14.06.2022
  201


Автор: Алмат Исәділ

Қазығұрттың қоңыры

Қаламдас бауыр Бақытжан Алдиярға

Сен – Өгемнен,
Мен – Кегеннен,
Азамат ек өрлеп, өнген.
Қолымызға қалам алып,
Сырлас болған шерлі өлеңмен.

Еркелеткен төңірегің,
«Қазығұрттың Қоңыры едің.»
Тағдыр кештің Қаныбектей,
Қасқа ақынның соңына еріп.

Кездеріңде мұң қамаған,
Безіп кеттің Шым-қаладан,
Алматыдан табылар деп,
Жырларыңды тыңдар адам.

Қайдам, бірақ, шын ақынға,
Шынайы Өмір ұнасын ба?!
Ой-қиялың көкте жүр ғой,
Жолығардай бір Асылға.

Сен жырлайсың Өгеміңді,
Мен жырлаймын Кегенімді.
Өмір ғажап болса-дағы,
Өлеңіміз неге мұңды?

Барсам деп ем Өгемге мен,
Шақырмайсың, дегенменен.
Сен оданда осы жазда,
Қамданып ап, Кегенге кел!

Дертіміздің дауасы азда,
Бөленейік дара сазға.
Кегенге кел, содан ары,
Апарамын Қарасазға.





Пікір жазу