiнен шөп-шөп еткiзедi.


— Ойбай-ай, мынаның түрiн-ай, Жапардан аумай қалыпты. — Шырайға сөйтiп мейiрiн төксе, — мынау әлi болпиған қалпы ғой, — деп, Айбынды өзiне шақырып бауырына басты.


Осы мейiрi үйiрiлген шақты көрген Жапардың бiр сәт жүрегi аунап түсiп, ерiп жүре бердi. Әпкесiне жаны ашыды. Қурайдай қатып, сiңiр-сiңiрi шығып тартылып қалыпты. Онысыз да ат жақты бiткен бет пошымы одан сайын сопиып, иегi үшкiлдене сорайып шығып тұрғандай байқалды. Қысыңқы көздерiнiң аясын кiреуке торлағандай. Жанарының ұшқыны да солғындап, нұры тайған. Киiмдерi олпы-солпы, әйткенмен онысына ешқандай көңiл аударар Мағира көрiнбейдi. Ауылдағы жұртшылықтың көзi мейлiнше үйренiскен әрi барлығы бiр деңгейлес шаруашылыққа киетiн күнделікті бұйымдары. Аяғына әбден тозығы жеткен, көшкен жұрттан табылар әлдеқайдағы сүйретпенi iлiп алыпты.


Балаларының да сиқы тым жұпыны. Бұттарында ескi шалбардан кесiп қолдан жасалынған шорти, үстерi тұттай жалаңаш. Денелерi отқа қақталған бастың терiсiндей күнге күйiп, қара қошқылға айналған. Кiр сiңдi шаштары үрпиiп, ұсқындарын қашырып-ақ тұр. Үш-төрт жастардағы ең кiшкенесi, тiптi, еш лыпасыз алдыларынан қарсы шықты. Екi ұлдан кейiнгi Аягөз ғана дұрыстау киiнгендей көрiндi. Бiрақ оның иығына iлгендерi де тозығы жеткен нәрселер едi.


— Халдерiң қалай?


— Жұртпен қатар, әйтеуiр, бiреуден iлгерi, бiреуден кейiн күнелтiп жатырмыз. — Бауырының келгенiне мерейi тасыды ма, әлде iшiнде қыж-қыж қайнаған қамырығын бiлдiргiсi келмей қолданған амалы ма, езуiнен күлкiсi ажыраған жоқ.


Сағына табысқан ағайындылар ұбақ-шұбақ үйге беттедi.


— Азын-аулақ малымыз бар, соларға қарап жан сақтап... Күнделiктi қаймағын балалар Үштөбеге апарып сатып келедi, сол қант-шаймызға жетедi. Басқадай күнкөрiстiң амалы жоқ, ақшаны тек сүттен жасап отырмыз. — Күнге тотыққан маңдайындағы әжiмдерi жиырылып, ауыр күрсiндi.


Бұл құйрық басып тiзе бүккендерiнде айтқан өз жайлары турасындағы мағлұмы-тын.


Жапардың мойны салбырап, қайда барса да алдынан шығатын жоқ-жiтiктiң зардабынан қабырғасы қайысты. Мұндай сүреңсiз әңгiменi естудiң өзi ауыр.


— Одан қалса, еңбектеп жер тiстелеймiз. Көктемде салған жуа, қызылша бар. Солардың арам шөбiн отап, қаңырығыңды түтеткен жаздың аптабында су салу — құдайдың бiр азабы. Балалармен барып бәрiмiз тiрiдей тозаққа түсемiз. Мехнаты сондай көп, ал күзде ақшаға айналдырғанда маңдай терiңе арзымайды.


Бiр сәт әпкесi салы суға кеткен адамның кейпiнде үндемей қалды. Қасiрет торлаған өңiнде бiр бүйiрi ойсыраған кiсiнiң кескiнi жатыр. Осыны аңғара тұра ауыр да болса Жапар жайсыз сауал тастады.


— Мырзабектен не хабар бар? — Жөнсiз әңгiменi бастауын бастап алып, өз-өзiнен қипыжықтады. Әйткенмен онысын сыртқа бiлдiртпеуге тырысты.


Мағира ауыр күрсiндi. Бiрақ тосылған жоқ.


— Ұзынқұлақтан естуiмше әлдекiмдер көрiптi. Бiрақ, «көрдi» деген адамды iздеп барып сұрасам, ол басқа бiреуден естiген болады. Ақыры, соңын таппадым.


— Iздеген бiреу бар ма?


— Үлкен қайын ағамыз «iздеймiн» деп жолға жиналып жүр. Сол, қаражаттың қисынын келтiре алмай қаңтарылуда, шамасы.


— Кеудесiнде жаны болса, ер-азамат бөгде жерде бiр күн де бөгеле ме?..


— Соны мен де ойлаймын. Бiрақ, тағы да бiр күмәндi тығырыққа тiрелетiнiм бар. — Осы тұсқа келгенде бағанадан берi сұлқ отырған Бибi басын көтерiп, қайынбикесiне көздерiн тiптi ежiрейте қарады. Оған мына кiсi сұмдық бiр жан түршiгерлiк оқиға айтатындай көрiндi. — Өзiмiздiң ауылдағы саудамен айналысып жүрген бiреуден қарыз алған. Соны «қайтарып беремiн» деп көкөнiс пiсiсiмен суыт Семейге тауармен кеткен. Сол кеткеннен күнi бүгiнге дейiн жоқ. Менiң шамалауым бойынша қолындағы дүниесiнен айырылып, қайта алмай дiңкесi құрып жатса керек. Келсе, тиiстi адамына ақшасын әкелуi қажет. Оған, ондай тиын-тебенi жанында жоқ. Содан бөгде жерде жiпсiз байланып отырған шығар…


— Соған бола лаға безу ақылға сыймайды. — Жапар қисынды айтылса да бұл уәжге келiспей, қарсылығын бiлдiрдi.


— Пәлi-і! — әпкесiнiң үнi қатты шықты, — қарыз алып қайтара алмай қашып жүргендердiң осы ауылдың өзiнен үш-төртеуi кездеседi. Әлгi ақша берген кәрiс зiкiр салып қаншама рет үйге келдi. «Мен бiр тиын да көрген жоқпын. Берсең, берген адамыңнан ал!» деп, шығарып салғанмын. Содан, әлi дамыл таппай екi күннiң бiрiнде хабарын алуға жетедi. Қашып жүрген сондайлардың сүйегi де табылды. Кiм өлтiргенiн бiлмейдi…


— Құдай ондайдың бетiн ары қылсын. — Бағанадан сөзге араласпай отырған Бибi тосыннан қосылды. — Шиеттей бала-шағаларыңыз бар, аман шығар… келетiн болар… — Өз ләмiне соншалық нанымсыз екенiн бiлдiрiп, жүзiн кiлт төмен сала бердi.


— Аман шығар… — Мағира сөзінің соңын жұтып, өз-өзiнен бiр күлiп алды. — Ел «әлдекiмге үйленiп, бiрге тұрып жатыр екен» дегендi де айтады. Сөйтсе, сөйтiп те жүрген болар.


— Қой, құрсын… — Жапар бұл қойыртпаққа болмашы наразылығын бiлдiрдi.


Мағира содан кейiн дастархан жасауға кiрiстi. Ендiгi әңгiменi ары-берi шапқылап жүрiп өрбітті.


— Бақшаны биыл қалай салдыңдар?


— Балалармен жабылып, өзiмiз… Кәрiмбек пен Әлiмбек өсiп қалды ғой. Бәрiн iстейдi, малға да қарайды. Содан кейiн баяғыдан берi араласатын Кзәнди деген шешен жолдасымыз бар, ол бiр жағына шығысады.


Жапардың көз алдына бет-аузын көкмораз жүн басқан, жасы жер ортасынан асқан шешеннiң кейпi елестедi. Мырзабектiң бар кезiнен екi отбасы жора-жолдас боп, аралас-құралас жүретiн. Бұл олардың сыйластығына iштей сүйсiнетiн. Соңғы бiр әңгiмеден естуiнше оның да қатын-баласы Шешенстанға көшiп, өзi жалғыз ата жұртына бармай бадалыпты. Осы жағдай бiртүрлi көңiлiне көлеңке түсiргенiмен, ойын арам пиғылға бұрмаған.


Осындай мән-жайды сұрасқан қалпы бiр шәугiм шай iшiп, ауылға тартты. Ана дым бiлмес кiшкенеден басқа жиендерiн де ала кеттi. Оларды қайтар жолда соғып, өзi әкеп тастауға уағда байласты.


Нағашы әжелерiнiң үйiне көтерiңкi көңiлмен келген жиендер ертеңiнде төсектен бiр түрлi пәсейiп оянды. Әсiресе қыздың мазасы қаша бердi.


— Мамам малға қарай алмай жатқан шығар, кетейiк, — деп, қос ағасын асықтырды.


Баланың сонша бәйек болғанына Жапар әлденеден дүдәмалданды.


— «Қыз — бауырмал» деген сол ғой, мамасына жаны ашып барады, — дедi Бибi оның бұл қылығын көрiп. Аякөздiң тызақтағанын iштей жақсылыққа жорып тұрғаны да оның өңiнен айқын аңғарылды. — Ұлдар, әне, ойларында ештеме жоқ, жүр далақтап. Кескiндерiнен “шешемiз жалғызiлiктен қиналып қалды-ау” деген қынжылыс байқалмайды.


Жапар бiрдеме айтуға оқталды да, үй-iшiлiк шыршудан биiк тұрғысы келдi ме, сырт айналды.


Көңiлi нiлдей бұзылған Аякөз ақыры ағаларына жан таптырмады. Сөйтiп, балалар сағат он бiрлердiң шамасында автобусқа мiнiп, үйлерiне қайтты да кеттi.


*** *** ***


…Жапар ауыр күрсiндi.


Қырыққа келiп, қырма сақал болса да жақсы көрген адамы туралы жаман ой ойлай алмайтын сорлылығына күйiндi. Өмiрiнiң оңбай жүргенi де тiршiлiк атаулының бәрiне баладай аңғырттықпен қарайтындығынан шығар. Сол жолы сорлы басы ештемеден күмәнданбапты ғой. Ақыры… Әпкесiнiң әлгi қаңғыған шешенге күйеуге тигенiн кейiн бiлдi. Сорақысы сол — Шешенстандағы соғыстан қатын-баласы бас сауғалап қайта қашып келiптi. Мағира тоқалы екен.


Көк түтiн бұрқ еттi. Оның ысынан көзi ептеп ашыды. Жанарының аясын лықсып кеп жас торлады. Бұл — көрiнген көк аттының алдында көкiрегi басылғандығынан ба, әлде түтiннiң ащылығынан ба, өзi де пайымдай алмады. Сiрке суын iшкендей өзегi кенет жидiп жүре бердi. Әлем тұтастай буалдырланып, бiртiн-бiртiн меңiреулiкке ұласты…


Дөңгелектiң екпiнiнен ұшқан сiрi қар, құмша суылдап капоттың үстiнен жүгiрiп өттi. Ысқырған желдiң уiлi құлағына ап-анық естiлдi. Бағана жаратқанның жанары шымылдықтай тартылған тұманның арасынан болар-болмас бiр жылт еткенде, күннiң құлақтанып тұрғанын байқаған. Сонда жетi қат көктiң маңдайы қақ айрылып кете жаздап сызданып, шытынай көрiндi. Ендi тiршiлiк атаулыны атжалман өңешiне салып қылғыта салғысы келетiндей, дүн-дүниенi шамырқанған мiнезiмен қусырып барады.


*** *** ***


…Бұлықсып көктем келдi. Дүрк етiп көгi қаулаған бұла күнмен бiрге Жапар да толыса түстi. Өткен жылы маусым айында ғана мектептi бiтiрiп едi, ендi биыл мамырда құрбылас қатарымен бiрге армияға шақырылды. Кеудесiн үй-iшiне, туған жерге деген қимас сезiм кернегенiмен, азамат болғанына қуанышты-тұғын.


Ұзақ жолға аттануға екi күн қалғанда Талдықорғандағы техникумда оқитын әпкесiне тартты. Бұрын қалаға жиi қатынамағандықтан шәрiнiң қитұрқысын аңдай алмай адасып, әбден рәсуасы қашты. Түнеукүнi бiр келгенiнде нөмiрi бәлен автобусқа мiнген сияқты едi, ол автобусың бүгiн ақылынан алжасқандай әлдебiр қуысқа апарып тастады. Бұдан соң жандалбасалап, көзi үйренiп қалған орталықты iздей бастады. «Сол тұсқа апарады ғой» деп келесi көпшiлiк көлiгiне отырған, ол мүлде қиыс тартып ит зықысын шығарды. Содан дiңкесi құрыған соң доңғалақ атаулының бәрiне қолын бiр сiлтеп, шаһарды қақ жара тiкесiнен тартты. Бармаған жерi қалмады, екi аяғы салдырап, табаны удай ашыды. Жөн сiлтеген адамдардың айтуы бойынша жүргеннiң өзiнде, қалың үйдiң ортасына орналасқан техникумның корпусы қарасын көрсетпедi. Құдайдың күнi де шақшырайып, табаға салғандай қуырып барады. Терден шыт жейдесi денесiне жабысып, маңдайы күнмен шағылыса торсиып, үйiткен тауықтай қызара бөртiп жылтырап алды.


Сөйтiп, түске дейiн табанынан таусыла сандалып жүрiп Мағираның жатақханасын әзер тапқан. Студенттер сабақтан ендi келiп жатыр екен. Ешқайсысын танымайды, өңкей ақ халат кигендердiң арасында әпкесi жоқ. Бiр кезде қалың топтың iшiнен Мағирамен бiрге оқитын қыздардың қылпын байқап қалды. Олар да мұны тани кеттi, бұрын бiрлi-жарым мәрте кездескендерi де бар.


— Ой, қал қалай?!


Әсiресе ашық сары өңдi бойжеткен сонадайдан қолын бұлғап, бұған етенелiк танытып iш тарта елпектедi. Мұның өз-өзiнен екi бетi ду еттi. Өйткенi жанынан ағыла шұбырған бөгде жандардан қысылды. Олар бұған көздерiнiң қиықтарымен қарап, «бұл кiм» дегендей сыңай танытатындай. Себебi, Жапардың тоқырайған басында ашық сұр түстi шетен қалпақ, үстiнде қара костюм едi. Күн «жегендіктен» өзi көмiрден жаралғандай қап-қара болатын. Бұтында ұсақ шақпақ-шақпақ өрнектерi бар ақ түстi шалбар, аяғында артельдiң тiккен қызыл платформа туфлиi-тұғын.


Осы тұрысының өзi түрлi-түстi индиялық киноның көрiнiсiндей.


— Қашан келдiң?


Ал мына әпкесiмен бiрге оқитын қыз ештемеден тайынар емес, көшедегi көлденең кiсiлердiң бәрiн өзiмсiнетiндей тым еркiн.


