13.06.2022
  92


Автор: Кәкімбек Салықов

ТОБЫЛДЫҢ ДАРАБОЗЫ

Түлегі той жасаса Қостанайдың,
Сырбайша неге жедел қостамаймын?
Қазақтың асыл ұлы Кенжеғали,
Мен сені інім әрі дос санаймын.
Аруағы жебегендей Ыбырайдың,
Ұстаз боп, білім егіп, түбір жайдың.
Ақмола болды сонда құтты мекен,
Жарығы молдау түскен жұмыр айдың.
Көз салсам бүгінгің мен кешегіңе,
Ұқсайсың ұлағатты көшеліге:
Бойында туа біткен бір ұшқын бар,
Ахметтей тартқан Алаш көсеміне.
Әне, сол жігер беріп жан отына,
Күш қосты ұлтжандылық қанатыңа.
Білікті экономист, азамат деп,
Елбасы алды алтын көш санатына.
Алматы – абыз қала мәні күшті,
Шақырып, биікке өрлеу сәті түсті.
Тобылдың Есілдегі дарабозын
Заңғарға бақыт құсы алып ұшты.
Намыскер қарқыны бар Құлагердің,
Сәт түсіп, кездескелі ұнап едің.
Осы біз кімбіз десек, Кенжекем-ау,
Досымыз Манаштай нар, қыран ердің.
Той күні ақыл қоспас досы кімге,
Зер салма қартсың деген тосын үнге.
Жас та емес, кәрі де емес, ең дұрысы:
Орта жас – жетпіс деген осы күнде.
Оңыңнан туып тұрса ашық айың,
Үш ұл мен немерелер таптың жайын.
Кенжеке, жүзден асып, шау тартқанда,
Қасыңда бірге болсын Нағытайың!





Пікір жазу