13.06.2022
  158


Автор: Кәкімбек Салықов

ҚУАНЫШЫ КЕНШІНІҢ

Қуанады кенші есен-саулыққа,
Емес қой ол жай дүрбелең даурықпа.
Бір толқымай қалай ғана шыдасын,
Шыңырауда тас қиратып, тау жықса?!
Той жасайды кен қызуы терлетсе,
Тар қойнаудан алтын-жезді селдетсе.
Масаттанар екі қазба маңдайлас,
Қос үңгіме қылдай түзу кездессе.
Дәл сол жерге жиналады кеншілер,
Асқақтайды тәуекелшіл кең жігер.
Екі шахта дауылдатып думанды:
«Тойдың тойы болды бүгін!» – деп жүрер.
Қырға шықса,
Жер түбінен келгендей,
Қарсы алады жауды жеңген ерлердей.
Жан баурайды оркестрдің дүбірі,
Ел сәлемін әнге орап бергендей.





Пікір жазу