Жапар тiптi қыстықты, қас қылғандай аузына «жақсы» деген сөз де iлiкпедi. Рухын езген ынжықтық еңсесiн жаздырар емес. Құдай атқанда аңқалақтаған бәтiрдiң есiмiнiң кiм екенiн де ұмытып қалыпты, кәне, жадына түсiре алсашы. Сосын, ұялған тек тұрмастың кебiмен, езуi ыржиып күлген болды. Осы екi ортада ендiгi оны мазалаған нәрсе «қал қалай» мен «қашан келдiң» деген сауалдың қайсысына бұрын жауап беру керек деген сұрақ-тұғын.


Ол өстiп ит әуресi шығып тұрғанында әлгi бойжеткен сылаң қағып қасына да таянған едi.


— Қал қалай, Жапар?! — Қайыра сәлемдестi.


— Жақсы. — Танауының астынан естiлер-естiлмес мiңгiр еттi. Мұрнының ұшы шып-шып терлептi.


— Ауылдан қашан шықтың?


— Бүгiн.


— Мағираға келдiң бе?


— Иә.


— Жүр онда бөлмеге, ол қазiр келедi. — Бұдан қос жанарын алмай, өзiмен бiрге iлесуiн өтiне ықылас танытты. — Оқу корпусында топ жетекшiсiмен қалды, шамасы, кемiнде бiр жарты сағат айналатын жұмыстары бар. Соған дейiн шақырайған күннiң астында тұрасың ба қаңсып? — Екi ойлы пiшiнде сенделген мұның қапелiмде қозғала қоймасын ұқты ма, қолтығынан алып, өзiмен iлестiрдi де жөнедi. Бұл танауы тесiлген тайлақтай еш қарсылықсыз iлби бердi.


— Ауылда не жаңалық бар? — Құдды бiр бұлардың ауылындағы тiрлiктiң бәрiнен хабардар жандай сауалды осылай тастап, аузы тынбады.


— Еш жаңалық жоқ.


— Үлкен кiсiлер аман ба?


— Аман.


— Биыл қандай оқуға тапсырмақ ойың бар? — Әсілі, былтыр мұның құрылыс техникумын көңiлi қаламай кетiп қалғанын бiлетiн сыңайлы.


— Биыл оқуға құжат тапсырудың ретi болмас.


— Неге? — Көзi бағжаң етiп, қолтығына қысылған далбайдай бұған оқшырая қарады.


— Армияға кетемiн ғой.


— Қашан?


— Екi күннен кейiн.


Қыз ендi тоқтап тұрып бозбаланың бетiне таңырқаған пiшiнде сұғын қадады. Екi көзi «мұның шын ба, шын емес пе» дегендей тесiледi. Соңында мақсатсыз жымия салды. Жапардың жүзi жанды.


— Ой, жарайсың!


Бозбала үндемедi.


Бөлмеге келгеннен соң Жапарды отырғызып қойып шайдың қамына кiрiсiп, зуылдай жөнелдi. Ара-арасында әр нәрсенi бiр сұрайды. Бұл «иә» немесе «жоқ» деп қана жауап қайырады. Көңiлi уақыт өткен сайын әлденәрсеге алағыза бердi. Елегiзе алаңдауы сырт пiшiнiнен де байқалып қалса керек:


— Қазiр келедi, бiр жаққа асығып отырсың ба? — дедi әпкесiнiң курстасы «иә, армияға кетiп бара жатырсың, бәрiн сеземiн ғой» дегендей қулана жымиып.


— Жоқ.


— Ә-ә, онда жарайды.


Осыны айтқаннан кейiн көп ұзамай сыртқа шығып кеттi. Бөлмеде жападан-жалғыз қалды. Сәлден соң әлгiнде тоққа қойылған шай сақылдап қайнай бастады. Орнынан түрегелiп барып суырып тастады. Қайта жайғасты. Тым-тырыс тыныштықтан зерiккендей болды. Терезенiң алдында жатқан газеттi алып ақтарыстырды. Бiр кездерде барып аяқ дыбыры, сөйлескен қыздардың үнi естiлдi. Есiк шалқасынан ашылып iшке әлгi бойжеткен мен тағы да бұл танитын бидай өңдi қыз ендi.


— Келуiңмен. — Ол мұны кiшiсiнгендiктен бе, жатсынбай қолын соза алдыға ұмсынды.


— Рахмет.


— Әлия айтты, армияға жүрейiн деп жатыр екенсiң, жолың болсын! Екi жылың екi күнге татымай тез өтсiн.


Сонда барып сары қыздың есiмi жадында жаңғырды.


— Айтқаның келсiн!


Осыдан кейiн екеуi бұрышта тұрған столды кiтаптардан босатып, бетiне дастархан жайды. Қолдарына оны-мұны ұстай келген екен, демде столды жайнатып жiбердi.


Осы екi ортада Мағира iшке ендi. Жанарында нұр ойнап, өңi бал-бұл жанады.


— Қашан кеп қалдың?


— Ал, бақытты бол!


Әпкесiнiң бiрден бетi ду ете түстi.


— Оны қашан естiдiңдер? — Абдырай үн қатты.


— Естiген жоқпыз.


— Естiмесеңдер, сен қайдан бiлдiң?.. Қыздар айтты ма? — Жанындағы құрбыларына қарады. Олар бұл әңгiмеге бiздiң еш қатысымыз жоқ дегендей аяқ астынан бүгежек қақты.


— Жоқ, ешкiм де айтқан жоқ. Бiрақ, iшiм сезiп, бiлiп тұрмын. — Әпкесi жымиып күлген қалпы жүзiн төмен сала бердi. — Әскерге жүремiн, соны құлағдар етейiн деп…


— Шығарып салуға ендi қайтiп бардым?.. — Мағираның алғашқы екпiнi жоқ, мойнына су кете сөйледi.


— Ауылда бұл шешiмiңдi ешкiм бiлмейдi, келе бер. Мен аттанғаннан кейiн үй-iштi өз жайыңнан хабардар ете жатарсың.


— Жарайды… тәтемдерге тiс жармасаң, барамын.


— Айтпаймын.


*** *** ***


Сөйткен әпкесi тұтастай әулеттiң атына кiр жағып, әкесiнiң аруағын аяққа таптап бата бұзып отыр. Бата бұзған ешқашан барқадар таппайтынын бiлдi ме екен, жазған. Күйеуге тигенiне қарсы емес қой Жапар, бiрақ екi мәрте ерге шығу ерлiкке жатпас. Қайта әпкесiнiң бұ тiрлiгi қырыққа келсе де зәуiлi басылмаған салдақының iсi сыңайлы. Қанша байсыраса да төрт баласын шұбатып, бес-алты баласы бар түсiнiк, түйсiгi бөлек өзге келiмсектiң етегiнен ұстау еш ақылға қонбайды. «Ұлы бар қатынның байға тиюi бекер» деп шешесi бұрындары бұлардың бала кездерiнде жиi айтып отыратын едi. Тым құрымағанда осы сөз көкейiнде қалмағаны ма?.. Мұның байқауынша Мағира түйсiгiне ештеме түймейтiн соншама саңылаусыз емес едi… Сөздiң де қадiрiн бiр кiсiдей ұғынып, өнердi де бiр кiсiдей әлпештейтiн. Ендiгi мына тiрлiгi — нағыз қас жауыңның басына да тiлемейтiн абыройсыздық. Қазақта «қызың төрт-бес баласын шұбатып, төрт-бес баласы бар тiлiн түсiнбестiң етегiнен ұстасын, құдай бар болса» деген қарғыс жоқ. Ал, сол жоқ қарғысқа ұшырарлықтай марқұм әкесiнiң не жазығы бар едi?.. «Қыз — жау» деп қазақ осындайдан, жаны әбден күйгеннен айтса тиiс. Әйтпесе, не көрiнiптi сонша…


…Жиендерiн көрген Нұрғаным өзiн iздеп келген кiшкенелердiң бетiнен сүйiп, мәре-сәре күйi құрақ ұшты. Олар дүрк көтерiлiп қайтып кеткенде көңiлi қоңылтақсып, әлденәрсеге алағыза бердi. Жапар анасының Мағирасын сағынғанын, қаншама безбүйрек болса да iштен шыққан шұбар жыланын көруге мұстақтығын перзенттiк жүрегiмен түйсiндi.


— Тәте, Мағираның үйiне алып барайын ба? — дедi бiр мәурiтте.


Кеспiрiн уақыттың өрнегi кескiлеген шешесi бiр сәт қалт бөгелiп, ойлана томсарды.


— Барсам, барайын…


Қызының үйiне саңы ауып, есi-дертi құлағанын ұлы қапысыз ұқты.


— Қай бiр жетiсiп жүр дейсiң о қарағым… Балаларын жiберiптi, өзiнiң келгенiне тән ғой. — Ана байқұс бiрден қолқ ете түстi. — Байдан тiрiдей айырылып отырғалы жылға таяды. Жайын бiлсем, бiлiп қайтайын.


Салып ұрып, бесiннiң шамасында Талдыға ат басын тiредi. Сол жолы Жапардың әпкесiнен қатты көңiлi қалды. Сөз арасында Мағира:


— Қазақ «құдай, алаштан кем қылсаң кем қыл, ағайыннан кем қылма» дептi. Сол айтқандай ағайыннан кем қылмасын. Түрмеге қамалса, өздерiнiң ақымақтығынан. Менiң оларға жәрдемдесiп бөлiп беретiн ештемем жоқ, балаларым өсiп келедi, — дедi.


Бауырларының басына күн түскенде өзiнiң қарайласпағанын осылай түсiндiрдi.


Мұны көргенде Жапардың есiне баяғыдан келе жатқан аңыз-әңгiме оралды.


Қалмақ шапқыншылығында қыпшақтың сайын даласындағы бейқам қоныстанған ауыл жау қылышының астында қалады. Әлгiлер өлтiргенiн өлтiрiп, тiрiлерiн байлап-матап тастайды. Дұшпан жасағын бастаған әмiрдiң ықыласы қолға түскендердiң iшiндегi бiр келiншекке ауса керек. Әлгiден жай-жапсарды сұрай келе күйеуiнiң де, балаларының да, бауырларының да қапияда тұтқынға айналғанын және олардың осы қалыңның ортасында тұрғанын бiледi.


— Олай болса, — дейдi әмiр ат үстiнде ызбарланып, — сол, ең қымбат жандарыңның арасынан бiреуiн ал да, аттан. Бастарың — азат.


Қолы матаудан босанған әйел өзiмен бiрге әкетуге бауырын қалайды. Сонда мұны көрген әмiр таңданып:


— Неге сен бауырыңды таңдадың, соның мәнiсiн айтшы, — дейдi.


Жаужүрек келiншек суық жанарымен әмiрге тесiле қарап:


— «Қатын — жолда, бала — белде» деген емес пе ер-азаматтар. Бауырды қайдан табамын? — деген екен.


Сонда ғана әйел шешiмiнiң керемет астармен әдiптелгенiн ұғынған озбыр сөзге тоқтап, тұтқынның бәрiн босатып жiберiптi.


Ал, бүгiнгi ғарыштық ғасырдағы өркениеттi заманның әпкесi, «ағайыннан кем қылмасын», «балаларым өсiп келедi» дейдi. Сонда дейдi-ау, ағайыннан кем болмай-ақ қойсын, артықшылықты дүниеде деп ойлай ма?


Жапардың жанына бәрiнен осы сөз қатты батты. Сол күнге дейiн iшкi пиғылын қалай түсiнбей келгенiне қайран. Қолындағы аз ғана сасық дүниесiмен Мағира әпкесi барлықтарынан биiк тұр екен. Оның ұғынуынша, қалғандары қоңыз терiп жүр.


Бәлкiм, сол дүниенi бөлiсе алмай Мырзабектен көз жазды ма, сол дүниенiң кесiрiнен төрт бiрдей баласы тiрi жетiм қалды ма…


Тiптi, соншама күпiнерлiк бес-алты сиырынан басқа алып бара жатқан байлығы да жоқ едi. Шынтуайтында сорлының басында бес батпан бейнетi мен қара қазандай қасiретi ғана болатын.


II


Дала, дала… Маңқиып жатқан ұшы-қиыры жоқ маң дала. Ештемеден, бейхабар, ештемеден қапысыз, соқыр, мылқау. Түртсе көргiсiз ақ түтек боран жiнiге желiксе де селт етер емес. «Бiлгенiңдi iстеп ал» дегендей одан сайын бауырын жазып, бұйығылық танытады. Есiрiк жел бұл қам-қаракетсiздiктi сезiнгендiктен бе, көкайыл қатындай көкезулене екпiндетiп ұли түседi, құтыра түседi. Осы алу-далу әбiлеттен аспан мен жер астасып, тұтастай әлем шымқай боз түске енген. Тек үрейдi алып, өзегiн суыра ышқынған долы боран кәрiне мiне жөнелгенде дүн-дүние шайқалып кететiндей көрiнедi.


Төрт құбыланы түтiп жеген аласапыранның iшiнде болар-болмас қалт-құлт етiп келе жатқан өлмешi жарық көрiнедi. Ажалына асыға ма адам баласы, жалпы, тiршiлiк иесi тырп етпейтiн мына сұрапыл күнде жамбасын сүйретiп, алға итiнедi. Жолды жал-жал боп көмiп тастаған күсет, машинаны теңiздегi толқынға ұшыраған қайықтай лақтырып жiбередi. Бұл қақпақылдан әзер есiн жиып түзуленiп алғанша, қайта бiр оппа дегелек қақтырады. Заматында жантәсiлiмдiкпен рульдi оңға, солға бұрай жөнеледi. Әйтеуiр, бiр алланың өзi жар бола ма, оңшалып алады. Не керек, бiтпейтiн жан берiп, жан алатын арпалыс. Жолдың әшейiн аты ғана, әйтпесе зымиян үскiрiк әлдеқашан тұтасқан маң далаға айналдырып жiберген. Жазатайым күртiктiң бiр иiрiмiне шоңқиып барып тоқтасаң — бiткенiң. Зәрлi де қаһарлы аяз бен дауылдың өтiнде тiрi қалуың неғайбыл. Тоқтасаң болды, алдын-ала иманыңды оқи бер. Иманыңды оқығың келмесе қайткенде де iркiлiп қалмауға тырысу керек.


Осы долы мұхит толқынының айдауындағы жаңқаша қалт-құлт етiп келе жатып, Жайнақтың жайын ойлады.


Қайран iнiсi екi иығына екi кiсi мiнгендей зор денесiмен балаша кеңкiлдеп күлiп қоятын. Зипа бойында тал мiнi жоқ, мүсiнi келiстi-ақ едi. Көңiлiнде бүкпесi де болмайтын. Бiр айыбы, кiшiрек кезiнде тамаққа көп өкпеледi. Өйтетiнi, ерке-тiн. Әкесiз жетiмдiгiн бiлдiрмеймiн дедi ме, шешесi Нұрғаным байқұс төбесiнен құс ұшырмауға тырысты. Тiптi, көлденең көк атты тұрмақ, бiрге туған Жапарлардың бiреуi оған сөйлесе көңiлiне ауыр алатын. Жақтырмай қалатын. Осыны бала неме арқалана ма, жөн-жосықсыз болар-болмас нәрсеге бұлқан-талқан тулайтын. Бұдан соң «әкесi жоқ — өтiрiк жетiм, шешесi жоқ — шын жетiм» деген сөздiң ақиқаттығына келiспеске амалың қалмайды.


