13.06.2022
  95


Автор: Кәкімбек Салықов

КЕЛЕМІН ӘН МЕН ЖЫРДЫҢ ҚАНАТЫНДА

Бойымда жалыны бар бұлан ердің,
Ойымда ағыны бар Құлагердің.
Шабыста топтан озып алға тартсам,
Келеді сол қалпымда тұра бергім.
Көп жырлап өткендер бар менен бұрын,
Ол бақыт екеніне сенем бүгін.
Хал-жайды жылдар көші анықтамас,
Шарықтап өрге ұмтылса өлең-жырым.
Ақындық жемісі мол бағындамын,
Артымды қою, будақ шаңым қалың.
Аралдың айқасындай атой салып,
Заманның ағымына бағынбадым.
Бақытым – бойға өлең дарығаны,
Беруге үлгермедім барын әлі.
Бұлқынсам Әму мен Сыр жағасында,
Жебеді Махамбет, Мағжан аруағы.
Көрінсем отты ақындық санатында,
Анамның ақ тілегі бар антымда.
Сенемін сергек сезім, ойлы ақылға,
Келемін ән мен жырдың қанатында.





Пікір жазу