13.06.2022
  114


Автор: Кәкімбек Салықов

БҰЛАҚТЫҢ КӨЗІН АШҚАНДА

Тік шатқал етегінде жас құрақтың,
Сыбыры естілмейді тас бұлақтың.
Жан толқып,
Көңіл шалқыр сәт екен ғой,
Ақ қайнар көзін ашып шапқылаттым.
Шатты әнге сақ-сақ күліп салғандайын,
Япырмай,
Сонша қуат қайдан дайын?!
Сүйсініп,
Күлкісінен мен де тұрдым
Бойма жаңа қуат алғандайын.
Балқыдым ен қызыққа батқан сайын,
Шалқыдым жанға шырақ жаққандайын.
Ақ бұлақ алғыс айтты қоштасарда,
Бір серпіп жарқыл қаққан ақ маңдайын.
Бере бер,
О, Жаратқан!
Сәнді күнді!
Ұмытпан кереметті дәл бүгінгі.
Бұлақтың көзін ашқан сауап тиіп,
Денемде жас күнімдей қан жүгірді.





Пікір жазу