РУДАКИМЕН ТАНЫСТЫРҒАН РАХМАН
(Рахман Нәбиевке)
Шашың аппақ,
Өзің жас көрінесің,
Саған қарап айтамын өзіме сын.
Рудакидің рубаиларын заулатсаң,
Таудан аққан тасқындай төгілесің.
Дана сырын бұзбаса заманалар,
Жандандырдың жеткендей жаңа хабар.
Рудакимен таныстырған Рахман,
Даусыңды естіп жиналды шағалалар.
Өзге өлке, демеймін өзге қауым,
Сүйсінемін,
Жоқ менің сөзге дауым.
Сен Ходженттің мақтасаң сай-саласын,
Елестеп тұр көзіме Көкшетауым.
Жырға жаның ақындай қанық екен,
Памирді де көрермін барып есен.
Жан жарыңның көздері қара түндей,
Жақсы өлеңдей ажары анық екен.
Суға түсіп жүргенін пайдаландым,
Тұлғасына шынардай қайран қалдым.
Біздің ауыл бір қызы секілді екен,
Шыныңды айтшы...
Япырмай, қайдан алдың?!
Менің де жүр айдында ақ маралым,
Қара теңіз құптаймын баптағанын.
Ақ балтыры жайнайды ақ сазандай,
Тәубе деймін, сұқ көзден сақтанамын.
Мәриям, Майрам қос ғазел егізденіп,
Тіл табысса болғаны негіз берік.
Жүр, жетейік тезірек қастарына,
Бар қызықты жатыр ғой теңіз көріп.