Ендi, мiне, тас қамалдың ар жағына барып тас бекiнiп жатыр. Құдай шыр айналдырып әкелiп, ағайынды төртеудiң ақыры бiреуiн түрмеге тығып тынды. Тәңiрi бұған аян берiп, «түбi қоймаймын, төртеуiңнiң бiреуiңдi өкiметтiң босағасына телмiртемiн» десе, Сапар қамалғанда қозғалмай-ақ қоятын едi. Тағдырдың ең кiшiлерiн апарып тозақ торына тастағанына жүрегi бебеу қағып, жаны тызақтайды.


Қайран шешесi қайтiп қана отыр екен?..


Көкiрегi сыздай жөнелдi. Жанына шемен боп қатқан зауал, iшкi дүниесiн безек қақтырды.


*** *** ***


Ауылда тiрлiк етер мүлде кәсiптiң қалмағандығынан Жайнақ жазда Алматыға келген. Жұмыс iздеп ұзақты күн сабылғанымен, еш жерде күтiп тұрған iстiң ұштығы да бiлiнбедi. Иiнi салбырап, жүнi жығылып босағадан аттайды. Iнiсiнiң өстiп көңiлсiз оралғаны Жапардың жанына қатты батты. Бұлай қиналатыны, Жайнақтың оқымағандығы тiкелей өзiнiң кiнәсiндей көрiнетiн. Ағалық танытып, кезiнде қол ұшын соза алмады. Созғыса-ақ келген, шамасы жетпедi. Әттең, өз уақтысынан он жыл бұрын туғанында бәрiн жайғастырып қояр едi. Қырсық қылғанда, дәл бұл өмiрге араласатын тұста, дүние астаң-кестеңi шығып өзгердi де кеттi. Тәңертеңгi ақыл түске жарамай қалды. Соның салдарынан тоз-тозы шығып, өлiп қалмай көпшiлiкпен қатар күнелткенiне, шүкiршiлiк айтыпты. Сөйтсе, онысы күпiршiлiк бопты, жарғақ құлағы жастыққа тимей бiр бәленi қотарыстыру керек-ақ екен. Ендiгi аужалы тiптi сиықсыз — кәдесiз бұйымға айналған — ешкiмге қажетi жоқ. Өле қалайын десе құдайға да керегi жоқ сияқты, алмайды.


Жайнақтың мектептен кейiн оқу iздеп ұзауына мүмкiндiгi жетпедi. Қаражаттың жоқтығы бағын байлады, өйтетiнi кез-келген оқу орыны ақша сұрады. Сол тұста армия деген де бiр тажалға айналды. Барған балалардың кейбiрi соққыға жығылып, қайсыбiрi қашып, iшiнара беймәлiм себептерден өлiп жатты. Ел iшiнде үрей туды.


Қазiр осының бәрi, ойлап отырса, жариялылықтың «жемiсi» тәрiздi. Ежелгi жабық дүние демократияның ықпалымен қалқып бетiне шықты да содан бейқам елдiң үрейi ұшты. Өйткенi социализм қоғамында мұндай сұмдық жоқ, болмаған сияқты көрiндi. Әйтпесе, оқуға түсуiң үшiн бұрын да ақша сұрайтын. Жапардың өзi армия қатарына шақырылған кеңес өкiметiнiң тұсында да, әскерде осындай жайсыз үрдiстер бар-тұғын. Онда да жақ-жақ, ұлт-ұлтқа бөлiнiп қызыл шеке боп төбелесетiн, таяқ жейтiн, әлдекiмдерге таяқ жегiзетiн; онда да қашып-пысқандар көптеп кездестi; онда да өлiм-жiтiмге ұшырағандар, өздерiнiң денесiн өздерi тiлгiлегендер болды. Бiрақ, ел бүгiнгiдей армияға аса қауiппен, қатерлi дүниедей қараған жоқ. Өйткенi, кiм түймедейдi түйедей етiп бадырайтып жазса, кiм жанашыр ретiнде оптыға сөйлесе сол беделге, абыройға, билiкке ие болатын заман туды. Баладай аңғал халық ұрымтал тұсты ұтымды пайдаланған сондайларға пейiл қойды, соңдарынан үдере iлестi.


Ендi жұрт шамалары жетсе, балаларын әскер қатарына жiбермей алып қалуға тырысты. Нұрғаным да осы бәледен тiксiнiп, кiшi ұлын қасынан ұзатып шығармауға бар күшiн салды. Әскери комиссариатқа өзiнiң жалғыз басты екенiн, зейнетте отырғанын айтып шағымданып қаншама сабылды. Беймәлiм оқалы найсаптарға босағасындағы байлаулы сиырын берiп, Жайнақтың армияға баруын екi жылға шегерген. Келiсiм бойынша олар әскери билетiн кейiн, түпкiлiктi қолына әпермек болған.


Уақыт өте келе, жай жұмыстың өзiне орналасуға ер-азаматтарға әскерге барғандығы үлкен септiгiн тигiздi. Жұмысқа алмауға сылтау iздеген мекеме осы желеудi бет перде тұтты.


Жайнақ қаптаған фирманың бiрiне кiргенiнде ондағы мығым дөкейi:


— Әскерге барған ба едiң? — дедi көзiнiң астынан шүйiлiп.


— Жоқ. — Бұған дейiн де талай жерден салы суға кеткен Жайнақ кiбiртiктей үн қатты.


— Оның жарамаған, бiзге әскерге барғандар керек.


— Тым болмаса күзетке алсаңыздар.


— Сол күзеттi айтамын. — Креслосына шалқалап отырған қалпы, темекiсiнiң түтiнiн ернiнен шүйiре шығарды. — Мамандығың жоқ қой шамасы?


— Иә...


— Амал қанша, пошым-бiтiмiң жақсы-ақ екен. Ренжiме, еш ретi жоқ.


Алматыға келiп жұмыс iздеп жүрген кезiндегi бұл бiрiншi рет күйреуi емес-тiн. Құдай адымды аштырмайын десе, аштырмайды екен. «Екi қолға бiр күрек» дейтiн заман өтiп кетiптi. Сол күректi ұстау үшiн де әлдекiмдерге жәреукелену немесе әлдекiмдермен ауыз жаласу қажеттiгiн ұғынды.


Тесiк-тесiктi, ұңғыл-шұңғылды қалдырмай сабылып жүргенiнде жiгiттiң осыған көзi жеттi. Сосын бәрiнен күдерiн үзiп, үйде томаға тұйық отырып қалды. Тындыратыны бiрiншi сыныпқа барған Айбынды мектепке апарып, қайыра әкеледi. Ертеңгi сабаққа дайындалтады. Жеңгесi жұмыста, Жапар ұсақ-түйек шаруалармен жүредi. Сондықтан кешкiлiк тамақ әзiрлеп қояды. Бiрде ағасына:


— Көшеден ауылдың баласын көрдiм, — дедi.


— Иә. — Жапар «ол не дедi» деген пiшiнде оқшырая қадалды.


— Ауылда көңiл жұбатарлық ештеме жоқ, жанжал дейдi.


Жапардың санасына бiрден Көнектiң тентектерi сап ете түстi.


— Не қылған жанжал?


— Ой, ана, «Апырымовтар ешкiмге жантаптырмай бара жатыр» дейдi. Есiгiнiң алдынан өткен адамды шақырып ап, жұмыстарын жасатып қояды екен. Ендi, ауылдағы балалар солармен жақсылап тұрып шайқаспаққа даярланып жатса керек.


— Сенi соған жүр деп тұр ма? — Ағасының үнi қатқыл шықты. — Құры-ы-сын, аулақ!


— Жоқ. Кездесiп қалғаннан кейiн жаңалықтарды айтқаны ғой.


— Ендi жолықса «жұмысқа тұрайын деп жатырмын, таяу арада ауылға бармаймын» де, жарай ма?


— Өзi де сөйтемiн. Ауылда болмағаным қандай қатып кеттi, әйтпесе маған да «жүр» деп қолқа салар едi. Бармасаң, жексұрын боп көрiнесiң. — Еш қылаусыз балаша көкейiндегiсiн айтты.


Жапар сырт айналды. Шынында да ел iшiлiк жастардың түсiнiк, танымы оны да қайран қалдыратын. «У iшсең руыңмен» деген қағидат әлi сепсiмей, бойларында қалып қойған. Он тоғызыншы ғасырдағыдай сойыл алып, жiк-жiкке бөлiнiп соғысу бүгiнгi күннiң тәсiлi емес екенiн ешкiм қаперлемейдi.


Әңгiме осымен бiттi де, күнделiктi күйбең тiрлiк өз әуенiмен жылжи бердi. Қайтып ол жөнiнде сөз қозғалған жоқ.


Қазақтың пәлсапасы басқа халықтың пайымынан әлденеше терең екенiн Жапар баяғыда мойындаған. «Адамның басы — алланың добы» деген рас. Әлгi әңгiмеден кейiн арада ай өткенде алдын-ала келiсiм бойынша Жайнақтың әскери комиссариатқа баруы керек болды. Сөйтiп ауылға аттанды.


— Кейiнiрек барсаң қайтедi? — дедi Жапар әлденәрседен секемденiп.


— Оған комиссариат тағы бiр бәле шығарып, «шақырғанда келмедiң» деп, бiрдемеге iлiнiп жүрем бе? Өтiрiк құжат жасатқан бiр-екi баланың iсi сотта жатқан көрiнедi. Тынышынан-тыныш жолығып, не айтпақ екен, бiлейiн. «Болмайды, армияға барасың» десе, кетемiн.


Расында да соңғы кезде көрiнген нәрсенi желеу етiп қалайда әскерден бой тасалау үрдiсi етек алып, комиссариаттардың қызметi тексерiле бастап едi. Былықтары да газеттерге жазылып, бiрлi-жарым комиссарлардың бастары бәлеге шатылған. Ендi әлгiндей әрекетке барғандары өздерiнiң жанын сақтау үшiн, бұрын кейiнге қалдырған адамдарының бәрiн жинап жатса керек.


Ағасы осыны ойлады. Бiр жағы iнiсiнiң де ауылға қарай саңы ауып, ар жағы қолқылдап дегбiрсiзденгендей көрiндi. Iштей «апасын сағынды ма, — деп тұжырды, — барса барып келсiн, бәле-жаласынан сақтасын».


— Жарайды. Бар да, ештемеге алданбай, жылдам қайт. — Көкейiнде төре-төлеңгiттердiң тiрлiгi сайрап жатты. «Бiр нәрсеге ұрынып қалмаса екен» деп қорықты. Сондықтан, тез оралуын қатты тапсырды. Ойлағанындай-ақ, бар бәле Жайнақтың ауылға келуiн күтiп тұрыпты: екi жiкке бөлiнген тобырдың төбелесi, кiсi өлiмi, түрме…


III


Жапардың төбе құйқасы шымырлады. Ой қуып сандалып айшалықтанғанында, мына былыққан дүниеде қалай жол тауып жүрiп келе жатқанын да бiлмедi. Бар бiлетiнi — қайткенде де Қарағандыға жету. Әлгi iздеген адамдарын ұшыратып, ақшаны алу. Оларға ақша бергелi де арада үш жылдай өтiптi, иманшылықтары болса мұның басына күн түсiп, ауыздықпен су iшкенiнде жерден қазса да табар.


Қас қарайды. Сол-ақ екен, түнерiп барып күн бiрдемде ұясына кiрiп үлгердi. Дауыл күшейiп, үдеткен сыңай танытады. Оны жолды кес-кестеген сумақай үскiрiкке iлескен түйiршiк қардың сықпытынан байқап келедi. Жүрiсi мүлде баяулап қалғандай, iлгерi басқан аяғы керi кетедi. Әйтеуiр, алланың жар болғандығынан, машинаның күштiлiгiнен ғана iлби қозғалатындай. Әйтпесе, баяғыда далада қалғандай едi. Жол-жөнекей неше техниканы көрдi. Бүрсең қағып КамАЗ-дың шопырлары қыздырғыш оттықтарын жалаңдатып жүр. Шамасы, солярка жүретiн жүйенiң бәрiн көк аяз қармап, содан алпауыт көлiктiң демi құрып, қара тұяғынан хал кете болдырған өгiздей дiңкелеп тұрған сыңайлы. Қайсыбiрi балонын өртеп жатыр. Оның қасында тәуба. Тыным таппай төрт құбыласынан ұйтқи-ұйтқи дауыл соқса да, тоқтамады. Жол мұраты — жетудi көкейiне түйiп, жанына қарысып-ақ тiрмiзiктенедi. Бiрақ, Қарағандыға барар жолдың мойны қашық едi…


*** *** ***


Жаңа жылдың алды-артындағы мерекелiк екi-үш күндi пайдаланып, ат басын ауылға тiредi. Бұған үй-iшi, әсiресе, анасы Нұрғаным мәре-сәре. Ақжарма көңiлдiң аясында Жапар да ерекше насаттанды. Шешесiн сағынып жүр едi, мауқы басылып, көзайым тапты.


Сөйтiп, тоқсаныншы жылды туған босағасында қарсы алды.


Ертеңiнде түске қарай жекжаттары әрi мектептi бiрге бiтiрген Жомарт сап ете қалсын. Арсалаңдай амандасып, шұрқырай қал-жай бiлiстi.


— Сенiң үйде екенiңдi естiп, әдейi келдiм. Жаңа жыл құтты болсын!


— Рахмет. Үй-iш тегiс аман ба, апамның қалi жақсы ма? — Жомарттың шешесiн бұлар «апа» дейтiн едi.


— Аман, аман.


Ауылдың жай-жапсарын, өзге де ұсақ-түйек ананы-мынаны сұрастырған қалпы, көтерiңкi күйде шай iшiлдi. Дастархан жиналар алдында Жомарт:


— Жүр, қыдырып келелiк, үйде отыра бересiң бе? — деген ұсынысын да айтып үлгердi.


— Жарайды, бой жазалық.


Сыртқа шықты. Күн шақырая шатынағанымен сары шұнақ аяз кәрiне мiнгендей. Әудем жер ұзамай жатып, беттi шым еткiздi. Бiрақ оны жаңағы iшкен бiрер жүз грамның буымен екеуi елей қойған жоқ. Самбырлай сөйлеп, қарыштай басып iлгерi оза бердi. Алған беттерi — «Үшiншi».


Жомарт сонда тұратын едi.


