13.06.2022
  100


Автор: Кәкімбек Салықов

КӨКШЕТАУДЫҢ ҚАЛАСЫ

Көкшетаудың қаласы мен даласы,
Қопа көлдің құмқайрақты жағасы;
Бала күнде талай асыр салған жер
Шабыт қозғап жібергенін қарашы.
Қасқыр көріп бұға қалған баладай,
Бұқпа жатыр жан-жағына қарамай.
Беу, ескі дос!
Көтер десем басыңды,
Міз бақпайды, жалт қарауға жарамай.
Жеті жылдық ер балалар мектебін
Тәмамдап ем,
Тентек етіп ерке күн.
Төбелессіз өтпеуші еді үзіліс,
Әр сағатты еске алып сыр шертемін.
Әне, шулы Шағалалы өзені,
Қандай ғажап!
Жар түбінде кезеңі.
Жалаңаяқ ізім жатыр құмдақта,
Дәл көрсетіп балық үйір межені.
Қара мойыл жарқ еткенде жанары,
Шыдай алмас тірі көкірек саналы.
Суға келген көрші қызы телміріп,
Қармақтағы ақмарқаға қарады.
Егделік пен ерке күннің арасы
Алыс екен, көрінбестей шамасы.
Осынау қызды тым ертерек ұзатқан,
Ол да сенсің, Көкшетаудың қаласы.





Пікір жазу