14.06.2022
  207


Автор: Алмат Исәділ

Анама

Анашым әлдилеген,
Күш-қуат алдым сенен.
Өзіңсің бесігімді,
Тербеткен ән-күйменен.

Анашым – мейірбаным,
Шарлатқан көңіл бағын.
Бойыма ақ сүтіңмен,
Сыйладың өмір нәрін.

Анашым күлімдеген,
Баласын «күнім» деген.
Баптаған өз қолыңмен,
Тұлпармын сүрінбеген.

Анашым аялаған,
Құшағың сая маған.
Әлемнің бар асылын,
Мен үшін аямаған.

Анашым, анажаным,
Сағынып салар әнім.
Бар ма жан сенен артық,
Түсінер бала жанын?!

Анашым – арман-жырым,
Сыйласын таңдар гүлін.
Жол тосып жүрсің бе әлі,
Желбіреп ақ жаулығың?!

Анашым – ақ тілегім,
Өзіңе Бақ тіледім.
Сезінем әрқашан да,
Жүректің тәтті лебін.

Анашым – сағынышым,
Өмірдің жарығысың.
Өзіңді, қайда жүрсем –
Іздеймін алып ұшып.





Пікір жазу