СӘТБАЕВТАНУ ДҮЛДҮЛІ
(Медеу Сәрсекеге)
Қандай жақсы кездескенім асылмен,
Мен ол кезде кеншілік жол басында ем.
Жетпіс жасқа келіп қалды сол Медеу,
Жаны жалғас Қаныш шеккен ғасырмен.
Сұлу қыздай фантазияға қызығып,
Қол салғанда беттен сүйді қыз ұғып.
Бірақ жеңді...
Қаныш жолы – дана жол,
Қуат берді бір қиялға жүз үміт.
Қанышқа арнап албырт күннен өр күшін,
Ол жасаса мәңгіліктің белгісін,
Ұлытау, Кеңгір түлегі ме деп қалам,
Кейде ұмытып Семейі мен Ертісін.
Жасыбайдан сәлем айтқан ең керім,
Көрдім Ақбет, Теңдік таулы белдерін.
Баянаула ұланы ма деп қалам,
Ұмытқандай Абай, Мұхтар елдерін.
Жан-жүрегім шын тебіренсе толғап сыр,
Терең жерін ойдың, Медеу, оңдап біл:
Әлемге әйгі зор қаламгер болғаның –
Абай ата аруағы қолдап тұр.
Қаныш десек, келеді еске Жезқазған,
Асыл достар тау қопарып, кен қазған.
Қаныш десе, Медеу, есте тұрасың,
Мыс тауы боп көп кітаптар сен жазған.
Нық тұрасың Ұлытау қия тасында...
Өз ұлындай Қаныш аға қасында.
Сен қаласың тарихында қазақтың,
«Қаныштану» қайсар көші басында.
Жемісі мол, аз болғаны тынысың,
Көңіл көншір туды өмірлік ұлы ісің;
Медеу, сенің ақылыңда ақау жоқ,
Заман сырын тапқан заңғар ірісің.
Мен кенші-ақын, Қаныш ізін дәл бастым,
Арманы еді-ау ол саналы бар жастың.
Сен металлург-жазушы боп тік самғап,
Қаныш сүйген Ебінейлеп жалғастың.
Қыз Жібек пен Төлегендей жасыңда
Ғашық болдың көз тоймайтын асылға.
Әттең, шіркін, қол тимеді шалқуға
Кларадан басқа сұлу қасында.
Шын сыйлысың Астаналы Есілге,
Қалдың берік Ұлытау, Көкше есінде.
Қарағанды, қарт Алатау көріп тұр
Қазақта бар дүлдүлдердің көшінде.
Егделіктің дер уақыты келді шын,
Сарқылмасын намыс құмар ер күшің.
Клараңмен құшақтасып жүзден ас,
Құтты болсын, Медеу досым, жетпісің!