13.06.2022
  122


Автор: Кәкімбек Салықов

БЕЙСЕБАЕВ ЖЕЗҚАЗҒАНҒА КЕЛГЕНДЕ

(Мәсімхан Бейсебаевқа)
«Басшы болып қалаға сайланғанда,
Өрге тартар өмірді пайдам қайда?»
Деп жүргенде...
Хат жаздым Премьерге,
Қызуымен жас кездің ойланбай да.
Дегендей-ақ қаланы жарылқасын,
Тіке жазғам жасқанбай албырт басым.
Төрттен бірі жабдықсыз тұрып қалған
Арқау еттім Трикотаж фабрикасын.
Телефон соқты,
Ұғындым сөзін терең:
«Өзіме жаздың, жігітім, өзім келем,
ЦК арқылы сіреспей, тура келіп,
Иесін тапқан іс қой деп маңыз берем».
Қарсы алуды ойланып асып-састық,
Салт-дәстүрді ұмытпай ақылдастық.
Келді. Көрдік.
Биязы, кішіпейіл,
Ұстамды, сабырлы екен қатал бастық.
Жүзі жылы, көрген жан үміт етер,
Орта бойлы, дембелшең жігіт екен.
Фабриканы көрсеттік,
Қала жайын
Баяндадым аз сөзбен қызып шекем.
Фабрикада сөз сөйлеп жиналыста,
Разы болды қол жеткен тың табысқа.
Бар сұраққа әдеппен жауап берді,
Сілтеместен жәрдемін тым алысқа.
«Сұрақ бар ма басқаша?» – деген кезде,
Қарық қылды әйелдер шығып сөзге.
Біреуі айтты: «Апортты жемек түгіл,
Бұйыртпады Құдайым көрер көзге».
Сол мезетте Мәсекең:
«Көпті ойласа,
Күлмеңіздер, артық сөз жоқ қой аса, –
деді, – дереу апортты жеткіземін,
Мен барғанша бастықтар жеп қоймаса.
Фабрикаға көмекке туды сай күн,
Ұзақ уақыт араға салдырмаймын.
Жезқазғанды апортқа тойдырамын,
Сұлулардың көңілін қалдырмаймын».
Қызық болды жер мен көк төс басқандай,
Премьер мен жұмысшы достасқандай.
Дүбір қызды дүркіреп жылқы өткендей,
Мәсекең қол сілтеді қоштасқандай.
Ел қостады, ашылды біздің қабақ,
Зор мәселе шешуге қалдым жарап.
Ұзақ жылдар жаныма азық болды
Мәсімхандай ағадан алған сабақ.
Бір сәт осы алғашқы жолымдағы,
Талай жетті биікке қолым тағы.
Аты қалды нар тұлға аңыз болып,
Айтқан сөзін мүлтіксіз орындады.





Пікір жазу