Тіршілік
(жан досым Жанарбекке...)
...Сол баяғы тіршілік —
Тағдыр тағы қарамады ұмсынып.
Сүйген сайын сайқалси ма бұл Өмір,
Құтыра ма, құшқан сайын “құлпырып”?!
Арманым да кемпірқосақ секілді,
Жеткізбейді, енді ұмтылсам құлшынып.
...Сол баяғы, уақыт —
Жігерімді әр күн сайын уытып.
Әлдекімдер орға жығып кетсе де,
Ойларымның мұнарасын құлатып —
Өлеңімнің баспалдақ қып әр жолын,
Өзімді-өзім отырамын жұбатып.
...Сол баяғы, сол Өмір —
Қайта айналып келмес бізге және бір.
Мен сияқты бейбақты да ұмытпай,
А, Құдайым маған да нұр себе жүр.
Жарлымын ғой, табанымның астында
Жатса-дағы қазыналы мол өңір.
...Сол баяғы тіршілік —
Шындық отыр бір бұрышта түршігіп,
Жалған сөздер том-том болып жазылып,
Кетті біздің Санамызға кіл сіңіп.
...Батқан Күнім қайта шықсын деп тілеп,
Көкжиекке Көз тастадым күрсініп.
...Сол баяғы, баяғы —
Бір қалыпты уақыттың аяңы.
Бір-бірінен аумайтұғын әсілі,
Егіз күндер кең құшағын жаяды.
Бұлай болмау керек еді бұл Өмір...
Сенем Ертең бәрі өзгеше болады.