13.06.2022
  194


Автор: Кәкімбек Салықов

СӘКЕН СЕЙФУЛЛИНГЕ ОДА

Бірінші өлең
Кей ақынды тым көтерсек заңғар қып,
Бір өлеңін ел білмесін аңғардық.
Кей ақынның әр сөзіне ел ғашық,
Ал есімін ардақтауға аз бардық.
Сәкен десең...
Кербез Көкше толғанар,
Бар жиһазын жарқыратар қолда бар.
Ақ қайыңдар қыз күніне оралып,
Бипыл-типыл биге салып жорғалар.
Сәкен десең...
Төрінде күн атқандай,
Ақбоз аты кісінеген сәт қандай!
Сұңқар шалқып,
Аққу-қаздар әндетіп,
Тау ішінде тосар аңсап ақ маңдай.
Сәкен десең...
Өңденеді Сарыарқа,
Өң береді ән мен күйге бай алқа.
Жалт қарайды ақбөкені Бетпақтың,
Жанарына іліккендей Жаңаарқа.
Сәкен сырын ұқпау,
Достым, мол қайғы,
Онсыз қазақ өнер көші толмайды.
Ақсұңқарға тіл тигізген адамдар
Барлық ақын ар-намысын қорлайды.
Түсінбесең...
Түгел ұққан халық бар,
Күдіктенсең...
Арыстарым анықтар.
Сүйді оны Ілияс пен Бейімбет,
Ардақтады Мағжан, Мұхтар алыптар.
Кең даланың Сәкен алғыр қыраны,
Ол – дауылпаз, төбе, төрде тұрағы.
Үзеңгілес ақындар бар десек те,
Өзгелерден асып тұрар бір әні.
Екінші өлең
Сәкен деген кім десеңдер, ағайын,
Бір емес-ау, мың бір жауап табайын.
Артық туған ол ақындық патшасы,
Салды өзінше өлең сөздің сарайын.
Мейлің, мырза, сен басқаша ұққан боп,
Қара күйе жағамын деп сұқтан көп.
Айтарым сол, ол періште киелі,
Ол оқ құшты...
Рухын дұшпан жыққан жоқ.
Ол ақсұңқар,
Сайын дала қонағы,
Оған таныс тайғақ кешу торабы.
Аспандатқан ол ақындық аққуы,
Кең жалғанды сол биіктен шолады.
Атын білмей бала күнде наз ұқтық,
«Көкшетауын» кеттік жанға азық қып.
«Тау ішінде» салған әнін тыңдашы,
Одан асар қайда мөлдір нәзіктік?
Мәрт мінезді қайсар еді, сал, керім,
Іші күйген алды-ау дұшпан бар кегін.
Не десең де тоқтата алмас еш кесел
Сәкен аға халқым сүйген әндерін.
Асыл арман, ақ тілеккке ырым қып,
Тыңдаған жан тапты қанша жылулық.
Келбетінен ақтангердің аңқып тұр
Жер бетінде сирек туар сұлулық.
Мәңгі тынбас өлең сөздің жарысы,
Орнын табар өз әлінше бәрісі.
Сәкен төрде...
Ақбоз атпен өтеді,
Ол қазақтың артық туған арысы.
Айтқанымды, мейлі, дұрыс, бұрыс де,
Бірақ, мырза, пәле-жала үйіспе.
Сәкен аға жазаланды жазықсыз,
Сол жетті ғой...
Атылғанға тиіспе.
Үшінші өлең
Сәкен аға – ақындықтың төресі,
Ол асқар шың көз жеткізбес төбесі.
Үзеңгілес ақындар бар десек те,
Асып тұрар азаматтық өресі.
Аз емес қой Сәкен ашқан жаңалық,
Бүркей алмас атын көшпе ала бұлт.
Мағжанға құрмет, ізет көрсеткен,
Ол бауырмал, дара туған нар алып.
Жасқантты ма өрде дабыл қаққаны,
Күйдірді ме найзағайды қаққаны?
Үкілі Ыбырайды аспан-көкке көтерді
Ел басқарған өр кезінде тақтағы.
Иә, солай... Жаңылыс жоқ.
Тақтағы
Совнарком да болып тілек ақтады.
Әр қадамы бар қазаққа жақса да,
Алабүлік арсыздарға жақпады.
Тар кезеңде ол қолдауды таппады,
Құласа да қырандығын сақтады.
Беу, ағайын!
Тіл тигізбе Сәкенге!
Жетер, жетер еш кінәсіз атқаны!
Жетер... жетер...
«Жау» деп лақап таққаны,
Жетер... жетер...
Жылпостардың сатқаны.
Енді бүгін көгілдір ту астында,
Алла жар боп, Сәкенді елім ақтады.
Сәкен – нағыз тәж, тұғырдың иесі,
Ұлан-ғайыр оның алар үлесі.
Қандай заман келсе-дағы жұқпайды
Ақсұңқарға қарақұстың күйесі.
Көрсетсе де жеңіл келер атақ бой,
Абзал жанға бос абалау шатақ қой.
Сәкен, Ілияс, Бейімбеттің өлімі
Алты Алашқа естен кетпес апат қой.
Төртінші өлең
Беу, білгірім!
Бола берме делдалда,
Шық тасадан, аш бетіңді кең залда.
Сәкен сенің мазағыңа көнбейді
Жер бетінде қазақ деген ел барда.
Жетер... жетер...
Ойланайық, тоқтайық,
Еткізбейік ардақтыға жоқты айып.
Есі барлар жөн түзейік бас қосып,
Тағзым етіп ардагерді жоқтайық.
Кешпес едім,
Беу, достым-ай, өзгені,
Ас берейік, қыздырмасын сөз демі.
Сәкен, Ілияс, Бейімбетті еске алып,
Ыстық жасты сүртісейік көздегі.
Содан кейін...
Той шалқысын думандап,
Жорғаңды әкел,
Жүйрігіңді жылмаңдат.
Жүре білсең тіл тигізбей ақынға,
Жүрегімнен ұсынамын гүл-мандат.
Желмен кетсін, жерден кетсін пәлең де,
Мен де тұрам ауызбірлік мәремде.
Мақтанайық Сәкен бар деп қазақта,
Паш етейік атын бүкіл әлемге.
Мың толқысам,
Тоқтау еттім бір қайтып,
Осынау сөзді отыр деме кімге айтып.
Қазақтың ірілері,
Абайдың інілері –
Сәкен, Ілияс, Бейімбетті еске алып,
Отырайық «Үш арысты» бірге айтып.
Арылайық алауыздық ескіден,
Дербестіктің жүгі алда көп кілең.
Сәкен деген – қазақтың ақсұңқары,
Сәкен тойын – бірлік тойы деп білем.





Пікір жазу