СЕКСЕННІҢ СЕРГЕК ТІЛЕГІ
Япырмай, сергектік пе, еркектік пе,
Ойлантпай кеткен жастық келместікке.
Тойладық бірге оқыған кенші доспен,
Сексеннің сеңгірінде кездестік те.
Бір тықыр келгеніне иланамын,
Бірақ та бату болмас мұңға қалың.
Қарттыққа қарайлауға уақытым жоқ,
Бітпеген жұмыста ойлап қиналамын.
Сәтсіз күн сылаң қағып шықса алдымнан,
Кезім жоқ сезім билеп із қалдырған.
Немере-шөберелер келеді өсіп,
Жасартып, жүрегімді нұрландырған.
Жол ауыр, ақтайтұғын парыз да көп,
Меңгерді өлең сүйгіш жалғыз ғадет.
Сүрінсем тырысамын білдірмеске,
Артымда баян еткен аңыз да көп.
Сүйемін таулы алқапты шаң шықпаған,
Сұлулық қайда жүрсем таңсық маған.
Шүлдірлеп жаңа шыққан тілді сүйем,
Құдашам бал бергендей аршып маған.
Құмармын жаңалыққа ғаламдағы,
Қамығып, жабықпасын адам жаны.
Жақсылық бастан кетпесін,
Жамандық қуып жетпесін,
Тілеңдер сол тілекті маған-дағы.