13.06.2022
  127


Автор: Кәкімбек Салықов

Түлкі заман, тік кетсем, сөкпе мүлде...

Түлкі заман, тік кетсем, сөкпе мүлде,
Өтер бүгін тарихи өкпе кімге?
Абылайын туған ел қайта тапты,
Шек қойдық біз тарихи жек көруге.
Молайтса екен адалдық берекемді,
Мағжанша мақтадық Кенекемді.
Егемендік ел-жұртқа қанат байлап,
Көмекейге оралды: «Бәрекелді!»
Ел ұмытпас көтерсек Абылайды,
Ол ханы ғой қазақтың басыбайлы.
Бағы жанып төрлетсе жаңа қазақ,
Дана қазақ ұмытпан Ағыбайды.
Сынап едің, замана, сынап едің,
Мал соңында майысқақ шыдады елім.
Бізге қарай әдейілеп әкеле бер
Олжа салғыш тарихтың Құлагерін.
Тез жөндейді қираған көпірді кім,
Қаулады ғой, кер заман, нөпір жүгің.
Абылай де, Ағыбай, «А, Құдай!» де,
Таза қазақ төрімде отыр бүгін.





Пікір жазу