Кеңестiк шаруашылықтың бұл үшiншi бөлiмшесi орталықтан үш шақырымдай жерге қоныстанған. Жұрт «Үшiншi бөлiмше» деп атын толық айтқанды қиынсынды ма, әу бастан «Үшiншi» деп атапты. Бұған әлде оның үш қана көшесi болғандығы, негiзгi орталықтан үш шақырым жерде тұрғандығы ықпал етуi де ықтимал. Әйтеуiр, Жапар ес бiлгелi осылай естiп келедi. Өздерiнше үлкен iргелi ауыл, жүзден астам түтiнi бар. Жастары бәле iздегiш, шетiнен қызыл шеке болып төбелесiп жататын. Төбелестiң iшiнде осы төңiректегi жұртқа белгiлi жынды Көмiрханның бiлеуiттерi, Көнектiң төбеттерi және олардың жандайшаптары жүретiн. Жанжалды шығаратын да солар. Әсiресе, сырттан келгендерге қырғидай тиедi. Өйткенi, екеуiнiң де үйлерi Үшiншiге кiре берiстегi сол жақ қанаттағы көшенiң бас жағында орналасқан. Кiм келiп, кiм кеткенiн қалтқысыз көрiп отырады. Одан қала берсе, үйiрлi неме аш бөрiдей шұбырып Үшiншiнiң үш көшесiнде сабылады. Бiреуi әлдекiммен iлiгiссе, басқа түкпiрде жүрген қалғаны демде ошарыла жиналып үлгiредi. Содан кейiн барлығы қорқауша жабылып, ту-талапайға салады.


Дүбiнген дүлейлер аздай Жебеуханның жiнiккен жындылары атқа қонады. Олардың да үйi оң жақ қанаттағы шеткi көшенiң басына iрге тепкен. Әлгiлер де ауылға кiмнiң келiп, кiмнiң кетiп жатқанын алақандағыдай мүлтiксiз аңғармақ. Және жойыттардың көзi құтырған иттiң көзiндей қып-қызыл болып қанталап тұратын едi.


Бұлардан басқа да аннан қағылған, мыннан қағылған жойдасыз дөкiр мiнездiлер жететiн-тұғын. Бәрiнiң сықпыты үй маңында жуан-жуан тышатын, ал сыртқа шықса еш кәдеге жарамайтын дүрегей төбетке ұқсайтын.


Сол ылаңшыл ауылға бет алып келе жатты.


Екi елдi мекендi ортасынан қақ жарып ағатын Қызылағаш өзенi бар. Жазда салынатын бақшаға байланысты екпiнiнен айырылып жылап ағады да, жұрт ары-берi төтесiнен өте бередi. Қыста қос ернеуiн керiп, көкмораз мұз қатады. Ортасында арқыраған су, кейде ашулы аяз оның да бетiн құрсаулайды. Бiрақ, таудан дамылсыз құйылған ағын тастүйiн мұздан асып шығып, қызылсуға айналады. Тағы бiр мысасына мiнген аязда ол да көк «болаттан» кiреуке жамылады. Ендi келесi бiр кезеңде таудан құйылған ырықсыз су көктайғақтың үстiмен лықсып кеп қалады. Әйтеуiр осындай, дамыл таппайтын арпалыс. Ақыры көктем келiп бәрi сабасына түседi, ал жаз шыға бастағанда Қызылағаш өзенi асау мiнезiнен айырылып тынады.


Сондықтан жұрт қыстың күнi күрежолдың бойындағы көлiктер жүретiн үлкен көпiрмен қатынайды. Ол екi араны тiптен қашықтатып жiбередi.


Көпiрдi кейiнге қалдырып асфальттан солға бұрылғанда өзекше, одан соң қыстау, қыстауға жапсарлас жалғасқан зираттар ұшырасады. Соқпақ қалың моланы қақ жарып, қорымдардан асқанда барып ылдиға ұласады. Содан бiраз жүргенде бөлiмшенiң қоймасы мен жаман-жәутiк малы тұратын шаруашылығына салынған базына ұшқасасың. Оның атын орысша далитып «хоздвор» дейдi. Әлгiден ұзағаннан кейiн ғана даңғой махалланың өзiне таянасың.


Жолшыбай Жомарт қызу әңгiменi бастағаннан соң ба, жаяу адамға алыстау көрiнетiн алшақтық байқалмады. Жапар әне-мiне дегенше зираттардың қасына таянғандарын аңғармады. Сосын жолдан қиыстап, әкесiнiң моласына бұрылды.


— Әйемнiң басына барамыз ба?


Мұның әкесiн ағайын-туғанның бәрi «Әйе» дейтiн едi.


— Иә.


Тiзеден келетiн қарды кешiп, iлгерi жылжыды. Бес-алты адым ұзаған соң күпсiген ұлпа күртiкке айналды. Кейде қасат кiсiнiң салмағын ерен көрмейдi де, кейде ойылып түседi. Сондықтан асықпай ақырын аяңдап, қаптаған бейiттiң iшiндегi атасы мен әкесiнiң тұсына iлiктi.


Қара жердiң қойнына әкелi-балалы екеуi қатар жайғасқан едi. Сол қашанда мiз бақпай жататын тымырайған қалпы бұйығы қарсы алды. Қабiрдiң дәл iргесiнде бiр сәт олардың пәнидегi өренi иiнi салбыраған қалпы, үнсiз мүлгiрдi. Жомарттың да өңiне салқындықтың лебi жүгiрiп, томаға тұйықтаныпты. Жапар тым құрымағанда құранның бiр сүресiн бiлмегенiне өкiндi. Сонда да әйтеуiр далбасалап, өзiнше аруақтың алдында мiнәжат еттi. Сөйттi де келген iзiмен керi жүрдi.


Бұлар таянғанда Үшiншi бақалы көлдей бықып, қайшалысқан елге толы көрiндi. Бүгiн қаңтардың бiрi болғандықтан ба, бәрiнiң қабақтары жадыраңқы. Көбi жастар. Сақ-сақ күлiп бiр-бiрiне әзiл айтады, қағытады. Екеуiмен бетпе-бет жолығысқандары қол берiп, жылы ұшырай амандасты. Ара-арасында есiгiнiң алдына шығып тұрған шал-шауқандардың да жетiмсiреген кейпi көзге шалынады. Олардың сықпыты сарғайған жапырақ сияқты қуаң әрi күнi өтiп бара жатқандарына опынатындай.


Жомарттардiкiне бiр құшақ буды арқалай кiрдi. Шөгiңкiреп қалған кәрi кемпiр жүкке арқасын тiреп, жiп иiрiп отыр екен.


— Амансыз ба, апа!


— Ой, Жапарсың ба? — Қаперсiз қария бiрден басын көтерiп, сәлемнiң орнына қарсы сауал тастады.


— Иә, мен ғой, апа.


Үлкен кiсi бүгжеңдеп орнынан тұра бастады. Жапар да сырт киiмiн шешпестен қарсы жүрдi.


— Өзiң дағарадай жiгiт бопсың ғой.


Қария маңдайынан сүйдi.


Әп-сәтте-ақ дастархан жасалып, сары май мен ақ құрт, орауы қызылды-жасылды кәмпит мерекенiң мерейiн асырды.


— Оқуыңды қашан бiтiресiң?


— Құдай қаласа биыл жазда.


— Аз қалыпты ғой.


— Мезгiлi таянған сайын, соңы жеткiзбей шаршатады екен.


— Ештеме етпейдi.


— Жапардың ауылға келгенiн естiп, әдейi барып ертiп келдiм, апа. — Сөзге Жомарт араласты.


— Дұрыс, бiр-бiрлерiңдi iздеп жүргендерiң жөн.


— Қазiр мына Сәрсендердiкiне барамыз.


Сәрсен де Жомарттармен замандас әрi екеуiне де жиен.


— Бүгiн мәре-сәре болатын болдыңдар.


— Мәре-сәре болатын күн ғой. — Жомарт тiптi айдарынан жел есе екпiндете сөйледi.


*** *** ***


Шай iшiп қайта сыртқа шыққандарында күн әжептәуiр еңкейiңкiреп қалыпты. Соған қарағанда әңгiмеге алданып, бiраз бөгелгенге ұқсайды. Сонадайда көше бойымен құдыққа қарай шана сүйреткен бiрлi-жарым баланың қылпы байқалады. Кейбiрi флягiн толтырып үйiне қарай су әкеле жатыр. Ара-кiдiк әтештер шақырады, ит үредi. Ауыл тiрлiгi сондай ғанибет реңге енген.


Жапарлар ендi Сәрсендердiкiне қарай бет түзедi. Бiр-бiрiмен қанаттас салынған үйлердiң арасымен жүрiп, көздеген межеге демде iлiктi. Әне-мiне дегенше жиендерiнiң үйi қол созым жерде тұрды.


Екеуi бақшасынан кiрмек ниетпен, төтелей тартты.


Қорасының арт жағынан әлденеге көздерiн қадаған екi-үш адамның нобайы байқалды. Қатты-қатты шыққан бейсауат үндер де естiлдi. Соған қарағанда үйiлген шөптiң ар жағында әлдебiреулер жанжалдасып жатқанға ұқсайды. Сөйткенше болмай «ой, әкеңнiң…» деп ышқына боқтаған бiреудiң дауысы да құлаққа ап-анық шалынды.


Бұлар жүрiсiн жүдемдеттi.


Маяны айнала берiп Жапар өз көзiне өзi сенбедi. Сенбейтiнi, дәл алдында Сапар бiреудi сабап жатыр. Мұны шешесi Нұрғанымнан бастап үй-iштiң бәрi қалада деп ойлаған. Ендi Үшiншiде қайдан жүргенiне қайран.


— Саған осы керек қой, мә! — Әлгiнi бырш-бырш түйгiштейдi. Бүкiл назарын соған аударып, жанындағы тiршiлiктi бiржола ұмытқан. Туған ағасының дәл қасына келiп тұрғанын да аңғармады.


Ана пәтшағардың шақар екендiгi жалпақ жұртқа бұрыннан мәлiм-тұғын. Таяқтың астында қалса да қызыл тiлге iшкi қыжылын төгiп, буырқана бұлданады.


— Өлтiремiн! Өлтiремiн әкеңнiң!.. — Бiреу қолын ұстап тұрғандай шырқырайды.


— Өлтiр… — Ызалы үн, қарысқан тiстiң арасынан ысылдай шықты.


Сәрсен жүгiрiп кеп Жапармен амандасты. Амандаса сап:


— Сапар, қой ендi, болды! — деп, басу айтқандай сыңай байқатты. Жұдырықтасқандарды қызықтаған төңiректегi өңге жiгiттер де дабырласа басалқы сөздiң шетiн қылтитты. Содан кейiн Жапар «өзара бiрдемеге келiспей шекiсiп қалған шығар» деп, көп бөгелмей iлгерi жылжыды. Табалдырықтан аттасымен арқа-жарқа ниет танытып, кеу-кеулеген қошамет басталды. Сонда да жiгiттiң көңiлi сырттағы малағамға алаңдап, байыз таба алмады. Ара-кiдiк:


— Әлгiлер не болды? — деп, сұрап қойды.


— Ой, ол екеуi әлдеқашан татуласып, бiрге Сапардың жолдастарыныкiне кеттi. Қазiр келедi.


Бұл сөз де көңiлiн жай таптырмады. Дегбiрi қашып, шырқы бұзыла бердi. Есiк ашылған сайын босаға жаққа назарын тiгедi. Терезеге үйiрiлген қараңғылыққа қарағанда, уақыт бiраз болып қалғанға ұқсайды.


Сөйтiп, шырқы бұзылып отырғанында Сапар да жеттi. Iнiсiнiң төбесi көрiнiсiмен:


— Бiз қайталық, үйге барғанша қай заман, — деп, ағайындарының ықыластарына рахмет айтты.


— Тiзгiн ұшымен жүргендерiң дұрыс болмады, отырмадыңдар ма кiшкене. —Бiраз қызыңқырап қалған Жомарт наз айтқандай сыңай байқатты.


— Айып етпе, өздерiң жайбарақат демалыңдар. Ендi бiзге қолқа салма, жүрелiк.


— Жарайды.


Асығыс аттанды. Өйтпесе, үйiрiмен шұбыра көшетiн осы жердегi әбiлеттер қазiр сарт етiп келе қалуы әбден мүмкiн. Келе қалса қара жүректi нойыстардың талқысында қалатыны анық. Жанжалдасқан әлгiмен Сапардың татуласқанына нанбайды. Нанбайтыны, Көнектiң төбеттерiнiң құлы болып жүрiп, соларды арқаланатын найсаптар жетерлiк. Бағанағы таяқтың астында жатса да «өлтiремiн» деп кiжiнушi нақ сондайдың өзi едi.


Түн жамылып Үшiншiден шыға бердi. Жапардың көңiлi үрiккен киiктiң үйiрiндей ошарылды.


— Былай жүр, былай жүр, — деп Сапар ағасын қақпалап, жолдан қиыс бұрды.


— Өй, қайда барамыз? — Жапар мұның мәнiсiн түсiне алмай, одырая қарады.


— Қазiр аналар соңымыздан өкшелей қууы мүмкiн. Оншақты минут мына «хоздворға» кiрiп, аңысын байқалық. — Iнiсiнiң қабағы түйiлiп, өңi шытынғаны ызалы үнiнен аңғарылды.


Осыдан кейiн ғана барып Жапар бастарына қандай қатердiң үйiрiлгенiн аңдады. Сөйттi де амалсыз, қарауытқан қара құжыраға беттедi.


Баздың қалқасына бұқпантайлаған күйi, құрығын көлденең ұстаған салт атты адамның Үшiншiден шыққанын көрдi.


— Әне. —Сапар әлгiнi иегiмен нұсқады. — Бұлар, соңғы кезде есесi кеткендердi елсiз жерде жабылып сойылға жығуды әдетке айналдырған. Алдымен бiр-екеуi атпен түре қуып орта жолдан бөгейдi де, қалғандары жаяу-жалпылап үйiрiмен жетедi. Кейде бес-алты атқа мiнгесiп-ұшқасып кеп, ошарыла түседi. Ал содан кейiн кергiге сап, итше тепкiлейдi.


— Не болып кеткен бұларға?


Әлгi беймәлiм аттыдан жанарын алмаған қалпы Жапар таңдана басын шайқады.


— Соңғы төрт-бес жылда осындай шайқас дәстүрге айналған. Жалқыға жабылуды намыс санамайды. Бас көтерер жiгiттердi бiр-бiрден жәукемдеп, десiн қайтарып, дымын құртады.


Бет-бейнесi көрiнбейтiн беймәлiм сабазың мүлде асығатын емес. Атының тұяғын ғана жыбырлатып, қарсы беттегi егiншiлiкке ғана пайдаланылатын темiр-терсектердiң жықпыл-жықпылын аралап, мұқият тiнтуде. Былайғы сыйқы өз бетiнше әшейiн жүрген адамға ұқсайды.


— Әне, көрдiң бе, бiздi анда тығылып отыр деп, қаңтарылған комбайндардың арасын тексерiп жүр. Қазiр ендi бiр бөлегi шұбырып, мында да жетедi. Кеттiк.


Әрi оның ол тұсты шолуылдауы, сол маңнан үлкен трассаға тартқан бiр жол шығады. Шалғайлығына қарай онымен көбiне машиналар қатынайды да, қалың зиратты көктей ат-шана, жаяу-жалпылар жүредi. Бiр жағы «қуғыншыны жаңылыстыру үшiн әдейi солай қиястай жөнелдi ме» деп, арылта байқастағаны.


