13.06.2022
146
Көңілдің көркі тозғанда
Көңілдің көркі тозғанда
Азаяр өмір қызығы.
Дүлдүлден мәстек озғанда
Сергітпес тірлік үзімі.
Қырғидың құлқын – арманы,
Салғаны нешік ойран, зар.
Әлемді бүкіл қармады
Әсіре шылқып тойғандар.
Шолақ айғыр секілді,
Қойсаң да тұрмас арқандап.
Қомағайлық жетілді,
Әсіре байып, талтаңдап.
Құлқыны түсер көзге де,
Сараңдыққа сайыған.
Жәрдем етпес өзгеге,
Талапайдан байыған.
Жабық ат бәрін жебейді,
Тауарға толы шетелдік.
Дүкендер «дөкей» көбейді
Ат шаптырып өтерлік.
Қалмаса кеше соңыңнан
Ертелі-кеш бес елі,
Бұрыла басып, жолыңнан
Көрмегенсіп өтеді.
Сұмдықты нешік байқарсың,
Кездесіп талай содырға.
Не қыл деп ақыл айтарсың
Тойынған қызба тобырға?