АҚ ТІЛЕК
О, тағдырым!
Бергім келіп мол өнім,
Әр сөзіме көңіл нұрын төгемін.
Мен ғашықпын самғауына Сәкеннің,
Құс қанат бер, тік шырқауға көнемін.
Дей көрмеспін
«О, тағдырым, тыным бер!»
Шәкәрімнің сан салалы мұңын бер.
Шал ақынның әзілінен бір жонып,
Махамбеттің жау жасқантар қырын бер.
Бір сөз үшін жерден жеті теремін,
Мың толғанам іздеп ойдың тереңін.
Не де болса мәрттігін бер Мағжанның,
Ал содан соң жетегіңе еремін.
Ақын Қасым дабылы бар санамда,
Ол дес келді біздің бодан заманға.
Құлагершіл,
Кең далашыл жаралған
Ілияс ақын дүбірін бер маған да.
Әне, сонда дер едім мен күштімін,
Көп бітірер өлеңім де іс-тыным.
Тілегімнің ең үлкенін айтайын –
Сыйла, тағдыр, Абайлықтың ұшқынын.
Менің-дағы көп аңсатқан ақ гүлім,
Жер-жаһанға «Жезкиік» боп тапты үнін.
Ақан сері болып құсқа ән қоссам,
Құлагердей ұрып жықпа тап бүгін.