Баздың iшiнен атырылып, екеуi қасқа жолмен салды.


Табанның астында аяздың қысымына шыдамай гүрт… ғырт… етiп сынған сiрi қардың бай-байы. Жапарға бұл тымық ауада сонадайдан «жүргiншi әне кетiп барады» деп қуғыншыға жөн сiлтеп, байбалам салған бақырауық түйедей көрiндi. Ерiктен тыс соңына жалт бұрылып, көз тастады. Қап-қара жым-жылас әбiлеттiң iшiнде Үшiншi әлдебiр сұмдықты жасырғандай бұйығы қалпы тым-тырыс. Бiртүрлi өне-бойы шым ете қалды. Сосын ағайынды екеуi алдыға жүдемдете адымдады. Көңiлiне алаң кiргенмен әйтсе де, соншама қараулыққа баратындай елдiң iшi ұсақтанғанына сенгiсi жоқ. «Әбден қалыптасқанша бүгiн төбелесiп, ертең татуласатын бiр жылғы төлдiң шекiсетiнi болмайтын ба едi. Ендi соны жетi атасынан бергi буынға түскен кектей көрiп, ұрымтал тұста атой сап жабыла кетуге бара қоймайтын шығар» деген пиғыл Жапардың санасын шарлап жүрiп алды. Мына жанталасып, әлдекiмдерден бой тасалауға ұмтылып келе жатқан күлкiлi тiрлiктерiне намысы қозды.


«Әй, кәпiр» болмаса жетi түнде ошарыла қуып жын соғып па?»


Өкпесi аузынан атқалақтай шыға жаздап ентiгедi. Жойдасыз жүрiстен қыстыға демiккен ырсылы екi құлағын тұндырып жiбердi. Оның үстiне зираттарға қарай жақындаған сайын жер қайқаң. Өр жай жүрген адамның өзiне салмақ салып, әлiне тиер едi. Ендi мынандай жан қарқараға таянғанда ашқан адымды қарыстырып, тұсамысша кiбiртiктеттi.


— Келе жатыр! — деген Сапардың шолақ қайырылған ызбарлы үнi бойын қармап, құрсаулады. Оқыс артына жалт қарады. Ат тұяғының жол табанындағы тапталған қарды қарш-қарш басып, шапқаны бiлiндi. Оған қабаттаса беймәлiм нәрсе ызыңдап құлағына жететiн сияқты. Оның не әбiлет екенiн сәлден соң ұғынды.


— Тоқта!


— Қашпаңдар, әкеңнiң…


— Бәрiбiр құтылмайсыңдар!


Жапардың буыны әлденәрседен босап, қол-аяғы еркiне илiкпедi. Шынында да бiлеуiттердiң киiз басқандай етiп бiлекке салатынына сенбей дал.


— Жүр, Жапар, неғып тұрсың?!


Iнiсi жеңiнен тартты. Сол тұста барып орнынан қозғалды.


Бұл уақытта түнектiң iшiнен көмескiленiп, әбiлетше түйiлген аттының сұлбасы да көрiнiп қалып едi.


— Жолдан былайырақ қыратқа шығайық, ол жерде қар сұйықталуға тиiс. Лажы болса ерден аударып тастап, аттарына мiнiп кету керек. — Сапар жерге шырт түкiрiп, мұны дөңеске қарай жетеледi. — Егер бұлардың тосқауылында қалып қойсақ, онда бiткенiмiз… Соңында жаяу-жалпылап тағы бiр қорасы келе жатыр.


Қалың зиратты қапталдай тура әкесi мен атасы жатқан тұсқа таянды. Осы кезде жемтiктiң үстiнде қанатын далбақтата қағатын қара құсша екi етегi далақтап әлгi атты да жеттi. Мiнгесiп-ұшқасқан екеу екен. Артындағысы секiрiп түсiп бiрден Сапарға ұмтылды. Жапар қараңғыда оның бет порымын аңдай алмады, әйткенмен тұлғасы үйдей көрiндi. Жерошақтың маңында құйрығын қайқайтып жүрер дүрегейше дүрдиген тайлақтың бiреуi екенiн жорамалдады.


Әлгi құжыр мен Сапар екеуi шартпа-шұрт ұстаса кеттi.


Ал ат үстiнде қалғаны — бағанағы таяқ жеген неме. Ай-шай жоқ, бұған құрығын үйiрiп тап бердi. Арғы-бергiнi екшеуге мұршасы жетпей Жапар да ұмтылды. Құрық салым жерге жуықтатпай, қос қолын ербеңдетiп, атын үркiтiп жiбердi. Бiрақ бұл әдiсiнiң еш кәдеге аспайтынын тез топшылай қойып, атты қайта маңына таятуды ойлады. Ол құрық сiлтегенде сойылдан шап берiп ұстап, ерден аударып түсiруге ниеттендi. Дәл солай болды да. Әйткенмен сiлтенген сойылды қармап қалғанымен, қансоққырды аттан аудара алмады. Бiр қуанғаны, тiзгiн қолына iлiндi. Оны саусақтарына екi-үш қайыра орап, алақанына шаптай уыстады. Сөйтiп, бiрi — жерде, бiрi — жоғарыда жан таласа арпалысты. Шамалы уақыт өткенде төменге қарай тұқитып, еңсерiп-ақ едi, ту сыртынан әлдекiм қорбаңдап жүгiрiп келе жатты. «Ә-ә, түлей атқыр, Сапарды жайратып жеткен екен-ау» деп, онысыз да желiп бара жатқан атты тоқтатпай, соның ауанымен дедек қаға қашқақтады. Ал ердiң үстiндегi ананың мойыны оң қолының астында-тын. Бұл аяғы анда бiр тиiп, мында бiр тиiп сүйретiлiп барады. Осы әрекетi қарсыласына да ұнайтындай, ол мұны аттың жалына қарай тартады. Өстiп амалдап, ерден ауып қалмай уақыт ұтқысы бар.


— Жапар, тоқта! Тоқта!


Жапар ештеме естiмедi. Бар дәрменiмен тырысып, құшағын қарсыласының мойнынан ажырата қоймады. Бiр байқағаны, соңынан елпеңдеген әлгiнiң қолында бiлектей жуан нән сырғауылы бар.


Бұл — Сапар едi. Ат көтiнен сыпырылып түсе сап лом темiрмен өзiне атырылған әбiлеттi қапысын тауып, қаруынан адаландырды да алысып бердi. Өңiрiне жабыса қарманған бiлеуiттi басымен танауынан бiр сүзiп кирелеңдеттi де, жоян жұдырығымен жағынан қонжитты. Оның аузын заматта-ақ танауынан аққан қан жапты. Әлеуеттi соққыдан сәл сенделiп теңселген әлгiнi тағы да құлақ шекеден жанып өттi. Ол буынын ұстай алмай ирелеңдеп құлап бара жатты. Осыдан кейiн ломды ала сап ағасының соңынан ұмтылған.


Жапар қараңғыда оның қолындағы сойылды аңдап, мына аттыға мiнгесiп келген дұшпанның екiншiсi екен деп топшылады. Қатты ырсылдай ентiгiп, көзiне қан тұнғаннан құлағы тас бiтелдi. Соның әсерiнен iнiсiнiң үнiн естiмедi.


Осы әредiкте қуғыншылардың жандайшаптары да «жау қайдалап» ұбақ-шұбақ созылып жеткен едi. Олар бiрден Жапардың соңындағы Сапарға тап бергенде барып ағасы дәт дедi. Өзiнiң ақымақтығына күйiне булықты. Сол тұста жауырынының ортасына күрзiдей сойыл ыңқ етiп тидi. Ер үстiндегiге жармасқан екi қолы салдырап төмен түсе бердi. Шеңгелден құтылған ол атын бiр тебiнiп, атырыла жөнелдi. Әрi түкiрiгiне шашалып барқырап барады.


— Сойыңдар иттердi! Аямаңдар! Аяғын екiншi қайтара Үшiншiге қарай аттап баспайтын жасаңдар!


Әйткенмен Жапар есiн тез жия қойды. Оң жақ қапталынан таянып қаған әлдекiмдi оң қолының сыртымен бар пәрменiмен перiп кеп жiбердi. Ол қапелiмде кейiн шегiнiп, бойына дарытпады. Жұдырығы нысанаға дөп тимей, сүйкей жанады. Бұл барша үйелменiмен ту сыртына бұрылды. Осы аралықта Сапарды iздей төңiректi шолуылдады. Анандай жерде қара-құрым нөпiр үй орнындай алаңды алып үйiлiп қапты. «Әй, мына жiнiккен сұмдар ана сорлыны өлтiретiн болды-ау» деп ойлап үлгердi. Сол аралықта шабынған қарсыласы қайта бұған жұдырық сiлтедi. Бұл да тайталасып бақты. Алайда қос қарау үйiрiнен бөлiнiп, қапталынан жылыстай жеткен едi. Кенет, құлақ шекесi дыңылдай жөнелдi. Iзiнше көзiнiң оты жарқ еттi. Жер айналып аспаннан шықты. Жапар тәлтiректей барып танауымен оппаны сүзе құлады. Сiрi қар алаулаған бетiне майдай тидi. Ол осы сәт өзiнiң бүйiрiне түймештелген тепкiнi сезбедi де.


Бiр есiн жиғанда әлi абыр-дабыр, ырс-ырс еткен үн, зiкiр сала боқтаған дауыс құлағына шалынды. Орнынан сүйретiле тұрып солай қарай беттедi. Ерiнi дүрдиiп iсiнген сияқтанды.


— Мен сенiң қаныңды iшемiн дедiм ғой, мә саған!


Баяпар да шiңкiлдек дауыс.


— Түрегел!


Iзiнше сылқ етiп тиген әлеуеттi жұдырықтың дыбысы, «аһ» деп ауырсына ышқынған әлдекiмнiң үнi құлағына шалынды. Бұл — Сапардың ышқынысы екенiн де ұқты.


Жапар бiлеуiттерге қол көтерiп береке таппасын бажайлады. Айламен алуға ұмтылды.


— Әй, қойыңдар! Өлтiресiңдер ме?! Жеттi…


— Мынау тiрiлiптi ғой…


— Аулақ ары! Саған не керек?!


Жонын күжiрейтiп тұрған бiреу таяна бергенiнде кiлт бұрылып, мұның өңiрiнен итерiп кеп жiбердi. Әлгiнiң қауғадай басы мен жап-жалпақ бетi безбүйрек қалмақтың датқасын елестеттi.


— Не әкеңнiң құны кеттi менде? Неге итересiң?


— Қайтедi-ей… — Анау гүжбан кеудесiмен ереуiлдей тапап, тарпа бас салды. Ендi Жапардың тежелуi ретсiз-тiн, қаны қызып «өлсем де жастығымды қармана кетейiн» деп, әлгiнiң иегiнiң астын көздей сiлейте соқты. Өз соққысының екпiнiмен аты жоқ саусағы қан қақсай жөнелдi. Шамасы, осы жасына дейiн ешкiммен шекiсiп көрмеген басы жұдырығын дұрыс түймегенге ұқсайды.


Сол-ақ екен:


— Мынау қайтедi-ей? — деп, жауыздар тұс-тұстан анталады. Жапар тағы да илеудiң астында қалды. Әлеуеттi тобыр қаңбақша дөңгелеттi. Жаны қыстыққанда ауа жетпей қыстықты. Тыпырлап далбасалағанымен қорғасындай батпанның астынан сытылып, жалтара алмады.


— Тоқтатыңдар! Тоқтатыңдар! — деп айқайлады. Бiрақ ешкiм оның сөзiн тыңдар емес.


Әлдебiр кезде аласапыранның арасынан құлағына кенет, «қойыңдар, қойыңдар» деген бiреудiң басалқы айтқан даусы естiлдi.


Бұл келген байбаламшыл бәленiң ағасы едi. Ең бiрiншi өз iнiсiн тықсыртты. Содан кейiн қанына қарайған ұялас төбеттердiң арасына килiктi. Жiнiккен немелер жуық арада арашаға көне қояр түрi жоқ. Басу айтқан кезде сайқымазақтанып тежелгендей бүкпентайлайды да, сол арада айнала берiп, әрқайсысы Сапарды бiр-бiр соғып өтедi. Таяқтың сiлелеткенi соншалық, онысыз да ол аяғынан тұра алар халде емес едi. Сонда да әлгiлер әкесiнiң құны кеткендей орнынан көтерiп ап төмпештейдi.


Жапар байбаламшылдың ағасын сырттай танитын едi.


— Әбсәт, тоқтат бауырларыңды! Ананы өлтiретiн болды! — дедi орнынан сүрiне-қабына түрегелiп.


Обалы не керек, Әбсәт те барынша жанжалға араласуда. Өз iнiсiн бiр-екi түймештеп жiбердi.


— Мынаны әкетшi! — деп, әлдекiмге пәрмен бердi. Соған қарағанда арашаға тағы бiреулердi ерте келгенге ұқсайды. Ол байбаламшылды қолтығынан қармап тартқылайтын сияқты. Әлгi неме одан сайын дандайсып, көткеншектеп жүре қоймайтын тәрiздi. Баж-бұж айқай, дiңк-дiңк жекiс күшейдi.


Салбыраған қалпы сүйегiн сүйретiп барып, нойыстар әлi тынбай тепкiлеп жатқан iнiсiнiң үстiне құлады. Бiр-екi жұдырық ту сыртынан тигендей болды. Бiрақ оны ерен көрмедi, ерен көрмейтiнi жан берiп, жан алысқан арпалыстан етi әбден қызып алған-тын.


Әлдебiр уақыттарда озбыр топ қалпақтарын алшысынан киiп, мейманасы тасыған қалпы төменге құлдилады. Ағайынды екеуi тiрi өлiк қалпы аруақтардың басында жерленiп қала бердi. Теп-тегiс күртiк үйiрлi қасқырдың ойнағына ұшырағандай тапталып, қардың бетiнде қызыл жоса қанның iзi сүрмеленген. Ол қараңғыда одан сайын қара ноқат боп көрiнедi.


Жапар мына ожарлардың басынғанына, әсiресе атасы мен әкесiнiң сүйегiнiң басына әкеп, итше тепкiлегендерiне қорланғаны соншалық, көзiн ашпаған күшiктей бауырын жерден көтере алмады. Құсадан аһ ұрды. Әкелерi көрден шығып ұлдарының әлжуаздығына, босбелбеулiктерiне мүсiркей қарап тұрғандай көрiндi. Әшейiнде таяқ жесе ештеме етпейтiн едi, ағайынды екеуiнiң бiрдей аруақтың басында жайрағандары сүйегiне таңба боп басылмақ.


Осындай сауалдардың санасына бiрi келiп, бiрi кеттi. Неғұрлым оның тұңғиығына батқан сайын қасiретi қабындап, көкiрегi аяздай азынады. Қасiретi қабындаған сайын қара жерден бауырын жазу тым ауырға соқты.


Анандай жерде екпетiнен Сапар қирай сұлаған. Соққы бұдан гөрi оған көбiрек тиген. Еңсесiн тiктеуге дәл қазiр оның да дәрменi жетпейдi…


Екеуiнiң де бастары жалаңбас, тұмақтарының қай тұста қалғанын да бiлмейдi. Әлгiлердiң олжалап әкетуi де ықтимал.


