13.06.2022
  177


Автор: Кәкімбек Салықов

ҰЛЫТАУДА ЕЛ БІРЛІГІ АЙҒАҒЫ

Аңызға да сән берер, ертегіге,
Қасиетті Ұлытау етегінде
Ел бірлігі белгісі құлаш жайды,
Айғақ етіп атағын ерте күнге.
Тау бөктері төсіне нұр тасыған,
Тамашаны көргенде қыр басынан,
Төрткүл дүние көзіңе елестейді
Төрт қанатты ескерткіш тұрпатынан.
Бүгін лаулап жалыны жанған бірлік,
Табысымен әлемді таңдандырдық.
Ауыр күнде Елбасы әдейілеп
Өзі орнатқан белгіні жандандырдық.
Ырым, кәде, ақ тілек түптеп келді,
Хандар ізін жаңарту – құт деп сенді.
Заңғар мұра монумент бола қалды,
Он екі жыл бұл күнді күткен белгі.
Ұлы ескерткіш атағы жаңғырады,
Құрмет тұтып, бар қазақ сән қылады.
Ел бірлігі айғағы бой көтерді,
Ту, Елтаңба, секілді Әнұраны.
Осынау белгі оңтайлы орнағаны,
Ол – қазаққа құт берер жол қадамы.
Тәуелсіздік бой жазса зор тұғыры,
Ұлытаудың аруағы қолдағаны.
Астананы ұя етсе ұлы қауым,
Көкшетаумен көңілімді жылытамын.
Ордабасы жіберген сәлемді алып,
Қазақ төрі, жайнай бер, Ұлытауым!





Пікір жазу