14.06.2022
  115


Автор: Алмат Исәділ

Қазақстан

Бір Алла атты теңдессіз ғажап ұстаның,
Бойына жиған имани тазалық нәрін.
Төріңе қанша төнсе де қара дұшпаның,
Болашағы үшін бастарын бәйгеге тігіп,
Қорғады сені серт беріп сан арыстарым – Қазақстаным!
Төндіріп тағдыр басыңа қара бұлттарын,
Тарихтан білем ұлтымның жан ауыртқанын.
Ұрпақтарыңның былғаған балалық шағын,
Қариялардың ұрлаған даналық шамын,
Замандар да өтті-ау, жататын тоналып бағың – Қазақстаным!
Өмір-өзеннің бұлқынған долы ағыстарын,
Елең де қылмай, еңкеймей, алабұртпадың.
Қап-қара жерге қып-қызыл көп ағып қаның,
Ақырып теңдік сұрап ең, Алашыңды айтып,
Ақыры келіп қолыңа жалау ұстадың – Қазақстаным!
Босатып тордан зарыққан дала құстарын,
Алдыңнан атты нұр шашып, ағарып таңың.
Соның үшін де қолыма қалам ұстадым...
Жүрегімменен жүремін үнемі сезіп,
Бойыңда сенің асқақ рух, дара күш барын – Қазақстаным!





Пікір жазу