Бiр тал жұлдызы жоқ соқыр түн төбелерiнен түнерген қалпы шұқшия төнедi. Әлденуақытта әлдеқайдан ит ұлыды…


IV


…Осы оқиға есiне оралғанда тынысы тарылып, маңдайынан сұп-суық тер бұрқ ете түстi. Бұрында да сондағы қорланғаны санасында қылаң берсе жүрегiнiң басы қыжылдап, жанын қоярға жер таппайтын. Дәл қазiр де қара құрт шаққан малдай бүгежек қақты. Өне бойынан қара шұбар жылан өрмелей жүрiп өткендей денесi тiтiрендi. Қараптан-қарап зығырданы қайнады. Ашуға булыққаны сондай, өзiнiң жетi түннiң iшiнде жападан-жалғыз ақ қарлы боранда, көк мұздың үстiнде келе жатқанын да ұмытты. Көкiрегiн әлдебiр кек буды. Осы кектiң уытына малшынып ол ұзақ сабылды. Бiлеуiттерден көрген озбырлығы жанын қыжыртып iлгерiге одан сайын жүдемдете сүйрей бердi. Кейде астындағы машина судан шоршып секiрiп, қайра тереңге гүмп беретiн дельфиндей жолды кес-кестеген күсеттен ырғып барып қайта қонады. Сырдаң тұста мұндай шоршудың қатерлi екенiн де қаперлей алмады. Төтеннен соңынан қуғыншы шыққандай құйын-перен заулатты. Тұла бойының талмаусырап қажығаны да тарап, жауындағы жылқыдай ширықты. Көзi қанталап, тас боса да шайнап тастауға әзiр едi. Бар өшiн бауырын кеңге жазып көсiлiп жатқан қара жол мен астындағы машинадан алды. Iшкi өңезiнен запыран қотарылғаннан кейiн бебеулете бердi, бебеулете бердi. Тiптi сағатына қарауды ұмытты. Әлдебiр уақыттарда қарсы маңдайынан бозамықтанған ақ сәуленiң нышаны бiлiндi. Бастапқыда алдамшы бiр жарықтың шоғыры шығар деп мән бермедi. Әйткенмен бұл, ұйқысын аша алмай манаурап жатқан қабағы тұнжыр Қарағанды едi.


Қалаға ел орнынан тұрып, жыбыр-жыбыр тiршiлiк басталғанда келiп кiрдi. Қойын кiтапшасында жазылған мекен-жай бойынша Алмастың үйiн iздедi. Көрiнгендi тоқтатып, Титов көшесiн сұрады. Құдай атқанда ешкiм бiлмейдi. Барша тартқан жол азабынан мына тантал қабырғасына қатты батты. Iргесiне келiп тұрып көздеген адамына жолықпаса, қасiреттiң үлкенi сол болмақ. Аласұрып, меңiреу қаланың қойнына дендей ендi.


Пәтерiнiң телефоны да бар едi. Бiрақ, әдейi телефон шалмады. Ондағы ойы, танымайтын адаммен сөйлеспеуi де мүмкiн, «Алмас үйде жоқ» дей салуы да ықтимал. Одан да бiрден үйiне барып, бар жайды сосын айқындағанды жөн көрдi. Осылай ой қорытқан соң дамылсыз iздедi. Әйтеуiр сәтiн салғанда, Титов көшесiн бiлетiн бiр пенденiң ұшырасқаны. Соның сiлтеуiмен енi бiр-ақ аттам көшенiң бойына iлiктi. Шамасы, бұл бiр қаланың қиыр шетi боса керек. Сұрай-сұрай, беталбат лаға бергеннен өзiнiң шәрiнiң қай тұсында жүргенiн де бағамдай алмады. Түйсiнгенi, ит арқасы қиянға шығып кеткенге ұқсайды. Тағы да бiр қыдыру ұзағанда көкейiне жатталып қалған нөмiр көзiне оттай басылды. Сұрқай түстi бес қабатты үй екен. Ауласына тоқтады да машинасынан түстi. Сарылып ұзақ отырғаннан аяқ-қолдары қарысып қапты. Қылтасын жаза алмаған күйi кiбiртiктей алға жылжыды.


Қоңырауды басып едi, бидай өңдi әйел есiк ашты. Бейтаныс мұны көрген заматында тiксiнiп қалғандай, жүзiнен iшiн жия қойған нышан байқалды.


— Сәлеметсiз бе?


— Сәлемет…


— Алмас бар ма екен?


— Бар. — Қой көздерiнде таңданыс iзi бiлiнiп, үнi де құбылып салды. — Үйге кiрiңiз.


Осыны айтты да кейiн шегiндi. Жiгiт босағадан сөлбiрейген қалпы аттады да, состия бөгелдi. Көп ұзамай арғы бөлменiң бiрiнен түсi таныс жiгiттiң төбесi көрiндi. Бұған қарап жайдары қалпы жымиятын сияқты.


— Ассалаумағалейкум! Хош келдiңiз!


Мейiр қандырар ықыласты сәлемдi күтпеген бұл iштей таңданыс сезiмiн өткердi.


— Әликiм… — Ерiнi болар-болмас қана жыбырлады.


— Ат-көлiк аман келдiңiз бе? Мынандай ақ түтек боранда көзжұмбайлықпен жолға жападан-жалғыз аттанған нағыз жүрек жұтқан екенсiз.


Жапардың тiптi айран асыры шықты. Мұның аңырған кейпiн көрiп үй иесi бiр нәрсенi түсiндi ме:


— Маған Сүлеймен телефон шалды, — дедi. — Берi қарай тартып кеткенiңiздi содан естiдiм.


«Ойпырым-ай, ә-ә, Сүлеймен де менi iздеген екен-ау» деген ой лезде санасында жүгiрiп өттi.


— Келiңiз, шешiнiңiз.


Мұның иығындағы курткасын сыпыра бердi.


— Тiптi, бiздiң табиғатқа үйлеспейтiн киiмiңiз де жұқа.


Жапар аяғын шешкенше тымағын, шарпысын орын-орынына қойып та үлгердi.


— Төрлетiңiз, қазiр шай да даяр болады.


Жiгiт тура бiр көптен берi сағына күткен нағашысының үйiне келгендей сезiндi. Залға барып борпылдақ диванға жайғасқанда-ақ денесiн зiл батпан бiр нәрсе төмен қарай тарта бердi. Алдында отырған отбасының да сөздерi бiртiн-бiртiн құмыға естiлетiндей.


— Мен барып телефон соғып келейiн, — дедi үй иесi ауызғы бөлмеге беттеп.


Бұл басын изедi. «Қайда? Кiмге?» деген сауал да тастамады, өйткенi осынау мәурiтте оның сөзiн мүлде естуден қалған едi.


Алмас қайта қайырылғанында бейтаныстау қонағының танауы қусырыла, ұйықтап кеткенiн көрдi. Қапелiмде мұның мәнiсiн ұғына алмағандай қалт бөгелiп iркiлдi де, болмашы мезет ойланған пiшiнге ендi. Сосын керi бұрылып жастық әкелдi. Оятып алмауға тырысып, аса бiр еппен басына жастады. Бiрақ оны Жапар сезбедi, неше күнгi ұйқы жылы үйге кiргенге алды-артына қаратпай бiрден алып ұрған-тын. Әлдебiр уақыттарда барып санасы ұйысқан қалың ұйқыдан арыла бастады. Көзiн ашуға мұршасы жетпей қиналды, бiр жағы өзiнiң қайда жатқанын да бағамдай алмады. Жанарын жыпситып ашқанда да, беймағлұм дүние оның жадына ештеме оралтпады. Бiр түсiнгенi, түз емес — үй. Осыны iлiк етiп ары қарай бағамдауға тырысты. Сол кездерде барып бiртiн-бiртiн ұзақ жолда жүргенi, Алмастыкiне түскенi жадында жаңғырды.


Бөлме алакөбең екен. Өзiнiң келгенi, үйге кiргенi жаңа ғана сияқты болғандықтан «әлi таң толығымен ата қоймаған ба» деп қорытты. «Көзiм iлiне қалғанын қарашы» деп, орнынан түрегелдi. Ас үй жақтан танауына қайнаған еттiң исi бiлiндi. Сол кезде барып қатарынан екi-үш күн ыстық ас iшпегенi есiне оралды. Өзегi талып, жүрегi сазды. Сөйткенiнше болмай бұл жатқан залға Алмастың өзi де кiрдi.


— О-о, түрегелiпсiз ғой! Жол әбден соғып тастаған ғой, қатты ұйықтадыңыз.


Жапар «мынаның қатты ұйықтадыңызы несi» деп, түсiнбедi. Бетi баржиып iсiнген қалпы үй иесiне назар аударды.


— Көзiңiз iлiнiп кеткеннен кейiн бiз де оятпадық… — Ұзақ жолдан келгенiнде бiрден алдына ыстық су қоймағанына ыңғайсызданғандай күмiлжiдi. — Тұрғаныңыз жақсы болды, тамақ әзiр. Өзiм де «ендi оятармын» деп бет алған едiм.


— Бүгiн өзi нешесi, қазiр күннiң қай мезгiлi? — Жолаушы көкейiн мазалаған сауалын сыртқа шығарды.


— Желтоқсанның жиырма жетiсi, кеш батып бара жатыр.


— Сонда, — басын бiр жағына кекжиткен қалпы өңiне таңданыстың iзi жүгiрiп, аңырған күйi бөгелдi, — кешке дейiн тұяқ серппей ұйықтағанмын ба? Мен шамалы ғана көзiм iлiнiп, әлi таң толығымен ата қоймаған деп ойлап отырмын.


— Жоқ, кеш батып барады.


Жапардың жүрегi қан жылай жөнелдi. Қараптан-қарап бiр күнiн текке өлтiргенiне жыны қозды. Өйткенi, күн емес әр минуты қымбат-тұғын. Тым құрымағанда мынаған бұйымтайын айтып та үлгермептi.


Ұнжырғасы түсiп, басы төмен салбырады.


— Қап! — деп, оң қолымен маңдайы мен шеке тұсын мақсатсыз ұйпалай бердi.


— Жуынып, тамақтанып алыңыз. Шаруаны содан кейiн тындырамыз.


Сенiмдi айтылған «тындырамыз» деген сөзге iшi жылыды. Көп кешiкпей алдына үйеме табақ ет тартылды. Мына сый-құрмет те алағызған көңiлiн орнықтырып, бiрлегендей, бүтiндегендей.


Әңгiменi Алмас еттiң үстiнде бастады.


— Сүлейменге сiздiң аман-есен жеткенiңiздi хабарлап айттым.


— Қашан? — Аузынан осы сауалдың қалай атқи жөнелгенiн де аңдамады. Жанары да бағжаң еттi.


— Таңертең сiз келе салысымен «телефон соғамын» деп ас үйге өтпедім бе? Сөйлесiп қайтып оралсам, ұйықтап кетiпсiз.


— Ә-ә…


Арада үнсiздiк орнады. Ертеңгiлiктегi бидай өңдi әйел сорпа құя бастады. Қонақжайлылық танытып, «тамақ алыңыз» деп қояды. Етегiне үш-төрт жастағы ұл жабысып, ажырамады. Аузы-басына шырышты сатпақ-сатпақ етiп жағып апты.


— Кезiнде азаматтық танытып, қолымызға ақша ұстатқан едiңiздер, — деп жалғады сөздi отбасы иесi. — Оны ұмытқан жоқпыз. Дер кезiнде қайтара алмай ұялып жүр ек, өз аяғыңызбен iздеп келгенiңiз тiптi масқараға ұшыратты. — Сөзi үзiлiп қалды. Қонақ та әңгiмеге ынтызарлық танытпай оның бiрде-бiр лепесiне селт етпедi. Тек самарқау күйi ас алып отырды. Сәлден соң барып ләмi қайта сабақталды. — Ақша деген де өзi, қысқы күннiң көзi сияқты ара-тұра бiр жылт етедi де, қайта бетiн көрсетпей зарықтырады. Сондай оны сағынып жүрген тұсқа тап келдiңiз.


Үргедек Жапардың жүрегi қылп еттi. Осы арада әңгiме де шорт тиылды. «Әй, бекер сандалыс болды-ау» деген дүдәмал да көкейiне кептелдi. Жасыған қалпы отағасының бетiне қарады. Ол да бұдан жанарын тайдырмай қадалыпты.


— Бiрақ, үмiт арқалап ат арылтып келгенiңiзде құр қол жолға салу азаматтыққа саймайды. Жанымда тиын-тебен болмаса да, астымдағы машинаны беремiн. Сiздiң машинаны аяқ артып жүру үшiн мен алайын. Тiптi, қыжалат көрiп бара жатсаңыз, сатасыз. Оны базарға шығарғанға да жүз ұялмайды, жұтынып тұр. Қысылмай, дұрыс баға да сұрай аласыз. Дәл қазiр осындай көмек қана қолымнан келедi.


Аузына бiр кесек еттi тастап жiберiп тағы да мейманының өңiне назар аударды. Жапар оған тiс жармады.


— Содан кейiн, менiң қасымда болған екiншi Талғат дейтiн жiгiт Абай қаласында тұрады. Ол сiздi күтiп отыр. Үйiнде екi мың доллар ақшасы бар, бередi. Онымен әлгiнде ғана сөйлестiм.


Жапардың өңiне қан жүгiрдi. Тынысы да саңғырап ашылып салды. Мына жiгiттердiң мәрттiгiне жаны сүйсiнiп барады.


— Менiң уақытым өте тығыз, мейлiнше жылдам қайта жолға шығуым тиiс. Машинаның құжаттарын қалай рәсiмдеп үлгеремiз, ол ат емес ауыстырып мiне салатын.


— Оның бәрi реттелген. Сiз демалып жатқанда мен барып нотариустан жүргiзуге, сатуға сенiм қағаздарын алып келдiм. Тек аты-жөнiңiздi қазiр қолмен әдемiлеп жазамыз. Содан кейiн машинаны мiнесiз де, қалаған уақытыңызда аттанасыз.


Мұны естiгенде Жапар мүлде жадырап, жаздай жайланды. Жаны қысылып, қарқараға тiрелгенде құдай көз жасын көрiп, мынандай адамдарға жолықтырғанына мың мәрте шүкiрана еттi.


Сыртқа шыққанда есiктiң алдында алқара көк «Тайота-Карина Е» маркалы жапондық машина жанарына оттай басылды. Айтса айтқандай құйрық-жалы төгiлген жорғадай тұқия жұтынады. Ал өзiнiң мiнiп жүрген «Ниссан-Блюбердi» бұдан әлдеқайда қораш екен. Сиықсыз болса да төрт жылдай тақымбасты торысына айналған көлiгiн бiртүрлi iшi қимады. Сөйте тұра қамқор жанның “тiптi болмай бара жатса, сатарсыз” деген сөзi құлағында ызыңдап, айналып жүрiп алды. Амалсыз сұр машинаның кiлтiн Алмастың қолына ұстатты.


