САҒЫНДЫҚ СЕНІ БӘРІМІЗ
(Есенгелді Мұқыжановқа)
Бір өлеңді арнасам,
Мың өлеңдік інім ғой.
Есенге сөз таңдасам,
Тез көтерер күлім бой.
Кең жалған берді нұры дем,
Деместей бірі өгейдің.
Анадан жалғыз жігіт ем,
Жүре-жүре көбейдім.
Есенге жіті қарасам,
Мағжан аға салты бар.
Құрылысшы, әкім орасан,
Алматы сүйген даңқы бар.
Білімі мұхит сырлассаң,
Тұманда шырақ жағардай.
Әр кездесу – бір дастан,
Бауырмал Сәбит ағамдай.
Алқа топ басын құрасаң,
Ғабиттей сөзі өтімді.
Әншілігін сұрасаң,
Ақан сері секілді.
Ол әу десе ел тынар,
Біржан сал кіріп келердей.
Тыңдаған жан құлпырар,
Тілегін Алла берердей.
Көргендей айтсам жөні бар,
Дәстүрге үнсіз бағындық.
Сүйсінген талай жері бар
Бәйкен, Серік, Сағындық.
«Ес аға» деп бағалар
Есенді сол ағалар.
Алғысын шексіз тыймайды
Байшіліктегі балалар.
Не керек дейсің ағаға,
Мәжілістерін көркейтті.
Не керек десең балаға,
Мектептерін үлкейтті.
Сағындық десе раста,
Қызылжар мен Алматы.
Артында жары Күләшқа
Көбейсін Алла рахматы.
Достары айтқан сыр қандай,
Ораған қимас сезімге.
Бір анадан туғандай,
Сағынып жүрмін өзім де.
Барушы ек елге ағылып,
Келгенде жарқын сары күз.
Туыстары жүр ғой сағынып,
Сағындық сені бәріміз.