— Ал, жақсы! Жолыңыз болсын! — дедi Алмас.


— Атан жiлiк азамат екенсiң, рахмет саған! Өркенiң өсе берсiн! —Мынандай мырзалықты көрмегендiктен бе бiртүрлi қапалақтады. Өңiне лып етiп қан жүгiргендей де болды. Көптен берi күлмеген аялы жанарлары да ұшқын ата жылт еттi.


— Айтқаныңыз келсiн!


Екеуi құшақтасып қоштасты. Сосын Жапар жаңа машинаға отырды да оттықты қосты. Мотор заматында-ақ гүр ете түстi. Приборлардың көгiлдiр сәулесi адамға басқаша әсер бередi екен. Кенет, назары өз машинасына ауды. Айдалаға жат қолына тастап кеткен бұған өкпелiдей бұйығы ғана томсыраяды. Қимасы қалып бара жатқандай, мұның да жүрегi қотарыла қобалжыды. Ендiгi бөгелуiнiң артық екенiн ұғынып, орнынан ерiксiз жылжыды.


*** *** ***


Халқы қайшалысқан қаланың шамы самаладай жарқырайды. Шет жақтары болмаса, орталық көшелерi кең сияқты көрiндi. Қарағандыға таңның шапағы сызаттанғанында келiп, сам жамырай бастағанда аттанғанын жақсылыққа жорыды. Қазiр, құдай амандығын қойса бiр сағаттың о жақ, бұ жағында Абай қаласына қоналқаға жетiп барады. Сосын шаруасын бiтiрiп, тiзгiн ұшымен қайта Алматыға тартпақ. Бiлетiнi — ақшаны әзiрлеп, Талғат мұны күтiп отыр.


Осындай лекiген көңiлмен шаһардың сыртына қалай шыққанын да аңдамады. Барған сайын машинаның қатары сиредi. Сол тұста ғана ашық далада аққан жұлдыздай жалғыз заулап келе жатқанын байыптады. Жаңа машина да ұшардай шүйлiгедi, қараталдай шапшиды.


Алдынан сумаң қағып, үскiрiк айдаған жаяу бұрқасын жүгiрiп өттi. Мұндай көрiнiс бағанадан берi сан қайталанған, тiптi, жолды кесiп ирелеңдей жөнейтiн жыланға ұқсас әбiлет, соңғы екi-үш күннен бергi серiгi iспеттi де боп алған едi. Қалай екенi белгiсiз, дәп осыған назары ауды. Қараптан-қарап арқасын аяз қарығандай сезiндi. Тұғырдағы дүр сiлкiнген құстай, денесi тiтiрендi. Зәуде, тосыннан есiне желтоқсандағы қыз оралды. Бейшараның аты — Баршагүл екен.


*** *** ***


…Әр қарайғаннан шошынған екеуi бұқпантайлап кеп Жапардың күркедей ғана бiр ауызды үйiне бас сауғалады. Асты әдейi ұраға арналып қазылған лашық аңырап тұр. Жаман құжыраға қожасы тақтайды аяды ма, едендерiнiң жымдасатын жықпылы түйiспей, саусақ сиярлықтай ырсиып-ырсиып ашық қапты. Содан танбай үрлеген қара суық өн бойыңды қармап, қалтыратып жiбередi. «Ү-үү» десең, пештiң мұржасындай аузыңнан будақ-будақ бу атқылайды.


Өмiрi көрмеген құқайын көрiп алу-далуы шыққан, өңi қан-сөлсiз қызды сүйемелдей қапталдағы ескi темiр төсекке жатқызды. Жүрегiн түршiктiрген қорқыныштан ба, сүйегiнен өткен суықтан ба, бойжеткеннiң денесi болмашы дiр-дiр етедi. Осы аянышты кескiнi, қапияда тұзаққа iлiнген қоянның көжегiн елестетедi. «Қонағының» ұсқынына сәл үңiлiп қадала қарады да, үстiне көрпе жапты. Сосын, таңертең дегди берсiн деп үйге кiргiзiп кеткен тамызығын от тұтатпақ ниетпен пешке қалай бастады. Илiккен сайын маңдайынан көзi атқып шығып, ағып түсетiндей солқылдайды. Ептеп тыжырынды. Сол кезде ернiнiң дүрдие iсiнгенiн аңдады.


От бiр лау етiп жана жөнелсе, шелек толы көмiрi де әзiр. Оның қызуы бой жылытып, асты-үстiнен жел гулеген мына «аңғарға» қонып шығуға жарар едi. Бiрақ, аш өзектiң тiлемсектiгiн қайтаратын осы қотыр тамда ештеме жоқтығы жадына оралғанда, өз-өзiнен қысылыс тапты. «Ендi қайтемiз, қара шай мен қара нан жермiз…»


Әншейiнде бықсып тұтанбайтын от демде тартып, лаулай жөнелдi. Сатырлай дыбыс шығарып, қу ағаш жана бастады. Ептеп, көңiлi жайланды. Бұл да болса құдайдың қарасқанына.


Күйелеш қара шәугiмге су құйып, қазандықтың үстiне қойды. Iзiнше «қағаберiсте қалып, ұмытылған әлденәрсе бар шығар» деп, ескi шкафтың аузын ашты. Тiлеуiне қарай, жартысынан көбi желiнген «Шаруа майы» назарына iлiктi. Қуанып кеттi. Жарты бөлкеге жуық нан, үш-төрт түйiр қант табылды. «Бақытқа толығымен кенелу үшiн, бұдан артық ештеме керегi жоқ қой» деп насаттанды.


Сосын бұрыштағы столдың үстiн сүрте бастады. Изеңдеп ары-берi қозғалған сайын миы аузына кептелiп, басы зырқ-зырқ етедi. Сонда барып өзiнiң пошымының келiспей, сиқының қашыңқырағанын аңдады. Төр жақтағы ескi шар айнаның тұсына таянды. Мiне, масқара, оң жақ көзi қара күреңденiп, қанталапты. Бiр тәулiк тұрмақ, бiр жұмада жазыла қояр сыйқы жоқ. Құдай атқанда ертеңгi сабаққа бара алмайтын болды.


Қызған пешке бiр шелек көмiрдi көмiп кеп жiбердi. Шәугiм де ызылдай бастады.


Қолын шайды. Содан кейiн барып, бiраз уақыт ұмыт қалдырған «мейманына» назар аударды.


— Қалың қалай? Жылындың ба?


Оның да сұрынан сұр қалмаған. Нәзiк пiсте мұрыны домбығып, қара қошқыл реңге енген. Баданадай көзi iсiктен тырсылдап, жiпсиген. Тек ар жағынан отты қарашығы ғана жылт-жылт етедi. Өңiрiнiң бәрi қан-қан.


— Жүрегiм айнып, басым айналып барады.


— Кеудеңдi көтерiп отыру керек шығар.


Қыз үндемедi. Арада тоңтерiстiк орнады.


— Қазiр шай iшемiз. Ыстық шай iшкеннен кейiн басылар.


Екеуi оны-мұныны тiстерiне басқан сықылданды. Қыз мүлде нәр сызбады деуге де болады, күйкентайдай шүршиiп отырды да қойды.


Олар дастархан басында танысты.


— Менiң есiмiм — Жапар, — дедi жiгiт.


— Баршагүл, — дедi бойжеткен басын изеп. Шамасы, сөйлеудiң өзi әлiне тиiп, қажытатындай көрiндi. Иiнi салбырап, ұзақ тiлi байланды. Тырс етпей қоюды әбестiк санады ма, бiр кезде барып қайта сөзiн жалғады. — Политехникалық институттың бiрiншi курсында оқимын. Алаңға құрбыларымның бәрi келiп едi, не жағдайға ұшырады екен? Бәле-жаладан аман боса көрiм. — Маңдайын қолымен сүйеп, үн-түнсiз томсарды. Көпсiген самай шашы төмен салбырады. Уайым сауып, санасының сарабдал тартқаны осы ұсқынынан-ақ белгiлi-тiн.


Көңiлiн шер басып, мұң жамылған оның жанын жадыратарлық жiгiттiң де мандымды бiрдеме айтуға қауқары жетпедi. Неден бастап, неден қоярын бiлмедi. Салы суға кетiп, салдары құри берген.


— Мен жатақханама қайтайын.


— Жоқ! — Осы кезде жiгiт ышқына екiлендi. — Қазiр көшеге шықсаң, сойылға жығыласың! Аман жетпейсiң. Ертең барасың.


Бойжеткеннiң қарсы уәж айтуға еш ыңғайы қалмады.


Бөлмедегi жалғыз төсекке екеуi қатар жатты. Баршагүл iргеге жабысып, қабырғаға бетiн бердi. Жiгiт шет жағынан жайғасты. Әлден уақытта қыздың танауы пыс-пыс етiп жылағаны аңғарылды. «Қайтсiн, ертеңгi тағдырына үрейленiп жылайды-ау, бәтiр» деп қорытты жiгiт. Өзiнiң де көкейiн қорқыныш кеулей жайлаған, бiреуге басалқы айтар жағдайы жоқ едi. Кенет:


— Ендi менiң саған ғана күйеуге тиюiм керек, шамасы, — деген құмығыңқы естiлген үн Жапардың алай-түлей көңiлiн одан сайын қотарып, астаң-кестең жасады.


— Неге?! — дедi қапелiмде аузына өңге сөз түспей, бас жоқ, аяқ жоқ мынандай әңгiменi естiген соң жұлып алғандай.


— Сенiң қасыңда жатырмын ғой… — Көз жасына булығып, сөзiн аяқтай алмады.


— Жатса не ғылады?


— Екi қабат болып қалмаймын ба?


Жапар мына қисынсыз ләмге мырс етiп күлiп жiбердi.


— Неге күлесiң? «Жiгiттерге жақындама, екiқабат боп қаласың» деп мамам айтқан. Ендi мен сенен бала көтеретiн шығармын.


Қыздың соншама сәбидей таза, баладай аңғалдығына жiгiттiң ет жүрегi елжiредi.


— Соған жылап жатырсың ба?


— Иә. — Көкiрегi жарыла, өзегiн от-жалын шарпи шындығын айтты.


Арада бiраз үнсiздiк орнады. Ықылық араласқан оның жұмсақ демi бiлiнедi. Соны тыңдай лажсыз ойға бөленген жiгiттiң жүрегiне аяушылық сезiм ұялады.


—Ештеменi уайымдама. Таң атсын, жатақханаңа дiн аман апарып саламын.


*** *** ***


Қараптан-қарап сондағы тiрлiктерiне күлкiсi келдi. Зәумен, өз-өзiн ұстай алмай қарқылдап күлiп те жiбердi. Әзер буынын бекiттi.


Бiр кездерде сонадайдан шамдары жарқырап, Абайдың нобайы көрiндi. Жаны сонда тұрғандай кеудесi өрекпiп, жүрегi атқалақтай соқты. Таянған сайын асығып, дегбiрi қаша бастады. «Құдай бұйыртса, айналасы бiр сағатта қайта жолға шықсам…»


Iнiсiн жылдамырақ қапастан құтқару үшiн тызақтады.


Акселераторды құшырлана басып қалды. Сол-ақ екен, машина шымбайына қамшы батқан жылқыдай атырыла жөнелдi. Жол табаны жiңiшкерiп, жер апшысын қуырған темiр тұлпардың бауырына жиналды. Әйткенмен, екi қапталдағы ақ пен қара шектескен әлем, қалыспай қатарласа жүйткидi. Кенет, қолтығын жазып үлгермей алдынан шынтаққа ұқсас иiннiң ұшырасқаны. Мұндайда жұлдыздай аққан көлiктi тежеудiң артықтығын әрi қатерлiлiгiн бiлетiн. Сондықтан iрiкпей рульдi жолдың ыңғайына оңға тартты. Бiрақ, ептеп сасқалақтаңқырап газды әлсiретiп алған едi. Ендiгi тұста өз ауанымен ғана сырғыған дөңгелек болмашы бiр ойдымда бұлт етiп, табансыздық танытып тайды да жөнелдi. Iзiнше газды басып жiбергенде, алды жетелейтiн машина оңшалар едi, қапелiмде бұл әдiс қаперiне оралмады. Жалма-жан арты айналып, бiр жақ қабырғасына қиыс кетiп бара жатқан неменi дұрысына қарай бұра бердi. Әйткенмен, бағыну ырқынан бiржола шыққан машина лықси тайғанақтап, ендi, кiлт сол жақ қапталға салды. Осы әредiкте газ басу есiне сақ ете түстi. Үргедек сезiм аралас күйi, барынша акселераторды нығарлап жiбердi. Қақпақылдан машина үрiккен жылқыдай жалт берiп, қайта оңға тартты. Әлгi бетiмен өмiрi жүген-құрық тиiп көрмеген шу асаудай бас бермеген қалпы жолсызға атырылып, дөй далаға лаға жөнелдi. Кемiнде жүз жиырма шақырымдық жылдамдықпен дөйiп, жұлдыздай аққан көлiк жол жиегiндегi кесiлген қара ағаштың түбiртегiне сол жақ езуiмен бырш етiп соғылды. Әлгiден кейiн-ақ бiр жамбасына қарай көтерiле бердi де, ақ боран сiрi қарды аспанға құмша шашып, оңқа-шоңқа аударылды. Онымен қоймай ылдиға бiр-екi рет домалап кеттi, ақырында төрт дөңгелегi көктен кеп шалқасынан барып өңкидi. Сол мезетте оқыс есiк ашылғанында жетiлiк шамның жалп етiп өшетiнiндей, күллi жарығы сөндi де қараңғылыққа бiржола сiңдi.


*** *** ***


…Бүйiрiне iстiк қадалғандай жанын қуырып, бебеулетiп әкетiп барады.


Есiн жинағанда ең алғаш сезiнгенi осы болды. Басқа ештеменi пайымдауға мұршасы жетпедi. Әлдекiм iшiне үңгiп кiрiп, қабырғасын қырғышпен қырып жатқандай әсер еттi. «Аһ-һ» деп, өзегiнен жалын ата ышқынған үнi де естiлдi. Төтеннен жабысқан зауал он сегiз мың ғаламды тұтастай ұмыттырып, жанын суырып, өлтiрiп барады. Жантәсiлiммен булыққан дене керiлiп-созылып, белуарынан қамшы тиген жыландай шиыршық атты. Мойын еттерi де бiлеуленiп, күре тамыры одырайды. Сосын әлден уақытта аузына жылымшы қанның дәмi бiлiндi. Түкiрiп тастағысы келдi. Тiлiн толғай қозғап едi, ұртының қойыртпаққа толғанын сезiндi. Шұбалшындай бiрдеме езуiнен ирелеңдей жөнелген тәрiздендi.


Көзiн аша алмайтын сықылды. Ашса сау етiп аясына ащы запыран құйылатындай. Әйтсе де, әлденемен шылана баттасып жабыса айқасқан кiрпiктерiн әрең, күштеп ыдыратты. Әйткенмен меңiреу қараңғылық әсте де сейiлмедi. Жанары жұмулы күйi қалған сыңайлы.


Уақыт өткен сайын тынысы тарыла бердi, басы айналды. Өтi аузына төгiлетiн сияқты, таңдайы қан аралас кермек дәм татыды. Қолын қозғалтпақ боп едi, шамасы жетпедi, әлдебiреу тас шегендеп байлап тастағандай. Қараптан-қарап алқымы сығымдалды. Өзiнiң қайдан келiп, қайдан тұрғанын жадына түсiре алмады. Көзi қарауытып барып, қайтадан ақылынан алжасып жүре бердi.


Солтүстiктен соққан жел күшейiп, қарқынын үдеттi. Жалмауыздың тiлiндей сүйреңдеген үскiрiктi бiрiнiң соңынан бiрiн төпелетiп, жаяу бұрқасын ақ шұнақ аязды боранға ұласпақ ыңғай танытты. Ауа райының бұзылатын нышаны ымырт үйiрiле бiлiнген, әйткенмен Жапар ескен көңiлдiң лебiмен аңғармады. Аңғарса да iргесiне таяп қаған түлей боранды қара суды терiс ағыза құйғытқан соң қаперiне де алмаған.


Ат-көлiгi аман боса мұның бәрi ештеме емес едi, әттең…


Төбенi тұтастай тұмшалай жапқан тұңғиық әлем бiр қылаң еткен жұлдызды көрсетпейдi. Тастай қараңғы дүние әшейiндегi түннен әлдеқайда қою да қатiгез. Демде төңкерiлген машинаның ығына аптапта аңызақпен көшетiн құмша сауылдаған қар жинала бастады. Бiрақ, жолаушы жiгiт мұның бәрiнен тысқары едi. Тiршiлiктен тысқары күйi беймағлұм сәттi басынан өткердi.


Сынық терезеден соққан үскiрiк талықсыған денеге тiкендей қадалды, жаңқадай тырнады. Маңдайынан аққан қан аязға шалынып, кiлегейлене бастаған. Ес-түссiз қалпы қанша уақытты өткергенi де бiр құдайға ғана аян-тын. Есiн жиғанда аяғы, әсiресе, бақайшақтары суықтан қуырылып, бебеулете әкетiп барады екен. Бағанағы бүйiрiнiң «тесiлiп» ауырғаны сәл саябыр тапқандай. Ендi шамалап мойыны сыздайтындай. Ыңғайсыз жатып қалған тәрiздендi. Төңiрегiн бажайлайын деп көзiн ашса да, түртсе көргiсiз тастүнек ештеменi аңғартпады. Қолын көтерiп әлдебiр нәрсенi қарманып iздеген сыңайланды. Онысы мақсатсыз далбасалай тiмiскiлену едi. Ет қызумен ырқынан тыс жасаған болмашы қимылдың өзi, қабырғасын сөгiп, қажытып жiбердi. Дiңкелеген күйi салдыраған бiлегiн шарасыз тастай салды. Мiне, қызық, қолы басынан асып барып түседi. Осы кезде ғана барып аяғы көктен кеп жатқанын топшылады, осы кезде ғана барып жол апатына ұшырағанын бағамдады. Лаждап, мына қапастан шығуға ұмтылды. Бiрақ, бiрақ… оған мұршасы жетпедi. Кiндiктен төмен қарайғы тұсты әлеуеттi соққы жапырылған машинамен қосып сығымдап тастапты.


Жанталаса аласұрып көрдi. Бәрiбiр, онысынан ештеме өнбедi. Жан-пенде жоқ айдалада беймәлiм бiреулердi айқайлап көмекке шақырғысы келдi. Әйткенмен, лаһатта қалғандай үнi құмығып, көмейiнен шығар емес. Ұйықтап жатып бастығырылу мынаның қасында түк емес екен, ояу адамның бастығырылуы бiр ғалам боп көрiндi. Жер сiлкiнiп, көрер жарығы таусылмай, үй қабырғаларының арасында тiрi кептелген пақырдың күйiн кештi. Тантал азапты басынан өткердi де, адам тiрiдей қандай тозақтың қыспағында қиналатынын ендi түсiндi.


Қорлықтан ба, ашудан ба өкпесi өрекпiдi. Жаны да тызақтап, қара тұяғынан хал кеткенше, әлденәрседен ұстап тырмыса тартынды. Кiндiктен төмен жақты ала қапқан әбiлет мiз бақтырар емес. Қасқыр сияқты өз денесiн өзi шайнауға да бар едi, әттең, тұтылған тұсы аузына iлiнетiн не аяғы, не қолы емес — жуан бел.


Арпалыстан ентiгiп, әл-дәрменi сарқылды. «Қой, сабыр сақтайын, сабыр… — деп, аптыға алып ұшқан екiұдай пиғылына басалқы айтты. — Бүйте берсем, басыма үйiрiлген қатерден бұрын, өзiмдi-өзiм жеп бiтермiн».


Бiр сәт ештеме ойламауға бекiндi. Жанарын жұмып, қимылсыз қалды. Бәтуасыз байламы сырдақтық танытып, заматында-ақ санасына «ер жолдысынан, ат жолдысы жақсы» деген нақыл оралды.


— Қап, сыралғы серiгiмдi бекер алмастырған екенмiн. «Өткелекте тұрып, ат айырбастамайды» дегендi қалай ғана қаперiмнен шығардым?..


Сол қолы ербең етiп, әлдеқайдан маңдайына тидi. Етiне шоқ басып алғандай дыз ете дуылдады. Сонда ғана байқады, оң жақ қабағының үстi маңдайынан бастап сыдырылып, салбыраған терi бiр көзiн тұтас жауып, тұмшалаған екен.


— Жатайын ендi өстiп, қасқырша ұлып. — Өзiн-өзi келемеждедi. Кенет, дыбыс бергiштi басу миына сақ ете түстi. Апыл-тапыл адымдап жүре бастаған баладай, әлсiз қолдары ебедейсiз ербеңдеп, рульдiң ортасын тапты. Бар күшiн салып қанша нығарлағанымен, тiлi байланған өгiздей неме мыңқ етер емес. Қаракетiнен ештеме өнбеген соң тауы шағылып, қажыр-қуаты күл парша уатыла күйредi.


Сөйтiп, айдалада жападан-жалғыз қасiретiне қамалып, өкiнiштен, наладан жапа шектi. Тырс еткен тiршiлiк бiлiнбейдi. Өзiнiң де қозғалуға құлқы соқпады. Тек еркiнен тыс қара суық тұла бойын қалтыратып жiбердi. Тiсi-тiсiне тимей сақылдайды.


«Осылай қалғаным ба» деп ойлады. Ештеме тындырмаған күйi өмiрдi текке өткергенiне ызасы қозды. Бар көргенi қорлану мен азап қана. Есесi кiм көрiнгенге кетiптi. Тым құрымағанда бiр жерде қапысын тауып жеңiске жетпептi-ау. Опыну. Күйреу. Қыл аяғы хан да, қара да жүретiн қара жолдың бойында омақа асуы былайғы жұрттан сорының қалыңдығынан шығар. Қараптан-қарап көкiрегi сыздады. Тасмаңдайлығына көзi жеттi. Әрi-берiден кейiн омақа асқанына күйiнген жоқ, болбырлығына зығырданы қайнады. Сол-ақ екен жаны қыстығып, жұдырықтай жүрегi шырқырай жөнелдi.


Ол жаны қиналып ұзақ арпалысты. Дәл қасынан машиналар ары да, берi де ара-тұра боса да өтiп жатты. Қас қылғандай опатқа ұшыраған иiннiң етегi шұғыл өзек-тұғын. Сол өзекте теңкиген көлiктi тас қараңғыда жан пенде байқасашы. Оның үстiне аккумляторға қатты соққы тиiп жүлгесi ажырап кеттi ме, ә дегеннен-ақ шамы да сөнген.


…Жадынан жаңылып қап, қайта бiр есiн жиғанда аяз сорып мазасын қашырған бақайшақтары жанына онша батпай, дуылдап тұрғандай болды. Өзiнiң мұратына жетпей тұтылғанын қапияда қақпанға түскен көкжалдай сезiндi. Әттең, түк бiтiрмептi. Мұның қасында iнiсi Жайнақ, тапталған аруақтың абыройын биiктеткендей. Сапар екеуiнiң жiберген есесiн алып, ата-бабасының басында екi ағасының төгiлген қанын қанмен жуған екен. Бауырларының ғана емес, қара халықтың озбырлыққа қарсы түйiлген жұдырығы бопты-ау жарығы. Бiр нәрсенiң шетiнен шығамын деп университеттi бiтiрген өзi, қарапайым жұрт үшiн ештеме iстемептi. Қайран сол бауырының азаматтығын нойыстардың алдында арашалай алмаған босбелбеулiгiн, екi дүниеде кешпейдi… кешiре алмайды…


Боран үдей түстi. Дауылдың ұйтқи, құбыла соққан адуынды үнi жалғыздың айқайы тұрмақ, күннiң күркiрiн де жұтып жiберетiн обыр халде. Бұл кезде Жапар айқайлаудан да қалған. Өзiмен-өзi арбасып тек сандырақтап сөйлей бердi.


— Қайран пайғамбарым-ай, «атадан — алтау, анадан — төртеу, жалғыздық көрер жерiм жоқ…» «бiрақ, мен неге жалғыздықтың азабын тартып жүрмiн?» деп аһ ұра күрсiндiң.


Ол бұдан ары тiлi күрмелiп, ештеме айта алмады. Бiрақ, шер мен шеменге тола күмбiрлеген көкiрегi азалана ақтарылып, татаусыз сайрап тұр едi.


«Түсiнемiн, түсiнемiн жайыңды. Сол жалғыздығыңмен жекпе-жек арпалысып жүрiп, ақыры жеңiлiс таптың. Әйткенмен, пенде атаулының ешқайсына дес берген жоқсың. Күйресең, пенделiк өлшемнiң сен шыққан биiкке шыға алмағандығынан күйредiң. Арада бәленбай жыл өтсе де, мен де сол, қасиеттi абызым, өзiң көтерiлген асқаққа ұмтылдым. Бар қажыр-қайратымды салып талпындым. Тым шырқау биiктесiң, екi дүниеде де иық теңестiре алар емеспiн. Мiне, тағы да сенiң атыңды жамылған шәрiнiң етегiнде табалдырығынан аса алмай сұлап жатырмын. Не деген тасмаңдаймын. Бәлкiм, о дүниеде аруағымыз ұшқасар. Мен де жалғыздықтан күйiп барамын. Атадан да, анадан да төртеу боп туып, ит тiрлiкте төбеге шыға алмадық. «Диуананыкi алды-алдына» дегендейiн, алды-алдыға тарттық. Әке арманын, ана тiлегiн мансұқ еттiк. Бата бұздық. Оларды қойшы, бәрi де пендешiлiктiң шыршуы ғана. Бәрiнен қатты өкiнетiнiм, өнердегi сен тастаған соқпақтың сорабын таба алмай келемiн. Итшiледiм. Қарасам, жылт етерлiгi жоқ жұрын екем… аяқты қап екем…»


Боран мен аяздан тiсi-тiсiне тимей сақылдады. Жайшылықтағы жайдары өңiнен тiршiлiктiң реңi қашып, шаңыта бозарды. Өне бойы қалшылдап, шыбын жанын паналатар жер таппай тiрмiзiк хал кештi. Долы үскiрiктiң адуынымен үстiн қырау көмiп, тiрiдей ақ кебiнге орай бердi. Бiрақ көкiрегiндегi шемен боп қатқан нала мен наза, өзегiн от болып қарыды.


Осылай екi дүниенiң ортасында кiресiлi-шығасылы күй кешiп, мандымаған пендешiлiк тiрлiгiне арызын айтып тауыса алмады. Жарғанатша төбесiмен төмен салбырап тұрып, тағдырдың салған зауалын бiртiн-бiртiн сезiнуден қалып бара жатты. Бiр сәт мына дүниенi келеке еткендей езуiн болар-болмас тыржитты. Бiрақ, қырау сiрескен мұрты оны сыртқа білдіртпеді. Өзi де бұл кезде теперiштi аңғарудан алыстап кеткен-тiн.


…Өрттей қызыл қаулап өскен қызғалдақтың арасында майсаны кешiп жүр. Сарайы саңғырап ашылып, көңiлi риясыз шалықтайды, алаңсыз тiршiлiк қойнауына бiржола шомп берген. Әдеттегi тарылу мен қыстығудың еш нышанын сезбейдi: қағанағы — қарқ, сағанағы — сарқ. Айбынды мойнына мiнгiзiп, Шырайды жетелеп апты. Жұпары танауды жарған жасыл желектi кешiп, жүгiредi. Қос қозысы сықылықтап күледi. Өзi де рахаттана қарқылдайды.


— Папа! Папа!


Шырайы бiрдеме айтқысы келетiндей қолынан тартқылайды. Бiрақ сәби үнiне күлкi араласа шыққандықтан бөбегiн одан сайын ойнатып, күлдiре түскiсi кеп, әдейi оның шырылына көңiл аудармайтындай. Шiкәмсiз нәрестенiң кәусар бұлақтай сықылықтай түскенiн қалайды.


— Папа! Папа! Мен шаршадым!


Осы кезде барып жүгiруiн бәсеңдеттi. Бiрақ тасыған көңiлiнде шек жоқ едi. Қоңыр дөңнiң қойнауында тоқтап ұлын жерге түсiрдi де, қызының маңдайынан иiскедi. Мейiрi қанар емес. Екiншi қайыра самайынан иiскедi. Мейiрi қанар емес. Бұрымы селтиген ботасы қытығы келгендiктен иығын көтерiп, мойынын, тамағын бұқпантайлады. Өйткенi, әкесiнiң құлағының түбiнен иiскейтiн бұрыннан әдетi едi. Ондайда балғын денесiн әкенiң тiкенек мұрты жыбырлататын, содан қашқақтайтын. Қазiр де содан тайынғаны.


Ендi бiрде жотаның дәл үстiнде тұр екен. Қолдарында үзiп алған екi-үш тал гүлдерi бар қос құлыны, сонадайдан бұған қарай құлдыраңдап, жарыса жүгiрiп келедi. Бұл перзенттерiн кеудесiне баспақ боп, құшағын айқара ашты. Әудем жерден Бибiнiң қылпы бiлiнедi. Ол әлденәрсеге ырза емес сияқты. Бұлардың шаттанғанына сәл бейiл қойғандай. Пейiлi ауғаннан кейiн болар-болмас иi жұмсарғандай. Оның кейiстi қабағын байқасымен арқа-жарқа насаттанған жiгiттiң жүрегiн әлдебiр аяз қарып өттi…


Ол соңғы рет бұ тiрлiктегi суықтықты сезiнген едi.


Құтырған сайтанның құйрығындай ирелеңдеп, төңкерiлген машинаның үстiнен бозамық бұрқасын жүгiрiп өттi. Ақиланған ақ боран одан сайын мысасына мiнiп, әлгiнде көмескiлене көрiнген Абайдың шамын iзiм-ғайым жоғалтып жiбердi.


Соңы.





Пікір жазу